Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Шалкиіз бен Қазтуған...

21.02.2022 4181

Шалкиіз бен Қазтуған 12+

Шалкиіз бен Қазтуған - adebiportal.kz

Әуелгі сөз - Қазтуғанның тегі туралы. Тарихи деректерге сүйенсек Қазтуған - тікелей Едіге биден тарайды. Қазтуғанның өзінен бастап ата-тегіне қарай тарқатар болсақ, әкесі Сүйініш, одан ары – Абдол, Тінікей, Дінбай, Смайыл, Мұса-Уақас Би, Нұрадын ,Едіге болады. Едігенің руы туралы зерттеушілердің арасында әрқилы пікір айтылады. Көбісі оның шыққан тегі маңғыт руынан деп қарайды. Өз жұртының тауарихын жақсы білетін Қадырғали Жалайыри жазбасы бойынша Едіге - күшік яки қыпшақ текті кұшугор руынан. Қадырғали мұны өз жазбасының әлденеше жерінде ескерткен. Ноғай ұлысында маңғыттардың болғаны рас, бірақ олар кейін билікке толық отыра алмай, ығысып кетуге мәжбүр болып, билікте Едіге тұқымы қалады. Сонымен, бұрынғы әдебиетте ағаларымыз кемінде әскери аристократиядан шықты деп жүрген Қазтуғанның тегі шынында ноғайлының шынжыр балақ, шұбар төс шора-билерінің тұқымынан болып шықты. Мұса бидің ортаншы ұлдарының бірі Смайыл 1563 жылы қайтыс болған. Қазтуған осы Смайылдың ұрпағы, шамамен 1600 жылдар өмірге келген. Ілкідегі Қазақ хандығы енді құрылған кезде жасаған Қазтуғанның ғұмырнамалық жылнамасында жаңсақтық бар деуге болады. Қазақ хандығы құрылғаннан кейін бір жарым ғасыр шамасында уақыт өткеннен кейін өмір есігін ашады.

Смайылдың заманында оның ұлы Дінбай әкесімен араздасып Қырым ханы Дәулеткерейге барады, бірақ кейін елге қайтады, әкесі оны Башқұрт елін билеуге жібереді. 1586 жылы Дінбай орыс биімен бірге Бақшасарайға барып, сонда Түрік сұлтанына жолығып, олармен тізе біріктірмекші болады. Жолыққан, жолықпағаны белгісіз, мүмкін түрік деректерінен табылар. Дінбай орыс патшасына қарсы орыс биімен үнемі одақтас болған. Дінбайдың ұрпақтары орысшыл Орманбет ханды өлтіруге қатысады. Бұл уақиғадан кейін Астраханнан орыс қуғыншылары шыққанда Дінбай ұрпақтары Жем өзенінің сыртына көшіп кетеді. Арада жиырма неше жылдай уақыт өткесін Қазтуғанның аталары Жемнен Астраханға келіп қазіргі Краснояр ауданы жеріндегі Бозан суының бойына қоныс тебеді. Кейін Қазтуған шамырқана суреттейтін «Ботташығы бұзаудай, боз сазаны тоқтыдай...» шұрайлы жері осы Бозанның бойы. Қазтуған өзі де осы Еділдің төменгі саласындағы Бозанның бойында туды деген жорамал бар.

Еділ-Жайық арасынан кетіп қалған Орманбет ханның балалары мен інілері де келеді, олар өз ішінен қырлысады. Қазтуғанның аталары Дінбай бұған араласпай, бес мың түтінмен Астрахан іргесінде отырады. Осы кезде Дінбай ұлысын Дінбайдың бір ұлы Қанай басқарады. Қанай – Қазтуғанның арғы атасы Тінікейдің інісі. Қанай 1622 жылы қарашада орыс патшасының бұйрығымен би сайланған адам. Қазтуғанның «Билер өтті, би соңы, би ұлының кенжесі» дегені арғы тегіндегі осындай жайттарды аңғартса керек.

Қанай 1638 жылы өмірден озғасын, орнына Қазтуғанның атасы Абдол ұсынылған, бірақ бұл кезде орыстар би сайлудың енді қажеті жоқ деп шешкен. Осы арада Астрахандағы орыс билігімен басқада қақтығыстар болған болуы мүмкін. Сонымен Қазтуғанның атасы Абдол, әкесі Сүйініш Астраханды сол жылы тастап, Дендер тауынан өтіп 30-25 жылдан соң қайтадан Жемге оралады. Қазтуғанның «Еділмен қоштасуы» міне осы жылдары шықты деп айтуға негіз бар. Бұдан соң ноғай ұлысы бірігіп қалмақтарға қарсы шаппақшы болады да, бұдан Жем бойындағы Қазтуғанның жұрты қағыс қалады. Атасы Абдол мен Сүйініш қалмаққа соғыс ашпай қайта орысқа барып иық сүйейік дейді. Бұны Жемдегі ноғайлы мырзалары он сегіз күн талқылаған деседі. Мұрын жыраудың айтуы бойынша Қазтуған бұған келіспей Шамға кетпекші болып жолға шығады (Мұрын жырау Қарға бойлы бөлек бір батыр, Қазтуған бөлек батыр болған деп баяндайды). Бұл 1645 жыл болған уақиға. Ал Қазтуғанның Мұрын жырау жырындағы нұсқасы бойынша Дербент асып, Шамға жеткені шын болса, бұдан кейінгі жыраудың тағдыры белгісіз. Түркімендер де мәлімет білмейді. Өйткені, сол кезде Шамға кететін Маңғыстау жолының бойында жүз неше түркімен түтінінен басқа пенде баласы болмаған. Бұл қалмақтардың билігі әсерінен болса керек. Мұрын жырау Қазтуғанның баласы Манаш батыр, оның ұлы Тұяқбай батыр туралы жырды да жырлаған. Қазтуғандар Оқ-Балқанға кеткенде, Манашты атасы Сүйініш өзімен бірге Астраханға алып кеткен. Демек, Қазтуған ұрпақтары Астрахан жерінде әлі бар деуге болады. Мүмкін, Қазтуған Қазақ хандығына келіп сіңіп кеткен де шығар...

Шалкиізді еске алу

Қартайған кезін Қазақ хандығында, жас кезін Мұса бидің ордасында өткізген атақты жырау Шалкиіздің жырлары халық арасында ауызша нұсқасымен қатар жазбаша нұсқада да тараған секілді. 1976 жылы Башқұрттың Ар деген ауылындағы татар, башқұрт тұрғындарының арасынан «Қазақ өлеңдері мен қиссалары» деген көне қолжазба дәптерді археологиялық экспедиция тауып алыпты. Ал бұл қолжазба 1874 жылы хатқа түскен. Соңғы бетінде Дәулетмырза Сұнчығли заде деген қолтаңба бар. Сосын Ибраһим Шейхали (ұлты құмық) деген жазуы бар мөр басылған.

Бұл дәптерде "Қазтуған", "Шалкиіз", "Орақ-Мамай", "Әділ сұлтан" жырлары бар. Бұл кісі қоғам қайраткері, публицист, баспагер, қаржыгер және әскери адам болған екен. 1877 жылы орыс-түрік соғысына қатысқан. 1848 жылдары құмықтардың тарихы мен этнографиясына байланысты "Кавказ" газетінің беттерінде жазбалар жазған. Кейінірек «Нұр» атты газет ашқан. Қолжазба осы адамдікі болуы мүмкін. Әйелі Гүлсім Сейіткерей - Уфаның тумасы екен. Бір ұлы Асқар Кеңес үкіметі кезінде қуғын-сүргінге ұшыраған. Міне осы жылдары ол Петербургтегі әкесінің қолжазбасын Уфа жақтағы нағашыларына әкелген болуы әбден ықтимал деп ойлаймыз. (Бұл туралы деректер қазақ әдебиетінде әзірше жоқтың қасы).

Шалкиіз жыраудың екі толғауы ең алғаш рет 1875 жылы «Императорлық орыс географиялық қоғамының Орынбор бөлімінің жазбалары» деген жинақтағы мақалада тұңғыш рет жарияланған. Мақала тақырыбы «Қазақ поэзиясының» үлгілері. Бұны Тілеумұхамет Сейдалин мен Сейітхан Ахметұлы Жантөрин екеуі бірігіп жазып, орыс тіліне аударады. Бұл кісілер Орынбор әкімшілігіндегі қазақтан шыққан алғашқы шенеуніктер. Екеуі де қазақ әдебиеті, этнографиясы туралы еңбектер жазған, ол туралы ұзағырақ айтуға болады.

Жоғардағы кітапқа енген толғауларды 1885 жылы И.Н.Распопов орыс тіліне аударып, қайта басады. Бұл толғау сол кезде кейбір кітаптар да, журналдар да басыла бастайды. Бұдан соң Ыбырай Алтынсарин 1879 жылы «Хрестоматия» еңбегінде балаларға лайықтап, өзгертіп Шалкиздің жырын кіргізеді. Бірақ авторы көрсетілмейді. «Бір ханға бір бидің айтқаны» болып кіргізілген. Неге қысқартты, толығы Ыбырайдың қолына тимеді ме, ол жағы белгісіз. Бұдан соң Магомед (Мұхамет) Османов (ұлты құмық) деген Петерборда түрік тілінен сабақ беретін құмық фольклоршысы, ақыны 1883 жылы «Ноғай және құмық» жырлары деген кітап шығарған. 1867 жылдан бастап Петербург университеті шығыстану бөлімінде дәріс берген бұл кісі ел арасынан көп дүние жинаған. Әсіресе құмық пен ноағай жырларын көп жинастырады. Уақытында бір қазақ кісі осы Магомедпен хат жазысып тұрыпты. Оның кім екені әзірге белгісіз.

Сол хаттағы мәтіндерді Мұхамет жинаққа кіргізген. Мұнда да Шалкиіз бар. Бұдан соң В.В.Радлов жинағына кіргізеді. Мұхамет пен Радловтың жинағаны ноғай, құмықтардың арасына тараған Шалкиз жырларының нұсқалары болатын. 1889 жылы этнограф А.Н.Харузин Бөкей ордасы туралы жазған екі томдық кітабында «Қазақ даласындағы ең даңқты, ұлы ақын – Шалкиіз», - деп жазады. 1908 жылы Бөкей ордасында өмір сүрген Мақаш Бекмұхамбет ақсақал «Жақсы үгіт» атты жинақты Қазан қаласынан бастырады. Мұнда Доспамбет, Жиембет, Шалкиіз, Есет бидің жырлары, сөздері бар. (Бұл кісі заманында ішінде Құнанбай бар 25 адамды қажыға бастап барған).

Содан төрт жылдан кейін Бөкей елінен Арыстанғали Беркалыұғылы деген атамыз тағы да Қазаннан «Ақын» деген жинақ шығарған. Бұнда Шалкиіздың аса ұзақ толғауы басылған. Ғұмар Қараш 1910-1912 жылдар Орынбордан шыққан «Шайыр», «Көксілдер» жинағында Шалкиіз жырауды кіргізген. Өйткені, Еділ-Жайық бойында өскен Ғұмардың руы алшын ішінде ноғайлы-қояс руынан. Шалкиздың руы да ноғайлы-қояс. Ғұмар Қараштың бала кезден Шалкиіз жырларын естіп өспеуі мүмкін емес-тұғын.

Ноғайлар арасында 1970 жылы Әшим Сикалиев деген жас зерттеуші, жұрт арасынан Шалкиіз жырларын жазып «Ленин жолы» газетіне жариялаған. Дәл осы кезде Қазақстанда 1957 жылы «Ертедегі әдебиет нұсқаларында» 1971 жылғы М.Мағауиннің «Алдаспан» жинағында, 1978 жылы «Поэты Казахстана» жинағына Шалкиіз жырлары енген.

Өйткені қазақ халқы ұлы жұт, аштық, қуғын-сүргін, соғыс дейтін «қараңғы туннельдің» ішін ұзақ жылдары бойы үйреніп, арып-ашып жүріп тесіп өткенде өзінің жадын, көкірегіндегі естемелерін ұмытып қалған болатын... ал, Шалкиіз жырларындағы уақиғаларды тарқату өз алдына үлкен тақырып.

Көрнекі материал https://zonakz.net сайытынан алынды


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар