Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ШЕТЕЛ ӘДЕБИЕТІ
Нодар Думбадзе. Жиналыс...

07.09.2022 3023

Нодар Думбадзе. Жиналыс 16+

Нодар Думбадзе. Жиналыс - adebiportal.kz

Басы мына жерде.

Дөң басында жалғыз шырша тұр. Оған бұзылған шіркеуден әкеліп ескі қоңырауды салбыратып іліп қойған. Шіркеуді біржола қиратпас бұрын, одан әуелі клуб, артынша – қойма жасап көрді, кейін қораға айналдырды, сосын – медпункт, одан кейін – кітапхана етіп жасақтаған. Содан кейін барып гараж ретінде пайдаланбақ болып еді, есігі машина симайтын тар болып шықты. Сөйтіп еді, шіркеуді бұзып, наубайхана салды. Наубайхана оқу залына айналды. Қазір оны да қиратып тастаған. Иликоның әжеме айтуынша, қайтадан шіркеу тұрғызбақ көрінеді. Мен өзім құдайға сенбеймін, сондықтан не салса да маған бәрі бір. Әжемнің де тақуалығы оңып тұрғаны шамалы, бірақ ол оқу залына қарағанда шіркеуді жөн көреді. 

Соныменен не керек, әлгі қоңырау қазір шыршада ілулі тұр. Таңертең соғылған қоңырау мектепте сабақ басталғанын, кешкісі – өрт немесе колхозшыларды жиналысқа шақыру белгісі.

Мені, үйдегі жалғыз еркек болғаным үшін, жиналысқа шақырады, әрине, кеңестің дауысқа салуымен. Бүгін қоңырау кешке соғылды. Өрт не түтін көрінбейді – демек, жиналысқа шақырып жатыр. 

 Зурико, барасың ба? – деген Илларионның дауысы естілді.

 Барам, барам, Илларион, – дедім де, арықтан секіріп өтіп, Илларионмен қатарластым. - Не үшін шақырып жатқанын білмедің бе?

 Білетін несі бар? Тағы сол кеңсенің мәселесі шығар.

Жиналыс басталып кеткен екен. Біз артқы жақтан орын тауып отырдық та құлақ түрдік. Жиын төрағасы – колхоздың есепшісі Алфез сөйлеп жатыр:

– Қысқасы былай: біздің Авсентий, оны төраға етіп сайлаған кезде, кеңсені бұзып, өзінің үйіне жақын жерден салғызған болатын. Содан кейін, естеріңізде, төраға болып Кирилл сайланды да, кеңсе жаңа орынға көшірілді. Былтыр кеңсе Димитрийдің үйінің қарсысында тұрған. Енді, міне, жаңа төрағамыз Шалва кеңсені өз үйінің жанына көшіруді талап етіп отыр. Қане, кім не айтады? Тек ескертіп қояйын: регламент – бес минут! Әйтпесе, білем сендерді: сөз беруін беріп алып, тоқтата алмай отырғаның...

– Менің сұрағым бар!

– Қане, не айтпақсың, Трифон?

- Қалауыңызды білгім келеді, қадірменді Шалва, сіздің үйдің алдына су жаңа кеңсе салу керек пе, жоқ әлде ескісін бұзып әкеліп қайта құрастырайық па?

– Трифон Сихарулидзе! – деп төраға орнынан атып тұрды. – Сен менің тілімді қышытпа, сөйлесең жөндеп сөйле, әйтпесе мүрдем кетесің! Кеңсені бұзып, менің үйімнің алдына әкелесіңдер! Түсінікті ме? Ары-бері сандалып жүретін уақытым жоқ! Үйден таң атпай шығасың, кеңсеге кешке әрең жетесің!

– Сен кішкене жылдамырақ жүр, қымбатты Шалва.

– Бұл қайсың? Қане, тұр орныңнан!

– Жолдастар, бос сөзді қойыңыздар. Кімнің тағы қандай сұрағы бар?

– Менде! – дей беріп жөтелге басқан Макарий Цхоидзенің тамағы жыртылып кете жаздады. 

– Қане, бас, Макарий. Былтыр мен Самтредиадан әкелген асыл тұқымды тайынша қайда?

– Біздің аса құрметті төрайымның өте бипаз шешімімен ғұмыры ұзаққа жетпеді ғой, байғұстың.

– Бұл қайсың, тағы? Тұр орныңнан, арандатушы!

– Менің бір ұсынысым бар. Рұхсат па? – деді Илларион.

- Илларионға сөз беріңдер!

 Жолдастар, тайыншаның қайда кеткенін, қазынаның құрылыс материалдары неге төрағаның үйіне жұмсалғанын, колхоздың шарабы төрағаның үйіндегі құмыраға қалай барып құйылғанын түгендеп даурығудың енді еш мәні жоқ... Оның не керегі бар?.. Естіген елдің күлкісіне қаламыз... Үйдегі күңкілді сыртқа шығармас болар...

– Илларион Шеварднадзе! Сен де тәп-тәуір арандатушысың! Әлі жеке сөйлесерміз! Ал қазір үндемей отыра қалғаның жөн!

– Сөзін бөлмесеңдерші! Ақиқатын айтып тұр ғой! – деп әңгімеге Илико килікті. 

– Соны енді айтып тұрған жоқпын ба: мүмкін, төрағаның үйін бұзып, кеңсеге жақын жерге көшірерміз?!

– Сен не, Илларион, ол өзі жаңа үйін жаңа ғана салып бітірді емес пе, сонысын қайта бұза ма?

– Онда былай істейік: төрағаны кеңсеге көшіріп, оның үйін кеңсеге айналдырайық.

– Ақылыңнан алжастың ба? – деп төраға түтігіп кетті. – Менің сужаңа үйімнің орнына құлағалы тұрған бір құжыраны тықпаламақсыңдар ма?!

– Тағы бір ұсыныс бар: төрағаның үйін бұзып апарып кеңсенің ауласына қондырайық та, кеңсені оның үйінің жұртына көшірейік.

– Орын ауыстырғаннан қарастырылған қаржы өзгермейді, – деді мұғалім.

– Онда бітті. Басқа ұсыныс жоқ, – деп Илларион орнына жайғасты.

– Менде бір ұсыныс бар, - деді Маргарита Чантурия. – Ертең бізге Тблисиден әртістер келеді, клубтың материалы төрағаның үйіне кетті ғой, ендеше концертті соның үйінде өткізейік.

 Сені звено бастығы етіп тағайындағанда не ойлағам!

 Менің бір сұрағым бар. – деп біреу орнынан тұрды. – Төраға мектептің жөндеу жұмысына қашан кіріседі? Кластың төбелері әне-міне құлағалы тұр.

– Ол класты қайтсін? Ол ешқандай класқа жатпайтын қоғам құрып жатыр! – деді Илларион.

Төрағаның түрі сұп-сұр болып кетті. Жағдай ушығып барады.

– Менде бір жақсы ұсыныс бар, – деді Илико.

– Сөйле!

– Жолдастар, негізгі тақырыптан тағы да ауытқып барамыз: кеңсені қайда қоямыз?

– Не ұсыныс айтпақсың?

– Мүмкін, кеңсені бұзудың мүлдем қажеті жоқ шығар? Онанда бәріміз ағайыншыласып жылу жинап, төрағаға М-1 сатып әперсек қайтеді?

– Атай көрме! Сорымызды қайнатайын деп пе едің? Ал, құдай бетін әрі қылсын, авария болса қайтесің? Төрағасыз жетім қалмақпыз ба? Оданда таңертең мықты-мықты екі жігітті оның үйіне жіберіп тұрайық, солар кеңсеге арқалап апарып жүрсін.

– Төбемізде отырғаны аздай, енді оны арқалайды екенбіз ғой?!

– Жарайды, тағы бір ұсыныс бар... Біздің әлгі шофер қайда?

– Мұндамын, Илико!

– Ал, қалың қалай, мәшинеңнің жағдайы жақсы ма?

– Болады, рахмет... Өз денсаулығыңыз қалай?

– Жаман емес, шапқылап жүріп жатырмыз... Сенде артық төрт дөңгелек жоқ па?

 Оның саған не керегі бар?

 Кеңсеге дөңгелек орнатамыз да, ары-бері тасимыз.

Залдағылар ду күлді.

 Илико Чигогидзе! – деді төраға атып тұрып. – Бүгінгі кешті есіңнен шығарма... Егер опық жемесең, менің бетіме түкір!

– Мархабат, қымбатты Шалва, мархабат... Сенен пошташы болайын деп өтіндім – күзетші қылып жібердің... Мына, соқыр көзіме қарамай. Кемтарды. Бұдан артық не істей аласың?

– Бәлкім төраға болғың келетін шығар? А?

– Неге болмасқа? Колхоздың материалынан үй салып алу менің қолымнан келмейді дейсің бе? Әлде менің тәбетім сенікінен нашар ма?

Шалваның есі шығып кетті.

 Сонымен не шешетін болдық? – деді жиналыс төрағасы.

 Рұхсат па? Менде ұсыныс бар! – деп саңқ ете түстім де, өз батылдығымнан өзім шошып кеттім. 

– Өшір үніңді, боқмұрын! 

– Айтсын! – деп Илико айғай салды. – Жиналыстағы әр адамның сөз сөйлеуге қақысы бар!

– Қане, сөйле, арамза, сөйле! – деп жұрт қоштай кетті.

– Менде бір ұсыныс бар... Бүкіл ауыл осында отыр, жиналыс та аяқталып келеді... Бір шешімін шығармай тарауға болмайды ғой.

– Басты қатырмай, ұсынысыңды айт.

– Су бар ма?.. – дедім үнім әрең шығып. – Тамағым құрғап барады.

– Су беріңдерші анаған...

Мен асықпай жарты графин суды қылқылдатып жұтып алып, аузымды сүртім де сөзімді жалғадым:

– Мынадай жағдайда егер ортақ бір шешімге келе алмасақ...

– Былжырамай қысқа қайыр! Шаршап кеттік!

– Менің ұсынысым: төрағаны орнынан алу керек те, кеңсеге жақын тұратын біреуді сайлау керек.

Өлі тыныштық орнады. Тізем дірілдеп, әне-міне жазамды күтіп мен тұрмын...

Келер сәтте жұрт расымен г-у-у ете түсті. Бұл көпшілік жиналыста бірауыздан мақұлданған алғашқы ұсынысым болатын.

– Құдайға шүкір! Әйтеуір ақылды біреу табылды-ау! Егер мына неме болмағанда, керілдесіп таң атқанша отырар едік-ау! Ертең жаңа төраға сайлаймыз, шаруа бітті! 

Илларион қасыма келіп, маңдайымнан сүйді.

 

 

ӘДЕБИ КЕШ

 

Қыстың ызғарлы кешінде біз Иликоның үйінде әңгімені соғып отырмыз. Каминдегі отын шытырлап жанып жатыр, табада пышырлаған сан еттің бір кесегі танауыңды қытықтайды, қасындағы шағын құмырада шарап жылып тұр. Ал біз нардының қызығындамыз немесе дауыстап оқимыз, көбіне саясат соғамыз. Саясат біздің ғана емес, көбінің ермегі: 1942 жылдың қысы, немістер Мәскеуге жақындап қалған.

...Илларион Совинформбюроның хабарламасын оқды. Сосын газетті бипаздап былай қойды да, нық сеніммен былай деді:

– Гитлердің шипасы бітті!

 Газетің не дейді, Илларион?

 Мәскеуге бір қадам да аттамайтын болды!

 Екінші майданнан не хабар?

 Гм, одақтастар асығар емес... Негізі, Англия қулыққа басып отыр... Америкаға қолқа салып отыр – Совет Одағынан сырт айнал да, маған көмектес дейді.

 Ал Америка не деп отыр?

 Бұл, дейді, сен араласатын шаруа емес.

 Мына жақтан Германия Түркия мен Жапонияны үгіттеп әлек: мен, дейді, Сталинградқа басып кірген кезде, сендер өз тараптарыңнан соққы бересіңдер!

 Мүмкін, дейді ол ойланып, Сталинградқа кіру – «Қызыл крестке» кіргенмен бірдей деп ойлайтын шығар?! Верочка Бурчуладзеге өтініш жаз, сосын сені қуана қарсы алар ә?

– Мда-а... Соңғы кездері, турасын айтайын, Түркияның саясаты маған ұнамай жүр!

 О-о, ол бір қу ғой... Германияның сәл әлсірегенін байқаса болды, Түркияң оны бірден бас салғалы отыр.

 Қой ей? Олай деме!

 Міне – мен! Ал мынау – Германия! Егер осы айтқаным келмесе, мұртымды қырып таста!

 Ал мен Жапониямын ба?

 Жапония – не... Германия оны асықтырып отыр – баста, дейді, нені күтіп отырсың? Ал ол айтады, сен дейді, Мәскеуге қалай жеттің, сол орныңда қимылсыз әлі тұрсың. Ал бастайын, сосын қайда қашам?

 Гитлер не дейді?

 Гм, Гитлер... Гитлер Сталинградты алдық деп радиодан бір емес екі рет жариялады, бірақ оған алдана қоятын Жапония қайда? Ол бір айлакер аң ғой... Жоқ, жағдайлары тым мүшкіл, олардың!..

– Құдай соған жеткізсін!.. Құй, Зурикела!

Біз стақанымызды көтеріп, жеңіс үшін, майдандағылар үшін, бейбітшілік үшін алып қоямыз.

– Ал мен кеше өлең жаздым! – дедім кенет былдырлап. – Оқып берейін.

Менен мұндайды күтпеген Илларион қолындағы етін түсіріп алды. Мен Иликоға батылсыздау қарадым. Илико шарапқа шашалып, әтештің асқазанындай күп-күрең болып кетті. 

Илико мен Илларион екеуі де маған қарады.

 Қане, оқып жіберші! Мен қалтамнан қағазымды шығарып, түрегеліп, тіктеліп, сол қолымды сәл алға созып тұрып бар даусыммен бастап кеп жібердім:

Айлакер жау, ажал айдап, Соғыс тілеп келді бізге! Арыстанша айқасамыз, Әрқашанда жеңіс бізде! Ерлеріміз қалғымайды, Мен сендермен мақтанамын. Егер Отан сенім артса, Мен де жауға аттанамын! 

Өлеңімді аяқтадым да, үрейлі жүзбен жазамды күттім.

– Мда-а-а… Былай негізі... әлгі... батыл жазылған екен, - деді Илларион жарты сағат үнсіздіктен кейін.

– Ақырын оқуға да болады... Енді бұны не істейсің? – деді Илико сұраулы жүзбен маған қарап.

– Сонда... қашаннан бері өлеңге әуессің? – деді Илларион.

– Бір айдай болып қалды.

– Одан бері қайда жүрсің, бақытсыз неме, уақытында естіртсең бірдеңең кете ме? Енді не істейміз? Әжең байғұсқа обал, ал мен баяғыда-ақ сезгем, ерте ме кеш пе, әйтеу бір күні шынжырыңды үзіп кете баратыныңды, – деді Илико қолын сермеп. 

 Сонымен қалай, оңай келе ме?

 Жаман емес... Күніне осындай өлеңнің сегіз-тоғызын жазам. Қағаз тапшы, әтпесе оданда көп жазар едім.

– Аз! – деді Илико. 

– Әжең біле ме, өлеңші екеніңді? – деп сұрады Илларион. Күтпеген сұраққа кібіртіктеп қалдым. 

– Жоқ.

– Онда білмей-ақ қойсын. Байғұс кемпірдің басқа қайғысы да жетіп жатыр... Тағы бар ма, өлеңдерің?

– Бар. Махаббат жайлы...

– Қане, оқы!

Мен күмілжіп Иликоға қарадым.

– Оқы, оқы, ақыры бастаған екенсің, - деді ол. 

Мен қалтамнан екінші қағазды шығарып оқи бастадым:

Түн. Аспанда ай жүзіп жүр, Қар мен боран, суық ауа. Түн ішінде серуендеу ұнайды, Көздерімнен бақыттың жасы парлап. Кірпіктерімді айқастыра алсамшы, Шаттықтан басым айналады, ағалар! 

Үнсіздік қысқа ғана бес минутқа созылды. Илико мен Илларион ыңғайсызданып біріне-бірі қарады.

 Не айтасың? – деді ақыры Илларион.

 Соңғы тармағы жақсы жазылыпты, сезіммен...

 Бұл бірақ өлең махаббат туралы деді ғой. Неге махаббат туралы бір ауыз сөз жоқ?

 Ұялады да, жігітің.

 Бұл өлең, Илларион! Өлеңде бәрін түгел жайып сала алмайсың! – деп түсіндірмек болдым. 

– Біріншіден, мынауың өлең болса, онда мен парсының падишахымын! Екіншіден, махаббат туралы жаздың ба, сол туралы аздап болсын бірдеңе айту керек.

– Жә, өрекпіме! Адам кірпік ілмей, түн ішінде сенделіп жүреді, ақылынан алжасып: сонда бұл махаббат емей немене?! – дедім ашуға булығып. 

– Өзің білесің, қымбаттым менің. Илико өмір бойына ақылынан алжасқан адам, сосын күндізден көрі түнде көп жүреді, сонда бұл ғашық болды ғой? Қалай ойлайсың? – дейді Илларион. 

– Ей сен, шал, тіліңді тарт! – деп Илико өре түрегелді. – Балақай былжырап бірдеңе жазған екен, оған менің не қатысым бар?! Андағыңның көзін құрт! – деп енді маған тап берді.

– Тоқтаңдар, алдымен өлеңді талдайық, - деп Илларион оны тоқтатты. – Сен айтасың, Аспанда ай жүзіп жүр деп, сосын келесің де – қар мен боран дейсің. Сонда қалай? А? Күтпеген сұраққа жауап таппай тосылып қалдым.

– Сосын тағы. Былай дейсің: қар, боран, суық ауа, әлем қирап жатыр. Сонда немеңе жетісіп шаттанасың? Көзден жас парлатар осындай да бақыт бола ма, ақымақ?! 

– Өлеңді түк түсінбейсіңдер, сендер, екеуіңде мақаусың! – дедім өкпелеп.

Илико шарап құйды. Илларион стақанын көтерді де, мені қасына жақын отырғызып, асқан мейіріммен:

– Сенің бақытсыздығың, қымбаттым менің, басқада... Адамдар неліктен ақынға айналатынын білемін мен... Мен де мына сендей кезімде өлең жазғам. Есіңде ме, Илико?

Онсыз өмір өмір ме, Өлгенім артық атылып! Қару қайда, оқ қайда? Махаббаттың оты өртеп барады, Матренасыз бұл өмірдің мәні жоқ!

Илико құптағандай басын изеп сықылықтап күліп отыр.

– Сол жолы мен сені жынданған шығар деп ойлағам, артынан түзелдің ғой... Мынау да сөйтеді!

 Солай, балам... Ал сен өлеңді жаза бер. Адамдарды ол үшін жазаламайды... Қызыңа, егер ол да өзіңдей ақымақ болса, мүмкін, ұнайтын шығар. Ал ұнамаса – қапаланба. Махаббат деген кішкентай құс сенің жүрегіңе енді ғана ұя салды. Уақыт өтеді – балапан шығады – қанаты қатаяды – ұшып кете барады. Ал сосын – айда... Жер бетінде сенен бақытты адам жоқ... Сенің махаббатың үшін, балақай! 

Мен ұялғаннан басымды көтере алмай, Илларионды үнсіз тыңдап отырдым... Маған ол жүрегімді алақанына салып, аялап ұстап, ондағы жазылғанның бәрін оқып отырғандай көрінді.

 

 

АЛҒАШҚЫ МАХАББАТ

 

– Чигогидзе!

– Бар!

– Каландадзе!

– Осындамын!

– Сихарулидзе!

– Сихарулидзе ауырып қалды. Чкония, Центерадзе, Бурчуладзе, Коридзе, Нинидзе және Глонти оны жеткізіп салуға кетті.

– Бүкіл класс бір-ақ кетпедіңдер ме... – деді мұғалім кекесінмен. – Вашаломидзе! Вашаломидзе!!! Ваша-ло-ми-дзе!!! – деп айғай салып стөлді жұдырықпен бір қойды.

– Осындамын, мәртебелі мұғалімім!

– Сен осында болдың не, болмадың не...

– «Боламыз ба, бордай тозамыз ба?» - деді Ромули патетикалық екпінмен.

 Ромули Каландадзе, кластан шығып кете ғой!

 Суық қой, мұғалім.

 Отыннан өз үлесіңді ал да көзіңді құрт! – дедім мұғалімді қоштай сөйлеп. Ромули мені ала көзімен атып бір қарады да шығып жүре берді. Сол сәтте менің де төбемнен найзағай ойнап қоя берді. 

– Вашаломидзе, үй тапсырмасына не берілді?

 Соданы қолдану...

 Қане, жауап бер!

Мен басым салбырап тақтаға шықтым.

 Құлағым сізде.

 Соданы қолданудың бірнеше түрі бар, - деп бастадым. – Илико Чигогидзе, мысал үшін, соданы тілінің ұшына себеді де, сусыз-ақ жұта салады; Илларион Шеверднадзе бір шәй қасық соданы стақандағы жылы суға ерітіп алады, ал әжем болса...

 Вашаломидзе, шық!.. Мынамен қайсың көрші тұрасың?

 Мен, – деп Мери Сихарулидзе орнынан тұрды.

 Сабақтан кейін әжесіне хат апарып бересің Ал сен неге тұрсың, шық кластан!

 Шық десеңіз шығайын, бірақ класта кім қалады?

 Шық... – деп мұғалім сия сауытына қарап сыбырлады.

Мен зыта жөнелдім. Құдай біледі, құрлықты көрген Колумб тап бір мені көрген Ромулидей қуанбаған шығар-ау. 

– Қуып шықты ма?

– Өзіңнің шарапатың.

 Тантыпсың. Менің не қатысым бар? Сабақта көбіктей көпіршіп отырғаның... Сенің ғашық екеніңді білмейді дейсің бе?

– Кімге, ақымақ?

– Мериге.

– Енді айтсаң – тұмсығыңды бұзам.

 Менің не жазығым бар? Бүкіл класс айтып жүр.

 Есің ауысқан ба?! Ғашық болатын жасқа әлі жеткеміз жоқ.

– Қарай гөр. Менің әжем он төрт жасында тұрмысқа шыққан.

– Сонымен не айтпақсың?

– Ештеңе. Егер қаласаң, оған жеткізейін...

– Ғашық болсам өзім-ақ айтам...

– Қалай айтпақсың? Ғашықтығыңды білдіру – саған сабақ айту емес. Бұл жерде хаттан басқа жол жоқ.

– Ондай хатты өзің жазып па едің?

– Пәлі! Жазғанда қандай!

Мен Ромулиге өтірік соғып тұрған жоқ па екен деп сынай қарадым. Бірақ көзінен өтіріктің ізі байқалмайды. Сенуге тура келді. 

– Ромули, сен менің бірге туғанымдайсың... Несін жасырайын... Маған көмектес. Мен оны сүйемін, түсінесің бе?! Ромули қуанғанынан айқай салды. Мені тас қылып құшақтай алып, жерден көтеріп алды да, қайта қойды. 

– Саспа. Ендігі шаруаны өзіме тапсыр.

Тап қазір бізден бос адам жоқ. Бір иен класқа кіріп алдық. Мен партаға жайғасып, Ромули екі қолын артына қайырып, ары-бері адымдап жүр. 

– Бастайық... «Менің теңдесі жоқ қымбаттым! Махаббат – ол ұлы сезім. Одан адам соқыр, мылқау, ессізге айналады...»

– Өтірік! – дедім мен.

– Білам, бірақ осылай жазуымыз керек... Ары қарай кеттік: «Сені алғаш көрген сәтте-ақ шын сұлулықтың не екенін ұқтым. Не үшін өмірге келгенімді түсіндім, мен сені рухани сұлулық пен эстетикалық ләззаттың апофеозы ретінде қабылдадым...»

– Ромули, мына сөздердің бәрін қайдан білесің? – дедім таңданып. 

 Тблисидегі бір студент әпкеме хат жазыпты. Ғашық болып қалған ғой. 

– Содан? Әпкең оған тұрмысқа шықпақшы ма?

– Шықпақ болған. Бірақ Тблисидегі бір танысымыз ол студенттің есі ауысқан деп хабар берді... Жалғастыр: «Жасырып қайтейін, мен сені өз өмірімнен де артық көрем. Менің рухани серігім болшы. Сенің көздерің, кірпіктерің, жалт етіп қарағаның, маржандай тістерің, шиедей ернің, алтындай сары шашың, саусақтарың, қолдарың – бар мүсінің менің тағатымды тауысты. Ғұмырымды өзіңмен бірге өткізгім келеді, болмаса өлім! Осымен доғарайын. Кездескенше!..»

– Қалай? – деді Ромули сұраулы жүзбен.

– Сәл болмағанда әпкең қармаққа ілінгендей екен-ау, - дедім мен. 

– Төбемізден жәй түскендей болды ғой, - деді Ромули. Мен құстай ұшып поштаға бардым да, конверт сатып алдым, сосын хатты салып, сілекейлеп желімдеп, қалтама салдым.  

Соңғы сабақ аяқталар кезде хатты білдірмей Меридің сөмкесіне сүңгітіп жібергенім сол еді, қақшиып қаттым да қалдым. Одан кейін қоңыраудың соғылғанын да, достарымның тарап кеткенін естігем жоқ. Қашан еден жуушы келгенше сол орнымнан тапжылмаған күйі меңрейіп отыра беріппін. 

– Мектепті қашаннан бері осылай жақсы көріп қалғансың, Вашаломидзе, үйге де қайтпайсың ба сонда? Аяғыңды көтер, сүртіп алайын, - дегенде барып ес жидым. 

– Саламатсыз ба, Мака тәте!

– О, жасаған! Мені бүгіндікке көріп тұрғаның осы ма?

– Сау болыңыз, Мака тәте!

– Жаратқан өзің жар бола гөр, – деген ол шоқынды да, маған күдіктене қарап кластан шығып кетті. 

Кешке әдеттегідей Иликоның үйінде нардының көрігін қыздырып жаттық. Мен тіпті хат туралы ұмытып та кетіппін. 

– Қалай, тағы жаздың ба, өлең? – деп сұрады Илико.

 Оқышы, – деп Илларион мырс етті.

 Илико! – деген дауыс естілді ауладан. 

 Бұл кім?

 Мен ғой, Ольга. Менің арамзам осында ма?

 Кір, кір, Ольга. Мұнда отыр.

Әжем бүкшиіп бөлмеге кірді де, шәлісін шешіп, таяғын бұрышқа сүйеп, оттың жанында біраз үнсіз отырды да маған үн қатты: 

– Зурико, балам, сенің химия мұғаліміңнің жасы нешеде?

 М-м-м, отыз-отыз бестер шамасында... Жәй сұрадың ба?

– Ол аздап... анандай ма?... Есі ауысқандау?

– Оқушысы мынау болса – есі ауыспай қайтсін, – деді Илико.

– О не дегенің, әже! Оның миы құлағынан ағып тұрады, - дедім мен.

– Илларион, қарашы, құдай үшін, мұнда ол маған не жазғанын, – деп әжем хат ұстаған қолын Илларионға қарай созды. 

Арқамнан суық тер бұрқ етті...

Илларион көзәйнегін киіп, хаттың бүктеуін жазды: 

– Хатты кім әкеліп берді, Ольга?

– Мери, Ладико Сихарулидзенің қызы.

Илларион асықпай хатты оқуға кірісті:

– «Менің теңдесі жоқ қымбаттым!..»

– Мынаны ол саған жазып отыр ма? – деді Илико әжеме қарап.

– Маған, құдай ақы! Менің тамағып құрғап, қолдарым мұздап, шекемнен шып-шып тер шыға бастады. Илларион ары қарай жалғастырды: 

– «Сені алғаш көрген сәтте-ақ шын сұлулықтың не екенін ұқтым...»

– Сонда ол мені қайдан көріп жүр, қарғыс атқыр? – деп әжем мыр-мырс күліп Иликоға қараған. Ол өз құлағына өзі сенбей аузы ашылып қалыпты. 

– «Не үшін өмірге келгенімді түсіндім, мен сені рухани сұлулық пен эстетикалық ләззаттың апофеозы ретінде қабылдадым...» – деп Илларион ары қарай оқыды. 

– Бұл жерін онша түсінбедім, - деді әжем. 

– Махаббатты түсініп болатын ба еді, қымбатты Ольга? – деді Илларион.

– Иә, бірақ ол қай уақытта ғашық болып үлгерген? – деді Илико. 

– Мына бұзақының кесірінен мектепке неше шақырты емес пе, сол кезде сүйіп қалған да, байғұс.

– «Сенің көздерің...»

– Пах-пах! – деді Илико. 

– «...кірпіктерің...» - деп жалғастырды Илларион. Илико күлкіден ішегі түйіліп домалады да қалды. Илларион ықылықтап отырып ары қарай оқыды:

– «...жалт етіп қарағаның, маржандай тістерің...» Бұл жерде сәл қателескен екен, - деді Илларион.

– Опырайған ауыз мынау, қайдағы тісті айтып отыр? – деп әжем қолымен аузын көлегейледі. 

– «...шиедей ернің, алтындай сары шашың, саусақтарың, қолдарың – бар мүсінің менің тағатымды тауысты...» - деді Илларион көзінен жас аққанша күліп. 

– Тоқта, ойбай, бұдан әрі шыдай алмаймын! – деді Илико ішін басып домаланып жатып. 

Илларион оқуды доғарып, Иликоға ес жидыруға кірісті. Әжем шиқылдап кеп күледі. Жалғыз мен ғана сұп-сұры болып қалшиып тұрмын. 

– Әжеңді қашан ұзатасың? Тойға шақырасың ба? – деді Илико күлкісін тия алмай әрең сөйлеп. 

 Мда-а-а, - деді Илларион, - мұнда бір құпия бар...

 Ай-ай-ай, Ольга! Адамды осындай жағдайға жеткізгенің дұрыс болмады.

 Илико, ағай! – деген дауыс шықты ауладан. 

 Бұл кім? – деді Илико орнынан тұрып жатып. Бөлмеге Мери кірді. Тоңған қолдарын айқастырып әкеліп қолтығына қысып, селкілдеп тұр. Сәл жылынған соң:

– Ольга әжені іздеп жүр едім...

– Мен мұндамын, қызым. Хат әкеліп беремін деп, мына бізді, кемпір-шалды күлкіден өлтіре жаздадың ғой, - деді әжем оған қолындағы хатты ұсынып жатып. 

– Әже, мұғалім беріп жіберген хат... Міне әкелдім... Ал андағы басқа... Менде қайдан жүргенін білмеймін...

– О құдай, тағы бір хат па? Илларион, оқышы, өтініш!

– «Немереңіздің тәртіпсіздігіне байланысты мектепке келіп кетуіңізді сұраймын».

– Тағы ма? Мені тағы жерге қаратайын дедің бе, ұятсыз?! – деп әжем таяққа жармасты. Мен далаға қарай атылдым. 

– Үйге келуші болма, арамза неме! Басың ауған жаққа кет! – деп әжем соңымнан бажылдап қала берді. Кешікпей сыртқа Мери де шықты. Басы салбырап, жалаңаш қолдарын қымтамаған күйі ойланып кетіп барады. Орамалы сусып иығына түскен. Шаштары маңдайын жапқан. Тап осы бейнесі әлдебір атақты суретшінің картинасын есіме түсірді. Атын білмеймін. Мери мені аңғармаған күйі қасымнан өтіп барады. 

– Мери! – дедім ақырын. 

Ол тоқтады. Қасына таяп бардым. Ол сол орнынан қозғалған жоқ.

 Оқыдың ба?

Мери жауап бермеді. Ол тек ақылды, ойлы көзімен бір қарады да ары қарай жүре берді. 

– Мери!

Мери тағы тоқтады. 

– Бәріне кінәлі Ромули... Сол айтып тұрды. Мен мүлдем басқаша жазғым келген, бірақ ол бой бермеді.

– Бұлай қалжыңдауға болмайды, Зурико...

– Мен қалжыңдағам жоқ, Мери… Мен, Мери… Сен шынымен мені осындай жаман адам деп ойлайсың ба?..

 Жоқ, ойламаймын...

Біз жаңа жауған қарды басып баяу кетіп бара жаттық. Қар тоқтаусыз жауып, суық жел үрлеп тұр. Біз үнсіз келеміз. Біздің үйдің жанынан, қар басқан шынардың қасынан өттік. 

 Мына жерге Мураданы жерлегенбіз...

 Білем...

 Мен Мураданы қатты жақсы көрдім. Тап солай әжемді, Илларион мен Иликоны да жақсы көремін...

 Білемін, Зурико.

 Оны күннен күнге жақсы көре түстім. Мурада да мені өте жақсы көрді... Мен онымен адамша сөйлесетінмін... Ол өлгенде, мен де өз-өзіме қол салғым келген... Махаббат шынымен де адамды ақылынан алжастырады!.. Тоңған жоқсың ба?

– Тоңдым...

– Ал мен тоңған жоқпын.

Мен тонымды шешім Меридің иығына жаптым. Қолымды оның иығынан алғам жоқ. Біз солай жаңа жауған қарды басып жүріп келе жаттық. Үнсіз жүріп келеміз... Меридің үйі көрінді...

– Жылындың ба?

– Жылындым, Зурико.

– Сен менің Мурадамды білетін едің ғой?

– Иә...

– Ол мені қатты жақсы көретін. Ол маған үнемі: «Мери жақсы қыз, бәрінен артық, Меридің көзіндей көз басқа еш қызда жоқ. Мери өте мейірімді әрі ақылды қыз...» - дейтін. Мурада сені өте жақсы көретін, тіпті менен де жақсы көретін, ол саған ешқашан үрген емес... Сен де оны жақсы көрдің ғой?

– Иә, Зурико, өте жақсы көрдім, өте.

– Мери!

– Ау, Зурико?

Мен Мериді аялай құшақтап бауырыма бастым да, шашынан иіскедім. Мери жылап тұрды, мен де жылап тұрдым. Қар қапалақтап жауып, жел тұрды, ай, күн, махаббат, көздің жасы, және кө-ө-өп қар бар. Илико жел, қар, қираған әлем де қуаныш сыйлай ма екен дейді. Ал мен осы желге де, осы ай, осы күн, осы махаббат, және осы қапалақтап жауған аппақ-аппақ қарға да қуандым. 

 

 

ОН БІР ПҰТ ЖҮГЕРІ

 

Иликоның салпиған үлкен құлақты, майға жүзгендей кішкентай көзі, қысқа, таңқиған танауы бар сүйкімді доңызын бүкіл ауыл Серапиона дейтін. 

Ол өзі жылына екі рет туатын. Ерте көктемде және күзде жұмырланған күлгін торайдың он екісін табады. Илико, әрине, шетінен сатып, шала байып жатады. Соғыс жылдары Илико торайларын жүгеріге айырбастап жүрді.

Асыраушысын кім жек көрсін, Илико Серапионаны тура мағынасында алақанына салып әлпештейді. Өзі тоя тамақ жемесе де, доңыздың қарнын ашырған емес. Серапионаны мақтай жөнелсең – Иликоның да танауы таңқиып шыға келеді. Ол сол сәтінде-ақ сізді арақпен сыйлап, бұрыш араласпаған темекісін ұсынып, келесі маусымның төлінен сізге бір торай енші беріп бәйек болады. Оның осы бір әлсіз тұсын жақсы білетін Илларион екеуміз Иликоның он пұттық йоркширін жер көкке сиғызбай мақтаймыз-ай келіп.

Міне, біз Иликоның ауласындағы алма ағашын көлеңкелеп, ұзынынан сұлаған Серапионаны сондай бір құрметпен сипап қойып оны-мұны әңгіме қылысып отырмыз.

– Доңыз деп осыны айт! Мен мұндай жануарды өмірімде көрген емеспін, - деді Иларион.

– Асыраушым менің! Қазынам менің! – деп Илико да Серапионаның қарнынан қыттықтады. Доңыз рахаттана көзін сығырайтып қорс етті. Илико оның күреңіте домбыққан желініне мейірлене қарады. – Он екі емшек. Он екі асыл тұқымды торай. Құдай бұйыртса, Серапиона бүгін-ертең төлдейді, сонда – қабыңды әзірлей бер, Илико, сап-сары жүгеріге көмілесің де қаласың.

– Осындай асыл тұқымды доңызды қайдан алдың? – дедім мен.

– Е, қымбаттым, ол бір ұзақ хикая... Серапионаның арғы әжесі менің марқұм әжем Калентидің жасауымен бірге келіпті, топырағың торқа болғыр! Көргендер айтады, жануар арық әрі ауру еді, атам Харитон, тіпті, ондай қоқсықты қолында ұстауға намыстанып, қуып жібермек болады...

 Бекер, оданда сойып алсашы, - деді Иларион.

 Кімге керегі бар ондай ауру малдың. Оның үстіне қазіргідей емес, заман басқа...

– Қазір соғыс... Халық аш... – деп қоштап қойдым мен.

– Сөзіңнің жаны бар... Жұртқа ауыр тиіп тұр... Бізді қойшы, Ленинградты айтсаңшы, қоршауда қалған кезде, адамдар мысықтың етін жеген дейді...

– Сен Ленинградты айтасың. Мен өз үйімде отырым күлуге қорқамын, - деді Илларин.

– Неге үйтесің? – деді Илико түсінбеген кейіппен. 

– Неге дерің бар ма... Тісімді ақситып күлейін десем, үйдегі әтеш аузым тола жүгерінің дәні екен деп тап бере ме деп қорқам.

 Ал сен оны сойып таста, - дедім ақыл айтып.

 Сосын күнде таңертең кукареку деп сен оятасың ба мені?

 Содан... – деді Илико әңгімесін жалғап, - атам Харитон алған бетінен қайтатын түрі жоқ. Мынаны, дейді, өз қорамнан көргім келмейді. Ал әжем Каленти тура қабырғаға шапшыған ғой: сіз, дейді, ештеңе түсінбейсіз, бұл, дейді, асыл тұқымды доңыз, көр де тұрыңыз, ол әлі өзін танытады. Қысқасы, әжемнің айтқаны айдай келген ғой. Менің Серапионам сол көтерем торайдың тұқымы.

– Өй бұл кез-келген доңызыңнан артық, – дедім мен.

– Зурикела, сен ақылды баласың ғой, - деді мақтаныш кернеген Илико. – Құдайшылығын айтшы, менің Серапионам кез келген құрметке лайық емес пе?

– Ал меніңше, Илико, сен бұны жәй ғана бағаламай жүрсің, - деді Илларион. – Саған мына көзі аларып, қарақшыға ұқсаған Харитон атаңның суреті не керек? Сен анау Павлуша-фотографты шақырып, Серапионаның портретіне тапсырыс берсеңші: бөлмеңе іліп қоюға бұдан артық қандай портрет керек?

– Илларион Шеварднадзе, егер бұл доңыз сенен артық болмағанда, мен бұны баяғыда-ақ табытқа салып шығарып тастар едім, - деді Илико Илларионға алара қарап. Бір жанжалдың басталғалы тұрғанын сезе қойдым да Илларионға қалжыңдайтын сәтті тапқан екенсің деп көз қыстым.

– Бұған мән бермей-ақ қой, Илико. Әттең тілі жоқ, әтпесе сенің доңызың адам секілді ғой, - дедім. 

Илико маған күдіктене қарады. Мен міз бақпадым. Содан кейін барып Илико орнынан тұрып, мұрнының астынан міңгірлеп үйіне қарай кетіп бара жатты. 

– Қалжыңдайтын уақытты тапқан екенсің! – деп Илларионға дүрсе қоя бердім.

– Кетіңдерші түге! – деді Илларион тісін шықырлатып. – Қалжыңдауға да болмай ма?! Мүмкін, мына сасық доңызға табынып, бас и дейтін шығарсыңдар?!

Илико бір бөтелке арақ, үш стақан және бірер көгерген чурчхел көтеріп келді. Алғашқы екі стақанды бір-бірімізге бас изеп қана үнсіз іштік. Үшінші стақанда Илико сөз сөйледі:

– Зурикела, бұдан былай сен оқымысты адам саналасың. Рас, қаншама қиындық көріп, кедергілерден өте жүріп, қиналсаң да әйтеуір тоғызыншы класқа іліктің. Мүмкін оқыған шығарсың, оқымасаң, әйтеуір бір жерден естідің, біздің бабаларымыз маймыл болған.

– Сенің бабаң маймыл болмағанда, басқа кім болушы еді? – деп Илларион қойып қалды. Оған енді бәрі бір еді – күткен арағы алдында тұр. Ал Илико естісе де естімегендей.

– Мен өзім ғылымға онша жүйрік болмасам да, ойлаймын, бұл негізі дұрыс тұжырым емес. Меніңше, әр адамның ата-бабасы әртүрлі болған. Мысалға Серапиона Сепертеладзені алайық... оның арғы тегі, шамасы, доңыз. Менің Серапионама қара да Серапиона Сепертеладзеге қара! Бірінен бірі аумайды ғой? Сөйлей алмайды дейсің бе? Онда тұрған не бар? Туа бітті мылқау адамдар болады. Менің де Серапионам...

– Тап осы сөзіңді Серапиона Сепертеладзеге айтамын, ол сосын саған ата-бабаны көрсетеді! – деді Илларион.

– Айтып бар. Ата-бабасының қайдан шыққанын оның өзі білмейді дейсің бе? – деді Илико қасарсып. – Мен саған одан да қызығын айтайын. Қарашы, мына Илларионға. – деді ол енді маған мойын бұрып. Илларион елең ете қалды. 

– Ал, қарадым...

– Бұның бірбеткейлігін білесің.

– Білемін делік...

– Сен бұның күлгенін көріп пе едің? Есектің ақырғаны ғой, – Келіспеске шарам жоқ-ты. – Ал анау қалқиған құлағын көрдің бе? – Қарсыласудың қажеті жоқ еді: түрінің өзі-ақ айтып тұр. – Ал енді, шамаң жетсе, Илларионның бабасы есек болмағанын дәлелдеп берші маған.

Илларион чурчхелге қақалып қалды. Жөтелі басылған соң, орнынан тұрды да, шляпасын қолын ұстап қақпаға қарай жүре берді. Сосын аса бір қимастықпен бұрылып бөтелкеге қарады да, қайтып келіп, стақанды толтырып, бір деммен тартып жіберіп, үнсіз бұрылып жүре берді. Қақпаның аузына жете бере бері бұрылып айғай салды:

– Тұра тұр, бәлем, сыңар көз сайтан!

Илико рахаттана жымиды.

...Көптен күткен йоркшир тұқымдары өмірге келер кез де жақындаған. Иликоның ауласында болашақ доңызбайға тәу ету басталды. Келушілер мөлшерлі бір пұт жүгеріні өлшеп беріп тұрып, мынадай мазмұнда қолхат алып жатты: 

«Мен, Илико Чигогидзе, азамат пәленшеден бір пұт жүгері дәнін алдым, оның орнынан емшектен шыққан бір торай беруге (жынысы көрсетіледі) міндеттімін».

Әрине, сатып алушы қалай болғанда да ұрғашы торай алуға күш салатынын есептемесек, келісссөз барынша бейбіт әрі достық рәуіште өтіп жатты. 

– Ой, қалайық! – дейді Илико түтігіп. – Доңыз бірден он екі ұрғашы торай тапқанын қайдан көрдіңдер?

– Неге таппайды, - дейді жұрт оған. – Кучулия Цинцадзенің, мысалы, он екі қызы бар.

 Мархабат, ондай болса Кучулия мен Серапионаны жарастырыңдар да, қолхатты Кучулиден барып алыңдар! 

 Илико Чигогидзе, сәл жастау болғаныңда, андағы сумаңдаған тіліңді көмейіңмен қоса суырып алар едім! – деді Кучулия ашуға булығып. 

 Сәл жастау болғанымда, қолыңды қол, бұтыңды бұт қылар едім! – деді Илико қарсыласып. 

Сатып алушылар арасында Серапионаның өзін саудалағандар да болды. Бірақ Илико маңдайындағы жалғыз көзімен өмірге сергек қарайтын. Жанын сатса да, Серапионаны сатпайды. 

– Одан артық не керек саған? – дейді Суребиден келген Аслан жата жабысып. – Доңызыңның орнына бір ат, он сүргіленген тақтай беремін. Келістік пе?

– Ақымақты басқа жерден ізде, Аслан. Қазір соғыс жағдайы: атты кавалерияға алып қоюы мүмкін, ал менің Серапионам кімге керек?

– Доңызыңды сат, кеш болмай тұрғанда, - дейді Асылан үрей шақырып. – Бәрі бір айырылып қаласың – Гитлер иек астында тұр.

 Тірі болсақ оны да көрерміз, қымбаттым. Ал сен естімедің бе, сол Гитлерің менің доңызыма бола басып кірмеді ме екен? – дейді Илико. 

Осыдан кейін біржола үмітін үзілген Асылан қолын бір сілтеп кете барды. 

Бірде Илико біздің үйге келіп, итмұрынның түбіне бір қап жүгеріні тастай салды. 

 Мынауың не, Илико? – деді әжем.

 Кеше Серапионаның тұқымына он бір қолхат бердім, - деді Илико, - сөйтіп он бір пұт жүгері алдым. Күзге дейін еркін жетеді. 

– Неге он бір? – деп таң қалды әжем. – Серапиона он екі торайдан кем таппайтын еді ғой?

– Бір торайды сенің арамзаңа сыйлаймын. Мына жүгеріні де. Ренжіме, Ольга. Бұл қожалақты қалай жақсы көретінімді білесің ғой. 

– Уа, жаратқан ием, Илико Чигогидзе мен оның отбасына бақыт пен қуаныш сыйлай гөр. Шаңырағы шаттыққа кнелсін, - деп әжем көзі жасаурап Иликоның маңдайынан сүйді. 

– Түнде диірменге барып қайтамыз, бір сағаттан кейін маған соқ, - деді де Илико кете барды...

...Илико екеуіміз ұн салған қабымызды арқалап үйге қайтып келе жатқанда таң да бозарып атып келе жатқан. Аласа ағаштың бұтағына қонақтаған әтештер тамағы қырылдап жарыса шақырады. Кенет құлағымызға зарлы айқай жетті. 

– Мынау Машиконың дауысы ғой, - деді Илико, - Шынымен ұлынан қара қағаз келгені ме?..

Жүрісімізді ширата түстік.

– Тап менің аулама келіп өлуін! – деп зарлап жатыр Машико. – Енді ана жалғыз көзге еш кінәсіздігіңді дәлелдеп көр!

Бір жамандықтың болғанын сезген Иликоның арқасындағы қабы түсіп кетті, өзі де сылқ етіп жерге отыра кетті. Мен жүгіріп Машиконың ауласына жеттім де, шарбаққа таяй бере көзім атыздай болды: қақпаның алдында бүйірі қабысқан Серапиона әлсіз қорсылдап жатты. Қасында ұсақ-ұсақ он екі торай жайрап жатыр.

– Не болып қалды, Машико? – дедім әрең дегенде тілге келіп.

– Бақытсыздық, бақытсыздық, Зурикела. Міне бір тесіктен бері өтпек болған – енді міне... Доңызыңа ие бол, көрінген жерге тұмсығын тыға бермесін деп қаншама рет ескерттім, ол кәрі сайтанға! Тыңдайтын ба еді!.. Енді бармағын шайнасын. Жапа шегушілер бар, қайғыға ортақтасқандары бар және жәй ғана қызық көргісі келгендер бар – көршілер түгел жиналды. Соңғы болып аулаға Илико кірді. Жүзі қуарып кеткен ол Серапионаға ұзақ қарады. Сосын тұмағын шешіп, жерге атып ұрды:

– Әділдігің қайда, құдай?! Ұят жоқ сенде! Енді не істеймін?

– Бекем бол, Илико! – деп жұрт басу айтып жатты. – Бүлінген ештеңе жоқ қой: доңызың тірі, әлі-ақ бәрі қалпына келеді. Оның темпераментімен...

– Кредиторларды қайтем? – деді Илико мұңайып.

– Өлмес...

– Көршілерім, мейірімді адамдар, келесі төлдеуге дейін күтуге келісесіңдер ме? – деді Илико кредиторларға жағалай көз тастап.

Ыңғайсыз бір үнсіздік орнады.

– Қалай, күтеміз бе? – деді араларынан біреу.

– Басқа не амал бар? Жүгеріні қайтып алып алмайсың ғой. Алғың келсе де татырмас. Жұрт ду күлді. Тіпті Иликоның өзі де жымиды. Инцидент жайдары ауанда аяқталып келе жатқан. Кенет топты киіп-жарып ортаға Серапион Сепертеладзе атып шықты:

– Әй сен, сыңар көз сайтан, - деп бірден Иликоға тап берді, - Соңғы рет ескертемін: не доңызыңның атын өзгертесің, не менің қолымда өлесің! Елдің көзінше ескертіп қояйын!

– Сен не, массың ба әлде тауықтың етін көп жеп қойдың ба?! Неге айқайлайсың?! – деді Илико тістеніп. 

– Сұрағыңа болайын! Жарты ауыл менің үйімнің жаныда жүр, естідіңдер ме, дейді, Серапион торай тауыпты. Әйелдер қатыныма көңіл айтып жатыр... Ал бұның сұрағы мынау... Екеуіңді де өлтірем – сені де, сенің сасық доңызыңды да...

Жұрт ду күлді, олармен қосыла Илико да күлді. Серапионды жұлқынғанына қарамай, күшпен үйіне алып кетті. 

– Торайлардың бәрі ұрғашы екен... Он екісі де... – деп Илико Кучули Цинцадзеге көз қиығын тастады.

Көршілер бір-бірлеп тарай бастады. Мен, Илларион, Илико және Серапиона төртеуміз ғана қалдық. 

 Құртты ғой, бәрін, - деді Илико. 

 Үйге жүрейік, - деді Илларион.

 Кеттік, Илико! – дедім мен. 

Сол түні біз тумай жатып шетінеген торайларды аза тұттық...

 

 

ЖЕТІЛГЕНДІК КУӘЛІГІ 

 

1945 жылдың көктемі...

Куәлігімді көрген әжем тас қылып құшақтағаны сонша, тұншықтырып өлтіре жаздады:

«Енді маған өлімнің өзі қорқынышты емес», - деді көзінің жасы куәлікке тырс-тырс тамып тұрып. Сосын кенет қабағы қатуланып, аларып маған бір қарады да, куәлікті үстел үсітен қойып үн-түнсіз бөлмеден шығып кетті. Мен ештеңе түсінбеген күйі қала бердім. 

Арада он бес минут өткенде әжем қайтып оралды. Қасында Илико мен Илларион бар. 

 Жайғасыңдар, көршілер! – деді әжем.

Илико мен Илларион тізе бүкті.

 Ал, тағы қандай бақытсыздыққа тап болдың? – деді Илларион маған қарап. 

 Жетілгендік куәлігін алдым, - дедім де куәлікті ұсындым. 

 Сендерді де сол үшін шақырдым, - деді әжем. – Қарап жіберіңдерші, құдай үшін, шын куәлік пе, жоқ әлде, былтырғы бөтен біреудің мақтау қағазы секілді бірдеңе ме?

Илларион куәлікті қолына алып, айналдырып ұзақ қарады, мөрін, қойылған қолды тексерді, тіпті жарыққа ұстап қарады, сосын Иликоға ұсынған. Илико да соны қайталады, бірақ жіті тексеріп барып, әжеме ұсынды.

– Даусыз өзінікі.

– Шын ба? – деді әжем.

– Шын. Біріншіден, бұл таза бланкты еш жерден ала алмайды, екіншіден, мөрі жалған емес, үшіншіден, екінші беті орысша толтырылған, оны біздің Заблонда бірде бір оқушы жаза алмайды, ал төртіншіден, адасқан жалғыз төрттен басқасы түгел үш!

– Құдайға шүкір! Мені қуантып отырсың, Илико! – деді әжем терең демалып. Илларион куәлікке қайта қол созды. 

– Же-тіл-ген-дік ку-ә-лі-гі, – деп буынға бөліп оқыды. Сосын орнынан тұрып, қасыма келді де, төбемді тоқылдатып, дыбысын тыңдап көріп, Иликоға қарады:

– Еее, бауырым, жетілгені осы болса, онда мен қытай мандаринімін.

 Түк етпейді... Бұзылып кетпес үшін, сататын қызанақты да қалаға жасыл күйінде апарады. Жеткенше өзі-ақ қызарады.

– Ақыры солай екен, онда ақылдасайық: ары қарай бұл не істейді, қандай мамандық таңдайды? Адамда бір жоспар деген болу керек қой? Әйтпесе қалаға барады да, есек құсап екі құлағы салпие-е-еп жүреді, - деді Илларион.

– Өзің қай факультетке түспек ойың бар? – деді Илларион маған. 

Мен иығымды қиқаң еткіздім.

– Менің немерем дәрігер болады, - деді әжем. – Қартайдым, маған күтім керек.

– Сен сонда міндетті түрде осының қолынан өлмекпісің? – деді Илико. 

– Мүмкін тарихты таңдар? Тарихшылардан райком хатшылары көп шығады, - деді Илларион.

– Мен мұның орнында болсам заңгерлікті таңдар едім, - деді Илико. – Өзіміздің судяны ал. Тесік кебісі қолқылдап қоңылтаяқ келіп еді, қазір қара, былғары пальто мен резеңке етік киіп шалқақтап жүр.

– Мұның жүрегімен қайдағы заңгер. Бұл біреуді тұтқындай да алмайды ғой.

– Мүмкін әдебиет жағына барар? Бұл біздің өлең жазғыш қой, оның үстіне тілі де сала құлаш, құдайға шүкір. Одан басқа не керек?

– Әлгі... анандай... дайын профессорлар шығаратын бірдеңе жоқ па? – деді әжем.

– Неге болмасын, бар. Ондай мекемені біздің Илико бітірген ғой, - деді Илларион мысқылдап. 

– Неменеңе мылқиып тұрсың? Айт, қайда түскің келеді? – деп Илико маған шүйлікті. – Әйтпесе мына біз тұмсық әкетіп барады!

– Әртістің оқуын оқығым келеді! – дедім мен кенет міңгірлеп. Сол сәт бөлмеде өлі тыныштық орнады. 

– Шыққыр көзім-ай! Көп қатын алып жүрмекші екенсің ғой?! – деп әжем шар ете түсті. 

– Есі ауысқан, бұл байғұстың! – деді Илико. 

Талқылау таңға дейін созылды. Сөйтіп бәрі Илларионның пікіріне тоқтады. Менікіндей шалбары бар адам экономика факультетіне түскені жөн екен, болашақта өзін экономикалық және материалдық тұрғыда толық қамтамасыз етуі үшін.

Әжем атамның галифе-шалбар, хром етік, жүн жейде, күміс белбеуі мен биік қаракөл папахасын алып шықты:

– Міне, балам, ки. Бөтен жерге сені мына шоқпыт-шоқпыт түріңмен жібермейтін шығармын. Сен ол жақта озат болуың керек, құлыным...

– Аумаған Симон Долидзе! – деді Илико.

Жексенбінің алакеуімінде мен, әжем, Илико және Илларион төртеуіміз жол бойында өткен-кеткен көлікке қол көтеріп тұрдық. Жаңбыр сіркіреп, жел соғып тұрған. Күн суық еді.  

– Кабинаға шопырдың қасына отыр, - деді әжем тықақтап.

– Сәрміс жеуді ұмытпа, әтпесе бірдеңе жұқтырып алуың ғажап емес, - деді Илларион ескерте сөйлеп.

– Вагонға мінісімен одеколонмен сүртін, бүрге таламайды, - деп Илико ақыл айтты. 

– Байқа, ертең хатың қолыма тиетін болсын! – деп әжем талап қойып.

 Оданда телеграмм жібере сал – тез келеді. 

 Қаланың бұзықтарымен байланысушы болма!

 Тезірек қайт!

 Шарап қажет болса – жазып жібер, ұялма. Ақыры бір жүк көлігі келіп тоқтады-ау. Кабинада балалы әйел отыр екен. Әжем тіл-көзден сақтасын деп үш рет үшкірді. Илико мен Илларион кезек-кезек сүйді. Мен кузовқа міндім де, машина жүйткіп берді. 

Кенет қолында түйіншегі бар, жүгіріп келе жатқан қызға көзім түсті. Қыз бірте-бірте жүрісін баяулатып, артынша шығарып салушыларға барып қосылды. Қыз алыстап бара жатқан машинаға ұзақ қарады, сосын жалт бұрылып, Иликоның кеудесіне бетін басты. Жылап тұрған болуы керек, шамасы. Мен де жыладым. Ал машина мені ең аяулы төрт адамымнан алысқа ала қашқандай зымырап келе жатты. 

Жаңбыр құйып, жел гулеп, суық күшейе түсті. Сонау алыста төрт сұлба қараңдайды. Қыз Иликоның кеудесіне бетін басып жылап тұр. Мен де жыладым, жыладым да... оның жылап тұрғанын ойлап қуандым. Жаңбыр бар болатын, жел бар болатын, күн бар болатын, және мақаббат пен қуаныштың көз жасы. Енді, шамасы Иликоның өзі де түсінген шығар, аспандағы ай мен қапалақтап жауған қардың жайын. Неге ұйқым келмейді, бұл қуаныштың көз жасы қайдан шығып жатыр, мен ненің құрметіне осынша бақыттымын?

Машина алға қарай зулап келеді. Арттағылар көзден ғайып болды. Ал мен кузов үстінде түрегеліп, алға қарап тұрып сыбырладым:

 Қош бол, әже! Қош бол, Илларион! Қош бол, Илико! Қош бол, Мери!

 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар