Керең атаның кереметі

Философия ғылымдарының докторы, профессор Әміреқұл Әбуовтің нағашы атасы Сайд Бөрбек әулие Ахметұлы туралы естелігінің негізінде жазылды.

130

Керең атаның кереметі - adebiportal.kz

(эссе)

     Қолтығына жорналы мен бір бума дәптерді қобыратып кеудесіне қысқан  мұғалім сыныпқа кірген бетте есіне бірдеңе түскендей қалт тұра қалып, ала көзімен айналасын бір шолып шықты. Қара тақтаның төбесінде жалғызсырап тұрған күн көсемнің суретінің тұсында бойын бір тіктеп алып, қолындағыларын үстелдің шетіне лақтырып жіберді. Сықырлағанда төрт аяғы төрт жаққа шашылып қалатындай орын-тағына бебеулетіп жайғаспастан бұрын қатқыл үнмен: 

-Құдай бар ма?-деп сұрады. Жымың-жымың еткен балалар жаңадан келген ағайдың «Құдай жоқ» деген жауапты жақтыратынын біліп, орындарында тұрған қалпында жамырап бас шұлғыды. Бұл жолы жалпылама жауапқа қанағаттанбаған мұғалім әр баланы иығынан басып отырғызып, сұрағын қайталады. Оқушылардың жауабына дән риза екенін білдірмей, жемтігін аңдыған жыртқыштай мысық табандап ақсары келген талдырмаш балаға жақындады. 

      Топ баланың ішінде Әмрештің үнсіз қалатынын байқап жүрген.          Оққағары бардай осы  сұраққа келгенде баланың жүзі жылып, көзі  күлімдеп зейіні басқа нәрсеге ауатынын да аңғарды. Әмрештің назарын өзіне аудару үшін қарынан шап беріп жұлқып қалды. «Құдай бар ма?» Жылан көз шүйліге түскенде Әмрештің дауысы саңқ ете қалды. «Бар!» Оқушының жауабынан тіксінген мұғалім, Әмрештің қолын ұзын саусақтарымен сығымдап қысып жіберді. «Не дедің?» Көзінен жасы бұрқ ете қалған Әмрешті желкесінен сүйреп дедектетіп директорға алып келді. 

-Жолдас директор, мына оқушы Құдай бар дейді. Есіктен кіре бере іркіліп қалған мұғалім, Әмрешті алдына салған күйінде төрге озбай кідіріп қалды.      Директор Серікбай ағай көпті көрген ауыл-елге беделді кісі еді. Үндеместен мұғалімнің жанына келіп, ымдап қолын босатқызды. Қалтасынан орамалын алып, Әмрештің көзін сүртті. Мақтау күткен құлдай жалтаңдаған мұғалімді оқты көздерімен ықтырып: 

– Саған жоқ Құдай, мына балаға бар! Бұдан былай оқушыларға мұндай сұрақты қоюшы болма! Сабағыңызға барыңыз, - деді зілді дауыспен. Ызаға булығып, тілі күрмелген мұғалім сұрланып директордың бөлмесінен шығып кетті. Директор бөлменің шетіне қойылған орындықтың біріне Әмрешті отырғызып, өзі қасына жайғасты. 

–Үлкен жігіт жылай ма екен? Неден қорықтың? 

Әмреш көкейіне лықсып келіп қалған, әлдене нәрсені басып, неден бастарын білмей директорға қарады. Бір сәтте алыс ауылда тұратын нағашы атасы жанына келгендей арқаланып, қорқып жүрген жайын жайып салды.     

      Сырдарияның бір қолтығында қараша үй тігіп, күз түскенше сол жерде өткізетін нағашы атасын білетін жұрт сыртынан «керең молда» деп атайды. Бөрібек ақсақалдың құлағы естімесе де кісінің  сөзін аузының қимылына қарап бірден түсінетін. Екі қайтара сұратпай, дәл жауабын айтатын. Өзінің немересі Қайсар да атасымен бірге көшіп жүреді. Ала жаздай өзенге ау салып, балық аулап, ұсақ малдарын жайып жаз жайлайды. 

      Әмрештің анасы оқудан қолы босаған баласын алып, ата-анасына келген. Өзімен қатарлас Серік пен Әмрештің арасы екі жылдай, кейде оның еркелігі қиқарлыққа ұласып кететін өзімшілдігі бар. Бірақ ешкім бетінен қағып көрмеген. Атасы, маңдайынан иіскеп «ақылды тентек» деген сайын, есіріп кететіні де жоқ емес. Бірақ жыл сайын сағына күтетін Әмрештің айтқанын екі еткізбейді. Еркіндік өздеріне тиіп, таң азаннан суға шомылып өз қызықтары өзінде болып,  күні бойы су жағалап жүре беруге қайым. 

       Атасының болса да келімді-кетімді кісілерден қолы босамайды. Кей күндері  үй тола, кейде бірлі жарым болып қарасы үзілмейтін адамдардың не істеп, не қойып жүргені, атасының қолынан неге кітап түспейтіні  сағынысып табысқан ойын баласын ойландыра қоймайды.   

       Бірде жаз қызығы басылып, әбден күн күйдіріп қара жалақ болған екеуі үйдің көлеңесінде кенеп қаптың үстіне жайғасып алып сап-салқын сусының көжесін сарқып ішіп отырған. Қатқыл нәрсе жамбасына батқан Серік қапты ақтарып, шырматылып жатқан майда торлы аудың шетін шығарды. 

      Бірін бірі ыммен түсінген нағашылы-жиенді екеуі бұқпантайлап қапты арқалап өзеннің таяздау тұсына жетіп тоқтады. Ауды қаптан шығарып, орауын жаза бастады. Күннің ыстығына қарамай малшыланып жүріп, сала құлаш торды шағын өзеннің арнасынан үзіліп қалған арықтың арғы бетіне жеткізді. Тордың екінші ұшын судың ернеуінде өсіп тұрған қоғаға байлаймын деп жүргенде өздері шырмалып қала жаздады. Судың жағасындағы ақ борық, кепкен балдыр, шөп-шаламның бәрі ауға ілініп, тіпті ауырлап кетті. Оның шатасқан жерін тарқатамын деп екі жақтап жұлқыған сайын шиеленісіп жағада жатқан Әмрештің аяқ киіміне ілініп, мүлдем оратылып қалды. 

     Екеуі отырып ауды тарқата алмайтынын білген соң, тым болмаса тәпішкені шырмауынан шығарып алудың амалын іздеді. Өзінен бұрын аяғы қимылдайтын Серік ойланбастан атасының қалтасында жүретін мүйіз сапты өткір бәкіні алып келді. Тәпішкенің тұсынан ақырындап кесе бастап еді, тордың түйіні ағытылып шұрық тесік болып қалды. Әмреш ұстаған сайын сетінеп жатқан әрбір тесікке қолын салып, ойланып отыр. Мына судың табанында ірі балық жоқ. Атасы аулап жүрген майда шабақ адам басы сиятындай торға желбезегінен іліне қойар ма екен?! 

     Бүлдірген істерінің ізін жасыру үшін ауды жинап жағалаудағы шеңгелдің түбіне көміп тастап, түк болмағандай үйге келді. 

     Атасы алдына ақ шаршы шүберек жайып, кітабын қарап отыр екен. Екі баланың момақан жүздеріне мейірімі төгіле бір қарап, оқуын жалғастыра берді. 

      Далаға шығып кетуге сылтау таппай, үйге қамалып іші пысқан балалардың алыспақ ойынын алыстан естілген машинаның үні бұзып жіберді. Дәл есіктің алдына келіп тоқтаған керемет машинені көріп Әмреш пен Серік табалдырықтан аттамай тұрып қалды. Жалтыраған су жаңа көліктен күн қағары бар ақ шәпкелі орта бойлы жауырынды кісі көліктен түсе сала күйбеңдеп артқы есікті ашты. Артынша шашын шөмеледей үйіп, төбесіне түйіп қойған бір әйел тар етекті көйлегінің қыртысын жазып, жерге түсті. Атасының үйіне қалаша киінген адамдар келе бермейтін. Балалар таңқалып қарап тұр. Келесі үйден Әмрештің анасы да шығып, қонақтарға қарай жақындады. Әлгі адам машинаның артқы есігінен қап көтергендей сүйрете құшақтап басы қалқиған бір баланы алып шыққанда Әмреш босаға сүйенген қалпы шошып кетіп, атасына қарады. 

     Әкесі буыны жоқ, қол-аяғы салақтаған баласын көтерген күйінде Атаның жанындағы  көрпешенің үстіне жантайтып жатқызып барып, дауыстап сәлем беріп амандасты. Су шайған ағаштың томарындай бала жатқан жерінен басын көтеріп, ауыздары ашылып тұрған екеуіне тіке қарамай, томсарған көзін тайдырып әкетті. 

    Керең Ата таң қалмады. Бейнебір көптен күткен адамындай жымиып, сәлемге жылы жауап берді. Ізінен енген әйелі, баланың қол аяғын түзеп, жейдесінің түрілген жерін қайырып барып, кері шегініп тізе  бүкті. 

 -Ат-көлік аман  келдіңдер ме? Ата алақанын жайып, күбірлеп дұға оқып, бетін сипады. Керегеге сүйеп қойған қоржынынан шағын бір кітапты алып, парақтап ұзақ үңілді. Баланы өзіне жақындатқын дегендей ымдады. Атаның қабағын аңдып отырған әкесі баласын астындағы көрпешесімен бірге сырғытып дәл қасына әкеп қойды. Білегін көтеріп, тамырын ұстап болған соң, аяғын сәл көтеріп, жерге тастай салды. Жансыз аяқ сылқ етіп жерге түсті. Екінші аяғының тобығынан сәл көтеріп, басын шайқап отырды да, қайтадан кітабына үңілді. Тіс жарып  ештеңе айтпады. 

     Жолаушыларға дастархан жайып қойған Әмрештің анасы келесі үйге  шақырды. Атаның рұқсатын алған қонақтар, баласына жалтақтай қарап, сыртқа беттеді. Асығыс дәм ауыз тиіп, тез  оралған баланың әкесіне атасы былай деп тіл қатты.   

-Қарағым, сен қызметіңнен қалма, қазір қайта бер! Құдай берсе, үш күнде белгілі болар,- деді. -Анасы қасында қалсын, өзің жүре бер, кідірме, барар жолың алыс екен деп есіктің алдындағы машинаны көрсетті. Әкесі қолындағы бас киімін жұмарлап қысқан күйі баласына бір, атаға екі қарап, кідірместен шығып кетті.  Әйелі де ере шығып, ала келген заттарын түсіріп, үйдің іргесіне жинап қойды. 

     Үйден кіріп-шыққандарға қарап қимылсыз жатқан балаға Әмрештің бар ықыласы ауып, жіпсіз байланып қалды. Кешкісін анасына осы үйде, атамның қасына жатамын деп төсекті осында салдырды. Адамды қабағынан танитын атасы құптағандай басын изеді. Төрде Атасы, үйдің екі жағын ала екеуіне төсек салып берді. Баланың шешесі киіз үйдің сыртқы іргесіне, масахана тігіп сонда ұйықтайтын болды.   

     Түннің бір уағында көзін ашып қараса, қонақ бала аяғының ұшымен тұр екен, атасы зуылдатып кітабын оқып отыр. Арасында «сүп-сүп» деп үрлеп қояды. Әмрештің көзі бақырайып кетті. Шынымен де манағы бала ма? Қорыққаннан көрпесін басынан асыра жамылып жатып алды. Атасының бір қалыпты дауысы басылды-ау дегенде көрпенің астынан сығалап қарады. Баланың шешесі басындағы ормалының шетімен аузын басып екі бүктетіліп үнсіз отыр. Бір кезде аяғының ұшымен тұрған бала былқ-сылқ етіп құлап түсті. Атасы іргеде тұрған құманды алып сыртқа шығысымен баланың шешесі апыл-ғұпыл орнынан тұрып,  үйдің ортасында сұлап жатқан ұлын төсекке көтеріп әкеліп жатқызды да, арқасынан қағып сәл отырды. Атаның қақырынып-жөткірініп келе жатқанын дауысынан біліп, есіктің босағасында күтіп тұрды. Қараша үйдің киіз есігін бір шетінен көтеріп, ішке енген Ата орнына жеткенше баланың анасы да үндеместен шығып кетті. Атасы да  төсегіне жатып, ұйықтап кеткенде Әмреш көзі бақырайып жатқан баланың қасына келіп, жансыз аяғын жұқа көрпемен қымтап қойды.  

     Таң ата жаңағы көрініс тағы қайталанды. Атасы шамның жарығымен тағы кітабын аударып отыр. Бала аяғының ұшымен тікесінен тік тұр. Сүт пісірімдей уақыт өткенде бала сылқ етіп тағы да құлап түсті. Анасының көзін ала бере, Әмреш баланың басынан сипап қойды. Әмрештің жүрегі тарсылдап, кеудесіне сыймай кетті. Оны сезгендей бала да көзі жалтырап қуана қарады. 

     Ертесіне болған оқиғаны Серікке айтып еді, ол сенер сенбесін білмей қарқылдап күлгені. Өзі аяғының бармақтарын бүріп, екі қолымен қарманып тұра бастап еді, күлкіге булыққан бойын ұстай алмай құлап түсті. 

     Әмрештің есіл-дерті балада. Далада шартақта жайылып тұрған жұмсақ құрттан алып баланың аузына тосады. Әңгелек жесе де бір тілігін балаға ұсынады. Ара-тұра баланың бет-аузына қонған шыбынды атасының желпуішімен желпіп қояды. Даланы көріп жатсын деп, үйдің киізін белдеуге қайырып, тұйығын таяққа тіреп көтеріп қойды. Ашық керегеден жел соғып, үйдің іші де кеңейіп кеткендей болды. 

      Даланың ойыны адыра қалғанына Серік риза емес. Қуыспақ ойнайық деп қиылып сұраған. Әмреш көнбеді. Баланың қасынан шыққысы жоқ. Бір айналып келген Қайсар қармақ саламыз деп тағы шақырды. Әмреш қимай балаға қарады. Бір сәтке болса да тастап кеткісі жоқ. Өзі жоқта балаға бірдеңе болып қалатындай. Бала да оны жібергісі келмей, әрі Қайсардың көңілін қимай: - Балық болайын ба, - деп қарнымен жербауырлап жиырылып, түйіліп көрмекке ұмтылды. Оның қиналғанын көрген Әмреш:  - Мен де балықпын, - деп жер бауырлап жылыстап көріп еді. Серік одан сайын сықылықтап күліп, үйді басына көтерді. «Сен балық емес, кесірткесің,  екі шынағыңды тіреп тұрсың»  деп тағы дауласты. 

-Ал сен... - Қайсар сәл ойланып тұрды да балаға қарап қарқылдай күлді. - Сен жыбырлаған жауын құртсың! Бала ештеңе демей басын төмен салды. Серік  одан сайын безірейіп Әмрешке қарап: - Атама айтам, - деді сыздықтатып. 

     Құмға жасырып үлгерген қылмысы еске түскен Әмреш Серіктің ізіне еріксіз ерді. Ойыннан да береке таппаған екеуі үйге ерте оралды. Бала шалқасынан жатыр екен, бұларды  көріп, аударылып түсті. Көзінен қуанғаны көрініп тұр. Қайсар ештеңе деместен, үйдің иесі менмін дегендей атасының орнына жантая кетті. 

       Сол күні Әмреш үйден ұзап кетпей күннің батқанын күтті. Атасы да асықпады. Киіз үйдің түңлігі жабылмас бұрын, түтіндік салынған шелекпен үйді аластап болған соң, бәрі ұйқыға кетті. Түн ауа, Әмреш Атасының дауысынан шошып оянды. Үйдің сыртындағы дуылдаған масаның ызыңы басылған. Шегірткенің шырылы да естілмейді. Тым-тырыс. «Бас аяғыңды!» Бала тағы да аяғының ұшымен үйдің дәл ортасында аяғының ұшымен тұр. Атасы шам жақпаған, алакөлеңкеге көзі үйреніп, жан жағына қарай бастады. Бала орнынан қозғалуға қорқып, есік жақта отырған анасына жалтақтады. «Бас аяғыңды!» Бала үшінші рет айтқызған жоқ, табанын басты да анасына қарай ұмтылып құлап түсті. Жанұшырып жеткен анасы баласын құшақтай алды. Екеуінде де үн жоқ. Ата жөткірініп иығына  жұқа шапанын іліп сыртқа шықты. Әмреш бәрін көріп те, сезіп те жатыр, бірақ ақылмен түсінер емес. Енді Атасының таң алдындағы оқитын намазын жіберіп алмайыншы деп ойлады. Анасы баласын құшақтаған күйінше ұзақ отырды. Баласы ұйықтады дегенде,  ақырын төсегіне жатқызды. Атасы сол кеткеннен үйге келмеді. 

       Таң атпастан бұрын Әмреш оянды. Бала да көзі бақырайып ояу жатыр екен. Атасы сырттан келді де шамның жарығымен оқуына кірісті. Әмреш баланың көрпесін ысырып, сүйемелеп тұрғызды. Атасы бір көзімен қарап қойып үнсіз оқи береді. Бала аяғының ұшымен тұрып, Әмрештің  иығына сүйеніп ақырындап табанымен жер басты.  Баланың жүрегінің лүпілін сезген Әмрештің де  кеудесін қуаныш кернеп кетті. Ақырындап  қасынан алыстап, төсегіне келіп отырды. Шешесі де сырттан келіп Атаға сәлем беріп босағаға отыра қалды. Екі көзі баласында. Жасаурап тұрған көзі шамның жарығымен жалтылдап тұр. Орамалының бір ұшымен аузын басқан күйінде қозғалмастан басын тұқыртып отыра береді. Екі иығын қомдап қанатын қағып ұядан ұшқалы тұрған құстай бала бойын жинап, кеудесін кере мойнын созды. Бірақ жерге қағып қойған қазықтай орнынан тапжылар емес. «Бас аяғыңды!». Атаның дауысы ақырын естілді. Табанымен жер басты. «Жүр енді!». «Қорқам» Баланың жыламсыраған дауысынан Әмрештің жүрегі езіліп кетті. «Бас аяғыңды! Жүр!». Жүрмеді. Атаның дауысы таңғы тыныштықты бұзып, қатты шықты. Сол сәтте түндік көтеріліп кеткендей болды. Бала ышқынып екі басып, жүріп кетті. Сосын үйдің ішін айнала жүгірді-ай келіп. Басы қалтылдап ыржалаңдап күліп қояды. Анасы ағыл-тегіл жылап, етегіне сүріне қабына тізерлеген күйінде ізінен қалмайды. Ата жымиып қойып, кітабын оқып отыр. Әмрешке киіз үй шыр айналып  кеткендей болды. Күн шыққанша тапжылмастан отырды. 

      Үйдің түңдігі ашылып, киіз жабығын жинап, есіктің маңдайшасына байлап қойды. Аспаның аппақ нұры үйге құйылғанда, бала Әмрештің тәпішкесін киіп алып табалдырықтан бір-ақ аттап жүгіре жөнелді. Баланың  шешесі соңынан тұра ұмтылды. Бала жеткізер емес. Көз ұшынан ұзап кеткен бала бір уақытта қайта оралды. Екі құлағы езуінде. 

      Баланың жүргеніне қуанбаған жан қалмады. Серіктің қарындасы Айткүл де аң-таң. Бәрі жымиып баланың арқасынан қағып қойды. Бала болса тыпыршып тыным табар емес, Әмрешке, бірге жүгірейікші деді. Әмреш жалаң аяғына қарап, Серіктен тәпішкесін бір киіп келуге сұрады. Ол тартыншақтап, бергісі келмеген соң Айткүлдің тәпішкесін балаға кигізді. Өзеннің жағасындағы құстар мен көбелектерді қуалап ұзақ жүгірді. Екі қолын құс сияқты артына қайырып  ұшып келеді. Оған еріп Әмреш те екі қолын  жазып қалықтай ұшқан құсты елестетіп, біраз жүгірді. 

    Үйдің көлеңкесінде отырған атасына қарай екеуі құлдырай жүгірді. Мені көрдің бе дегендей  «Ата!» деп айқайлаған бала атасының құшағына еніп кетті. «Құдайға шүкір, Бір Құдайдың арқасында» «Құдаға шүкір». Атасы  күбірлеп жағалауға  жасырған аудың торын тоқып отырған екен. Әмрештің иығынан  жүк түскендей жеңілдеп атасының арқасына асыла кетті. 

-Ата, енді сал болып қалмайды ғой, - Әмреш күдігін жасыра алмай атасынан сұрады. 

-Құдай қаласа, Құдай қаласа. 

-Сен  жазып бердің ғой.

-Жоқ, балам, Құдайдың құдіреті ғой. Әмреш ойланып қалды. Мен ұйықтап жатқанда Атамның Құдайы келіп емдеп берген екен ғой. Қалай көрмей қалдым. Құдайды өзі іздеп баруға бекінді. 

-Ата, Құдайдың үйі қайда? 

-Балам, Көк те, Жер де Құдайдың үйі. Өскенде білесің,  мына өзіңнің, - Атасы Әмрештің көкірек тұсын көзімен нұсқап,  - жүрегіңе де үй салады,-деді. 

-Ата! Жүрегіме қалай сияды? Таң қалған Әмреш бүлк еткен кеуде тұсын ұстап, қуанғанынан атасының мойнынан құшақтай алды.   

    Сол күні, аяғына енді мінген бала ойнақтаған ботадай жағалауды айнала жүгіріп, тыным таппады. Аяғында Әмрештің тәпішкесі. Серіктен қиыла сұрағанына да илікпеді, тәпішкесін кезектесіп кимес түгіл, тіпті ерегісіп кетті. Арықтың жағасындағы биіктеу төбеге отырып алып, үйдегілердің әр қимылын бағып отырған қалпы бұларға қосылмады. 

     Алыстан шаңдатып келе жатқан машинаны дауысы естілгенде бала біткен  алдынан жүгіре шыққан еді. Машина жарты жолда кілт тоқтады. Әмреш аяғына қадалған тікенді ауырсынып шоқақтап келеді. Баланың әкесі көлігінен аударылып түсіп, баласын құшақтай құлады. 

-Папа, маған тәпішке әкелдің ба?-деген баласының сұрағын естігенде  еңкілдеп  жылап жіберген әкесінің көз жасы тоқтамады. Баласын жетектеген күйі үйге тізерлей кіріп, дауыстай амандасты. Көйлегінің қалтасынан мұрты  бұзылмаған бір бума қызыл ақшаны алып, Атаның алдына қойды. 

Атасы тіксініп кейін шегінді. 

-Қарағым-ай, мынауыңа бата берсем, балаң қайтадан бәзбаяғы қалпына түседі ғой. Қалтаңда ұсталмаған қол орамалың жоқ па еді?! - деді. Ақшаны іле көтерілген баланың әкесі: - Ата, рұқсат беріңіз, қайтып айналып келемін,- деп жүре сөйлеп, екі аттап адымдап үйден шықты.  Жүгіре басқаннан артына қарайламастан, машинесіне оталдырып, ұзап кетті. 

     Айткүлдің қызыл тәпішкесі жақсы болды, «бауын үзіп алмаңдар» дегеніне қарамастан сіресін басып киіп ен тоғайды екеуі шарлап жүгіреді. Баланың да қуанышында шек жоқ, аяғына жел біткендей самғайды. 

      Әмреш ұзақ жүгірістен аяғы талып Серік отырған төбеге барып демалды.  Шөбі аз, құмдауытты алаңқайда «құлы-құлы» құлықұрттың оймақтай етіп ойып қойған ұялары көп екен. Қайсар тапжылмастан сол ұяшықтарды шөптің ұшымен  айналдырып  отыр. Ішінен титімдей  құрт шықса, қолымен тартып алады, үлгермесе әлгі жәндік жерге қайта кіріп кетеді. Серіктің аңдысқаны сол екен. Істің жәйін білетін Әмрештің ұяға құмырсқаны салып жіберсең, өздігінен тез шығады дегенін елемеді. Қыршаңқы қалпымен, қара құмырсқа шағып алады, керегі жоқ деп торс етті. Құмырсқаның шаққан жері ашитыны есіне түскен Әмреш үндемеді...

    Кеш батты. Ертесіне Қайсардың да шыдамы таусылды ғой деймін, балаларға ерді. Үшеуі біраз жерді айналып келгенде  машина да келіп тоқтады. Баланың әкесінің қолында екі қорап, білегінде шүберекке түйілген бір заты бар.  Баланың анасы қорапты ашып көріп, неге соншама көп аяқ киім алғансың? -деп таңқала сұрады. Папасы естілер-естілмес етіп: - Размерін білмедім, - деді. Мол тәпішкеге қолы жеткен бала аяғына асығыс кие бастады. Расында да бірі үлкен бірі кіші. Арасынан өзіне ұнағанын аяғына киіп алып, Әмрешке өзі таңдап екі аяқ киім берді. Сол қорапты қопарып отырып,  тағы екі парын алып Айткүлге ұстатты. Папасы  мәз болып  күліп Серікке де бер деп еді бала басын шайқады. Айтқанын тыңдамаған соң, әкесі өзі таңдап екі тәпішкені Серікке  ұсынды. Оған иіле қоймаған Серік аяқ киімнің қорабын ашып көрместен, үйге кіріп келе жатқан атасының алдынан шықты. 

     Атасы мәз-мейрам болып жатқандарға қарап жымиып тұрды да қолын жайып бата қылды. Баланың әкесі ораулы шүберекті ашып, көздің жауын алған бағалы жағалы тонды Атаның иығына жапты. Атасы: «е, мынауың дұрыс болды, қыстың суығына жақсы екен» деп қуана алды. 

      Қонақтар көп кідірмеді, қайтуға жиналды. Серік қонақтарды шығарып салғалы тұрған адамдардың арасынан суырылып шығып, баланың қолына бір уыс құлықұртты ұстатты. Оны көзі шалып қалған әкесі: «Ой, рахмет, мұны табаныңа жағып ал, жүйрік боласың,- деді баласына қарап. Қайсар: «Қолмен терген жоқпын, қара құмысқаны салдым, ұясынан тез шықсын деп,-деді ентігіп, - шаққанына қарамадым». Серік қызара бөртіп тұрған балтырын қолымен сипап қойды. 

    Үш күннің ішінде Атасының Құдайының арқасында аяғына мінген бала алақанындағы жыбырлаған құрттарға қарап жымиды... 

     Әмреш өткен жазда болған осы сәтті келген кезде, көзі жасқа толып директор ағайға қарады. «Құдай жоқ десем, бала қалай жүрді? Құдай жоқ десем, әлгі, алыстан келген бала қайтадан мешел болып қалмай ма? - деді де тілін тістей қойды. 

     Серікбай ағай Әмрештің арқасынан қағып, «Бара ғой, Құдай бар» деді нық сеніммен.  Құдай қонақтайтын қасиетті орынды қорғағысы келгендей, жүрек  тұсын қалқалаған Әмреш жеңіл күрсінді.   

Айгүл Уайсова, журналист 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan