Мен ойлаймын, демек өмір сүремін...
(Декарт)
I
Менің жекелей түсінігімде, адамзат өркениеті үшін ең алапат адам, ол – Чарльз Дарвин. Оның «Түрлердің шығу тегі туралы» еңбегі бұған дейінгі адамзат тарихында санада орныққан сан алуан трюизмдерді түгелдей төңкерген ерекше дүние болды. Соның негізінде аналитикалық ақыл мен критикалық ойлау жүлгесі пайда болды. Қаншама ғылыми еңбектер осыбір идеядан қайнар алып, негіз тартты. Шындап келгенде, дүние эволюцияның шартына бағынады емес пе. Бұл жағынан алғанда, Герберт Спенсердің айтқаны дұрыс. Спенсер: «Өмірге тек бейімделгендер ғана өмір сүреді», – дейді. Ал осы салмағы таудай сүйекті сөзді өтірік деп айтып көріңізші... Эволюцияның заңы бойынша дүние үнемі өзгеріс үстінде. Ендеше, эволюция атаулыны өзгеріс дейтін болсақ, онда өзгермейтін қоғам мен оның көне түсініктеріне иланған халықтан қауіпті ештеңе жоқ қой. Біз неге даңққұмармыз? Неге өзімізден әлсізді ұдайы әжуалағымыз келіп тұрады? Бәденді әйелге келгенде тәніміздің тілегін неліктен басқара алмай кетеміз? Қатты ашуланғанда қарсыласымыздың жеті бабасын желдей көшіріп, одан қалды қалпақтай қағып түсіріп ғана шыбын жанымыз неге тыншиды? Мұның жауабы – адамзаттың сонау тағылық кезеңдегі ақпараттардың гендік каталогымызда әлі күнге дейін хатталып, керек кезінде бас көтеріп, өз әмірін жүргізіп отырғандығында болса керек. Базбір пенденің теріс қылығына әбден пұшайман болғанда, «өзі бір ит неме» деп, кеюіміздің арғы жағында да архетиптік халді ишаралауымыздың негізгі нышаны жатқандай… Ал, алыптар шоғырының арман еткен «толық адам» мен «бірегей адам», яки «хомо деус» ұғымдары құр қиял емес, эволюция қағидаларының негізінде әбден жүйеленген, адам санасының толыққанды мүмкіндігіне сүйене отырып жазылған тұғырнамалар болса керек-ті. Бірақ сол арман адамзат нәсіліне неге кешеуілдеп жатыр? Адамзат баласының мәдени масштабының тарылып, күн санап деградацияға ұшырауының мәнісі, бәлкім, «қан майданның» кесірінен шығар. Сіз, бұл жердегі «майдан» сөзін мылтық пен оқ деп әсте елестете көрмеңіз. Ол қоғамды жайлаған жемқорлық пен суайттықтың нағыз өзі болуы да бек мүмкін. Өзбек ақыны Мұхаммед Салықтың «Біздің елде тыныштық бар соғыстан да қауіпті...» деген өлең жолдары осы ойымыздың өзегіне өз шұғыласын түсіретін секілді. Өзіңіз де білесіз. Майдан даласында тек мықтылар ғана шетінен жазым болады. Ең қиыны да сол, жер үстінен ардагер ұлдармен қатар, ардагер гендер де бірге жойылып отырады (бұл майдан жер үстінен гөрі адамның ақыл-есі мен ар-ұятының аумағында көбірек өтеді десек дұрысырақ секілді). Әрине, ине көзінен өтетін жылпостар мен «тірі қалғандар» тобы өз алаяқтығын ақылдылыққа, ал аман қалғандығын ерлікке балайды. Осымен өмір көшінің ауған жүгі оңалып кетсе тіптен тамаша ғой. Бұл іс-әрекеттердің бәрі бейсанаға нышан тастап, ментальдық инфекция жолымен қоғам мінезіне өтеді. Сөйтіп, өз суайттығымыз бен сүмелектігімізді айғайлап айту кәдімгі норма мен зор мақтанға айналады. Ардагер гендер неге ажал құшады? Олар өзі өмір сүрген ортаның қандай да бір қателігі болса, бұл маған да тиесілі деп түсінгендіктен жан тәнімен беріле күреседі. Бұған Альберт Швейцер (Нобель сыйлығының иегері) секілді кемеңгерлердің өмір жолы куә. Адамзат қателігі менің де басы бүтін кемшілігім деп түсінген ол бар мансабынан бас тартып, қалған ғұмырын Африка жерінде өткізді. Мұның бәрін түгелдей тәптіштеп жазу менің де енді құзыретіме кіре қоймас. Десек те оның «Өмір мен ойлар» («Жизнь и мысли») еңбегін оқып, бұл түсінікті бір рет болсын жүрек төріне оздырсақ, құба-құп болатын еді. Себебі, білім мен иман атаулы адамзат нәсіліне шен мен шекпен үлестіру емес, бір тамшы болсын ар-ұят атаулыны адам бойына дарыту еді...
II
Әдебиетте мәтін эволюциясы деген болады. Ол да адам ғұмыры секілді. Балауса шағы, желдеген жігітшілігі, сосын әбден толысып, жілік майы жетілген кемеңгер мезеті. Мәтін эволюциясы – бейнебір биік шыңға өрмелеп бара жатқан адам тәрізді. Оның да етегі мен бөктері, сондай-ақ зау биігі болады. Адам ақылы осының бәрін көктей өтіп барып ғана, өз шығанына жетеді емес пе? Бұл пайымның астын сызып арнайы айтып отырғанымыз, кейде біз алыптар ойының бастапқы «етегі» мен «бөктеріндегі» өтпелі осы мезеттерді өз шындығымызға қарай бұрмалап, бұдан кейін әлгі ой ағысының өз ұшар биігіне жеткенше қалай құбы лып, қалай кемелденгені жайлы еш ойланғымыз келмейді (айталық, Абай мен Шәкәрім шығармашылығында дәл осы сәттегі иланып отырған ойыңызды, келесі бір жетілген текстің түбегейлі теріске шығаратыны бар). Мәтін ішінде кемелденген мұндай межені тануға әлгі оқырманның интеллектуалдық сауатынан гөрі парасаты мен қайғысы, азаматтық принциптері сол мәтінге етене жақын болуы керек. Мәтін сонда ғана сізге ерекше исініп, қайырылыс беріп, «қол ұсынып» сәлеміңізді алатын болады. Себебі мәтін дегеніміз – таным мен болмыс. Ал танымның мәнін көбіне көз көрмейді, көкірек «көреді». Есті оқырман үшін бұдан бөлек тағы бір жетілім баспалдағы бар. Адам өз эмоциясы мен қазіргі көзқарасына ешқашан адвокат болмаған сәттен бастап мәтінге мәдениетті әрі либералды қарауды үйренеді. Ендеше эволюция атаулы биологияда ғана емес, әдебиетте де болады десек, қазіргі қазақ әдебиеті маған джунгли заңынан енді ғана ауысып бара жатқандай сезімде боламын. Мұны айтып отырғаным, шекеге ұрғандай тіке айту мен жадағай жазу, мына біздерді айтпағанда келер ұрпақ санасының мәдени масштабын тым тарылтып барады. Мен мұны сыншылардың адресіне қаратып арнайы айтып отырмын. «Өлеңді бейне бір автордың интенциясы мен еркін көрсететін шарт пен қағида ретінде қарастырып, өзінің санасын зерттемейтін «сыншыны» еш сыншы деуге келмейді. Себебі, өлең сыншының жекеменшік мүлігі емес», – дейді профессор Е.Столл. Дәл осы ойдан от маздатқан әйгілі әдебиеттанушы Ролан Барт та бұл пікірді қуаттай түседі. «...Өмір тек кітапқа ғана еліктейді. Ал кітаптың өзі белгі беретін таңбалардан тоқылған. ...Авторға мәтінді меншіктеу дегеніміз – мәтінді кідірту, оған үзілді-кесілді мағына беру, дұрысы, жазуды құлыптау мен шектеу дегенді білдіреді», – дейді. Біз осы неге екенін білмеймін, кітаптың авторын көрсек болғаны, соны айналып-толғанып, я болмаса автордың бетін қызыл шиедей қылып былықтырып отырғанымыз. Бізге керегі (әйгілі) автордың есім-сойы мен шен шекпені емес, мәтін мен идеяның өзі ғана емес пе?! Себебі, мәтін атаулы әр заманға қарай өзгеріп отыратын феномен болғандықтан, оны әр кезең оқырманы әртүрлі ракруста бағамдайды. Осы ойға ептеп бәтуаласқан екенбіз, онда мәтін атаулы бірден бас шұлғып мойын даудан гөрі, тайталасу мен нағыз интеллектуалдық полемикаға жақын. Мейлі қай кемеңгер болсын, (ол кітап авторының) төл түсінігінен гөрі біздің субъективті пікіріміз әмәнда алдыңғы шепте болуы тиіс. Егер дәл осылай мәтінді автономды түрде синтездеп өз көзқарасымызды бірінші планға сұрыптап шығара алмайды екенбіз, онда біз өзімізді кітап авторы өмір сүрген дәуірге бірден «лақтырып» жібердік деп есептесек те болады. Мейлі мыңжылдықтар алдында жазылсын, кез келген мәтінге бүгінгі күннің өз шұғыласын түсіру, кәсіби сыншы атаулының ең басты миссиясы болуға тиіс. Өйткені мәтін атаулы «мерізім» мен «уақыт» ұғымы болмайтынын жоғарыда атап өттік. Енді бірер сәт ойланып көрейікші. Дәл қазір бізге керегі XIX ғасырдың көне Абайы ма, әлде жаңа заманның құсни-құрдас өз Абайы ма? Міне, осыны социалистік схематизм індетіне ұрынған аға буын тұрмақ, тәуелсіздіктен кейін өмірге келген, бірақ биологиялық тұрпаты жап-жас бола тұра ой жосындары тым кәрі жас сыншылардың өзі де еш түсінгілері келмейді. Осы жерде рұқсат етсеңіздер, бірді-екілі дүниені арнайы айта кетейін. Автор мен туынды атаулы аспан мен жердей бір-бірінен бөлек дүниелер. Туынды қашанда автордан биік тұруға тиіс дейміз. Ал бүгіні біздің жағдайымыз үшін бұл мүлде керісінше сипатқа ие. Автордың аты-жөні мен атақ-даңқы базбір графомандар үшін «мен мұндалап» алғы сапта тұрмаса еш болмайды. Автор өз туындысынан шығармашылық аура жасағаннан гөрі, керісінше, өз есімінен балыққа құрған ау тәрізді «шығармашылық тіленшілік» жасайды (тіпті бір шумақ өлең жазса да соның соңында аш ішектей шұбатылған атақ-даңқы мен сөлкебайларын тізіп қоймаса, әдебиет жасалмайды деп ойлайды). Мүмкін біздің метамәтінді емес, керісінше, кісі (автор) жайында көп айтатынымыз, оның шығармасын оқымаудан туған ішкі комплексіміз болуы да бек мүмкін. Әрине, айта берсек мұнымен көңілдің назы бітпес... Амал нешік әзірге допинг ұғымы тек спорт саласына ғана тиесілі болып тұр. Әйтпесе кәсіби әдебиеттің өз критерийлерімен қарайтын болсақ, біздегі джунгли заңының арқасында «әдебиетте» жүрген талай «асабалар» мен «әртістер» алған атақтарынан түгелдей дерлік айырылып, тас тиген иттей қаңқ етіп, біржола безіп жоғалар ма еді…
III
Көп дүниеге көңілің толмайды... Сосын жұрт бұл бір жүрген Асан Қайғы ғой дейді мүсіркеп. Елдің сүйегін жасытып, тауанын шағар кербаққан сөз айту, бүгінгі қос иіні түскен жұртқа соншалықты қызықты бола қоймас. Рас, маған апокалиптик болғаннан гөрі Ертөстік болу әлдеқайда ұнайды. Осы жерде ойымды тым күлбілтелемей бірден таратып айтайын. Біздің көбіміз қалаға ауылдан келген адамдармыз. Дұрысы, қазір қалада тұрып жатқан ауылдың адамдарымыз. Ана бір ән шумағында жиі айтылатын «Ауылдан адам көшсе де адамнан ауыл көшпейді» сөзі де біздің бүгінгі шын портретіміз. Осы ауылдан келген замандастарымның ішінде «шекесі шылқып», биліктің майлы жеріне жайғасқандары да бар. Солай десек те, осылардың дені ауылдың ергежей «поняткасынан» бір елі болсын жылыстамай-ақ қойды. Қызметтің қай жеріне көтеріліп барса да айналасының бәрін «ауыл» мен «қыстаққа» айналдырып жібереді. Әдебиет әлемі де дәл осындай жағдайда деуге болады. Бақсақ, біз ауылдан қалаға өзіміз ғана келмеген екенбіз, бүкіл мал қорамыз бен тауық қорамызды да, тіпті, түз тағысына дейін түгел дерлік шаһарға көшіріп алыппыз. Тақырыбымыздың түрі болса мынау... «Қасқыр» немесе «Көкбөрі», «Зәңгі баба», «Отар», «Табын» , «Қой», «Жылқы», қысқасы, ақ қағаздың бетін маңыраған малға толтырып тастаппыз. Когнитивтік картасы тек мал маңында маталған мына біздер өз өремізден зор деңгей жасап, жылқының шекіп басқанымен мен түйенің бошалауын шын шедевр қылып көрсететінді таптық. Ал өзімізден кейінгілерге тіл білмей сіңдер деп кеуделейтінді шығардық. Әй, балалық-ай деймін... Жылқы мен бүркіттің ілкідегі бір асайы мен мүсейін білу бүгінгі қазақты ұшпаққа шығарудың тетігі емес шығар. Мұны тіл білу дегенге еш келмейді (бұл бар болғаны егіншілік пен малшылық секілді аграрлы өмірдің салалық қана кәсіби өз лексиконы емес пе). Әрине, төл тіл мен төл психологияны білген дұрыс. Бірақ маған салсаңыз, бүгінгі жас жазушылардың креативті тың тақырыптарға барып, өз ана тіліміздің ойлау формасын бір сүйем болсын ғылыми негізге көтергендері ұнайды. Абзалы ана тілімізді тым көне түсініктерге сүйрегендер емес, қазіргі уақыт пәлсапасымен шендестіргендер мен тілді техникалаландыру ісіне шын атсалысқандар оны ұшпаққа шығарады деп есептеймін. Қазір қалалық қоғамның лексиконы қызық. Мейлі, келіс келіспеңіз, қалалық я провинциялық өре бүгінде өркениетке баспалдақ есебінде. Осындай өре дәргейіне өтіп, келешектің конфигурациясын жасаудың орнына сананы қайыра мал қора мен өткен өмірге айдаудың қандай қажеттілігі бар екендігін түсінсем еш бұйырмасын. Біздің манадан бері кәсіби поэзия мен зоологияның парқы өзара жер мен көктей деп пәруана көбелектей тызақ қағып отырғанымыздың себебі де мінекей, осы...
IV
...Біз жоғарыдағы эволюция тақырыбын жайдан-жай қозғап отырғамыз жоқ. Әдебиет тарихында Джозеф Кэрролл есімді ерекше бөгенайы бөлек әдебиет теоретигі бар. Осы ғалымның «Әдеби дарвинизм: адам табиғаты мен әдебиет», сондай-ақ «Эволюция және әдебиет теориясы» еңбектерін тәтпіштеп оқысақ, қазіргі қазақ әдебиетінің қай жерде тұрғандығын ептеп бажайлауымызға болады.
Мұны баса айтып отырғанымымыз, тағы бір әдебиет маманы Колм Хоган есімді ағылшын ғалымы Шекспир шығармашылығын жан-жақты талдай келе, «әдеби невролог» атты су жаңа ғылыми ұғымды айналымға енгізеді. Оқыған жанға бұл тамаша еңбек. Қалай десек те бүгінгі нейробиология ғылымындағы сәт сайын ашылған ірі жаңалықтар кешегі күнгі сом түсініктерге өз түзетулерін жасап та жатыр. Соның соңғы бір жаңалығы адамның қан сөліндегі (тегіндегі) ақпараттың қоршаған ортаға тікелей тәуелді екендігі. Мұны барынша ашалап айтар болсақ, адамның гендік каталогіндегі ақпараттар қорының қоршаған ортаның алдында тым дәрменсіз екендігін, керісінше, жақсы адамның пайда болуы мен қалыптасуы ата-тектен гөрі айналамыздағы ақпараттар ағысының негізінде түзіліп шығатындығын дәлелдейді. Ж.Кэрролл өзінің әдеби еңбегінің басты бес қағидасын да әйгілі дарвиндік ғылыми тұжырым негізінде жасайды. Ол өз сөзінде: «Тіршілік циклының тәрбие стратегиясы, адам физиологиясы мен анатомиясына, сондай-ақ, мінез-құлқы мен жүрістұры сының барлық әдетіне сіңеді», – деп жазады. Бұдан шығатын тобық тай түйін: сіз бен біз салауатты қоғам құрмайынша, саналы ұрпақ пайымын еш қалыптастыра алмайды екенбіз. Мұны енді қазақтың «кемедегінің жаны бір» қағидасымен қарастыратын болсақ, біздің жиған мүлкіміз бен бала-шағаның қамы деп жарғақ құлағымыз жастыққа тимеген жанталасымыздың бәрі жалмауыз қоғам алдында тесік шелекке құйған судай тым баянсыз екен. Саяси жүйе мен азаматтық қоғам принциптеріне барын ша бей-жай қарап, «ұл болмасаң бұл бол», «тек бір басым ғана байыса болды» деген қораш түсінік түбі бізді жарға жығар. Адам аз өмірінде артына қыруар қаражат емес, парасатты қоғам қалдырғанда ғана еш өкінбей өмірден өте беруіне болатынын осы аталған еңбектерден ептеп түсінуге болады. Не десек те, адамның сүрген өмірі мен қалдырған қоғамы оның өзіне соққан тірі ескерткіші деуге келеді. Әйгілі Фрейдтің: «Өмірбаян атаулы қайта-қайта өзгертіп жаза беретін дүние емес. Оны базбіреулер қанша бұрмалап жазуға тырысқанмен, оларды өз өмірбаяны бәрібір қуалап жүріп өлтіріп тынады» дегенге саятын аталы сөзі де осы ойымыздың байламы іспетті. Осы жерде тағы бір әдебиет сыншысы Майкл Райан: «Мидың жетілу сипаты мынадай: қоршаған мәдени ортаның семиологиялық өз ықпалы болмайынша, ол өз кемеліне дейін еш көтеріле алмайды», – деп жазады. Осы жердегі көтеріліп отырған «мәдени орта» пайымы қалай және қай кезде пайда болады? Азаматтық қоғамның ең бірінші тағаны әділетті сайлау өткізу десек, біздің парламенттік не президенттік сайлауға дауыс беруіміз, болашақ ұрпағымыздың оң генетикасы мен мәдени экологиясына, дәлірек айтсақ, келешектің көркем мінез құлқы мен аристократтық сапасына дауыс беру деп түсінгенде ғана «мәдени орта» феномені пайда болады. Мұны өз кезегінде евгеника (адам тұқымын сапаға арттыру) мәселесіне үн қату деп қарасты руға болады. Әгәрәки, жаппай жемқорлар мен суайттар жайлаған жабайы заңының тағы ережесімен қарастыратын болсақ, «мәдени орта» аурасының қалыптасуы еш мүмкін бе? Эволюцияның ең үлкен екі заңы сұрыпталу мен бейімделуден тұрады десек, мұндай ереже елегінен кімдердің өтіп, кімдердің өтпей қалатыны да бесенеден белгілі. Егер азаматтық қоғамның мәдениэко жүйесі берік орнағанда, мұның бәрі керісінше болып, бүгінгі көлеңкелі қулықтың бірде-біреуі еш ілдебайға жарамай қалтын еді. Біздерің бар ықыласымызбен шын ынтызар болып отырғанымыз да осы «сұрыпталу» мен «бейімделу» елегінің тек білім мен мәдениет индикаторына айналып, шын кәсіби кемелденгені ғана емес пе?! Қазір инистаграмдағы «кемеңгерлердің» неше түрлі тренингтерін тыңдап отырып, бізде шынымен-ақ «ар-ұятты өлтіру ойыны» жүріп жатыр екен-ау деген ойға бекідім. Мұндағы инфантилизм індетіне шалдыққан толайым қауымның саяси сауатын көріп, қатты қапаландым. Ғылымда атауы ағылшын ғалымы Джеймс Флинн (James Flynn) есіміне телінген «Флинн эффектісі» деген ерекше ұғым бар. Ойымды барынша бір-ақ ауыз сөзге сығымдап айтуға тырысайын. Осы адамның дерегі бойынша, 1970 жылмен салыстырғанда IQ тестілеу баллы 2000 жылдардан бері қарай адам нанғысыз жағдайға дейін тым төмендеп кеткен. Зияткерлік өлшем сапасының бұлай құлдырауына еш таңырқап қарауға болмайтын да шығар. Қазір интернеттің рөлі H2O (оттегімен) пар болды деуге келеді. Енді өзіңіз ойлап көріңізші, бір сәт емтихан билетіне дайындалып отырған студентті Google платформасынсыз еш елестете аламыз ба? Осыған қарап «XXI ғасыр адамының миы басында емес, қалтасында орналасқан» деген су жаңа юморды да ептеп түсінуге болатын секілді...
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.