Жас ақын Сүйеніш Талғатбекұлы 2000 жылы Монғолияның Баян-Өлгий аймағы, Цэнгэл сұмынында дүниеге келген. Өлең өлкесінде өзіндік талап-талғамын қалыптастырып жүрген ізденімпаз жас. Қазіргі таңда Моңғолия мемлекеттік педагогикалық университеті, тарих-гумантария факультетінің студенті. Ақынның бір топ өлеңін оқырман қауымға ұсынып отырмыз.
Білесің, тағдыр деген тұрады құлдыраудан
және бір сәт өрлеуден.
Ал бірақ та,
құлдыраудан көз ашпады-ау өр кеудем.
Жарты жанын жоғалтқан ба «тағдыр» деген дүние,
Ақсай басып келе жатты,
үйге қарай сергелдең!
***
Бесік жырындағы өлең,
Ер жырымындағы өлең,
Түндіктей түріп ашылған,
Киіздің құрымындағы өлең!
Келіннің сәукелесіндегі өлең,
Киіз үйдің көлеңкесіндегі өлең,
Адам атаммен бірге түскен
Жердің бетіндегі өлең,
Соғыста қырғынды көрген,
жаудың өтіндегі өлең!
Өлгені жаспен шайылған
Көрістегі өлең,
Түлікпен бірге жайылған
өрістегі өлең.
Бұлақтай сылдыраған өлең,
Кіршік жуымас періштедегі өлең!
***
Кешіріңдер, мен өзге ғаламшардан адасқанмын!
Өмірімде өңменге жанасқан мұң,
Е, ол жақта өмір қалай дейсіңдер ғой,
Ол жақта жамандық жоқ шатасқан мың!
Біз дағы ренжиміз жақындарға,
Бірақ та дүние үшін емес енді.
Біз затты қыстырмаймыз тақымдарға,
Тірліктен ләззат, шаттық жинаудамыз,
Тіріде бір-ақ рет қақың барда!
Жалғандықта болмайды, жасандылық,
Ғапыл да жібермейміз, масаң қылық,
Әр ғасырда әр түрлі заңдарымыз,
Жауыр қылып жатпаймыз, қасаң қылып!
Шешем де әппақ сүтін қарыз демес,
Әкем де мәпелеуін парыз демес.
Болмысы бөлек біздің бұқараның,
Ешкімі ешкімге де қарыз емес!!
Періштені жоқтау
(Рысбек Базылханұлының асыл рухына)
Япырау, ақша жүзі айдай боп ұйықтаған ба!?
Өлмеген-ау, ұқсайды ұйықтағанға,
Мына өмірдің пердесін түріп тастап,
Қаламады-ау әсілі, дүниелік иттағанға!
Періштелер өлмейді, естігенмін,
Естіген кім, айтыңдар естіген кім?
Дүниенің сарсаңын арқалатқан,
Уағдаңда тұрмадың, қош, күрең мұң.
Өзі аңсаған ғарышқа кеттің ұшып,
Қара жерді өлгендер қалар құшып,
Сен өлмедің, шын өлген біздер екен,
Жүрегіңді әкеттің,
Бер жағында бейнелеп Тәңір сызық!
Қош періште,
Енді періштелер тумайды жер бетінде…
***
Туған жер, сені сағынып жаным барады,
Бұлдырап бөктер, құлдырап құлын қалады.
Күнде көрініп үйір боп қалған атырап,
Қимайды екенсің қозы өңді қоңыр даланы!
Бұл жәй ғана бала әні.
Арманды қуып,
бетке алдым, әке, терістіктегі қаланы,
Бабалар жатқан бейітке келіп дұға оқып,
Тапсырдық міні су ағар сай мен саланы!
Жасаурап сенің жасын ұлыңның жанары,
Жал, қыраттарға ынтық қыран талабы
секілді болған жұдырық жүрегім алқынып,
Ентігіп қайтар, бал құрақ сүріп балағы..
***
Гүл шырыныңды келемін шүйіп,
Жанары жақсым, өлемін сүйіп.
Қан тамырыма салған шоғыңнан
Арпалысады бар денем күйіп.
Алты ішегімде әуен ойнаймын,
Сонымен шығар шекер мұң-қайғым.
Қолқа саласың ойнай түсші деп,
Дертіңе сенің асқақ үн жайдым.
Лағыл тілің татуға лайық,
Кел, қалқам, қуаныштан жылайық.
Мөлдір де тұнық тамшы боп біздер,
Терезенің жақтауына тұнайық
***
Жатырыңда жанталасқан азап па!?
Сақ па оның, Түркі мен Ғұн,
Ал немесе қазақ па?
Құдай түгілі, сатып кеткен Адамың,
Шар тасымен шайтан түскен тозақ па?!
Құлдарының разылығына зар болып,
Кеңістік пен уақытта байланысып,
пендесінен Тәңірі көрген мазақ па!?
Адамзаттың мұңы ма әлде
қан-қасап боп төгілген,
Біреуден тер төгілгенде,
біреулердің қалтасына егілген,
Азаттық деп ақтарылған азабы ма ұлттардың,
Бірлігім бе сатқындықтан, жөлерліктен жеңілген!
Жанталасып жатырыңда тулайды,
Мен білгенде
Хауалардың жатырынан періштелер тумайды,
Пенде деген
сағым суға толтырылған шалғайдағы құм қайғы!
***
Жаз мінезді қылық, көңілдерің тұнық келеді,
Сені көрсем, сәулем, сезімдерім аттай желеді.
Жүрегімнен өткен,
мұң қабағың шерткен,
Сен жайлы сыр білгім келеді!
Қ/сы:
Ай дидарлы еркем,
күн дидарлы көркем,
жанарыңа мені сыйдырып,
Әсем әуен шертем,
әз жаныңды елтем,
сезімімді саған білдіріп!
Нұрға бөгіп жаның, тулағанда тамырымда қан,
Тәтті күйге арқау, бір мен үшін анадан туған!
Хор қызынан асқан,
неткен ғажап дастан,
Сені жаным көргім келеді!
Жан сарайы дала, жанымызға шуағын төккен,
Қыстан кейін келер, бір өзіңсің көктем.
Жалбыз иісі – әтір,
жаныма кеп жатыр,
Сені сүйіп, сезгім келеді!
***
Бізді жүйкесі ауырғандар дейді,
Біздің жүйкеміз ауырмаған,
Біз сендердің әдемі сөздеріңнің
ар жағындағы құпияны көріп тулағандармыз,
Ар
Ұят
Намыс
Әділдік
Уәде
Махаббат
Халқының қамын ойлау дегендердің астарындағы аңыздармыз!
Бізді жынданғандар дейді,
Біз жынданбағанбыз,
Біз бір-бірін жынды дейтін
жындылар тұратын жындыханаға тап болғандармыз.
Ақша
Машина
Әтір
Киім
Пицца
Кинотеатр
Жұлдыздардың концертіне баруға дүние жиятындармыз!
Бізді өлген дейді,
Біз өлмегенбіз,
Біз жайы бірлігі ыдыраған ғаламға тап болғандармыз!
Қаннан,
Қарудан,
Дәріден,
Қарыздан,
Жамандаудан,
Күлуден,
Жалған қол алысулардан жалығып,
Басқа дүниеге сапар шеккендерміз!
***
Мен жындыханаға бармай-ақ,
жынды екенімді білдім,
Әйтпесе өлең жазып,
ақын болмаған болар едім,
Мен сенің не қалап отырғаныңды сездім,
Өйтпесем Сүйеніш аталмаған болар едім.
Шешемнің көлеңкесіне тығылып,
ет сұрайтын шағым өтіп,
Жүректен шыққан әрбір сарқытты үкінің тағымы етіп,
Он екі жылдың жеребесін айналдырып, жұлдызнама ашқанда,
Ешкімде жоқ көзқарасты бергеніңе рақмет бағым етіп.
Айналамдағының бәрі сатира жасаушылар,
Ыза болып күлгенде ішегім түйіліп қалды.
Денемде бөлініске түсіп мың миллион жыныстық жасушалар,
«Уәде етемін!», «Сені сүйемін!» деген сөздер мен дүние үйіліп қалды.
Баяғының жазу машинасын қол телефоныммен айырбастап,
Радиодан мақтау айтқан сұхбаттарды тыңдап,
Адамның барлық сатқындықтарына қайыр-қоштап,
Бұғып қалған оятамын ұяттарымды ымдап.
Жалаңаш денеммен Атланттың мұхитына сүңгігенде,
Ойбай Зевс құдайым, су емес қанның түйіршіктері ғой мынау,
Оның арғы жағында немене бар екен деп үңгігенде,
Төрде отырып шірене тойғандар мен дін монархтары ғой мынау.
Өз жайыма өлмей, скрипканы оңды-солды ысқылап,
Жылаудан да жалыққан адамзаттың ықылын салып,
Болыр түні еврей сәбидің төбесіне адасқан оқ тиген құс құлап,
Желтоқсанда қазақ қыздың қойнынан шыққан орыс шерігі,
Нагасакиде жатқан күлге шылымының тұқылын нығап!
Тәңірдің зиратына барып Библияға шұқшиып,
Испанияға барып қарға болып шоқиып,
Біріккен ұлттар ұйымының мінберіне шығып,
Тоққа соғылған адамдай, шашым бұйра-бұйра,
Отырдым қақиып!
Ал маған соғыс ашыңдар,
Артылған дәулетімді арттарыңа басыңдар,
Сәлем жолдап, құлағыма сыбырлап, қолын бұлғайды,
Мен жан-тәніммен сенген болашақтағы ғасырлар!
Ішкиімін басына киіп, жатырын қолға алып,
Батыстағы іріп-шіріген көзқарас тосындар,
Мені де соларға қосыңдар!
***
Өлеңім тілімнің астында
Болғандай баспана
аса ауыр қылмысты қашқынға,
Өлеңім тілімнің астында,
Жортады даланы, ұлардай шулатып,
Жасындай иілген һәм берік дүние дүрбелең тосқынға.
Астында жарты айдың жортқанда абадан,
Қымыз болып бұрқырап, иіс төгер сабадан,
Талайдың таңдайын жібітіп, сарайын ашқызар,
Беу менің лағыл-жауһарым, құйылған шарадан!
***
Кафеде отырмын,
Бір қыз жүр ойымды самғатып,
Үзілген жерінен жалғатып.
Терезе қарсысы, Үкімет ордасы,
“Біреу” тұр “жаттанды пәлсапа” сарнатып.
Қанағат қыла алмай барға түк,
Ар-намыс еліне бармадық.
Егер де пайдаңды ойласаң,
Андаңды бардағы жарға тық!
О баста Тәңірім сатқасын,
Мен қалай періште болайын?!
Жүгірмей жөргекте жатқасын,
Жарайды, жөргемсіз қалайын.
Қыз қайда манағы,
Ойпырмау қыз қайда,
Махаббат туралы жазбақ боп,
Лағып кеттім-ау қай-қайда?!
Жынданды дер ме еді мұндайда?!
Кафеде отырмын,
Бір қыз жүр ойымды самғатып…
***
Темір құстың қанатынан табу үшін халқымды,
Мына жүрек не тындырды, құр бекерге алқынды,
Көлеңкелі тар шеңберден шығарма ек,
Баурайдағы інге тығып заңдарымды, салтымды.
Мұрағаттан іздеу үшін өзімді,
Мұра қаптап, осы жолға сарп еттім төзімді,
«Жалқау, надан» болғызуға дайындалып жатқандай,
Білім, өнер іздемекке талпынатын көзіңді.
Әттең, бірақ атып тұрып төсектен,
Баяғыда «ОЯНдатып!» ызыңдаған масаны,
Желпуішпен өлтірдім де, көз ілдім!
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.