«Шабыт берген Алматы!» байқауының жеңімпаздары марапатталды

Алматының Қала күніне орай ұйымдастырылған «Шабыт берген Алматы!» республикалық поэзия байқауы өз мәресіне жетіп, үздік шығармалардың авторлары марапатталды.

«Шабыт берген Алматы!» байқауының жеңімпаздары марапатталды - adebiportal.kz

Поэзия додасына Қазақстанның әр өңірінен қаланың тарихын, рухани болмысын, мәдени келбеті мен бүгінгі тынысын жыр арқауына айналдырған туындылар ұсынылған. 15 шілде мен 29 тамыз аралығында қабылданған өтінімдер нәтижесінде байқауға барлығы 269 шығарма келіп түскен. Жүлде қоры 7,5 млн теңгені құрады.

Марапаттау рәсіміне Алматы қаласы әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов, Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы Мереке Құлкенов, жазушы Смағұл Елубай бастаған қаламгерлер, мәдениет пен өнер саласының өкілдері, зиялы қауым мүшелері, қала тұрғындары мен қонақтары қатысты.

Іс-шара Алматы қаласы Мәдениет басқармасының қолдауымен өткізілді. Жиында сөз сөйлеген қала әкімінің орынбасары байқаудың Алматы қаласы әкімінің бастамасымен қолға алынғанын атап өтті.

Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы Мереке Құлкенов Алматының жылдан-жылға ажарланып, жаңа сипат алып келе жатқанын айтып, қаланың өзгерісі мен тыныс-тіршілігі шығармашылық адамдарының назарынан тыс қалмайтынын жеткізді.

Қазылар алқасы байқауға түскен туындыларды мазмұн тереңдігі, көркемдік деңгейі, авторлық ұстаным, тілдік шеберлік және композициялық шешім тұрғысынан саралаған.

Байқау қорытындысы бойынша бірінші орын Иранбек Оразбаевтың «Алматы – бұ дүние жәннаты (шаһар-нама)» шығармасына бұйырды.

Екінші орын Елена Әбдіхалықованың «Жас едім көкірегімде тасыған ән…» шығармасына берілді.

Үшінші орынға Ғани Қарлығаштың «Алматы: үш ұрпақ, бір махаббат» және Ақсұңқар Ақынбабақызының «Алматының рухы» шығармалары лайық деп танылды.

Бұдан бөлек, Алмас Ахметбекұлының «Төлеби 59», Әділғазы Қайырбековтің «Алматым – азаттықтың астанасы!», Мұрат Шаймаранның «Алматы. Сұр ғимарат», Ерғали Бақаштың «Жас ақынның Алматыға келуі», Олжас Отардың «Алматы монологы» шығармалары ынталандыру сыйлықтарына ие болды.

Байқауға ұсынылған шығармалардың мазмұнынан Алматының әр қыры аңғарылады. Ақындар қаланың тарихы мен тағдырын, табиғаты мен мәдениетін, рухани мәнін және қазіргі келбетін әртүрлі поэтикалық тәсілмен зерделеген.

Байқау қорытындысы бойынша үздік деп танылған шығармалар «Шабыт берген Алматы!» атты жинаққа енгізіліп, оқырман назарына ұсынылады.

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan