Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЕСТЕЛІК
Музей қорындағы хх ғасыр кітаптарынан...

27.01.2023 1730

Музей қорындағы хх ғасыр кітаптарынан 14+

Музей қорындағы хх ғасыр кітаптарынан - adebiportal.kz

Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік музей-қорығының қорындағы құнды жәдігерлердің бірі – кітаптар. Яғни, Абай оқыған кітаптар, Абай шығармаларынан бөлек ХХ ғасыр басындағы «Обзор Семипалатинской области», «Записки Семипалатинского Подотдела Западно-Сибирского отдела русского географического общества», кітапхана және музей есептері кірген бірқатар кітаптар музей қорында сақталған.

Бір ғасыр бұрын шыққан бұл басылымдардың ішіндегі құнды деректерді бірі білсе, бірі білмес. Алғаш кітапханада танысып, арты достыққа ұласқан Абайдың досы Михаэлис, Абай шығармаларын орыс тіліне аудару мәселесіне белсене араласқан ағайынды Белослюдовтар некрологы, тағы сол сияқты көптеген деректер көрсетілген. Құнды кітаптардан үзінді беріп өтсек.

Евгений Петрович Михаэлис 1841 жылы 26 қыркүйекте Петербург қаласында дүниеге келген. Революциялық ортада тәрбиеленген Е.П.Михаэлис әуелі гимназияда, одан соң  лицейге түсіп, шәкірттердің маңдайалды болды. Аса зейінді  Михаэлис Петербург университетіне түсіп, жаратылыстану факультетінде оқып, студенттер арасында Чернышевский бастаған революциялық қозғалыстың  жалынды күрескер  жастарының алды болған.

Бұл жерде Михаэлис туралы ақпарат оның жан-жақты тұлғасын белгілі бір дәрежеде көрсетеді. Студенттік жылдарда үлкен әпкесі Людмила Петровнаны алып отырған жазушы Н.В.Щелгуновтың арқасында ол Петроградтың ең жақсы әдеби ортасында жүрді. Сол ортадағы Мих.Иллар, Михайлов, Неклюдов, Коволевский, Пантелеев, Южаков сынды жазушыларды құрметтеген және бірімен тіпті пәтерде бірге тұрған. 

Михаэлис музыканы жақсы көрмеген. Оның себебі, жастық шағында үйдегі музыканы сүйіп тыңдаған анасы және бір әпкесінің таңнан кешке дейін әуен қосқаны екен. Тағы бір әпкесі Мария Петровна «Подарок молодым хозяйкам» деген атаумен шаруашылық бойынша кітап құрастырған. Е.П.Михаэлис соңында әр түрлі оқымысты және жазушылардың қолтаңбасымен маңызды кітапхана да қалды.

Михаэлис революцияшыл студенттердің құпия ұйымын басқарып студенттер арасында Чернышевский идеяларын қызу насихаттап бар студент соңынан ереді. Тарихта белгілі Н.В.Шелгунов ол туралы: «Михаэлис тамаша жас, абзал азамат болып өсті. Оның ашық-жарқын жүзінен арыстандай айбат, қалың қайрат, жасымас жігер жалын атып сезіліп тұратын» -дейді.

Олардың осындай саяси көзқарастары патшаға қарсы деп танылып  200-ден астам студент тұтқындалып, жер аударылады. Солардың ішінде Е.П.Михаэлис те Тобльск губерниясының Тарту деген қаласында алты жыл азап шегіп, кейіннен Семейге жер аударылып, қызмет етуге рұқсат етіледі.

Міне, осы уақыттан бастап жалынды революционер-демократтың Семей қаласындағы өнегелі өмірі басталып, ұлы Абаймен таныстығы да осыдан жалғасады. Абай мен орыс зиялысы қоғамдық кітапханада кездесіп, әңгімелесіп, сырласады.  Одан басқа Ресейден жер ауып келген Петрашевский, Дуров сияқты ірі адамдар болған.

Михаэлис Семейге келген соң осынау ұлан-байтақ өлкенің табиғатын, байлығын зерттеу ісіне, мәдени-ағарту ісіне қызу кіріседі.      1878 жылы Семей қаласында облыстық статистика комитетін құру жұмысын ұйымдастырады. Оның басшылығымен құрылған бұл комитет Семей өлкесінің табиғатын, шаруашылығын, тарихы мен мәдениетін зерттейтін тұңғыш ғылыми мекеме еді. Осы комитеттің тұңғыш секретары Е.П.Михаэлистің өзі болды.

1883 жылы қоғамдық кітапхана мен өлкетану музейін ұйымдастырушы да болады. Осындай ғылыми, мәдени-ағарту мекемелерінің жұмысына өзінің досы Абай да ат салысып, белсене қатысады. Терең оқымысты ғалым Михаэлистің жүргізген ғылыми зерттеу жұмысы ұшан-теңіз. Ол Ертісте пароход жүру мәселесін зерттеп, Семейден — Зайсанға дейін барып, навигация картасын жасады, қандай пароходтар жүруін анықтап, олардың моделін өз қолымен жасаған. Ол 44 жылын Семей мен Өскемен қалаларында өткізді, оның 13 жылы, яғни  1869-1882 жылдары  Семейде өтті. Е.П.Михаэлис 1913 жылы 2 желтоқсанда 72 жасында Өскемен қаласында дүниеден қайтты.

Соңғы жылдары Семей географиялық бөлімшесі бірқатар ауыр шығынға ұшырады. 1913 жылы Е.П.Михаэлис дүниеден өтсе, 1916 жылы дарынды суретші, адал қоғам қайраткері В.Н.Белослюдовтың мезгілсіз өмірден өткені ауыр тиді. Дарынды тұлға жайында Б.Герасимов жазған некрологы да осы кітапқа енген. 

Виктор Николаевич 1883 жылы Семей қаласында дүниеге келген. Әкесі облыстық басқармада шенеунік болған. Бала тәрбиесіне көбінесе анасы бағыт-бағдар беріп отырған. Ол туралы В.Белослюдов әрқашан ерекше құрметпен айтқан. Өз күнделігінде: Маған білім берген анама рахмет. Ол ақылды және мейірімді жан. Біз балалар жиі жазаға лайық болған шығармыз, бірақ бізді ешқашан жазаламаған, - деп жазады. 1891 жылы 5 сыныптық қалалық мектепте жақсы оқып, күріш суретіне бейімділік танытады. 1894 жылдың  күзінде сол жылы ашылған ерлер гимназиясына ауыстырылып, 1898 жылы үздік аяқтап шығады. Гимназия ұстаздарының айтуынша сурет салғанда барлық оқушылардың алды болған. 1899 жылы көркемдік білімін жетілдіру мақсатында Мәскеу қаласына Строгонов өнер училищесіне оқуға түседі. Виктор Николаевичтің жұмыстары Париж және Бүкілресейлік Қазан көрмесіне жіберіледі.

Виктор Николаевич Мәскеудегі арбатта орналасқан Гоголь ескерткішінің авторы Н.А.Андреевте оқыды. Акварель бойынша Ягужинский мен Чумаковта жұмыс істеді. Стиль бойынша Жолтовский мен Горностаевтың үздік оқушысы болды. Осы ұстаздарын әрдайым зор құрметпен есіне алып отырған. 

Сол жақтағы дұрыс тамақтанбаудың нәтижесінде денсаулығы сыр бере бастап, қан аздығына әкеліп соғады. Ол өз күнделігінде: Училищеде әр сабақта мен өзімді дұрыс нәрсе істеп жатқандай сезіндім, бір нәрсеге қол жеткізіп жатырмын, менің білімім кеңейіп жатыр деген оймен жұмыс істегім келді. Біліммен өмір сүре бастадым, бәріне енуге тырыстым және ұмтылдым, ғылыми және көркемөнер сабақтарында үздік болдым. Мен өз білімім мен қабілеттерімді кеңінен қолданғым келді. Мәскеудегі білім менің өмірімнің 25 жасқа дейінгі ең жарқын уақыты болды, - деп жазады. 

Училищедегі швейцарлар оқушы болса да оны «Виктор Николаевич» деп атаған. Алайда суретші Белослюдов 1906 жылы өз отаны Семей қаласында жұмыс істеуге шешім қабылдайды. 1906 жылы «Ағайынды Белослюдовтар» музейі ашылады. Оның туған жерге деген қызығушылығы оянады. Әсіресе археология және өлке тарихы қызықтырады. Музейдегі заттардың басым бөлігі Виктор Николаевичтің қолымен жиналған. Семей өңірінен археологиялық, сонымен қатар сібір суретшілерінің ескі картиналарын жинаған. 

Жалпы, В. Н. Белослюдов үлкен көркемдік күшке ие болды, қолданбалы өнер компазициясында және суреттің орындалуында ерекше қабілеттерін көрсеткен дарынды және сезімтал суретші болды. Ол өнер саласындағы соңғы сөзін айтпастан дүниеден өтті. Сонымен бірге талантты суретші керемет ұстаз да болған. 

1916 жылы Барнауылға аттанған Виктор Николаевич сырқаттанып, сол жерде 23 наурызда әскери госпитальда дүниеден өтті. Туыстары Семей қаласына жеткізіп, халықтың үлкен ағынымен 28 наурызда жерленді.

Осы тұста еске салсақ 1903 жылы «Біздің отанымыздың географиялық сипаттамасы» аталатын көп томды еңбектің «Қырғыз өлкесі» деп аталатын 18-кітабы жарық көреді. Бірақ кітап Белослюдовтың қолына 2 жылдан соң тиген. Белослюдов Абай туралы алғаш рет осы кітаптан оқып біледі. Кітаптың өзіне таныс этнограф-ғалым А. Н. Сидельников жазған бөлімдерінен Абай Құнанбаевтың жаңа бағыттағы әдебиеттің өкілі, А.С.Пушкиннің «Евгений Онегинінен» «Татьянаның хатын» аударғанын біледі. Кітап Белослюдовтар отбасына қатты әсер етіп, содан бастап Абай шығармашылығына ерекше мән бере қарайды. «...Абай Құнанбаев өлеңдерін аудару және оған иллюстрация жасау жөнінде не айтарымды білмей отырмын. Егер сәл ғана бос уақыт болса, және де сен, мен, Алеша үшеуміз бірге болсақ, мұның бәрін жүзеге асыруға болар еді», - деп жазады Виктор Николайға 1913 жылы 29 желтоқсандағы хатында. 1914 жылы 6 қаңтарда: «...Құнанбаев өлеңдерін аудару жөніңде саған не айтсам екен. Сауатты қырғыз (қазақ) жоқ деймісің, әрине, бар. Тек оны тауып, жақсылап жегу керек, бірақ оны қолға алатын ешкім жоқ», - деп жазды. Белослюдов тек суретші ғана емес, Семей өлкесін зерттеуші ғалым да. Тарих, әдебиет салаларын зерттей отырып, қазақ әдебиеті классигінің өлеңдерін орысшаға аударуға алғашқы қадам жасаған Белослюдов еді.

 

Арай Талғатқызы

Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік музей-қорығының 

Жоғары дәрежелі маманы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар