«Кінәз» – замандас келбеті, тұлғалар тағдыры

Бауыржан Бабажанұлының шебер әңгімешілдігін дәлелдейтін мұндай дүниелер ақынның шығармашылық ізденісінің бір ғана қыры. Бұдан бөлек оның кәсіби журналист, зерделі эссеист екенін білеміз. Жуырда мемлекеттік тапсырыспен жарық көрген «Кінәз» атты кітабы бұл ойымызды нығыздай түседі.

138

«Кінәз» – замандас келбеті, тұлғалар тағдыры - adebiportal.kz

Әлеуметтік желідегі оқырман ақын Бауыржан Бабажанұлының қазақы әңгімелерімен жақсы таныс. Төл болмысымызға етене жақын бұл жазбалардың мазмұны терең, рухани мәні айрықша. Кейде езуіңе күлкі үйіретін қарапайым оқиғаларының өзі тағылымдық сипатымен ерекшеленіп тұрады. Байқаған адам ұлттық бояуы қанық шап-шағын этюдтердің өн бойында бір кітапқа жүк боларлық этнографиялық дерек пен ұлттық таным жатқанын аңғарады. Біз мұны Бесқала жыраулық мектебінен қанып ішкен Бауыржанның сөз өнеріндегі тамырын тереңге тартқан қаламгерлік қолтаңбасы дер едік.

Бауыржан Бабажанұлының шебер әңгімешілдігін дәлелдейтін мұндай дүниелер ақынның шығармашылық ізденісінің бір ғана қыры. Бұдан бөлек оның кәсіби журналист, зерделі эссеист екенін білеміз. Жуырда мемлекеттік тапсырыспен жарық көрген «Кінәз» атты кітабы бұл ойымызды нығыздай түседі.

Сиясы кеппеген жаңа жинаққа енген портреттік эсселердің тақырыптық аясы кең, кейіпкерлері де әр алуан. Автор ол естеліктерінде әдебиет пен өнерде өзіндік қолтаңбасы қалыптасқан танымал тұлғалардың шығармашылық даралығын адамдық қасиеттері мен өмірлік ұстанымдары арқылы аша білген.

Бүгінде портреттік эссе – әлемде кең тараған әдебиеттегі танымал жанрлардың бірі. Батыс пен орыс әдебиетінде Стефан Цвейг, Андре Моруа, Максим Горький сынды көрнекті суреткерлер бұл жанрды психологиялық тереңдік пен көркемдік кемелдікке көтерсе, қазақ әдебиетінде Мұхтар Әуезов пен Зейнолла Қабдоловтың әдеби портреттері ұлттық сөз өнерінің құнды мұрасына айналды. 

Тарихи шындық пен авторлық толғанысты бір арнаға тоғыстыратын күрделі әдеби жанрдың басты көркемдік қуаты – шығармашылық тұлғаның сыртқы келбетін суреттеумен шектелмей, ішкі әлемін, қайталанбас бітімін, заманы мен ортасын тереңдете ашуында. Демек, портреттік эссені адам табиғатын тану арқылы тұтас бір дәуірдің рухани келбетін танытатын айрықша көркемдік форма деп қабылдауымыз керек.

Бауыржан Бабажанұлы – портреттік эссе жанрының көркемдік мүмкіндіктерін жетік меңгерген қаламгер. Өзі жақсы таныған, жақын араласқан, тағдыры мен азаматтық келбеті жадында сақталған замандастарының көркем бейнесін шебер сомдайды. Әр кейіпкердің ішкі әлеміне терең үңілген автор құрғақ мадақтан гөрі өмірде болған оқиғаларға, есте қалған нақты детальдарға сүйенеді. Соның нәтижесінде әр тұлғаны табиғи қалпында танимыз. Осы тұрғыдан алғанда жинақ әдеби орта мен рухани өмірдің тынысын бейнелеудегі шынайылығымен құнды. 

Бұл ерекшеліктерді кітапқа енген жекелеген эсселерді талдау барысында да аңғаруға болады. Ендеше, солардың бірқатарына тоқталып өтейік.

«Менің ағам» деп аталатын эссесінде автор ақын Мейірхан Ақдәулетовтің әдеби ортадағы беделін, жастарға жасаған қамқорлығын, журналистикадағы талапшылдығы мен ұлт мүддесін қорғаудағы қайсарлығын өз басынан өткен оқиғалармен өрбітеді. Әсіресе, «Алтын Орда» газетінің қалыптасу тарихына қатысты естеліктері кейіпкердің редакторлық қабілеті мен ұйымдастырушылық қарымын айқын танытады.

Эссенің тағы ерекшелігі – кейіпкердің тік мінезі мен қайшылықты қырларын бүкпесіз суреттеуінде жатыр. Сол арқылы Мейірхан Ақдәулетұлының шынайы табиғатын аша білген.

Кейіпкер мінезін осылай шынайы бейнелеу автордың өзге туындыларында да жалғасын табады. Алайда әр тұлғаның қайталанбас характерін ашуда автор түрлі көркемдік тәсілдерге жүгінеді.

«Бекзат» эссесінде Ертай Ашықбаевтың ақындық дарыны мен кісілік келбетін көркем суреттейді. Ақынның қарапайымдылығы мен тазалығын, жомарттығы мен бекзат мінезін қарапайым мысалдармен ашады.

Әңгіменің әлқисасындағы ақын Сәндібек Жұбаниязовқа қатысты оқиға еріксіз езу тарттырады. 

«…Каникулдан келген бетіміз. Сымсыз байланыс «Сәндібек Жұбаниязов керемет екі өлең жазыпты…» деген хабар таратты. Сәндібек – Ақтөбе облысы, Әйтеке би ауданынан келіп, журфакқа түскен сақа жігіт. Көп сөйлемейді. Гүлнар Салықбайға арнап жазған «Жасыл әлем» дейтін өлеңімен атағы шығып тұрған кез.

Дереу Сәндібектің бөлмесіне жеттік. Сәкең бәлсінген жоқ. Дәптерін ашып, оқи жөнелді...».

Бұл – біздің Сәкеңнің Ертай Ашықбаевтың «Жарыссөз» және «Ақыл» атты өлеңдерін өз атынан оқып, ақын ағасының шығармашылығын өзгелерге танытуға деген ерекше ықыласын аңғартатын қызықты эпизод. 

Жалпы, Сәкеңе бұл қасиет студенттік кезден тән. Филфак, журфактың той-домалағында небір таңдай қақтырар тамаша өлеңдерді жатқа оқығанда, мұрты енді ғана тебіндеген біз сияқтылар сәл тартыншақтап қалатынбыз. Осы орайда 4-5 жыл бұрын жазушы Кенжебек Тұманбайұлымен бірге Семейде болған сапарымыз еріксіз еске түсіп тұрғаны.

Кенжекең дос Даяна қызымызды ұзатып, құдалыққа бару мәртебесі бұйырған соң, дүбірлі топқа біз де қосылдық. Арнайы бөлінген көлікпен Семейден Жидебайға жол тарттық. Жолбасшымыз – ақын Азамат Қажыбай. Өзі ағып тұр, сөзге шешен жігіт. Ескі әңгімелердің майын тамызып, арғы-бергі ақындарды жатқа оқығанда, еріксіз таңдай қағасың.

Сол жолы Азаматтың:

Көргенде көңіл босаған,

Болғай да туыс, дос аман.

Бықсыған аяқ киімнен,

Босамай жатсын босағаң, – деп өлең оқығаны бар.

«Мә, біздің Сәкең Семейде де танымал екен ғой» – деп, Кенжекең екеуіміз бір-бірімізге қарадық. Қызды-қыздымен «қызып алған» Кенжебек:

– Сәндібек Жұбаниязов! – деп айқайлап жіберді.

Азамат:

– Қадыр Мырза Әли! – деп жымиа жауап берді... 

Шынында, бұл өлеңді Сәндібек Жұбаниязовтың өз аузынан талай жатқа естігендіктен бе, біз қасқа Қадыр ақынның авторлығын ұмытып, Сәкеңнің төл туындысындай қабылдап кетіппіз... 

Сөз жоқ, Әділ Ботпанов – қазақ поэзиясына өзіндік үнімен келген ақын. Университет қабырғасында жүрген кезінен-ақ білімімен, әдеби талғамының биіктігімен ерекшеленді. Өкінішке қарай, ақынның тағдыры әлі күнге жұмбақ күйінде қалып келеді.

Досқа барынша адал Бауыржан Маралтай Райымбекұлы екеуі 2012 жылы Әділдің өлеңдерін жинастырып, Темірғали Көпбаевтың демеушілігімен «Қазығұрт» баспасынан «Өмірзая» атты жыр жинағын шығарды. Бұл – ақынның шығармашылық мұрасын сақтап қалуға жасалған үлкен еңбек әрі досқа адалдықтың үлгісі болса керек.

Өмірзая – аспанда жарқ етіп көрініп, кейін ғайып болатын жұлдыз. Әділдің өмір жолы да осыған ұқсайды. Поэзия әлемінде жарқ етіп көрініп, жұмбақ жағдайда жоғалды. Бірақ қазақ барда, Бауыржандар барда, оның жырлары мәңгілік. 

Сіз де «Өмірзаяны» оқыңыз. Бауыржанның «Өмірзаясын».

«...Кеште серуендеп жүріп аспанға қарауды әдетке айналдырғалы қашан. Көзіме ылғи Өмірзая түседі. «Өмірзая жұлдыз болып келем мен...». Әй, Әділ-ай, шынымен неге солай деді екен. Әлде аузына құдай салды ма екен, жазған баланың?..». 

Жинақтағы кейіпкерлер галереясы мұнымен шектелмейді. Бауыржанның Берік Жүсіп туралы «Сүлейлердің сарқытын сарқып ішкен» эссесі көркемдік қуаты жағынан шоқтығы биік шығарма.

Бүгінде Берік ағамызды білмейтін қазақ жоқ шығар. Ол – Сыр бойындағы сүлейлер мұрасын жинап, зерделеуге, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан жыршылық өнердің үзігін бүтіндеуге бар ғұмырын арнаған жан. Бекеңнің бойындағы өнерге деген адалдық пен ұлттық мұраға жанашырлық – өмірлік ұстанымына айналған асыл қасиеттер. Автор бір ғана Берік Жүсіптің өмір жолы арқылы ұлт руханиятына жанкештілікпен қызмет етудің жарқын үлгісін көрсетеді. 

Естеліктегі тұлғалық даралығы мен шығармашылық қыры терең ашылатын кейіпкерлердің бірі – Таласбек Әсемқұлов. Беріктің Таласбек ағасымен сыйластығы уақыт өте келе үлкен достыққа ұласады. Бұл достықтың алтын арқауында өнерге деген ортақ құрмет пен ұстаз бен шәкірт арасындағы рухани жақындық жатқанын аңғарасың.

Қытай аспақ болған Таласбектің нағашы атасы – атақты Жүнісбай күйші мен оның әйелінің трагедиясы эсседегі ең ауыр әрі жан түршіктіретін оқиғалардың бірі. 

«...Жүке, – депті шаң қоюлана түскен сәтте. – Кәпірге қор болғанша өлгенім артық, басымды шауып таста». Қыздай сүйген жары әрі ес біліп қалған ұлы бар, өлімге қалай қисын, Жүкең ат үстінде айнала беріпті. «Ел ішінде қыз көп, қатын аларсың, ұрпақ сүйерсің, бірақ мынадай масқараны көріп тірі жүре алмассың, шап басымды!» дейді әйелі жанұшырып. Амал жоқ, қынаптағы қылышқа қол салған. Домаланып түскен басты көрген ұлының сол күйі тілі тартылып қалыпты».

Оқиғаның ауырлығы соншалық, оқып отырып, тұла бойың түршігіп, жон арқаң мұздап қоя береді. Бұл – қасіретті кезеңнің ащы көрінісі. Тұтас ел басына түскен зұлмат еді...

Эссенің негізгі идеясы «Екі мың сағаттық қазына» бөлімінде айқын ашылған сияқты. Берік ағамыз жинаған екі мың сағатқа жуық үнтаспа – Сыр бойы жыршылық дәстүрінің баға жетпес мұрасы. Қаһарман Бабағұловтың қаржылай қолдауы нәтижесінде жарық көрген «Сыр сүлейін сұрасаң» антологиясы осы қажырлы еңбектің жемісі. Автор Беріктің жанкешті еңбегіне ұлттық құндылықты сақтауға бағытталған үлкен рухани қызмет ретінде баға береді.

Бүгінгі бір мақалада кітаптағы шығармалардың барлығын қамту мүмкін емес. Сондықтан олардың бірқатарына ғана тоқталдық. Маңғаз Маралтай туралы аңызға бергісіз естеліктер, «Әлемі бөлек Әмірхан», «Кінәз» – Қазыбек Құттымұратұлы, «Махаббат жыршысы» – Жарас Сәрсек, «Батош-Батырболат», «Дәурен сері» – Дәурен Қуат, «Қазіргі заманның қаламгері» – Сәкен Сыбанбай туралы эсселер де өз алдына терең талдауды қажет етеді. Бастысы бұл туындылардың бәрі замандастардың рухани әлемі арқылы тұтас бір дәуірдің келбетін көз алдыңа әкеледі. Кітаптың басты құндылығы да осында.

 

Мұхарбек Жәкейұлы

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan