Манарбек Ержановтың бір әні хақында...
Арқаның төрінде, аты айтып тұрғандай, «Ән керуен» атты дәстүрлі ән өнерінің көшін түзеген ғажап рухани кеш өтті. Бұл – жай ғана концерт емес, Арқаның асқақ әншілік мектебі қайтадан көш түзеп, сахнаға қонған аяулы сәті. Бүгінде «әнді ерттеп, күйді мінген» ардагер әншілер мен олардың ізін жалғап, ұлттық бірегейлігімізді келесі ұрпаққа насихаттау дейтін алып миссияны арқалап келе жатқан дарынды жастардың өнері жиналған әнсүйер қауымды тәнті етті. Кеште Мұстафаның «Бүркітбайы», Жарылғапбердінің «Топайкөгі» мен «Ардағы», «Шама» әні, Ақылбайдың әні, Шәкірдің «Алтайы», Майраның «Толқыма» әні, «Бақшасы», Манарбектің «Паровозы» мен «Қойшысының әні», Ермұрат Үсеновтің «Ерден толғауы», Қасымның «Өзім туралы», «Айтшы, жаным» әндері, Ілия Жақановтың «Еділ мен Жайығы», «Толағайы», Тұрсынғазы Рахимовтың «Сәби болғым келеді» шығармалары орындалды.

Сөзсіз, екінің бірі тұмсық сұға алмайтын Арқа әндері асқақ та кең. Кез келген әнші қолтықтап кете бермейтін күрделі құрылымды, екпінді де ырғақты Манарбектің әндері орындалғанда көңіл ерекше түрленді. Қазақ жеріне Түрксіб темір жолының төселіп жатқанын көз алдыңа әкелетін сол қуатты екпін, сол дәуірдің серпіні сезілді.
Концерттен алған әсердің салмағы болар, Манарбектің әндерін «Asyl Mura» – «Халық және халық композиторларының әндері» жинағындағы түпнұсқа орындауда арнайы тыңдап шықтым. Сонда бір байқағаным – «Сайра, бұлбұл» әніндегі бір айырмашылық.
Композитор өз орындауында:
«Сандуғашым,
Сайра бұлбұлым,
Сайра бұлбұлым-ай,» – деп шырқайды.
Ал кейінгі нұсқаларда «сандуғаштай» деп айтылып жүр. Бұлбұлды сандуғашқа теңеу секілді естіледі. Бұған дейін де бұл ерекшелікті байқағаныммен, осыған тоқталуға аздап жүрексіндім. Дегенмен, түпнұсқадағы орындалу үлгісі осы ойды ортаға салуға негіз болып отыр. «Сандуғашым» – қаратпа сөз. Қазақ тілінің табиғатына сай «қарағым», «құлыным» дегендей еркелету, жақын тарту формасы. Мұнда екі образ да тәуелдік жалғауда, қаратпа интонациясында берілген поэтикалық параллелизм. Қазақ поэзиясында мұндай құрылымдар жиі кездеседі:
«Күнім, айым,
Еркетайым,
Бөлейін енді...»«Қозым, құлыным.
Жаным да сен,
Тәнім де сен,
Қарашығым-ай!»«Айналайын шырағым,
Көлге біткен құрағым,
Маңдайдағы жұлдызым,
Суда жүрген құндызым». (Мағжан Жұмабаев)
Осы жерде «күндей айым» немесе «қозыдай құлыным» болса стильдік қате болар еді. Әдетте поэтикалық тұтастық үшін біртекті құрылым сақталады.
Ал «сандуғаштай» – салыстыру. «Сандуғаштай сайра, бұлбұлым» нұсқасындағы «тай» – салыстыру, теңеу жұрнағы болғандықтан, «сандуғаш сияқты сайра» дегенді білдіреді. Мұнда бұлбұл – негізгі образ, ал сандуғаш – эталон, үлгі болып тұр. Яғни, бұлбұлға: «Сандуғаштай (сияқты) сайра» деп талап қойылады. Мұндағы поэтикалық әсер салыстыру сипатында келеді де, сандуғаш – түпкі образ болып, бұлбұл сол образға ұмтылушы тип кейпінде көрінеді.

Алайда, ән мәтінінде: «Құс таңдай көмейден ән тізген бұлбұл» – деп, бұлбұл дербес, толыққанды поэтикалық образ ретінде берілген. Демек, оны тағы бір құспен салыстыру қосымша мағыналық қабат қоспайтыны анық.
Егер мәтінді «Сен сандуғаштайсың, сайра бұлбұл» деп қабылдайтын болсақ, онда өлеңнің ішкі логикасы түбегейлі өзгереді. Ендеше оны бір тұста сандуғашқа теңеу немесе «сандуғаштайсың» деп сипаттау поэтикалық жүйені ішкі жағынан күрделендіріп жібереді. Образдың статусы бірде биік символ, бірде басқа құстың көлеңкесінде қалған бейне боп тұрақсызданады. Ал поэзияда образдың тұтастығы маңызды.
Егер мақсат – әсірелеу, күшейту, образды биіктету болса, онда теңеу «СандуғашТАЙ, сайра бұлбұлДАЙ» сынды симметриялы құрылымда берілген болар еді. Сондықтан мәселе тек грамматикалық формада емес. Мәселе – образдың семантикалық дәрежесінде, поэтикалық иерархиясында. Бір ғана жұрнақ кейде бүтін бір бейненің биіктігін өзгертеді.
Мүмкін, бұл ауызша таралу барысында туған өзгеріс болар. Ән бір орындаушыдан екіншісіне өткенде сөз де сырғып кетуі мүмкін. Бірақ, кейде «титтей» өзгеріс бүтін бір поэтикалық құрылымды өзгертеді емес пе?
Бұл әннің кеңестік мәтінінде компартия, Ленин заңы туралы жолдардың болғаны белгілі. Уақыт өте идеологиялық қабат алынып тасталды. Бұл – тарихи үдеріс. Бірақ мәтіннің поэтикалық өзегіне қатысты нұсқаларды сақтауда мұқияттық қажет сияқты.
Мен үшін түпнұсқадағы «сандуғашым» формасы – маңызды контекст. Ол әннің ішкі интонациясын, тілдік табиғатын, образдық тұтастығын сақтайды. Әрине, бәлкім, мен әлденені ескермей тұрған шығармын. Мүмкін, дыбыстық әуез үшін «-ай» алдындағы «сандуғаштай» нұсқасы орындау жағынан үйлесімдірек көрінер.
Жә, осы мақаланы жазу барысында дәстүрлі ән өнерін жүйелі насихаттау, сондай-ақ ән мәтіндерін, олардың түпнұсқа және нұсқалық ерекшеліктерін сақтап, жеткізу бағытында атқарарлық жұмыс әлі де мол екенін аңғардым.
Мәселен, «Сайра, бұлбұл» әнінің сөзін жазған – Тайыр Жароков екені белгілі. Алайда өзі аз ғана дереккөздерде бұл ақпарат нақты көрсетілмейді. Кейбір сайттарда мәтін композитордың атынан жарияланып, авторлық ажырату сақталмаған. Тіпті мәтіннің грамматикалық тұрғыдан қате, жолдары бұзылған күйде берілгені де кездеседі.
Бұл – тек бір әнге қатысты мәселе емес. Жалпы дәстүрлі ән өнерін цифрлық кеңістікте ұсыну, мәтіндік дәлдік, авторлық атрибуция, нұсқаларды салыстырып беру сияқты жұмыстардың жүйелі жолға қойылмағанын көрсетеді. Егер біз дәстүрлі әнді тек орындаушылық деңгейде сақтап, мәтіндік тұтастығына немқұрайлы қарасақ, онда уақыт өте оның поэтикалық өзегі көмескіленуі мүмкін.
Сондықтан дәстүрлі әндерді жинақтап, мәтіндерін ғылыми редакциядан өткізіп, авторларын нақты көрсетіп, нұсқаларын салыстырып жариялайтын, жөнге салатын уақыт жеткен сияқты. Бұл – мәдениет, филология, архив ісі және цифрлық орта тоғысатын маңызды бағыт деп білемін.
Концерттен осылай тебіреніп, ойланып, толғанып қайттым. Жанды дауыста дәстүрлі ән тыңдаудың құдіреті де осы шығар.
Кешке қатысқан әр әншіміздің кәсіби деңгейі, сахналық мәдениеті мен жауапкершілігі – біз үшін үлкен мақтаныш. Осындай рухани кешті ұйымдастырып отырған өңіріміздің мәдени әлеуетіне де ризашылық білдіремін. Арқада дәстүр үзілмей, сахнада өмір сүріп тұрғаны – үлкен қуаныш.
