Мәліктей ғажап жан қайда!

14

Мәліктей ғажап жан қайда! - adebiportal.kz

Мен 1958 жылы Қостанай қаласындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы мектепте оқып жүр едім. Бейнет те, ажал да аяқ астында деген емес пе? Жоқ жерде аварияға ұшырап, пойыздың астына түсіп қалдым. Содан екі аяқты кестіріп, бірінші топтағы мүгедек болып шыға келдім. Күні кеше ғана құлын-тайдай ойнақтап жүрген мен мүсәпірлік хал кештім. 

Тірі адам тіршілік жасау керек қой. 1961 жылы орта мектепті бітірдім. Енді жоғарғы оқу орнына түсуді армандадым. Мақсатым – Қазақ мемлекеттік университетінің механика – математика факультетіне түсу еді. Бірақ бірден қиыншылыққа кездестім. Себебі бұл факультетке екі аяғы жоқ бірінші топтағы кісіні алмайды екен. Маған бір орында отырып, қызмет ететін экономика, тарих тағы сол сияқты мамандық алатын факультетке бар деп ондағылар ақыл-кеңестерін берді. Арманым жоғарыда айтқандай математик болу болғандықтан олардың ақыл – кеңестерін мен де қабылдамадым. Солай бірнеше күндер бойы қиналып жүрдім. Бір күні ҚазГУ-дің емтихан қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы: 

Сен ҚазПИ-дің физика-математика факультетіне барып бағыңды сынап көрсейші. Ол оқу орнының берген білімі осы біздікінен бірде-бір кем болмайды. Неге десең ҚазПИ-де О.Жәутіков, Б.Жаңбырбаев, Ғ.Құрманалин, Мыңбай Ысқақов, Б.Оразбаев, Хасен Әбішев, тағы сол сияқты математик ғалымдар білім береді. Ал, оның үстіне ҚазПИ -дің ректоры – Совет Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллин. Ол кісі сенің құжаттарыңды қабылдатып, оқуға түсуіңе көмек беруге тиісті, - деді.

Сонымен шілде айының 30 жұлдызы күні мен аяңдап отырып, ҚазПИ-ге келейін. Ол кісінің отыратын кабинетіне кірудің еш қиындығы болмады. Ағаға бар жағдайды айтып болғаннан кейін ол кісі күлімдеп (ол ағаның мейірімді күлкісіндей әдемі жымиысты мен өмірде көрген емеспін):

- Сенің арманың мен талабың маған өте ұнады - деп өтінішіме «Как исключение принять на физмат фак» деген бұрыштама қойып берді.

Емтихан сынағына қатысқан мен 5 пәннен «23» балл алып, тамыздың 22 күні қабылдау комиссиясының отырысына алғашқылардың бірі болып шақырылдым. Ол кезде әр абитуриент жеке-жеке қабылданатын. Кабинетке кірсем, төрдегі орындықта Мәлік аға, ал столдың екі жағында 20 шақты комиссия мүшелері (әр факультеттің декандары, кейбір пәндердің оқытушылары және комиссия председателі отыр екен). Мәлік аға орнынан тұрып мені жанында тұрған орындыққа отырғызды. Содан кейін жымиып, хал-жағдайымды сұрады. «Сен студент болдың» деп қолымды қуанышпен қысып, еркелете сөйледі. 

Осы кезде физмат факультетінің пәндер комиссиясының председателі Омашев: - «Сен бала мүгедек екенсің. Жұмыс барысында қиналасың ғой. Мүмкін басқа жеңілдеу мамандық беретін факультетке барарсың» дегені бар емес пе. Сонда Мәлік аға күлімдеп: - «Жоқ, бұл бала мұнда әдейі осы мамандық үшін келіп отыр»- деді. Одан кейінгі сөзін «оқысын, білім алсын» деп аяқтады да менен: 

- Саған стипендия ма, әлде жатақхана берейік пе? деп сұрады. Өйткені ол кезде тапшылық. Оқуға түскендерге стипендия мен жатақхананың біреу ғана беріледі екен. Содан менің мүмкін болған 25-тен 23 балл алғанымды көрді де: - Қой, бұл жігітке екеуін де берейік, - деп тұжырым жасады. Одан соң менің қай жерден келгенімді сұрады.

- «Қостанайдың «Өрнек» деген совхозынанмын» дегенімде тағы да күліп: 

- Ей бала, сен Тоғызақ станциясынан пойызға мініп келеді екенсің ғой. Мен де жас кезімде сол жерлерде қызмет бабымен жүргенмін, - дегені бар.

Мені соншалық таңқалдырғаны Мәлік ағаның мен сияқты кемтар баламен қаншама уақытын бөліп, өзімен терезесі тең адамдай сөйлесуі, атақ – даңқы асқар таудай болса да өзінің мейлінше кішіпейілділігі болды. Міне, мен осылайша Мәлік ағаның институтына студент болып түстім. 

Студент кезімізде Мәлік аға анда-санда жатақханаға келіп, жас жігіттер мен қыздардың жағдайын өз көзімен көріп, мұң-мұқтаждарын қолма-қол шешіп отыратын. Ол кісінің әсіресе, шахмат ойыны десе ішкен асын жерге қоятындығын біздер әсіресе, математика факультетінің студенттері жақсы білетін едік. Неге десеңіз, ол кісінің ойынша математиктер шахматты жақсы ойнай білуге тиіспіз. Міне, сондықтан да біздер алдын-ала неше түрлі күрделі комбинация ойындарын дайындап қойып, Мәлік аға келе қалғанда «көмектесіңізші» деп алдына ұсынатынбыз. Мұндайда ол кісі жанында еріп жүрген декан, комендант, дәрігер тағы басқаларды «барып таныса беріңдер» деп бөлмелерді аралатып жіберетін, «ал мен мына математиктермен шахмат ойнап көрейін» деп қызу кірісіп кететін. Сөйтіп, білдей бір институт ректорымен жекпе-жекке түсіп кететінбіз. Ол кісі сол кезде спорт шеберлігіне кандидат дәрежесінде ойнайды деп шамалайтынбыз. Өзім болсам, II разрядшы шахматшы болдым. Мәлік аға ойланып отырмайтын. Сен бір жүріс жасағанша ол екі немесе үш-төрт жүріс жасауға әзір болатын. Сондықтан көбіне жеңіс ол кісінікі болатын. Біз кейде тең, не ұтып кетсек, онда қатты қуанып, мәз болатын едік. Институт қабырғасында жүргенде осындай мәре-сәре кездеріміз аз болған жоқ. Қазір де сол кездер еске түссе, қадірлі ағамен өткізген сол сәттеріміз өмірдегі ең бір жақсы сәттеріміз болған екен деп ойлаймыз. 

Иә, өмір болған соң, не болмайды? Әсіресе, студенттік кезімізде жақсы жақтарымызбен бірге, қателесіп, жаңсақ басқан уақыттар да болмай қалған жоқ. Соның бірін айтып, кейінгілерге үлгі ретінде сабақ болсын деп ескерткім де келеді. 

Біз екінші курста оқып жүрген кезіміз. Үлкен қала өміріне бойымыз үйреніп қалған. Кезекті стипендия алған күні жатақхана бөлмесінде арақ ішіп, үлкен тәртіпсіздік жасап алдық. Оны сезіп қалған комендант ректордың атына шағым жазыпты. Көп кешікпей бес бірдей студентті жоғарғы оқу орнынан шығару жөнінен бұйрық та шықты. Екі аптадай сандалып, әлгі бесеуіміз қала кездік. Басқа оқу орындары алмайды. Ол енді түсінікті де ғой. Содан әбден амалымыз таусылып, сүмірейген күйі Мәлік ағаның алдына келдік. Ол кісі бізді тыңдап болды да екі-үш минуттай үнсіз терең ойланып қалды. Сөйтті де: «Әй, иттің күшіктері-ай, сендердей қазақ балаларын қорғаймын деп талай таяқ жеген кездерім аз болған жоқ еді. Барыңдар, оқыңдар. Бірақ келесі сессияға дейін қарындарың аш жүреді!» - деп бізді стипендиядан алып тастап, институтқа қайта қабылдатты ғой. 

Ректор кабинетіне қорқа-қорқа кіріп, шығарда қойны-қонышымыз қуанышқа толы шыққан біздер ол ағаның осынау жақсылық қамқорлығын кетер-кеткенше айтып жүрдік, әлі де айта береміз. Қалай ұмытарсың ондай жанашырлықты. ҚазГУ-де кемтарсың деп қабылдамай жатқанда институтқа алғызып, одан кейін мынандай тентектігімізді кешіру дегенің – тек үлкен жүректі адамның ғана қолынан келетін іс деп ойлаймын. Мәлік аға мұндай жақсылықты жалғыз бізге емес, көптеген қазақ балаларынан аяп қалған жоқ. Сол үшін өз де сөз естіді ғой деймін. Сонда да бүкіл қазақ халқының жанашыры, қамқоры болудан бір таймады. Азамат деген осындай-ақ болар.

1963 жылы Мәлік аға ҚазПИ-дің ректорлығынан Қазақ ССР Ғылым академиясына ауысқанда бүкіл студенттерге қаралы күн туғандай болды. Міне, осындай ағаның арқасында өзім армандаған физика-математика факультетін 1966 жылы бітіріп шығып, жоғары білімге ие болдым. Одан кейін 37 жыл бойы ұстаздық етіп, «Қазақ ССР-нің оқу-ағарту ісінің үздік қызметкері», «Аға оқытушы», «Оқытушы әдіскер» тағы сол сияқты көптеген атаққа ие болдым. Осының бәрі үлкен жүректі, дархан көңілді, адамға тек ғана жақсылық жасайтын Мәлік ағаның арқасы екенін ашып айтқым келеді. Аруағыңыз риза болсын, «Жақсыдан шарапат» деген осы да. Мәлік аға тек менің ғана емес, ол кісінің алдынан дәріс алған бүкіл шәкірттерінің есінде мәңгі сақталады.

 Баймағамбетов Жылкелді  Ғалиақпарұлы,

 Алматы облысы,  Еңбекші қазақ ауданы,

 Азат орта мектебінің мұғалімі.  1998 жыл. 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan