«Қаламгер ұстаханасы»: «Жазушы және елорда тарихы»

«Қаламгер ұстаханасы»: «Жазушы және елорда тарихы» - adebiportal.kz

Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының қолдауымен Қазақстан Жазушылар одағы Астана филиалы «Қаламгер ұстаханасы» жобасы  көпшілікті кезекті тұлғаның дәрісіне шақырған еді. Өткен жылы оқырманға он екі дәріс оқылса, жыл басталғалы шеберхана биыл жетінші дәрісін ұсынғалы отыр. Бұл жолғы дәрісті Астана күніне орай «Жазушы және елорда тарихы» атты тақырыпта Қазақтанның еңбек сіңірген қайраткері, саясаткер,  журналист, жазушы-публицист Алдан Смайылов оқыды. Дәріске келген көпшілікті Астана тарихымен етене таныстырған қайраткер, бүгінгі Ақмола облысының бастауы сонау ғұн империясы кезінен жалғасатындығы жайлы баса айтты.

Қазақстан Жазушылар одағы Астана филиалының директоры Бауыржан Бабажанұлы: «Біз бүгін кезекті дәрісімізді бастаймыз. Дәріске жаңадан қосылып отырған көрермендер мен оқырмандар үшін айта кетейін, Астана қалалық тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы мен Қазақстан Жазушылар Одағы, Астана филиалы осындай «Қаламгер ұстаханасы» деген жобаны қолға алған еді. Жоба аясында жыл басталғалы алты дәріс оқылды. Бүгінгі жетінші дәрісімізге жиналып отырмыз. Баршаңызға да қош келдіңіздер! Қадірлі Қадыр Мырза Әлінің: «Біздің тарих бұл да бір қалың тарих, оқулығы жұп-жұқа бірақ тағы», - дейтін бір сөзі бар. Осы ретпен келсек, біздің Астананың тарихында да біз білмейтін көп дүниелер бар. Осы елорда тарихын қаламгердің көзімен қарасақ қандай болады? Бұл жөнінде біз бүгін мемлекеттік сыйлықтың иегері, белгілі қаламгер Алдан Смайылды шақырған едік. Алдан аға сияқты дәл елорданың тарихын білетін қаламгер аз деп есептейміз. Ендігі сөзді Алдан ағаға берсек». 

Дәріскер әңгімесін бастады: 

- Сәлеметсіздер ме! Негізі бүгінгі әңгіменің тақырыбы елорда тарихы деп отырмыз. Өздеріңіз білесіздер, Алматы астана болып тұрған кезде ол астананың тарихы қаланың көне тарихынан бастауын алды. Ұмытпасам Алматының екі мың жылдық тарихын да тойлаған едік. Кейін астана Ақмолаға келіп орналасты. Қазір елорда тарихын көбінесе, 1997 жылдан бастап айтып жүр. Сол жылдың 10 желтоқсанда астана болып жарияланғанын білесіздер. Алайда біз Ақмоланың тарихын тереңінен білуіміз керек. Мен бұл жердің тарихын сонау 1971 жылы келгеннен зерттеудемін. Жалпы оның екі себебі болды.

Елдің тарихын зерттеуіме түрткі болған бірінші себеп: бала күнімде Әлкей Марғұланның экспедицияларына қатысуым дер едім. Ұлытау облысы, Жаңарқа ауданындағы Дарат ауылында тұрған кезде, атақты Әлкей Марғұлан біздің үйге келді. Мен бастауыш сынып оқушысы едім. Менің үлкен әкем Смайыл академикпен бірге ылғи ауылдың шетін аралап кететін. Артынан төртінші сыныпта оқып жүрген мені де атқа мінгізіп алып, бірге ала кетуші еді. Атам көрсеткен жерлерден Әлкей Марғұлан мық тайпасының ерте замандағы мыс қорытқан қазандарын, түрлі бұйымдарды, қоладан құйған арыстанның керемет мүсініне дейін тапты. Сол кісілерге еріп жүру арқылы тарих дегенді білу керек екенін, біздің бүгінгі өміріміз сол тарихи өткендердің жалғасы екенін ұқтым. Тамырыңды тереңінен білмесең, ертеңгі өміріңе әсер ететінін де бала кезден түсіндім. 

Екінші себеп, мен ол кезде «Коммунизмдер газеті» деген облыстық газетте істедім. 1976 жылы жұмыста радио тыңдап отырсам, «Целиноградская правда» деген облыстық газеттің редакторы Алдошкин мен ақын Гундеров екеуі облыстық радиодан сөз сөйлеп отыр: «Ақмоланың Целиноград деп өзгергені өте жақсы болды. Одан кейін Атбасардың, Қарағандының және Алматының да атауын өзгерту керек», - деді. Бұл сөздер намысыма қатты тиді. «Қазақы атауларды алып тастамақшы ма?» - дедім. 

Ертесіне Жазушылар одағының бөлімшесінде отыратын Гундеровке: «Сендердің мыналарың не?» - десем, менің жағамнан ала түсті: «Сендердің жерлерің емес, біздің дайындап берген жерлерімізде жүрген адамдарсыңдар, қандай құқықтарың бар дауласатын!» - деді. Осы тұста өз жерімізде жүріп, өз тарихымызды жақсы білуіміз керектігін тағы бір мәрте жақсы түсіндім. Сол кезде Шерхан Мұртаза редактор болған республикалық «Қазақ әдебиеті» газетіне «Шұғат» деген мақаламды бердім. Ішімдегінің бәрін жазым. 1976 жылдары мұндай мәселені көтерген тақырыпта мақала жарияланбайтыны анық еді. Бірақ Шерағаңның батылдығымен мақала жарыққа шықты. Дегенімізге жеткенімізбен, артынан қысымды да көрдік. 

Содан бастап Ақмола облыстық өлкетану музейіндегі тарихи деректерді ақтара бастадым. Сонда алғашқы тапқан дерегім: Ақмола деген сонау ғұн империясының тұсында болған қала екен. Ғұн империясының қорғаны мынау Ақмоланың іргесіндегі Тайтөбе деген жерде болыпты. Ақмола сөзінің «ақ» дегені «батыс» деген мағына берсе,  «мола» деген «қорған» деген мағынаны береді. Яғни «батыс қорған» деген сөз. Мен ақырын-ақырын осы мәселені көтере бастадым», - деп ғалым Ақмола атауының мән-мағынасы мен қаланың орысша Целионград деп өзгеруіне қарсы болғандығы жайлы тарихқа толы мәліметтермен бөлісті.

Иә, тарих қойнауында тіліміз бен ділімізге қатысты талай дерек жатқаны белгілі. Алдан Смайыл ұлтымыздың тарихына, әдебиеті мен мәдениетіне қатысты көне деректерді қайта тірілтіп, сол замандағы орыс басшыларға өз ұсыныстарын қаймықпай ұсына білген жан. Алдан ағаның әңгімесін тыңдап отырып, XX ғасырдың қойнауына еріксіз шомып кетесің. Тұнып тұрған тарих. Жазушы әрі қарай әңгімесін византиялық ғалым Прокопий Кесарийскийдің мақаласындағы Ақмолға қатысты дерегімен жалғап, Тәуке ханның тұсында қазақ жеріне экспедицияға келген полковник Шангиннің ұлы қазақ өлкесінен табылған «Бытығай» қаласымен өрбітеді. 

«Бұл қалашық туралы көп зерттеген адамның бірі – Шоқан Уәлиханов. Тіпті Мұрат Сейсенұлының «Шоқан және өнер» деген кітабында Шоқанның «Бытығай» қалашығын түсірген сызба суреті де кездеседі. Біз осындай тарихымызды міндетті түрде тереңнен біліп қана қоймай, еліміздің көне тарихынан сыр шерткен Ақмоланы мақтан етуіміз керек», - деп қаламгер көпшілікке бұрын беймәлім болған «Бытығай» қалашығы туралы да аз-кем ақпаратпен бөлісті. 

«Ал енді осы тарих беттері жаңадан тәй-тәй басып, шаңырақ көтерген бүгінгі Астана үшін керек-ақ. Осындай көне деректерге сүйене отырып, қазақтың астанасы сонау ғұн империясынан жалғасын алып келе жатыр деп ауыз толтырып айтуға әбден болады. Өзінің геосаяси құндылығының арқасында бұл қала ғасырлар бойы алып тұлғалардың,  би-патшалардың үнемі назарында болған. Кейін тіпті тұңғыш Президенттің тапсырмасымен академик Кемел Ақышев бұл өңірді мықтап зерттегенін білесіздер. Ақмоланың мың жылдық тарихын тұтастай зерттеуді қолға алған еді. Оның бастауы Дешті қыпшақ империясының заманынан басталып, мына Бозоқпен жалғасын тапты», - деді ғалым. 

Дәріскердің әр сөзі – тарих, әр ойы – құнды қазына. Елорда тарихын бүге-шүгесіне дейін зерттеп, бүгінгі әр тасындағы тарихи таңбаның іздерін қаламгер жиналған көпшілікке әдемі суреттеп жеткізді. Қала тарихының әр кезеңіне тоқталып, сол уақыттағы қиындықтармен күрескен батыр бабалардың есімдерін де ерекше атап отырды. Соның бірі Кенесары хан еді. «Ақмоланың өткенін еске алғанда, Кенесары тұсындағы ұлт-азаттық көтерлісті айтпай кету мүмкін емес» деді жазушы Смайылов сөзін жалғап. «1838 жылы жиырма бесінші мамырда осы Ақмолада Ресей империясының отарлау саясатына қарсы алғашқы ұлт-азаттық көтеріліс басталады. Бұл – бүкіл ұлт мақтан ететін оқиға. Бүгін осы мекенде өмір сүріп жатқан біздер дәл осы тарихты әрдайым есте сақтауымыз керек. Біз намысты қашанда қолдан бермеген ұлы ұлттың ұрпағымыз», - деп дәріскер отырған көпшілікке рухты ойын жеткізді. Әрі қарай әңгімесін тың игеру жылдарындағы Ақмоламен жалғастырды. «Ақмола тарихын қаузағанда Хрущев кезіндегі елдегі саяси ахуал есіме еріксіз оралады. 1954 жылы бұл жерде тың игеру басталған. Сол кездегі бес облыстың астанасы – Ақмола атанды. Бұл қала қазақ өлкесінің отаны болды. Тың игеру жылдарында Қостанай, Солтүстік Қазақстан облысы, Ақмола сияқты егістігі мол шығатын өлкелерге келімсектер жіберілді. Жіберілген крестьяндардың 58%-ы осы Ақмола облысына келген еді. Содан кейін киелі топырақтың, қазақы қаланың сыртқы келбеті ғана емес, оның  рухани жан-дүниесі мен ішкі табиғаты да ақырындап өзгере бастады. Біз осыны еш уақытта ұмытпауымыз керекпіз», - деді Алдан Смайылов.

Қаламгер Астанамыздың түп-тамырын әріден қозғап өтті. Елордадағы әр ескі ғимараттың тарихымен бөлісті. Ол: «Бүгінгі астаналық тұрғындар Кубрин деген көпес болғанын естіген болар. Тіпті ол кісінің есімімен қалада көше де бар. Кубрин – қаланың алғашқы бастығы болған адам. Сол кезде қазіргі ескі үйлердің біразы салынған. Кубриннің үйінде кейін Астанадағы Украина елшілігі тұрды. Қазір сонда бар ма, жоқ па білмеймін. Ал енді мына Максим Горький атындағы орыс драма театры ол кезде бір қабатты қыздар училищесі болған еді. Ақырындап училищиелер, түрлі мектептер ашыла бастаған уақыт. Тіпті қалада мал дәрігерлік мектеп болған еді. Кейіннен жаңағы училищені биіктетіп, Горький атындағы орыс драма театры етіп өзгертті. Әлі күнге дейін орыс драма театры сонда», - деді қайраткер әрі қарай ойын жалғап. «Тың игеру жылдарына қайта оралсақ деп отырмын. Себебі сол уақыттары яғни, 1961 жылы Ақмола Целиноград болып өзгерді. Облыстың атауы да, қаланың атауы да Целиноград болып ауысып кетті. Осы мәселені қайта қалпына келтіру бойынша біз «Тіл және мәдениет» деген қазақ қоғамын құрдық. Ақмола атауының түп тарихын, қандай мағынадан шыққанын білген соң, оны өзгерткенін мен қаламадым. Оныншы мамырда біздің құрылтай жиналысымыз өтті. Республикадағы тұңғыш қазақ қоғамы сол еді. Қоғамның алға қойған басты мақсаты – Ақмоланың атын қайтару. Сондай-ақ, осы жерде қазақ драма театрын ашу, мектептерді көбейту, балабақшаларды жандандыру. Басқа да өзгеріп кеткен еліміздегі жер аттауларын өз қалпына қайтару жайлы жоспар құрдық.

Сонымен біз  аудан-совхоздардың бәріне қазақ тілі қоғамының бастауыш ұйымдарын құрып тастаған едік. Солардың көмегімен және өзіміз аралып жүріп он екі мың қол жинап, ақыры Жоғарғы кеңеске жеткіздік. Ол кезде төраға – Әбіш Кекілбаев. Содан 1992 жылы алтыншы шілдеде тұңғыш Президент Назарбаевтың Жарлығымен Орал облысын Батыс Қазақстан деп, Шымкент облысын Оңтүстік Қазақстан деп өзгертсе, Целиноград қаласын және облысын түгелдей Ақмола деп, өзгерту туралы заң шықты. 

Ақмола атауын қайта қалпына келтіру жолында қаншама қарсылықтарға тап болсақ та, біраз тер төгіп нәтижеге жеткен едік. Содан кейінгі көтерген үлкен мәселенің бірі  бізге қазақ театрын ашу еді. Қазақ театры ертеде бұл жерде болған екен. Оны Абдолла Асылбеков деген революционер кішігірім үйірме ретінде ашқан. Мәскеуде Тимирязев атындағы ауыл шаруашылығы институтын бітірген жалғыз қазақ – осы Асылбеков еді. 1913 жылы алғашында құда түсу, жар-жар сияқты спектакльдерді қойып жүреді. Одан кейін 1915 жылы кішігірім қазақ үйірмесін Атбасарға көшіріп, ол жақта үлкен театр тектес бір үйірме құрады. Содан кейін көлемді драмаларды қоя бастайды. Мысалы, Міржақып Дулатовтың алғашқы романы «Бақытсыз Жамалды» Асылбековтер алғаш рет Атбасарда сахналаған екен. Одан кейін 1918 жылы Сәкен Сейфуллиннің «Бақыт жолында» деген пьесасы қойылады. Бірақ мұның бәрі сол үйірме ішінде қойылады. Дайын театр жоқ. Солай жүріп 1919 жылы орыс драма театрының жанынан қазақ бөлімі ашылады. Театрдың алғашқы музыкалық композиторы атақты Мұқан Төлебеав еді. Ол ақырындап Мұхтар Әуезовтің «Еңлік-Кебегін» қоя бастайды. Сол кездегі актерлердің біреуі атақты академик профессор Тұрсынбек Кәкішев болған. Кейін Ұлы Отан соғысынан соң, бұл өзін өзі ақтамай тұр, ақша жоқ деп, қазақ театры түбегейлі жабылып қалады. Ендігі алдымызда тұрған мәселе  осы театрды қайтару керек болды. Тоқсаныншы жылдың шілде айында  облыстық атқару комитеті төрағасының Қазақ драма театрын құру жөніндегі шешімі шықты. Мінекей қазіргі театр осылай құрылды. Театрдың алғашқы режисссері етіп арнайы шақыртумен Жақып Омаровты алғыздық. Қазір Астанада ол кісінің атында көше бар. Айта кету керек, театрдың қалыптасуына Қайсар Омаров, Аманжол Бөлекбаев, Амангелді Күдірбеков деген жандар керемет көмектесті. Барлық жағдайды түгел қолдарынан келгенінше жасады. Тетарға орналасқан он бес актерге бірден пәтер тауып берді. Мұнымен мәселе толықтай шешілген жоқ еді. Қазақ театрына берілген ғимарат өте ескі болды. Ол Октябрь деген кинотеатрдың ғимараты болатын. Содан біз тағы да бір ақылға қонбайтын мәселе көтердік. Ол қандай десеңіз, қалалық партия комитетінің үйін сұрадық. Театр үшін қалалық партия комитетін өз орнынан қуып шығу деген оңай емес. Ол бүгінгі Жастар театрының ғимараты. Жаңадан салынған сахнасы бар, үлкен акт залы бәрі де келіп тұр. Іші де кең. Ақыр аяғында қалалық партия комитетін сол уақыттағы Ауыл шаруашылығы Басқармасына көшірді де, бізге сол ғимаратты театр етіп берді. Сөйтіп қазақ драма театры  қайтып келді. Қазір ол жерде талай режиссерлер ауысып, талай директорлар өзгерді. Бірақ оның тарихы Ақмола қаласымен біте қайнасқанын ұмытпау керек. Ол театр бүгінгі Астана, кешегі Ақмоланың тарихын саханада көтеруге тиіс деп санаймын.

Кенесарының ұлт-азаттық көтерілістері – сахнаға сұранып тұрған дүниелердің бірі. 1938 жылы болған Кенесары көтерілісіне 2028 жылы 190 жыл толайын деп отыр. Осыған орай жасалған ерліктің бәрі жас ұрпаққа насихатталып, сахналануы керек деп есептеймін. Ал бүгінгі жайқалған әдемі Астанамыздың тарихы, әдебиеті мен мәдениеті бәріне белгілі шығар. Ол туралы мен көп айтпай-ақ қояйын. Бірақ Астанаға келгеннен кейін де біз қамсыз отырғанымыз жоқ. Мен сол кезде Жазушылар одағының филиалын басқардым. Содан Жазушылар одағының кітапханасы деген баспа құрып, осы жердің бүкіл тарихын зерттеу үшін Еуразия университетінің жас ғалымдарын Ресейдің түрлі қалаларына материал жинауға жіберіп, солардың бәрін кітап томдарына айналдырдық. Бұл да үлкен еңбек. Кейіннен қаламызда бой көтерген ғажап ғимарттар жайлы, оның архитектурасы жайлы «Астана сәулеті» және «Архитектура столицы» деген орысша-қазақша екі тілді бірдей кітап шығардық. Бұл кітаптардан қаланың әр ғимаратының архитекторы кім болғанымен танысып, құрылыс тарихын біле аласыздар. Мейлі Ақмола болсын, Целиоград болсын я Астана болсын барынша қолымыздан келгенше үлесімізді қосуға тырысып келеміз», - деп көрнекті қайраткер Алдан Смайылов елорда шаһары жайлы тарихи-мәдени естелікке толы тағылымды әңгімесін түйіндеді. Осындай екпінде дәріс аяқталды. Дәріскерге Қазақстан Жазушылар одағы Астана филиалының директоры Бауыржан Бабажанұлы ерекше рақмет айтып, жиналған көпшілік көкейдегі сұрақтарын қойды. 

Ұлт болып қалыптасу жолында аянбай тер төккен, елеулі еңбегімен елге танылған Алдан Смайылов өзінің  дәрісінде тыңдарманымен қазақ руханиятына, тарихына қатысты құнды естеліктерге толы  жолымен бөлісті. 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan