Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СҰХБАТ
Гүлжан Қанатқызы. Қызғалдақпен көмкерілді сыз өңі...

28.02.2023 1076

Гүлжан Қанатқызы. Қызғалдақпен көмкерілді сыз өңі 14+

Гүлжан Қанатқызы. Қызғалдақпен көмкерілді сыз өңі - adebiportal.kz

Ай сұлу


Ай сұлу, Аспан сұлу,
Жұлдыздар бір-бірінен асқан сұлу.
Қою барқыт күмбезге рең келтіріп,
Қара түнге төгілте шашқан жылу.

Сәулесі күміс табақ сүттей жарық,
Жібек жел тербеледі әнге салып.
Көбік қар ақ мамықтай ыдырайды,
Бәсеңсіп, кейде боран тына қалып.

Шарбы бұлт ай жарығын көлеңкелеп,
Ауыл тыныш, жатқан-ау ел ертерек.
Мүлгиді, маужырайды мақпал түнде
Ақ тонға оранып ап емен, терек.

Ай сұлу, тағы да аспан сұлу.
Жұлдыздар бір-бірінен асқан сұлу.
Әр затқа мән жасырған құдіретімен,
Бәрінен көңіл кірін ашқан сұлу.

Жапырақпен сырласу

Көше бойлап келе жаттым ақырын,
Жапыраққа көзім түсті бір ауық.
Жанарында мұңы бар ма жасырын,
Жаспен бірге төге салды, жылауық.

Мың құбылды әлгі жерде сырласым,
Алматының ауа райы секілді.
Сан қатерге сан қатерге тіккен екен бір басын,
Тек, ешкімге айтпауымды өтінді.

Мен әдетте сыр сақтауға берікпін,
Жәймен ғана жүрегіме жасырдым.
Жапырақтан көрінеді, көріктім,
Мұңы бардай бүтін мына ғасырдың.

Біздер солай қимай-қимай қоштастық,
Жолығармыз дедім, бәлкім, көктемде.
Бата алмадым, енді ғана достастық,
"Тіршілікке сенде үміт жоқ" деуге.

Жол-жөнекей қалың ойға сүңгідім,
Жапырақтың бар екен ғой бағы шын.
Байлайды екен түскен жерге кіндігі
Тамырын да менің жаңа танысым.

Жерге сіңіп айналады құнарға,
Одан жаңа, жас буындар көктейді.
Келер жолы үнсіз іштен тынарда
Жапырақты ойлау керек деп түйдім,
Жапырақты ойлау керек деп түйдім…

***
Сен жылы болшы.
Онсыз да күн суық,
Аспан-көк аязды әдейі жіберген тыңшы ғып.
Жапырағын жауратпай ақ қардың астына жасырып,
Тал да өзі дірдектеп, Құдайға қылып тұр құлшылық.

Сен жылы болшы.
Онсыз да салқындық көп менде,
Өкпе артып қайтеміз бекер біз өткенге, кеткенге.
Тоңазып қалмайық, жыл құсы секілді жылылық
Бір ысып, бір суып, тайғанап, табандап енді әрең жеткенде.

Сен жылы болшы,
Қыс қазір.
Үйім бол.
Суықтың бәрі де кіре алмай тыста жүр.
Жүректі мұздатсақ еруі қиынға соғар ма, 
Кім білсін,
Өмір ғой, ал өмір қысқа бұл…

***
Биіктікте ұшады осы құс қалай?
Биіктіктен көрінеді іс қалай?
Адамдар бар құздан төмен құлайтын
Тепе-теңдік ұстамай.

Биіктікте самғайды осы құс қайтіп?
Қанаттарын тең жаяды ұстай тік.
Адамдар бар биіктерден қорқатын,
Жүретұғын ұшпай түк.

Биіктікте қалықтайды құс неге?
Биіктіктен жалықпайды құс неге?
Адамдар да қанат жалғап алса ғой
Тым болмаса кішкене.

Адам бірақ қанатсыз да емес-ті,
Арман-қанат бағындырар белесті.
Кейде құсқа айналғысы-ақ келеді
Бола тұра көп есті…

***

Ақша қар


Қар жауып тұр.
Аспаннан сырғып барып,
Тереземнен сығалайды.
Ақша қарлар хəлімді неге менің сұрамайды? 
Асығады қара жермен қауышуға,
Асықпашы төзімімді тауысуға.
Келдің ба əлде жеті қат көктен құлап 
Меніменен танысуға?!
Ақша қар
Ұлпалығың ұнайды,
Жүрегіме жыр тағуың ұнайды.
Кіршіксізсің.
Адамзаттың да санасына құлай кетші,
Демеші тек:
Жолымнан тұр, былай кетші!
Мына қоғам зəру боп тұр тазалыққа 
Бір көмегім керек пе деп сұрай кетші.
Нəп-нəзіксің.
Нəзіктігің бірақ сенің мұздатады,
Мұздатады, жүректі сыздатады.
Аялағым кеп алақаныма ала қалсам:
Көз алдымда еріп бара жатасың,
Тұрлауы жоқ тұңғиыққа батасың.
Жалғандықтың керегі жоқ бізге атағы!
Ия, бірақ сен керексің!
Жараланған жандарды емдемексің.
Жазықсыздан сені сүйгені үшін, сірə,
Кінə арта алмайды-ау пендеге ешкім.
Сонда да қара жерге СЕН керексің,
Қара жерге СЕН керексің!
 

***

Біз бұны "Қала" дедік,
Жарық шамы жамалымды барады өбіп.
Сүйгендер де, сүймегендер бір күндері
Қалады өліп.

Шабыт түсіп,
Ақ шұнақ аямай шымшыған, ғаламды қарыпты үсік.
Құдайдың дидарын аңсаған да, аңсамаған
Жер бесікке кетеді кебін киіп,
Табыт құшып.

Қалай келем?
Көбі дейді маңдайға жазылғанды жолай көрем.
Жаратқан таңдау берген тағдырыма
Солай, өлең...
 

***

Жаңбырдан соң
Аяқ асты жаңбырдан соң күн шығып,
Көзін ашты маңғаз, баяу тіршілік.
Шаң-тозаңның арасынан байқалмай,
Мәрт көңілі жатқан екен тұншығып.

Жай шықпады, күліп шықты бұ жолы,
Жақсылыққа жори салдық біз оны.
Жасыл кілем жайып тастап жатқан жер,
Қызғалдақпен көмкерілді сыз өңі.

Жапырақтан үзіледі мөлдір шық,
Мейірімнің тамшысындай сол бір шық.
Өзі тұнық болған соң ба, әйтеуір
Жақтырмай тұр жүргендерді көлгірсіп.

Асфальт үсті сіңдірмепті көк суын,
Аспан да әлі баса алмаған өксуін.
Күн сонда да күліп тұрды жайдары,
Жазғытұры. Кешқұрым.
 

***
Сүйеді. Сүймейді..
Басыма  қондырып түйме бақ,
Бал ашып бере ме түймедақ?
Ойың да дәл сондай болар ма,
Көйлегің түсіндей киген ақ.

Күлтелер кезекпен үзіліп,
Үздіге түседі қыз үміт.
Көңлінде бармыз ба, ақ гүлім,
Болдық па біз ұмыт?

Соңғы боп сетінер сөз қымбат,
Шешуге дайын ба көз жұмбақ?
Үміттің соңғысы болмайды,
Тек соны сездім нақ.

Түймедақ жай ғана жұбаныш,
Тәңірге қылмаймын сыңар іс.
Бұл өмір сүюден жаралған,
Сүйе алсаң - қуаныш!
 


Qar

Аппақ ар арқалап құлаған ақ ұлпа,
Шаң басқан, лай-дастан әлемді жарылқа.
Өзіңнен өзге ешкім дертінен ғаламды
Алмайды арылта.

Сездің бе қауышқан адамдар шаттығын?
Жүректі тазартар ғанибет сәт бүгін.
Сәл кідір, ала кет қара жер қойнына
Жат мұңын.

Жылылық сыйлаған сендегі салқын дем,
Кірпіктер айқасып, алқызыл алқынды өң.
Қай күні еріте саласың, қараша,
Жылдағы салтыңмен?
 

***
Тəңірінен қалап сені сұраған
Бар өмірде мейірімді бір адам:
Басындағы таудай бүтін бақытын
Баласының күлкісінен құраған
Ана деген.

Тоғыз айдың толғағына шыдаған,
Бар өмірде төзімдірек бір адам:
Кеудесіне алтын сандық орнатқан,
Ашылмайды айтқан сөзің, сыр одан
Ана деген.

Аппақ, аппақ қар секілді үлбіреп
Бар өмірде соғып тұрған бір жүрек:
Үзілмесе махаббатпен лүпілі,
Ізгілікпен суарылған бұл жүрек 
Ана деген. 

***
Ескі бақ.
Қалай үнсіз тұр екенсің талай сырды естіп ап?
Уақытында уысыңнан сусып кеткен сәттерді
Бүгін айтсаң кеш, бірақ.

Кәрі емен.
Мылқау, керең күйге түскен көзсіз, әрі көреген.
Ғасыр дертін жапырақпен жер қойнына сіңірген
Дәтің берік не деген?

Отырғыш.
Баттасқан сан бояуыңнан әлденені оқу күш.
Қатпар-қатпар құпиясын құндақтады бейтаныс,
Тыңдай білу - өтімді іс.

Күн ойнап,
Саңылаудан.
Жасап кетті қараңғылық түн ойнақ.
Естімеуге тиістіні жұтып алды көп жарық,
Дөңгеленген бір "оймақ".

Бөліспей,
Ішкі әлемін.
Біреу өтті тағдыр жолы тегістей.
Сағынышын ыстық демі саф ауаға таратып,
Ойланады көп іштей.

Ағытып,
Асау сезім түймелерін,
Сөйлемедің жарытып.
Не десем де келісіп, үнсіз ғана мүлги бердің
Болмағандай тағы түк...

 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар