Мінсіз адам
Біз адамды шын танымай-ақ, ол туралы өзімізге ыңғайлы бейне жасап алып, соған өмір бойы сеніп жүре аламыз ба? Шағын әңгімеде осы сұрақ қойылса, өте қысқа екінші әңгіме даңғаза мен даңқ қуған мақтанның түбі кейде өзіміз күтпеген комедияға айналатыны жайында.
Қаладағы бір сыйлы адам қайтыс болды. Оны білетін-танитын жұрт «Е-еее, жалған ай деші, пәленшекең де кеткен екен ғой бұ дүниядан, қап-ай… бұ қалай болды», десіп қайғырып жатты. Күн көкжиектен бауырын енді көтерген мезгілде марқұмның жаназасын шығарды. Жаназаға халық көп жиналды, бір-біріне көңіл айтты, бұл бір салтанатты шерудің сипатын беретіндей көрініс еді. Марқұмды уағында бір құпия ілім үйретумен айналысқан деген сыбыстың рас-өтірігін кім білсін, бірақ, жиналғандар арасында «Ол кісінің шәкірті едік» деген жас жігіттердің көп екенін ел көрді. Қатқылдау жүздерінен адам именіп, жүрістерінен жер опырылардай болған олар жөн-жоралғының бәрін тап-тұйнақтай орындап, марқұмның қонақасын беруге де жақсы мейрамхана таңдапты. Жасы үлкен кісілер бірінен соң бірі сөз алды. Сөйлеген кезде олардың бетінде түбі опындырар баянсыздықтың тылсым құдіретін тап қазір түсініп мойындаған бір жазу тұрды. «Әр адамның өткен шағында ұялатын бірдеңе болуы мүмкін, бірақ Пәленшекең бұл жағына келгенде ақ қанатты періште еді. Иә, бұл адам жайлы ешкім де артық-ауыс сөз айта алмайды, өйткені ол өзі шын мәнінде мінсіз адам болатын. Өмірдің тек жақсы жақтарын көре алған, жақсылықты бойына өмірбақи жия алған, тек жақсылармен дәмдес болған адам еді», – деді бірі. Кейде марқұм жайлы айтылған сөз бен оның тірісіндегі бейнесі бір-бірімен үйлеспей, қабыспай тұратыны бар ғой, бұл жолы олай көрінбеді, бәрі мойындарын төмен салып бір кісідей ұйып тыңдады. «Оның бармаған жері, танымайтын адамы жоқ еді. Өзінің өмірдегі жолын тапқан адам қашан да болсын есептен, тірліктің ұсақ-түйегінен биік болып, тек ізгілік жолымен жүрді. Таланты бола тұра атаққұмар болған емес, мансапқа талпынған емес». Олар марқұмның ендігі тағдыры өздері арнаған жақсы сөзге қарап тұрғандай ұзағынан толғады. Марқұмның қашанда адамға ықыласын бұрып сөйлейтінін, кімнің болсын бір тәуір қасиетін мысалға келтіріп мақтау айтып көтермелеп қоюға келгендегі жомарттығын, ашу-араздық туатын жерден жылыстап жылжып кететінін, үнемі костюмнің қыры шығып, туфлиі жылтырап, келісті киініп, кербез жүретінін де көркем мінездің мысалындай көрсетті. Олардың тоқтамай сөйлегені сондай, көзге көрінбейтін біреу миында оның өзімен: «жоқ, олай емес, ол сен ойлағандай адам емес» деп пікірталасқа түсіп жатқандай, бұл болса: «жоқ, ол жақсы адам, жақсы адам» деп тайталасып жатқандай еді.
Қақ ортаға қойылған портреттен мөлт қара шашты, бет әлпеті қапысыз опаланып-сүрмеленгендей мінсіз көрінетін, қыр мұрынды адамның бейнесі қарап тұрды. «Бұл кісі сонда нешеде?» деп сұрады біреуі. Қызық болғанда дүниенің бүкіл жұмбағын шешіп тастағандай маңғаз көрінетін бұл адамды бәрі таныса да, оның шын жасын ешкім білмейтін болып шықты. Біреулер оның жетпіске келгенін айтты, енді бірі сексеннен асқанын дәлелдей сөйледі. Ал алпыстағылар: «Ол кісі бізден сәл үлкен еді ғой», – деп күмәнға сала бастады. Ақыры марқұмның жасын анықтаймыз деп, өздерінің жасын есептеуге көшті. Марқұм болған адамның жасын айыру мүмкін еместігі – бір кезде онымен бірге қызметін бастағандар шашына ақ кіріп, төбесі жалтырап, қарны шығып, қартайып, ауырып, өліп… ал қушық бет адамның өңі неше жыл өтсе де өзгермей тұра беретін. Бір жағы оның өмір салты да сондай еді: өмірі ішпеген, шекпеген, құмар ойын ойнамаған, ешкіммен бас-жаққа барыспай, дау-дамайдан жүйкесін сақтап, уақытында тұрып, уақытында жататын, тамақты да талғап ішетін. Біреу сөйлесе мұқият тыңдайтын, ешкімге «мына жерің былай» демейтін де, оның біреумен дауласып жатқанын да ешкім көрмепті. Тіпті жұрт марқұмның жасы түгілі, қайда туғанын да, қайдан келгенін де білмейтін болып шықты. Біреулер оны бір облыс әкімінің тұсында аты мен міндеті ешкімнің есінде қалмаған әлдебір қызметке келіп, содан осы қалада тұрақтап қалғанын айтты (ал бұл қалада әкім дегенің жыл сайын ауыса береді, сондықтан ол әкімнің қай әкім екенін де тап басып айтып беру қиын). Марқұмның бала-шағасы бар ма, жоқ па, үйі қаланың қай бұрышында екенін де ешкім білмеді. Білімді қайдан алғанын, кімнің ілімін жалғап жүргенін де... Сөйтіп ол ақыры елдің бәрін тыңдап жүріп, бірақ өзінің жеке өмірінен ештеңе айтпай, айналасындағыларды өзі жайлы әлдебір құпияны білу мүмкіндігінен айырып, кете барды.
Сылдырап аққан күндерде тоқтау болсайшы, терезеге күздің бұлты мың тамшысын ұрып, қыстың аязы жүз өрнегін салып, арада бір жыл өткенде көзкөргендер мен шәкірттері марқұмды еске алуға жиналды. Олар сол сәтте қарсы алдарына марқұмның тірі бейнесі тұра қалғандай толқыды. Өйткені білімқұмар жастар саясаттан хабардар, әдебиет, музыканы, философияны да бір кісідей білетін адаммен сөйлескендерін кәдімгідей дәреже көретін.
– Ол шын мәнінде ғажап адам еді! Мен мына жерде оның шәкірттерін көріп қуанып отырмын, – деді осы кешті ұйымдастырушы профессор әйел тебіреніп. – Байқайсыздар ма, олар біздің құрметті Ұстаз сияқты үйлестіріп әдемі киінеді, өздерін сол сияқты мәдениетті, байыпты ұстайды, сол сияқты әріден тартып ұйытып сөйлейді. Шәкірттеріне қарап, жақсы адамның ізі жоғалмаған екен, идеялары тірі екен деп ойлап отырмын!
Жиын басталғаннан марқұммен бірге жүрген, бірге серуендеген, сұхбат құрған естеліктер ағытылды. Оның қандай тәрбиелі, парасатты адам болғаны, қиналғанда қандай жақсы кеңес бергені… Бір адам даусы дірілдеп тұрып айтқан естелігінің соңын: «Ол – шын мәніндегі мінсіз адам еді» деген сөзбен аяқтады.
Әлгі кісі сөйлеп болып орнына отырған кезде жұрт алдына бір жас жігіт шықты. Түр-әлпеті келісті болғанымен киімі жұпынылау жігіт шашын бір тарақтап алды да сөз бастады:
– Құрметті жиналған көпшілік! Әкем жайлы айтып жатқан жақсы сөздеріңізге рахмет. Мен сол кісінің ұлы едім. Бұл айтқандарыңыз тыңдаған адамға бөлек әсер етеді.
«Ол кісінің баласы бар ма еді, ондай ештеңе естімеп едік қой» – деп зал бір сәтке сыбырласып басылды.
– Бірақ, мен осы жерде бір нәрсені айтайын, ол кісі тап сіздер ойлағандай адам емес еді.
Мұндай сөзді күтпеген залдағылар бір сәт дымын ішіне тартып үндемей қалды. Олардың көзінде «бұл жігіт не демекші» деген сұрақ тұрған еді.
– Ия, әкем жаман адам болды деп айта алмаймын. Жоқ. Керісінше, ол өте жақсы адам. Бірақ, оның бәрі… әкемнің өзінің әдемі бетіне үйлестіріп киген маскасы еді... Шын мәнінде ол өмірде өзінен басқа ешкімді сүймеген, өмір бойы жанына ешкімді дарытпаған, ең жақындарынан да қашып өткен адам…
Отырғандар гу ете қалды. Біреулер ашуланды, біреулер сенбеді. Олар үшін жаңағы сөздер марқұмның абыройына емес, өздерінің жылдар бойы қалыптастырған түсінігіне тиіп кеткен еді.
–Айналайын, егер сен шынымен ол кісінің баласы болсаң, онда әкең туралы қалайша бұндай сөз айтасың? Біз ол кісінің бұндай баласы барын білмейміз де, мүмкін, сен баласымын деп алып оған жала жапқалы тұрған арам ниетті біреу, тіпті алаяқ шығарсың?
– Соны айтшы!
– Ахх, оңбаған, қарашы! Жақсы адамға кір жаққысы келген ғой…
– Бұны кім шақырған?
– Шығарып жіберіңдерші өзін!
Жас жігіт шығып кеткен бойда жасы қырықтың үстіне шыққан тағы бір адам жұртшылық алдына шықты.
–Сіздер жаңағы жігітті бекер қудыңыздар ау... Ол мүмкін әкесі жайлы бір шындықты айтпақшы болған шығар? – деп бастады ол сөзін.
– Қандай шындық жайлы айтып тұрсың, сен шырағым? Сондай жақсы адамды қаралауға келіп тұрған алаяқ қайдан оның ұлы болсын?! Ол кісі біз білгелі жалғыз тұратын адам емес пе?
– Сен өзің неге шықтың? Айтатының болса айт, әйтпесе, естелік айтайын деп кезек күтіп отырған кісілер жетеді.
– Жә, жә, – деді ер адам. Мен де естелігімді айтайын деп тұрмын. Айтсам… әңгімелесең бұл өмірдің сыры қалың ғой… – деп ол көпшілікке жағалай қарап алды.
– Мен ол кісіні алғаш рет осы кітапханада көріп едім. Онда да осындай үлкен жиын болып, кілең шешен адамдар жиылып керемет әңгімелер айтылып жатты. Әсіресе, бір кісінің әңгімесіне ел жапатармағай қол соқты. Бұл кісі өнер, мәдениет, тарих жайлы жақсы біледі екен, кейде бірқалыпты баяу, кейде сұңқылдап, кейде тақылдап сөйлеп кеткенде тыңдаушысын түгел ұйытып, ел жапатармағай сұрақ қойып, тарамай қойды.
– Ия, марқұм сондай шешен еді ғой! Даусы саңқылдап тұратын.
– Рас, ол кісінің білімі де телегей-теңіз еді!
– Рас, рас, білмейтіні жоқ еді!.
– Осыдан кейін мен оның әңгімесін тыңдауға аса ынталы болдым, деп жалғады ол. Ол кісі бір жерге барып, мәслихат құрады десе мен де міндетті түрде қалмай барушы едім. Ол өзін барлық ұлы адамдар сияқты барынша қарапайым, сыпайы ұстайтын. Ол сөйлегенде біреулер оның сөзін жазып алып отыратын. Мен де оның сөздеріне ұйыдым, көп айтқаны ішіме қонды, ол айтқан кітаптарды оқыдым, сөйтіп оны өзіме Ұстаз тұттым. Біз ол кісі екеуміз скверлерде отырып ұзақ әңгімелесетінбіз. Дін тарихы, адамзат тарихы, өмір, өнер… Бірақ, уақыт өте келе… оған күмәнмен қарай бастадым ба… Ол тіпті айтуға да тұрмайтын нәрсе.
– Айтсаңшы енді, ақыры бастаған екенсің (тыңдаушылар арасында әлдебір сыр мен құпия жасырған әңгімеге әуестер жетіп-артылатын).
– Осындай бір жиында ол кісі сөйлеп тұрып: «Адам нағыз шындықты іздемейді. Іздеген күннің өзінде тек өзіне әдемі көрінетін шындықты ғана таңдайды» деді. Сол кезде залдан біреу «Бұл кімнің сөзі?» деп сұрады, «Мұны айтқан неміс философы» деп жауап берген ұстаз әлгі ойшылдың өмірі, жалғыздығы, оның заманынан озып туғаны жайында ұзақ әңгімеледі. Жиын аяқталып, Ұстаз орнынан тұрғанда жастар да оның соңынан ілесті де мен қалып қойдым. Үстелде қалып қойған кітапты қолыма алып, асықпай парақтай келе бір қызық нәрсені аңғардым. Оның жаңа ғана айтып кеткен ойлары кітапта мүлдем басқа мағынада жазылған болып шықты. Бірнеше бетін қайта оқып шықтым. Ол кітаптағы ойларды емес, кітаптың атын пайдаланып, өзінің ойын айтқан екен. Осыдан кейін мен Ұстазды өзімше зерттей бастадым. Ол атақты адамдар туралы айтатын, олармен бірге жүргенін, таныс-біліс болғанын, бірақ маған ол сол адамдармен еш уақытта сөйлеспеген, олармен қатар отырмаған, сырласпаған адамдай көрінетін. Кейде ол маған шын адам емес сияқты көріне берді. Әлде… ешқашан ешкім жазбаған бір кітаптың мінсіз кейіпкері... дарынсыз жазушының қиялындағы, суретін, болмысын шектен тыс идеалдандырып, содан да ақыры шынайы дүние қылып шығара алмаған кейіпкері сияқты. Тым қатты әсірелеп жібергендіктен де жасанды, мына біз нанатын шынайы өмірге онша кірікпей тұрған кейіпкерге ұқсайтын. Неге олай ойлайтынымды өзім де білмеймін, бір қарасаң оның бойында адамды сендірмейтін ештеңе жоқ та сияқты, міне, адам алдыңда тұр, жүзі жылы, сөзі дұрыс, мінезі сыпайы. Бірақ, ол еш уақытта бірдеңені анық, ашып айтпайтын сияқты, ылғи да ең маңыздысын ойында жасырып қалатын сияқты… Құдай ақы, мен Ұстазымды әдейілеп зерттейін дегем жоқ, бірақ… ол кісінің мінезінде бір қызық нәрселер бар еді, ол біресе былай деп айтып алып, артынша өзіне-өзі қарсы келе беретін, біреулерді түкке алғысыз қылып, артынша оны көрсе құрақ ұшып, көзіне мақтап ризалайтын, өзі «ой ол арам, алаяқ емес пе» деп сөккен адамдардан сыйлық алғанын да көргем. Ол басқалардан талап ететін де, өзіне келгенде тайқып кететін.
Отырған жұрт қозғалақтасып кеткендей болды. Олар бүгін ғажайып адам туралы керемет әңгіме тыңдаймыз деп келгенде әңгіме ауаны қалай бұрылып бара жатқанына бір жағы таңырқаулы, бір жағы мынадай опасыздыққа ашулы еді.
– Ой, мынауың да… не деп көкіп кетті?
– Ұстаздың әруағы атады сендерді!
–Түш-шш… – деді жігіт саусағын ерніне тақап. – Болды, аяқтаймын, тек бір минут… Ең қызығын айтайын! Ең қызығы – былтыр ол кісі қайтыс болғаннан кейін оның үйіне барып бата жасаймын деп алыстан келген бір адамды айтылған мекен-жайға апарғанымда… Ұстаздың ол үйде тұрмағанын білдім.
– Сонда қалай?
– Солай… ондай адам ол үйде тұрмаған болып шықты. Ешқашан!
– Мүмкін, сен өзің мекен-жайдан шатасқан шығарсың?
– Жоқ, ол мүмкін емес, Ұстаз мекен-жайын өз аузымен айтқанда жазып алғам. Бірақ, ол онда ешқашан тұрмапты. Сондай адамның ... меніңше ондай адам өмірде болмаған болуыда мүмкін.
– Мынауың сандырақтап кетті ғой!
– Мен айтайыншы!, – деді ұзын сары жігіт. Сөйдеді де ешкімнің рұқсатын күтпестен алға озды.
– Жаңа ғана бауырым, не дедіңіз, ол кісіні болмады деген қалай ол? Жооо, ол кісі болды. Болғанда қандай! Ол өмір сүрді, және басқалардың да өміріне араласты, тіпті жұмсақ жымиып жүріп біреулердің өмірін күл-талқан қылды деуге болады.
Залдан сөйлеген қария кісінің ашудан жүзі түтігіп кетті.
– Сендер жынданған шығарсыңдар, түге! Бұл не спектакль? Әлде бұны әуелден осылай ұйымдастырғансыңдар ма? Мен әруақты бұлай қорлауға жол бермеймін!
– Ешкім әруақ қорлап жатқан жоқ, ақсақал! Шындығы сол. Мен сол шындықты айтуға келдім.
– Шындық емес жала! Жала жабайын деп тұрсың!
– Айтсын, айтсын, – деді бір бөлігі. – Ақыры шыққан екен.
– Мен айтсам...
Сөзін бастай берген ұзын сары пысқырынған жылқыдай түшкіріп салды.
– Жәрекімалла!
– Мен де манағы бауырым сияқты шәкірт бола жүріп оның ілімін үйрендім. Бізде рухани байлық ортақ еді. Яғни кімде-кім өмір сүру тәсілдері жайлы көп білім үйренген болса, сол білімін ортаға салатын. Ешуақытта адамға «сенікі дұрыс емес» деп айтпау, ешуақытта қарсы келмеу, бәрін «сен жақсысың, кереметсің» деп арқасынан қағып мақтау... Материалдық игілік болса, ол да ортақ еді. Яғни арамызда біреудің табысы көптеу болса, дәулеті болса ол басқаларға көмектесуге міндетті. Сосын бізге бойдақ жүруге болмайтын, тез арада бас құрап, осы ұйымның мүшелерін көбейту керек, өзің дүниеге әкелген баланы осы ілімге жастай тәрбиелеген жақсы дейтін олар әйелді де өздері таңдап беретін. Сол кезде жаспыз, махаббаттың отына күйіп-жанып жүрген кезіміз. Бірақ, өзімнің ұнатқан қызымның Ұстаздың көңілінен шыға қоймағанын аңғардым, Ол «еркін, ерке қыздардан еркекті пайғамбардай сыйлайтын көнбіс әйел шықпайды» дегенді миымызға құя беретін. Ол маған әкемнен жақын болғасын, әр сөзі біз үшін бұлжытпай орындалуға тиіс заң болғандықтан, қарсы келу жоқ, оның айтуымен ешуақытта бет-жүзін көрмеген, таныспаған қызбен некемізді қидырдық. Сөйтіп сезімнің дауылын кешіп тұрып, ұстазымның айтқанына қарсы шыға алмадым, жүректе жағылған отты өз қолыммен өшіріп, махаббаттың құрсауын бұзып шықтым. Басында бұны өзім ерлік санағаным да бар. Өйткені мен өзімді сезімге алып кететін нәпсімді тәрбиеледім деп сендірген едім. Міне, әйелім де, мен де бір-бірімізді жақсы көрмей-ақ үйренісіп, арада балалар болғаннан кейін де тұрып жатырмыз. Мен өзімді бақыттымын деп айта алмаймын, өмірімде бірдеңені дұрыс істемегенімді білемін. Әйелімнің де көзінен айықпайтын мұң көремін. Көңілдің қақпасы сол күйі жабық. Кейде балаларыма қарап, тағдыр солай болған шығар, мүмкін осылар өмірге келуі керек болған шығар деп өзімді жұбатамын. Ал кейде мен сүйген, маған сенген, мені жақсы көрген қыздың да тағдыры дұрыс болмағанын ойлап кетсем… мен өзіме өтірік өмір сүрген сияқты көрінем.
Осыны айтқанда оның жүзінде әлдебір өкініш әлде қамырықты бірдеңе тұрғандай еді.
– Менде қазір пәлендей арман да жоқ, тек сағымы ғана қалды. Обалы қане, Ұстаз мені жақсы көрді, ең жауапты жұмыстарды тапсырды. Біз кемтар, ғаріп адамдардың атынан көмек сұраған хаттар жазып жүріп, талай жерден, талай қордан ақша алдық. Алдық деймін-ау, біз ол ақшаны көрген жоқпыз ғой, дұрысы Ұстазымыз алды. Сенесіздер ме, осынша жыл қасында жүріп мен Ұстазды соңғы сәтінде ғана таныдым. Біз мінсіз деп жүрген адамның екі басқа өмір сүргенін, өмір бойы шын болуға емес, жақсы көрінуге ғана тырысқан адам екенін кеш білдім… Жаңағы бауырым ол адам өмірде болмаған сияқты деді ғой, олай емес, ол адам болды, тек ол шын адам емес еді. Өйткені біз оның шын жүзін ешқашан көрмеппіз. Біз әрқайсымыз өзіміз көргіміз келген Ұстазды көріппіз.
Сөзін аяқтағанда сары кісінің әлденеге көңілі босап кеткендей болды. Ол өзінің осы кезге дейінгі сенімінің күл-парша болғанына қапаланды ма, әлде аяулы ұстазын сағынды ма... оны ешкім білген жоқ.
Үнсіз отырып қалған профессор әйел жан-жағына қарап, өздері бір шоғыр болып бөлектеніп отырған бір топ шәкіртке назар аударды, сол кезде олардың маңғаз кейіптерімен, отырыстарымен әлі де ұстаздарына ұқсап отырғанын байқады.

Ескерткіш
Жантақтың осы Жыңғылбай ағасы соңғы кездері кәдімгідей өзгеріп жүр. Жастайынан көзге түсіп, «бұл баланың көзінің оты бар, сөзін көрмеймісің» деп ауылдағы шалдар сүйсініп жататын бір пысық балалар болады ғой, жоқ, Жантақтың Жыңғылбай ағасы өмірінде ондай болған емес. Өзімен-өзі томаға-тұйық жүретін жуас жігіт еді. Елуге жақындағанда отырған жерде «біздің руымыздан осындай адамдар шыққан, аталарымыз ондай болған, мұндай болған, соны неге білмейміз» деп әңгіме бастайтын болды. Руыңды білген, тегіңді білген дұрыс, оған дау жоқ, оның үстіне аталарыңның тегін емес, шетінен ғаламат болғанын айтып жүргеннің де өз ләззаты бар. Тіпті жер қозғалмаса қозғалмайтын Жантақтың өзі Жыңғылбай ағасын тыңдаған сайын: «Біздің аталарымыз батыр, біздің әулет әулие болғаны ма!» деп естігеніне марқайып қалатын. Жыңғылбай ағасының жүрегі өз руына деген құрметке лық толы екені сондай, тіпті өзінің, бала-шағасының туған күнін естен шығарып алса да, төртінші атасының туған күнін сағаты, минөтімен жатқа білетін. Ол тіпті өзінің шежіресін қойып, басқа жұрттың шежіресін түгендейтін болды. Содан бері елге де, үйіндегі жуан сары бәйбішесіне де қадірі артқан. Қазақ кеңқолтық қой, ата-бабасы жайлы мағлұматқа қанық болғандардың қолы ашығы жабағы атайды, жоқ дегенде тоқты береді. Өткенде бір ауылдың жігіттері «өзіміз іздемеген аталарымызды тауып бердіңіз, көке» деп риза болып, астына ат мінгізді, Жыңғылекең шежіре түгендегенінің арқасында жыл сайын осылай соғымын айырып жүр.
Бір күні Жыңғылбай ағасы осы әулетті түгендеп, бір атадан туғандардың сүт бетіне шығарларын жинап, үлкен чат ашты. Чаттың аты бес рет өзгерді. Ақырында «Шежірелік Кеңес», «Рулық Мәжіліс» секілділердің біреуін жақтырмай, «Ұлы Атаның Ұрпағы» деген атауға бір тоқтады. Туыстар, туғандар деген чаттан ерекшелігі, бұл чатқа кез келген адам кіре алмайтын.
Әуелі «Ата-баба контентінің бас сарапшысы» сайланды, оған: «заман болса мынау, басқа жүздер мен рулардың ғұрып-салтына, одан әрі орыс пен қытайға жұтылып кетпеуіміз үшін бір атаның балалары бірлікте болуымыз керек» деп отырған жерде сұңқылдап қоя беретін Шеңгелбай көкесі лайық деп танылды. Қолдаймыз! Қолдаймыз! десті чаттағылар.
Іле-шала «Рулық қауіпсіздік комитеті» құрылды, оның не істейтінін бұлар онша түсінбесе де, ол да бір маңызды міндет екенін іштерімен сезіп, мақұлдай берді. «Шежіре-менеджер» болып Жусанбай ағасы сайланды.
Кейбіреулер чатқа кіре салысымен:
«Әйтеуір, ақша жинамайтын чат па өзі? – деп сұрап қойып, сол мезетте шығып қалып жатты.
Жинала-жинала чат лық толды. Тура бір вагонға сия алмай жатқан пойыз жолаушылары секілді. Енді бұл топқа кіргендер де, кірмегендер де арманда!
Талап мынау: кіргің келсе, алдымен «ру-тест» тапсырасың. Оның шарты: алдымен жеті атаңды түгел тізіп, шежіренің кемінде үш бұтағын жатқа айтып, одан бөлек руға байланысты кемі екі тарихи анекдот білуің керек. Төртінші тапсырма заманауи болғанымен, қиындау. Шежірелік селфи жасап, яғни өз суретіңді салып, бет-әлпетің ардақты бабаларыңның келбетіне үйлесе ме, жоқ па, соны тексеру керек.
Жантақтың Шеңгелбай көкесі жұмысына белсене кірісті. Бұ кісінің осы уақытқа дейін қалай жұмыссыз жүргеніне таңғаласың, түн бе, таң ба, құс ұйқылы кісіге бәрібір, чатқа шіңкілдеген даусын жібереді де жатады:
– Біз өзі «Бірегей» деген жүзденбіз ғой, содан да тегіміз текті болғанда даусыз. Руымыз Құлақ. Атамыз Сарымсақбайдың атқа шапса артында қалың бұлт қалатын даңқы жер жарған, Пиязбай атамыз үш өзенді жаяу кешіп өткен, тіпті өзендердің өзі оны көрсе шошынып шегінетін көрінеді. Жуабай атамыз ештеңе істемей, қоныстанған жері отқа айналып, малы өзі көбейетін болған. Мына біз солардың ұрпағымыз. Алатаудың анааааау шетінен Қаратаудың мынаааау шеті, Ешкітаудың баурайындағы шұрайлы жерді өзіміз жайлағанбыз. Малы көптің алды да біз, арты да біз болып, құртша жыбырлаған төрт түлігіміз төңіректі түгел жауып қалады екен. Баяғыда ғой, - деп бір тоқтады.
– Аталарымыз жасаған тойды айтсаң, тағы бір бөлек әңгіме, – деп қосылды осы чаттың батагөй админі.
– Бір тойында қырық күн қымыз сапырылған, елу күн жорға шабылған!
– Апырмай, мен бұны білмеппін, осынша жерді еркін жайлаған қайран бабаларым-ай, енді болмағанда кішігірім мемлекет болатындай-ақ шамаң бар екен-ау, – деп тебіренді тоқсанға келіп отырған қарияның аудиодауысы үзіліп-үзіліп.
– Ойбай-ау, болуға қалыпты дегені несі, бір кезде мемлекет болды да ғой!
– Онда неге қазір сондай мемлекет құрмасқа!
– Оған ана жақ мұрсат бере ме? Біздің ресми мемлекет өзіне бақталасты тәуір көруші ме еді?
– Жоға, ондай емес, өз ішімізде сондай мұрат болса, біз болмасақ та, ұрпағымыз жетер сол күнге!
– Несі бар, жетсек жетеміз! Даңқты атаның ұрпағы екеніміз рас! Мемлекет болмаса да, үлкен ру-ұйым құруға болады ғой. Ол үшін алдымен соны кеңесетін Құрылтай өткізейік! – деді екіншісі.
Қолдаймыз! Қолдаймыз! Құрылтай өтсін!
Сол күні чаттың беті атқа шапқан, ту көтерген суретке, Құрылтай деген плакатқа толды да кетті.
Құрылтай концертсіз бола ма? Ата-бабалар жайлы көрмесіз бола ма? Әркім қолда бар шежіресін, аталары жазыпты деген ескі хат, атасынан қалған ескі байпақ пен әжесінің көнетоз қамзолын әкелді. «Бұндай үлкен рудың әнұраны қалай болмайды! Әшейінде таңдайлары тақылдап жүретін ақындары қайда, мұрнының астынан ыңылдап жүретін сазгерлері бар еді ғой? Жазбай ма? Шырқамай ма? Біздің руды бүкіл ел танысын!» десті.
Концерт деген жақсы ғой, бірақ оны қоятын кезде өкпешілдер көбейетіні жаман екен, өйткені о баста ерек жаратылған рудың өз ішінде әнші де, биші де көп болып шықты. «Менің балам ән салады, әндеткенде құдай салмасын қапелімде тоқтамай басымызды ауыртады!» «Менің немерем домбырашы, неге тізімге қоспайсыңдар?!» «Қарап тұрсам, кілең Таңдайдан тарағандар сахнаға шығады екен де, ал сонда Бүйрек пен Сирақтан тарағандар баяғышы қазан-ошақ маңында жүрмек пе, әділдік қайда?»
Чаттың беті өкпеге толды.
Өзімен-өзі бұрқылдаған бір кемпір жүрген сайын басы қалтаңдап, құлап қала жаздап теңселген шалын сүйрелей келді:
– Әй, пәләлар (балалар дегені ме, пәлелер дегені ме түсініксіз, тіс түгел болмаған соң осылай естіледі), менің шалымның даусы әлі баяғыдай, 92-ге келсе де, «Көкшолақты» айтқанда аруақ шақырады. Тізімдерің қосып қойыңдар!
Екі жүзге тарта киіз үй тігілгеннің жыры ол бір бөлек жыр, соған жетеқабыл қойдың басы қойылғаны ол бөлек жыр, оған тойдағы қызықтарды қоссаңыз... Пах, пах! Төөөй, не деген! Ғажап енді! Тамаша! Оның бәрін айтуға бүгінгі күн жетпес, біз ықшамдап айтайық. Жантақтың жобасынша Құрылтай жақсы өтті. Осы құрылтайда бірдеңесінші ғасырда өмір сүрген бірдеңесінші атаға ескерткіш қоятын болып шешті.
– Ойбууу, оған кім қарсы болсын!
Аруақ риза болмай, біз қайдан өнейік! – десті бірауыздан.
– Қаражат жағы... қаншадан жинаймыз?
– Шүкір, біздің руда ақшаны күреп тауып жүрген жігіттер баршылық!
Ақша мәселе емес екен, әп дегенде ойдай соманың басы құралды. Бірақ руластар ескерткішті қоюға бірауыздан келіскенімен, оның жобасы дауға айналды:
– Атамыздың бойы екі метр болған!
– Жоқ, үш метрге жетеғабыл! Жетпіс жаста да еңкеймеген деп естігем!
– Қолына смартфон ұстатайық, осы заманға сай болсын!
Ақыры ұзақ таласып жүріп, ескерткіштің жобасы әзір болды-ау. Ескерткіш болғанда қандай! Қолындағы қамшысымен тартып жіберердей болып қасқайып тұрған қарияның жүзінде сұс десең сұс бар, мыс десең, ол да бар. Тіпті көзінің кемдігі барлардың өзі бұл ескерткіштің әйбат екенін алыстан байқар еді. Енді оны атаның қабірі делінген төмпешікке қою ғана қалды.
О баста «осы жерде атамыздың сүйегі жатыр» деп құран оқылған жер еді. Бірақ… әбден ескерткішті әкеліп орнатпақ болғанда, аяқ астынан дау шықты. Дауды бастаған сол ауылдың жігіттері.
– Сендер өзі шұбырып, шұбатылып неғып жүрген адамсыңдар? Бұл жерде не істемексіңдер? – деді алдарына шыққан бір топ жігіт түйіліп.
– Не істегеннен Құдай сақтасын! Осы жерде біздің атамыз жатыр. Мына төмпешік болып қалған сол атамыз. Соған ескерткіш қоймақпыз!
– Ойпырмай деші! Сендердің руларың Құлақ болса, ал бұл бағзыдан бері Ауыздың жері болса, онда сендердің аталарың қалайша бұл жерде жатады екен?
– Дауласудың керегі жоқ, біздің ақсақалдарымыз айтып, көрсеткен жер бұл!
– Ал, онда ақсақалыңды алып келші! Дәлелдесін!
– Ойбай-ау, осы жерді көрсеткен кезінде тоқсанға келіп отырған адам бұл күнге дейін қайдан отырсын? Мынауың жынды екен!
– Онда, басты қатырмай қайқайыңдар, бұл біздің руымыздың жері!
– Жоқ, біздің жеріміз! Біздің атамыз осы жерде аттан құлап, тап осы жерге аунап жата кеткен!
– Жоқ! Біздің жер, біздің атамыз «мына жер бір оты мол, жанға жайлы екен» деп ойлап келе жатып, осы жерде түшкірген, түшкірген де осы жерге қамшы тастаған!
Айқай-шу басылар болмағасын бір оқымысты кісі ортаға шықты:
– Жақсы, жақсы, жолдастар, сабыр сақтайық. Құр шулай бермей, екінің бірін анықтайық. Сүйекті қазып, ДНК арқылы тексерейік. Егер сіздің рудың адамы болса, осы жерді иемденуге біз рұқсат береміз.
Міне, оқыған адамның сөзі! Бұл сөз бәріне ұнады. «Ғалым айтты» дегенде жұрт тез тынышталады. Ғылымның дамығаны қандай жақсы, сүйекті қазып алып арнайы сараптамаға жіберсе бітті, сүйек қай атаға тиесілі екені әп-сәтте анықталатын болады, керемет емес пе!
Сөйтіп, милы бастар айтқасын не тұрыс, қабір қазылды. Жұрт үнсіз. Көр қазу кезінде шулаған әдепсіздік екенін біледі. Кенет біреу шошына айқайлап жіберді:
– Мәссаған! Мынауың… мынауың адамның сүйегі емес қой!
Бәрі ішегін тартты.
– Қойшы-ей! Не дейді?
– Енді ненің?
– Ш-ш-ш… шын айтам, – деп тұтықты анау.
Бәрі алға ентеледі.
Ентелеп келді де аңтарылып тұрып қалды.
Не де болса , бір қателіктің болғаны анық. Өйткені қазып алғандары адамның емес, атам заманда қурап қалған сиырдың сүйегі еді.
Жадыра Шамұратова
