Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЕСТЕЛІК
Мұхтар Мағауин. Жəнібек Кəрменов ...

08.07.2021 7834

Мұхтар Мағауин. Жəнібек Кəрменов 12+

Мұхтар Мағауин. Жəнібек Кəрменов  - adebiportal.kz

«Қазақтың əн өнері – əлемдік деңгейдегі, өзгеше бір құбылыс. Əлемдік деңгейдегі!.. Дүние жүзі халықтарының əн қазынасының алдыңғы, ең бірінші қатарында тұрған өнер деп айтар едім. Өйткені, біздің ескі тарихтан бастайтын болсақ, Ежелгі Ғұн дəуірінде, Ежелгі Түрік қағандығы кезеңінде, Еуропа қараңғылық түнегінде жатқан, жабайы қалыпта жүрген заманда негізі салынған, Алтын Орда тұсында сəн-салтанатқа шыққан, Қазақ Ордасы кезінде бүгінгі күш-қуатын тапқан қазақтың алапат, асқақ, сырлы, мұңды, сəнді əуезі!.. Арғы заманда ұлы əншілер, ұлы сазгерлер туды. Бізге мағлұмы – соңғы бірер ғасырдағы ерекше тұлғалар: Ақан, Біржан, күні кешегі, біздің ықылымға жетіп өткен Əсет пен Мəди, далалық ұлы композиторлардың соңғы сарқыты Естай! Бұлардың əніндей əсем əн, мұндай сырлы, мұндай мағналы, мұндай терең саз жер дүниеде ешбір халықта жоқ. Ал егер Батыс жұртшылығы танымай жатса, бағаламай, білмей келсе, ол – өзіміздің қажетті насихатымыздың олқылығы жəне Батыс əлеміндегі өнертанудың кемістігінен, Батыстағы əн сүйетін қауымның əлі біздің өреге, біздің дəрежеге жетпей жатқандығынан деп білу керек! (Ду қол шапалақтау). Алдағы жылдарда танылып, бағаланып жатар. Бірақ ең бастысы – мына біздің өзіміздің тануымыз, өзіміздің бағалауымыз. Осы тұрғыдан алғанда, біз өзіміздің құнымызды өзіміз азайтып бара жатқан секілдіміз, кейінгі кезде. Ал Жəнібек сол ұлы əншілік өнердің, ұлы əншілік дəстүрдің біз көрген ең жарқын, ең үлкен, ең ұлы тұлғасы болатын!.. (Ду қол шапалақтау!)»

Жəнібектің дүниеден көшкен бір жылдығында, Қазақ консерваториясында өткерілген еске алу кешінде айтылған сөз еді. Толғаудың кіріспе лепесі ғана. Қазақ радиосы, əлде теледидары толық жазып алмапты. Кейінде бұл тараптағы əкім Ғалым Доскенге айтып, Радиоға жауапкер Тұрсынжан Шапайға тапсырып, іздеткенде табылған жұқанасы. Тəп-тəуір сөйлеп едім, бұдан бұрынғы жəне соңғы, əр тарап, тағы қаншама сөз сияқты, желге ұшып жоғалды. Қайыра ышқынсақ та сол қалпында шықпайды. Əйтсе де, осы кештен соң көп ұзамай-ақ, əнші Жəнібек туралы арнайы мақала жазбақ болдым. Бір шарты – толқымалы, сырлы дауысын қайыра тыңдау қажет. Келінмен хабарластым. Жазба таспасы бар ма, деп. Көп емес. Маған əкеп тастауды өтініп едім. Бұл кезде үйде қолды-аяқты бала жоқ, бірі сыртта, бірі шаруа соңында. Барып ала қоймадық. Келін де ретін таппаған сияқты. Əлде сыртқа шығаруға қимады, жалғыз-жарым нұсқа. Қайыра сұрамадым. Ақыры, лықып тұрған мақала қағазға түспей қалды. Жоғалған сөзді тұманнан табу қиын. Енді қаншама заманнан соң, қажетті естелікке жүгініп отырмын.

Жəнібек екеуіміздің ауылдарымыздың ара жігі жоқ. Мен туған Көпбейіт-Босаға мен Жəнібек туған, аттас қоныстың арасы оншақты шақырымнан аспайды. Төбеге шықсаң, алақан аясында тұрар еді. Иə. Ескіше, тобықты мен керей, жаңаша Абай мен Шұбартау ауданының шекара межесі. Тұтастай алғанда, Шыңғыстың Сырт аталатын күнгей құламасы. Екі ауыл ежелден араласып жатқан, құданда, жекжат, нағашы, жиенді. Бірді-екілі емес, жаппай сыпат алған жағдаят. Жəнібектің анасы да біздің ауылдың қызы екен.

Жəкең дүниеге келген жер – арыдан тартсақ, тарихи атау. Дүрбін Ойрат түбегейлі қирап, қазақтың бір парасы ежелгі түрік мекені – Шығысқа қарай төңкерілген кезде, он екі абақ керейді бастаған əйгілі Ер Жəнібек дəп осы арада ордасын тігіп, бір, əлде екі жыл қатарынан аял қылған екен. 1750–1760-жылдардың тоғысы. Бұл кезде бүткіл Шыңғыстау, одан бергі Дағандел, Шұбартау алқабы бос жатыр. Ер Жəкең, тəрізі, осы құйқалы өлкені толтыра орнығуды ойласа керек. Бірақ айбынды Абылай ханның Ойраттан босаған Жоңғар, Алтай атырабын қайтадан иелену туралы жарлығы бар. Алда – бұдан да байтақ, кең қоныс жатыр. Ақыры Жəнібек батыр өзі бастап, бар жұртымен түп көтеріледі. (Арада отыз жыл өткен соң, он екі абақтың бір тармағы жастабанның үштен бір бөлшегі қалың елден ажырап, осы өңірге қайтып оралады – патша заманындағы Дағандел болысы, кейінгі Шұбартау ауданы.)

Жəнібек аталған шүйгін қоныс, айтқанымыздай, қыр етегі, Бақанас өзенінің оң қабағына жапсарлас, нақтылап нұсқасақ, Байқошқар өзенінің құйғанына жеті-сегіз, сол қабақ Балқыбектен төрт-бес шақырым жоғары, сулы, қалың шалғынды, көкорай ойпаң. Ұлы Мұхаңның ғасырлық эпопеясында жас Абай бастаған балалар бүлдірген тере баратын, Бөжейдің жанамалай өткен қаралы көшін көретін, кейінірек, алтыбақанда Тоғжанмен кездесетін, жайлаулы жазира. Белес беттегі, бұрнада, Жəнібек туған қыстау сақталмаса керек, сол араға салынған, кейінде біз көрген тəп-тəуір мал қора мен тұрғылықты үй қазірде мүлде иен, қаңқиған қабырғалары ғана қалыпты. Бүгінде осы Жəнібек алқабы ғана емес, Шыңғыстың Сыртындағы жайлау, қыстаулар түгелге жуық бос жатыр.

Елдің ескілікті шежіресі тұнып тұрған, Абай рухы шалқыған, əн мен күй өрлеген өзгеше аймақта туып өскен, көкірегі нұрлы бала Жəнібек таза қазақы тұрғыда қалыптасуға тиіс еді. Əнші болмаса, сазгер, ақын, жазушы, қайткенде ұлттың рухани қазынасын бойына сіңірген өзгеше тұлға ретінде. Шынында да солай болды. Күміскөмей бала, кейінде кемел жігіт, Тəңірі дарытқан көп өнердің ішінде, дəп осы кезде, советтік ресми саясат ыңғайымен қазақтан шеттеле бастаған ескілікті əн өнерін таңдапты. Ақыры, бар мұратына жетті. Жəнібектің жеке басы. Қысқа ғұмырында. Ал біз, бойлай қарасақ, орта жолда, одан да əріде, пұшайман жағдайда, жетпей қалыппыз. Жəнібектің келте жасын емес, арттағы мол мұрасының ит-талауға түсуін, оннан тоғызы сақталмағанын айтып отырмын. Қазіргі, көпке белгілі Жəнібек – біз көрген, білген, сүйінген Жəнібектің оннан бір бөлшегі, солғын жаңғырығы ғана. Сөз мəнісі – алда. Таусылмасақ та, таратып талдармыз.

Жəнібектің даусын бұрынырақ естісем керек, жүзбе-жүз қашан, қалай танысқаным есімде жоқ. Əуелде менен алысырақ жүрген сияқты. Университеттегі оқуына көмектесіп, сырттай қамқорситын, тойға салып, қонаққа сүйреп, қосымша бедел тапқан бір ағасы – менің өте жақын саналатын құрдас, жерлес досым, неге екені белгісіз, қалыпты əдетімен мені бұл балаға да сырттай жамандап, арам, оңбаған деп, құлағына сіңіре береді екен, көлденең куəлар арқылы бір емес, екі-үш мəрте естідім. Жəне кейінірек өзі де айтып өкініпті. Мектептес досымның өсек-аяңға, өсек болғанда, жала мен қисынсыз өтірікке жүгініп, алыс-жақын ағайынға шағыстырып жүретін ғадетін аңдайтын едім, өзінің бағасы, сенген жұртқа да өкпе жоқ деп, мəн бермеуші едім, арада қаншама заман, бұл жолы қаңқу сөз емес, өткендегі, нақты бір жазбасын көрген соң ғана улы зардабын тани бастадым. Мен елемесем де, талаймен араға от тастапты. Бұлармен салыстырғанда, Жəнібекке қатысты жағдаят мүлде жұпыны. Азғана уақыт аралық қиыспағаны демесек. Ақыры, Жəнібек те іс мəнісін ұғады. Мұхтар ағаны білмеген екем, анау айтқаннан мүлде басқаша кісі екен, деп. Ақыры, түрімді ғана емес, өзімді де таныған соң, аса жақын ініге айналды.

Осы кездегі өзгеше бір келісі есімде. 1984, желтоқсан, «Аласапыран» үшін Мемлекеттік сыйлыққа жеткем. Жаңа жылдың қарсаңы, жаңа пəтерге көшеміз деп, буынып-түйініп отырғанбыз. Игілікті шешім шыққан əуелгі күн, алғашқы кеште Олжас бастаған ең жақын төрт-бес кісіміз құттықтап кеткен. Арада бір, əлде екі тəулік өтер-өтпесте баспасөзде ресми хабары жарияланды. Дəп сол күні, түске таман, Жəнібек ескертусіз, жеке келді. Азғана сөз, інілік ілтипаттан кейін, шұғыл жасалған дастарқан үстінде айтып еді. «Естіген, есті қазақтың бəрі қуанып жатыр, – деген. – Жаңа жолай, əлдебір, жазда алды ашық тұратын кафенің қасынан өте бере, күн аяз, суық, жылына кетейін деп, ішке бас сұғып едім, бейтаныс жап-жас екі жігіт жүз грамнан құйғызып тұр екен. Мені түрімнен таныды, танымады – бірден-ақ төтесінен кетіп, білесің бе, «Аласапыран» Мемлекеттік сыйлық алды ғой, Мұхтар Мағауин», – деді. Мен бəрекелді деп, қосыла кеттім. Бұдан соң үстеме жасадық. Бəрін өзім төлеп, сол екпінмен келіп тұрғаным», – деп еді, жарықтық. Қазір жарықтық, ол кезде бала. Бұдан əрі коняк келген. Менің қызуым біршама, енді ырым үшін жиырма грамм, деп еді. Жəкең қызу емес, көңілді еді. Мен оймақтай рюмкаға əлде отыз, əлде қырық грамм құйдым. Ас алып, шай сораптап біраз отырдық.

Осыдан кейінгі жəне бұрынғы тағы қаншама кездесу, үй-ішіндік дастарқан, дулы той... Қайсы бірін түгендерсің. Ал жаңағы, кафедегі екеудің əңгімесі, мені сырттай ғана білетін жайсаң жігіттердің оқиғасы есте қалыпты. Жəнібек мен мəртебелі сыйлық алғаннан соңғы ең елеулі оқиға ретінде кейіптеп еді. Шынында да ғажап емес пе. Қатардағы оқырман, бейтаныс інілердің сыртыңнан сенің қуанышыңды, сен емес, бүкіл қазақ əдебиеті, қазақ рухының мерекесі ретінде тойлап жатса. Жəкең осы бір көлденең лепеске менің өзімдей көтеріліп қалыпты.

Жəнібек қаймағы шайқалса да, мəйегі бұзыла қоймаған таза қазақ ортасы – Шыңғыстауда туып, өсті. Бұрнағы заман емес, сонымен қатар, бүгінгі күнімізге деп тап-тұп келмейді. Дəстүр-салт, ескілікті қарттардың соңғы жұқанасы бар. Əрине, қазақтың əні мен күйі бесіктен бастап құлағына сіңген. Домбыраны төрт-бес жасында үйреніп, алты, жеті жасында еркін шертеді. Əуел бастан-ақ назары толғамалы күйге емес, сырлы саз, асқақ əнге ауыпты. Нақышына келтіріп, шамалап айта бастайды. Бірақ əлі де бала. Əрқилы қазақы ойын. Асық пен ақсүйек, алтыбақан. Оған қоса, он жасынан бастап бəйгеге шабады. Əлденеше рет. Өзі айтып еді, есінде қалған өзгеше бір жойқын жарыс туралы. 60- жылдардың орта шені, Шыңғыстау, Барлыбай жазығында өткен, Абай, Аягөз, Шұбартау, Ақсуат – төрт ауданның біріккен тойы. Сол замандағы қазақ басшылары ойлап тапқан, ұлттық, өзгеше мереке. Бүткіл республика шегінде, əр ауданда, əрбір жаз сайын, Шопандар тойы деген желеумен өтетін. Бұл жолғы бəйгенің жөні ерен болыпты. Аудан басшылары өзара ерегес, бəсекемен, əдепкі отыз-отыз бес шақырымға тоқтамай, толымды қырық деп, шын мəнісінде кеңінен сызылған елу, нақтысы – кейін анықталғандай, сегіз шақырымнан алты айналым – қырық сегіз километрге жібереді. Бар кілтипаны – менің үлкен əкем Мағауия баптаған, соңғы жеті-сегіз жыл бойы бүткіл Шығыс обылыста бəйгенің алдын бермеген, жəне жай ғана бірінші емес, шыға тартқаннан шақырым озып, ақыры, бұрыш-бұрышта қаншама ат төтелей қиған арамдыққа қарамастан, бəрібір жарты шақырым алда келетін Нарқызыл тұлпардың дауынан шыққан. Бұл жолы əйгілі жүйрікті шаршатып алмақ. Ежелгі қазақ арғымағының тікелей тұяғы есепті Нарқызыл ат туралы, оның ішінде осы Барлыбай жазығында өткен бəйге туралы, қиял емес, нақты оқиға, дерек негізінде, «Жүйрік» дейтін хикаятымда келістіріп жазғам. Осы қатардағы, ат өлген, ең үлкен жарыс. Бұрнада шауып жүрген Жəнібек бала да сол бəйгеге қатынасқан екен. Өзімізде ауданының алдын бермеген, сыртта Ақсуаттың əйгілі жүйріктерімен тайталасып жүрген жануар еді, дейді. Көмбеге тұрар алдында атбегі ақсақал қадап тапсырды, атыңның басын қымтап ұста, Нарқызылдың тура соңына түспе, тұяғынан ұшқан тас атыңа, немесе өзіңе зақым келтіріп жүрмесін, деп. Қайда. Лап бергенде, арада екі жүз метр өтпей, Нарқызыл оқ бойы алға шықты. Сол беті, сəт сайын үдеп, бір шақырым озып барып қана əдепкі қалыбына түсті, деп күлді Жəнібек. Яғни, менің өзімнен бұрын атамды таныпты. Жүйрік тұлпары арқылы. Ал мені жазуымнан тануы анық. Жəне, жоғарыда айтқан азғана кілтипаннан соң, үлгілі, үлкен аға тұтып, мейлінше жақын жүруге тырысты. Біздің үйдегі қонақтасу, басқа бір, жасы үлкен, жолы үлкен ағалардың дастарқаны, əрқилы той-томалақта, Жəнібекті таза, табиғи қалпында, қатар отырып тыңдау қандай ғанибет еді. Менің қыз ұзатқан, келін түсірген тойларымда, жалпы жұртты сыпыра жығып, аспандата шырқағаны күні бүгінде көз алдым, көкейім мен құлағымда тұр. Шын мəнісінде, Жəнібектің ең жақсы əндері, ең ғажайып əуездері осы қонақ пен тойда кетті. Əрине, ол заманда радиодан саңқылдап, теледидардан дабылдап жатқан. Бірақ бұл тарап та ақыр түбі жоққа айналыпты...

Жəнібекпен ел арасына да шығып жүрдік. Бір, əлде екі рет арнайы шақырып едім. «Жұлдыз» журналының насихаты, алдағы жылдарға жазылымы кезінде. Бірде Оңтүстік екі-үш ауданды араладық. Жəнібек талмайды. Топ алдында, оған жалғас, ауыл ағаларының шаңырағында. Бастан аяқ əдеби журналымыздың əн сапары болды. Совет заманында ішкіліксіз дастарқан жасалмайды. Жəнібектің артық əуестігі жоқ еді. Үнемі бір қалыпты. Қашанда сабырлы, маңғаз. Тек сол бір жолы, елдің қошаметі бар, үй иесінің ықыласы да ерекше, жəне кешкілік, аш қарынмен отырып едік, Жəнібек бірер рет түбіне дейін сарқыса керек. Үлкен ас алдында сыртқа желдеп шыққанда, кеудесі көтеріліп, жайсызданып тұрды. Сонда мен айттым: «Жəнібек, сен ұлы əнші екеніңді білесің бе?» – дедім. «Иə, аға, – деді. – Білем...» «Білсең, сенің басыңдағы барың өзіңдікі емес, Тəңірі-тағала қажетінше пайдалануға, аманатқа бұйырған. Яғни, ең алдымен халқыңа тиесілі. Егер орнымен жүрмесең, киең қашып кетеді», – деп едім. «Ұқтым, аға, – деді. – Өзіңіз де жақсы білесіз, менің көлденең анау-мынауға құмарлығым жоқ...» Ішке кірген соң, мол табақтан бірер жапырақ ет жеп, сыпайы сұрап сорпа алғызып, дəмдеп отырды. Астан кейін, шəй мен аралықта тағы да толғай шырқап еді. Бар бабынан жаңылмапты.

Жəнібекпен бұдан соң да ел ішіне шықсақ керек. Қаншама заман, қай қызық есте қалмақ. Соның ішінде бір сапарымыз айрықша болған екен.

«Аға, Ала-көлді көрдіңіз бе?» – деген бір келісінде. Көрмеппін. Мұрша келмеген, немесе алысырақ бір сулар. «Қара теңізіңіз тұрған Қапқаз бен Қырымнан артық, – деді. – Басқасы емес, суын айтам. Адам бойындағы радиацияны қайтарады екен. Кəдімгі, ғарыштан оралған космонавттар келіп түседі... Сіздің де барғаныңыз теріс емес. Оның үстіне... быйыл ешқайда шықпапсыз, осыған керісінше, шаршап жүрген сияқтысыз...» Қалай қарай тартарын аңдасам да, сөзінің артын күттім. «Өзім апарайын, – деді. – Іргелес совхозда менің немере ағам директор. Алдынала келісіп, бар жағдайды жасап қояды...» «Жеңгең қалай қарайды екен?» – дедім əлі де көнгім келмей. «Жəнібектің айтқаны жөн», – деді бұл кісі. «Жеңешем де тынықсын, – деді Жəнібек. – Мына сіздің күн сайынғы, үздіксіз жазуыңызға қарап отырып та шаршауға болады...»

Сонымен, Ала-көлге аттандық. Жəкең жалғыз өзі, біз кейінгі, жасы кіші ұл мен қызды алып. Жəне Құныпия қосылды. Нақты есімде жоқ, 86-, əлде 87-жылдың август айының екінші аптасы.

Ала-көлдің басындағы совхоздың директоры – ұйғыр екен. Қазақ Қытайдан қайта төңкерілген 1962 жылғы үлкен көшке ілесіп, содан тұрақтап қалған. Осы өткен жазда Ала-көлге келген Фариза ақын, əлденесі ұнамаса керек: «Қалың қазақ арасында адасып жүрген неткен ұйғырсың, тым құрса өзіңнің орныңды біл!» – деп ұрысқан екен. Енді бізді, Жəнібектің Жігер ағасы атап тапсырған ба, жайраңдап қарсы алды. Əуелде естімесек, жіктеп танымас едік, тіпті, қазақтан əрмен таза сөйлейді, бар айырым – ерекше лыпылдап тұр.

Ол заманда Ала-көлдің жағасында демалыс жайлары жоқ, əлде тыныс үшін, əлде совхоздың əрқилы қонағына арналған, жалғызқабат, абажадай мейманханасына əкеп орналастырды. Тоғыз бөлме екен. Бəрі де бос. Жəнібек пен Құныпия бір бөлмеге, мектепке жаңа ілінген екі баламызбен біз кеңіс, қосар бөлмеге орналастық.

Ертеңіне Жəнібектің Жігер ағасы сəлем бере келген. Жай ғана сəлем емес, əзірше деп, қазақы қойдың басы мен мүшеленген жарым еті жəне шағын торсық қымыз. Екі-үш күн тынығып алыңыздар, содан соң біздің үйден дəм татасыздар, деген.

Ыстық қайта бастаса да, көлдің суы жылы екен. Сабынды, көбікті. Толқын шамалы ғана. Жəне бізден басқа жан жоқ. Он екі, əлде он төрт күн кеңінен тыныс таптық. Жігер бауырымның да үйінде болдық, іргедегі Барлық-Арасан курортымен танысып, екі-үш қайыра ыстық арасанға түстік. Ең бастысы – күндізгі шомылыс. Суға малшылау ғана емес, таусылмас əңгіме, кеңес. Жəкең біздің Шыңғыстаудың баяғы шежіре қарттары сияқты. Бұрнағы мен кейінгіден білмейтіні жоқ жəне бар сөзі келісті. Құныпия да баз-базында араласып қояды. Мен де біраз жерге барып қайтсам керек. Қайткенде көлге түскен, арасында қымыз сораптаған, таусылмас кеңес.

Кешіміз тіпті өзгеше. Сөзден əніміз көп. Алғашқы күннен бастап қалыптасқан рəсім. Біздің «люкс-номерге» жиналамыз. Жеңгелері шай қайнатады. Ет асулы тұр. Əрине, сырттан ілгерінді-кейін келіп жатқан сияпат толық көрініс табатын шырайлы дастарқан. Əр жолы, артық та, кем де емес, бір шөлмек қызыл шарап. Тағы да сан сала, тартымды əңгіме. Ал ас мəзірінен соң шалқыған əн. Жəкең əуелгі күні алғашқы кезекті Құныпияға аударған. Құныпия Алпысбаев, əдебиет зерттеушісі, ол кезде ғылым кандидаты, кейінде доктор, профессор. Ол да өнерпаз ауылдан, əйгілі əнші Дəнеш Рақышевтің немере інісі, өзінің де əуезін бұрыннан білуші едім, Қазақконцертке жарап қалатындай, сырбаз, жақсы дауысы бар, бабына келтіріп, екі, əлде үш əн айтты. Содан соң, əрине, дарқан Жəнібек. Оңаша, өзіміз ғана, тіпті ерек естіліп еді. Жəкең əдетте қатарынан он, жиырма қайыра толғаса да талықпайды. Тіпті, шырқаған сайын өрлей түсетін. Əрине, тынымсыз емес, ара-тұра қымыз сораптап, əрқилы əңгімемен отырамыз. Жəнібектің пірі – Жүсекең – Жүсіпбек Елебеков. Ұстаз əкенің əрқилы мінезін қызықтай отырып айтады. Тосын болмаса да, тың жағдаяттар. Жүсекең менің Мағауия атаммен ежелгі таныс, дос-жар кісілер еді. Кейінде Жүсекеңді сахна мен жазбадан тыс, өз үйімде де, ортақ ағайындар арасында да əлденеше рет тікелей тыңдағам. Ал Жəнібектің əңгімесі басқа бір тарап. Кірпияз ғадеті, ешкімге бас имейтін тəкаппар мінезі, кейбір замандастары сияқты, үлкен өнерге жөргем жалғамай, қазақ əуезінен айнымауы... Жəне консерватория қабырғасындағы ұстаздық тағылымы. Осы реттегі қызғылықты жайыттар. Бір кеш емес, бірнеше жолғы жалғас əңгіме. Жеке класс, маған үлгі танытып жатады, дейді. Осы сабақ үстінде кейде жас əнші, оқытушылар да келіп, үнсіз тыңдап отырады. Осы қатарда əріптес үлкендер де. Бұлар сəлем беру үшін. Ғарекең – Ғарифолла Құрманғалиев келеді. Жасы кіші ғой. Қазақ рəсімінен озып, қол қусырып, иіліп, тағзым жасар еді. Сабағымыз үзіліп қалады. Көп емес, бір сəттік кіріп-шығу рəсімі де емес. Əлденеше ауыз сөз. Амандық, өнердегі соңғы бір жаңалықтар. Кейде əлдебір ағайын, немесе ересек балаларының жөні. Екеуі бірін бірі айрықша құрметтейтін, арасынан қыл өтпес тату еді. Алдымдағы атақты əнші, үлгілі ұстаздарды жадырай тыңдап, көтеріліп қалам. Біз де осындай болсақ қой деп ойлайсың. Ғарекең ғана емес, басқалар да арнап сəлем беретіні бар. Бірде ауылдас ағамыз келді, деді маған қарап күліп. Бірінші рет емес, əдепкі бір кезегі. Бұл да əйгілі əнші, бірақ домбырасыз, əрқилы аспаптар сүйемелмен айтатын. Жəне жасы көп кіші. Жүсекең Ғарекең келгендегідей, сабағын үзе қоймап еді. Анығы, мен əннің аяғын бітпегем. Ағамыз мені тыңдап, азғана бөгелді. Содан соң кішкентай ескертпе жасап еді. Мына бір жерін былай қайырып жіберсе, деп. Əрине, өз даусына салып. Жүсекең шарт ашуланды. «Əй, мауыққан мысықтай шырылдаған атаңның аузы!.. Мына сен мені түземексің бе!?» Ағамыз тосылып қалса да, көңіліне алмады. Азғана аңырап барып, сөз тапқан: «Мінеки, біздің шалдар осы... Жай сөздің өзін көтере алмайды. Үніңді шығарсаң болды, ұрсып, боқтай бастайды. Ал, мынау ініңнің қалқайып жүргенін көп көрсең, кетейік. Енді ертең жоқ, арғы күні ғана сəлем берем...» – деп, таяғын сілтей тастап, шығып жүре берді. Бірақ арғы күні емес, ертеңіне келген. Жүсекең құшақтап, арқасынан қақты. «Сенікі де жөн, – деген. – Бірақ менікі басқа. Əр əнші өзінше айтады. Мына Жəнібек там-тұмдап сахнаға шықты, кейде маған көбірек ұқсап кететіні бар. Ағалардан тағлым ал, бірақ өзіңше бол, деп жүрмін...» Жүсекең жарықтық осындай еді... – деп, толқына тоқтаған. Алғашқы емес, кейінгі бір кештегі əңгіме болса керек.

Анық сол əуелгі күнгі бір жағдаят. Жадырап отырмыз. Жəнібек əдетінше еркін толғайды. Ақыры, бес-алты, əлде, жеті-сегіз қайырымнан соң, өзімнің айрықша жақсы көретін əндерімнің бірі «Қанат талдыға» нұсқап едім. Жəкең аз-маз бөгелді де, домбырасын күйлеп, артын сөзге айналдырды. Содан соң басқа бір əнге тізгін берген. «Қанат талды» айтылмай қалды. Сол кеште де, келесі кеште де. Тек үшінші күні ғана, даусын əбден ашып алған соң əуелете шырқап еді. «Қанат талды» – өте күрделі, қиын əн. Бұрмасы емес, асқақ əуезі емес, өзгеше кең, əрі жықпылды, толқымалы сарыны. Жəнібектің еркін игерген жəне айтып та жүрген əні. Бірақ... кемелге жеткен өнерпаз, ақын, əнші, жазушы қашанда тек биіктен ғана көрінбек. Қаламгер үшін екі ауыз лепес, бір орам ғана суреттеме болса да, мінсіз шығуы керек. Əнші үшін де дəп солай екен. Сахнада тұрмаса да, топ іші де емес, екі-үш-ақ кісі бас қосқан шағын дастарқан басындағы əдепкі отырыстың өзінде қаяусыз, қапысыз толғауы шарт. Жалғыз адам болса да, тыңдаушының көңілі үшін емес, қалыпты өнер биігін ұстап тұру үшін. Əнге құрметпен қатар, өзінің менмен, асқақ көкірегін кемітпес үшін. Өзі үшін. Жəнібекті əрқилы жағдайда талай тыңдап жүрсем де, дəп осы «Қанат талдыға» байланысты таң қалған едім. Дауысы жетіп тұр, қолайына келіп тұр, бірақ апың-күпің айта салмай, үйреншікті биігіне ұмтылған. Шынында ғажап.

Жəнібек өз заманында армансыз шырқады. Көбіне концерт сахнасында емес, əрқилы жағдайдағы жұрт алдында. Бірде маған ашылып айтқаны бар, Қазақ елінде мен көрмеген жер жоқ, мен əн салмаған ауыл жоқ, деп. Теледидар бетіне де көп шықты. Осы орайда Ақселеу Сейдімбековтің ерекше қызметін атап айтқан жөн. Жетекші ғана емес, қостаушы, сүйемелдеуші ретінде өте жақсы, тартымды жүргізетін еді. Соған сəйкес: «Жəнібек əн салады, Ақселеу тамсанады», – дейтін əзіл де шыққан. Жай ғана тамсанушы емес, бағыттаушы, дəйектеуші болды. Осы қалыпта Жəнібек қазақ халқының неше ғасырлық əн өнеріне арналған, екі, үш емес, байыпты, баянды, толық тоғыз концерт беріп еді. Ақыры, менің де көлденеңнен араласқаным бар. 1988 жылы жазғытұрым ресми түрде Шəкерім ақынның беті ашылды. Енді бар мұрасын жарияға шығару міндеті тұрған. Бұл мұра – тек қана əдеби нұсқалар емес. Шəкерім өз кезінде Абай жолымен, бірақ Абай үлгісінен басқаша қаншама əн қалыптағаны белгілі. Ел орнында, саналы, білгір оқымыстылар да жоқ емес, сол қатардағы музыка зерттеуші, негізі Шыңғыстаулық Талиға Бекхожина апай Шəкерім əндерін бұрнада жинақтап, нотаға көшіріп қойған екен. Енді тиесілі мəтіндерімен жарыққа шығару керек. Сарапшы ретінде менің қарауыма түскен. Бəрі тамаша, – музыкалық тұрғысын айтам, ал мəтін жағы мүлде ақсап жатыр екен. Ел аузынан естіген қалпындай. Мен, бұрнағы білігім өз алдына, бұл кезде «Жалын» баспасына ақынның жеке жинағын əзірлеп жатыр едім. Түгел оңдап бердім. Осы кезде Жəнібек те тікелей өтініш жасаған. Ерте ме, кеш пе, Шəкерімнің əн мұрасын да толық игерген екен. Ел ортасында, бала кезінен естігені бар, енді Талиға апайынан жəне дəріс алыпты. Сөз ұшығы маған тірелген екен. Əн мəтіндерін түгелдей түпнұсқа бойынша қалыптадық. Төтенше қолқа – арнайы концертте менің жетекші болуым. Теледидар атаулыға құмарлығым жоқ, бірақ ерекше жағдай, – келістік.

Жазушылар одағының мəжіліс залында өткеріліп еді. Қазақ теледидарынан түсірушілер бар жарағымен жəне келген. 1986, күздің басы. Шəкерім енді ғана кеңінен насихатталып жатқан кез. Сол қатардағы өзгеше бір мəдени оқиға. Мен «тамсанушы» ғана емес, түсініктемеші, дəйекші болдым. Əуелде қызыға жиналған жалпы жұрт, кейінде теледидар көрермендері үшін, көпке беймəлім Шəкерім, оның мол мұрасы, қазақ руханиятындағы орны туралы қажетті, шағын ақпар. Содан соң, кезегі келген əрбір əннің шығу тарихына, мəн-мағнасына қатысты, қолда бар нақты деректер. Сол қалпымен Жəнібек Шəкерімнің он екі əнін қайта тірілтіп еді. Бұрнағыдай, барды жетістіріп толғаған емес, жоқты қалпына келтірген, жалпы жұрт үшін мүлде соны, ғажайып концерт болды. Арада екі апта өтер-өтпесте толығымен, Қазақ теледидарынан берілді. Енді сырттай, көлденең көзбен қарап едім. Бұл жолы Жəнібек ғажайып əнші ғана емес, Шəкерімнің əн мұрасын қайтадан қалыптаушы, зерттеуші, əрі əйгілеуші ретінде көрінген. Осы əуелгі Шəкерім – Жəнібек кеші, мен көргеннің өзінде тағы да екі қайтара көп алдына тартылды.

Түйіп айтқанда, дəп осы жолы Жəнібек Шəкерімнің саз мұрасын, жоғын тауып, барын тиесілі əуезіне қайтарып, толығымен нақты бір жүйеге түсіріп еді. Осы ретте тағы бір қажетті дерек – Əсет пен Кемпірбайдың қоштасу жыры туралы. Қазақ əніне қатысты кейінгі бір телехабардан Жəнібек өзінше құрап шығарды, деген пікір естідім. Шындығы басқаша. Бұл сарын біздің Шыңғыстау атырабында бұрнаданақ кең таралған еді. Негізгі – Əсеттің төл нұсқасы болуға тиіс. Солай деп айтатын. Мен өзім бала жасымнан жиын, тойда талай естігем. Менің үлкен əкемнің əпкесінен туған, біздің шаңырақта өсіп-жеткен Төкен аға Бекмағамбетов – сұлу, сері жігіт болды, əдемі дауысы бар еді, басқа қатарда Əсет-Кемпірбай жырын да келістіріп айтатын. Яғни, Жəнібек осындай ауыл əншілерінен ауысты. Қаз-қалпында, дер едім. Əрине, аздыкөпті өз əуезіне түсіріп. Бірақ жаңадан қалыптау емес, жаңғырту есепті. Сөйтіп, алаштың ежелгі мұрасының тағы бір үздік үлгісін өлмес əн қазынасының қатарына қосыпты.

Жəнібек, Шəкерімнің жариясынан соң арада екі жыл өткенде дүниеге келген, ақыры кенже болып қалған кішкентай ұлының атын Шəкерім қойып еді. Қырқынан шыққан күннің ертесіне, бата сұрап, ырым болсын деп, келін екеуі біздің үйге алып келді. Тағы да қызықты кеңес, əн кеші. Ең соңғы кездесу емес, бірақ есте қалған ең ақырғы елеулі отырыс екен.

Осыдан біраз кейін, біздің үлкен ұл, алты айлық кішкентай баласы барына қарамастан, келіншегімен айрылысып еді. Əрине, қолайсыз жағдай ғана емес, үлкен реніш, бізден алыстаған немеренің арты қалай болар екен дейтін уайым. Сонда Жəнібек айтып еді: «Аға, жеңеше! Əуел баста өздеріңіз үлкен қателік жасаған екенсіздер. Жасы он жетіге де толмаған, ақыл тоқтатпаған қыз баланы бірден үйге кіргізбей, созбалақтай тұру керек еді, – деп. – Сонда бəрі басқаша шешілуі мүмкін еді», – деп. Осыдан соң анығын айтты: «Мен өзімнің балама біз қаламаған келінді алуға рұқсат бермей қойдым...» – деді. Қайда. Қазіргі ұл мен қыз сөзге тоқтай ма. Ай өтті ме, жыл өтті ме, ақыры Жəнібектің үлкен ұлы да əлгі, айрықша ұнатқан қызын келін түсіруге көндіріпті.

Енді үлкен той мəселесі шешіліп, тиесілі дайындық жүріп жатса керек. Алайда, Жəнібек той қызығын көрмей кетті. Сойысқа толымды жылқы əкелу үшін, машинасымен, жалғыз өзі Талдықорған тарабына аттанған екен. Кейінде естігеніміз, үйден əлдеқалай ренжіп шығады. Одан соң жолай консерваторияға барады, Жазушылар одағына бас сұғады. Арада бірер сағат өтер-өтпесте, Қапшағайға жетпей, жол апатына ұшырап, шəйіт болыпты...

Бұл кезде мен Əди аға Шəріповтың сексен жылдығының қошаметімен Семей обылысының шығыс аудандарына бет түзеген едім. Алғаш, жолға шыққан күні, осы Қапшағайда естідік. Ол да қостаушы, əнші Майра Ілиясова айтып еді. Қапшағай бекетінде май құйғызуға тоқтағамыз. Əдекең Клара апайымызбен бірге машинасында отырған. Біз микроавтобустан түсіп, бой жазып тұр едік. Сонда Майра, амал жоқ, енді айтайын, деп бастады. Жаңа ғана біз өткен үзікте кеше түстен кейін көріпті. Жайрап жатқан машина, қазаға ұшыраған кісіні. Осы Қапшағайдан, əлде арғы бір тұстан Алматыға қайтып келе жатқан жолында. Таңертең радиодан естідім, өзіміздің Жəнібек екен... деп еді. Менің өне бойым суып кетті, біздің үйдегі жеңгесі: «Жарығым-ай, не сұмдық...» – деп шыр-пыр болып, дірдек қаққан. Өзіміз үлкен кісінің мерейтойына бара жатырмыз. Амалсыз басу айттым. Қайғылы хал, тағдыр ісі, дəп бүгін Əдекеңе көңіл күйімізді аңғартпай-ақ қоялық, деп. Əрине, артынан, бəлкім, дəп осы жолы əлдеқалай естіген болуға тиіс, өмірде талай көксоқтаны көрген, ұстамды кісі ғой, сыртқы сызын байқамадым.

Біз оншақты күннен соң қайтып оралғанда бəрі де біткен. Жерлеу кезінде кейбір ағайындар мені іздеген екен. Оның ішінде бізді Ала-көлде құрметтеген Жігер ағасы. Жолда жүргенімді естіпті. Əрине, маған қарап тұрған ештеңе жоқ, бірақ қайғыны бөліссе, жеңілейеді деген бар ғой. Қайткенде қабір басында бірер ауыз бақұл сөз айтар едім.

Ауыр қаза, қазақ мəдениеті үшін орны толмас қайғы. Сөйтсек, Жəнібектің мезгілсіз өлімі – үлкен апаттың бір ғана бөлшегі екен. Қайткенде артында қаншама мұрасы бар еді. Түптеп келгенде қыруары қайда, жұқанасы ғана қалыпты.

Ең бірінші олқылық – Жəнібек бұрнағы бір жылдар болмаса, толысқан, кемеліне келген отыз бес-қырықта ешбір əнін Қазақ радиосына жаздырмапты. Сонда, музыка бөлімінде отырған жігіттермен қырбай екен. Аналар ықылас білдірмеген, Жəнібек жазып ала қойыңдар деп иілмеген. Ақыры, «алтын қорда» жоқ болып шықты. Бұл – бар кеселдің басы ғана екен. Қазақ теледидарында мол қазынасы тұр ғой. Тірі дауысы ғана емес, өзінің бар суреті, бет-бейнесімен. Ол да түгелдей дерлік жойылып кетіпті. Қисынсыз ертегі сияқты. Алайда анық, кісі қолынан келген кесапат.

Мына қараңыз. Тəуелсіздікпен бірге тапшылық келді ғой. Бар тарапта. Оның ішінде теледидар студиясында да. Ендігі бағдар – бүгінгі шалағай көсемді мадақтаған, «ғаламат табысты» насихаттаған, немесе, қырқылжың сөзге құрылған жаңа хабарлар. Осы, аса мəнді көрінген өзгеше нұсқаларды жазу үшін, кəдімгі, қымбат болмаса да тиын-тебенге есептелген жаңа дискеттер керек. Ал ақша жоқ. Сондықтан бұрнағы қорда тұрған жарамсыз түсірілімдерді өшіріп, осы ескі дискетке ендігі құнды дүниелерді жазу керек. Ал шынымен жарамсыз, баяғы советтік, балшабектік тұрғыдағы жазбалар жүз сан. Қисапсыз көп. Алайда, ескіні жаңаша пайдалану жолында Жəнібек əншінің мұрасы бірінші кезекте құрбанға шалыныпты. Манағы, Ақселеу екеуі түскен тоғыз табақтың екеуі ғана аман қалады. Бірі – Абай əндері. Екіншісі – Кенен ақсақал. Абай, əрине, аруақ. Қол бармаған. Кенекеңнен де кінə жоқ, ата баласы, бəрінен жоғары тұр. Ал Біржан, Ақан, Мəди, Əсет, Естай... тағы қаншама ғажайып əн, жай ғана əн емес, Жəнібек Кəрменовтың орындауындағы ғаламат мұра бір-ақ күнде жойылып кете барған. Анығы – бір күн емес, бірнеше күн қатарынан. Оның ішінде осы кейінгі кезде ғана түсірілген Шəкерім əндері де желге ұшты. (Осы шағын естелікке отырарда қазақ интернетін біраз ақтарыстырған едім, ақыры Абайдың өзінің нұсқасын таппадым, ерте ме, кеш пе, ол да түп тамырымен жойылып кеткен сияқты.)

Кездейсоқ жағдай ма, əлде жоспарлы жойымпаздық па. Əдейі жасалған қастандық деп білем. Жаңа дискет табу жолында неге басқа қаншама қыртымпай емес, Жəнібек мұрасы алға шығуы керек еді? Жағалай құртып жатса, əлгі жалғыз табақ – Абай мен Кенен қалайша аман қалған? Бұларға қоса тағы бір түйдек – Ақан, немесе Біржан, əйтпесе Мəди мен Естай. Жоқ, тобымен, қатарынан қиылыпты. Жəнібектің сырлы, сиқырлы даусымен қоса, Ата-Қазақтың жүз жылдық əн қазынасы.

Бұл кезде қазақтың радио-теледидар комитетін басқарып отырған – Шерхан Мұртазаев болатын. Атағы аспанға шығып, шалықтап, шарықтап тұрған ғажайып тұлға. Алаш жұртының сайланбасыз рухани көсемі. (Арада он-он бес жыл озғанда бұл бейресми, бірақ құдірет-күшті мəртебеге сексен өтірік суайт Шаханов бекітілді.) Бұрын соңды қазақта тумаған ғаламат тұлға. Күн сайын барлық баспасөз, электрондық ақпаратта неше қайыра, тынымсыз мадақталып жатады. Манағы Ақселеу енді өкімет пен партия тіреп тұрған Шерханның қатардағы жандайшаптарының біріне айналған. Кейін, Шерхан орнынан түскенде, қаралы мақала жазып, қайғы арқалап, құса бола жаздағаны бар. Міне, Жəнібектің мол мұрасы, қазақтың баға жетпес əн қазынасының аяқ астынан, тып-типыл жойылуында осы, əулиеге теңестірілген, кейінде парламентте отырғанда, қазақ жерін жаппай сатуға екі қолын бірдей көтерген ғажайып Мұртазаев – ең басты айыпкер, нағыз күнəкар деп табылуға тиіс. Арнайы жарлық берді демейін, тым құрса, толық иелігіне көшкен ұлттық қазынаны, талан-таражыңыз не, шашау шығармай, аман сақтауға тиіс еді. Қазақ халқының рухани мұрасы – қарауындағы қаншама байырғы қызметкерді жерге қаратып, кейіннен келсе де өзіне жақын ағайынға жағалай пəтер үлестіру емес. Телерадио комитетіне тиесілі, бүткіл республика шегіндегі қызмет машиналарын есептен шығарып, кəдімгі, арам пайдаға сату емес. Жаңаны жасамасын, ескіні біржола құртуға қалай жол берген? Соншама атаққа бөгіп, бүткіл алаш, бар жақсыны аузына қаратып, дабылдап отырған кісінің, алтын қорда тұрған, жалпы жұрт игілігі, бүткіл қазаққа меншікті оншақты дискіге ие бола алмай қалуы – таң қаларлық жағдай. Тікелей жарлықпен жойғызбасын, көмекшілері арқылы айтылған бір-ақ ауыз сөзбен сақтап отыруы қиын емес еді ғой. Қалай болса да, Жəнібектің тоқсан, əлде жүз жиырма, жүз елу əнінің аяқ астынан жойылып кеткенін сол кезде құлағы бар жұрттың бəрі естіді, санасы бар азаматтың бəрі түңіліп, пұшайман кепке түсті. Алайда, бұл қалай деп айтуға тірі жанның батылы барған жоқ. Тіпті, тамсанғыш Ақселеудің өзінің дымы шықпады, сол кезде де, кейін де. Күні бүгінгеше, сақталмапты деп қана қоя саламыз. Төтенше апат мүлде ескерусіз қалды. Əйтпесе, мұндай сұмдық мүлде болмағандай. Біз де қазақтың бар жоғын түгендей алмаймыз. Əлдекімді айыпкер көрсету емес, осындай əлеметтің ұмытылмауы, кейінгі ұрпақтың жадында тұруы үшін арнайы айтып отырмын. Тым құрса біздің ішімізде қалмасын деп.

Сонымен, қайран Жəнібек, арыдағы Біржан мен Ақан, кейініректегі Əсет пен Естай, күні кешегі Жүсіпбек пен Ғарифолланың тікелей жалғасы, ХХ ғасырдың екінші жартысындағы алаш жұртының ұлы əншісі Жəнібек Кəрменовтың телегей мұрасының оннан тоғыз бөлігі жоққа айналыпты. Біраз жылдар өтіп, ақылы түзулердің есі кіре бастаған кезде жақын достары Жəкеңнің сақталып қалған əндерін жинақтауға тырысады. Несіпбек Айтов пен Тұрсын Жұртбаев. Ешбір қорда мардымды ештеңесі жоқ, өз шаңырағында да жүрдім-бардым, селкеу сақталған, кезінде əркімде, кездейсоқ жағдайда, кездейсоқ жазылып қалған жабайы нұсқалар. Бұлардың көбі жарияға көшіруге, техникалық тұрғыдан жарамсыз болып шығады. Ақыры, құрап-сұрап, жамап-жасқап, жиырмаға тарта əнді қатарға қосыпты. Толымсызы өз алдына, бұлардың көпшілігі – Жəнібектің шарықтау шағында таңбаға түскен жазбалар емес. Нақ өзі десек те, бұрнағы бір нұсқалар. Таспада жəне дискетте, екі бөлек шығарыпты. Мен қуана алғызып, алғаш рет тыңдағанда, өзім жақсы білетін Жəнібекті танымай қалдым. Бар жағынан əуелгі қалыптан төмен, нағыз Жəнібектің солғын бір елесі ғана. Қайыра, тағы да қайыра тыңдаған соң, амал жоқ, мойындауға тура келді. Иə. Əміреден озыпты. Сақталу жөнін айтам. Ал Жүсекең мен Ғарекең тұрыпты, қатарлас қарабайыр əншілердің өзімен салыстырғанда, өзегіңді өкініш өртейді. Ақыры, тəуба қылып əрең тоқтадым. Рас. Бұл да Жəнібек. Бірақ шырқау биігі емес.

Жəнібек біз көзбен көріп, көзбе-көз, тірі даусын естіген екі ұлы əнші: Алтын Орда-Ноғайлы сарынын қаз-қалпында сақтап қалған, тұрпаты бөлек Ғарекең – Ғарифолла Құрманғалиев қана емес, ол да Алтын Орда-Қыпшақ əуезіне бейім Жүсекең – Жүсіпбек Елебековтен де басқаша мəнердегі ересен əнші ретінде бой көтеріп еді. Екеуінің де жалғасы, бірақ көшірмесі емес, жаңғырған, жаңа бір көрінісі. Тұтастай алғанда, қазақ əн мəдениетінің заңғар белінің бірі. Ең соңғы деп айтпайық. Алдағы заманда талай саңлақ туар, бірақ Жəнібек қайталанбайды. Биігі ғана емес, өзгеше сыр-сыпаты да. Асқаралы құбылыс еді.

Жəнібек кез келген əнді бастарда, ең алдымен, «А-ау-у!..» – деп көтере шырқап, дауысын ашып алатын. Ежелгі қазақ əншілерінің қалыпты ғадеті. Алайда, үлкен сахнада сол беті орнықпады. Тоқтау жасалған сияқты. Еуропалық орындау мəдениетіне үйлеспейді деп танылса керек. Шындығында, ұлттық нақыштың бір көрінісі болатын. Жəнібектің жазбаға түсіп, бүгінге жеткен əндерінің ішінде тек бір-ақ рет – Шашубайдың «Ақ қайыңы» кезінде көрініс береді. Сөлекет ештеңесі жоқ, керісінше, ұнасымды.

Бұдан соң суыра шалқып, жоғарыда қаншама аспандаса да өресі еркін жететін, төменге үзіле сорғаласа да сырлы əуезін сақтайтын ғажайып дауыс. Тыңдаушының көкірегін кеңітетін шырқау биік қана емес, көңілдің терең түкпірін тербейтін, сан салалы толқыма. Жəнібек əуезінде, бұрнағы, соңғы ешбір əншіде кездеспейтін, жан қытықтап, жүрек шымырлатар өзгеше діріл бар еді. Жəне одан əрмен тұңғиыққа тартқан, сыршыл, нəзік иірім.

Егер Жəнібек қазақ əуезін ақырына дейін ұстанбай, бүгінгі заманғы операға көшсе, Ұлы Карузо сияқты тереңнен суырып, күңіренте толғайтын, Марио Ланца кейіпті, мейлінше еркін, кең тынысты, Марио Дель Монако, немесе Беньямино Джильи сияқты, əр қайырымында жан тербейтін, бүткіл əлемді таңырқатқан, кең өрісті өнерпаз болып шығар еді. Біздің айрықша бақытымызға қарай, қазақтың ұлттық əуезімен шектеліпті. Бұл қазақ əні де, бұрнада айтқанымыздай, енді таңбалап жазып отырғанымыздай, əлемде теңдесі жоқ, ерекше құбылыс. Өзі де əнкүйлі, рухани өркенді, озық ортада туып-өскен Жəнібек, өмірге, өнерге көзін ашып, өрісін кеңейткен тікелей ұстаздарының тағылым, үлгісі арқылы, өткендегі саңлақтардың озық мұрасын танып-білу арқылы, Алаш жұртының ежелгі əн мұрасын жеріне жеткере игеріп, одан əрмен дамытты. Үш жүзге тарта əн білем, жəне бəрін де өз деңгейінде айта алам, деуші еді. Мұның ішінде анық жүзден астам, бəлкім, жүз жиырма, жүз қырық əнді сахнаға шығарды, жазбаға түсірді. Енді бүгінде осы шалқартеңіз қазынадан, жинақтап келгенде, небəрі жиырма-шақты ғана əн сақталыпты. Айттық, оның өзі Жəкеңнің ең жақсы деңгейінде емес.

Əйтсе де... Басқа бір тараптан басқа бір жазбалар табылып қалуы мүмкін сияқты. Тұтасымен болмаса да, жекелеген əндер. Жəнібек Түркияға екі-үш рет барды. Сонда отанынан, отан болғанда Қазақстан емес, ежелгі ата жұрттың бірі Шығыс Түркстаннан ауған, елден айрылғалы қырық жыл болған ағайындардың қалай қарсы алғанын толқына отырып, бабымен баяндар еді. Əуелгі жолы, «Ағажай-Алтайды» айтқанда, жұрт күңіреніп кетті, дейді. Үлкендер көз жасына ерік берген. Сабырға шақырдым, басқа бір əндерге көштім, содан соң ғана екінші мəрте қайталап айттым, дейді. Бұл кезде Түркия қазақтары электрондық құралда бізден əлдеқайда ілгері, жаппай жазып алып жатса керек. Бір-екі, төрт-бес əн емес. Он, жиырма əн. Күні бүгінде əр үйде болмаса да, біраз шаңырақта сақталып тұрса несі бар. Кейін, 90-жылдарда «Азаттық» радиосында осы Түркиядан түскен үш-төрт əн айтылып жүрді. Оның ішінде «Ағажай-Алтай» мен «Сарыбидай» – біз өз үйімізде, ағайын арасы, жиын, тойда тыңдаған қалпымыздай шығыпты. Мұндағы жазбалардан көп ілгері.

Ендігі бір ілгішек – Жəкең сексенінші жылдардың өзінде советтер шегіндегі əрқилы мəдени шараларға қатынасып жүрді. Соның бірі – 1987 жылы Самарқанда өткен «Халықаралық музыка-тану симпозиумы» («Третий музыковедческий симпозиум «Самарканд-87»). Орталық Азия халықтарының өкілдері қатынасқан. Қазақтан төрт-бес кісі. Жəнібек Біржанның «Жамбас сипарын» айтыпты. Жазбаға түскен, келесі жылы Таскентте шыққан табақта əр тарап, топты орындаушылар қатарында жүр. Бізде жоқ, бірақ қолға түспейтін нəрсе емес. Сондай-ақ басқа тарапта басқа бір жазбалар да табылып жатуы ғажап емес. Кейінгі зерттеушілердің қаперінде болсын деймін.

Əрине, бүгінде өзінше жинақталған, қолда барды толайымен теріске шығармаймыз. Əйткенмен, Жəнібек бұдан көп жоғары еді. Əн мұрасының ауқымы жағынан ғана емес. Бар тұрғысынан.

Сонымен қатар... Жəнібек мұрасының қазақ теледидар қорынан жоғалу тарихы басқаша шешілуі мүмкін деген үмітті болжам да айтылған. Сол жойымпаз заманда осы теле-радио құрамында қызмет атқаратын, Жəкеңе ниеті бұрыс басшылар қатарындағы Н. дейтін журналист өзімен бірге ала кетіпті-міс. Жымқыру емес, көлденең кеселден сақтау үшін... Сенгің келеді. Бірақ одан бері де ширек ғасыр. Ешқандай сызы жоқ.

Тыныш, байсалды тіршілікті құдай бере ме, əлде басқа бір тараптағы сəтті жағдайлар нəтижесі ме, қайткенде ұзақ ғұмыр бұйырған пенденің көрмегі көп. Игілік, барақатпен қатар, əрқилы күрделі жағдайлар да ұшырасуы – табиғи жағдай. Көңілсіз кеп атаулыны өз басыңнан өткермесең де, əредікте куə болуға мəжбүрсің. Мен бірнеше жақсы інімнен көз алдымда айрылдым. Жақсылығы – маған сүйеніші, жақындығында ғана емес, туған халқына игілік сыйлаған айрықша дарынына байланысты болатын. Ықшамдап айтсам – Асқар Егеубаев, Ерік Асқаров, жəне, сөз жоқ, осы Жəнібек Кəрменов. Ақырына дейін көсіле алмай кеткен Еріктің бар өлеңі кітапқа шыққан, Асқардың артында əр жанрдағы əжептəуір мұра қалды. Ал Жəнібек... мен білген жақындар ішіндегі ең бір трагедиялық тұлға болып көрінеді. Қайғы – мезгілінен бұрын үзілуінде ғана емес. Соншама ірі, жəне мол мұраның түгелге жуық харап болып, шамалы, онда да көбіне-көп солғын бір бөлшегі ғана кейінге жетуінде.

Қазақ руханиятындағы орны толмас олқылыққа аз да болса себесін үшін, зерттеу емес, бағалау, байыптау үшін, осы амалсыз естелікті қағаз бетіне түсірдім.

Басқа не шара, иманы жолдас болып, жаны жаннатта шалқысын, қайран Жəнібектің!..

Күміс Бұлақ, Мэриленд, АҚШ,

7-9.ХІІ.2020


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар