Махабат майдангері

Оның өлеңдері адамға деген іңкәрлікті, өмірдің өткіншілігін, уақыттың қадірін сезіндіретін… Оның әндерінен  әннің әуені ғана емес, оның ішкі жүрек лүпілі естіліп тұратындай еді. Әуеннің әрбір иірімі белгісіз бір көңіл күйге жетелеп әкететін. 

46

Махабат майдангері - adebiportal.kz

Бір әні жастықты еске салса, бір әні алыста қалған махаббатты ойға түсіреді. Бір әнінен туған жердің самалы есіп тұрса, енді бірінен адамның ішкі мұңы аңғарылады.

«Арай таң ақ қанатын жазар адал,

Қыр төсі гүл жайнайтын кез оралар...»

Өз көлігіммен ұзақ жолға шыққанда автомагнитоладан «Боз орамалды» бірнеше рет тыңдау, адам екенің еске түсіп жанарыңа егіле жас алу әдетіме айналып кеткен.  Кімнің тағдыры толық, кімнің жүрегі қамсаулы дейсіз?!

«Сағымға араласқан сағыныштай,

Жаныңды жүдетті ме боз орамал..?»

Кей адамдардың ғұмыры жылдармен өлшенбейді. Олардың өмірін өздері артында қалдырған әнмен, өлеңмен, елдің есінде қалған сөзбен өлшейсің. Өйткені ондай жандардың ғұмыры өздерімен бірге аяқталмайды. Керісінше, олар өмірден озған соң, шығармалары арқылы екінші бір ғұмырын бастайды.

Тынышбай Рахым сондай сирек талант иелерінің бірі еді.

Ал Тынышбай ағамыздың артында қалған із – ән мен өлеңге, сағыныш пен сырға һәм кісілікке суарылған рухани әлем!

Ол үшін поэзия мен музыка бір-бірінен бөлек дүние емес.

Ән – айтылмай қалған сөздің нұры!

Ия, нұр дегеннен шығады. Мен кейде Тынышбай ағаны нұр жауған аппақ аспанда, аппақ костюм киген қалпында аппақ бұлттың үстінде аппақ күйсандықты шалқыта ойнап, аласапыран аста-төк әсем әуездерді сапырып отырғанын елестеткендей болам. Махаббат тілін музыкадан артық қандай құдірет түсіндіре алмақ?

Адам кейде жүрегіндегі ең терең сырын өлеңмен де толық жеткізе алмайды. Сондай кезде оны әуен айтады. Тынышбай Рахымның шығармашылығында осы екі қасиет – сөз бен саз – бір-бірін толықтырып, біртұтас рухани әлемге айналады.

Оның өмір жолына үңілсең, оның шығармашылығын өмірінен бөліп қарауға болмайтынын аңғарасың. Өйткені ақынның жазған әр жолында өз дәуірінің табы, өз замандастарының тынысы, туған елге деген сағыныш, адам тағдырына деген алаң көңіл бар. Тынышбай ағаның замандастары бірінен бірі өткен өңкей оңқай сақа сияқты асылдар еді ғой. Бұл күнде осы алыптар шоғыры да азая бастағаны өкінтеді. Сол абзал ағалардың бірі де, бірегейі Нұрлан Оразалин ағамыз!

***

Нұрлан аға өз замандасы Тынышбай Рахым туралы тебіреніске толы естелік жазбасында былай дейді:

«Біз... Өлең дейтін өрті мен серті, дерті мен еркі қатар жүретін сиқырлы, сырлы әлемге қатар келдік. Айырмасы – біріміз Алматыда, біріміз Таразда жүріп, жыр дейтін жұмбақ дүниенің отын кешіп, жалынына орандық. Бірімізді біріміз сырттай танып, сырттай біліп, Алматының алпысыншы жылғы  жұмаққа бергісіз жасыл бақ, кең көше, шулы алаңдарында жарысып өлең жазатын, жарысып жыр оқитын бозбала достарым – Жарасқан, Кеңшілік, Сейсен, Серік, Иранбек, Темірхандар Жамбылдық ақын Тынышбай Рахимовты ауық-ауық әңгіме қылушы едік... Жасы бізден бес-алты жас үлкен болғанымен Шымкеттік Исраил Сапарбай да, Қарағандылық құрдастарымыз Дәуітәлі Стамбеков те назарымызда жүруші еді...

Тынышбай елде жүріңкіреп барып, біздің шулы көшке кештеу қосылды. Ол Алматының ауасын жұтып, асфальтіне аяғы тиген кезде менің қатарластарым тәп-тәуір танылып, ақындықтың ала майданында жүрді... Тынышбайдың жастық шақ, махаббат жырлары ел назарына ілікті...

 Бүгін... Сондай бір шуақты сәттер есіме түсіп отыр. Жарасқан маған бір жолы:

 «Нұрлан, сен ана Мәдениет министрлігінің  бас айналар билігінен жерге түсіп, баяғыдай ақын достарыңды іздесеңші... » деді.

  «Сен классик болдың... іздегенмен  ұстатпайсың...» - дедім.

  - «Көктем тынысына» шыққан өлеңдерін жуып берейін»,  деп бір жас жігіт келіп отыр» деді.

 - «Мақұл...»

  - Айтылған кезде, уәделі жерге келдім.

  - Жарасқан тұр. Қасында, көзілдірікті бір жұқалтың келген сары  жігіт.

- «Ал,  танысыңдар...  Мынау  қай  күнгі  өзің мақтаған «Жанартаулардың»  авторы  Тынышбай» деді.

-«Рахимовпысың ?...»

-«Дәл өзі !»  деді  Жарасқан. Шынында  да  «Көктем  тынысына»  өлеңдеріміз  қатар енген Тынышбайдың :

«Батқанда күн,

Атқанда алау  таңдар,

Атылады  бұл  маңда  жанартаулар.

Жанартаулар – жалын  төс  жастық шағым,

Мұнда ғажап жырға өзек6 әнге арқау бар...  деген өлең жолдары  маған ұнап  еді. Пікірімді  жинақтың   құрастырушысы, Жарасқанға айтып ем.  «Қай  күнгі өзің мақтаған ...» деп  тұрғаны сол...

Әдемі  кеш болды...  Жалыны мол  жастықтың буы  жібермей,  әзер тараған  сол  жаздың  жайдары  күнінде  Тынышбаймен  алғаш таныстығым   есіме  түсіп отыр.

Сол таныстығымыз Тынышбай Алматыға көшіп келген соң, жақсы сыйластыққа жалғасты.  Кейін Интернационал  көшесіндегі  (қазіргі  Сырбай Мәуленов  көшесіндегі)  екі үйге қатар қоныс тепкенде  бұрынғыдан да   бетер араласып кеттік.  Балаларымыз бен балаларымыз  араласты.  Қарашаш жаны жұмсақ, мейірімді  жан болып шықты.  Фаукең екеуі   ауық-ауық көрші қолаңның  басын  қосып тұрушы еді.  Ақсақалдарымыз  Әбу Сәрсенбаев,  Сағынғали Сейітов,  Сафуан  Шәймерденов,  Әзілхан  Нұршайықов,  Жаппар Өмірбеков, Есет Әукебаев,  Шона Смаханұлы, Бұқара  Тышқанбаевтар.  Аға буынан – Мұхтар  Мағауин,  Тұтқабай  Иманбеков, Софы  Сматаев,  Кәдірбек Сегізбаев, Жұмекен Нәжімеденовтың отбасы, біздің қатарымыздан – Тынышбай, Қайсар  Жорабековтер бар...  Тату-тәтті  он бір-он екі  жылдай  көрші болдық. Біз осы үйде тұрғанда  қатарымыз, ақын досымыз  Кеңшілік қайтты.  Кеңшіліктің  мезгілсіз өліміне  бәріміз  қабырғамыз  қайсып, бір жылдай  аза тұтып, Зинура мен балаларына  кезектесіп, көңіл шәй бергеніміз еске түсіп  отыр...  

Өмір !.. Содан  бері аттай зулап, отыз жетті жыл өтіпті. Сол күндерде  дос  қайғысын  бөліскен  Сағат,  Жарасқан,  Шөмішбай, Исраил, Тынышбайлар да бір-бір ақбоздарына мініп, бақиға атанып кетті. Жазушылардың Интернационал көшесіндегі екі үйдің ауласын шулатып жүретін Тынышбайдың алты перзенті, Кәдірбек Сегізбайдың бес перзенті, Мұхтар Мағауинің алты перзенті, менің үш ұл-қыздарым ат жалын тартып,  азамат болды... Бір кездері өлеңнен өзге  ештеңмен  ісі жоқ, Алматының  түнгі  жарығы  мен көлеңкесін кезек-кезек  қамшылап жүретін  бозбала  жігіттердің немерелерінің өзі  атпалдай  азамат болды.

Өмір өзгерді! Қоғам ауысты! Алаштың  ұлы қаласы Алматы да  адам танығысыздай өзгерді. Сол ақын – құрдас,  сырлас  болған  қара ормандай  қалың жігіттерден шаштары аппақ-қудай болған Иранбек екеуміз Алматыда, Серік  Астанада тұрып жатырмыз.Тынышбай өмірден  озғалы да біраз уақыт өтті. Артында ұрпағы қалды.  Өлең-жырлары қалды.  Жымиған таза күлкі, қалың қазақ  дүрілдетіп қол  соғып,  ұйып  тыңдайтын « Алтайдың  ар жағынан келген аруы» қалды !.. Жырлары қалды!

-Асық қылған бір жаққа,

Ғашық қылған

Аялдай тұр, Көктемім –

Ән дәуренім!  деген өрісі кең рухани әлемі қалды.

Рухың пейіштің төрінде шалқысын, қайран Тынышбай!»

***

Бала кезден жырға әуес болған соң басқа-басқа, өзіміздің туған жерден шыққан ақындардың жырын көбірек оқып өскеніміз де рас. Тынышбай ағаның өлеңдері көңілге қона кетер шыншылдығымен, таңғы шықтай тазалығымен баураған.

Әсілі, Тынышбай ағаны тану үшін Сарысуды бір көру аздық етер. Қаратаудың құт қонған қызғалдақты қырын, бозаңдағы бозторғайын, Көсегенің көк жоңын, Ақтоғай мен Шабақты, Бүркітті мен Бестоғайдың мөлдіріне мейір қандыру керек-ау. Көне Саудакенттен теріскейге қарай созылған сары мұнар жал-жал құм бекеттерінен әрі асып Жайлаукөл мен Шығанақты  бір айналып ұлы Бетпақдалаға ұласып кетер дегдар Дала жатыр. Одан әрі атажұрт – Сарыарқа! Жаңаарқа...

Тынышбай ағаның аталары атақты Қырымның қырық батырын бастап тұрған Қарадөң баһадүрден өрбіген Тама батырға кеп тіреледі. Бұл кәдімгі кіші жүздің жеті руына кіретін, аты ұранға айналған Қарабура әулие, берісі «Мен Қазанға барғанша қан жаумасын қар жаусын, Мен Қазанға барғасын қар жаумасын қан жаусын!» деген аруақты шері Нәрікұлы Шораның зәу-заты еді.

Тынышбай ағаның өзі де тағдыр мен тарихтың бұралаң жолында шырғалаң ғұмыр кешкені бар-ды. Аталары Ұлы Даланың жұлдызды аспаның бағдарсыз кезіп, құландай ауған.

Осы тағдыр, осы ғұмыр Тынышбай ағаның жырларында бой көрсетпей қалған жоқ. Ол өзінің ел аузынан түспей жүрген атақты жырларында қыл қобыздың қияғына қонақтаған, Көрғұлыдай көрден түрегелген қаһарман болмысын паш етеді…

***

«Тынышбай Рахым сол кезде отызға тола қоймаған, «Қазақстан пионері» газетінде жұмыс істейтін кезі екен» деп еске алады қазақтың ардакүрең ақыны Ғалым Жайлыбай. Тынышбай Рахым біздің елге, «Жеңіс» совхозына Марлен Асқаров деген кісінің үйіне келді. Біздің ауылда бір жұмадай болды. Мен мектеп бітіріп жылқы бағып жүрген кезім еді. Өлең жазам. Тынышбай ағаға барып амандастым. Әкем Тынышбайды үйге шақырып ат мінгізді. Келесі жылы Қарашаш жеңгей мен балаларын алып келіп бабалары Тасыбай әулие мен Жолдыбай әулиенің басына түнеп, құран оқыды. Сол жылдары Тынышбай аға өндіре жазды. Жыл сайын «Он сегіз – гүл дәурен», «Қаратауым – ақ отауым», «Жиырма бес – жыр дәурен», «Балқұрақ», «Көкрегім күйсандық» деп аталатын керемет-керемет жаңа кітаптары шығып жатты.

Жырымды жотаға ұшырып үлгерсем,

Жырымды ботама ұсынып үлгерсем.

Әнімді нотаға түсіріп үлгерсем,

Үлгерем… мен сенің көзіңнен нұр көрем! - деген шумағы есте қалыпты.

Бабалары туралы этнографиялық баллада жазды. Ол жырды біз жақтың азаматтары жиын-тойда жатқа айтады.

«Мен қайтейін сұлулық көлін лайлап,

Ерін ойлап өтіпті, елін ойлап.

Арқа жақта бәйгеге ат қосқандар,

Әлі күнге шабады «Ерубайлап!»- деп келетін әдемі дүние еді. Тынышбай ағамен сыйласып өттік. Өкініштісі осындай ғажайып ақынның аты бұл күнде сирек аталады.»

***

Мен өз басым жырына қанық ағамен 1987 жылы Жамбыл облыстық «Еңбек Туы» газетінің редакциясында ұшырастым. Дәл қазіргідей көз алдымда. Бойы сұңғақ, шашы желкесін еркін жапқан, жылы шырайлы үстінде аспан көк жеңіл күртесі бар қырықтың қырқасындағы ақын аға редакцияның екінші қабатынан түсіп келе жатты. Мен төменнен қарсы келіп амандастым. Мен ол кісіні (сыртынан) бұрынан білетінім, менің ол кісіге деген еркін қатынасымнан байқалмай қалмас еді. Оның үстіне ішімде екі жүз граммдық  от лапылдап тұрғандықтан да болар. Мен рұқсатсыз Тынышбай ағаның өлеңін оқыдым.

« Алаулап атып таңдары,

Толқын ой билеп жанын кіл,

Қамажай дәурен арманы

Жиырма бес дейтін шағым бұл!» - деп басталатын дауылды жыр еді...

Екінші өз өлеңімді бастай бергенде «Атың кім, айналайын» деді. Мен атымды айттым. «Түс әлетінде қолың бос болса «Жамбыл» қонақ үйінің мейрамханасына келе ғой» деді де асығыс жүре берді. Әлде қайда асығып тұрғаны анық еді.

Мен он екі болмай «Жамбыл» қонақ үйінің мейрамханасына кеп алдым. Сағат дәл бір кезінде Тынышбай ағаның да қарасы көрінді. Тынышбай аға түскі асқа тапсырыс берді. Мен де Тынышбай аға не тамақ алса дәл сондай мәзірді  таңдадым. Тынышбай аға ас келгенше жөн сұрай бастады. Айналасы бес-он минуттың ішінде ағалы-інілі боп шыға келдік. Аға сыпайы, мәдениетті кісі екені аңғарылып тұрды. Шындығында ағаның бойында бір бекзаттық бар еді. Менің он жеті жылдық өмірбаянымды бірер сұрақпен-ақ тез біліп алған соң «Бағанағы өлеңіңді оқы» деді.

«Айт дедің-ау!» деген өлең еді. Соны оқыдым. Тынышбай аға сол кезде мейрамхана даяршысын шақырып бір жартылыққа тапсырыс берді. Әңгімеміз қыза түсті...

Енді бір қызығы Тынышбай аға араға екі-үш жыл салып осы өлеңді өзі арнайы сұрап алып «Жалын» журналына жариялап еді. Ия, сол жерде үш-төрт өлең оқытты. Содан кейін өзінің атақты «Мың тоғыз жүз жетпіс бір, январдың үші еді» деген Мұқағали Мақатаевқа арнаған өлеңін оқыды. Бұл менің өмірімдегі бірінші рет осындай ірі тірі ақынды көріп, тірі ақынның өлеңін өз ауызынан естігенім еді. Тынышбай аға өлеңді тұтас болмысымен беріле оқиды екен. Өлең оқу мәнері сондай жағымды, жайлы сезілді. Жанары жырға толып кетті. Ағаның жанары ғана емес, бүкіл Жамбыл қаласы жыр оқып тұрғандай әсерге бөленді. Қонағы аз кең мейрамхананың іші қоңыр күмбірге бөленді. Жыр оқып отырғанда кең маңдайын көміп, иығына түскен шашын салалы саусақтарымен кейін қарай тарап отырады екен. Өлеңді осылай оқиды екен ғой деп ойладым.

Кейін Алматыға келген соң Тынышбай ағамен сан мәрте дәмдес болдық. Еркеледік. Қасына еріп жүрдік.

***

Тынышбай ағаға шын мәнінде рухани іні болған адамның бірі ол белгілі әнші Сәкен (Қалымов) Жақсылықұлы еді. Сәкен Тынышбай ағасымен бірге өткен арналы күндерді былай еске алады:

«Мен Тынышбай ағаны Алматыға келгенен кейін таныдым. «Алтайдың әржағынан келген ару» әнін Тынышбай ағаны көрмей тұрып орындап жүрдім. Түркістан облысы Жетісай ауданындағы Құрманбек Жандарбеков атындағы музыка театрында актер боп жүргенімде Мақпал Жүнісова жеке концертімен келе қалды. Мақпал репертуарының ішінде маған осы ән ерекше ұнады. Мен оны гитараға салып айта бастадым. Гитараға, эстрадаға бейімделгенде домбырамен айтылатын ән әжептәуір өзгеріске ұшырайды. Мен бұл әнді өзімше бояуын келтіріп өңдеп жөндедім. Кейін Тынышбай ағамен белгілі композитор Қалдыбек Құрманәлі арнайы ертіп апарып таныстырғанда өз нұсқамдағы айтулы әнді орындағанда Тынышбай аға ән өзгерісіне бірден келісе қоймады. Бірақ менің орындауым ағаға қатты ұнағанын білдім. Ән солайша менің нұсқам бойынша «Кеш жарық» бағдарламасы арқылы халыққа жетті. Қазақстанның түкпір-түкпірінен хаттар легі құйылды. Апта сайын қап-қап хаттарды оқып тауыса алмаймыз. Бәрінің білгісі келетіні: ән тарихы, ән авторы, ән орындаушысы.

Халық «Алтай аруын» керемет қабылдады. Артынша «Тамаша» ойын-сауық бағдарламасында орындадым. «Алтай аруының» аруағы аспандады. Менің бағым осы ән арқылы жанды. Тынышбай ағаны да танымаған қазақ қалмады. Тынышбай аға да «Енді бұл әнді тек Сәкен ғана орындай алады» деп ырзалығын білдіріп еді.  

Тынышбай аға өте таза, ұқыпты кісі еді ғой. Үстіне шаң жуытпайтын. Шалбарының қыры пышақтай, тап-таза көйлек... сері кісі еді. Ән шыққаннан кейін Тынышбай ағамен жиі бас қосып тұрдық. Бірге жүрдік. Менде үй де жоқ ол кезде. Алғашқы үйленген кезде мен келінді Тынышбай ағаның үйіне түсіргем. Құда да, асаба да болып тойымды өзі өткізіп беріп еді-ау, қайран ағам. Маған деген ықыласы өте ерекше болды.

Сол ағамыз да өмірден өтті. Иманы саламат болсын! Ылғи «Жаңабайұлы Тынышбай ағаның рухына!» деп дұға бағыштап отырам.

Біреулер «Ән айтсайшы, жаңа әнің бар ма?» дегенде шіркін-ай, Тынышбай ағам болғанда ғой, жаңа ән жазбаса да өзім жазған әндеріме өлең жазып берер еді-ау деп армандаймын.»

***

Тынышбай аға туралы осы мақаланы жазарда Тынышбай Рахымның  болмысын ашу мақсатында ағамыздың көзін көрген үлкен-кіші замандастардың да ой-толғамын ескеруді жөн көргем. Сол мақсатта Тынышбай ағамыздың жерлес қарындасы, қазақтың жезтаңдай әншісі Сәуле Жанпейісованың да естеліктеріне ден қоюды жөн көрдім. Сәуле бүй дейді:

«Бір елден болғаннан кейін Тынышбай ағаның есімін бала кезімізден естіп өстік. 1982 жылдың басы болу керек. Біздің мектепке Алматыдан бірнеше ақындар келіп, оқушылармен жүздесті. Сол кездесу кешіндегі ақындардың ішінде ерекше есімде қалғаны Тынышбай аға болатын. Тіпті, жазған өлеңдері туралы ол кісіге сауал бергенім де есімде. Кейін арман қуып Алматыға келгеннен кейін осындай жыр кештеріне жиі барып тұратын едік. Сондай кештерде ағамен кездесіп қалатынбыз. Тынышбай аға телевидениеде жұмыс істеген жылдары мені әрдайым телехабарларға шақырып, түрлі концерттік бағдарламаларға қатыстырып жүрді. Сол кезде мен ол кісінің туыстық мейірімін сезетін едім.

1992-93 жылдары Тынышбай ағаның «Кеш жарық» бағдарламасымен бірнеше облыстарға барып, сапарлас болдық. Ол жылдары ағаның «Алтайдың ар жағынан келген ару» әнінің аспандап тұрған кезі. Осы әннің алғаш орындаушысы Сәкен Қалымов екеумізді ертіп Атырауға апарды. Жолға шығардың алдында ағаның үйіне жиналдық. Сол жолы Қарашаш жеңгем маған қазақтың салтымен «Үкілім» деп ат қойды. Жеңешемнің асқан сүр еті мен қазысына тойып алып, аэропортқа келдік. Ұшақ күтіп отырған сәтті пайдаланып, аға маған «Менің бір әнім бар еді. Сәуле, сен соны үйреніп алшы. Мен бұл әнімді Атыраудың бір қызына арнап шығарған едім» деді. Мен әнді аға бір рет айтқанда-ақ үйреніп алдым. Себебі, ән жүректен шыққан махаббат әні, тұнып тұрған лирика.

Міне, мен осы Атырау сапарында алғаш рет аэропортта отырып үйренген ағаның «Боз орамал» әнін орындадым. Құлақтары үйренген ән-жырдан бөлек, жаңа ән халықты бірден баурап алды. Концерттен кейінгі қонақтықта концертте болған кісілердің сұрауы бойынша Сәкен екеуміз тағы орындадық. Сол кеште-ақ «Боз орамалдың» бағы жанды. Кейін бүкіл Атырау жұрты әнді шырқатып алып кетті.

Фариза апаммен бірге Атырауға барған бір сапарымда «Боз орамалды» халықпен бірге шырқадық. Кештің соңында бізбен бірге барған Нұрлан Өнербаев «Боз орамалды» менен сұрап алды. Міне, солай «Боз орамал» халықтың сүйікті әніне айналды.»

***

Мен 1992 жылы Жамбылдан Алматыға бір жолата келдім. Қиын-қыстау, жайсыз күндердің легі өтіп жатқан сондай күндерде сол кездегі «Алатау» телеарнасының ғимаратына Тынышбай ағаны іздеп жиі барушы едім. Қай кезде барсам да «Ағаның алды – ақ жайлау», ықылас-пейілін танытып шығарып салатын. Кей кездері «Кеш жарық» сазды-музыкалық хабары болатын күнге  жол түсіп қалатын. Ондай күні кешкі тікелей эфирден соң концертке қатысқан барлық әншілер Тынышбай ағаның төртінші қабатта орналасқан «412» бөлмесіне жиналатын. Содан түн ауғанша ән шырқалып, әдемі әңгіменің тиегі ағытылатын-ды. Тынышбай аға маған өлең оқытады. Өзі қызметтік бөлмесінің оң жағында орналасқан қоңыр күйсандыққа жайғасатын. Тынышбай ағаның үнінде көңілді бірден баурап алар сиқырлы әуез бар. Тынышбай аға бірнеше әнді әуелетіп барып аялдайтын. Музыкадан хабары жоқ адамның өзі Тынышбай ағаның күйсандықты соншалықты еркін игергенін, күйсандық тілін жетік меңгерген шебер екенін  аңғармай қалмас еді. Тынышбай ағаны  музыкашылардың тілімен айтқанда майталман «виртуоз» деуге әбден болады.

Тынышбай ағаны соңғы рет Қазақстан Жазушылар одағының екінші қабатындағы шығысқа қараған терезенің алдында тұрғанын көрдім. Терезені ашып шылым шегіп тұрды-ау деймін. Қанаты сынған қырандай қажулы сәті екен. «Аға!» деп еркелеп келіп амандасып хәлін сұрағам. «Хәл мынау!» деп шегіп болып тұқылы қалған шылымды терезенің жақтауына мыжып өшірді де, темекінің тұқылынан көз алмаған қалпы терең күрсінді.

Ағамыз айықпайтын ауыр науқасқа шалдығыпты деп естігем...

Бағана айттым ғой. Мен кейде Тынышбай ағаны нұр жауған аппақ аспанда, аппақ костюм киген қалпында аппақ бұлттың үстінде аппақ күйсандықты шалқыта ойнап, аласапыран аста-төк әсем әуездерді сапырып отырғанын елестеткендей болам. Махаббат тілін музыкадан артық қандай құдірет түсіндіре алмақ?

Тынышбай аға мазасыз ғұмырында махаббат іздеп өтті. Махаббатты бәрі іздейді. Бірақ оны қорғап қалу үшін майданға шығатындар аз. Тынышбай Рахым сол аздың бірі еді. Махаббат майдангерінің ең үлкен драмасы – оның сүйіспеншілік туралы көп айтқаны емес, өзі түсінген махаббат әлемін толық түйсіне бермеуінде шығар...

Ақынды жалқы махаббатын аясында қарастыра алмайтынымыз және ақиқат. Сүймеген жүректен қалай өлең тусын, қандай ән дүниеге келсін?!

Тынышбай аға қалай болғанда да махаббаттың ұлылығын жырлады. Өзі соған сенді. Ғашық боп ғұмыр кешті. Тынышбай ағамыз да бұрынғы ақын ағалары сияқты «Жүз қызға ғашық болған»  шығар-ау, алайда  айналып келіп жиренше – жүрегі Қарашаш апамыздың даналығына бас иді,  хан көтеріп өтті. «Жүрегімнің жұлдызы» деп өлең арнады.

Ақын махаббатына тоқтам болған жоқ. Тиым салынбады...

Танымаймын,

білмеймін есіміңді,

ол үшін сен бола бер кешірімді.

Таңертең бе,

кешке ме,

түнде ме екен,

Әйтеуір, бір қағамын есігіңді!

Ғашық болған кезіңнен берем елес,

уайыммен кеппесін кенезең еш.

Көзін ілген ойыңды оятатын,

ұйықтағандар – тірлікке керек емес!

Танысармыз,

білерсің есімімді,

көптен бері болып ем кешігулі,

Дүрсілмен

алқынған жүрегімнің

қағып тұрмын мен сенің есігіңді!

Маралтай Райымбекұлы

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan