Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
АУДАРМА
Мо Янь: Мао көсем өлгенде...

29.11.2022 14503

Мо Янь: Мао көсем өлгенде 14+

Мо Янь: Мао  көсем өлгенде - adebiportal.kz

І Аңдатпа

Осындай бір үлкен істі жазуыма жақынғы жылдары ұлы адамдарды қалпақ етіп киіп алатын мақалалардың көбейіп кетуі себеп болды. Үлкен ту ұстап, жолбарыстың тұлыбын көрсетудің пайдасымен бірге тартымдылығы да бар көрінеді. Десе де беті бүлк етпестен ақсақты тыңдай, өтірікті шындай ететіндерге жол болсын дейміз. Мынадай бір мысал айтайын: Дэн Сяопин қайтыс болып еді, өмір бойы жолдан таймаған, қанша жазса да тартымды бір мақаласы болмаған біздің төңкерісшіл жазушыларымыз еске алу мақалаларын бұрқыратты да жіберді. Арасында біреуі «Қадірлі Дэн комиссар мені құтақарып қалды» деген мақала жариялапты. Тақырыпты көрген жерден деміңді ішіңе тартып тына қаласың. Сосын: “Бұл кісі қайткен күнде де ІІ далалық соғыс армиясындағы бір дивизияны немесе полкті басқарған адам болған болуы мүмкін, ең құрып кеткенде Дэн Сяопиннің атын жетелеген немесе отын жағып, суын қайнатқан адам болар!” - деп жорып та жібереді екенсің. Ал мақаланы судыратып оқып шыққанда барып ол адамның жоғарыдағы болжамдарға түкке қатысы жоқ екенін білесің. 

Әуелі бұл кісі Лю мен Дэн жетекшілік ететін әскери окургтің сарбаздары ұстап алған гоминдаң әскері екен. Не керек, сол жерде бас киімінің маңдайындағы көк ту, ақ күн бейнеленген значогін жұлып тастап төңкеріске қатынасып кетіпті. Одан кейінгі күндерінде төңкерісшілердің қатарында ереуілдетіп жүре берген көрінеді. Оның Дэн Сяопин тұрмақ ІІ далалық соғыс армиясының Сяо Юңинь, Пи Динцзюнь сияқты қатардағы офицерлерінің өзін көрмек түгілі маңына да жоламағаны анық. Қазіргі күнде нағыз ардагер төңкерісшілердің көзі жоқ, бәрі қайтыс болған, сөзі жүріп тұрғандар осындай тұтқындар. Өлген төңкерісшілердің көрден шығып табытын арқалап келіп есеп айырыспайтынын бұлар да біледі. 

Қысқасы, мақаланың мазмұны мынадай: 1978 жылы Дэн Сяопин бұйрық түсіріп, бүкіл Қытайдағы «оңшылдардың» қалпағын алдыртып тастаған. Аталмыш мақаланың авторы да оңшыл болған екен, оның да қалпағы алынып тасталыпты. Айта кетерлігі, Қытай оңшылдарының ішінде қайсар да ержүрек батырлар мен көңілі таза, шыншыл зиялылардың болғаны рас, солай дегенмен де құпиялықты айтып қойған сатқын, дүрегей шолақ белсенді, билігін пайдаланып өзіне қажетін қамдаған жымысқы, ақылды боламын деп басына бәле тапқан сормаңдайлардың да болғаны жасырын емес. Егер осылардың ішінен біреу билікке келетін болса, құдай сақтасын, оның «төрт адамдық топтан» әлдеқайда қорқынышты болатыны - мұнда тұрған іс. О жаратқан, сонда әлгіні Дэн Сяопиннің құтқарғаны осы ғана ма? Тіпті сол оңшылдардың қалпағы алынып жатқан тұста Дэн әлі билікке келтірілмеген болатын. Тіпті өзінің де қалпағы енді алынып, ақталып жатқан, ол кезде біздің басшымыз – қадірменді Хуа көсем еді. Рақмет айтқыш болса, әуелі сол Хуаға көсемге айтса болар еді. Жаңағы жазғыш сол заманда қадірменді Хуа көсемге де бір мақтау мақаласын жазып жіберді десе ойланбастан сенер едім. 

 

ІІ Аңдатпа

Осы кезде тағы бір нәрсе есіме оралғаны: әскерде жүрген кезімде орталықты қорғау бөлімінің бір ерікті сарбазымен танысқаным бар. Оның негізгі жұмысы - аспаздық екен. Онымен қоймай ол менімен жерлес болып шықты, содан да оны өзіме жақын тарттым. Менің осы жерлесімнің бір қызық әдеті бар: қолы босай қалса болды, Чжоннаньхайда болып жатқан істер туралы айта жөнеледі, тіпті бір өзі сол Чжоннаньхайды мойнына көтеріп алған сияқты тұрады. 

Бұдан өзге, оның тағы бір қызық әдеті бар: мемлекет басшыларының атын тіке айта береді. Мысалы біз әдетте Цзян Цземинь туралы айтатын болсақ онда ол кісіні «Цзян бас хатшы» немесе «Цзян төраға» деп айтамыз, ал анау болса «Цземинь жолдас», «Ли Пэн жолдас», «Руихуан жолдас», «Чяу Шэ жолдас» деп зулата береді. Бір жолы одан: «Чжоннаньхайдың ішінде жұмыс жасайтын сіздер осы Цзян Цземинь жолдастарды үнемі көріп жүресіздер ме?» - деп сұрадым. Ол сонда кідірместен: «Иә, үнемі көріп жүреміз. Цземинь жолдас эрху тартқанды жақсы көреді, көбінде жүзім бағында отырып тартады. Біз ол кісіні айнала қоршап алып тыңдаймыз. Ли Пэн жолдас үнемі асханаға келіп, кезекке тұрып мантоу алып кетеді. Мен ол кісіге әдемісін, үлкенін таңдап алып беремін», - деп жауап берді. Мен бұл жерлесімнің сөзін өтірікке шығара алмаймын. Өйткені қазіргі қоғамда шын мен жалғанды айыру өте қиын. Мәлім бір әскери бөлімнің асханасында жұмыс жасайтын ерікті әскер Чжоннаньхайға кіріп шығатын билетті өзге адамдарға берген, ол билеттің белігілері мен цифрларында дейін жалғандық болмаған, өзінің бағасы да болған екен. Бұл айқындалған шындық, мен ойдан құрап айтып отырғаным жоқ.

 

ІІІ Аңдатпа

Жоғарыдағы екі аңдатпа арқылы мынаны түсінуге болады: Тек бетің қалың, ұятсыз болсаң, тек қана кеудемсоқ, жөлер болсаң болғаны: мейлі қандай дөкей болса да ілмектеліп алып жүре бересің, міне осылар осы шығармамның жазылуына себеп болып отыр. Бұрындары ойлайтынмын: өзім бір қарапайым ауыл адамымын, кім билікте отырса да маған бәрі бір, қараша халықтың бірімін. Мао көсем өлсе оның маған не қатысы бар? Қазір олай ойламайтын болдым. Ойласам, Мао көсемнің өлімінің менімен қатысы зор екен. Тіпті мені былай қойғанда, біздің үйдің сиырымен де қатысы бар екен. 

Мао көсем өлмесе, пролетариат диктатурасы аясында жалғастырылып жатқан революция өзгеріссіз қалар еді. Таптық күрес алынып тасталмас еді. Әдебиет болды деген күннің өзінде бүгінгідей болмас еді. Ал ондай әдебиетті мен жаза алмаймын. Мао көсем өлмегенде мен жазушы болып атанбас едім. Мао көсем өлмесе халық коммунасы таратылмас еді. Халық коммунасы таратылмаса коммуна мүшелерінің жеке сиыры болмас еді. Сондықтан да, Мао көсем тірі болатын болса, біздің үйдегі әлгі сиыр қайдан болсын. Содан тағы жалғастыра ой жүгіртсем, әлгі «Қадірлі Дэн комиссар мені құтқарып қалды» деп мақала жазған төңкерісшіл «жазушының» ең алдымен рақмет айтатын кісісі – Мао көсем. Егер ол қария біздің жүз мың рет ұрандатқанымыз бойынша «шексіз ұзақ жасайтын» болса, онда «жазушым» басыңыздағы оңшыл қалпағыңыз өлгенде өзіңізбен бірге көрге кетуші еді. Ащы болса да айтайын: егер Мао көсем өлмесе, онда үшінші рет құлатылған Дэн комиссардың да қайтып орнынан тұруы мүмкін емес еді.

 

Мәтін

1976 жылы 9 қыркүйек күні түстің алды болатын, біздің қарауыл ротамыздағы сарбаздар төсегінде отырғандар төсегінде, орындығында отырғандар орындығында командирдің бастамашылығымен өткен түнде көрген киномыз «Қақ жарылу» туралы талқы өткізіп жатқан едік. 

Кейін естуімізге қарағанда бұл кино - «төрт адамдық топ» сынды партияға қарсы үлкен бір қара күштің егіп шығарған улы шөбі екен. Аталмыш улы шөптің мынадай нілі бар көрінеді: Цзянси Комунизм университеті Дэн Сяопин мен «оңшылдарға» қарсы тұруда күшті дауыл соқтырыпты. Ол кинода Гэ Юдың әкесі Гэ Суньчжуан «Сиыр құйрығының жұмысы» туралы дәріс оқитын қарт профессордың рөлінде ойнапты, «Жазық дала партизандары» фильміне актер болған Гуо Чжэньцин бұл жолы университет парткомның хатшысы болып шыққан екен. 

Аталмыш фильмде университет парткомының хатшысы сол университетке емтихансыз, тек күстана қолдарын ғана көрсетіп қабылдана салған кедей студенттермен бірлікте, капитализм жолында жүргендермен күресіпті. Күрес нәтижесіне келер болсақ: университ аудиториясында әлгі қарт профессордың «Сиыр құйрығының жұмысы» мен «Орыс даласы» сынды дәрістеріне тыйым салыныпты. Кінәлі қарт профессор ауылдарға барып шошқаның торайын пішетін болып міндет арқалаған екен. 

Кедей ортадан шыққан бір студент капитализм жолымен жүру идеясын жұқтырып алғандығы себепті, ұрланып ауылға барып біреудің торайын пішемін деп жүргенде, әлгі торайды өлтіріп алыпты. Сөйтсе ол торайдың өлімі де Дэн Сяопинің есебіне жазылыпты. Дэн Сяопинді біз де сынадық, оның капитализм жолымен жүру ісін ызаланып тұрып сынадық, ішімізде ешқандай ыза болмаса д , жүзімізден жалған ашу байқаттық. 

Ротамызда Лю Цзятай есімді саптасымыз бар еді сол адам Дэн Сяопинді қатты сынап келе жатып, өкіріп тұрып жылады. Командир одан неге жылағанан сұрады. Сөйтсе ол Дэн Сяопинге қатты ызаланғанынан шыдай алмай жылап жіберіпті. Сол-ақ екен, командир бүкіл ротадағы сарбаздарды Лю Цзятайдан үйренуге шақырды және Дэн Сяопинді сынағанда таптық мінезді көрсету керек, әйтпегенде сынау науқанын жоғары деңгейге көтере алмаймыз дегенді де айтты.

Лю Цзятайдың ойыны ауылдағы «шер төгу» жиынын есіме түсірді. Мен әскерге алынардан бұрын ауылымызда «шер төгу» жиыны өтіп тұратын, оған тайлы-тұяғымыз қалмай түгел қатысамыз. Ауылдағы Фаң апа жиын сайын сахнаға шығып шер төгетін. Соны деймін де, Фаң апаның алдында біздің Лю Цзятай түкке тұрғысыз біреу. Лю Цзятай сөйлеп-сөйлеп келіп сөздің ортасында ғана жылады ғой, ал біздің Фаң апа болса жерден сахнаға көтерілмей жатып еңкілдеп жылай жөнелетін. Тура бір рөлге дайындалған әртіс сияқты бейне танытатын. 

Фаң апа – саяси қырағылығы жоғары, маманданған шер төгуші. Лю Шаоци сыналған тұста, біздің Фаң апамыз өзінің бір байдың диірмен үйінде тұрып бала баққанын Лю Шаоциден көрді. Айтысына қарағанда, оны сорлатқан Лю Шаоци екен. Линь Бяо сыналған тұстағы Фаң апаның айтысына қарағанда оны сорлатқан Линь Бяо екен. Ал Дэн Сяопин сыналған тұста Фаң апаны сорлатқан – Дэн Сяопин болып шықты. Айтысына қарағанда оны байдың диірмен үйіне апарып бала тудырған Дэн Сяопин екен. 

Сол бір дирмені бар бай іс жүзінде қайрымды жан болғанға ұқсайды. Қыстың бір аязды күні үсті-басын бит басқан, алба-жұлба біреу далада қалған. Онымен қоймай әлгіні бір жағынан толғақ қыса бастапты. Құдайына қанша жалынса да құдайы оны елемепті. Жерге кірейін десе, жер қабылдамапты. Тура осы кезде бай кісі оны жерден сүйеп тұрғызып, жып-жылы диірмен үйіне жайғастырып, еденге сап-сары алтындай жарқыраған сабан да төсеп тастаған. Әлгі әйел балаға босанған соң оған ыстық көже берген. Ендеше оны жақсы адам демей, кімді жақсы адам дейміз. 

Кейін әлгі бай кісі ақталып, түрмеден босап, қалпағы алынған тұста Фаң апаның әуені бірден өзгеріп шыға келді. Содан бастап Фаң апа әлгі бай кісіні қара ниет, улы жылан деп сілегеннің орнына: «Мені диірменде аман босандырып, балам екеуімізді аман алып қалған қамқоршымыз», - дегенді шығарды. Жарайды, бос сөзді доғарып тақырыпқа көшейік.

Сөз кезегі маған келді. Менің де Лю Цзятайдан үйреніп жылап-сықтап командирден мақтау алғым келді. Бірақ ішімде қайғы да ыза да жоқ. Мұрынымды қысып, көзімді уқаласам да ештеме шықпады. Сол кездегі менің бар арманым – жоғары оқу орындарына қабылдайтын емтихан алу ісінің тезірек қалпына келуі болатын. Өйткені біз сияқты орта деңгейдегі диқандардың баласы ана кедей шаруалардың баласы сияқты жоғары оқу орындарына қабылданбайтын. Ал кейде бірлі-жарым артық грант саны келсе оны коммунадағы басшы кадрлардың балалары тартып алады да, ауыл балалары жайында қалатын. 

Тек үмітіміз емтихан бойнша нәтижеге қарап оқуға қабылдануда тұр. Олай дейтінім: менің үлкен ағам «Мәдениет төңкерісінен» бұрын емтиханға қатысып жоғары оқу орнына қабылданып кеткен еді. «Қақ жарылу» туралы өзімнің ішкі пікірім болса да оны сыртыма шығармай, шынында бір терең әсер алғандай кейіпке еніп, капитализмнің білім беру жолын, Дэн Сяопиннің капиталистік білім беру жолын тірілтпек болған арам пиғылын аямай-ақ сіледім. 

Сынау басқышы аяқталғаннан кейінгі жұмысымыз – мадақ айту. Бастысы – «Мәдениет төңкерісінің» ұлы жетістіктеріне мадақ айту. Сол «Мәдениет төңкерісінің» қандай жетістіктері болғанын өзім де білмеймін. Бір түйгенім, Қытайда ұстанымы берік, ақиқаттан таймайтын Чжан Чжисинь және Юй Локэдан басқаның барлығы жел қайда айдаса сонда кететін қаңбақ сияқты есуас, мен де соның бірімін. Лю Шаоциді сына десе, Лю Шаоциді сынаймыз. Дэн Сяопинді сына десе Дэн Сяопинді сынаймыз. Неге олай болғанын өзің де түсіне алмайсың. Ал Чжан Чжисинь сияқты ақиқатқа толық көз жеткіздім деген күннің өзінде де батылдық жетпей тұрады, міне бұл жазылмас дерттен де жаман қасірет. Осы тұрғыдан алып қарағанда бұл өмірдегі «оңайлықпен қолға келмейтін есуастық» екен. 

Кезінде Чжэнь Баньцяо осы бір керемет афоризмін осындай жағдайларға қарап айтқан шығар. Конфуций: «Білсең білгеніңді, білмесең білмегеніңді жасырма, ақыл дегеніміз – міне осы», - дейді. Бұл сөздің мағынасын мен түсінемін, алайда санамның төмен екенін де мойындауға тырысамын. Сонда да кейбіреулер сияқты Линь Бяо орынбасар көсем болып тұрғанда оны мадақтап: «Денсаулығы мәңгілік болсын!» - деп дауысын жұрттың бәрінен зор етіп ұрандатып, ал Линь Бяо құлатылғанда: «Мен оның Мао көсемнің етегіне тығылған зәлім уәзір екенін ерте білген едім!» - деп құбылып шыққан емеспін. 

Дэн Сяопинді батылдықпен қатаң сынап жатқанымызда, бөлмеге жұмыс бөлімінің кеңесшісі кіріп келді. Ішіне жасыра келген бір сыры бар екені жүзінен білініп тұрды. Біздің мекемеде адам аз болғандықтан, сарбаздар мен басшы кадрлар аралас-құралас жүре береді. Әлгі кеңесші жоғары дәрежелі мансаптының баласы. Айтысына қарағанда оның әкесі биліктегі лауазымы жоғары адамдармен бірге талай рет шетелге барыпты. Сонысын дәлелдемек болып ылғи да бір сарғайған фотосуретті бізге көрсете беретін. Жоғары дәрежелі мансаптының баласы болса да өте сараң, пайдакүнем, оның үстіне түнгі күзет кезінде асханаға кіріп жұмыртқа ұрлайтыны бар. Біз саптастарымызбен бірге қарауылға шыққанда оны талай рет ұрлық үстінде ұстап алған болатынбыз. Сондықтан біздің ротамызда оның ешқандай да беделі жоқ еді. 

Әлгінің есіктен кіре бергені сол еді командиріміз: «Кет, кет! Біздің Дэн Сяопинді сынап жатқанымызды көрмедің бе?» - деп дүрсе қоя берді. Ол еш сөз қайтармастан жүрген бойы командирдің төсегінің бас жағанда тұрған «Қызыл шырақ» маркалы радионың құлағын бұрады. Сәл тыныштықтан соң Орталық халық радиосының жүргізушісі ер адам аса бір салмақтылықпен ауыр тыныс ала, баяу әуенмен сөйлеген сөзі бөлменің ішін кезе жөнелді: «Назар аударыңыздар, назар аударыңыздар! Орталық халық радиосы бүгін түскі сағат екінің кезінде маңызды хабар таратады, уақытында ден қойып тыңдаңыздар ...»

Ауылдан келген біздер бұрындары мұндай хабарды тыңдап көрмеген едік. Не болса да тез айта салса болмай ма екен? Түскі сағат екіге дейін созғаны несі? 

Командиріміз сақа жауынгер, содан да болса керек: жүзінде қаталдық пайда бола қалды. Сосын ол әлгі кеңесшінің қушық бетіне қадала қарап бәсең үнімен: «Не жағдай болар екен?» - деді. Кеңесші командирімізді сыртқа жетелеп шығып, құлағына бірдемелерді сыбырлап жатты: не айтқаны белгісіз. 

Командир бөлмеге қайта кіргеннен соң барлығымызды жағалай бір шолып қарап алған соң: «Бірдеңе айтайын», - деді де кідіріп қалды. Бәріміздің көзіміз командирде. Командир: «Тараңдар, заттарыңды жиыстырыңдар, үйлеріңе хат жазыңдар!» - деді де бір жаққа кетіп қалды. 

Ол қожалық бөлімінің басшысымен тәуір араласатын, екеуі ылғи марксизм туралы кеңесетін. Біз оның қожалық бөлім басшысының бөлмесіне кіргенін байқап қалдық, сонымен ол екеуінің мемлекеттің ірі ісі жөнінде кеңес құрып жатқанын білдік. 

«Таудан жолбарыс кетсе маймыл патша болады» дегендей командир кетіп еді, оның орнына Лю Цзятай патша бола қалды. Ол: «Соғыс болатын болды, сөзсіз соғыс болады, меніңше үшінші дүние жүзілік соғыс болады, ағайындар соғысқа дайындалайық!», - деп сарнай жөнелді. 

Лю Цзятайдың сөзі қанымды қыздырып жіберді. Соғыс әрине жақсы, қашаннан бері соғысты аңсап келемін. Өйткені шыққан тегім кедей табынан емес, саяси жақтан сенімсізбін, үнемі төмен бағаланамын, қор болып жүрмін. Егер соғысқа барсаң ерлік көрсетіп, бетке жағылған күйені қанмен жуып, оларға бай баласының батырлығын көрсетесің, өлімнен қорықпайсың, өліп кетсең ол да жақсы: әке-шешеңе соғыста құрбан болғаның туралы куәлік табысталады, олар да жұрт алдында бастарын көтеріп, ендігәрі бүгежектеп жүрмейтін болады. Тіпті өзімнің қалай құрбан боғанымды көз алдыма елестеттім. Дон Сунруи сияқты жаудың бекінісін талқандап, Хуан Цзигуан сияқты кеудемді пулеметтің аузына тосып ... өзіме өзім тебіренгенде көзім жасаурап бара жатты ... 

Түскі сағат екіге қарай барлық сарбаз асханаға жиналдық. Үстел үстінде командирдің батареясы жаңартылған «Қызыл шырақ» маркалы радиосы тұрды. Оның жаңа батареясын мен ауылдағы қамдау кооперативінен сатып әкелгем. Батерея мен оның сатып алу чегін командирге беріп жатқанымда ол маған: «Мао көсем өліпті», - деп сыбырлады. 

Командирдің сөзі маған таяқтан да ауыр тиді. Бұл қалай болғаны?! Мао көсем қалай өледі? Жұрттың бәрі өлгенде Мао көсем өлмеуші ме еді! 

Түскі сағат екі болмай жатып радиодан қаралы музыка беріле бастады. Тап осы жылы қаралы музыканы қайта-қайта тыңдап кеттік. Ең алдымен Чжу Дэ өлді, одан соң Чжоу Эньлай өлді. Бірақ олар өлгенде Орталық халық радиосы алдын-ала бағдарлама таратпаған болатын. 

Мынаған қарағанда Мао көсем шынымен өлгенге ұқсайды. Барлық сарбаздың жүздерінен өзгеше салмақтылық байқалады. Тіпті олардың барлығы Мао көсемнің өлгенін біліп алған сияқты. Әлгі кеңесшіміз қолына әйнек стакан ұстап, мүсіндей қыбырсыз тұрып қалыпты. Командиріміз болса темекісін бірінен соң бірін жалғастырып бұрқыратып отыр. Қаралы музыка тоқтады. Орталық халық радиосының жүргізушісі, ер адам ауыр күйзелісте сөйлей бастады: ...

Осы араға көп нүкте қоюымның себебі бар: сол тұста радиода оқылған сөздердің толық мәтінін ұмытып қалыппын. Сол жылдардағы газеттерді қайта қарап шығуға мұрсат болмады, бір екі ауыз сөзді ойдан құрап жазып жіберуге арым жібермеді. Сондықтан осы араға көп нүкте қойып кеттім. 

Радиода: «Мао көсем науқасына шипа табылмай бақытқа қарсы қайтыс болды», - деп айтылған кезде кеңесшінің қолындағы әйнек стакан жерге құлап күл-паршасы шықты. Артынша кеңесші жалма-жан әйнек сынықтарын сыпырып тазалап тастады. 

Алғашында оған мән бермеппін, кейін ойласам оның зор мәнісі болған екен. Ол кеңесші соншама сараң бола тұра неге әйнек стаканын түсіріп алады? Демек ол Мао көсемнің өлгенін алдын ала біліп алған, сол себепті осы ойынды жобалаған. Оның ойыны өте жағымсыз, тым қопал шықты. Десе де, командиріміз оның Мао көсемге деген шынайы сүйспеншілігі үшін оған ауызша мадақ жариялады. 

Мао көсем өлді. Бізге жоғарыдан бірінші деңгейдегі соғыс дайындығына өту туралы бұйрық түсті. Бізде бұрындары мылтық болғанымен, оқ болмайтын. Бірінші деңгейдегі соғыс дайындығына өткен сәттен бастап бізге оқ таратылды. Жартылай автоматты мылтық ұстайтын әрқайсымызға 100 талдан оқ бұйырды. Ал анау пулемет ұстайтындардың әрқайсысына 150 талдан оқ таратылды. Әп-сәттің ішінде осылайша оқ қапшықтарымыз оққа толды. Көңіл күпті, шүріппені түртіп қалсаң мылтығың дүркірегелі тұр. Бастықтарымыз да тапаншаларын қолдарына ұстап, қарауыл орындарын қайта-қайта тексеріп, тап қазір соғыс басталып кететіндей әбігерде. 

Біздің мекемеде адам аз, казарманың үйлері осындағы ауылдың үйлерімен жалғаса салынған. Сондықтан да ауыл адамдары мекеменің ауласына күнде келіп-кетіп тұрады. Біреулері құрал-жабдық сұрап келсе, біреулері су сұрап келеді. Солардың арасында әнебір екі қыз бар, олар біздің бастықтармен махаббатасуға келеді. Олардың мекемеге кіріп шығуына ешқандай кедергі болмайды, өз үйлерінде жүргендей еркін тайраңдап жүретін. 

Соғыс дайындығына өткеннен кейін басшылық аулаға ешкімді кіргізбеуге бұйрық берді. Қарапайым бұқара пікір білдірмегенімен, ана қыздардың пікірі ащы болды. Қыздар аулаға кіруге қанша оқталса да еш нәтиже шықпады.

Осылайша екі күн әбігерлендік. Мао көсемге аза білдіру жиыны өткеннен соң жұрттың көңілі орныға бастады. Жоғарыдан бірінші деңгейдегі соғыс дайындығын тоқтату туралы бұйрық түспесе де, біздің басшыларымыз алдында берген оқтарын қайтарып алды. Айтуларына қарағанда іс туылатын көрінеді. Оқ қайтарылып алынған соң көңілсіз болып қалдық. 

Сол күндерде біздің мекемеміз асып-сасып жүріп бір кішкентай ақ-қара телевизор алған болатын. Сол бір бәле болды. Сигналы нашар болғандықтан әлгі телевизордан сурет тұнық көрінбей, жыпылықтады да қалды. Ал оны естіген ауыл халқы түгел қақпа алдына жиналып алып әлгі телевизорды көрсетіңдер дегенді шығарды. Біз оларды аулаға кіргізбей қойып едік, олар шу шығара бастады. Тіпті: «Халық пен армияның достығы қайда? Халық пен армия балық пен судай етене дегені қайда? Сендер біздің арқалап астық жеткізіп бергенімізді ұмытып кеттіңдер ме?» - деген сияқты өкпелерін айтып жатты. Осы ауыл жапонға қарсы соғыс кезінде төңкеріс базасы болған екен. 30-шы жылдардың өзінде осы ауылдан қырық коммунист шығыпты. Ауданда, провинцияда осы ауылдан шыққан бастықтар бар көрінеді. Тіпті қайсы ірі орталықта министр екен. Бұлармен ойнауға болмайтынын білген басшылық әлгі телевизорды ауланың қақ ортасына апарып қойдырып, бұқараның ішке кіруіне рұқсат етті, бұқара сеңдей жөңкіліп аулаға кірді. 

Мао көсем өлді! Осы бір сөз бізді шатырлаған жайдың оғындай шошытып, көзімізді шарасынан шығарды. Мен сияқты күсаяқ диқандар да мемлекеттің тағдырына алаңдап, Қытайдың ендігі тағдыры қараң қалатындай күй кештік. Алайда жағдай біздің ойлағанымыздан керісінше өрбіді. Мао көсем өлсе де аспан құлап түспеді. Онымен бірге о дүниеге де ешкім кеткен жоқ. Жағдай бұрынғыға қарағанда жақсарғандай сыңай танытты. Ал қазір қарапайым халыққа дейін Мао көсемнің қателік жібергенін түсінді. Көп адамдар, соның ішінде мен де бармын, Мао көсемнің тірісінде ҚҰДАЙ сипатында еніп алғаны күлкілі болғанын сезіндік. Әсіресе мен Мао көсемнің аты аталса болғаны, құрмет білдіруге ыңғайлана қаламын. Дәл Мао көсемнен кейін Қытайда енді өзінің тірі жүруі немесе өлуімен мың-мың, милион-милон адамдардың тағдырына әсер ететіндей ешкім болмас.

(Соңы)

Түпнұсқа  мәтіннен аударған: Қалбан Ынтыханұлы

 

Ескерту: бұл шығармада арнаулы түсіндіруге тисті терминдер мен кісі есімдері және қызықты мазмұндар бар. Соған байланысты кейінірек арнайы түсіндірме мақала беретін боламыз. 

 

 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар