Қазақ сахнасындағы кәсіби би өнерінің негізін қалаушы Шара Жиенқұлованың өмір тарихы - өнер адамының басынан өтетін қызығы мен қиындығы қатар жүретін күрделі тағдыр.
Әкем Баймолда екі әйел алған
Алатаудың бөктерінде бау-бақшаға малынған әсем Алматы. Алматыны алманың атасы десе дегендей-ақ, жас кезімнен есімде қалған бір нәрсе – алыстан алма иісі аңқып тұрушы еді. Мен осы Алматыда 1912 жылы дүниеге келіппін.
Менің үлкен әпкем Күлше, оның күйеуі Біләл Ақшалов қаладағы интеллигент семья еді, жездем – шет жерден оқып келген білімді адам. Екінші жездем Қажым Бәсімұлы институт ректоры-тұғын. Осы екі семьяға қаланың зиялы оқыған азаматтары үйірсек. Жиі-жиі бас қосып, әдебиет, өнер төңірегінде таңға қызу әңгіме шертетін, ара-арасында ән салып, би билейтін. Біз, кішкентай балалар бір бұрышта отырып кірпік қақпай қарайтынбыз, сәл тәртіп бұзсақ, сыртқа қуып шығатын. Онда да тыныш жүрмейміз, терезеден сығалаймыз. Есімде сол ағалар: Тоқаш Бокин, Жұбаныш Бәрібаев, Мағазы Масанчи, неткен ірі тұлғалар еді, ойласам.
Менің әкем Баймолда Жиенқұлұлы үш ағайынды кісі: ағасы Байбұлан, інісі Нұрымбай. Қарқаралы уезі, Шұбартау болысынан ертеректе көшіп келсе керек. Әкем жеті жасында әке-шешесі өліп жетім қалады. Сосын ағайынды үшеуі қол ұстасып, керуеншілерге ілесіп Балқашқа келеді. Одан Ілеге балық тартқан балықшыларға жалданып осы Іле бойында қалып қояды. Үлкен атамыз Байбұлан көпеске приказчик болып жұмысқа тұрады. Ал менің әкем көпестің егінін оратын малайы болып жалданады. Егіншілік жұмысқа жарымаған соң, көпестің атын айдайтын көшір болады. Жылдар өтеді, еті тірі ағайындылар әлденіп, қор жинап, өз алдарына тіршілік ететін күйге жетеді. Ақылдасып Алматыға көшіп келеді, бұл жерден қора-жай сатып алады.
Әкем Баймолда екі әйел алған. Бәйбішесінен 14 қыз туған. Ұл болмағанға қапаланып, сақалынан жасы сорғалап жүргенде менің шешем Тыныбаламен кездейсоқ ұшырасады. Он бесінші қыз болып дүниеге мен келіппін. Алайда, Тыныбала шешем оның сүйіп қосылған жары болған соң онша ренжімейді, ат шаптырып той жасайды. Он алтыншы қызы – Хадиша туғанда сақалын жұлып жылапты деседі. «Жасым болса жер ортасына келді, орнымды оңалтар ұл бермеген Құдайға не дейін?» – деп зар еңірегенде, тыңдаушының сай-сүйегі сырқырап, шешелеріміз үйден қашып шығады екен. Хадишадан кейін апам біразға шейін бала көтермей қалады. Атам одан сайын налиды, ақырында апам екі ұлды қатар туады. Атам қуанғаннан бар малын шашып үлкен той жасайды, сөйтіп, біраз қорынан ажырап қалады. Жоқ нәрсеге жүнжіп, таусылып көрмеген ол «екі қолға бір жұмыс» деп ежелгі кәсібінде жүре береді. Апам кейіннен тағы бір құрсақ көтереді, ұл туады. Әнуарбек, Жорабек, Талғатбек атты ұлдары болғасын атам көңілденіп, шайқала бастаған тұрмысын қайта қаз тұрғызады.
Немере ағам Сұлтан Жиенқұлов менің былайғы өміріме шырақ боп жанып,
санама сәулелі заманның шұғыласын түсірді
Мен жетіге келгенде молдаға оқуға береді. Бір күні үлкен атаның баласы Сұлтан аға үйге кіріп келді. Бұл кісі біздің үйге өте сирек келетін. Жетісуда совет өкіметін орнатуға белсене қатысқан, комсомол, баспа-ағарту жұмыстарында белсенді қызмет атқарып жүрген оны біздің туған-туысқандар «балшабек» деп, әрі сыйлайтын, әрі сескенетін де. «Ассалаумаликүм, Орта аға! – деді (менің әкемді үлкен атаның, кіші атаның балалары осылай атайтын). «Уағалайкумассалам, балам! Кәне, төрлет! – деп атам қауқалақтай төрден орын беріп, балаларға: «Шыға тұрыңдар», – деді. «Орта аға, Шара қалсын, сізбен сөйлесетін әңгіменің өзі де осы Шара жайында». «Иә, балам, тыңдайын, жақсылық болар сенің бұл келісің». «Айтсам, ауырлау айтам, Орта аға, көңіліңізге алмаңыз. Орта аға, заман өзгерді, жаңа заманда тек оқыған, білім алған адамның ғана бағы жанады. Сіз болсаңыз қартайдыңыз, кәрі қойдың жасындай жасыңыз қалғанда балаларды молдаға оқуға беріп шатастырмай-ақ қойыңыз. Ол оқу ешкімнің көсегесін көгертпейді. Болашақ – орыс оқуын оқып, оның білімі мен ілімін меңгергендікі. Шараны орыс мектебіне беріңіз».
Өңі қуарып кеткен атам біразға шейін тілге келе алмады. Сәлден соң, әншейінде ұстаның көрігіндей гүрілдеп сөйлейтін дауысы қожырап: «Астапыралла! Қыз баланы бөтен оқуға беру деген не сұмдық! Қой, айтпа ондайыңды!» – деді оқты көзімен шаншыла. Сұлтан аға менің басымнан сипап орнынан көтеріле берді. Шайға да, асқа да қарамай жүре берді, онысына үйдің іші абыржып қалды. Атам сақалын салалап, бір қуарып, бір бозарып көп ойланды. Бәріміз жәутеңдеп бетіне қарап қаппыз. Мен шыдай алмадым:
– Ататай, мені енді молдаға жібермеңіз, молдадан оқымаймын!
– Жоқ, балам! Ең әуелі молдадан оқып, құранды бір аударасың. Онсыз күпірлік болады. Ал мектебіңе ертеңнен бастап бара ғой. Тақа болмаса, үйге орыс мұғалімін жалдаймын. Мектепті тездеп бітіріп, үлкен оқуға, гимназияға түсесің.
Көзім жайнап салды, атамды құшақтай алдым. Сөйтіп, немере ағам Сұлтан Жиенқұлов менің былайғы өміріме шырақ болып жанып, санама сәулелі заманның шұғыласын түсірді. Әттең, менің осынау дәрежеге, жарқын болашаққа жетуіме жол ашқан Сұлтан ағам қапылыста тап жауларының қолынан қаза тапты.
Би дегенді алғаш көрдім
Сөйтіп, мектептке де барамын, молданың оқуына, мешітке де барамын. Таңертең шәлімді бүркеніп, кеудеме Құранды қыстырып мешітке баруға әзірлендім. Атам мені жаз – арбамен, қыс – шанамен өзі алып барып, күтіп отырып, үйге алып қайтады. Үйге келген соң тамақтандырып, лентамды шашыма апама байлаттырып, ұзын көйлек, қара бешпент киіндіріп мектепке алып барады. Сабақ біткенше атты қаңтарып аулада тосып отырады. Бірақ ең қиыны – түскі намаз. Атам мені мұғалімнен сұрап алып, мектеп ауласында жайнамаз жайып қойып, қатар тұрып намаз оқимыз, оқушылар терезеден қарап күледі. Атам кеткен соң класқа кірсем ,«ей, молда қыз» деп, екі қолдарын жайып, беттерін сипап бата жасайды. Мен тоғызжылдық мектепті жеті жылда жақсы бітіріп шықтым. Ата тілегін орындап, Құранды да бір аудардым. Риза болған әкем сол жылы Алматыдағы қазақ-қырғыз педагогикалық (қазіргі Абай атындағы қазақтың педагогикалық институты – Ш.Ж.) институтына, сонда бар-жоғы 15 жастамын, оқуға түсірді. Алдымда бір-ақ жол, білім жолы тұрған-ды. Мектептің сауыққой үйірмесіне қатысып, орысша, татарша, өзбекше би билейтінмін. Биші болам ба, әнші болам ба, о жағын да білмеймін, әйтеуір, өнер дүниесіне деген құштарлық мені ес білгеннен билеп алған. Бір жерде біреу ән салып отыр десе, бар харакетті жинап қойып, тек соны тыңдауға бар едім. Өскен орта, көрген-түйген жайлар, тіршілік-тынысы да адам бойындағы қасиетті бесік әлдиіндей өбектейтін болар. Өнердің ақ уызын мен де өз ортамнан еміп өстім.
Қыста қалада тұрамыз, көтем шығысымен малды айдап, Алатауды асып «Көкайрық» деген қырғыз-қазақтың жері түйіскен араға үй тігеміз. Көшіп-қонып бола берісімен екі ел бірін-бірі қонаққа шақырысады, мұны «сері» жасаймыз дейді, ат шабыс, көкпар, балуан күрес, айтыс сонда болады. Барлық той-томалақ, келін түсіру, қыз ұзату да осында. Домбырасын күмбірлетіп, қобызын зарлатып қазақтың күйшісі мен әншісі шықса, қияғы мен қомызын жорғалатып қырғыздың небір күміс көмей әуеншісі мен жыршысы шығатын. Екі жақ өнер сайысында бірінен-бірі озып, асқақ өнершілігін танытып жатады. Мен сол кезде жеті-сегіздердемін, талдырмаш қана ұялшақ бала едім. Кеш түссе екен деп әркім асығады. Өйткені, сол кезде айнала өзгеріп кетеді. Мынау қарбалас тірлік тынып, төңірек толқыған әнге, құйқылжыған күйге толатын. Би дегенді де алғаш көрдім.
Ортаға қапсағай бойлы, қарасіңгір, шүңірек көздері жарқылдаған ер адам шықты. Шапанының етегін қайырып қайыс белбеуіне қыстырған, басында – қызыл барқытпен тыстаған түлкі тымақ, аяғында – ұзын қоныш етік. Ортада аңтарылып тұрды, домбырашыға қарады. Оның бір желдірме күйді қайырып-қайырып тастап, пернелермен секіре өрлей жөнеуі сол екен, бишіміз қос қанатын жая мойнын қылқың-қылқың еткізеді. Өн бойы да біртіндеп ырғаққа еріп, қиралаңдап қозғала бастады. Тізесін бұралаңдатып, бір отырып, бір тұрады, бірақ аяғы тұрған жерден тапжылмайды. Оның есесіне, мықыны, жауырыны, білектері еріген қорғасынша балқып, майысып, ирелеңдеп, көз ілеспес небір ғажап қимылдар өрнегін сызды. Бет әлпеті – қатып қалған маска, күлмейді де, ішкі күйді түк сездірмейді, тек көздері қарашығын ойнатып, біресе шүңірейе қараған бүркітше, біресе тесірейе қалған жыланша сан құбылысты, сұсты сипатқа түсе берді, өзгере береді. Біршама, сүт пісірімнен де ұзақ мерзім биледі.
Таудың айы кеш туады, күні де кеш шығады. Сондықтан жайлаудың желіккен жұрты ай туғанға қаратпай сауықты бастап жібереді.
...Жұрт ортасына қалай топ ете түскенімді білмедім. Көзім жапақ-жапақ етіп жан-жағыма қараймын.
– Ей, мына қыз билейін деп тұр!
– Кәне, Гүлшара, биле!
Хұсайын деген гармоншы жігіт бидің бір сазын құйқылжыта жөнелмесін бе? Дөңгелене жөнелдім. Әлі ойланам, соным не би, апыр-ау?! Сірә, мен көргенімді, ұғынған-түйсінген, айналамды қоршаған әлемнен көріп-баққанымды би тіліне айналдырсам керек. Содан кейін де мен осымнан жазбадым. Күнде кешкілік сауық-серіде: «Ал, Шара, биле!» – дейді, билеп ала жөнелем. Күй ырғағына қарай ат боп шабам, ұршық иірем, киіз басам, күбі пісем, не керек, көрген-білгенімнің бәрін жұрттың көз алдына келтірем. Басыма бөрік, беліме белбеу тағып, қамшы ұстап, кейде бозбала болып шығамын, «қыздарға қырындап», көз қысып, елдің ішек-сілесін қатырам. Күніне, әйтеуір, бір өнер шығарам.
Міне, мен бишілік жолдың әліппесін осылай бастағам.
Құрманбек Жандарбековпен кездестім
Институттағы оқуым кенет үзілді. Атама қиын болды, қуғынға түсті. Ақыры жаламен сотқа ісін түсіріп, уақытша қамауға алдырды. Әлі есімде, жаздың күні еді. Үстімізде жұқа көйлек, аяғымызда жалаң кебіс, апам кенжесін көтеріп, мен жүруге жарағандарын жетелеп, атама тамақ әкеле жатырмыз. Қаражат жоқ, ертеңгі күнді қайтып көреміз, белгісіз. Қалада «Биржа труда» дейтін мекеме бар, соған барып тізімге жазылдым. Сол мекемеге аудармашы-секретарь қызметіне алды. Орысша мектеп бітіргенім қажетіме жарады. Елден келген қазақтардың арызын жазып берем, «қарағым, рақмет» деп алғысын айта-айта кетеді. Қолдарындағы тиын-тебендерін ұсынады. Жалақым және бар. Сөйтіп, үй-ішімді асырауға жарадым. Қызмет жағынан тез «өрлей» бастадым: секретарь, бухгалтер, завхоз, машинистка. Кондитер фабрикасында жұмыс істеген де кездерім болды. Содан кейін милицияға қызметке жіберді. Қазақша-орысша машинка басам, әрі іс қағаздарын орысшаға аударамын. Қоймаға бастық болдым. Орман шаруашылығының бастығына орынбасар болдым. Көңіл өскендей болды, тек атамның жазықсыз жатқандығы қынжылтады. Сөйтіп жүргенде мен Құрманбек Жандарбековпен кездестім.
Жалақы жетеді, тәуір киініп, биге баратынмын. Алматыға театр келген, тіптен көңілді. Қазақ драма театрының артистері бақшадағы ашық сахнада ойын қояды. Біз сол кезде бойжеткен 12 қыз қаздай тізіліп алдыңғы орындыққа барып отырамыз. Бәрімізге бір артист қатты ұнайды. Ашаң жүзді, бойшаң, қалың қасты, дөң мұрындау, қыран қияпетті қарасұр жігіт нұрлы көздерін жарқ-жұрқ еткізе ән айтады, ән ырғағында ортекеше ойнақтап билейді. Ол шыққаннан есіміз кетеді. Сөйтсек, ол да қарап жүрмепті, ырғайдай солқылдаған қыздарға көз тастап, іштей маған көбірек назар аударады екен. Көп ойланбастан үйге құда түсуге маған кісі жіберіпті. Апам өзі ренжіп жүрген адам, оның артист екенін білгенде ыршып түседі. «Қаңғырған әртіске беретін қызым жоқ!» – деп әуеліде қуып жібереді. Құрекең тауы шағылмайды, молда жібереді. Біздің үй дінге мойынсұнған, ал атамның мешіт қауымында беделі әжептәуір-тұғын. Молданы қабылдап сыйлайды апам, сыпайы сөзбен қарсылығын да білдіреді. «Әйел тастаған жан екен, бүлдіршіндей қызымызға тең бе?» – дейді. Молда мойнына су кетіп жүре береді. Құрекең құрықты маған қарай лақтырады. Хат жазып, бір кісіден беріп жібереді. Оны кабинетте отырған жерімде табыстайды. Бетім ду етті, «ешкім көрмеді ме екен?» деп жан-жағыма қарасам, жалғыз екем. Ақырын ашып оқыдым. Жүрегіндегі жалындаған сөзін түгел ақтарып, бір көруге, кездесуге зар екенін жазыпты. Бірнеше рет оқыдым хатты.
Құрекеңе қашып кеткенімді апам көпке дейін кешпей жүрді
– Анау жалаң аяқ әртіс қой басыңды шырмап болған? Менен туған шын Шара болсаң, балаңды әркімге қор ете берме! – шешем бір сөйлемейді, сөйлесе өзекке балта шаба қатаң сөйлейтін де кезеңі болатын.
Қысылғаннан тағы жыладым. Енді не істеймін? Құрекең де хат жіберіп, ақи-тақи сөйлесіп, бір келісімге келелік дегендей ниет білдіріпті. Бір шешімге келдім. «Бүгін түнде қол ұстасып кетеміз, әзір бол» – Құрманбек түйіні де осы.
Алысқа кетпедік, Карл Маркс көшесінде тұратын Күлше әпкемдікіне бардық. Онда алдын-ала келісім бойынша кішігірім дастарқан жайылып, өзімізше той тойлауымыз керек-ті. Осы отырыс үстінде: «Шаражан, басымды сыйлап, соңыма ергеніңе рақмет. Ғұмыр бойы борыштармын өзіңе. Артистікке баулимын, білгенімнің бәрін үйретемін. Өнерде үлкен даңғыл жолға шығуыңа тілеулес боламын. Ал атаң ертең-ақ үйге келеді, сен осыған».
Айтқанындай-ақ, ертесіне Күлше әпкем: «Ойбай, ата көшеде отыр, тығылыңдар!» – деп сырттан кіріп келді. Біз асып-сасып абдырай бастағанда: «Менен қорықпасын, күйеубала маған жолықсын», – деді тағы біреу. Лепіл қаға Құрекең қасына жетіп барып, қолын қусырып сәлем берді. Қасына күйеубаласы барғанда атам да ілтипатпен сәлемін алды. Екеуі ұзақ сөйлесті. Кейіннен сұрағанда: «Атам маған батасын берді, «Шаражанның панасы да, ағасы да енді өзің боларсың, қарағым балам. Барлығы саған аманат» деді», – деп еді Құрекең.
Құрекеңе қашып кеткенімді апам көпке дейін кешпей жүрді. Өкпелеп балаларымен Қоғалыға көшіп кеткен кездері болды. Ол кезде атам жоқ-ты. Құрекеңе, расымен, өзінің ұрпақтарын аманат еткендей, мойнынан ауыр бір жүкті түсіргендей жарық дүниеде ұзақ жасамады.
Ұққаным: тағдырым – би.
1928 жыл менің профессионалдық бишілік жолымның басталған жылы десем орынды болар. Құрылғанына екі жыл болған Қазақ драма театры Алматыға гастрольге келді. «Қызылордадан астана көшіп келеді екен, театр осында қалады екен» деген жақсы хабарлар да жүректі қуантып, көңілді өсірді. Айтқандай-ақ, театр сол жолы Алматыда қалып, «Орион» клубының үйіне қоныс тепті.
Жұрттан көргенімді салып алып өзімше билейтінмін. Жетісуда үш газет шығатын: «Тілші» – қазақ газеті, «Искра» – орыс газеті, «Камбағарлар ауазы» – ұйғыр газеті. Осы газеттерді шығаратын баспахана жұмысшыларының пайдасына концерт ұйымдастырылды. Сол концерттің араб әрпімен жазылған жарнамасының тексі былай: «1928 жылы, бейсенбі күні, марттың бірінде «Орион» клубында «Тілші», «Камбағарлар ауазы», «Искра» басқармалары тарапынан үлкен әдебиет-би кеші жасалады. Бұл кеште Алматы қаласындағы қазақ, орыс сауықшыл жастарының қатыспайтыны болмайды. Әсіресе, Алматыдағы атақты биші Шара қарындас Баймолдақызы тарапынан «Майрамхан», «Шамиль» кавказ билері деген билер бейнеледі...». Әр өнер адамының осындай бір жұлдызы жанатын күн болады. Менің таза артистік бишілік өмірімнің жұлдызы тап осы күні жанды! «Халық көп болды, шапалақтан құлақ тұнды» деу қиын, бірі де есімде жоқ. Қорқу мен қуаныш қатар келгенде ес болмайды екен адамда. Өң мен түстің арасында өткендей ғажап сәт еді ол. Ұққаным: тағдырым – би. Одан басқа жол жоқ!
Театрға алғаш алынғанда 16 жаста едім
Бишілік жолымның басталуы актрисалық жолымның басталуымен орайлас келді. Мен театрға алғаш алынғанда 16 жаста едім. Күләш екеуміз театр табалдырығын қатар аттадық. Алғашқы рөл де тиді-ау! М.Тригердің «Сүңгуір қайық» пьесасындағы матрос баланың рөлі. Келе-келе басты рөлге де қолымыз жетті. Сол кездегі театр жұлдызы болып саналатын біздің Құрекеңнің бірінші жұбайы Зура Атабаева бір себептерден театрдан кетіп қалды. Оның ойнайтын қыздары бізге тиді, тек қарама-қарсы. Күләш – жағымды, маған жағымсызын ойнатады көбіне. Күләшпен сахнада қатар, бір постановкада ойнауым менің шын актрисалық шыңдалуым ғой деп есептеймін. Сахнадағы серігің жақсы болғанда адам жанып кетеді.
Тұңғыш рет гастрольдік сапармен елге шыққанымды қалай ұмытайын! Құрекең екеуміз қосылғаннан соңғы «қол ұстасып, судай тасып» демекші, бірге шыққанымыз өзінше бір қуаныш болса, бүгіндері аты тарихқа айналған Иса Байзақов, Әміре Қашаубаев, Қажымұқан Мұңайтпасов сынды арамызда жоқ ардагер ағалардың өнерін көзбен көру неткен бақыт еді, енді ойласам! Ең алдымен Әнші аға (Әміре) гармоньмен шығады да, түрлі әндерді құйқылжытады. Дала сахнасына Әміреден кейін арындаған ақын ағай Иса шығатын. Ақын ағаның делебесі қозып жорғалап желіп кетеді дейсің. Ендігі кезек – Құрекеңдікі, бұлт астынан шыққан күндей жалт ете шыға келетін Құрманбек! Құрманбек Жандарбеков өнерінің кереметі сол – ол ән айтып қана қоймай, билейтін де. Бұл екі арада бірер биді билеп мен де шығам: татарша, қазақша, ұйғырша дегендей. Сүйемелдеушілерім – Иса аға (домбыра), Әміре аға (гармонь). Құрекең мақтайды: «Шәкітай, бүгін қатырып биледің!» – деп. Оған мен кәдімгідей мәз болам. Бәрінің кішісі де, еркесі де өзім болған соң, маған бәрі де жарасатын сияқты. Мақтау естімеген күні жылай салам, сосын бәрі мені жабыла мақтасын. Бұл да бір дәурен екен-ай!
«Неге биші болдым?» деп жылаған күндерім де болды
Мығым денелі, қою қара шашты, маңдайы кең, отыздарды орталап қалған бұл кісі Темірбек Жүргенов еді. «Кешегі Қазақстан К(б)П Өлкелік комитетінің қаулысын баршаңыз оқып, құлақтанған шығарсыздар. Сол қаулыда республикамызда музыкалы театр ашу керектігі жайында айтылған. Ешқандай әбессіну, керенаусу болмайды. Күләш, Қанабек, Манарбек әнші болады. Құрекең әрі әнші, әрі режиссер болып басқарады. Ал Шара қарындас, сіз балерина-биші боласыз. Қазақтың профессионал биінің бастау-көзі сіз боласыз, ендеше, әлемдік классика биінің барша тармағын болмаса да, шама жетер деңгейге дейін үйреніп, оқуыңыз керек болады. Сол үшін де Москвадағы Үлкен театрдың әрі бишісі, әрі балетмейстері Александров дегенді шақыртып отырмын. Ол осында балет студиясын басқарады, шәкірттер баулиды және сізге би қояды. Өзбекстандағы атақты биші Тамара ханумды естіп пе едіңіз? Сондай биші біздің Қазақстанға да керек. Сізге сол кісінің де алдынан өту керек түбінде», – деді.
Профессор Александров, әсілінде, қазақ операларында би қоюға шақыртылған-ды, бірақ Жүргеновтің арнайы табыстауымен маған хореографияның жүйе-жүйесін, техникасын үйретіп, би білімімді ұштауды қолға алды. Және екі-үш жаңа би қойып беруді де міндетіне алды. Күніне алты сағат тынымсыз шыр көбелек айналып, ұршықша зырылдау, көлденең керілген ағаш станоктан ұстап, аяқ-қолды созып түрлі қимылдар жасау денесі қатайып қалған 22-дегі әп-әйдік әйелге оңай тиді деп ойлайсыз ба? Әлсіреп, көтерем тоқтыдай құр тері қалды. Бақырайған көз, ырғайдай мойын – Құрекең танымастай күйге түстім. «Неге биші болдым?» деп жылаған күндерім де болды. Былайғы балериналар 9-10 жастан оқып, аттай тоғыз жылда игеретін классикалық балет мектебін айналасы бес жылда бітірдім. Сөйтіп, қиын да күрделі өнер техникасын әжептәуір игеріп, профессионал балерина деген атаққа ие болдым. Бұл – мен үшін үлкен жетістік. Қазақ хореографиясында арнаулы білімі бар маман жоқтың қасы еді, соның төл басы болғанымды мақтаныш тұтам.
Жарығымның көрер күні ұзақ болмаған ба...
Онкүндікке әзірлік аяқ астынан басталды. Құрекең екеуміздің ол кезде екі нәрестеміз бар-тын: төрт жасар Болат, емшектегі Марат. Онкүндікке әзірлікті шұғыл бастадық та, күні-түні дамыл таппадық. Мезгілінде үйге келіп ауқаттанып кетуге де мұрша жоқ. Құрекең екеуміздің соңымыздан құндақтаулы баланы бір қолына, екінші қолына шайнек ұстап апам келеді. Баланы үш-төрт мезгіл емізу керек. Ал шай ішпесем, менің қабағым ашылмайды. Кім біліпті, жарығымның көрер күні ұзақ болмаған ба, Маратжаным өкпесі қабынып қатты ауырып, содан көзін аша алмады. «Құреке-ау, енді қайттік...» – деп егіле беремін. Оның қиналысы менен де зор. Сәл қолдары босаса, жора-жолдастар бізді төңіректейді, басу айтады: «Саған, Құрмаш, тап қазір қатты күйзелуге әсте болмайды. Даусыңа қатер ғой. Оның үстіне мынадай үлкен әзірлік кезінде сенде жауапкершілік мол. Әрі режиссерсің, әрі атқаратын рөлдерің бар. Сенің Бекежаның мен Жалбырыңсыз онкүндікте ойдағыдай көрінуіміз қиын-ау», – деседі. Қанша қиналсақ та, күйзелсек те, үлкен жауапкершілік тұрғасын біртіндеп әзірлікке кірісе бердік.
«Лондоннан кешіктіңіз...»
Жүргенов көздері отша жайнап отыр екен, әлденеге қуанып отырғаны белгілі.
– Біздің Шарамыз енді бүкіл әлемді шарықтайды. Лондон қаласында дүниежүзі халықтары билерінің фестивалі өтеді екен. Бақытымызға орай, қазақ халқынан да бір өнерпаз қатысуға тиіс екенін біліп, жүрегім жарылардай қуанып отырмын. Оған енді біздің Шара бармай ма?! Олай болса, Александр Артемьевич, сіз шұғыл түрде Шараға төрт би қоясыз. Олар мыналар: «Балбырауын», «Келіншек», «Былқылдақ» және «Мерген». Осы билер бекітілді, екеуіңе 15 күн уақыт беремін.
«Лондон деген қайдан шықты, картадан оқығаным болмаса, қай ата-бабам көріпті? Мен, жалғыз өзім, қасымда Құрмаш та жоқ, қорықпаймын ба?». Күдігім осы. Үйге кеп Құрмашқа, апама айтып едім, әсіресе апамның зәресі ұшты.
– Е, мен әйел алдым ба десем, биші алған екенмін ғой.
Құрманбектің бұл сөзі оқпен атқандай болды. Талықсып отыра қалыппын. Екі оттың арасында қалғаным осы ғана ма еді? Әрі ана, әрі жар, әрі әртіс болудың қиындығын да, қызығын да көріп келемін. Бірақ ең басты нәрсе – семья бүтіндігін сақтау. «Сызат біздің семьяға да түсті ме?» деп түршігіп саламын.
...Мәскеуге 12 күн дегенде әрең жеттік. Вокзал басы азан-қазан. Жан-жағыма алақ-жұлақ қарап тұрмын. Мені қарсы алған да, гүл тапсырған да ешкім жоқ. «Неге келдім?». «Енді қайда барамын?». Сол арада ұзын бойлы, әдеміше ақсары орыс жігіті қасыма кеп: «Сіз Шара Жандарбековамысыз?» – деді. «Иә, мен». Сөйтсек, 12 күн жолда ырғалып жүргенде, мұндағылар мені іздеп, Алматыға үсті-үстіне телеграмма салып: «Лондонға баратын бишілерің қайда?» –деп ондағылардың шаңын қағып жатыр екен. Жарты айға жуық қара көрсетпегенсін, бір жағы жоғалдыға санап, бір жағы адастыға санап, екі жақ та абыржып қалса керек. Мені көргенде қарсы алушының қатыны ұл тапқандай қуанғаны сол екен. «Сіз... Лондоннан кешіктіңіз. Мынау қарсы алып жатқан адамдар осы Лондон фестивалінен қайтқандар. Қапаланбаңыз, фестиваль лауреаттарымен бірге үлкен концертке қатынасасыз», – деді.
«Қазақ бишісі Шара Жандарбекова билейді!..» Жалпақ жұртқа жариялап тұр ғой атымды. Құлағым шыңылдап, көзім қарауытып кеткендей. «Уа, қазағым» дедім де, сахнаға билей басып шықтым. Ду қол соғылды. Үлкен театрдағы концерт аяқталысымен мені атақты бишілер – Ольга Лепешинская, Екатерина Гельцер, Марина Семенова, Ляля Черная келіп құттықтады. «Кім үйретті саған осынша көркем билерді? Балетмейстерің кім?» – деп сұрады. «Александров», – дедім мақтана. «Айтпақшы, о байқұс басына іс түсіп сонда кеткен ғой. О, сен, Шара, бақытты екенсің, Александровтан би үйренген. Ол – балет тарихындағы үлкен тұлға, бәрі-бәрін үйреніп қал сен одан. Бізден сәлем айт, посылка жіберейік, ала бар».
Ертесіне маған газет тілшілері масадай жабысып, суретке түсіріп, интервью алып тұрып: «Киргизкамысың?» – дейді. «Жоқ, казашкамын, Қазақстаннанмын», – деп кейбіріне түсініктеме беруіме тура келді.Мәскеуде 10 күн концерт бердік. Заводта, Москва университетінде, тағы басқа өндіріс орындарында өнер көрсеттік.
Қызыл жауынгерлерге танк сыйладым
1938 жыл мен үшін шабытты жыл әрі творчестволық белесте із қалдырған бір асу кезеңі болды. «Қалқаман – Мамыр» осы жылы қойылды. Осы жылы маған Қазақ КСР-нің халық артисі деген атақ берілді.
1938 жылы қазақ кино өнерінің тұңғышы – «Амангелді» фильмі түсірілді. Басты рөл – аты аңызға айналған Амангелді батырдың бейнесін Елубай Өмірзақов атқаратын болды, оның жары Балымды ойнауға мені шақырды. Фильм түсіріліп біткен соң одақтық экранға шықты, республикамызда ана тілінде жүрді. Сонда бұрын-соңды экраннан қазақ өмірін көрсетіп және қазақша сөйлегенді көрмеген халқымыз қайран қалып, күні-түні ағылып, дуылдатып той дүрмегін жасап жатты. Атақты биші Тамара ханум фильмді көрген соң: «Сен, Шара, арманың жоқ. Сұлу бейнең, сымбатың, биің, мәңгі тарихта қалды», – деп қуанып хат жазыпты маған.
1939 жылы Ленинградта қазақ опера өнерінің гастролі өтті. Галина Уланова, Алексей Толстой, Леонид Соболев сынды совет мәдениетінің аса ірі қайраткерлері спектакльдерімізді көрді.
1940 жылы февраль айында республика басшыларына барғаным есімде. Зор қолдау таптым, көп кешікпей ән-би ансамблі құрылды.
...Майданға баруға мен де сұрандым. Оқ пен оттың арасында Отанымыздың қорғаушыларының сәл-пәл болса да көңілдерін желпіп, алыстағы туып-өскен елінің сәлемін әнімізбен, биімізбен жеткізгендей болдық. Алматыға келген соң бар жиған-тергенімді Отан қорғау қорына өткізіп, қызыл жауынгерлерге танк сыйладым.
«Құрманбек жас тоқал алып кетті»
Кім айтты екенін білмеймін, бірақ есімде, «әйел алдағыны 40 күн бұрын сезеді» деген. Жүрегім өрекпіп, орнынан қозғалып алқымға кеп тіреліп тұрғандай болады да тұрады. Майданнан қайтқалы осы. Алматыға жеткенше қу жаным қуырдақ болып күйзелумен болдым. Көп күн жүріп жеттік-ау. Вокзал басында біздің келетінімізден құлақтанған туыстар, достар шоқ-шоқ гүлімен қарсы алып жатты. Апам бар, Болат та бар, Хадиша, Шәкендер де бар. Тек Құрекең жоқ. Онша мән бермедім, «репетициясы болып шыға алмаған екен» деп. Сол кезде Болат: «Наш папа женился!» – дегені. Бала ойыны қалған ба, «жай айтқан шығар» дедім. Бірақ өмір бойы мені сан сапарға шығарып салып, сан сапардан қайтқанда қарсы алатын Құрмашым көрінбейді. «Қалай, Шәкітай, шаршадың ба?» – деп маңдайымнан сүюші еді. Мен де бұратыла құшағына ене түсіп: «Иә, шаршадым, Құрмаш, шаршадым», – деп кеудесіне басымды сүйеуші едім. Сонда бар шаршауым кететін, бар қайғы-қасіретім ұмытылатын. Енді менің өксігімді кім басар? Үйге келдік. Үй тола адам, жерге дастарқан жайылған. Аса құрметті қонақтар: Мұхтар Әуезов, Әбділда Тәжібаев, Ғабиден Мұстафин, Қалибек Қуанышбаев, Серке Қожамқұлов жұбайларымен отыр. Құрманбек үйде де жоқ. «Рас, Құрманбек қайтыс болған екен, осынау жұрт соны естіртуге жиналған екен».
– Айтсаңыздаршы, жұртым-ау, Құрманбек тірі ме? – дедім үнім дірілдей. Бәрі томсыраяды, төмен қарайды. Қалибек: «Жылама! Тірі, көз жасыңнан садаға кетсін», – деп қойып қалды. Мұқаң сәл ыңғайсыздана, қастарын түйістіре сөйлеп кетті. «Пәлі, сен, Шара, ер-азамат орнына майданға барып келдің емес пе? Біз мұныңа сүйсінеміз, құрмет тұтамыз. Міне, алдыңда сол құрмет тұтатын достарың отыр, көз жасыңды көңілдерімен құрғатып, жарқыраған шырайың мен нұрлы күлкіңді күтіп отыр». Әлі де аң-таңмын. Осы кезде Айманкүл апай (Әбділданың анасы) қасыма келіп, басымнан сипап: «Түкке түсіне алмай отырсың-ау, байғұс бала. Құрманбек жас тоқал алып кетті. Жә, жасыма, бір сен ғана емес, бәріміздің басымыздағы жағдай ғой. Сен енді мына өзіңді күтіп алған қонақтарыңа шырай бер», – деді. Бір кезде өте қызулау Құрманбек кіріп келді. Үнсіз қалдым. Құрекең маған біртүрлі жат адам боп көрінді.
Құрманбекке 16 жасымда, оң мен солымды танып үлгермеген уыздай қалпымда тұрмысқа шығыппын. Сол жастығым болар, ата мен ананың тәрбиесі болар, бетіне тіке қарап «сен» демеппін. Алты-жеті жас үлкен болған соң ба, «сіз» деп кеттім. Маңдайдағы жалғызым, жұлдызым – Болатымның әкесі, 30 жасымда айырылысуға жазса, тағдырдың жазуы да. Менен еш кінә жоқ, онымен өмірдің ыстық-суығын бөлістім, өнердегі серігі болдым, баласының анасы болдым. Құрекеңнің алдыңғы жұбайы – Зуһра Атабаевадан қалған қызы Раушанды өзім тәрбиелеп, ұзаттым. Зуһра марқұм соңғы уақытында тұрмыстан тайғанақтап жұмыс істей алмады. Соны өзім талай рет араласып жұмысқа қойдым. Білетіндер тіпті таңғалатын да.
Тура өмірмен қоштасқандай екенсің
1965-66 жылдары мен өзімнің шетелдік гастрольдік сапарымды аяқтадым. Иран, Сирия, Біріккен Араб Республикасында болып, Моңғолияда тәмамдадым. Өмірімнің бір белесі – 50 жылдық тойымды ел-жұрт боп өткізгесін сахнамен қоштастым. Расын айтайын, мұндай ауыр нәрсені басымнан өткізбеп едім. Тура өмірмен қоштасқандай екенсің. Хореография училищесінің жағдайы кете бастаған кез екен. Арнаулы үйі жоқ, о баста консерватория үйінің бір жақ жартысын меншіктеген. Училище бітіргендерге аттестат алмай диплом берілмейді екен. Мен хореография училищесіне ұстаз әрі директор болып тағайындалған кезде жағдаяттар осындай еді. Сөйтіп, 1965 тен 1975 жылға шейін 10 жыл басқарған би училищесінде едәуір істер тындырылды. Қазақ хореографиясының тарихында болмаған жаңалық – «Алматының жас балеті» атты ансамбль дүниеге келді. Қазақ КСР-нің халық артисі Болат Аюханов басқарған бұл талантты коллектив аз жылдың ішінде-ақ өзінің берік босаға құра алатынын іс жүзінде көрсетті.
Шара Жиенқұлованың «Өмірім менің – өнерім» кітабы бойынша
дайындаған Марфуға ШАПИЯН
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.