Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
НОБЕЛЬ
Мо Ян. Қызыл гаулияң...

24.07.2020 7090

Мо Ян. Қызыл гаулияң 12+

Мо Ян. Қызыл гаулияң - adebiportal.kz

Аудармашыдан:

«Қызыл гаулияң» – Мо Янның тырнақ алды романы, 1986 жылы жарық көрген. Бес бөлімнен тұратын, алты жүз беттен асатын көлемді шығарма жариялана салысымен жазушының атын күллі қытай жұртына белгілі етті. Көп өтпей атақты режиссер Жаң Имоу тарапынан киноға айналдырылып, дабысы тіпті де жер жарды. Шетелдік кино додаларынан жүлделі оралды. Ұмытпасам, 1988 жылы Берлиннің атақты «Алтын аюын» иеленді.

Романды аудару туралы ұсыныс бізге осыдан екі жыл бұрын түсті. Қытайдағы бір қазақша кітаптар шығаратын белгілі баспа тарапынан. Өкінішке орай, шығарманы толықтай емес, алдыңғы екі бөлімін ғана тәржімалауға. Келісім бойынша, кесікті уақытында жедел аударып бердім. Басылып шықты. Бірақ, қашанғыдай асығыстықтан, тәжірибесіздіктен кеткен кемшіліктер артынан байқалды. Соны осы үйде қамалып жатқан карантин кезінде шама келгенше түзеп, жұрт алдына ұсынуға ниет етіп отырған жай бар. Құнды пікірлер болса, алда қараған кезде ескеруге дайынбыз.

Бір ескерте кететін жай, біз романдағы адам аттары мен жер аттарын, басқа да атауларды Қазақстанда қалыптасқан дағды бойынша орыс тілінің емеле ережесі негізінде емес, қытай тілінің дыбыстарын қазақ тіл дыбыстарымен бастыру арқылы барынша дәл беруге тырыстық. Мысылы, «Hong gaoliang» деген романның атын «Қызыл гаолян» емес «Қызыл гаулияң» деп. Орыс тілінде «ң» дыбысы жоқ болғандықтан, қытай тіліндегі «ng» дыбысталмай қылған. Ал қазақ тілінде «ң» бар, орнына қойдық. Бұл әзірше тосындау болғанмен, болашақта латын әліпбиіне көшіп, орыс тілінің ықпалынан ажыраған соң әдеттегі нәрсеге айналады.

Әбден қалыптасып кеткендіктен жазушының есіміне тиіспедік. Әйтпесе ол да орыс тілінің ережесі бойынша жазылып тұр. Ағылшыншасы, Mo Yan. Бірақ, мұны толыққанды ағылшынша деуге келмейді. Жұртқа белгілі, қытайлар өз иероглифтерін латын әріпінен жасап алған, өздері ғана оқи алатын, «піңиін» деп аталатын таңбалармен таңбалайды. Сол бойынша, жазушының аты Mo Yan болып жазылады. Ағылшындар да өз тіліміздің ережесіне келмейді демей, қытай не жазса, соны алып жүр. Тек Мо Янның атын ғана емес, қытайға қатысты барлық нәрселерді. Адам аттарын, жер аттарын. Мұны айтып отырғаным, кешікпей біздің де солай істегеніміз жөн-ау. Өйткені, латыншаға көшеміз ғой.

Сөз соңында бір құлақ қағыс, кітаптың баспа құқы қалай болғанда да бізге өтті. Енді автордан қайта рұқсат алудың қажеті жоқ. Егер әлдекімдер (жеке не заңды тұлғалар) демеуші боламыз деп жатса, біз романды толық аударуға дайынбыз.

Қызыл гаулияң

Қытайшадан аударған

Серік НҰҒЫМАН

І

Мың тоғыз жүз отыз тоғызыншы жыл. Ескіше тамыз айының тоғызыншы жаңасы. Бандының баласы – менің әкемнің жасы он төртке толады. Дәл сол күні ол арада жылдар өткен соң атағы жер жарып, даңқы өрлейтін әйгілі сардар Үй Жанаудың қосынына қосылып, Жияу-пиің тас жолында жаудың мәшине батальонына торуылдап соққы беру соғысына қатысады. Жолға шығарда мешпетін желбегей жамылған әжем оларды ауылдың шетіне дейін ұзатып салады. «Осы арада қалыңыз», – дейді Үй сардар әжеме. «Дугуан, өкіл әкеңнің айтқанына құлақ ас», – дейді әжем менің әкеме қарап. Үн қатпаған әкем әжемнің келісті тұлғасына мұқият көз тастайды. Мешпетінің астарынан аңқыған жұпар иісі мұрнына жеткенде, өне-бойы дір ете қалады. Денесіне діріл жүгірген әкемнің сол сәт ішек-қарны шұрылдап қоя береді. «Ал кеттік, өкіл балам», – дейді Үй сардар әкемнің басынан сипап қойып.

Айнала күңгірт тартып, одан сайын бұлыңғырлана түседі. Жер қайысқан қолдың дүбірі алысқа кетеді. Маңайын соқыр тұман тұтқан әкем ештеңе көре алмайды. Сартылдаған аяқ дыбыстарын естігені болмаса, сарбаздардың қарасы көзіне шалынбайды. Үй сардардың етегіне тас болып жабысқан күйі аяғын ширақ басып жүріп отырады. Артта қалған әжем теңіз жағасында тұрғандай жалғыз қалқиып бірте-бірте алыстай береді. Ал көлкіген ақ-сұр тұман одан сайын қалыңдап, толқын атады. Үй сардардың бүйіріне жабасып келе жатқан әкем шалқар айдындағы жалқы кеменің жібіне жармасқандай қоңылтақ күй кешеді.

Осылайша әкем өз ауылындағы алқызыл гаулияң алқабынан сорая бой созған, бетіне әлі жазу түсіп үлгермеген, өзіне арнап тұрғызылған көк түсті құлпытасқа қарай жақындап келе жатады. Оның әлдеқашан шөп басқан зиратының басына содан сәл ілгері ақ ешкі жетектеген бір бала келіп, ешкісі бейіт үстіндегі шүйгін шөпке бас қойғанда өзі мелшиіп тұрған тасбелгінің үстіне шығып, күшене бір шаптырып алып, артынан өр дауыспен озандата былай деп ән салған екен:

– Гаулияң қызарды!.. Жапондықтар келді... дайындалыңдар бауырлар!.. Мылтық оқтап, зеңбірек атыңдар!..

Біреулер маған «ешкі баққан әлгі қараборбай сен болатынсың» дейді. Мен анығын білмеймін. Кезінде мен Гауми ауданының Дұңби ауылын ерекше ұнаттым, ілкіде мен Гаумидің Дұңби ауылын ерекше жек көрдім, ержеткен соң марксизмді құлшына үйреніп, соңғы есепте, Гаумидің Дұңби ауылының әлемдегі ең көркем әрі ең сұрықсыз, ең жаңашыл әрі ең керітартпа, ең кіршіксіз және ең лас, даңқты әрі ең сұмырай, түбін түсіріп іше де білетін, естен танып сүйе де білетін жер екенін танып жеттім. Осы топырақта тірлік кешкен менің ауылдастарым өздерінің жеңсік асы гаулияңды жыл сайын аямай егеді. Тамыз айының ортасына қарай шетсіз де шексіз гаулияң алқабы нарт қызыл түске енеді – толқыған қан теңізіне айналады. Гаумиді көркейткен осы – қызыл гаулияң, ондағы адамдарға қасірет әкелген де – осы гаулияң, жүректеріндегі сүйіспеншілікті тасытқан да – осы гаулияң.

Күз самалы сызды ғой, ал күні – шуақты. Бозғыл аспаннан түйдек-түйдек ақша бұлттар қалықтап өткенде, астыдағы гаулияң алқабына түскен күлгін көлеңкесі баяу сырғып маңып бара жатады. Гаулияң сабағының арасында ары-бері сабылған қызғылт өңді адамдар топ-топ болып ау жайып жүреді. Олардың ондаған жылдық өмірі дәл осылай, бір күнгідей болып өткен. Олар – адам өлтіріп, керуен тонаған кісілер, отанына деген адалдығын да әйгілген. Олар тағы қасіретке толы ұзақ-ұзақ қаһармандық дастандарын жазып, біз секілді қара басы ғана қалқайып жүрген азғындаған ұрпақтың жетесіздігін көзіне шұқып көрсеткендер. Мен арындаған уақыт тынысынан заманның қарыштап дамығанын да, соған қоса, тұқымның жеміріліп, бордай тозып бара жатқанын да аңдаймын.

Ауылдан ұзаған қарулы жасақ әлдебір тар жолға түсіп, үртіс тартып отырады. Кісі аяғының тықырымен жарысып, жол жиегіндегі балақ қаққан шөптің бырт-бырт еткен дыбысы да естіліп келе жатады. Тіпті де қалыңдай түскен сұр бұлт құбыла жөңкіледі. Жиыла-жиыла меруерт моншаққа айланған су тамшылары бір шөкім селдір шашы төбесіне жабысқан әкемнің бетіне мөлдірей шашырайды. Қос тараптағы гаулияң арасынан жалбыздың жағымды иісімен қоса, гаулияңның кеберсіген кермек лебі де ұрады. Әлдеқашан аңдағанымен, бұл әкеме жаңалық та, таңсық та болып сезілмейді. Осы реткі тұманды жорықта әкемнің танауына басқа бір ғажып иіс – қызыл мен сарының арасындағы күлімсі иіс келеді. Жалбыз бен гаулияң лебіне дендей сіңіп, сүзіле жеткен осы иіс... әкемнің көңіл түкпірінде көптен бері бұғып жатқан бір көне естелікті оятады...

...Жеті күннен кейін – тамыздың он төртінші жаңасы – қарбыз мерекесі еді. Толған ай аспанға баяу көтеріліп, төмендегі мүлгіп қалған қалың гаулияң шашағы сүт сәулеге шомылып, құдды бір сынапқа малып алғандай жарқырап, сыңсып тұрады. Ай нұрының астында жүрген әкем қазіргімен салыстарғанда әлдеқайда жиіркенішті күлімсі иісті иіскейді. Ол кезде де оны Үй сардар жетектеп, гаулияң алқабының арасында келе жатқан-ды. Үш жүзден астам ауылдасының айқаса сұлап, қолтықтаса құлаған денелері, олардан аққан қызыл қан гаулияң алқабының қара топырағына сіңіп, батпаққа айналдырған аянышты көрініс қадамдарын іркіп, жүрістерін тежейді. Қоңырсыған иіс қолқаларын атып, тыныстарын тарылтады. Адам етіне әбден дәніккен бір топ ит гаулияң арасына шоқиып отырып алып, әкем мен Үй сардарды кірпік қақпай бағады. Наганын суырып алған Үй сардар екі оқпен екеуінің көзін жояды. Артынан тағы қос оқ шығарып, жұп иттің жоқтауын асырады. Тұра қашқан үйірлі ит алыстап барып, озандата ұлып алып, өлі денелерге қайта көз тігеді. Күлімсі иіс барған сайын күшейе түседі... Үй сардар бар дауысымен: «Жапондық иттер! Иттен туған жапондар!» – деп айғай салып, иттерге қарата бар оғын түгел жаудырып, қорқауларды қашыққа қуып тастайды. «Балам, кеттік!» – дейді сосын әкеме бұрылып. Екеуі ай жарығында гаулияң алқабының терең түкпіріне қарай ендеп кете береді. Айналаны торлап, құрсап алған әлгі бір сүйкімсіз иіс әкемнің жандүниесіне еніп, рухына сіңіп кетеді. Кейінгі, шайқас тіпті де кескілесе түскен ауыр күндерде ажырамас серік болып, жанынан қалмай еріп жүреді.

Қою тұман арасында гаулияң жапырақтары тоқтаусыз сүйкеліп, ызыңдап бағады. Қалың тұман астында тағы... осы ойпаттағы кең жазықты кесіп өтетін Мошүй өзенінің бірде күшейіп, бірде әлсіреген, бірде алыстап, бірде жақындаған сарыны да талыға жетіп тұрады. Қосынның ортасында келе жатқан әкемнің алды да, арты да гүрс-гүрс басқан аяқ дыбыстары мен алқына алған ауыр демдер еді. Әлдекімнің мылтық дүмі кейде жанындағынікімен қақтығысып, шақ-шұқ ете қалады. Кім екені белгісіз және бір кісілер қураған адам қаңқасы секілді бірдеңелерді шытыр-шытыр таптап өтеді.

Әкемнің алдында бір кісі дамылсыз жөтеліп келе жатады. Құлаққа таныс үйреншікті үн. Назар аударғаны сол әкемнің есіне ол кісінің қос желпуіші – ашу қысса, қаны тасып, қызырып шыға келетін дәу екі құлағы түседі. Тамырлары қанталап, жұқалығынан күн көрінетін бұл құлақ Уаң Уынидің басындағы ел назары жиі ауатын оқшау мүше еді. Тапалдау келген оның қазандай басы екі иығының арасынан қылтиып тұратын. Бар зейінімен қараған әкем қалың тұман арасынан оның жөтелген сайын қалтақтап, қозғалып келе жатқан басын көреді. Сол сәт жаттығу алаңында оңбай таяқ жегенде осы бастың осылай қалтақтап қалғанын қынжыла жадына алады. Ол кез оның Үй сардар жасағына жаңа қосылған кезі еді. Жаттығу алаңында сардардың орынбасары Рын деген кісі, арасында Уаң Уыни да бар, барлық сарбазға: «Оңға бұрыл!» – деп бұйрық беретін. Мұны қызық көрген Уаң Уыни қалай бұрыларын білмей, орнында қадам басып тұрып қалатын. Орынбасар Рын оның бөксесінен қамшымен тартып жіберетін. «Ойбай, апа!» – деп баж еткен Уаңның жүзіне күлгені, не жылағаны белгісіз бір кейіп тепсініп шыға келетін. Тапал тамның сыртынан қарап тұрған балалар ду күлетін.

Аяғын көтерген Үй сардар Уаң Уыниді құйрықтан бір тебеді.

– Неге тоқтаусыз жөтелесің?

– Үй сардар... – дейді әкетіп бара жатқан жөтелін зорға тежеген Уаң Уыни. – Тамағым жыбырлап тоқтамай жатыр...

– Жыбырласа да, жөтелме! Нысананы сездіріп қойсаң, басыңды алам!

– Құп, сардар! – деп сөз берген Уаң Уынидің көмейіне тағы келіп жөтел кептеледі.

Желкеден қармаған Үй сардар шеңгелінің босағанын аңдаған әкем, Уаң Уынидің мойнында піскен үзімдей күлгін түсті саусақ табы қалғанын байқайды. Уаң Уынидің шошына бақырайған бозғылт көздерінен әсерлену де, жәбірлену де қатар ұшқындайды.

Көп өтпей қосын гаулияң алқабына бойлай енеді. Әкем өткір түйсігімен қалың қолдың шығыс оңтүстікке қарай беттеп келе жатқанын шамалайды. Әлгінде жүрген ескі сүрдек ауылдан шығып, Мошүй өзенінің жағасына апаратын жалғыз сорап екенін біледі. Күн барда ол сұп-сұр болып шұбалып жататын. Ерте кезде майы шыққан қара топырақтан жасалған жол уақыт өте келе тапталып, қара топырағы астына түсіпті де, үстінде қой мен сиырдың аша тұяғынан гүл тәрізді із қалатын борпылдақ сүрлеуге айналыпты. Одан қашыр, жылқы, есек секілді дөңгелек тұяқтылардың да үлкен-кіші доға іздері мен солған алма тәрізді кепкен тезектерін де ұшыратуға болатын. Кейде құрт кемірген жұқа наннан аумайтын сиыр жапалары да кездесіп қалатын, ал қойдың ұсақ құмалағы төгіліп қалған қара бұршақ құсап әр жерде шашылып жататын. Әкем бұл жолмен көп жүріпті. Кейін жапондықтардың көмір кенінде ауыр жұмысқа жегілгенде көз алдынан осы жол талай рет көлбеңдеп өтіпті. Осы жолдың үстінде болған неше түрлі күлкілі, қайғылы қойылымдарда бас кейіпкерге айналған әжемнің көркем бейнесі қайта-қайта сомдалғанын әкем білмейтін. Бұл жағы маған мәлім еді. О бір кезде гаулияң көлеңкесі көлегейлеген қара топырақ үстінде әжемнің асыл тастай ақ тәні айдай жарқырап сұлап жатқанынан да әкем хабарсыз-тұғын, ал маған белгілі еді.

Гаулияң алқабына ендеп енген соң, тұман тіпті де қоюланып, тоқтау судай іркілдеп, шөге түседі. Сарбаздардың иығы мен арқалаған заттары гаулияң масағына жиі соғылып, сатырлаған дыбысқа ілесе жапырақтардан үлкен-үлкен су тамшылары тынбай үзіліп, төгіліп келе жатады. Мөлдір моншақтар сондай суық әрі тіл үйіргендей дәмді екен, аспанға қараған әкемнің аузына баданадай біреуі келіп түседі. Аунақшыған ақ мамық арасынан әкем теңселген гаулияң басын анық көреді. Шық суына тойынып, әбден жұмсарған гаулияң жапырағы әкемнің жейдесі мен жүзін аялай сипайды. Ну гаулияңның тербелісінен пайда болған болмашы леп әкемнің төбесінен жұмсақ қана өбіп өтеді. Мошүй өзенінің сарыны барған сайын қатая түседі.

Әкем Мошүй өзенінің суына көп шомылыпты. Малтауға деген құштарлық оның туа бітті қасиеті болған сияқты. Әжемнің айтуынша, суды көргенде туған шешесін көргеннен бетер асығады екен. Бес жасында қоңырқай түсті құйрығын көрсетіп, қос аяғын көкке көтеріп, үйрек болып сүңгиді екен тереңге. Мошүй өзенінің түбі май секілді жұп-жұмсақ, жылт-жылт жарық шашатын қара тұнба екенін әкем сонда біліпті. Өзеннің саз-батпақты жағасын қақалған қалың қамыс пен көкпенбек жолжелкен, жерге жабыса көктейтін жабайы тырна және тікесінен тік өсетін аю бадам көмкерсе керек. Қайраң тұнбаларынан су шаянының іздері жиі кездеседі екен. Күз желі ызғып, ауа райы салқын тарта бастағанда топ-топ қоңырала қаз бірде тізбек болып, бірде жебенің ұшына ұқсап оңтүстікке қарай ауады екен. Гаулияң қызарып, батыстан желемік тұрғанда тағат таппаған ат тұяғындай су шаяндары топ-топ болып жағадағы батпаққа өріп шығып, көк майса арасынан түнімен жем іздейді екен. Су шаяндары сиырдың жас тезегі мен жануарлардың өлексесіне сондай өш болса керек.

Өзен гүрілін естіген әкем өткен күздің бір кешін, біздің үйдің қарт қызметкері Лиу Лохан атаға ілесіп өзен жағасына, су шаянын аулауға барғандағы көріністерді еске алады: қоңыр бояулы кеш, өзен арнасын қуалай соққан алтын күрек, шетсіз де шексіз көгілдір аспан, онда жамыраған жасыл жұлдыздар... бәрі-бәрін жадына түсіреді. «Жеті қарақшы» шоқ жұлдызы – өлімді бақылайды, «Оңтүстік шөміші» – тіршілікті күзетеді, «Сегіз бұрышты әйнек құдық» – оның бір кірпіші кем, қатты мазасызданған «Сиыршы жігіт» асылып өлем дейді, қайғырған «Тоқымашы қыз» өзенге секірмек... соның бәрі самсап төбеде тұрады. Біздің үйде неше он жыл жұмыс істеген Лиу Лохан ата біздің арақ өндірісіміздің барлық шаруасына жауапты болатын. Әкем ол кісіні туған атасындай көріп, қашан көрсең алды-артын орап, соңынан қалмай еріп жүретін.

Әкемнің тұман лайлап, қобалжытқан көңілін төрт бөлек әйнектен құралған үстел шамның жарығы жарқыратып жібереді. Керосиннің түтіні үстел шамның үстіне жауып қойған жұқа қаңылтырдан – соған ойылған тесіктен шұбалып шығыр тұрады. Шам жарығы бес-алты метр жердегі нәрселерді көзге әрең шалындырғандай өте әлсіз. Өзен суы жөңіле ағып, шам жарығы түскен тұстан өткенде піскен өріктей сарғайып әдемі көрінеді. Бірақ, лезде жылжып, ғайыпқа сіңеді. Қараңғылық қымтаған өзен суына көкте жамыраған жұлдыздар келіп қонақтайды. Сулықтарын жамылған әкем мен Лохан ата шам жанында отырып, өзен ағысының құмыға шыққан үніне – тұншыққан сарынына құлақ түреді. Өзен арнасының қос жағалауындағы ұшы-қиырсыз гаулияң алқабынан оқтын-оқтын күйіт қысқан түлкінің ыңырси ұлыған үні естіледі. Бір кезде су шаяндары жарыққа ұмтылып, шам маңына жинала бастайды. Әкем мен Лохан ата тып-тыныш отырып, айналадағы сиқырлы сыбырға ден қояды. Өзеннің құй табанынан көтерілген күлімсі иіс әлсін-әлі үзіле жетеді. Қаптап келген топ-топ су шаяны айнала қоршап, қатары тұрақсыз дөп-дөңгелек шеңбер жасайды. Дегбірсізденіп, орнынан ұшып тұрмақ болған әкемді Лохан ата ұстап қалады. «Асықпа! – дейді сосын. – Ұшқалақ адам ыстық ботқа іше алмайды». Өзін зорға тежеген әкем, қайта басыла береді. Жарыққа жетіп бөгелген су шаяндары топырлай үймелеп, жер бетін жауып қалады. Көк түсті қабықтары жарқырап, оқтаудай жұмыр көздерін бадырайтып ұясынан шығарады. Қисық тұмсықтарының астына жасырған ауыздарынан тізбек-тізбек көбіктер құсады. Түрлі түсті көбік үрлеп, адамға айбар шеккенде, әкемнің шөп сулығындағы ұзын түктер тікірейіп кетеді. «Ал ұста!» – дейді Лохан ата. Орнынан серпіле көтерілген әкем Лохан атамен қатар қимылдап, күні бұртын жайып қойған ұсақ көзді жайқын торды екі жағынан ұстап, шаяндармен қоса көтеріп алады. Астындағы қайранның беті ашылады. Әкем мен Лохан ата торды екі жағынан түйіп, андай жерге апарып қояды да, дәл сондай жылдамдық, ысқаяқ шеберлікпен басқа торларды да жия бастайды. Әрбір ау зіл батпан, қанша шаян аулағандарын өздері де шамалай алмай қалады.

Қалың қолға еріп, гаулияң алқабына енген әкем көңілі әлі қиялындағы бір қырымен қиғаштап, қисық жүретін су шаяндарында болғандықтан, аяғын ойпыл-тойпыл басып, гаулияң сабағын омыраулай ілгерілеп, шайқалақтап келе жатады. Оның қолы әлі сол Үй сардардың етегіне жабысқан қалпы еді. Өз күшімен алға басып келеді дегенмен, сардардың демеуі де үлкен медет еді. Ұйқы иектегенін сезген замат мойны сіресіп, қарашықтары қимылдаудан қалады. «Мошүй өзеніне Лохан атамен бірге барсақ, ешқашан құры қол қайтпаймыз» деп ойлайды ол. Сол тұста су шаянын жеуден әкем де, әжем де әбден мезі болыпты. Жесе – дәмсіз, тастауға – обал. Соңында Лохан ата оларды пышақпен ұсақтап турап, бұршақ тартатын қол диірменнен өткізіп, тұз салып, құмыраға басып, шаян сірнесін жасайды. Сосын ай аттатып, жыл бойы жейді. Жеп тауса алмағаны сасиды, оны көкнардың түбіне құяды.

Естуімше, әжемнің апиын шегетін әдеті болыпты. Бірақ, құмар болмаған. Сол себепті жүзі қашанда шабдал гүліндей жайнап, жігері тасып тұрады екен. Су шаяны езбесімен нәрленген көкнарлар да діңі жуан, түбі мықты болып өсіпті. Қызыл, күлгін, ақ түсті көкнарлармен будандастырылған соң, қауашағы жұпар шашып, исі тіпті де мұрын жарыпты.

Туған жердің қара топырағы о бастан-ақ ерекше құнарлы ғой. Сондықтан, өнім мол алынатын. Адамдары да өте бекзат еді. Халық ниетінің тазалығы аулымыздың көңіл ауанының көрсеткіші болатын. Мошүй өзенінде басынан құйрығына дейін жалғыз ғана қылтанағы бар жыланбалық өсетін, семіргенде пәлекет оқтаудай болып кететін. Шеттерінен милау болғандықтан, қармақ көрсе, қаба беретін.

Әкем жол-жөнекей «Лохан ата өткен жылы өлді, Жиау-пиің тас жолында қаза тапты» – дегенді ойлайды. Оның денесін жапондар кескілеп, борша-боршасын шығарып, бір мүшесін анда, енді бір мүшесін мұнда лақтырып, шашып тастайды. Терісі сыпырылған соң қызыл шақа денесі құдды терісі сылынған бақа құсап шоршып, секектеп жүреді.

Лохан атаның бөлшектенген мәйітін ойлаған әкемнің тұла бойы мұздап сала береді. Іле содан жеті-сегіз жыл бұрын өткен тағы бір кешті есіне алады... удай мас әжем арақ қайнататын ауладағы гаулияң үймегіне сүйеніп, бір қолын Лохан атаның иығына артып тұрып: «Көке, кетпеңіз... монахқа қарамасаңыз да, бұтқа қараңыз... балыққа қарамасаңыз да, суға көз салыңыз... маған қарамасаңыз да, Дугуанның жүзіне назар аударыңыз... қалыңыз... мен сізге керекпін, мен де сізге берем... сіз мен үшін туған әкемдейсіз... », – деп тілін шайнаған еді. Лохан атаның әжемді итеріп тастап, теңселе басып лапасқа барып, қашырларға шөп салғаны да әкемнің жадында қалады. Заманында біздің үй екі дәу қара қашыр бағыпты. Арақ қайнататын қазандықты қосқанда, бүкіл ауылдағы ең ауқатты отбасы – біз болыппыз. Лохан ата біздің үйде тұрып, көп жылдар бойы өндіріс жұмыстарына басшылық жасапты. Қашан жапондықтар келіп, екі қашырымызды Жиау-пиің тас жолына апарып, еңбекке салғанға дейін ешқайда табан аудармаған.

Дәл осы кезде әкем артта қалған ауылдары жақтан ұзақ аңыраған есектің дауысын естиді. Селк етіп есін жиып, көзін ашқанда жаңа селдіреп, сұйыла бастаған тұманды көреді. Сорайған гаулияң сабақтары қат-қабат қорған секілденіп, шұбатылған тұман артында жасырынып тұрады. Бұлыңғырлана сап түзеп, бірінен өтсең, екіншісі қарсы шығып, таусылып бітпейді. Мұнда келіп кіргендеріне қанша уақыт өткенін шамалай алмаған әкемнің ой-қиялы сонау алыста сарқырап ағып жатқан арналы өзеннің айдынын шарлап, қалықтап жүреді. Сәлден соң әлдеқашан өтіп кеткен таныс оқиғалардың қайта тірілген жаңғырығына қонақтап, бір сәт дамылдайды... осы бір көрген түстей көркем, теңіздей телегей гаулияң алқабына неге бола асыға басып кіріп келе жатқандарын да ойлайды, бірақ, анық жауабын таппайды.

Әкем оң-солынан жазып қалады. Алдыңғы жылы гаулияң алқабында адасқан бір қызық кешірмесі бар еді. Бірақ, онда өзеннің гүрілі бағыт сілтеп, жол тауып шығып кеткен болатын. Бұл жолы су сарынына құлақ түрген ол қосынның шығыс тараптан түстікке қарай қиғаштай қиып, өзенді бетке алып келе жатқанын шамалайды. Бағдар айқындалған соң өздерінің жапондармен соғысуға, оларды торуылдап соғу үшін келе жатқандарын, онда кісі шығыны болатынын, құдды иттердің өлгеніндей адамдардың да өлетінін пайымдайды. Сарбаздардың оңтүстік шығысқа маңдай түзегенін, көп өтпей түстік пен терістікті тұтастырып, ұланбайтақ ойпаттағы кең жазықты екіге бөліп, Жиау ауданы мен Пиіңду ауданын жалғастырып жатқан Жиау-Пиің тас жолына жететіндерін біледі. Ол жапондар мен олардың итаршыларының қан тамшылаған қамшының өрімі, жарқылдаған найзаның ұшымен қара халықты қан қақсатып жүріп салдырған тас жолы болатын.

Сарбаздар әбден шаршап, қалжырағандықтан, гаулияң сабағының жапырыла құлауы жиілей түседі. Жапыраққа жиылған мөлдір шық тоқтаусыз төгіліп, адамдардың үсті-басын малмандай қылады. Уаң Уыни үздіксіз жөтеліп келе жатады. Оны Үй сардардың сүйектен өтетін балағат сөздері де тежей алмайды. Әкем тас жолға таяп қалғандарын сезеді. Көз алдына оның күңгірт сорабы сұлбаланады. Қалай екенін, тұтасқан қалың тұман арасынан үңірейген үлкен үңгірлер пайда болып, бастарын шық басып, ылғал тартқан гаулияңдар сол қуыстардан әкеме қарап күлімсірегендей болады, әкем де оларға шын ықыласпен көз салады. Дәл осы сәтте аяқ астынан ақыл кіріп, олардың да өмір сүріп жатқан жанды тіршілік екенін аңдайды. Қара топыраққа тамыр тартқан жуан діңдер көктегі күн мен айдан қуат алып, жаңбыр мен шықтан нәр сорады. Өрдегісінің сырын ғарыш, төменгісінің жайын жер біледі. Гаулияңның түсіне зер салған әкем осы шақта күн көзін гаулияң қалқалаған көкжиектің селдір қызыл арайға шомып тұрғанын ойша болжайды.

Кенет... күтпеген жағдай жүз береді. Әуелі әкем құлағының түбінен зу етіп өткен ащы ысқырықты естиді. Артынша алдыңғы жақтан қатты жарылған алапат дыбыс естіледі.

– Мылтық атқан кім? Балдыз, оқ шығарған кім? – деп сұрайды Үй сардар дауыстап.

Әкем ысқырған оқтың тұманды түйрей ұшып, гаулияң сабағы мен жапырақтарын тесіп өткенін, бір тал гаулияң масағының жерге үзіліп түскенін байқайды. Келе жатқандар бір сәт демдерін ішіне тартып, тұрып қалады. Жұмыр қорғасынныңың қайда барып қадалғаны белгісіз, жағымды дәрі иісі бір демде тұманға сіңіп жоқ болады.

– Сардар, менің басым жоқ... сардар, менің басым жоқ! – деп айғайлайды Уаң Уыни кенет.

Сасып қалған Үй сардар:

– Ей, шешенің шірік жұмыртқасы! Басың жоқ болса, қалай сөйлеп тұрсың! – дейді Уаң Уыниді құйрыққа бір теуіп.

Әкемді кейін қалдырған Үй сардар қосынның алдына озады. Әлі де ойбайлап жатқан Уаң Уынидің қасына барған әкем оның қаны қашқан қуқыл жүзіне үңіледі. Шықшытынан шымқай көк түсті нәрсенің ағып тұрғанын көреді. Қолын созып, сипағанда, саусақ ұшына жып-жылымшы, желімдей жабысқақ сұйықтық жұғады. Ал мұрнына Мошүй өзенінің тұнбасы сияқты, бірақ, одан гөрі таза күлімсі иіс келеді. Қаймана иіс жалбыздың жұпар лебін, қызыл гаулияңның құрғақ демін еркін ығыстырып, әкемнің толғағы жиілей түскен естелік ойларын одан сайын тербеп, Мошүй өзенінің лай тұнбасын, гаулияң түбіндегі қара топырақты, ешқашан мәңгілікке сіңіп жоғалып кетпейтін өткен күнді және өмір бойы басыңда ұстап тұра алмас осы шақты бейне бір жіпке тізген моншақтай бір-біріне жалғап, тоғыстырып жібереді. Аспан астындағы барша зат кейде жан-жағына адам қанының иісін тарататын болса керек.

– Көке, – дейді әкем. – Сіз жараланыпсыз.

– Дугуан... сен Дугуансың, ә? Қарашы, көкеңнің басы әлі мойнында тұр ма екен?..

– Иә, көке... басыңыз әлі мойныңызда тұр... тек құлағыңыздан болмашы қан ағыпты.

Қолын көтеріп, құлағын сипаған Уаң Уыни, саусағына жұққан қанды көріп:

– Сардар, мен жараландым... мен жараландым! – деп шыңғырып, бойын босатып, тастай салады.

Алдыңғы жақтан жүгіріп келген Үй сардар жүрелеп отыра қалып, Уаң Уынидің кеңірдегін қыса қояды.

– Айғайлама! Енді үніңді шығарсаң, жаныңды аламын! – дейді зілдене сыбырлап.

Уаң Уыни дым болады.

– Жараланған қай жерің? – деп сұрайды Үй сардар.

– Құлағым, – дейді Уаң Уыни жыламсырап.

Белінен сөмке секілді бір орам ақ мата суырып алған Үй сардар, дар еткізіп айырып:

– Әзірше мынаны баса тұр... үніңді шығарма... соңымнан ілесіп жүріп отыр, жолға жеткен соң жөндеп таңамыз, – дейді жартысын Уаң Уыниге беріп.

– Дугуан! – дейді сосын Үй сардар.

Әкем лып етіп оның жанына барады. Қолынан ұстаған сардар адымдап алға жүріп кетеді. Уаң Уыни де ыңырсып соңдарынан ереді.

Әлгінде атылған мылтық – алдыңғы жақта үлкен тырманы көтеріп, жол ашып келе жатқан ұзынтұра мылқаудың арқасындағы оқтаулы қару екен. Сүрініп кетіп, абайсызда от алдырып алыпты. Ұзақ жыл үзеңгі жолдас болған кемтар кісі Үй сардармен бірге гаулияң алқабында талай жыл тізе қоса соғыс салыпты. «Қыспа нанды» бөліп жей жүріп, ерен ерлігінің арқасында халық батыры атанған. Шешесінің құрсағында зақымданған сыңар аяғын сүйреп, шойнаңдай басқанымен, тым ширақ, жылдам қимылдайтын. Содан болар, әкем кезінде одан кәдімгідей именіпті.

Таң алдында түскен тұман Үй сардардың қосыны Жиау-пиің тас жолынан өтер тұста ғана сейіледі. Туған ауылымыздың тамызы – тұман жиі түсетін ай. Бұл, сірә, жер түзілісінің ойпаң, топырағының ылғал болғанынан болу керек. Тас жолға шыға сала әкем бойының жеңілдеп қалғанын сезеді. Жүрісі тездеп, екпіндей түседі. Үй сардардың етегінен қолын алады. Қан аққан құлағын ақ матамен басып алған Уаң Уыни жылаған кісі құсап, түрі бұзылып келе жатады. Орашолақ Үй сардар жарақатын қалай болса солай таңып, жарты басын түгел орып тастағандықтан, ауыру жанына батқан ол тісін тісіне басып, бір езуін көтеріп, ыржитып алады.

– Жаның қандай сірі еді! – дейді Үй сардар оған.

– Қаным ағып бітті, мен енді жүре алмаймын! – дейді Уаң Уыни.

– Көкіме... мына жараң маса шаққандай ғана... әлде үш ұлыңды ұмыттың ба? – дейді Үй сардар.

Басын төмен салған Уаң Уыни:

– Жоқ, ұмытқам жоқ... ұмытқам жоқ… – дейді міңгірлеп.

Ұңғысы ұзын, дүмі қызыл-қоңыр құс мылтығын асынып алған оның қара дәрі салған қаңылтыр қорабы жамбасының сыртында салақтап тұрады.

Тұманның соңғы жұғыны гаулияң алқабына қарай ығысады. Бір қабат шағыл төселген тас жолдан жылқы, есек ізі байқалмайды. Ал адам жүрген белгі атымен жоқ. Қос қапталын сыңсыған қалың гаулияң қамап алған осы бір ортадағы аралық – аңқиған бос ашық жел ызғып, құлазып жатады. Қараған кісінің көңіліне күдік қашқандай еді.

Үй сардардың жасағы керең-мылқау, ақсақ-тоқсақ, кәрі-құртаң, бәрін қосқанда қырық адамға жетпейтінін әкем жақсы біліпті. Дегенмен, олар ауылда жүргенде айналаны азан-қазан қылып, көше-көше әскерге толып кеткендей әсерге бөлейді екен.

Кең даңғылға шыққан соң бар-жоғы отыз неше адам бірден қораланып, жиырылған жыландай ұйлығыса қалады. Жарақтары – қарапайым зеңбірек, ши мылтық, ханиаң мылтығы секілді ұзынды-қысқалы жай қарулар. Ағайынды Фаң Лиу мен Фай Чи кір тасын ататын ауыр қондырғыны арқалапты. Ұзынтұра мылқау жиырма алты тісі бар, жер тегістейтін төрт бұрышты тырманы иығына салып, тағы үш кісі дәл сондай және бір тырмаға жабылыпты. Ол кезде торуылдап соғу дегеннің не екенін білмейтін әкемнің ондай ұрысқа тісі бар төрт тырманың неге қажет болғанынан хабары тіпті де болмапты.

ІІ

Әулетімізге арнап ескерткіш тұрғызу мақсатында менің бір кезде Гаумидің Дұңби ауылына барғаным бар. Түртініп жүріп қыруар материал жинадым. Басты назарым, әрине, сол, әкем ортасында болған, Мошүй өзенінің бойында шапқыншы армияның бір генарал майорын атып өлтірген әйгілі шайқаста болды. Ауылдағы жасы тоқсан екіге келген бір әже маған: «Дұңбидағы қалың қол Мошүй өзенінің жағасында шеп құрды. Шептің алдында тұрған Үй сардар қолын көтерсе, зеңбіректер арт-артынан зіркілдей жөнелетін. Үрейі ұшқан жапон албастылары тұра қашып, көз ұшындағы дөңнен ары асып кететін. Әйелден шыққан Дәй Фыңлиән, қызғалдақ еді құлпырған, матастырып тырманы, аттатпай жауды ықтырған...» – деді. Қарт әженің шашы түсіп, төбесі қыш құмырадай жалтырап қалыпты. Қос ұрты әбден солған. Ағаштай қатқан қолдарының тарамысы қарағай тамырларына ұқсап адырайып-адырайып сыртқа теуіпті. Мың тоғыз жүз отыз тоғызыншы жылы тамызда, қарбыз мерекесінде болған алапат қырғыннан аман қалған жалғыз куәгер екен. Ол кезде аяғына жара шығып, жүгіре алмайтын болғандықтан, күйеуі оны картоп ұрасына салып, жасырып кетіпті. Бағына қарай, тірі қалған. Кею ана айтқан жыр үзіндісіндегі Дәй Фыңлиән – менің әжемнің даңқты есімі. Естігенде қатты толқыдым. Бұл өлең жолдары кері шегінген жау мәшинелерінің жолын темір тырмамен бөгеу жоспарын әжемнің ойлап тапқанын бұлтартпай дәлелдейді. Менің әжем – жапонға қарсы соғыс кезінде алда жүретін атойшы болған. Ол – ұлт қаһарманы болуға толық лайық.

Әжемді аузына алғанда қарт әженің сөзі тым ұзарып кетті. Айтқандары бытырап, жел үрлеген жапырақтай берекесі қашты. Әжемнің аяғын сөз етті, «бүкіл ауылдағы ең кішкене аяқ сонікі еді» – деді. Біздің үй өндірген арақты ең күшті арақ деп мақтады. Жиау-пиің тас жолына келгенде ғана әңгімесі жүйеге түсті: «Жол салынып, біздің ауылдың тұсына келгенде... гаулияң белуарға жетті... бұғанасы қатқандардың бәрін жау айдап апарып, жұмысқа салды... күндік істеді... бәрі керібағып, жалтақтық танытты... сендердің үйдің екі үлкен қара қашырын да әкетіп, еңбекке жекті... жау Мошүй өзенінің үстіне тастан қалап көпір салды... Лохан және сендердің үйдің әлгі бір тұрақты жұмыскері... әжеңмен аралары таза болмады... жұрттың бәрі солай дейді... Ойбой, сенің әжеңнің жас кезінде қылтың-сылтыңы көп болды ғой... Әкең еңбекші адам еді, 15 жасында адам өлтірді... шаталардан жүректілер көп шыққан ғой, онның тоғызы қара ниет болып келеді... Лохан барып қашырдың тірсегін қиды... оны ұстап апарып кескілеп өлтірді... жау біздің адамдарды әбден аяқ асты етті... қазанымызға құсып, табағымызға тышты. Сол жылы өзенге су алуға барғанда, шелегіме не ілінді дейсің ғой... өрме шашы төбесіне оралған бас ілінді...».

Лиу Лохан ата біздің отбасылық тарихымыздағы аса маңызды тұлғалардың бірі. Онымен әжемнің арасында қандай байланыс болғанын қазір анықтау қиын. Жүрек сөзімді айтар болсам, мен, әрине, оны шындық деп қабылдамаймын.

Қанша жерден іс жайын жақсы білем дегеніммен, жалтыр бас әженің айтқандары мені ыңғайсыз күйге салды. Лохан ата әкеме туған немересіндей қараған болса, онда ол менің бабам болды деген сөз. Ал осы бабам әжеммен әуейі болса, онда туған жатырына шапты деген – сол! Бұл енді менің оспадар ойым. Себебі, менің әжем Лохан атаның келіні емес қой, керісінше, оның қожайыны. Лохан атаның біздің шаңырақпен экономикалық тұрғыда ғана қатынасы болған, қандастық байланысы жоқ. Ол құдды ақ жүрек ауылдастарымыз сияқты әулетіміз тарихына еркін еніп, өзінің биік тұғырын берік орнатып, сол арқылы отбасылық шежіремізге шын мәнінде елеулі сәуле түсірген адам. Әжем оны ұнатты ма, ұнатпады ма, ол әжемнің маңына жолады ма, жоламады ма... мұның ахлақпен еш қатысы жоқ. Сүйсе – сүйген шығар... онда тұрған не бар? Егер әжем өзі дұрыс деп тапса, оның ойына алғанын орындамай тынбайтыны анық. Мен бұған кәміл сенемін. Жарықтық жапонға қарсы соғыс қаһарманы ғана емес, соған қоса, ар-ұждан бостандығының ту көтерушісі, әйелдер азаттығының жарқын үлгісі де еді.

Мен аудан мұрағатын түгелдей ақтарып шықтым. Онда тағы мынандай деректер де қалыпты: мингоның 27 жылы, жапон армиясы Гауми, Пиіңду, Жиау аудандарының халқынан жалпы саны 400 мың адамды ұстап, Жиау-пиің тас жолын салдырды. Жолдағы қалың егін-жайды ойрандады. Екі жақтағы ауылдардың ат-қашырларын бірін қалдырмай тартып алды. Лиу Лохан деген дихан түн жамылып барып, темір күрекпен біраз ат-қашырдың тірсегін қиып, артынан қолға түсті. Ертесі жапон әскерлері оны мамаағашқа таңып қойып, жұрттың көзінше терісін сыпыртып, боршалап тастады. Жүзінен еш қорқыныш байқалмаған Лиу бойынан жан кеткенше оларды балағаттаумен болды.

ІІІ

Шынымен-ақ солай болыпты. Жиау-пиің тас жолы салынып, біздің ауылдың тұсына жеткенде даладағы гаулияң белуырға жаңа ілінеді. Ұзындығы 35, ені 30 шақырым келетін кең жайылған ойпаң жазықта араларынан аз ғана ашық тастап ірге тепкен он шақты ауыл және қатарласа ағатын қос өзен болады. Елді мекендердің ортасын қосатын он неше жолақ иреңдеген соқпақты есептемегенде, қалған жерді тұтасымен гаулияң иелеп, жасыл толқын атып, жайқалып жатады. Ұлан жазықтың терістік шетіндегі Бәйма тауының ақбоз аттан аумайтын алып жартасы біздің ауылдан ап-анық көрініп тұрады екен. Гаулияңның арам шөбін отап жүрген диқандар басын көтерсе, Бәйма тауын, төмен қараса, қара топырақты атызды көріпті. Маңдай тері сорғалап, жерге тұқым сіңіріп жүрген олар кешікпей ауыр уайымға батады. Жапондықтар келіп, жазыққа жол салады екен деген сыбыс тарағанда біздің ауылдағылардың күн ілгері үрейі ұшып, берекесі қашады. Апат алып келетін ауыр күндерді қобалжи күтеді.

Келеміз деген жапониялықтар ақыры келеді.

Олар қуыршақ армияны ерте келіп, ауылдан адам ұстап, ат-көлік талағанда, әкем ұйықтап жатады. Аздан соң қазандық жақтан шыққан айғай-шудан шошып оянады. Әкемнің қолынан ұстаған әжем кішкене қазық аяқтарын тықылдатып, қазандық орналасқан аулаға барады. Сол сәтте біздің қазандық орналасқан ауламызда жоғары сұрыпты арақ құйылған он неше қыш құмыра тұрған екен. Арақ иісі бүкіл ауылды алып кетеді. Ана-бала екеуін сары киімді, найзалы мылтық ұстаған екі жапон әскері қарсылайды. Қара түсті киім киіп, қару асынған тағы екі қытайлық шетен ағашына байланған екі үлкен қашырды шешіп алуға жаңа кіріскен екен. Шылбырға жармасқан аласа бойлы екі қуыршақ әскерге Лохан ата тап береді. Бірақ, оны қасында тұрған ұзын бойлы қуыршақ әскер мылтығының ұңғысымен кеудесінен түртіп, қайтарып тастайды. Жаздың басы болғандықтан, алды ашылған жалаң жейде ішінен Лохан атаның кеудесіне мылтық ұңғысынан түскен дөп-дөңгелек күлгін түсті іздер көрініп тұрады.

– Бауырлар, әңгіме болса, дұрыстап сөйлесейік... әңгіме болса, дұрыстап сөйлесейік, – дейді Лохан ата қайта-қайта жалбақтап.

– Ей, кәрі малғұн, жайыңа жүр! – деп зекиді ұзын бойлы жасақ.

– Бұл қашырлар қожайындікі, тиісуге болмайды, – дейді Лохан ата.

– Енді үніңді шығарсаң, атып тастаймын, – дейді қуыршақ әскерлердің біреуі.

Мылтық ұстаған жапон әскерлері тас мүсіндей меңірейіп тұра береді.

Аулаға кірген әжем мен әкемді көрген Лохан ата:

– Бұлар біздің қашырларымызды алып кетпек, – дейді.

– Мырза, біз қарапайым адамдармыз, – дейді әжем.

Жапон әскері әжеме сығырая қарап жымиып қояды.

Аласа бойлы қуыршақ әскер қашырдың шылбырын шешіп алып, жетектеп жүрмекші болады. Басын кекжитіп, тартыншақтаған қашыр орнынан тапжылмайды. Ұзын бойлы қуыршақ әскер жетіп келіп, мылтық дүмімен жамбасынан түйіп қалғанда, үріккен қашыр аяғын сермеп, тепкіленеді. Тағалы тұяқтан ұшқан батпақ қуыршақ әскердің бетіне барып жабысады.

Ұзын бойлы қуыршақ әскер мылтығының шақпағын қайырып Лохан атаға кезейді.

– Ей, сілімтік, жетекте ананы!.. Жұмыс алаңына апар! – дейді ақырып.

Тіс жарып, тіл қарпаған Лохан ата тізерлеп отыра кетеді.

Бір жапон әскері мылтығын Лохан атаның көз алдына апарып бұлғақтатып:

– Милиюала, ялалимиң! – дейді. Дәл мұрнының ұшында бұлаңдап тұрған сүркейлі найзаны көргенде Лохан ата бөксесін жерге қойып, шалқая береді. Жау әскері мылтығын алдыға қарай итеріп қалады. Жалаңдаған өткір найза Лохан атаның жарқыраған төбесін тіліп, терісін ырситып кетеді.

– Көке, болды... апарып бере сал! – дейді шошына дірілдеген әжем.

Жау әскерінің біреуі әжеме қарай жақындайды. Әкем оның жап-жас келбетті жігіт екенін, үлкен қара көздері нұр шаша күлгенде кері түрілген еріндерінің арасынан сарғайған күрек тістерінің жарқ ете қалғанын байқайды. Қарадай қалтыраған әжем Лохан атаның арт жағына қарай ығысады. Төбесіндегі сойылған теріден қан аққан Лохан атаның құлақ-шекесі түгел қанға боялады.

Ыржыңдаған екі жапон әскері таяй түседі. Дәл сол аралықта Лохан атаның басындағы қызыл қанға екі алақанын малып алған әжем екі бетіне жаға салып, шашын тарқатып жібереді де, аузын арандай ашып, жын қаққандай қос аяқтай қарғып, секіре жөнеледі. Сөйтіп ілезде албастыдан аумай қалады. Жапондықтар кенет жүрісін тежейді.

– Тақсир, бұл әйел... қатты жынданди... – дейді аласа бойлы қуыршақ әскер жапон аксентіне салып.

Бірдеңе деп күңкілдеген жау әскері әжемнің басынан асыра мылтық атады. Жерге отыра қалған әжем енді еңіреп қоя береді.

Ұзын бойлы қуыршақ әскер Лохан атаны мылтығының ұшымен түртіп тұрғызады. Лохан ата пәкене қуыршақ әскердің қолынан қашырдың шылбырын алады. Басын көтеріп, аяқтарын сермеп, сілкінген қашыр Лохан атаның соңынан еріп, ауладан шығып жүре береді. Таяу жердегі тар көше ат-қашыр мен қой-ешкіге лық толып, у-шу боп жатқан екен, соған барып қосылады.

Әжем жынданғаннан аман екен. Жау жасағы мен қуыршақ әскерлер ауладан шығып кеткен соң, жетіп барып үлкен құмыраның қақпағын ашып, айнаға ұқсап жарқырай қалған арақ бетіне қарағанда, өзінің адам шошырлық алау-далау жүзін көреді. Көзінен аққан мөлдір жастың қызыл түске боялғанын аңдайды. Қолымен көсеп алып, бетін жуғанда, құмырадағы арақ та нарт қызыл түсті сұйықтыққа айналады.

Лохан ата қашырлармен қоса айдалып, еңбек алаңына апарылады. Гаулияң алқабынан жалғызаяқ жол сорабы ашылған екен, сонымен барады. Мошүй өзенінің шығыс жағасындағы жолдың негізгі бөлегі бітіп, үлкенді-кішілі арбалар ары-бері сабылып, тиеген тас, құмдарын өзеннің түстік жағындағы алаңға апарып тастап жатады. Әуелде жалғыз ғана ағаш көпір болған өзенге жапондықтар алдағы уақытта тас көпір салуға дайындалып жатса керек. Жолдың қос қапталындағы аумақты жердің гаулияңы жапырылып, жерге төселген жасыл кілемдей жусап, жылмиып қалыпты. Өзеннің солтүстігіндегі гаулияң алқабына қара топырақ үйіліп, нобайы енді сұлбалана бастаған тас жолдың екі жағында ондаған ат-қашыр тұлық сүйреп қаптап жүреді. Теңіздей толқыған гаулияң алқабынан екі үлкен жер телімін бөліп алып, тегістеп таптап, жұмыс орнын қоршаған аумақты жасыл жазираны аямай бүлдіріпті. Көлік жетектеген кісілер гаулияң алқабында да ерсілі-қарсылы сабылып жүр. Балғын гаулияң діңі темір тағалардың астына жапырыла құлап, жасыл жапырақтар қырлы тұлық пен жұмыр шаңтастардың тегеурінді тепкісінде қалыпты. О баста түрлі түсте болған таптағыштар енді гаулияң ніліне қанығып, шымқай көк түске боялыпты. Жақын маңнан күшті майса иісі бұрқырап келіп тұрады.

Өзеннің түстігіне айдап әкелінген Лохан ата терістікке қарай тас тасу жұмысына жегіледі. Қолындағы қашырлардың шылбырын көз ұясы қабынған бір шалға қимай-қимай тапсырған ол бірден іске кіріседі. Кез-келген уақытта құлап қалуы мүмкін ағаш көпірді сықырлата басып өтіп келген оны тұрқы жұмыс басқарушыға келетін бір қытай қарсы алады. Қолындағы қызыл-күлгін шыбығымен шекесінен жеңіл түрткен ол: «Бар, өзеннің түстігінен бері тас тасы», – дейді.

Лохан ата қабағын сипағанда, басынан аққан қара қанның қасын тұтас тұтып қалғанын біледі. Іле өзеннің түстігіне келіп, үлкен де емес, кіші де емес бір тасты көтеріп, терістікке қарай аяңдайды. Қашырларды алған шал әлі сол маңда жүр екен. Жақындап барып: «Мына екі қашырды аяп істет, бұлар менің қожайынымның қашырлары», – дейді сыбырлап. Басын салбыратқан шал сол сүлесоқ қалпы қашырларды жетектеп апарып, алдағы тыңнан жол ашатын көмпіс көліктердің қатарына қосады. Қашырлардың жаясы жарқырап күн сәулесіне шағылысады. Басынан әлі қан ағып тұрған Лохан ата еңкейіп, жерден бір уыс топырақ алып, жарасына басады. Төбесін тескен ащы ауыру сырқыраған беті бақайшығына жетіп, басы қақ бөлін қалғандай күй кешеді.

Еңбек алаңының сыртын иығына мылтық асқан жау жасағы мен қуыршақ әскерлер торып, қолына шыбық ұстаған бақылаушылар жұмыс майданын жан алғыштай жаланып, тынбай кезіп жүреді. Лохан ата жұмысқа кіріп, ары-бері өтіп тас тасығанда, оның қан аралас қоңыр топырақ жабысқан басын көрген жұмыскерлер үрейленіп, көздері бақырайып кетеді.

Бір жолы көпірге керек тастан біреуін алып, қозғала бергенде желке тұсынан әлдененің тосын ысқарып өткенін естиді. Іле жон-арқасының күйіп, ашып ауырғанын сезеді. Тасын тастап кері бұрылғанда, манағы бақылаушының өзіне қарап күліп тұрғанын көреді.

– Басеке, айтарыңды дұрыстап айтсаңшы... қол көтеріп, кісі ұрғаның қалай? – дейді Лохан ата.

Үн қатпаған бақылаушы күлімсіреген күйі шыбығымен оның белінен тағы бір тартады. Бұл жолы өзін екіге бөлініп қалғандай сезінген Лохан атаның көзінен қос тамшы жас ыршып кетеді. Қаны кенет басына шауып, төбесіндегі қан мен топырақ араласып қатып қалған шор кесек шытынап кеткендей, шекесі солқылдап қоя береді.

– Басеке! – деп айғайлайды Лохан ата.

Басқарушы шыбықпен тағы бір тартады.

– Басеке, мені неге ұрасың? – дейді Лохан ата.

Басқарушы қолындағы шыбығын солқылдатып, көзін сығырайта күліп:

– Көзіңді бір ашып қояйын дедім, иттің баласы! – дейді.

Ашуы көмейіне кептеліп, көзі жасаураған Лохан ата андай жердегі тас үйіндісінен үлкен бір тасты алып, сенделе басып көпірге қарай бұрылады. Басы сынып, көз алды қарауытады. Тастың пышақтай өткір қыры құрсағы мен қабырғасына қатты батса да, ауырғанын сезбейді.

Шыбық ұстаған бақылаушы әлі орнында тұр екен. Тас көтерген Лохан ата оның алдынан жасқана басып өте бергенде, қыр желкесінен тағы бір тартып кетеді. Лохан ата еңкеңдеп барып, құшағындағы тасымен қосыла құлайды. Қолдарын тас кеседі. Тасқа тиген иегінің дал-дұлы шығады. Таяқтан әбден есі шыққан Лохан ата не істерін білмей, балаша кемсеңдеп жылап жібереді. Дәл осы кезде оның қаңырап бос қалған санасында әлсіз бір қызыл-күлгін ұшқын жылт етеді.

Тастардың арасынан қолын әрең босатып алған ол құдды бір айбат шеккен кәрі мысықтай белін бүкірейтіп, орнынан көтеріледі.

Қырықтың қырқасынан асқан орта жастағы бір адам жүзі күлімдеп бақылаушының қасына келіп, қалтасынан шығарған қораптан бір тал темекі алып, алдындағы кісінің аузына қарай апарады. Темекіні езуіне қыстырған бақылаушы енді оған от тамызылуын күтеді.

– Аға-еке, тамыры солған бұл тарбаққа ренжіп керегі жоқ, – дейді орта жастағы адам оған.

Танауынан темекі түтінін будақтатқан бақылаушы тіс жарып, тіл қатпайды. Ата оның шыбық қармаған сарғайған саусақтарының тынымсыз қимылдап тұрғанын көреді.

Орта жастағы адам темекі қорабын бақылаушының қалтасына сүңгітіп жібереді. Ештеңе сезбегендей болған бақылаушы міңгір етіп, қалтасын сыртынан бір басып қойып, бұрылып жүре береді.

– Аға, жаңа келдіңіз бе? – деп сұрайды орта жастағы адам.

– Иә, – дейді Лохан ата.

– Сіз оған танысу жоралғысын жасадыңыз ба? – деп сұрайды әлгі адам тағы.

– Жөн білмейтін ит! Жөн білмейді... мені мұнда күшпен зорлап әкелді – дейді Лохан ата.

– Оған аздап ақша беріңіз, темекі берсеңіз де болады... сонда қалай жүрсеңіз де ұрмайтын болады... жатып алсаңыз да тиіспейді... жеке батырда көз болмайды. – Соны айтқан орта жастағы адам бұрылып, басқа жұмыскерлерге барып қосылады.

Рухы сөнген Лохан ата түске дейін дел-сал күйде жүріп тас тасиды. Басындағы қан араласып қатқан топырақ күн шуағында кеуіп, жиырылып, жанын көзіне көрсетеді. Жараланған қолының қаны мен еті мидай араласып кетеді. Сүйегі зақымданған иегінен сілекей сорғалап тоқтамайды. Әлгі бір қызыл-күлгін ұшқын тұтанғаннан кейін қайтып өшпей, бірде күшейіп, бірде әлсіреп, жылт-жылт етіп жүреді де қояды.

Түс әлетінде алдыңғы жақтағы әлдеқашен жасалып болып, көлік жүруге рұқсат етілген тас жолмен бір сары мәшине теңселіп келе жатады. Қатты ысқырған дауысты естіп алақтаған Лохан ата қалжыраған жұмыскерлердің тәнтіректей басып мәшинеге қарай беттегенін көреді. Құйға батқандай шойлап отырып ештеңе ойламайды. Көліктің неге келгенін де білгісі келмейді. Тек әлгібір қызыл-күлгін ұшқын ғана санасында өшіп-жанып, лыпылдаған үні құлағына жетіп, естіліп тұрады.

– Аға, жүріңіз, тамаққа баралық... жапондықтардың күрішінің дәмін татыңыз, – дейді әлгі орта жастағы адам келіп қолынан тартып.

Орнынан тұрған Лохан ата орта жастағы адамға еріп, ілгері ілбиді.

Мәшинеден бірнеше шелек ақ күріш пен көк гүлді қыш ыдыстар салынған шарбақтар түсіріледі. Артынша шарбақ маңында тұрған семіз қытай қабатталған кеселерді құшақтай көтеріп, келгендерге бір-бірден үлестіріп шығады. Ал қолына сары ожау ұстап, шелектің қасынан орын алған арық қытай оларға күріш сала бастайды. Мәшинені шыр айланып қоралана отырған кісілер, сақпы болмағандықтан, қолдарын салып, бұйырған тамақты қомағайлана асауға кіріседі.

Қармаған шыбығы бар әлгі бақылаушы миығындағы зәрлі күлкі тарқамаған қалпы сонда келеді. Лохан атаның санасында тұтанған әлгі бір ұшқын тағы бір жылт етіп, лайлана бастаған ес-жадын қайта тұнытып, таң атқалы бері бастан кешіп жатқан сүркейлі түс секілді қорлық кешірмесін есіне қайта салады. Мылтық ұстап күзетте тұрған жапон әскері мен қуыршақ жасақтар да ақ қаңылтыр шелекке ұйлығыса келіп, жапатармағай тамаққа бас қояды. Ұзын тұмсық, тік құлақ қасқыр ит шелектің артына отырып алып, тілін салақтатып, қарсы алдындағы жұмыскерлерді қадала бағады.

Шелек маңында тамақтанып отырған жау жасағы он, қуыршақ әскердің он неше екенін білген Лохан ата қашу бекіміне келеді. «Сытылып шығып, гаулияң алқабына бір ілінсем, иттен туғандарға ұстатпай кетер едім» деп ойлайды ішінен. Қыз-қыз қайнап, ысыған табанынан тер бұрқ етеді. Зытып беруді ойлағаны сол, көңілі алабұртып, қобалжи бастайды. Шыбық ұстаған бақылаушының суық күлкісінің артына әлдененің жасырынып тұрғанын анық сезген Лохан ата оны қалай көрді, солай сасып, миы шатасады.

Жұмыскерлер тамаққа тоймайды. Кешікпей семіз қытай келіп, ыдыстарды жия бастайды. Еріндерін жалаған жұмыскерлер босаған шелектегі қалған-құтқан күріш дәндеріне көз сатады. Алайда, баруға батпайды. Сол сәт өзеннің терістік бетінен бір қашыр аңырап қоя береді. Лохан ата оның біздің үйдің қашыры екенін жазбай таниды.

Көліктер түгел жаңа ашылған алаңқыдағы тұлық пен тас тоқпақтарға байланған екен. Маңайында айқасқан гаулияң сояулары сұлап жатады. Ат-қашырлар жаншылған гаулияң жапырақтарын ынтасыз шайнап, мүлгіп тұрады.

Түстен кейін жасы жиырмадан асқан бір жас жігіт бақылаушының көзін ала бере гаулияң алқабына қарай құстай ұшады. Бірақ, оққа ұшып, мерт болады. Гаулияң алқабының шетіне жетіп, етбеттей құлаған ол сол орнында қалады.

Күн батысқа еңкейген тұста сары мәшине тағы келеді. Лохан ата бір ожау күріш жейді. Гаулияңнан жасалатын тамаққа әбден үйренген асқазаны шірік иіс мүңкіген ақ күрішті қабылдамайды. Дегенмен, жұтқыншағына түйілгеніне қарамай, соғып алады. Қашам деген ой барған сайын күшейе түседі. Он шақты шақырым алыста қалған ауылдағы өзіне табиғы арақ иісі аңқыған ауланы сағынады. Жапондар келгелі бері арақ қайнататын кісілер жан-жаққа тарап, сақылдап қайнап тұратын қазандар қаңырап бос қалған болатын. Лохан ата әжем мен әкемді ойлап тіпті де ширығады. Әжемнің гаулияң үйіндісінің арасында көрсеткен құшақ жылуын ол өмірбойы ұмытпақ емес еді.

Кешкі астан кейін жұмыскерлерді ұзын ағаштарды тік қадап, қатар-қатар тізіп жасаған кең қоршауға әкеп қамайды. Жасыл түсті жуан сымтемірмен жанастыра байланған шырша сырықтарының үстіне неше жерден шатыр жауып, далдалап қойыпты. Есігі ұштары қосақтала дәнекерленген жуан темір сүймендерден нобайланыпты. Ал жау жасағы мен қуыршақ әскер қоршаудан он неше қадам алысқа ірге тепкен бөлек-бөлек екі шатырға орналасыпты. Қасқыр ит те сол маңнан төбе көрсетіп, қашықтан көз тікті. Қоршаудың алдына биік бағана орнатылып, оған қос белгі шам ілініпті.

Түнде жау жасағы мен қуыршақ әскерлер кезек-кезек күзетке шығып, теңселе басып жүреді. Көліктер түгел – қоршаудың батыс жағындағы гаулияң қалдығының орнында, күндіз сол маңнан жыпырлап қалың қада көрініп еді, сөйтсе, ол соған бола дайындалған екен.

Қоршау ішіндегі қолқаны атқан сасық ауада біреулер қорылдап, біреулер барып бұрыштағы темір шелекке сарып жатады. Қаңылтыр ыдыстың қабырғасына ұрылған сұйық зәрдің шарылдаған дыбысы тынбай естіліп тұрады. Биіктегі белгі шамның жарығы қоршау ішіне күңгірт жамырап, сырттағы ары-бері жүрген қарауылдардың ұзын көлеңкесі үнсіз қараңдап, үздіксіз көлбеңдеумен болады.

Қараңғы қоюланған соң қоршау іші тіпті де сүркейлене түседі. Лохан ата ұйықтай алмайды. Ол тағы да қашуды ойлайды. Қоршауды айналып жүрген күзетшілердің аяқ тықыры естіліп тұрады. Шалқалап жатқан Лохан атаның көзі бір кезде тұманданып барып ілініп кетеді. Түсінде басына қанжар қадалып, қолына қарығыш темір ұстаған өзін көреді. Ояна келе, өн-бойы терге малшынып, ауына жіберіп қойғанын аңдайды. Алыстағы ауылдан шақырған әтештің үзіліп-жұлынып жеткен үні естіледі. Көліктер жер тарпып, мазасыздана пысқырады. Төбедегі шатыр жыртығынан сығалаған жұлдыздар жарығы көзіне түседі.

Бір кезде күндіз Лохан атаға қол ұшын берген орта жастағы адам басын көтеріп отырады. Айнала қанша қараңғы болғанмен, Лохан ата оның оттай жанған қос жанарын анық көреді. Тегін адам емес екенін сезіп, қимыл-қозғалысын қалт жібермей бағады.

Әлден уақыттан кейін әлгі адам қоршау есігіне барып, жүрелеп отырады. Баяу қозғалтып екі білегін көтереді. Лохан ата оның жон-арқасына, аса сырлы түс алып тұрған басына қарайды. Бір сәт бар күшін бойына жиып, оқыс қимыл жасаған орта жастағы кісі құдды садақ тартқан адамдай жантая қисайып, екі жұмыр темірді кере ұстайды. Көзінен шашыраған қара-жасыл ұшқындар әлденеге тиіп, сықырлаған дыбыс шыққандай болады. Екі темірдің арасы үн-түнсіз ашылып жүре береді. Тіпті де молайған шам жарығы мен жұлдыз сәулесі қоршау ішіне төгіліп, әлдекімнің тұмсығы ашылған жыртық аяқ киіміне түседі. Іле күзетшілер де жетеді. Лохан ата қалбаң еткен қара көлеңкенің қоршаудан атып шығып, алдындағы күзетшіні ыңқ еткізгенін, артынша о байқұстың орта жастағы адамның уысында жан үзіп, жалманынан түскенін ап-анық көреді. Жау қолындағы мылтықты іліп алған әлгі адам лезде ғайып болады.

Көз алдында не болып, не қойғанын Лохан ата сәлден кейін барып пайымдайды. Орта жастадағы адам сайыскерлік өнеріне әбден жетілген батыр екен. Атаға жол ашып береді. Қаш енді... қаш! Лохан ата әлгі тесіктен еңбектеп шығады. Жау әскерінің өлі денесі жолда жатыр екен, бір аяғының тоқтаусыз селкілдеп жатқанын байқайды.

Өрмелеп гаулияң алқабына енген Лохан ата белін жазып, ардаларды қуалап, сыбысын сездірмеу үшін әлі келгенше гаулияңға жоламай, сақтана басып жүріп отырады. Сол бойда Мошүй өзенінің жағасындағы биік қырдан (жағаны биіктету үшін үйілген топырақ, тоспа) келіп бір-ақ шығады. Ұзамай «үш арқар» көтеріліп, таң алдындағы қараңғылық басталады. Жамыраған жұлдыздар Мошүй өзенінің бетінде самсап тұрады. Өзен кірбегінде діңкесі құрып тұрып қалған Лохан ата сүйегінен өткен суықтан тісі-тісіне тимей сақылдап кетеді. Жақ сүйегінің сырқырауы әуелі самайына, одан құлағына көтеріліп, соңында сыздауықтай сыздаған төбесіндегі солқылмен тоғысады. Гаулияңның шырын лебі араласқан салқын ауа танауына еніп, өкпесін аралап, асқазан-ішегін ендеп өтеді. Сайтан отындай жылтылдаған қос белгі шам тұман арасынан көзге ұрып, шырша сырықтан жасалған ағаш қоршау үлкен көр құсап үңірейе көрінеді.

Лохан ата өзінің қоршаудан осылай оп-оңай қашып шыққанына сене алмайды. Қыбырлаған қос аяғы ойда жоқта шіріген ағаш көпірдің үстіне алып келеді. Суда жүзген балықтардың бауыры жарқылдап, өзен сарыны ап-анық естіліп тұрады. Төбеден аққан жұлдыз артына ұзын жолақ қалдырып сырғиды. Ештеңе болмағандай... ешбір оқиға жүз бермегендей! Айнала жым-жырт. Әсілі Лохан атаның қыстаққа барып, бой тасалауына, жарақатын емдеп, ары қарай тірлік кешеуіне болады екен. Бірақ, ол ағаш көпірге келгенде өзеннің түстік бетінен мазасыздана аңыраған қашырдың қарлығыңқы дауысын естиді. Соған бола кері қайтады. Дайын тұрған аянышты трагедияның жабулы пердесін өзі барып ашады.

Қоршауға жақын жердегі он неше мамаағашқа байланған көліктердің астынан қи мен сідік иісі мүңкиді. Аттар пысқырып, қашырлар мамаағашты кеміреді. Аттар гаулияң сабағын талмап, қашырлар тезек тастайды. Тәнтіректей басқан Лохан ата солардың арасына кіреді. Мұрнына біздің үйдің қос қашырының үйреншікті иісі келеді. Іле олардың таныс пошымы да сұлбаланады. Жетіп барып өзінің талай азапты күндерді бірге кешкен серіктерін құтқармақшы болады. Ал қашыр адам қадірін білмейтін ессіз мақлұқ қой. Құйрығын шұғыл бұрып, қос аяқтап тебеді. «Қара қашыр, қара қашыр, біз бірге қашайық!» – дейді Лохан ата сыбырлап. Ашуланған қашырлар оңға бір, солға бір бұлталақтап, тұрған жеріне жолатпайды. Иелерін жыға танымағаны анық еді. Денесінде қатқан қанның иісі, жаңа түскен жарақаттар бары Лохан атаның каперіне келмейді. Солар еді оны танытпай тұрған. Көңілі астаң-кестең Лохан ата алға аттап барып жақындай бергенде, қара қашыр тұяғын серпіп, жамбасынан тебеді. Ата бір жанымен ұшып түсіп, жатып қалады. Жан қашқан жарты денесі салдана ұйиды. Қашыр қоңын көтеріп, тепкілей береді. Тағасы бататын айға ұқсап жарқ-жұрқ етеді. Жамбасы оттай ысып, үлкейіп кеткендей болған Лохан ата өзінің зор әурешілікке тап болғанын сезеді. Орнынан төрт тағандай көтеріліп, қайта құлайды. Құлап түсіп, тағы тұрады. Ауылдың дауысы құмыққан әлдебір әтеші кезекті рет шақырады. Қараңғылық бірте-бірте сейіліп, «үш арқар» бұрынғыдан бетер жанып, қашырлардың жалтыр жаясы мен көздері тіпті де жарқырай түседі.

– Қосылған... қос мақлұқ!

Ызаға булыққан Лохан ата бір жығылып, бір тұрып, қылпылдаған өткір бірдеңе іздейді. Жері қазылып, тоған тартылған тұстан жалаңдаған темір күрек тауып алады. Жасқанып-жалтаруды ұмытқан ол дауыстап боқтап келе жатады. Жүз қадамнан алыс жерде адам барын, ит барын есінен шығарады. Еш нәрседен қаймықпайды. Кісінің еркін бола алмауы, сірә, қорқыныштан. Шығыстан баяу көтерілген қызыл шапақ өрлей келе шашырап, сейіліп кетеді. Гаулияң алқабының таң алдындағы меңіреу тыныштығы кез-келген сәтте жарылып кетердей сыздап тұрады. Таң шапағын жамылған Лохан ата қара қашырларға қарай жақындай түседі.

Ол қос мақлұққа өлердей өшіккен еді. Қашырлар қозғалмайды. Лохан ата қолындағы темір күректі оңтайлап алып, бір қашырдың артқы аяғын дәлдеп, бар пәрменімен періп қалады. Әлдебір сұп-суық көлеңке қашырдың қылтасына барып сарт ете қалады. Қашыр бір жағына жантая беріп әзер түзеледі. Аяғына қайта тұрғанда, жан қиналысын аңғартқысы келгендей танауын кере ышқынады. Артынша көтерілген қоң тарапынан жаңбыр тамшыларынан аумайтын ып-ыстық қан діректей атылып, Лохан атаның жүзін жауып кетеді. Лохан ата қашырдың тағы бір аяғын дәлдеп және бір переді. Қара қашыр қорс еткен күшті дыбыс шығарып, құйрығы жер сүйіп, шоңқия барып отырады. Алдыңғы аяқтары әлі де жанталаса тыпырлап, алқымын сыққан мойын жібіне асылып, тұмсығы әлдеқашан бұзғыл тартқан сүреңсіз аспанға қарап озандай үн салады. Темір күрек қашырдың жамбасының астында қалады. Лохан ата омырылып, отыра кетеді. Бар күшін салып күректі әрең суырып алады. Күрек қыры қашырдың жамбас сүйегін оңдырмай орып кеткен екен. Тағы бір қашыр серігінің құлап жатқанына түсінбей, аңтарыла қарап, жылағанға ұқсап, жалынған кейіп танытып, мекіреніп қояды.

Күрегін көлденең ұстаған Лохан ата енді соған ұмтылады. Кері шегінген қашыр көткеншектеп барып бас жібін үзермен болады. Діңгек сықырлап, қашырдың жұдырықтай қос жанарынан жарқырап жасыл от ағады.

– Қорқасың, ә, мақлұқ!? Айбын-айбарың қайда кеткен сенің, мақлұқ!? Жақсылықты білмейтін, ішіп-жегенін ақтамайтын, сілімтік неме! Шетелдікпен ауыз жаласқан иттің баласы!

Жеті атасын жездей қақтаған Лохан ата қара қашырдың сопақша келген жазық маңдайын көздеп күрегін сермеп қалады. Темір күрек діңгекке барып тиеді. Өрлі-төмен, оңға-солға ырғап жүріп әрең суырып алады. Тыпырлаған қара қашырдың артқы тірсегі майысып, садақша иіледі. Шолақ құйрығын шыпылдатып жер сабайды.

Лохан ата қашырдың жазық маңдайын дәлдеп тағы бір салып кетеді. Темір күрек қашырдың дөң шекесінің дәл ортасына барып тиеді. Тастай қатты бас сүйекке дарыған күрек дүзінен тараған күшті діріл ағаш сап арқылы қолына жетіп, Лохан атаның екі білегін ұйытып жібереді. Үнсіз қалған қара қашыр сербектерін әрі-бері сермеп, тоқтамай тепкіленіп, ақыры орнында омалып отырып қалады. Омырылған там құсап гүрс етіп құлайды. Үзілген жіптің бір бөлігі діңгекте салбырап, келесі бөлегі қашырдың басына оралған күйінде қалады. Сүлкіні түскен Лохан атаның иығы салбырап, жарқыраған темір күрек қашырдың басына қадалған қалпы сабы көкке шаншыл, қисайып тұрады. Таяу маңнан ит үріп, дабырлаған адам үні естіледі.

Таң атады. Шығыс жақтағы гаулияң алқабынан ертеңгілік қан қызыл күннің бір шеті көрініп, нұрлы сәулесі Лохан атаның жартылай ашылып, үңірейіп қалған ауызына түседі.

ІV

Топты жасақ өзен жағасындағы биік қырға ілінген соң жалғыз қатар боп шұбалып, қалың бұлттан әзер шыққан қызыл күнге қарап маңдай түзейді. Басқалар секілді менің әкем де бір беті қызарып, екінші беті бозарып, қасындағыларға елітіп, Мошүй өзенінің бетіндегі батар күннің қызғылт сәулесі бояған бір үзік тұман пұшпағын тамашалап келе жатады. Судың түстігінен терістігіне өтетін тас жолды Мошүй өзеніне салынған 14 отаулы (тіреу) үлкен тас көпір жалғап тұрады. Біраз жері бүлініп, сүлдері ғана қалған ескі ағаш көпір кейін салынған тас көпірдің батыс жағынан көзге шалынады. Бірнеше қоңыр түсті діңгегі өзен ортасынан сорайып, оған келіп соғылған ессіз ағыннан ақ жал толқындар тарап, қақ жарыла шұбатылып жатады.

Сәлден соң ыдырай сетінеген тұман астынан өзен беті ашылып, қызыл-жасыл боп құбылып, сүркейлі түске енеді. Арна жиегіндегі биік қырдан назар салғанда оңтүстік беттегі шетсіз де шексіз гаулияң алқабының тақтайдай тегіс жалпақ айдыны көсіле көзге ұрады. Тып-тыныш боп тынып қалған иесіздегі әр бір нарт қызыл гаулияң масағын албырай толған бір-бір дөңгелек жүзге ұқсатуға болатындай. Сол сияқты, кей тұстағы сабақтар да топтала ұйлығысып, арасы тығыз үлкен әлеуетке айналып, мазмұны терең мән қалыптастырыпты. Әкем ол кезде әлі бала ғой, мұндай мағыналы суреттің терең иіріміне бойлай алмайды. Мұны бүгін мен... өзім ойдан шығарып отырмын.

Гаулияң және адам... екеуі де уақыт гүлінің түйін тастап, жеміс беруін күтеді.

Оңтүстікке түзу тартылған тас жол жүрген сайын тарылып, ақыры гаулияң алқабына сіңіп жоқ болады. Ең алыс қиян шеттен, көк түсті күмбездің еңкейе барып жер бетімен тоғысқан жиегінен күн көтерілген сәттегі кісі тебірентер әсерлі де аянышты көрініс сол күйі үлбіреп, шашау шықпаған қалпы ұйып тұрады.

Әкем сондай бір ықыласты бейнемен меңірейіп келе жатқан жасақтарға қарайды... қайдан келе жатыр бұлар? Қайда барады? Не үшін торуылдап соғу ұрысына қатысады? Торуылдап соғу ұрысын тәмамдаған соң тағы қандай соғысқа барады? Бәрі сұрақ. Жым-жырт тыныштықта бұзылған көпір жақтан жеткен су сарылы тіпті де айқындалып, жағымды дыбыс құлақты үйіре түседі. Қиғаш жамыраған күн сәулесі қою тұманды ықтырып, ақыры өзен бетіне шөгеріп тынады. Мошүйдің суы алғашқы күңгірт қызылдан бірте-бірте алтын қызыл түске өзгереді. Кең айдынның нұры шалқып, ерекше әсем түске енеді.

Жағадағы жалғыз түп бақбақ гүлінің сары жапырағы қисая салбырайды. Өткен бір кезде құлпыра жайнаған жібек құртынан аумай қалған гүл қауашағы әппақ болып қурап, жапырақтар арасынан сығалайды. Шаян аулайтын шақтың қайта айналып келгені ғой, тегі!

Әкем күз желінің аңырай ескенін, ауа райының салқын тартқанын, бір топ қоңыр қаздың оңтүстікке қарай ұшып бара жатқанын ойлайды... «Ұста... Дугуан, ұста!», – дейді Лохан ата. Су шаяндары қылдай жіңішке аяқтарымен өзеннің майда қайраңына әдемі өрнек салыпты. Өзен тараптан әкемнің мұрнына су шаянының күлімсі иісі келеді. Жапонға қарсы соғыс басталғанға дейін біздің үйдегі алуан түрлі көкнәр гүлдері су шаянының езбесімен бапталыпты. Шіркіндердің қауашағы үлкен, түстері әдемі, ал иістері тіпті мұрын жаратын.

– Қырдан түсіп, тез жасырыныңдар! Мылқау, тырманы тез түсір! – деп бұйрық береді Үй сардар.

Мылқау иығындағы сымтемір орамдарын түсіріп, төрт тырманы қосақтап байлайды. «А-а-алап» жүріп бірнеше жасақты шақырып келіп, қосақталған тырмаларды жол мен көпірдің тұтасқан тұсына апарып қояды.

– Бауырлар, дұрыстап жасырыныңдар!.. Жау мәшинелері көпір үстіне шығып, Лыңның адамдары қайтар жолды бөгеген соң, менің бұйрығыммен оқ жаудырыңдар... малғұндарды өзенге құлатып, жыланбалық пен шаянға жем қылайық! – дейді Үй сардар.

Үй сардардың қол ишарасын көрген мылқау басын изеп, қарулы топтың жартысын бастап, жолдың батыс жағындағы гаулияң арасына барып жасырынады. Соңынан ілесіп солай беттеген Уаң Уыниді кеудесінен итеріп, кері қайтарады.

– Сен онда барма, менің қасымда қал! – дейді Үй сардар. – Әлде қорқасың ба?

– Жоқ, қорықпаймын... қорықпаймын... – дейді Уаң Уыни қайта-қайта басын шайқап.

Үй сардар Фаң әулетінің ағайынды екі ұлын үлкен құрылғыны өзен қырына апарып орнатуға жібереді. Іле дәу кернейін ұстап тұрған Лиу кернейшіге бұрылып:

– Лиу көке, сен басқа ештеңеге қарайлама. Күш жиып ал да, кернейіңді озандатып үрлей бер. Жаулар сол дыбыстан шошып, үрейленеді... естідің ғой? – дейді.

Лиу кернейші Үй сардардың ерте кездегі серігі екен. Ол уақытта сардар күймеші, ал Лиу керней үрлеуші міндетін атқарыпты. Кернейді қос қолымен құдды бір мылтық қармағандай сығымдап, баппен ұстайды екен.

– Алдынала айтып қояйын, кім су жүректік танытса, атып тастаймын. Қандай өнеріміз барын Лыңға бір көрсетіп қояйық. Ол оңбағандар атақтарына буланып, бізге сес қылады. Шөнең оған көне қоймас. Ол мені мойындатпақ қой? Ал ісжүзінде мен оны мойынсал қылмақпын, – дейді көпшілікке назар тастаған Үй сардар.

Топты кісі гаулияң арасына қораланып отырады. Фаң Лиу жанынан темекі қалтасын шығарып, оттық пен шақпақ тасын алады. Оттығы қап-қара, шақпақ тасы қызыл-күрең екен, аумаған тауықтың піскен бауыры. Шақпақ тасқа соғылған оттықтан шарт-шарт еткен дыбыс шығып, дәу-дәу ұшқындар ұшады. Үлкен бір ұшқын Фаң Лиу қос саусағымен қысып алған гаулияң сабағының өзегіне келіп түседі. Фаң Лиу аузын қуыстап үрлегенде, білтеден ақ түтін бұрқ етіп, от тұтанады. Фаң Лиу нәйін тұтатып, құшарлана сорады. Сол сәт демін бүркіп, мұрнын тартқан Үй сардар:

– Өшір темекіңді! Темекінің иісін сезсе, жау көпірге жоламай қояды! – дейді.

Асыға екі сорған Фаң Лиу темекісін сөндіріп, дорбасын қайта жинайды.

– Өзен қырының қалқасына барып жатыңдар, жау келсе, қапы қалып жүрмейік, – дейді Үй сардар.

Жау келіп қалғандай-ақ абыржыған жасақ мылтықтарын құшақтап, өзен қырының қапталына барып жабысады. Әкем Үй сардардың қасынан екі елі ажырмайды. Сардар одан:

– Қорықтың ба? – деп сұрайды.

– Қорыққам жоқ, – дейді әкем.

– Жарайсың, өкіл әкесінің баласы. Сен менің бұйрық жеткізуші әскерім боласың. Ұрыс басталған соң менен ажырама. Мен бұйрықты саған айтам, сен оны батыс жақтағыларға жеткізесің! – дейді Үй сардар.

Әкем басын изейді. Оның екі көзі Үй сардардың беліндегі бірі ұзын, екіншісі қысқа қос жанқұралға түседі.

Үлкені Германияда жасалған маузер, кішісі Францияда өндірілген брауник. Екеуінің де өз хикаялары бар еді.

Бірде әкемнің аузынан «қару» деген сөз шығып кетеді.

– Қару аласың ба? – деп сұрайды Үй сардар.

Басын изеген әкем:

– Наган, – дейді.

– Атуды білесің бе? – деп сұрайды Үй сардар одан.

– Білем, – дейді әкем.

Үй сардар белінен брауник наганын суырып алып, салмақтап-салмақтап қояды. Әбден ескірген құралдың өңі түсіп, көкшілденіп кеткен екен. Үй сардар шақпағын қайырғанда, таңдайынан жезі бүтін бір тал доғал тұмсық оқ ыршып кетеді. Оқты жоғары лақтырып жіберіп, қайта қағып алған сардар құрал таңдайына қайта басады.

– Мә, мынаны ал да, менің істегенімді қайтала, – дейді сосын.

Құралды қолына алған әкемнің есіне алдыңғы күні кеште Үй сардардың осы наганмен кішкентай бокалды атып, быт-шыт қылғаны түседі.

Қияқтана туған жаңа айдың сәулесі қураған ағаш басына шүпілдеп төгіліп тұрған-ды. Арақ құмырасын көтеріп, қолына бір тізбек жез кілт ұстаған әкем әжемнің бұйрығы бойынша қазандықтан арақ алуға келе жатады. Әкем қақпаны ашып ішке кіргенде, қап-қараңғы қашыр қорасы бос, аула тыныш, маңай жым-жырттықа шомып тұрады. Қазандықтан бұзылған арақ ашындысының сасық иісі келеді.

Әкем бір күбінің қақпағын ашып, жұлдыз жарығында арақтың мелтіреген бетін, одан өзінің ашаң жүзін көреді. Қасы селдір, еріні жұқа әкем өзін сондай сиықсыз сезінеді. Қолындағы құмыраны күбіге матырып, гүлдір-гүлдір еткізіп арақ құяды. Құмыраны көтеріп алғанда, бүйірінен сырғаған арақ тамшылары күбіге қайта сорғалайды. Әкем аяқ астынан ойын өзгертіп, құмырадағы арақты күбіге қайта төгеді. Оның есіне әжем бетін жуған әлгі бір күбі арақ түседі.

Соның алдында әжем Үй сардар, Лың бастықпен бірге үйде арақ ішіп отырады. Үй сардар мен әжем жақсы көтеріп, ал Лың бастық сәл қызыңқырап қалады.

Әлгі күбіге таяп барған әкем оның үстінен үлкен диірмен тасын көреді. Құмырасын жерге қойып, тасты алып тастайды. Домалап кеткен тас басқа бір күбінің бүйіріне барып соғылып, тесіп кетеді. Тесіктен арақ атқалақтай жөнеледі. Әкемнің онымен шаруасы болмайды. Күбінің қақпағын ашқанда мұрнына Лохан атаның қанының күлімсі иісі кеп ұрылады. Әкемнің есіне Лохан атаның қан-жоса болған басы мен әжемнің қызылға боялған жүзі түседі. Лохан атаның беті мен әжемнің кескіні күбі ішінен қайта-қайта көрініс береді. Әкем бойлата көсеп, ыдысын қанды араққа толтырып алады да, қос қолдай көтеріп үйге қайтады.

Сегіз кісілік үстел үстінде шам жарқырап жанып тұрады. Бір-біріне тесіле қараған Үй сардар мен Лың бастық терең дем алып, ауыр тыныстайды. Екеуінің ортасында әжем, сол қолымен Лыңның алты атарын, ал оң қолымен Үй сардардың брауник наганын басып отырады.

– Сауданың жөні өз алдына, кісілікті ұмытпаңдар. Бұл қару кезенетін жер емес. Мықты болсаңдар, күш-қуаттарыңды жапондарға жұмсаңдар, – дегенін естиді әкем.

Долданған Үй сардар:

– Балдыз, сен Уаң сардардың атын айтып, мені ықтыра алмайсың. Аға-шөнең осы өңірдің билеушісі. Он жыл қыспа нан жедім. Енді бүгін Уаң деген есекті есепке алар жайым жоқ! – деп даурығады.

Мырс етіп ызбарлана күлген Лың бастық:

– Жанау аға, ініңіздің ойлағаны сіздің қамыңыз. Уаң сардар да сіздің қамыңызды жеп жүр. Сіз, бар болғаны, бағанды бері әкелсеңіз болды, батальон бастығы болып шыға келесіз. Мылтық, азық-түлік дегенді Уаң сардар өзі қамдайды. Бұл банды болғаннан әлдеқайда жақсы, – дейді.

– Кім – банды, кім – банды емес... жапонға қарсы соғыссаң болды, қытайдың батырысың. Аға-шөнең былтыр жапондардың үш күзет мұнарасын талқандап, қалқанды пулеметтен үшеуін олжаға алды. Сен банды емессің, қанша жаудың көзін жойдың? Жаудың бір тал түгін де жұлған жоқсың.

Лың бастық отыра қалып, темекі алып тұтатады.

Осы аралықта әкем құмыраны көтеріп ішке енеді. Арақты қолына алған әжемнің түсі кенет бұзылып, әкемнің жүзіне ежірейе қарайды. Артынша бетінмен бет қылып үш кесеге арақ құяды.

– Мына араққа Лохан көкенің қаны араласқан, еркек болсаңдар, ішіңдер. Бүрсігүні жау мәшинесін тас-талқан қылыңдар. Сонан соң әркім өз жолына түссін, бір-бірлеріңе соқтықпай, жөндеріңе кетіңдер, – дейді.

Кесені қолына алған әжем қылқылдатып жұта салады.

Үй сардар да арақты қолына алып, басына бір-ақ көтереді.

Лың бастық жартылай ішеді.

– Үй сардар, інің арақ көтере алмайды... мен жүрейін, – дейді кесесін қойып жатып.

Алты атарды алақанымен басқан әжем:

– Жекпе-жекке шығасың ба? – дейді.

Тосын ашуға мінген Үй салдар:

– Оған жалынбай-ақ қой... ол шықпаса, шөнең шығады, – дейді.

– Шығамын, – дейді Лың бастық.

Әжем оның қолын алады. Лың алты атарын алып, беліне қыстырады.

Лың аққұба өңді, мұрнының айналасын секпіл басқан, тапал бойлы адам еді. Беліне байлаған оқ толы оқшантайына наганын қыстырғанда, белбеуі салбырап, салақтап қалады.

– Жанау, Дугуанды саған тапсырдым, бүрсігүні өзіңмен бірге ерте кетерсің, – дейді әжем.

– Өкіл балам, қалайсың? – деп сұрайды Үй сардар әкеме қарап жымиып.

Әкем сардардың еріндерінің арасынан орсиып шығып тұрған топырақ түстес сары тістеріне жақатпай қарайды. Жақ ашып, тіл қатпайды. Бір бокалды алып төбесіне қоған Үй сардар әкемді шегіндіріп апарып, есіктің көзіне тұрғызады. Өзі брауник наганын алып, қарсы бұрышқа қарай жүреді.

Үй сардардың бұрышқа қарай үш адым аттағанын әкем көріп тұрады. Әр қадамы сондай ұзын, сондай баяу сезіледі. Әжемнің жүзі кенет оңып, қуарып кетеді. Лың бастықтың жүзінен мысқыл үйірілген екі көлбеу сызық көрінеді.

Бұрышқа жеткен Үй сардар тік тұра қалып, сол бойда кері бұрылады. Білегін созып, жоғары көтергенде оның көздерінен қызыл ұшқын шашырағанын әкем анық көреді. Жанқұралдың ұңғысынан ақ түтін бұрқ етеді. Әкемнің төбесінен «шақ» еткен дыбыс шығып, бокал быт-шыт болады. Әйнек сынықтары әкемнің мойнына түсіп, басын қозғағанда, төмен сырғып, ышқырына жетіп бір-ақ тоқтайды. Әкем үндемейді. Әжемнің өңі одан сайын қуарады. Лың бастық орындыққа отыра кетеді.

– Мерген екенсің, – дейді әлден уақыттан кейін.

– Жігіт екенсің! – дейді Үй сардар.

Қолындағы брауник наган әкеме тым ауыр сезіледі.

– Мен үйретпесем де, атуды білесің. Енді менің бұйрығымды мылқауға жеткіз, дайындалсын! – дейді Үй сардар.

Қаруын алған әкем гаулияң арасына сүңгіп кетеді. Жолды қиып өтіп, мылқаудың қасына барады. Малдас құрған мылқау жалпақ жасыл тасқа қанжарын қайрап отыр екен. Қисайғаны қисайып, отырғаны отырырған басқалары өздерімен өздері болып жатады.

– Сендерге дайындалсын дейді, – дейді әкем мылқауға.

Әкеме шекесінен бір қараған мылқау қанжарын қайрай береді. Сәлден соң бірнеше тал гаулияң жапырағын үзіп алып, қанжар жүзіндегі үгінді құмды сүртеді. Тағы бір тал шөп алып, қанжардың өткірлігін сынап көреді. Шөп қанжардың жүзіне тиер-тимей қырқылып түседі.

– Дайындалсын дейді, – дейді әкем тағы.

Мылқау қанжарын қынына салып, жанына қояды. Жүзіне демде кәрлі күлкі тепсініп шаға келген ол бір қолын көтеріп:

– Оу, оу, – дейді әкеме қарай бұлғап.

Әкем аяғын нарау басып ілгері жылжиды. Мылқауға бір адымдай қалғанда тоқтай қалады. Кенет алға ұмсынған мылқау әкемнің етегінен алып, жұлқа тартады. Әкем оның құшағына құлайды. Мылқау құлағын бұрағанда, әкемнің ыржиған қос езуі құлағына жетеді. Әкем наганын алып, мылқаудың арқасына тірейді. Мылқау енді әкемнің мұрнынан ұстап, қатты басады. Әкемнің көзінен жас ыршып кетеді. Мылқау жағымсыз дауыс шағарып мәз бола күледі.

Маңайда отырғандардың ішек-сілесі қатады.

– Үй сардарға ұқсай ма, қалай?

– Үй сардар салған тұқым ғой.

– Дугуан, мен сенің шешеңді ойлап отырмын.

– Дугуан, мен сенің шешеңнің ана бір ұшына екі шылан қыстырған анарын жегім келеді.

Ашуға булыққан әкем наганын жұлып алып, шылан қыстырған анар жегішке қарай оқ атады. Қару тарс еткенмен, оқ шықпайды.

Өңі қуарған әлгі адам жылдам жетіп келіп, әкемнің қолындағы құралды жұлып алады. Ызаға булыққан әкем ашудан жарыла жаздап, оған қарай тұра ұмтылады. Тиген жерінен теуіп, аузы ілінген тұстан тістейді.

Орнынан тұрған мылқау әкемнің желкесінен ұстап, күшпен айналдырып қалғанда, қалқып барып жерге топ ете түскеп әкем бірнеше түп гаулияң сабағын сындырып кетеді. Бір аунап барып аяғына тұрған әкем аузына келгенін айтып боқтап, жұлқынып, мылқаудың алдына келеді. Мылқау ыңылдап бірдеңе айтады. Оның көгеріп кеткен жүзін көрген әкем сол арада басылады. Мылқау брауник наганды алып, шақпағын қайырғанда, бір тал оқ алақанына ыршып түседі. Оқтың ұшынан ұстап, түбіндегі тесікке қарап, әкеме әлденені ымдайды. Қаруды әкеп беліне қыстырған соң, әкемнің басынан сипап-сипап қояды.

– Ана жақта не сойқан шығардың? – деп сұрайды Үй сардар.

– Олар... менің анаммен ұйықтаймыз дейді, – дейді қатты жәбірленген әкем.

– Сен не дедің? – дейді өңі бұзылған Үй сардар.

– Мен оған оқ аттым, – дейді білегін көтеріп, көзін сүрткен әкем.

– Сен оқ шығардың ба?

– Мылтықтан дыбыс шыққан жоқ, – дейді әкем әлгі алтын сары жарамсыз оқты Үй сардарға беріп жатып.

Оқты алып қараған Үй сардар оны өзенге лақтырып жібереді. Әуеде әдемі доға жасап ұшқан оқ құлдап барып суға құлайды.

– Жарайсың! Оқты әуелі жапондарға ату керек. Оларды жеңген соң, егер біреу шешеңмен жатам десе, соны қуығынан ат. Басынан да, кеудесінен де атпа. Есіңде болсын, қуығынан дәлдеп ат, – дейді Үй сардар.

Әкем Үй сардардың қасына жантаяды. Оның оң жағы – Фаң әулетінің қос ағайындысы екен. Үлкен құрылғы өзеннің қырына құрылып, мылтық аузы түгел көпірге тураланыпты. Ұңғылары мақтамен тығындалған. Абажадай құрылғының арт жағынан от тұтатқыш орын алыпты. Фаң Чидің қасында гаулияң сабағының өзегінен жасалған білте тұр. Біреуі жаңа тұтана бастапты. Фаң Лиу жанына бір дәрі қабақ, бір темір бытыра салатын темір қорап қойып алыпты.

Сардардың сол жағы – Уаң Уыни. Құс мылтығын қос қолдап ұстаған қалпы екі бүктеліп, бүрісіп қалыпты. Жараланған құлағы ақ дәкемен әлдеқашан біте қайнасып кеткен.

Күн құрық бойы көтеріліп, дәл ортадағы ақшыл жерінен басқа тұсы түгел қызғылт түске боялады. Жалтыраған өзен үстінде гаулияң алқабынан көтерілген бір топ жабайы үйрек ұшып келе жатады. Төбені екі-үш рет айналған соң көбі қайраңдағы қалың шөпке құлап, қалғаны өзен бетіне қонып, жылжыған ағысқа еріп, еңіс құлдап кете барады. Суда жүзген үйректер денесін қозғамай, тек мойындарын ғана ары-бері бұрады.

Әкемнің бойы ептеп жылына бастайды. Түз шығымен малмандай болған киімдері кебеді. Етбеттеп шамалы жатқаннан кейін тас батып, ауырытқандай болған соң кеудесін көтеріп, тік отырады. Басы мен иығы өзен қырынан шамалы асып тұрады. «Етбеттеп жат!» – дейді Үй сардар. Әкем еріксіз қайта етбеттейді.

Фаң шаңырағының алтыншы ұлы мұрны шұрылдап ұйықтап кетеді. Үй сардар жерден кішкене батпақ іліп алып, оның бетіне лақтырады. Меңірейе басын көтерген Фаң Лиу жағын айыра есінегенде, көзінен сығылып шыққан қос тамшы жас төмен құлайды.

– Жау келіп қалды ма? – дейді ол дауыстап.

– Енеңді ұрайын, ұйықтауға болмайды, – дейді Үй сардар.

Өзеннің түстігі мен терістігі жым-жырт. Даңғыраған тас жол қалың гаулияң арасында көсіліп жатыр. Өзендегі тас көпір сондай әсем. Ұшы-қиырсыз гаулияң алқабы төгілген күн шуағында жайқалып, әлдекімнен ұялғандай нарт қызыл түске еніпті. Үйректер жағадағы таяз жерлерде әлденелерді шоқылап, гагагалап үн салып жүр.

Әкем бар назарын жабайы үйректерге аударып, олардың әдемі мамығы мен ойнақы көздерін бақылауға кіріседі. Қолындағы зіл наганын көтеріп, үйректердің теп-тегіс арқасын көздейді. Серіппені басып жіберуге оқталғанда сардар келіп қолын басып қалады.

– Ей, сұмпайы, не істегелі жатырсың? – дейді.

Әкемнің төзімі таусылып, дегбірі қашады. Тас жол әуелгі қалпында созылып сұлап жатады. Гаулияң тіптен қызара түседі.

– Лың Мазы деген малғұн... егер оның мені ақымақ қылуға дәті жетсе... – дейді Үй сардар тістеніп.

Өзеннің түстік жағы жым-жырт. Лың бастықтың өзі тұрыпты, көлеңкесі де көрінбейді. Жау мәшинесі осы арадан өтеді деген мәлімет Лыңға тигенін, өзі жалғыз төтеп бере алмайтынын білгесін, Үй сардардың қолымен тізе қосқанын әкем жақсы білетін.

Шамалы қобалжыған әкем бірте-бірте сабасына түседі. Назарын әлсін-әлі жабайы үйректердің үні аудара береді. Есіне Лохан атамен бірге барып, су жағасынан үйрек аулағаны түседі. Лохан атаның дүмі қара-қоңыр, қайыс баулы мылтығы бар еді. Сол мылтық қазір Уаң Уынидің қолында жүр.

Әкемнің көзіне жас толады. Бірақ, сыртқа ағып кетердей көп емес еді. Аумаған өткен жылғы жағдай. Онда да жып-жылы күннің шуағында әкем тұла бойын кернеген суық ағыстан тоңып тұрғанын анық сезген-ді.

Лохан атаны екі қашырмен қоса жау жасағы мен қуыршақ әскерлер айдап кеткен соң әжем күбідегі араққа бетіндегі қанды жуады. Терісі талаурап, көзі домбыққан әжемнің жүзінен арақ иісі аңқиды. Шетел кездемесінен тігілген ақ мешпетінің өңірі арақ пен қанға малшынады. Іргесінде тұрған әжем күбідегі араққа үңіледі. Арақ бетінен кескіні көрінеді. Тосын жүгініп отыра қалған оның күбіге қарап үш рет бас ұрғаны әкемнің есінде қалады. Артынан әжем орнынан тұрып, шеңгелдеп арақ алып ішеді. Жүзіндегі қызыл екі самайына жиналып, шекесі мен иегі бозарып кетеді.

– Жүгін! – деп бұйырады әкеме де. – Бас қой!

Әкем жүгініп отыра қалып бас ұрады.

– Уыстап арақ іш!

Әкем уыстап арақ ішеді.

Жіптен аумайтын жіп-жіңішке қан талшықтары күбі түбіне батып бара жатады. Ал бетінде шоқ-шоқ ақ бұлттар қалқып жүреді. Соған қоса одан әжем мен әкемнің айбатты кескіндері де көрініс береді. Әжемнің қос жанары ұшқындап от шашады. Әкем батынып қарай алмай тайсақтайды. Жүрегі дүрсілдеп, күбіден тағы бір шеңгел арақ алады. Саусақтарының арасынан аққан арақ көк аспан, ақ бұлт, үлкенді-кішілі таныс кескіндердің бәрін быт-шыт қылады.

Әкем тағы бір ұрттам арақ ішеді. Адам қанының сүйкімсіз дәмі тілінің ұшына ендігәрі кетпес болып байланады. Қан талшықтары күбі түбіне тұнған соң, дәл ортадағы дөңеске жиналып, жұдырықтай болып ұйыйды. Әкем мен әжем оған ұзақ қарап тұрады.

Күбінің қақпағын жапқан әжем там бұрышынан диірмен тасын домалатып әкеп, тік көтеріп, қақпақтың үстіне қояды.

– Мынаны қозғаушы болма! – дейді сосын.

Диірмен тасының ойығындағы ылғал топырақ пен сызды жердің жыбырлаған күрең құртына көз қадаған әкем сескене үркіп, бас шұлғиды.

Сол түні әкем өзінің кішкене төсегінде жатып, әжемнің аулада ұзақ жүрген аяқ тықырына құлақ түреді. Әжемнің тырп-тырп еткен аяқ дыбысы таяу маңдағы гаулияң сыбдырымен араласып, әкемнің аласапыранға толы шытырман түсімен тоғысып кетеді. Әкем түсінде үйдегі екі дәу қашырдың жарыса аңыраған дауысын естиді.

Әкем таң алдында бір-ақ оянады. Жалаңаш күйінде дәрет сындыруға далаға шыққанда әжемнің аспанға қарап үнсіз аңырып тұрғанын көреді. «Апа» деп үн қатады. Әжем үндемейді. Шаптырып болған соң әжемнің қолынан ұстап, үйге қарай жетектейді. Әбден қалжыраған әжем әкеме ілесіп үйге кіреді. Табалдырықтан аттағандары сол, шығыс оңтүстіктен толқынға ұқсаған қатты шуыл естіліп, іле-шала мылтық атылады. Сондай ащы дауыс құдды бір өткір қанжардай құрулы тұрған жібек пердені тесіп өтеді.

Әкем дәл қазір бүйірін төсеп жатқан маң кезінде әппақ кесек тастар мен майда шағылға толған, өзен қырынан қарағанда дөңкиген сары құм-қиыршықтар қатар-қатар тізілген бейіт секілді болып көрініп тұратын жер екен. Өткен жылы жаздың басында ғана биік жиектің сырт жағы сыңсыған қалың гаулияң теңселе мүлгіген жасыл алқап болыпты. Шаңтаспен таптап, гаулияңды түгел жапырып тыстаған соң аңырайып қалған жол сорабы солтүстікке қарай көсіле созылады. Ол кезде үлкен тас көпір әлі салынбаған ғой, шағын ағаш көпір сансыз аяқ, есепсіз ат-қашырдың тұяғымен жеміріліп, әбден тозады. Кейін жұмыс басталғанда, жаншылған жас сабақтан тараған балғын иіс түнгі тұманмен араласып, таңға жуық тіпті де қоюлана түсіпті. Түздегі қалың гаулияң үн-түнсіз өксіп, жылап тұратын болыпты.

Әкем мен әжем әлгі мылтық дауысын естіген соң көп өтпей, жапон әскерлері келіп, ауылдағы кәрі-жас, әйел-бала... түгел айдап осында әкеледі. Жаңа көтерілген күн гаулияң басынан енді асқан тұста жұртпен бірге келген әкем мен әжем өзеннің оңтүстік жағындағы жолдың батыс тарабында тұрады. Аяқтарының асты – жапырылған гаулияң. Әкемдер мал қорадан аумайтын ат шаптырым үлкен қоршауды, оның сыртынан бір топ киімі тозып, шөгіп қалған жұмыскерлерді көреді. Соңыра екі қуыршақ әскер жұмыскерлерді жолдың батыс бетіне айдап әкеліп, әкемдерге жақындатып, тағы бір шоғыр кісіні қоғамдайды. Бұл топтың алдындағы шағын алаң – тұрғандар көп ұзамай азар да безер болған ат-қашыр байлайтын жер екен. Барлығы сілейіп-сілейіп қыбырсыз тұрады. Арада қанша өткені білгісіз, бір кезде шатыр жақтан иығына екі тілім қызыл кездеме жапсырып, беліне ұшы жер сызған болат қылыш асынған, қасқыр ит жетектеп, екі қолына ақ қолғап киген ашаң жүзді жапон сардары келе жатады. Сардардың ізін баса тілін салақтатқан қасқыр ит, оның артында серейіп қатып қалған жапон жасағының өлігін көтерген екі қуыршақ әскер, ең соңында мылжа-мылжа болып жараланған Лохан атаны қолтықтаған екі қуыршақ әскерді айдап қос жапон сарбазы таяй береді. Өзіне қарай тығылған әкемді әжем құшақтай алады.

Ит жетектеген жапон сардары көлік алаңындағы алаңқыға келіп тоқтайды. Мошүй өзенінің бойынан сусылдай ұшқан елу шақты ақ құс тұрғандардың үстіндегі көк аспанды ендеп өтіп, маңдайларын қайта шығысқа түзеп, алтын сары күнге қарай самғап кетеді. Әкем көлік алаңындағы жүндері үрпиіп, сұрқы қашқан ат-қашырларды және жерде сұлап жатқан біздің үйдің қос қара қашырын көреді. Біреуі өліпті, басындағы темір күрек әлі қисайып шаншулы тұрады. Қарайған қан астыдағы қырқылған гаулияң сабақтарын да, қашырдың жалтыраған жазық маңдайын да әбден былғапты. Тағы бір қашыр шоңқия шойлаған жерінде қанға шыланған құйрығымен жер сыпырып, екі бүйірін солқ-солқ соғып отырады. Бірі ашылып, екіншісі жабылып қалған қос танаудан ысқырық тәрізді дыбыс шығып, үздіге дем алады.

Әкем өзінің осы екі қашырды қандай жақсы көретінін соған дейін білмепті! Әйтпесе, талай мінген көлігі ғой. Кеудесін үнемі өр ұстайтын әжем қашырлардың бірінің беліне қада боп қадалғанда, әкем алдынан орын алатын. Мінгескен екеуін қара қашыр гаулияң арасындағы тар жолмен алға қарай алып ұшатын. Алды көтерілсе, арты түсіп, әкем мен әжемді өрлі-төмен сілкілеп, қопаңдатып бағатын. Қашырдың жіп-жіңішке аяқтарынан болмашы шаң көтеріліп, шапқан сайын шаттанған әкем гә-гә-гәлап былдырлайтын. Гаулияң алқабынан бірен-саран болса да диқандар кездесетін. Қолдарындағы кетпен не күрекке сүйенген олар гаулияң қоймасының әйел қожайынының әсем келбетін көргенде, жүздеріне қызғаныш пен өшпенділік алауы қатар тепсініп шыға келетін.

Біздің үйдің қос қашырының біреуі өліп, арандай ашылған аузынан қардай әппақ тістері ақсия жарқырап, андай жерде сұлап жатады. Ал шоңқия шойлаған тағы біреуінің сиқы өлгеннен де бетер еді.

– Апа, біздің қашыр... – дейді әкем әжеме қарап. Әжем алақанымен әкемнің аузын баса қояды.

Мерт болған жапон әскерінің денесі қылыш ұстап, ит жетектеген жапон сардарының алдына әкеп қойылады. Екі қуыршақ әскер өн-бойы қанға боялған Лохан атаны сүйреп, сондағы мамаағашқа апарады. Әкем Лохан атаны бірден танымайды. Ол әкемнің көзіне таяқтан мылжаланған адам бейнелі құбыжық боп көрінеді. Қолтығынан демеліп тұрған оның басы бірде оңға, бірде солға салақтап, тоқтамайды. Төбесіндегі қатқан қан әлдеқашан су шайған өзен қайраңындағы жылт-жылт сағым шашатын қара тұнбаға ұқсап қалған екен, күн сәулесі қақтағанда тулақтай жиырылып, тілім-тілім боп жарылып кетіпті. Жерде сүйретілген екі аяғы жүріп өткен жолында ирек-ирек із қалдырады. Тұрғандар бір-біріне жақындап, ұйлығыса түседі. Әкем әжемнің алақанының иығына кәдімгідей салмақ салып, шеңгелдеп тұрғанын сезеді. Аяқ асты аласарып кеткен адамдардың бірінің жүзі сары топырақтай сазарып, енді бірінің өңі қара топырақтай тұтығып кеткенін байқайды. Ортаны бір сәт ауыр үнсіздік басып, қасқыр иттің ырыс-ырыс етіп тыныс алған демі, ит жетектеген жапон сардарының тарқ еткізіп жел шығарғаны ап-анық естіледі. Қуыршақ әскерлердің адам кейіпті әлгі құбыжықты биік мамаағаштың қасына жеткізіп, қолдарын жібере салғанда, оның сүйегін сылып алып, тастай салған үймек ет құсап дөңкиіп жатқанын әкем көріп тұрады.

– Лохан ата, – деп баж ете қалады әкем.

Әжем тағы әкемнің аузын баса қояды.

Мамаағаштың түбінде жатқан Лохан ата ақырын қимылдайды. Әуелі құйрығын жоғары көтереді. Көпір доғасындай иіліп, екі тізесімен жүгіне отырып, қос қолымен еңбектеп, басын жерден алады. Гүп боп кеткен беті тырсия жылтырап, екі көзі жұмылып, әлдеқашан көлденең тартылған ұзын сызыққа айналған екен. Сол тұстан қос жебе тәрізді жасыл ұшқын шашырайды.

Лохан атаға қадала қараған әкем оның да өзін көргеніне күмәні қалмайды. Кенет бет-аузы тыржыңдап, құлақ-шекесі дыңылдап, қорыққанын не кектенгенін білмей, алабұрта аласұрады. Құлындата шыңғырғысы келгенмен, аузын әжем басып алғандықтан, дымын шығара алмай, іштен тынады.

Ит жетектеген жапон сардары жұртқа қарата әлдене деп айғайлайды. Шашын тіп-тік, теп-тегіс қып қиғызған бір қытай оның сөзін жұртқа аударып береді.

Сөйлеп тұрған тілмәштің не дегенін әкем толық ести алмайды. Аузын әжем басып тұрғандықтан, көзі қарауытып, құлақтары шыңылдап кетеді.

Екі қара киімді қытай Лохан атаны тыр жалаңаш қып шешіндіріп, мамаағашқа таңады. Жау сардары қолын бұлғап қалғанда, тағы екі қара киімді кісі, біздің қыстақта ғана емес, Гаумидің тұтас Дұңби ауылына шошқа союмен аты шыққан Сүн У деген қасапты ағаш қоршаудан шығарып, желкесінен итеріп, айдап келеді.

Сүн У аласа бойлы, тұла бойын іркілдеп ет басқан, қарны қабақтай, жалтыр бас, арасы тым жақын екі көзі мұрнының екі жағында шүңірейіп тұратын қызыл шырайлы кісі еді. Сол қолында өткір пышақ, оң қолында бір шелек су, қылтырай басып Лохан атаның алдына келеді.

– Тақсыр айтады, мынаның терісін жақсылап сыпырсын дейді. Сыпырмаса... қасқыр итке қарнын жарғызамын дейді, – дейді тілмәш.

«А-а-а» деп арт-артынан үн салған Сүн Удың көзі жыпылықтап кетеді. Артынан пышағын аузына тістеп тұрып шелектегі суды лақ еткізіп Лохан атаның төбесінен құйып жібереді. Суық судан тітіркенген Лохан ата басын көтереді. Қан араласқан су оның жүзінен ағып, мойнына құлайды. Содан құлдаған күйі бақайынан бір-ақ шығады. Бір бақылаушы өзеннен тағы бір шелек су әкеледі. Сүн У жаман шүберекті суға малып алып, Лохан атаның өне бойын тап-таза қылып жуады. Лохан атаның денесін сүртіп жатқанда ол құйрығын бұлғақтатып:

– Аға... – дейді.

– Бауырым, пышағыңды салшы, жақсылығыңды о дүниеде ұмытпайын, – дейді Лохан ата.

Жапон сардары ақырып қалады.

– Тез іске кіріс! – дейді тілмәш.

Өңі бұзылып кеткен Сүн У быртиған қысқа саусақтарын созып, атаның құлағын қыса ұстап:

– Аға, бауырыңда амал жоқ... – дейді.

Әкем Сүн Удың қолындағы пышақтың атаның құлағын ағаш аралағандай ары-бері ырғап кесіп жатқанын көреді. Құлындай шыңғырған Лохан атаның сап-сары кіші дәреті екі тақымының арасынан тыз-тыз атқақтайды. Әкемнің аяғы қалтырап кетеді. Әппақ қыш тегене көтерген жапон әскері Сүн Удың қасына келіп тұрады. Сүн У Лохан атаның еті мол үлкен құлағын тегенеге тастайды. Іле тағы бір құлағын да кесіп алып, тегенеге салады. Әкем Лохан атаның екі құлағының да табақта шоршып, секіріп жүргенін көреді.

Қыш тегене көтерген жапон әскері жұмыскерлердің, ер-әйел, кәрі-жас... барлығының алдынан жүріп өтеді. Әкем Лохан атаның құлағының сондай әппақ, әдемі екенін байқайды. Тегене сыңғыры тіпті де күшейе түседі.

Жапон әскері құлақты көтеріп, жапон сардарының алдына барады. Сардар басын изейді. Әскер енді тегенені жапон әскерінің мәйітінің қасына апарып қойып, бір сәт үнсіз тұрады да, қайта алып, қасқыр иттің тұмсығының астына апарып жайғастырады.

Тілін «сылп» еткізіп жиып алған қасқыр ит қап-қара ұзын тұмсығымен екі құлақты иіскелейді. Басын шайқап, тілін қайта салақтатып, әуелгі қалпында шоңқиып отыра береді.

– Ей, тағы кес! – дейді аудармашы Сүн Уға.

Тұрған орнында шыркөбелек айналған Сүн У әлдеңелерді айтып күбірлейді. Әкем оның бет-аузын май аралас тер басып, көздерінің дән терген тауықтың көзінен бетер болып тез-тез жыпылықтап кеткенін көреді.

Лохан атаның қос құлағының түбірінен бір-ер тамшы ғана қан ағады. Екі құлақтан айрылған оның басы демде сып-сидам болып шыға келеді.

Жау сардары тағы да ақырады.

– Тез кес! – дейді тілмәш.

Сүн У еңкейіп, Лохан атаның жыныс мүшесін кесіп алып, жапон әскері көтеріп тұрған тегенеге тастайды. Екі білегін түп-түзу қылып алға созып, тік қараған жопон әскері құдды бір қуыршақ сияқты топтың алдынан қақайып және бір мәрте жүріп өтеді. Әкем әжемнің мұздай суық саусақтарының иығына батып, кіріп бара жатқанын сезеді.

Жапон әскері қыш тегенені қасқыр иттің алдына апарып қояды. Екі шайнаған ит етті аузынан шығарып тастайды.

Лохан ата ащы дауысы көкке жетіп шырқырай береді. Сүйектері шодырайған арық денесі мамаағашқа таңылған күйінде бұлқына шоршиды.

Пышағын жерге тастаған Сүн У тізерлеп отыра қалып, өкіріп жылайды.

Жапон сардары мойын жібін босата сала тұра ұмтылған қасқыр ит алдыңғы екі аяғымен Сүн Удың иығынан басып тұрып, қашау тістерін ақситады. Жерге құлап түскен Сүн У екі қолымен бетін басады.

Жапон сардары ысқарып қалады. Шынжырын сүйреткен қасқыр ит секеңдей шоқырып кері қайтады.

– Тездетіп терісін сыпыр! – дейді тілмәш.

Орнынан төрт тағандай көтерілген Сүн У пышағын ұстап, тәнтіректей басып Лохан атаның қасына келеді.

Лохан ата оны сүйегінен өткізе сыбап салады. Тұрғандар Лохан атаның ащы үнінен селт етіп бастарын көтереді.

– Аға... аға... шыдаңыз... – дейді Сүн У.

Лохан ата қанды қақырығын Сүн Удың бетіне былш еткізеді.

– Сыпыр... атаңа нәлет, сыпыр! – дейді сосын.

Сүн У пышағын ыңғайлап алып, Лохан атаның құйқасын төбедегі ырсиған жараның аузынан бастап, сыр-сыр сыпыра бастайды. Атаның бас терісі тұтас сылынып, жап-жасыл көздері, қан талаған қызылшақа еті... шілпиіп сыртқа шығып қалады.

Әкемнің айтуынша, Лохан атаның бас терісі сыпырылып болғаннан кейін ауыз тұсындағы үңірейген қуыстан күбірлеген дыбыстар тоқтаусыз шығып тұрады. Тізбек-тізбек қан моншақтары қоңырқай түсті төбесінен төмен саулайды. Әлдеқашан адамға ұқсамай қалған Сүн Удың пышаққа жетілген шеберлігі сонша, тұтас теріні бүтін күйінде ажыратып алады. Сырты сойылған Лохан ата тірі қаңқаға айналған соң, ішіндегі ішек-қарыны бүлк-бүлк етіп, бұлқына шоршиды. Топ-топ шыбын құжынап, төңеректеп ұша бастайды. Тұрғандардың арасындағы әйелдер түгел жүрелеп отырып жылағанда, күңіренген үндері даланы жаңғыртады. Сол күні түнде қалың жаңбыр жауып, көліктер алаңындағы қан дақтарын тап-таза қылып жуып кетеді. Лохан атаның мәйіті мен терісі де ізім-қайым жоқ болады. Лохан ата сүйегінің зым-зия жоғалғаны туралы хабар ауылға жеткен соң, бірден бірге тарап, отыз тістен шықан сөз үш мың құлаққа жетіп, соңында ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып кететін әдемі аңызға айналады.

«Егер ол шөнеңді қылжақ қылатын болса, мен оның мойнын бұрап жұлып алып, сиетін астау жасаймын». Күн көтерілген сайын кішірейіп, жерге ақшыл сәуле себеді. Гаулияңға тұнған мөлдір шықтар сиреп, үйректердің бір тобы ұшып кетіп, тағы бір тобы ұшып келеді. Лыңның адамдары келе қоймайды. Тас жолдан кездейсоқ кесіп өткен жабайы қояндардан басқа тірі жан көрінбейді. Соңыра от болып жанған бір қызыл түлкі лап етіп шыға келіп, көз ілеспей жорытып өтеді.

Үй сардар Лың бастықты сыбап болған соң:

– Оу, тұрыңдар! Біз әлгі иттен туған Лың шұбарға алданған сияқтымыз, – дейді дауыстап.

Жатудан әбден жалыққан сарбаздардың күткені де осы еді. Сардардың бұйрығын ести сала орындарынан тұрып, кейбірі өзеннің қырына шығып отырып, шақпақтарын шағып, темекі тұтатса, кейбірі өзеннің еңселі қырында тұрып, төмен қарай күшене шаптырады.

Өзен қырына шығып тұрған әкемнің ой-қиялы әуелгідей өткен жылғы істерге ауа береді. Құйқасы сыпырылған Лохан атаның басы көз алдына елестейді. Аяқ асты қарасы көбейген адамдар тобынан үріккен жабайы үйректер дүр көтеріліп, қайта барып таяу маңдағы қайраңға қонып, теңселе басып кетіп бара жатады. Сары, жасыл түсті мамықтары шөп арасынан жылт-жылт етіп көрінеді.

Қанжары мен ханияң мылтығын қолына алған мылқау Үй сардардың алдына келеді. Оның өңі бозарып, қарашығы қимылдаудан қалған екен. Саусағын шошайтып күнді көрсетеді. Күн оңтүстік шығысқа қарай ауған екен. Саусағын төмен салып, тас жолды нұсқайды. Жол қаңырап бос жатыр. Мылқау енді құрсағын көрсетіп, әлдене деп бажылдайды. Білектерін бұлғап, ауыл жақты меңзейді. Шамалы ойланған Үй сардар жолдың батыс жағындағы адамдарға:

– Бері келіңдер! – деп айғайлайды.

Жасақтың бәрі тас жолдан өтіп, өзен қырына жиналады.

– Бауырлар, алда-жалда Лың шұбар бізді тәлкек еткен болса, мен оның мойнын бұрап жұлып аламын. Күн әлі ерте, әлі де тоса тұрайық. Түс болғанша мәшине көрінбесе, біз тіке Таң Жияуаға барып, Лың шұбармен есеп айырысамыз. Әзірше гаулияң арасына барып демала тұрыңдар. Мен Дугуанды тамаққа жіберейін. Дугуан! – дейді сосын Үй сардар жан-жағына қарап.

Әкем Үй сардарға қарайды.

– Сен үйге барып, шешеңе айт: адам жинап, қыспа нан пісірсін. Түс болғанда бізге жеткізіп берсін... шешеңнің өзі әкелсін, – дейді Үй сардар.

Бас изеген әкем ышқырын бір көтеріп қойып, брауник наганын беліне қыстырып, өзен қырынан секіріп түседі. Тас жолды бойлап терістікке қарай біраз жүгіргесін, гаулияң арасына сып береді де, терістік батысты бетке алып зытып отырады. Теңіздей толқыған гаулияң арасынан ат-қашырдың бірнеше бас сүйегін ұшыратады. Аяғымен теуіп қалғанда, қаңқаның ішінен қысқа құйрық, қауға жүнді екі тышқан атып шығып, бір сәт сескенбей қарап тұрады да, қаңқаға қайта кіріп жоқ болады.

Әкем біздің үйдің қос қашырын тағы да есіне алады. Тас жол салынып арада ұзақ өтсе де, әр рет шығыс түстіктен жел тұрған сайын ауылдағылардың мұрынына сасыған өлік иісі келетіні жадына оралады. Мошүй өзенінде өткен жылы ондаған ат-қашырдың өлігі теңкиіп-теңкиіп шіріп жатты. Өзен бойындағы арам шөп өскен таяз жағалауда жолдары түйіскен олардың қарнына күн сәулесі түсіп, ісініп барып атылып, үзілген ішектері әр жерде гүлге ұқсап түріле айналып, жолақ-жолақ боп тартылған көгілдір сұйықтықтар жөңкіліп жатқан өзенге жетіп, ағыспен қосыла ақты.

V

Әжем он алтыға шыққан жылы әкесінің жеке-дара шешімімен Гаумидің Дұңби ауылындағы атақты бай Дән Тиіңшиудың жалғыз ұлы Дән Пиәнлаңға ұзатылыпты. Арақ өндірумен айналысатын Дән әулеті бағасы арзан гаулияңды шикізат ретінде сатып алып, сапалы ақ арақ өндіретін, алыс-жақынға аты кеткен белгілі шаңырақ екен. Жері ойпаң Дұңби ауылын жыл сайын күзде су басқан кезде, гаулияң сабағы жауын суына тосқауыл болатындықтан, гаулияң көп егіліп, жыл сайын мол өнім алынады екен. Осы арзан шикізатпен арақ ашытатын Дән әулетінің пайдасы мол, табысы жұрттан артық болыпты. Әжемнің Дән Пиәнлаңға тұрмысқа шығуы үлкен нағашы атама зор абырой әкеледі. Дән Пиәнлаң дауасыз ақпа кесел (адамның еті іріп ағатын ауру) жұқтырып алды деген қауесет тарағанына қарамастан, кезінде көптеген адам Дән әулетімен құдандалы болуды аса қалапты. Дән Тиіңшиу желкесіне өріп алған бір тұтам бұрымы бар, кішкентай ғана қатпа қара шал екен. Үйінде сандық-сандық ақшасы бола тұра, тозығы жеткен жыртық киім киіп, белін кендір жіппен буып жүріпті.

Әжемнің Дән әулетіне келін болып түсуі Тәңір жазуы болса керек. Сол күні әжем үй маңындағы әлпеншектің қасында ши аяқ, ұзын бұрым ересек қыздармен бірге қызыққа батып ойнап отырады. Кезекті көк шыбық мерекесінің кезі, шабдалы ағашы гүлдеп, үйеңкі бүрлеген шақ екен, себезгілеп жаңбыр жауып тұрады. Гүлдей жайнаған байжеткендер емін-еркін сауық құрады. Сол жылы әжемнің бойы 1.6 метр, салмағы 60 килограмм болыпты. Иініне ұсақ гүлді кездемеден мешпет, бұтына жасыл торғыннан шалбар киіп, бақайына қызыл күрең түсті жібек лента байлап алады. Жауын жауып тұрғандықтан, аяғына тораңғы майына шыланып, шебер өрнектелген, жүргенде шықыр-шықыр дыбыс шығаратын су етік киеді. Шүйдесінде тоқпақтай жылтыр бұрымы салбырып, мойнына ап-ауыр күміс алқа асыпты. Үлкен нағашы атам күмістен әшекей бұйым соғатын кіші-гірім ұста ғой. Үлкен нағашы әжем ши аяқтың әйелдер үшін қандай маңызды екенін жақсы білетін күйреген жер иесінің қызы екен. Әжемнің аяғын алты жасқа толар-толмай таңып, ол башпайларын күн өткен сайын қыса түсіпті. Үлкен нағашы әжем ұзындығы бір құлаштан асатын орауышпен әжемнің аяғын тас қылып байлап, аяғының ішкі сүйектерін мұқалтып, сегіз башпайын табанының астына қайыра кіргізіп, бүгіп тастайды. Қандай аянышты десеңізші!

Менің туған шешем де ши аяқ болатын. Аяғын көрген сайын жүрегім сыздап: «Феодализмді жоғалтайық! Адам аяғының еркіндігі жасасын!» – деп ұрандағым келетін. Көп қиыншылыққа төзе жүріп әжем ақыры табаны сынық сүйем ши аяқ болып ержетеді. Он алтыға толған жылы балғын денесі толысып, жүрген кезде иықтары кезбез қозғалып, бөксесі бұраңдап бара жататын жел тербеген талшыбыққа айналады. Дән Тиіңшиу сол күні жаман шарбағын көтеріп, үлкен нағашымның ауылын аралап жүреді. Қалың гүл шоғының арасынан менің әжеме көзі түседі. Үш айдан кейін гүлді күйме әкеліп, әжемді алып қайтады.

Тұмшаланған гүлді күймеде отырған әжемнің басы айналып, көзі қарауытады. Басына жабылған қызыл шүберек көзін көлегейлеп, қолқа атқан күлімсі иіс шығарады. Әжем қолын көтеріп, қызыл кездемені жұлып алады. Үлкен нағашы әжем оған қандай жағдайда да басындағы жабуды өзі ашпауын қайта-қайта тапсырған екен. Күмістен өрген ауыр білезік еңіс сырғып, бөксесінің тұсына келіп тоқтайды. Әжем ондағы жылан өрнектерді көріп, көңілі астаң-кестең болады.

Жып-жылы қоңыр самал топырақ жолдың екі жағындағы жасыл гаулияң сабағын аялай сипайды. Гаулияң арасынан көгершіннің гүрілдеп салған зекірі естіледі. Жаңа бас жарған гаулияңның сұрғылт масағынан қобырап тозаң ұшады. Көзін ұзартпай тосып алған күйме пердесіне айдаһар-самұрық суреті кестеленген екен. Терезеге тартылған қызыл шүберек жылдар бойы жалға берілетін күймемен бірге оңып, орта тұсы сатпақ болып қалыпты. Жаздың соңы, күздің басы, күн әлі ыстық болғандықтан, күймешілердің болмашы қимылының өзі күймені ырғап, теңселте түседі. Күйме бағанын байлаған сиырдың шикі қайысынан шиқ-шиқ еткен дыбыс шығып, торғын перде суси толқиды. Күн сәулесі ішке еркін төгіліп, салқын самал гулей желпиді. Қара терге малшынып, жүрегі атқалақтаған әжем күймешілердің біркелкі аяқ дыбысы мен алған ауыр тынысын анық естиді. Санасында сәулеленген тастай суық үскірік аяз бен зәрдей ащы аптама ыстық кезек алмасып, құбылып бағады.

Әжем Дән Тиіңшиудің назарына ілінгеннен кейін үлкен нағашы атам мен үлкен нағышы әжемді қанша адамның келіп құттықтағаны белгісіз. Әжем ішкені алдында, ішпегені артында, бақуатты өмір сүруді қанша армандағанмен, ақиқатында, өзі қара танитын, келбеті келіскен, күйіне де, сүйіне де білетін жары болғанын тіпті де қалапты. Үйде қамалып отырып, жасауын дайындағанда кездемеге кестелеп менің болашақ атамның көркем бейнесін салады. Әуелде ол тезірек некеленуді ойлайды, алайда, құрбыларының әңгімесінен Дән әулетінің мырзасының ақпа кесілге шалдыққан жан екенін естігенде, көңілі су сепкендей басылады. Әке-шешесіне жан түкпіріндегі алаңын жеткізеді. Әкесі жалтарып, жауап қайтармайды. Анасы әжемнің құрбыларын сыбап салады. Шамасы, «Жүзімді жей алмаған түлкі оны ащы дейді», – деген мағынадағы сөздер айтқан болу керек. Кейін әкесі «Дән әулетінің мырзасы асқан оқымысты жан, үйден шықпайтын, ақ сазандай әппақ, аса көрікті жігіт» дегенді айтып жүреді. Оның шын-өтірігін біле алмай дал болған әжем «бұл дүниеде өз перзентінің қамын жемейтін әке-шеше болмайтын шығар, бәлкім, құрбыларым білмей, жаңсақ айтқан шығар» деп ойлап, сабасына түседі. Қайта бастан тезірек ұзатылуды армандайды. Жастық жалынның қызуына қақталып, әбден толысқан әжемді енді күшті дегбірсіздік пен құлазыған жалығу иектейді. Еңгезердей бір еркектің құшағында жаншылып, алып ұшқан арынын басып, жалғызсыраған зарығын сейілткісі келеді. Ақыры ұзатылар күн де туады. Әжем төрт адам көтеретін үлкен күймеге жайғастырылады. Алды-артынан қатар озандаған керней мен сырнай дауысын естігенде әжем көз жасына ерік береді. Жерден көтерілген күйме бұлт үстінде қалқып бара жатқандай сырғи жөнеледі, Кежегесі кейін тартқан барабаншы-сырнайшылар ауылдан көп ұзамай-ақ жұмыстарын тоқтатып, енді күймешілердің жүрісі жылдамдай түседі.

Гаулияң иісі олардың жандарын жадыратады. Гаулияң арасында құстар түрлі әуенге салып әнге басады. Тік-тік тартылған күн сәулесі күңгірт күйменің ішіне түскенде әжемнің көңіліндегі күйеуінің кескіні де толық айқындалады. Жүрегі ине шаншылғандай шанышқақтап, қатты-қатты ауырып кетеді.

«О, Жасаған! Маған өзің жар бол!» – деп шын жүректен тілек тілеген әжем әдемі еріндерін білінер-білінбес қана жыбырлатады. Ернінің үстіндегі аса майда майса түктері ылғалмын толық қамтамасыз еткендіктен, жүзі бал ағып тұрғандай одан сайын балғын тартады. Аузынан шыққан күбірін күйменің қалың қабырғасы мен торғын перде сол сәтте жұтып, жоқ қылады. Әжем басына жапқан кездемені алып, тізесіне қояды. Дәстүр бойынша, күннің шыжыған ыстықтығына қарамай, шыт жаңа мақталы киім киіп алған екен.

Әбден тозған күйме тым лас көрінеді. Табытқа ұқсап қалған оған көп өтпей-ақ өлі мәйітке айналатыны анық қаншама жас келіннің отырғаны белгісіз еді. Күйме қабырғасын қаптаған сары торғынның кірлегені сонша, майы сыртына шығып кетіпті. Бес шыбынның үшеуі әжемнің басын айнала ұшып, екеуі күйме пердесіне қонып, добалдай қара аяқтарымен жарқыраған көздерін сүртеді. Тынысы тарылған әжем ши аяғын ақырын созып, пердеден саңылау ашады. Ұрлана сығалап, сыртқа қарайды. Күйме көтергендердің кең тігілген қара шалбарларының сыртынан анық байқалатын әдемі, ұзын сандарын және қос қырлы кендір шақай киген талыс аяқтарын көреді. Жалпақ табандардың басқан жерінен бұрқылдап шаң көтеріледі. Күймешілердің белуардан жоғарғы сом денелерін ойлаған әжем еріксіз аяғын алға жылжытып, өзі ілгері қарай ұмсына түседі. Іле қызыл үйеңкіден жасалған, жалтыраған күйме бағанын, күймешілердің керілген кең иықтарын көреді.

Жолдың екі жағындағы тақтайдай тегіс қалың гаулияң бір-бірімен тұтасып, бір денеге айналғандай, иін тіресе ырғалып, күш тоғыстыра толқиды. Бір-бірінен мүлде айырғысыз сұрғылт масақтары қалғып кеткендей көздерін жұмып алыпты. Гаулияң еш уақытта басын имейді. Ол толассыз жылып ағатын өзенге ұқсайды. Жол кейде тосын тарылып, шіркей саңғырығы жабысқан гаулияң жапырақтары күйменің екі жағын сүртіп, сарт-сарт ұрады.

Күймешілердің жалаңаш денесінен қышқылтым тер иісі тарайды. Еркектерге ғана тән бұл лепті әжем белгісіз құштарлықпен құшырлана иіскейді. Жарықтықтың көңіл айдынында жастық сезім толқындары көтеріліп, тербеп өткені даусыз еді.

Жалғасы бар...


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар