Жастар прозасы: жанрлық ізденістер мен көркемдік сапа мәселелері
Жазушы әрі сыншы Айзат Рақыш «Жаңа Қазақстанның әдеби-танымдық жыл панорамасы» бағыты аясында 2024-2025 жылдары жарық көрген 17 кітапқа шолу жасай отырып, қазіргі әдеби кеңістікте жарық көрген шығармаларды жай ғана атап өтпей, олардың мазмұнына, тақырыбына, көркемдік ерекшеліктеріне тоқталып, өзі де әдеби панорама жасауға талпынған.
Бүгінде оқырманның талғамы өзгеріп келеді. Ақпарат ағыны күшейді, кітап оқу мәдениетінің формасы өзгерді, жаңа әдеби платформалар мен цифрлық орта қалыптасқан мұндай кезеңде әдебиеттің дамуын тек жазылған кітаптардың санымен өлшеу жеткіліксіз, сол кітаптардың арасында әдебиетіміздің көркемдік деңгейін көтерген қанша шығарма бар деген сұрақ маңыздырақ. Және әдебиеттің дамуы жазушының жазуымен, оқырманның оқуымен ғана шектелмейді. Әдеби үдерістің толыққанды жүруі үшін жазылған шығарманың көркемдік деңгейі, көтерген тақырыбы, айтқан ойы, тілдік қуаты, уақытпен байланысы туралы кәсіби пікір де қатар айтылып отыруы керек.
Кеше Қазақстан Жазушылар одағының ұйымдастыруымен әдебиет мәселелеріне арналған форум өтті. Жиында қазіргі қазақ әдебиетінің жай-күйі, оның бүгінгі бағыты мен өзекті мәселелері туралы бірнеше баяндама жасалды. Сол баяндамалардың ішінде жазушы әрі сыншы Айзат Рақыштың «Жаңа Қазақстанның әдеби-танымдық жыл панорамасы» бағыты аясында 2024-2025 жылдары жарық көрген 17 кітапқа жасаған шолуы да назар аудартты. Баяндамашы қазіргі әдеби кеңістікте жарық көрген шығармаларды жай ғана атап өтпей, олардың мазмұнына, тақырыбына, көркемдік ерекшеліктеріне тоқталып, өзі де әдеби панорама жасауға талпынған. Біз де осы баяндаманы тыңдап отырып, қазіргі әдебиетте сынның қажеттілігі туралы ойға қайта оралдық. Себебі бүгін кітап көп жазылады, жаңа есімдер пайда болады, әртүрлі жанрдағы шығармалар жарық көреді. Бірақ сол дүниелердің арасында әдебиет үшін шын мәнінде құндысы қайсы, уақытша қызығушылық тудыратын шығарма қайсы, қай туындының көркемдік қуаты мықты, қайсысының әлсіз тұстары бар деген сұрақтар үнемі қойылып отыруы керек. Осы ретте баяндама авторы Айзат Рақышпен хабарласып, осы дүниесін порталымызға сұрап алдық. Әдебиеттің әңгімесі «Әдебиет порталында» айтылуы керек қой.

Жастар прозасы: жанрлық ізденістер мен көркемдік сапа мәселелері
Қазіргі қазақ әдебиетінің әлеуетін бек бағамдайтын дүниеге келіп жатқан туындылар, олардың көркемдік деңгейі мен тақырыптық-идеялық тереңдігі. Соңғы жылдары мемлекет тарапынан жастар прозасына терең көңіл бөлінуі бұл салаға тың серпін сыйлады. Атап айтқанда, «Жаңа Қазақстанның әдеби-танымдық жыл панорамасы» бағыты аясында 2024-2025 жылдары жастар проза жанрында он жеті кітап жарық көрді. Енді солардың әрқайсысына жеке тоқталып өтейін.
«Тау ішінде»
Ғылымнұр Кәдірбайдың «Тау ішінде» жинағы 2024 жылы жарық көрген. Кітапқа «Тау ішінде» романы, «Тыныс» хикаяты, «Жоғалған күнтізбе» және «Аспан» кафесіндегі кездесу» әңгімелері енген. Романда оқиға тау ішінде орналасқан А. қаласында өтеді. Қаланың кіре берісі де, шығар қақпасы да қорыммен шектеседі. Оқырманның көз алдына суық ызғар шашқан тау қойнауындағы қаланы елестете басталған роман Мәулен кейіпкердің өмірін баяндауға ұласады. Мәулен - қарапайым еңбек адамы, ақсақал. Қырық жыл жүрегіне көме алмаған қасіреті-алғашқы махаббаты Ділдәнің белгісіз жағдайда өмірден өтуі. Мәулен күнделікті тірлік күйбеңімен жүрсе де, өткен өмірінің елестерінен құтыла алмайды. Кейіпкерін осындай психологиялық күйзелісте сипаттай отырып, автор лирикалық шегініс көркемдік тәсілін ұтымды қолданып, бұрынғы күндердің елестерін оқырман назарына ұсынады. Өткен күн-қазан-ошақ маңының ұсақ әңгімесі емес, ірі, әрі қасіретке толы тарихи оқиғалардан көрініс беретін айшықты сәттер. Кейіпкер Байкенженің образы арқылы ХХ ғасырдың басындағы қоғамдық-саяси ахуал айнытпай суреттелген. Байкенже қанша еңбекқор болғанымен, ешқашан басшылықтың көзіне ілінген емес. Оған кінәлі-Байкенженің «ірінің тұқымы, алашшыл» болғандығы. Мәулен бір естелігінде Қара теңіз асып, Қазақстанға жер ауып келген гректердің тағдырын баян етеді. Грек Пименди ақсақалдың басынан кешкендері типтік сипат алып, саяси зобалаң жылдар оқырман көңіліне бар шындығымен қонақтайды. Күншілдіктің құрбаны болған әкесі Баубек туралы Мәуленнің ішкі толғанысы терең, перзенттік мейірі қанбаған көңілі шерлі.
Бар оқиғаға құшағын жайған А. мекені қала деп аталғанмен, романда қазақ ауылының тұрмысын кешеді. Мәулен күнде таңертең ірі қараларын өріске айдайды. Пұшық кемпірі Зылиха үй шаруасымен әуре. Құрдасы Ысқақтың бес-алты есегі бар. Маскүнем көршісі Володя күн сайын аруақтарды көріп, солармен сөйлеседі. Володя тұрғындары үдере көшіп, адыра қалдырып кеткен бес қабатты үйде жалғыз өзі тұрады. Ол осы тұрғын үйдің базарлы шағына қайтып оралғысы келгені сонша, ақыры сол қызықты дәурен шындыққа айналғандай, елес бере бастайды. Бұл мекенге қала сипатын берген- шахтерлер өмірі суреттелген кез. Өкіметтің тапсырмасымен кеннің жаңа көзін тапқан шахтерлер тауға жарылғыш зат қояды. Ақыры кеннің мол қорын тапқандары аздай, ордалы жыланға кез болады. Осы тұста роман қиял-ғажайып сипат алады. Ордалы жыландардың патшасы, онымен тілдескен тарымшы, мәмілеге келуден бас тартқан жыландар, қаланы қаптаған қарабас құрттар қиял-ғажайып ертегінің кейіпкерлеріне көбірек ұқсайды. Жылан қаптау оқиғасынан кейін қаладан береке қашады. Тұрмысы титықтаған тұрғындар өлместің күнін көреді. Роман Мәуленнің жалғызы Бекнұрдың ақын болып, А. қаласына бір топ өнерпаздармен бірге концерт қоя келіп, әкесінің мәңгілік махаббаты туралы өлең оқуымен аяқталады. Әкесі ұлына ешқашан сыр ашпаса да, сезімтал, ақын ұлы оның ішіндегісін айтқызбай-ақ ұғыпты. Роман жүректе ешқашан сөнбеген ұлы махаббатты дәріптейді. «Жаным жалғыз!» деп аһ ұрған ақсақалдың ішкі әлемін қапысыз түсінгген ұлының биік парасатын әйгілейді. Аумалы-төкпелі заман іргесін жалаңаштаған қаншама қазақ елді мекендері бар, солардың тұтас тағдырын А. қаласының бейнесінде көрсетеді. Реалистік роман мен фантастикалық романның элементтері араласып берілсе де, туындының өз айтары, оқырманға ақтарар шындығы бар. Романның көркемдік деңгейіне келсек, автор құрғақ баяндаудан аулақ болып, суреттей отырып баяндаған. Образ жетілдіруде көбінесе авторлық тұрғыдан араласу бар. Кей тұста автор лексикалық нормадан ауытқып, мағыналық тұрғыда өзара тіркесе алмайтын сөздердің басын «күшпен» иіп қояды. Мысалы, шомбал бетон тіркесіндегі «шомбал» сөзі «етжеңді, алпамса, шымыр» мағынасын береді, әрі адамның сырт тұлғасына қарай орынды жұмсалады. Қара есек мінген Мәулен кейіпкердің «қимылы ширақ» күйде сипатталған, есек «жүрдек, қимылы ширақ» қалыпта ұсынылған. Адам мен жануарды бірдей тіркесте сипаттау қаншалықты ойға қонымды? «Үйді шағып» тіркесі де өзара мағыналық сипатта «жауығып» тұр, орынды тіркес-үйді құлату. Ендігі кезекте тұтас сөйлем синтаксистік тұрғыда ақсап жатыр: «Сол зәу биікте далп-далп етіп желбіреген ту бар екенін түнгі жолаушылар аңғарған емес.» Далп-далп ету- ебедейсіз, ерсі, сәнсіз қозғалысты білдіреді. Шырайлы шағы алыста қалған А. қаласының көңіл құлазытар көрінісін бермек ниеттегі жазушы биіктен желбіреген туды да далпылдатып қойған. Мемлекеттік рәміздерге деген құрмет өмірде де, өнерде де жоғары деңгейде болуы шарт. Романда екіұдай күйде тұрған жұмбақ кейіпкер бар. Ол-көк есекке теріс мініп, Мәуленге, басқаларға жөн сілтеп жүретін ақылгөй ақсақал. Мәулен іштей оны Қызыр бабаға теңейді. Енді автордың осындай көңілі ақ, ісі түзу ақсақалды не себепті есекке теріс мінген бейнеде бергені құпия болып тұр. Қазақ халқының ата салтында есекке теріс мінгізу-ауыр күнә жасаған адамды масқаралап, ел алдында абыройын төгу үшін жасалатын жазалау салты. Қызыр бабадай жүрген жеріне бақ орнататын кейіпкерді көк есекке теріс мінгізу арқылы қоғамның кесірлі тұстарын астарламақ болды ма, әлде ардақты, қасиетті ұғымдар аяқасты болғанын тұспалдады ма? Қалай десек те, қазақ ұғымындағы масқара жазаны жағымды кейіпкерге қатысты қолданғаны түсініксіздеу. Роман терең ойларды, өзекті идеяны талдай ұсынса да, көркемдік тұрғыдан жетілдіруді қажет ететін қырлары да бар. Жинаққа топтастырылған «Аспан» кафесіндегі кездесу» әңгімесінің атауы да көркемдік сипатта қайта қарауды талап етеді. Орыс сөздерін қазақша баламасы бола тұра көркем шығармада орынсыз қолдану әдеби шығарманың әрін қашырмай ма? Лексикалық нормадан ауытқыған тұстары да кездесті: «Толғанаймен қолдасып, дыбыссыз басып» дегендегі қолдасу сөзінің орнына қолтықтасу, қол ұстасу сөзі «сұранып» тұр. Автор бақыт ұғымын тым жеңіл түсіндіреді: «Арқаны кеңге салып, ың-шыңсыз кафеде жалғыз сыра ішудің өзі бақыт.» Ал жазушының қасиетті парызы әдеби шығармасы арқылы оқырманына биік идея, кесек ойлар ұсыну емес пе? Ал «Тыныс» хикаятында автор дәстүрлі қазақ жерлеу салтына қайшы келіп, мынадай сөйлем жазған: «Табытқа салған сүйекті көтеріп апарып, енді жер қойнына тапсыратын кезде ашық аспанда қайдан шыққанын қап-қара бұлт пайда болып, жай оғы жарқылдап кеткені.» Өңірге аты мәлім Қазыбай бақсыны табытқа салып жерлеу оқиғасы оқырманның діни-мәдени түсінігіне нұқсан келтіреді. Қазақтың мұсылмандық салтында қайтыс болған адамды ақ жуып, арулап, жер қойнына тапсырады. Қаламгер қанша қиялына ерік берсе де, ұлттық дүниетаным мен ұлттық әдеп-ғұрып шеңберінен аттап кетуге еш хақы жоқ.
«Қызылжар дәптері»
2024 жылы «Қызылжар дәптері» кітабымен оқырмандарын қуантқан жас жазушы Есбол Нұрахмет «Бейтаныс» романы он үш тараудан тұрады. Нейропсихолог Нығыметтің Василийді медициналық аппарат арқылы уақытша өлімге душар етіп, оның миындағы барлық ақпаратты жазып алып, жазушы Айбек Бұлғынбайға таныстыруымен басталады. Ғылыми-фантастикалық роман жанрының белгілері көптеп ұшырасқандықтан, аталған туындыны осы жанрға жатқызуға толық негіз бар. О дүниелік болған жанның санасында ойлары самсап қалатыны жайлы қазір ғылымда дерек бары жасырын емес. Ал романның тұтас оқиғасы Василийдің әрбір тарихи кезеңде дүниеге келіп, ажал құшып, бас-аяғы төрт рет өліп-тірілу оқиғаларына негізделген. Алғашқы өмірінде ол Кенесары ханның сарбазы болып қызмет етеді. 1837-1847 жылдардағы Кенесары көтерілісі жайлы тарихи шындық осы алғашқы өмірде баян етіледі. Жазушы кейіпкерлеріне образына сай портрет жазып берген. Кенесары ханның киім киісі былай суреттелген: «Жағасы кестеленген ақ жейденің сыртында жұқа барқыт кеудеше, оның да өңірі кестеленген. Оның сыртында екі өңірі шымқай әдемі өрнектермен әшекейленген шолақ жеңді ұзын жібек шапан. Бұтында қара барқыт шалбар, аяғында жеңіл кебіс. Сары-қоңыр барқыттан тігіп, жақұт қадап әсемдеген айырқалпақ.» Оқырман ханның сырт сымбатынан болмаса да, киім киісінен хабардар болды. «Арықша келген орта бойлы, сақал-мұрты бурыл тартқан, қиғаш қабақ, ойлы жүзді кісіні біреу «мынау Нысанбай жырау» екен деп жатты,»-деп кейіпкердің толық портретін оқырманына паш етеді. Шапырашты Наурызбай батырдың портреті мынадай: «Ұзын бойлы, кең иықты, шымыр, сом денелі, көзі оттай жайнаған адам екен. Жүзінде жан қаратпас қаһарлы айбар бар.» Тарихи тұлғалар Есбол қаламымен келбетті болмысқа ие болып, асқақтай түседі. Ал кейіпкерлердің өзара диалогтары шаппа-шап сөз қағысқа құрылған, артық сөзден ада. Ерден мен Қожықтың диалогы олардың мінездерінен сыр шертеді:
- Ханды қашаннан бері қарақшы асырайтын болған?
- Жақсы дегені жаттың асыранды иті болып шыққаннан бері Ханның күні ұрыға қарап қалды ғой.
- Е-е-е, Қожық, жолың болсын! Ханға менен сәлем айт!
Толық портрет пен шымыр диалогтар көркем образды мейлінше ашып, өсіре түседі. Кейіпкер Василий әр жаңа өмірінде белгілі бір тарихи кезеңде қайта оянады. Сол тарихи шақта елді соңына ерткен көптеген ұлт көшбасшыларының есімдері шынайы күйде аталған. Тарихи шындыққа құрметпен қараған, бұрмалауға салмаған. Ерсейіт орыс мұжығы болып та, қыз болып та дүниеге оралады, тракторшы Серікбай болып та жарық дүние есігін ашады. Соңында қазақшаға шорқақ Василий деген қазақ болып ұшпалы жан тұрақтайды. Ғылыми-фантастикалық романның элементтерін тиімді қолданған Есбол жазушы қиял арқылы тарихи шындықты түйдегімен сөйлетіп өтеді: «Бұл 1928 жылдың ерте көктемі еді. Менің жаным Гүлбаршыннан ұшып шыққаннан кейін, қайда қонарын білмей, қазақ даласын шарлап ұзақ жүрді. Жаңа туған нәрестенің біріне қона қалса, ол есін жинамай жатып, шетінеп кетті. Қорыққаннан жаны бойынан кетіп бара жатқан адамға қонғанда, ол сол сәтте-ақ атылып кетті. Бірде іңгәлаған жас сәбидің бойына тұрақтады. Арада үш жыл өткенде, сол сәбидің қолын қол, бұтын бұт қып турап, қазанға салып, өз әке-шешесі аш қарынға талғажау еткенде, одан да үркіп, ұшып шықты.»1932 жылғы аштық тартқызған қасіретті жазушы осылай көшпелі жанның көрінісінде ұтымды берген. Роман Василийдің батыр бабасы Ерсейіттің атын алып, есімін қазақшалап, ана тілін толық меңгеруімен тәмамдалады. Тарихи шындықты сенімді суреттегендіктен, туынды тарихи роман түріне де сай келеді. Жанрлық көпқырлылық- Есбол қаламына тән шеберліктің бір айғағы. Енді романның тілдік келбетіне тоқталсақ, жетілдіруді қажет ететін тұстары бар. Бүтін ұлттың табиғатын танытуға жұмсалған сөйлемдерде автор тым талғампаз болса игі еді. Кейіпкер Гүлбаршынның сөзі: «Мен білгенде қазақ арасында бозбалалық қылмайтын адам аз.» Күллі қазаққа қатысты айтылған бұл сөз орынсыз-ау!Лексикалық нормадан адасу көріністері көз алдыма қалқып шықты. «...жылы-жұмсағымызды бес казактың алдына төседік.» Дұрысы-алдына тостық. Кей сөйлемдер көркем әдебиет стилінен алыстап, ресми стиль белгілерін алған. Мысал: «шарт та шұрт диалог басталды.» Көркемдеп, айшықтаса-қызу сөз барымтасы басталды немесе шарт та шұрт сөз қағыстыра жөнелді. Қайсыбір сөйлемдерде сөздің қайталануы байқалып, синонимдердің жұмсалуын тілеп тұр: «Тосын шыққан дауыстан сасып қалғандай, бірнеше казак сасқалақтап бері қарады.» Сасып, сасқалақтап сөздерінің түбірі ортақ, сондықтан ол қайталауға жатады. «Омбыға барсақ, Баймағанбеттің үйіне барамыз.» Үйіне барамыз тіркесінің орнына үйіне түсеміз, шаңырағына ат басын тірейміз деген сияқты тіркестермен алмастыруға әбден болады. «...жалт қарады да, көзін сүзе қарады да, жанымызға жетіп келді» сөйлеміндегі қарады сөзі өзіне мәндес сөз іздеп тұр. «Біздің қолда орыстан қолға түскен екі мылтық бар» сөйлеміндегі қол сөзі де қайталанып жұмсалған. Бұл сөйлемде қол сөзі өзара омоним болса да, бірін синониммен алмастыру қажет-ақ. «Естуге қарағанда, ...байлар көтеріліс жасапты» деген сөйлем синтаксистік тұрғыдан ақсап жатыр. Дұрысы-ұзын құлақтың айтуына қарағанда. Көркем шығармада ауызекі тілдің белгілері кездесіп қалып жатыр. Жатырсың емес, ауызекі тіл формасындағы жатсың, отырсың емес, отсың деп қолдана берген. Көркемдік, стильдік тұрғыдан өңдеп, түзетіп шықса, роман өзінің екінші тынысын ашар еді. Қаламгердің «XW2425 қаласы» романы да фантастикалық жанрда жазылған. Құпия қобдышадан қолжазба тауып алып, болашаққа сапар шеккен кейіпкердің басынан кешірген оқиғалары шытырман, оқырманға берер философиялық ойлары да қорғасыннан ауыр. Қос бірдей романын фантастикалық жанрда сәтті жазған Есбол Нұрахмет қазақ фантаст жазушыларының қатарын толықтыра алды деп айтуға үлкен негіз бар.
«Күз. Жел. Бұлттар, Ғажайып»
Әлішер Рахаттың «Күз. Жел. Бұлттар, Ғажайып» жинағына бірнеше әңгіме, хикаяттар, новелла, мелодрама, драма енген. «Күз. Жел. Бұлттар. Ғажайып» хикаяты үлкен романның ілкі бөліміндей әсер қалдырады. Туынды пейзажды әдемі суреттеуден басталады. «Ерте күз. Гулеген желде ызғар бар. Аспанда үйір үйір бұлттар көшіп жүр.» Бұл ызғарлы күз атышулы 1928 жылдың қасіретінен хабар береді. Кәмпескеге ілінуден сескенген Дәулеткелді отбасын алып, Әулиеатадан Қытай аспақ. Отбасының жалғыз қызы Зейне-нағыз махаббатты армандайтын бұла бойжеткен. Автор Зейненің осы образын аша түсу үшін Айша бибі туралы аңызды оқиғаның ең орайлы тұсында жемісті қолданған. Кесенеде таңбаланған «Күз. Жел. Бұлттар. Ғажайып» сөздері туындының бүкіл мазмұнын ашатын символдық қуатқа ие. Дәулеткелді-ата қонысынан амалсыз ауа көшкен кешегі қазақ баласының жиынтық бейнесі. Қызы Зейнені қарақшы Серғалиға лажсыздан ұстап беріп, Қытайға жеткенде көргені қорлық: шекарадан өткізбеді, қолындағы малын талан-тараж етті. Ақыры арғы бетке өте алмай, қазақ жерінде колхоздастыру басталғанда, амалы құрып, жұмысшыға айналады. ХХ ғасырдың басында қазақ еліне нәубет болып тиген саяси оқиғалар суреттелгендіктен, хикаятта бақытты кейіпкер жоққа тән. Жаппай аштыққа ұрынған қазақтың мүшкіл күйін автор суреттей отырып, тоқыраған жан әлемінен де көрініс береді. Үзінді сөйлесін: «Аштық жүнжітіп жіберген адамдардың бет-әлпеттері бір-бірінікінен аумайтын. Нұрсыз, солғын тартқан, сұрланып кеткен... Жүзінде бір қорқыныш тұрады.» Жазушы аштық тұралатқан елді «өліммен бір аймақта тұрып жатқандай» деп шебер суреттейді. Автор негізгі кейіпкер Зейнені іс-әрекеті арқылы образдайды: «Үйге ұн келгелі бері, Зейне кеспе жасап, ет пісіріп жетісіп қалған. Кейде күндіз мектептен қайтқан балаларды шақырып алып, бір-бір кесе тамақ береді. Балалар да оны жеңгелеп, жақсы көріп кеткен. Серғали оның бұл қылығына қарсы болған жоқ. Аштықтан көздері шүңірейіп кеткен балалардың маңдайларынан тер жіпсіп тұрып ішетін.» Кейіпкердің амалы арқылы оның образы осы тұста терең ашылады. Кедейден шыққан қарақшы Серғали ауылдағы шолақ белсенді Әкежанмен бірігіп, милиция болып шыға келеді. Кейін ескі қыжылына ерік беріп, Әкежанды келмеске аттандырып, атының тамырын қиып өлтіреді. Өлген атты әудем жердегі шұңқырға Серғалидың жалғыз өзі сүйреп кетуі де оқырманды сендіре қоймайды. Жылқы баласы сирағынан сүйреп ала жөнелетін тоқты емес қой. Хикаят тағдырдың тәлкегіне ұшырап, көрмегенді көрген Дәулеткелдінің төсек тартып жатып қалып, Зейненің екінші әйел алмақ болған Серғалидан қашып, төркініне баруымен аяқталады. Аштық тұралатқан әкенің соңғы тілегі қызының кешірімін алу ғана болады. Күткеніндей Зейне әкесін іштей кешіреді, ол жан тапсырар кезде жанында болады. Оқиға шешімі аяқсыз қалған туынды негізгі түйінді оқырманның өзіне сыбаға етіп ұсынып отыр.
Әлішер жазушы табиғат құбылысын сипаттауда сөзден сурет салады. Моншақтай мөлдіреген сұлу портреттер жасады. Алайда жазушы кей тұста ойлы-қырлы жолға түсіп кеткендей көркем тілінің тізгінін тартып, ауызекі сөзге сүйей салады. Тіпті кейіпкер тілінде емес, авторлық баяндауларда осындай ауызекі сөйлеу стилінде жазылған сөйлемдер ұшырасып қалып жатты: «Бәріміз теңбіз» деп жүрген советтікі де оттаубай әңгіме екеніне көзі жетіп келеді,» сөйлемінің көркемдік реңін қашырып тұрған-«оттаубай әңгіме» тіркесі. Серғали кейіпкердің бала күнін елестеткендегі сөзі: «Сары Жәлел шешесінің үстіне шығып алып итеңдеп жатыр екен. Шешесі ыңырсиды.» Жалшысының әйелін де меншігіндей көрген байдың бұл арсыз қылығын мақтамен бауыздағандай етіп, тігісін жатқыза жеткізуге қазақ тілінің құдіреті жетіп артылады. Автор кейіпкерін суреттеу кезінде тым шұбалаңқы сөйлемдерге орын берген: «Дәулеткелді шаңырағына қарап, ошаққа қарап, бірдеңені құрай алмай отырған кісіше жатты да, осы бір қылығы өзіне лайықсыз әрекет екенін бір ойлап, теріс бұрылып жатқаны сол еді, Бәтимә оның жанына жүгіріп кеп, оны жұлқылай бастады.» Сөйлемнің шұбалаңқылығының салдарынан бір сөзді әлденеше рет қайталау олқылығы орын алған. Бұл орайда қаламгерге сөз саптау әдебінің көркем қалыбын қашан да сақтауға, әдеби стильдің жүйесінен жаңылмауға ұсыныс айтуға болады. Жазушының осы жинаққа енген «Аспанда қалқыған терек мамықтары» әңгімесінде кейіпкер Жақсылықтың жастықтың базарлы шағын кешіп жүргенін автор мынадай сөйлеммен ерсі жеткізген: «...сәнқой жігіт. Сондықтан да оның қыздары көп болды.» Ауызекі тілде түсінікті бұқл сөйлем көркем шығарманың жүгін көтере алмайды. Одан да «Сымбатты жігіт сұлулардың көз құрты еді» дегендей әдеби рең берсе игі еді. Әлішер бұл әңгімеде образ сомдамаған, тек кейіпкерлеріне авторлық тұрғыдан өзі мінездеме жазып берген. Ал әдеби туындыда кейіпкердің бейнесі оның іс-әрекеті, сөзі арқылы ашылуы керек.
«Толқынды күткен бала»
2025 жылы аталған жоба аясында жарық көрген Абай Аймағамбеттің романы - «Толқынды күткен бала.» Экологиялық тақырыпқа арналған туынды реалистік сарында жазылған, сонысымен де оқырманына сенімді, көпшіліктің көңіліне қонымды. Арал теңізінің қасіретін арқау еткен шығарманың басты кейіпкері- бала. Роман бүтін тіршілікті суреттеуден басталады. Одан ары кейіптеу құралын ұтымды қолданған автор құм мен толқынға, талға адамша тіл бітіріп, баламен сөйлестіріп, шығарманың көркемдік әсерін арттырады. Романның басты тақырыбы – Арал өңірінің экологиялық қасіреті мен сол ортада өскен баланың рухани әлемі. Идеясы тым кесек — үміт, табандылық, табиғатты аялау, адам жанының нәзік психологиясы. Бала теңізді күтеді — бұл жай ғана табиғи құбылысты емес, анаға, үмітке, туған жердің қайта түлейтініне деген сенімді күтеді. Кейіпкерлердің жан әлемі терең суреттелгендіктен, туындыда әлеуметтік-психологиялық және экологиялық роман элементтері қатар көрініс береді. Қаламгердің кейіпкер жасау тәсілдері сан алуан: портрет, мінездеу, ішкі монолог, психологиялық талдау, түс көру, табиғат арқылы мінездеу. Психологизм терең айшықталған: автор баланың қуанышын, қорқынышын, сағынышын, үмітін ішкі монолог пен қиял арқылы өте әсерлі береді. Толқын, теңіз, сурет, құм, жел, ай сияқты символдар шығарманның идеялық жүгін тереңдетеді. Романда пейзаж жиі берілген, себебі ол тек табиғатты суреттеу емес, баланың көңіл-күйін көрсету, табиғат пен адамның жан дүниесін параллель беру қызметін атқарып тұр. Абай жазушы романда психологиялық параллелизм көркемдегіш құралын жүйелі, әрі ұтымды қолданған. Мысал: «Жер-дүние сазарып, баланың қазасын асыға күтіп, аза тұтуға даяр тұр.» Және бір үзінді: «Ол теңіз-ананың құшағына осылайша сүңгіп кете барды. ...Су тереңіне батқан сайын тәні балқып, жаны барақат тапты.» Баланың суға кету оқиғасы тек әрекетке емес, психологиялық иірімге толы. Шығарманың сюжеті ұлттық дүниетанымға бай, соның бірі атаның балаға үнемі ертегі айтып беру сәтінде кеңінен өрбиді. Әрі кейіпкер ата баяндаған ертегі үзіліп қалмай, негізгі оқиғамен қатар өрбіп отырады. Туындының тілі көркем, тек ара-тұра диалектілер мен орынсыз қайталаулар кездесіп қалып жатты. Қайсыбір тұста стилистикалық қателерге орын берген: «...үнемі басын естіп, аяғын естімей қалатын айтулы ертегінің қалай аяқталатынын өзінше түсінген.» Бұл сөйлемде қайталанған түбірлер-есту, аяқ (аяқталғанын). Автор жай есту мен зейін қоя тыңдаудың аражігін ажыратпастан қайталап қолдана берген. Алайда бұл аз-кем олқылықтардан романның психологиялық, әлеуметтік, экологиялық бағасы кемімейді.
«Аққалқам»
Феруза Мәдениеттің «Аққалқам» романы 2025 жылы жарық көрген, негізгі кейіпкері – Қаныш, шығармада Аққолқа ауылының тарихы, жетімдік тағдыры, ұлттық болмыс, аңыз бен шынайылық қатар өріледі. Бұл шығармада Қаныштың жеке өмірі ғана емес, Аққолқа ауылының тыныс-тіршілігі, халықтық дүниетаным, тарихи кезең, ұлттық құндылықтар қатар суреттеледі.
Романда көтерілген негізгі мәселе - жетім баланың тағдыры арқылы ұлттық рухты, туған жердің қасиетін, тарихи жадыны және адам өмірінің күресін бейнелеу.
Автор астарлаған басты идея: адам қандай қиындық көрсе де, рухын жоғалтпауы керек. Ұлттық тамырдан ажырамаған адам ғана өмір сынағынан өте алады.
Тәңірберген - эпизодтық кейіпкер, бас қаһарман Қаныштың образын толықтыруға жұмсалған. Оқиға орны ауыл болғандықтан, қарапайым ауыл тұрмысы жүйелі суреттелген. Автор кейде ауыл тіршілігін барынша зерттей қоймағанын аңдатып қалады. Мәселен, Батырәлінің әкесінің көкпаршылық өнерін бейнелеген тұстағы сөйлемі мынадай: «Ол еңкейіп, серкенің қылқұйрығына қолы іліне бере, бар кұшімен тартып алды.» Қазақ ұғымында қылқұйрық сөзі тек жылқы баласына ғана қатысты қолданылады. Ал серке-ешкі малы, сондықтан оған қылқұйрық сөзі ешқашан тіркесе алмайды. Ат құлағында ойнап өскен қазақ баласының көкпарға ауыздығымен алысқан тұлпар мініп шығатыны- даусыз ақиқат. Романда қазақтың қанына сіңген шабандоздық қасиеті көмескі берілген: «Абыр-сабырда ауыздық тартып үлгермеген, бір-біріне ентелеп тығыз тұрған көкпаршылар қас-қағымда дода ортасында жығылған торы төбелді де, оны да бірнеше қайыра таптап өтті.» Әсілі, қазақ азаматы атына ауыздық салмай, көкпарға қатысушы ма еді? Осылайша жазушы ұлттық ат спортының болмысына және жылқыны баптау, ерттеу тәрізді ежелден қанына сіңген дәстүрлі ұғымдарға қайшы келіп отыр. «Біз ол кезде небәрі он үшті енді алқымдаған... сәби көңіл бала екенбіз» сөйлеміндегі алқымдаған сөзі де лексикалық нормадан бұра тартып тұр. Алқымдау сөзі дәстүрлі қолданыста үлкен жас мөлшеріне қатысты жұмсалады. Ал он үш тәрізді бала жасына «аяқ басты, қадам басты» тіркестері лайық. Сөз қолдануға аса талғампаздық таныту да қаламгерлік шеберліктің бір қыры. Алайды Феруза жазушыда қайсыбір сәтте артық сөздер ұшырасты: «Күн сәулесі шаңқай түске ауған шақта...» Бұл жерде артық болып тұрған «сәуле» сөзі. Өйткені мезгілді сәуле емес, күннің жылжуы арқылы белгілейді. Осындай тілдік, стилистикалық қателеріне қарамастан, романда негізгі кейіпкер Қаныштың тұлғалық өсу динамикасы сәтті берілген. Өмір соқпақтарында кейде адасып, кейде торғыпы күн кешкен қаһарман романның соңында өмірге жаңаша көзқараспен қарауды үйренеді. Романнан үзінді: «...Алдымен білектің күшімеп емес, ақылға салып, саралаған жөн екен. ...Ал қазір менің өмір салтым басқаша. Қалған ғұмырымды талғажау етіп, газет баспасында өткізбекпін.» Автор баспа мен редакцияның айырмашылығын «естен шығарған» тәрізді. «Аққалқам» романы-жас қаламгер Феруза Мәдениеттің ұлт әдебиеті қоржынына тарту еткен мазмұны мәйекті, оқиғасы дәйекті шығармасы.
«Бас кейіпкер»
Жас жазушы Досхан Жылқыбайдың «Бас кейіпкер» жинағына (2024 ж.) қос хикаят, әңгіме, ертегі топтастырылған. Қаламгер деректілік пен көркемдікті, сонымен қатар, эссеге тән ой-толғауды бір арнаға біріктіретін күрделі жанрға бойлап барып, «Түс көрмеген адам» атты деректі эссе-хикаят ұсынып отыр. Жанрлық тұрғыдан жасампаздық танытқан жас жазушы қазақ суырып салмалық өнерін жалғап, «Леонардо да Винчи аңызына перпендикуляр» атты экспром әңгіме ұсынған. Бұған дейін де фэнтези жазып жүрген Досхан «Армандар әлемі» деген әңгімесіне ертегі тектес деп айдар тақса, «Түйе жылы» атты ертегісін ғылыми деп айырықшалаған. Әдебиеттану теориясы тұрғысынан алып қарағанда, ертегінің ғылыми деген түрі жоқ, ал әңгіменің ертегі тектес деген жанрлық жіктелімі жоқ. Жаңалыққа жаны құмар жас қаламгер әр туындысын «су жаңа» жанрлық айдармен жазып, даралық келбетке ие болуға талпынатындай. Ғылыми ертегі деудің орнына бұл туындыны ғылыми-фантастикалық әңгіме деуге көбірек келеді. Жанрлық жағынан жаңашыл болса да, қаламгердің тілінде көркемдікке көлеңке түсіретін тұстары баршылық. Стилистикалық қателер орын алған: «Қымбат көлік, зәулім үй, қымбат асханалардағы кешкі ас...» сөйлемінде бір қымбат сөзі екі рет қайталанған, әрі асхана сөзі орынсыз килігіп, мейрамхана сөзінің орнын ретсіз алмастырған. Кейде сөйлемдер дұрыс құрылмаған: «Ол бүгін де таңға көз ілмеді» емес, дұрысында таңға дейін, таң атқанша. «...тыныш таба алмады» емес, тыныштық таба алмады немесе байыз таба алмады деу дұрысырақ болар еді. Әр жанрға эксперимент жасап жүрген Досхан жазушы өзінің шығармасына арқау еткен ірі идеяларды, терең пәлсапалық толғаныстарды оқырманына жеткізуде туған тілін тұшымды түрде қолданса, нұр үстіне нұр болар еді.
«Там, где течет Тобол»
Жастар прозасының өкілі, аталмыш жоба аясында жарық көрген жалғыз орысша жинақтың авторы Абай Сагиев «Там, где течет Тобол» кітабы тарихтан сыр шертеді. Жинаққа төрт әңгіме, үш хикаят енген. Автор Қостанай облысының тарихын көркем тілмен, өзіндік стильмен жанды күйде оқырманына ұсына білді. Аңдатпада жазушы Отан ұғымын аялап, қалам ұшында қастерлейтінін асқақ ырғақпен паш еткен. Қостанай облысында 1905-1970 жылдар аралығында өткен тарихи оқиғалар нақты тұлғалардың өмірі мен қайраткерлігі негізінде жазылған. Бұл деректі оқиғаларды, шынайы тұлғалар тағдырын автор көркем шығармаға өзек етіп, ұлт тарихын ақиқатымен сөйлете білді. Халық ауыз әдебиетінен сусындаған қаламгер «Күрес» («Бортба») атты аңыз-әңгіме жазып, шығармасының халықтық құнын еселей түсті.
«Көкөзек»
Жас дарын Жақсылық Қазымұратұлы «Көкөзек» кітабында (2024 ж.) хикаяттар мен әңгімелер, эсселер ұсынған. «Көкжиек» хикаятында бас кейіпкерлер Арман мен Шолпанның сан қатпарлы ішкі жан әлемін негізгі оқиға арнасында сипаттай отырып, қаламгер оқырманына сенімді дүние ұсынып отыр. Шолпан- қазақ қызының бейнесінде тумаған кейіпкер, дарияның жағасына жігітті өзі шақырады, бөріктінің қолын өзі қысады, оның «артынан» келіп өзі қапсыра құшақтайды. Ал жігітте не жауап жоқ, не қимыл жоқ. Мұндай тым еркін қазақ қызының образын тудыруда автор қазіргі заман келбетіне көбірек жүгінгендей. Әрі сөйлемдерде лексикалық һәм стилистикалық қателер жиі кездесті. «Шолпан енді мені артымнан келіп құшақтаған күйі маркер ұстаған оң қолымның сыртынан оң қолымен қысты» деген сөйлемде оң қол тіркеесі айны-қатесіз екі рет қайталанып, стилистикалық қатеге жол берген. «Ішінен тепшіп шыққан жүзіндегі жылы нұр...» тіркесінде «тепшіп» сөзі лексикалық нормадан қиыс кеткен. Тепшіп, терлеп-тепшіп-денеден бусанып шыққан терге қатысты қолданылатын сөз, оның адамның жүзіндегі нұрды бейнелеудегі қолданысы қисынсыз. Жинақтағы ең сүбелі жазбалар-эсселер. Автор эссенің белгілі бір тұлғаның өмірін, шығармашылығын, тіпті жан әлемінтерең суреттейтін көркем түріне бойлап барып, оқырмандарына толымды туынды тарту еткен. Сезім мен төл ұстанымын қатар өрген жазушы «Сағынышына сүйенген» эссесінде ақын Жәркен Бөдешұлының поэзиясына мынадай дәл, әрі асқақ баға берген: «...Жәркен ақындікі сағынышқа суарылған, боз жусандай бұрқыраған, ақ алмастай жарқыраған, қазақ барда өлмейтін, өшпейтін кәусар жыр.» Автор эсседе көркем тілінің бар кенін тауыса жұмсағандай әсер қалдырады.
«Ескі вокзалдың жолаушылары»
Жас жазушы Әлихан Жақсылық оқырмандарына «Ескі вокзалдың жолаушылары» романын 2024 жылы сыйға ұсыныпты. Автор өз туындысында қазіргі қоғамдағы жылтырақтың соңынан жүгіргендер ғаламтордың тұтқынына айналғандар жайлы терең толғаныспен жазған. Көтеріп тұрған осы жүгіне қарай романды тек қазақ қоғамының ғана емес, күллі адамзат баласына қатысты шындық айнасы деуге болады. Роман кейіпкердің ішкі толғанысынан басталып, «байлық» ұғымының көркем анықтамасын ұсынады: «Жан тыныштығынан асқан байлықты ешкім көрсете алмас...» Оқырманын өмір философиясын толғауға шақыра басталған туындының оқиғасы әсерлі, кейіпкерлері типтік бейне деңгейінде бейнеленген. Роман басты кейіпкердің атынан баяндалады, сонысымен де оқырман үшін әсерлі. «Автобуста телефонға телмірген адамдарды ғана көремін» деп іштей күйінген кейіпкердің бұл наласы бүкіл романның өн-бойына тұтасып, оның астарлы идеясына айналған. Баяндаулар жүйелі, арасында стилистикалық қателер ұшырасты. «Көзімді ашсам, ол зіркілдей жүріп, терезені ашты» сөйлемінде «ашу» етістігі екі рет қайталанып, өзіне синоним сұрап тұр. Кейбір жекелеген сөздерді автор тым жақсы көретіндей жиі қайталапты: «Бөлме сасып кетіпті, «Ғаламтордың ішінде сасып өлмедің бе?» және «...дастархан сүрткіштен сасық иіс шығып тұрғанын байқадым» деген сөйлемдерде «сасып, сасық» сөзі қайталауға ұшыраған. Көзге сүйелдей көрінетін бұл сөзді әдеби баламасымен алмастырса келісер еді. Баяндаулар мен диалогтар көбіне жай сөйлемдерге құрылған, автор өзі көтеріп отырған терең мәселені паш ететін көрікті тілдің бабын келтірсе игі еді.
«Аспаны жақын ауылдың...»
Жақсылық Мұратбектің «Аспаны жақын ауылдың...» жинағына (2025 ж.) прозалық, драмалық шығармалар енген. «Аспаны жақын ауылдың...» шығармасы алғашқы сөйлемінен бастап лексикалық нормаға сай жазылмаған: «Ол екеуінің осылай отырып сөйлеспегендеріне де бірнеше күннің жүзі болыпты.» Қазақ тілінде «жүзі болыпты» тіркесі ұзақтау мерзімді білдіретін сөздермен тіркеседі, сондықтан «жүз» сөзінің «күн» сөзімен тіркесіп жұмсалуы лексикалық үйлесімділікке сай емес. Автор қазақша аудармасы бола тұра, «ресторан» деген кірме сөзді қолданған. «...ресторанның терезе жақтауына орналасқан столға келіп жайғасты» сөйлемінде «стол» сөзі «ресторан» сөзімен тәуелдік жалғауы арқылы байланысуы қажет еді, ал столдың терезе жақтауына орналасуы ешбір ойға қонбайды. Терезенің жақтауы-терезе шынысын ұстап тұратын және қабырға ойығына орнатылған сыртқы немесе ішкі негізгі қаңқасы. Ал мейрамхана үстелінің терезе жақтауына қай сиқырдың күшімен бекітілгені тіптен түсініксіз. Автор оқиғаға қатысты мекенді, орынды суреттегенде, шындық қалпын ескергені жөн. «Қоңыр» атты драмада автор кейіпкерлеріне тек сөз саптау бақытын сыйлаған, бірақ әрекет қалпын мүлде «ұмытқан.» Драмалық шығармада кейіпкерлер тек өзара сөз қағыспайды, олар әрекет барысында танылуы тиіс. Кейіпкерлердің сөздері шолақ, көркем әдеби стильден аулақ. Үзінді сөйлесін:
Сергей: - Омар келді ме?
Шабарман: - Жоқ, әлі келмеді.
Сергей: - Келген бойда тездетіп маған жолығып кетсін. Тапсыратын маңызды шаруа бар.
Шабарман: - Жақсы.
Омар: - Кіруге рұқсат па?
Сергей: - Рұқсат.
Осындай тақ-тұқ диалогтар кейіпкерді әрекеттен ада еткен. Драмалық шығарма жазудың заңдылығы бойынша әрбір кейіпкердің сөзінің алдында оның қимылы, жүзіндегі құбылыс қатар берілуі шарт. Әрі Сергейдің іздеп отырған Омары ешкім хабарламай-ақ бірден кіріп келуі миға сыймайды. Әрі драмада ремарка мүлде қарастырылмаған, сондықтан шығарма аталмыш жанрдың талаптарына толық жауап беріп тұрған жоқ.
«Сарсаң»
Алматы қаласының көркем бейнесін әдебиетке алып келген жас қаламгер Жанасыл Серікбол «Сарсаң» кітабына (2024 ж.) роман мен әңгімелер, новеллалар, эсселерді топтастыра ұсыныпты. «Сарсаң» ромаанында оқиға орны-Алматы өқаласы. Туындының алғашқы бетінен-ақ автор шаһардың пейзажын суреттеп бастаған: «Таң енді атып, күн Алатаудың ақ жалына енді ғана жармасып келе жатса да, ыстық леп қаланы бүре бастаған.» Қаламгер орыс тілділіктен арыла қоймағанын «кафе, администратор, парк, подьезд» деген сөздерінен аңдатып қалды. «Дәмхана, әкімші,саябақ, кіреберіс» деп таза қазақшасын қолданса, түсініксіздік тудырады дей ме екен?Роман кейіпкерлері-ауылдан қалаға арман арқалап келген студент пен оның шаһарда жолыққан достары, ата-анасы. Барлық оқиғаның шынайылығы сонша, романды оқып отырып, таныс өлкеге барып қайтқандай әсер аласыз. Роман түрі бойынша реалистк романдар қатарына жатады. Көркемдік деңгейіне келсек, көп ретте жай сөйлемдерге сүйеніп жазылған. Автордың жеке стилін танытатын өзіндік сөз ойнату қалыбы байқалмады. Автор терең тлғанысқа бармайды, қысқа диалогтар арқылы кейіпкерлерін өзара тілдестіргенде, олардың күнделікті қарапайым тірліктегі үйреншікті келбеттері ғана ашылады.
«Үйдің үлкені болғандықтан, менің Алматыға оқуға түсуім отбасым үшін үлкен мереке болды» сөйлемінде үлкен сөзін қайталауға салған, дұрысы-үйдің тұңғышы. Кей сөздер әр сөйлем сайын қайталанып, шығарманың көркемдігіне көлеңке түсіріп тұр: «...асықпай екі күн ұйықтадым,» «ертеңіне есік алдына асықпай шығып.»
Жазушы эсселерінде табиғат құбылысын жанды кейіпте суреттеп, оған өзіндік өмір пәлсапасын астастырған. «Алматы мезгілдері» эссесінде көктем кезі былай суреттеледі: «Алатаудың етегі мен жеңі, өңірі мен жағасы несібеге толы.» Осы бір ғана көркем сипаттаудан көктемгі Алматының сұлу көрінісі оқырманның көз алдына бар бояуымен келеді. Алматының жауынын автор мынадай психологиялық астармен бейнелейді: «Жауында көліктермен бірге көңілдерді де шайғандай жайсаңдық бар.» Осылайша Жанасыл жазушы Алматы қаласының әр мезгілдегі тамашасын тілінен бал тамыза сырлы суреттер туғызған.
«Кішкентай»
Әрі ақын, әрі жазушы, қиялы жүйрік ертекші Асылан Қуанышұлы оқырмандарына «Кішкентай» деген жинағымен мол сыбаға ұсынып отыр. «Кішкентай» хикаятының кейіпкерлері-ағайынды Әсет пен Сатыбалды, олардың аналары. Хикаят кейіпкер Әсеттің психологиялық толғанысына құрылған. Туынды постмодернистік бағытта жазылған, себебі жүйелі дамитын оқиға желісі жоқ, шашыраңқы сюжеттерді оқырман өзі реттеп, санасында құрастырып алатындай. Автордың тілі қарапайым, кестелі баяндауларға бойламаған, кейіпкерлердің портреттері шала-жансар сипатталған. Жинақтағы новелла, әңгімелерді өлеңдер жалғастырады. Автордың Еділбек Дүйсенге арнаған «Түс. Сәт. Үрей» өлеңі еркін ұйқасқа құрылған, әр тармақтағы буын саны бір-біріне мүлде сәйкес келмейді. Өлең түс көру арқылы үрей мен бейсаналықты бейнелеу тақырыбына негізделген. Идеясы өткен күнді еске алу, бағасын білу, өмірдің уақытша екенін түсіну және адамның ішкі қорқыныштарын астарлау. Өлең қаһарманы-өткенді сағынып, түс пен шындықтың арасында жүрген, бүгінгінің үрейін сезінген лирикалықкейіпкер. Жанры жағынан өлең философиялық лирикаға жатады. Өлеңнен үзінді:
Есіме
түстің аяқталатыны,
Оны бақытқа ғана жоритын әжемнің
Аспанға көшіп кеткені түсті.
...Қала тағы есінеді,
Есінеді,
Бәрі бірдей түс көретін тұрғындар.
Арнау өлең әдетте тұлғаның шығармашылығына баға беру, оны мадақтау сарынында жазылса, бұл өлеңде ол бағыт жоқ. Жыр арналған ақынмен тек ой бөлісу, сыр шертісу ғана бар. Өлеңнің тіі құрғақ.
«Ганин»
Жаңа Қазақстанның әдеби-танымдық жыл панорамасы бағытында жарық көрген келесі кітап-Сафина Ақтайдың «Ганин» романы. (2025 ж.) Тарихи роман өткен ғасырда Қазақстанға жер ауып келіп, Павлодар өңіріне қоныстанған Еділ бойы немістерінің өмірінен терең сыр шертеді. Автор романды бас кейіпкер Ганин шалдың қазасын естірткен кейіпкердің сөзінен бастайды. Кейіпкердің портретін автор былайша бейнелеген: «Жасы жетпіс бірде болса да, жүрісі тың, кеудесі тік. Қарлы ормандай ақ басқан сақалын қолымен сипап қойып, салқын да жатсынған көк жанарын әлденеге тіккен қалпы үнемі ой соңынан қуалап жүргендей әсер қалдырады.» Мұндағы артық сөз-қолымен. (сақалды қолмен сипаудан басқа ұғым онсыз да жоқ қой.) Осындай бірді-екілі тілдік кемшіліктері болса да, роман өзінің ұлы әңгіме жанрына толық сай келетіндігін дәлелдей алады. Ал «Жазушы» әңгімесінде автор орынсыз қайталауларға жол беріп, стилистикалық қатеге ұрынған. Бір бет көлеміндегі мәтінде «ер адам» деген тіркесті алты рет қайталаған. Сөйлем ішінде де бір сөздің қайталануы ұшырасты: «...әуел баста басын қолымен қалқалады.» Баста, басын деген сөздердің түбірі бір, түпкі мағынасы ортақ. Сондықтан әуел баста емес, жай ғана әуелі десе де қиыс кетпеген болар еді. Әңгіменің соңында «датталған темірдей тұнжыр иіс келді» деген сөйлемде лексикалық қате бар: «тұнжыр» сөзі көз, аспан, көңіл-күй атауларымен тіркесе алады, бірақ иістің түрлерін сипаттауда қолданылуы қазақ тілінің лексикалық нормасын бұзудан туған. Әрі «датталған темірдей» тіркесіндегі датталған сөзі толық қате берілген, дұрысында тот басқан немесе тоттанған. Ал автор жұмсаған «даттанған» сөзіндегі дат түбірін алсақ, ол мүлде басқа мағынаны білдіреді.
«Жақыныңды жоғалту...»
Жастар әдебиетіне «Жақыныңды жоғалту...» жинағымен үлес қосқан жас қаламгер-Жантас Еркін. 2024 жылы жарыққа шыққан бұл роман-махаббат реквиемі, яғни, ғайып болған сезімді мұңды, сағынышқа толы естелікке айналдыру. Роман нәзік тақырыпты философиялық сипатта терең жеткізеді: кейіпкер махаббатын жоғалтса да, өмірдің мәнін іздеуін тоқтатпайды, әлемнің абсурдтығына қарсы тұру арқылы тұлға ретінде қалыптасып, өсуі шиеленісті, әсерлі берілгендіктен, оқырман бұл туындыны экзистенциялық қалыптасу сапасында да қабылдай алады. Бас кейіпкер Арнұр өз хикаясын бірінші жақтан баян ете бастағанда, роман автобиографиялық сипатқа көшеді, өйткені қаһарман нақты жылдардың дерегін айқын әңгімелейді. Романның тілі жеңіл, автор күрделі синтаксистік құрылымдарға бармайды, көбінесе толымды жай сөйлемдермен шектеледі. Психологиялық әрі философиялық толғанысының тереңдігіне қарай шығарма құнды болып табылады. «JAP-JANA KAZAKHSTAN» новелласына тоқталсақ, оқиға шағын дәмханада өтеді. Өнегелі кейіпкерді шам алып іздеп таба алмадым: асығыс қимылдап, тапсырыстан қателескен қызметкер, ожар тапсырыс беруші, тамақты ұзақ шайнап, ақыры тәрелкеге түкіріп кететін құбыршы, бір үстелді жеке меншіктеп алып, отырған жерінде құсып қойған жүкті әйел, осылардың барлығын сырттай бақылап отырған асханаға келуші жігіт. Новелла жанрына өткір сюжет, қысқа көлем, тосын шешім тән екенін ескерсек, аталмыш туынды бұл жанрдың жүгін арқалай алмай тұр. Көлемі қысқа болса да, оқиға өткірлігі жоқ, сюжеттік шешімнен ада. Дастарханға түкіріп кететін, үстел басында құсып қоятын кейіпкерлердің әрекеті оқырманның эстетикалық қабылдауына кері әсер етпей ме? Новелла жанрына сай келмеген жазба өзінің атауын да түсіндіре алмай тұр.
Қаламгер жеке ізденісі нәтижесінде абсурдты әңгіме, мистикалық әңгімелерін назарға ұсынып отыр. Жазушы кейіпкер портретін жасауда «сараңдық» танытады: «сарғыш орыс еркек» деп әлдебір затты суреттегендей жадағай қалып танытады. «Шашым қалың, сақал-мұртым енді тебіндей бастаған аққұба жігітпін» деген портрет те толымсыз.
«Тырналар мекені»
«Тырналар мекені» жинағын 2025 жылы оқырмандарына тарту еткен Темірхан Қылышбек психологимзге құлаш ұруға талпынған. «Неге екенін, жақындарым жанымда болса да, бұл мекенде жалғыз қалып бара жатқандай күй кешемін де тұрамын» деп жалғыздық пәлсапасын толғанудан басталған роман кейіпкердің ішкі тебіренісіне, үнсіз жан айғайына толы. Автор қайсыбірде қазақ тілінің ұлттық сөз нақышына тән емес сөздерді қолданады: «қай тұста екенін аңдай алмаудамын» тіркесіндегі алмаудамын сөзі аңдай алмадым, аңдай алар емеспін, аңдай алмай отырмын деген тәрізді нағыз қазақы сөз қолданысын қажет етеді. Бұл қазақы сөз әдебіне жат қолданыс шығармада жиі ұшырасты. Туындыда (жанры ажыратылып жазылмаған) ауыл өмірі, ондағы маусымдық тірліктер шынайы суреттелген. Жазушы кейіпкерлерін біртектес етпей, әрқайсысына бөлек мінез, ерекше тағдыр «жасап берген.» Роман Әміштің ағасы Болаттың әскерге аттанып, жынды болып оралуымен тәмамдалады. Роман бала кейіпкердің күйзелісін табиғат құбылысымен қатар алып, психологиялық параллелизм құрумен аяқталады: «Сол түні тырналардың тырауын естіп, үнсіз жылап жаттым.» Осылайша туынды трагедиялық сарында тұйықталады.
«Күзкүткен»
2025 жылы жас дарын Биболат Сәтжан «Күзкүткен» романын жариялады. Туындыда қазіргі қала өмірі, кейіпкерлердің ішкі әлемі мен жалғыздық сезімі философиялық астармен терең суреттеледі. Роман 23 тараудан тұрады. Пролог пен эпилогты автор көркем, әрі сәтті бере білген. Роман кейіпкер Зеріптің шілде айын, масаны, қаладағы автотұрақтарды, ыстықта балқыған асфальтты жек көретіндігін үшінші жақта баяндаудан басталады. Ғашығы Мұнар екеуінің айырылысып кетуі туындыда ауыр психологиялық күй ретінде суреттеледі. Шығарма тілі баяндауға құрылған, суреттеулер азды-көпті берілген. Қаншама тұрмыстық, сезім мәселелерінен кейін қос ғашық қайта табысады. Романда бұл жайт көбіне екі дененің жақындасуы сипатында былай баяндалған: «Зеріп күлімсіреп, көз жасын сүртті. Ол аяқтарын кеңірек ашты, Мұнар олардың арасына тұрып, шарбаққа сүйенді. Екеуі бір-біріне жақын тұрды.» Сүреңсіз баяндаудан тағдырдың, жалған сезімнің арбауын жеңіп, нағыз махаббатына жеткен екі жастың образы ашылмаған. Және қазақ тілінің заңдылығына сай табиғаттан жұп болып берілген дене мұшелерінің атаулары көптік жалғауын қабылдамайды, яғни, аяқтар емес, жай ғана аяқ. Лексикалық норма да толықтай сақталмаған, қыздың аяқтарын кең ашуы түсініксіздік тудырады, одан да аяғын алшайтты десе қазақ оқырманға мағынасы мәлім болар еді. Лексикалық норма сақталмаған сөйлемдер: «Ол күлкісін кеңейтіп, басын изеді.» Кеңейту күлкі ұғымына қатысты қолданыла алмайды. Дұрысы- күлкісін үдетті.«Еріндері аздап күлкіге бұйраланып тұрды» сөйлемінде де лексикалық норма аяқасты болған. Ерін бұйраланбайды, одан да дәстүрлі «езуінде күлкі ойнап, ерін ұшында жымиысы сақталып»» тіркестерін қолданса жарар еді. Оқиғаны қанша ойнатса да, мұндай тілдік қателер түзу ойды толық аңдауға кедергі келтіреді.
«Жайлаукөл»
Жазушы Бақытбек Қадырдың «Жайлаукөл» жинағы түрлі жанрдағы туындылардың басын біріктірген: екі роман, қос хикаят, бес новелла, үш этюд пен үш эссе. «Жайлаукөл» романында оқиға орны былай суреттеледі: «Көл жағасы ғажап! Ар жағында аптапта көлге төсін төсеген қаз-үйрек.Оң жағалауында көлдің саяз жерінде бір үйір жылқы. Бір шетті көлге аяғын малып, құйрықтарымен шыбын қағып, үйездеп тұр.» Ал кейіпкерлердің диалогынан отбасындағы тәрбие сыры әйгілі болады:
- Өй, әдірәм қалғыр. Қойшы соларды. Бөтен бала деп тиісіп жүрер біреу-міреу.
- Ер баланы өйтіп өбектеме. Бұлардың қазір жортатын кезі.
Қысқа диалогтан қазақы ұл баланың тәрбиесі көрініс береді. Сән-салтанаты асқан көл жағасында басталған оқиға көлдің суының құрдымға сіңіп, балығының қайраңда қалып, адамдарға да, құсқа да жем болуымен роман нүктесі қойылған. Оқиғаның басталуы мен аяқталуында логикалық байланыс, мінсіз құрылған жүйелі сюжеттік желі бар. Бұл-жазушының шеберлігінің бір айғағы. Ауылдан қопарыла көшкен қазақтың қалаға бет бұрып, ата қонысын адыра қалдыруы- әлі күнге жойылмай келе жатқан көкейтесті мәселе. Туындыда бұл мәселе көркем, әрі оқырманның жүрегіне жететіндей бейнелі күйде ұсынылған. Романның тілі жатық, түсінікті. Автордың сөз ойнатуынан туған тіркестер аз, оның жеке стилін даралайтын тілдік қолданыс кемде-кем. Жазушы көбіне әдебиетте әбден қалыптасқан сүйексіңді тіркестерге сүйенеді.
Сөз соңында мынадай сыни ұсыныстар білдіремін:
Біріншіден, әтнографиялық әңгіме, тарихи роман жазбастан бұрын, тарихшы, этнограф, мәдениеттанушы ғалымдармен алдын-ала пікірлесіп, баяндалатын құбылыстың дәлдігін қамтамасыз етсе;
Екіншіден, тіл тазалығына жеткілікті мән берілсе; Қазақша баламасы бар сөздердің орысша нұсқасын пайдалану шығарманың көркемдік бағасын кемітеді.
Үшіншіден, туынды жазуда қазақ тілінің стилистикалық, орфографиялық, пунктуациялық, лексикалық нормаларын толық сақтаса;
Төртіншіден, әрбір жас қаламгер стильдік тұрғыдан даралық келбетке ұмтылса;
Бесіншіден, кез келген жанрға қалам тартпай тұрып, алдымен оның жанрлық талаптарын толық меңгерсе;
Алтыншыдан, әдебиеттану теориясында кездеспейтін терминдерді өз ойларынан шығарып, қазіргі әдеби, ғылыми үдеріске «қиянат» жасамаса; Ғылыми ертегі, ертегі тектес әңгіме деген тәрізді «адасқақ» терминдерге бармаса;
Жетіншіден, жас таланттар көркем туынды жазуда философиялық ұғымдарды терең ұсынып, оқырманына асқақ рухты ой тастаса;
Сегізіншіден, жастар прозасында Жаңа Қазақстанның жігерлі, жалынды, бақытты жаңа кейіпкерлері бейнеленсе;
Осы сыни ұсыныстарды жас талант иелері оңынан қабылдап, жеке шығармашылықтарына қатысты өсу, өрлеу жоспарын жүзеге асырар деген үмітім бар.
Айзат Рақыш
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері
