22 маусым - Кеңес Одағына Германия гитлершлілдері басып кірген, сөйтіп адамзат тарихындағы сұрапыл соғыс өрті басталған күн. 1418 күн мен түнге жалғасқан бұл соғыстың зарбады әлі күнге дейін кеткен жоқ. Аталған күнге байланысты Кеңес Одағының батыры, академик, жазушы Мәлік Ғабдуллиннің майдандас достары туралы жазбасынан "Танысаң адаймын, танымасаң..." атты үзіндіні жариялап отырмыз.
Соңғы уақытта сұрау салу арқасында табылған, ал Ұлы Отан соғысында асқан ерлік жасаған жігіттің бірі Тасыров Жарас еді. Жас жағынан алғанда енді ғана қырықтың ішіне енген бұл жігітті мен соғыс жылдарынан білем. Майданда аса жауапты жауынгерлік міндеттерді бұлжытпай орындауда, тәртіп сақтауда, халыққа адал қызмет атқаруда басқаға үлгі болған Жарас қазіргі күнде Түркімен ССР-нің Небит-Даг деп аталатын мұнайшылар қаласында милиция бөлімінің бастығы болып істейді. Осы қызметінде де абыройлы, ардақты.
Халық пен партияға адал қызмет атқарып жүрген Жарастың өмірінде естен кетпейтін, ұмытылмайтын оқиғалар өте мол. Соның бәрінде ол ақылмен іс істейтін, айласы мен амалы көп, тапқыр да байсалды, қауіп-қатерден үрейленбейтін, қайта оған қарсы өзі баратын адам екендігі байқалып отырады. Бұған бір-екі мысалды оның майдандағы және бүгінгі өмірінен келтірейік.
1944 жыл. Майдан. Біздің батальонға жаңа жігіттер келіп жатқан. Бұлармен әңгімелесу, танысу үшін олардың арасына бөлімше командирлері, соғыс тәжірибесі мол жауынгерлер жіберілуде еді. Соның бірі Тасыров Жарас болатын. Ол жаңа келген бір топ жігітке соғыс өнері жайында, жауды жеңудің әдістері турасында және өзінің майданда істеген азды-көпті істері жайында әңгімелер жасады.
– Сен «танысаң адаймын, танымасаң құдаймын» дегенді неміске қалай айтқаныңды айтсайшы, – деді Жарасқа оның бір жолдасы. Жарас бұл сөзге жымыңдап күлді де:
– Ол біздің елдің мақалы ғой. Бұл мақалдың майданда іске асқан жері мынау еді, – деп әңгімесіне кірісті. – Өткен жылғы август айының іші. Мен миномет расчетының командирі болатынмын. Бір күні қатты ұрыс басталды. Біз аянбай қимылдап, минометтен минаны жаудырып жатырмыз. Жау менің минометімді байқап қалды да, қайтсе де бізді жойып жіберудің шарасын қолданды. Айналасы бір он-он бес минуттың ішінде мен төрт рет миномет позициясын (орнын) ауыстырдым. Бірнеше жолдастарым қатардан шығып та кетті. Атыс екі жақтан да күшейе берді. Біз де бар күшімізді аямастан жауға қарай минаны зымыратып жіберіп жатырмыз. Осы кезде немістің бір снаряды келіп біздің қасымызға келіп жарылды...
Көзімді ашып айналама қарасам жаралылардың палаткасында жатырмын. Басым таңулы, аздап аяғым да ауырсынады.
– Мен қайда жатырмын? – дедім бір санитарға.
– Сен батальондық санпункттасың, жаралысың, қазір келетін көлікпен кейін жібереміз – деді ол.
– Врач қайда, шақырыңызшы –дедім. Врач келді. Ол мені орнымнан тұрғызып қарады да: – Жараң жеңіл, бас сүйегің аман. Аяғың да аман, тек минаның бір кішкене жарқыншағы балтырыңды жырып кеткен. Бағана сен ес-түссіз едің. Біз қатты контужен болған шығар деп ойлап, сені кейінге жөнелтпек болып осы палаткаға жатқызып едік.
Врачтың сөзінен соң өз денемді өзім байқадым. Алып бара жатқан ауыр жара жоқ. Орнымнан тұрып әлгі «жырылып қалды» деген жараға мықтап тұрып йод жақтырдым. Басым аздап ауырады, құлағым күңгірлейді. Онысына қарағам жоқ.
– Жолдас врач, мен ротама барам – дедім.
– Жоқ, бүгін ешқайда бармайсың, жатып демал. Күн де батуға жақындады, ертең ертемен барасың – деді.
Ертеңіне таң біліне орнымнан тұрып ротама қарай жөнелдім. Келе жатсам, қарсы алдымнан батальон командирі капитан Абдуллин шыға келді. Ол бір тамаша командир, татар жігіті еді.
– Ой, бауырым, қайдан келесің? – деді ол. Мен жөнімді айттым да, «ротама бара жатырмын», – дедім.
– Жақсы. Сен ротаңа бармайсың. Менің қасымда байланысшы (связной) боласың – деді капитан.
– Е, мен жолдастарымды, расчетымды қайда тастап кетпекпін. өзіңіздің байланысшыңыз бар еді ғой.
– Көп сөйлеме. Жүр бермен – деп, мені ертіп ала жөнелді. Ол екеуміз бір сайдың бойымен ілгері қарай келе жатырмыз. Айнала жым-жырт. Таң ағарып атып қалған мезгіл.
– Жолдас капитан, хал-жайымыз қалай? – дедім мен.
– Хал бапты емес. Кешеден бері қатты айқас болып тұр. Бүгін түн ортасына дейін ұрыстық. Батальонда адам да аз қалды. Сенің миномет ротаңда да шығын көп. Кеше кешке таман жау біздің бірінші шебімізді алып қойды. Оны қайтып аламыз деп әрекет жасап едік, ешнәрсе шықпады. Қазір онда жау отыр.
– Ал батальон қайда?
– Батальон екінші линиядағы бекініске түн ауа келіп орналасты. Қазір екеуміз жігіттерге барамыз, хал-жайларын өз көзімізбен көрелік. Эх, адам аз қалды – деп күрсінді капитан.
Біз жігіттерге келгенде күн де алтын нұрын шаша шыға бастады. Айналаға көз салсам – қазылған жер, окоптар, блиндаждар, әр жерде жігіттер көрінді. Кейбіреулері окоптарын дұрыстап қазып жатыр. Кейбіреулері қару-жарақтарын ретке келтіріп отыр. Бәрі де шаршаған, шалдыққан сияқты, үсті-бастары балшық, бет-ауыздары қап-қара.
Капитан окоптарды аралап жігіттермен сөйлесуде. Мен оның соңынан еріп отырдым. Алдыңғы окоптардағы жігіттерде болғаннан кейін біздің миномет ротасына келдік. Ротадағы жігіттер бір взводқа жиналыпты. Бүкіл ротадан қалған осылар-ақ екен. Менің расчетымнан ешкім көрінбейді. Рота командирі капитан Фролов мені құшақтап амандасты да:
– Аман болғаныңа қуаныштымын. Кеше жақсы ерлік істедіңдер. Немістің екі бронемашинасын, отыз шақты солдатын қырдың. Ерлік ісіңе көп рахмет. Сол еңбегің үшін мен сені наградаға ұсындым.
– Рахмет, жолдас капитан.
– Ал ротаңа қашан келесің? Әлде осы келген түрің бе? –деді Фролов. Бұл сөздің жауабын капитан Абдуллин айтып салды:
– Тасыров бүгін-ертеңді ротаға келмейді. Ол менімен бірге болады. Комбат жігіттермен, командирлермен әңгімелесті, тиісті міндеттерді айтып түсіндірді. Содан екі сағаттан соң біз батальонның штабына қарай оралдық. Бұл кезде уақыт ертеңгі тоғыз болып қалған еді.
Немістер тағы да шабуылын бастады. Атыстың күштілігі сонша, күн күркіреп, жер солқылдағандай болып жатты. Жау біздің батальонға қарай тағы да атака жасады. Комбат телефон қасында отыр. Ол алдыңғы жақтан көз алмай қараумен болуда. Рота командирлері хал-жайларының қандай екенін баяндауда:
– Тасыров, – деді комбат, – бері кел. Сен қазір минометшілерге бар да Фроловқа мынаны айт: жау батальонның оң жақ шебін бұзып бізді қоршағалы келе жатыр. Минометчиктер қорықпасын, қашпасын, айнала қорғана бекініс жасап, ақтық минасы қалғанша атыссын, жауды тылға өткізбесін. Бар, тез жөнел. Айтқанға түсіндің бе?
– Түсіндім.
Қолыма автоматымды, гранаталар алып миномет ротасына (өз ротама) қарай жөнелдім. Үстімнен зуылдап өтіп жатқан оқ, снарядтар. Кейбір жерлерден еңбектеп өтудемін. Екі жақтың да артиллериясы тарсылдап атысып жатыр. Аспанда екі жақтың да самолеттері соғыс салуда. Мен минометчиктерге жетіп, комбаттың бұйрығын Фроловқа айттым.
– Міндет түсінікті, жағдайды өзім де көріп тұрмын, – деді капитан Фролов.
Мен міндеттерімді орындадым ғой деп батальонның штабына қарай жөнелдім. Бір уақытта қарсы алдымнан жаудың бір үлкен снаряды келіп жарылды. Жата қалдым. Үсті-басымды топырақ басып кетті, басым мең-зең, бірақ жаралы болудан аманмын. Орнымнан тұрып, жан-жағыма көз салсам біздің штаб жағына қарай бір топ неміс егіннің арасымен кетіп барады екен. Қолдарында пулемет, автоматтары бар. Мен оларды көрдім де, минометчиктерге жүгіріп келіп, немістердің бізге қарай кетіп бара жатқанын айттым.
– Кәне, ана минометке тұра қал да, сол көрген немістеріңді қырып сал, – деді Фролов. Сол арада мен минометтен шапшаңдықпен 25 минаны атып салдым. Қолына бинокль алып қарап тұрған Фролов:
– Жарайсың, Тасыров, Ганстардың көбін құрттың, аман қалған бес-алты неміс осылай қарай қашып келеді, біз оны автоматпен, пулеметтің оғымен қарсы атып, құртып жіберелік, –деді. Айтқандай-ақ, жаңағы бес-алты немісті біз қырып тастадық.
Күн сәске түс болып қалды. Мен батальонның штабына қайтып келдім де комбатқа «бұйрығыңызды орындадым» деп баян еттім.
– Неге кешіктің? Мен сені жылпос, пысық жігіт деп жүрсем... – деп капитан Абдуллин көңілсіздік білдіре бастады. Мен оған болған уақиғаны айттым.
– Минометчик болған жының қысып кеткен екен ғой. Дұрыс еткенсің, – деп комбат күлді.
Күн түс болған кезде, біздің батальонға жасаған жаудың шабуылы тоқталғандай болды. Осы кезде біздің штаб маңына жаңадан өзіміздің әскерлер келе бастады. Олар әрбір сайға, егін ішіне жасырынып жатыр. Мен оларды көрдім де:
– Жолдас комбат, мыналар не қылған әскерлер? Бізге көмекке келгендер ме? – деп сұрадым.
– Олар көрші бөлімдердің жауынгерлері, – дей салды.
Түс ауа біздің жақтың артиллериясы күшті дайындық жасады. Бағана біздің қасымызға келген көп жігіттер де ілгері қарай кеткен. Комбаттың бұйрығы бойынша батальонның штабы да ілгері қарай көшті. Комбат рота командирлерімен телефон арқылы сөйлескеннен кейін мені шақырып алды да:
– Сен екінші ротаға бар. Рота командиріне айт «дайын тұрсын, сигналды күтсін» де. Өзің бөгелмей тез қайт, түсінікті ме? – деді.
– Түсінікті. Бірақ...
– Не бірақ дейтіні бар. Тез қайтуға жағдай болмай жүрмесе дегің келіп тұр ғой...
– Я...
– Оны көре жатарсың.
Мен екінші ротаның командирі аға лейтенант Грачевқа келдім де, комбаттың бұйрығын айттым. «Енді міндетімді орындадым ғой» деп кейін қайтуға айналғанда мені телефонға шақырды. Тыңдасам комбат екен. «Жаңағы сөздерді Фроловқа да айт, бірақ тез қайт» деді.
Мен ол сөзді (комбаттың бұйрығын) минометчиктердің командирі Фроловқа да айттым. Олардан қайта бергенімде екі қызыл ракета атылды. Біздің жақтың жігіттері жауға қарсы шабуылға аттанды. Жігіттердің бәрі де зор қимыл жасай ілгерілеп барады. Кейбіреулері жүгіріп келе жатып автоматынан атып қояды. өте қызық картина көрінді бұл.оны көргенде өз-өзіме намыстанып кеттім. «Осы байланысшы болғаным не, бұл қызық қызмет емес. Бұйрық тасып жүгіріп жүру мен секілді расчет командиріне лайық болмас. Мұныма жолдастарым күліп, «жылы жер тапқан екенсің» демей ме? Қой, мен енді қайтып комбатқа бармайын, ротамда қалайын» деп ойладым да Фроловқа қайтып келдім. Жігіттер жауды гүрсілдетіп атып жатыр екен. Таныс жұмыстың таңсықтығы жоқ деген ғой. Минометтің сарт-сұрт еткеніне қызығып кеттім.
– Тағы қандай бұйрық әкелдің? – деді Фролов.
– Бұйрықсыз өзім келдім. Ротамда қалғым келеді.
– Е, оныңа комбат көнбес.
– Сіз мені өліп қалды деп хабарлаңыз оған!
– Өтірік айтуға жарамайды.
Сөйтіп тұрғанда біздің жаяу әскерлер кеше кешке бізден жау тартып алған өзіміздің бірінші линиядағы бекініске де жетіп қалды. Минометчиктер де солай қарай жөнелді. Олармен бірге мен де тарттым.
Біздің соңымыздан комбат қуып жетті. Ол мені көріп қалды да:
– Сен неғып осы күнге дейін мұнда жүрсің? – деді. Мен үндемей қалдым.
– Тасыров өз ротасын қимай жүр, – деді Фролов.
– Жарайды, ол тілегіңді соңынан көреміз. Қазір екінші ротаға бар да хал-жайларын біліп кел, мен осы арада болам, – деді комбат.
Мен екінші ротаға жөнелдім. Егіннің арасымен келе жатырмын. Егіннің шығымы сондай, бойым көрінбейді десем болғандай. Одан шыға бергенде қарсы алдымнан төрт неміс солдаты кездесе кетті. Олар бұқпантайлап кейін қарай шегініп барады екен. Мен автоматты зуылдатып-зуылдатып жібердім. Төртеуі де жалп ете түсті. Қастарына жүгіріп бардым. Барсам біреуі сол қолынан жаралы болған екен, өзге үшеуі өліпті. Жаңағы жаралы неміс маған тап берді. Екеуміз алыса кеттік. Оның қолынан қан ағып жүр. Алысып, арпалысып жатырмыз. Мен оның жаралы қолын жұлқып кеп қалдым. Неміс бақырып қоя берді. Алысуын қойды да, қолын көтерді.
– Русь, мен жеңілдім, берілдім, – деді. Мен «мұны не қылсам екен» деп сәл ойланып тұрғанымда қайдан шыққанын білмеймін, екінші бір неміс қасымызға жүгіріп келді. Ол әлгі жаралы неміске бірдеме деп сөйледі. Шамасы «екеулеп мынаны өлтіріп кетелік» деді білем. Сонан жаңағы соңғы неміс маған төне қарап:
– Көтер қолыңды! Сені біз пленге алдық, біз екеуміз, – дегені ғой. Мен қолымды көтермедім. Ол мені түсінбеді деп ойласа керек, жаңағы сөзін орысша айтты. Мен «не қылар екен» деп қасарып тұрмын. Автоматым қолымда берік ұстаулы.
– Ой, сен неге қолыңды көтермейсің? Мына автоматыңды ана жерге лақтырып таста да, көтер қолыңды, – дейді.
Менде үн жоқ, ішімнен ерегіс қысып, «не істер екенсің» деп тұра бердім.
– Сен қолыңды көтермейтіндей кімсің? – дейді неміс.
– Адаймын, – дедім мен.
– Мұндай адамды біз білмейміз
– Білмесең енді біл: Танысаң адаймын, танымасаң құдаймын, – дедім. Соны айтып салдым да, жаңағы маған төніп тұрған немісті автоматтың оғымен тартып жібердім. Қалпақтай түсті. Мұны көріп алғашқы жаралы неміс қаша беріп еді, оны да атып салдым.
«Бұл не қылған өжет неміс еді» деп қарасам, оның автоматында оқ жоқ екен ғой. Оғы болса ататыны сөзсіз.
Міне, «танысаң адаймын, танымасаң құдаймын» деген сөзді мен немістерге жоғарыда айтқандай етіп түсіндірген едім...
Мәлік Ғабдуллин (Материал мәтіні М.Ғабдуллин музейінің қорынан, фотосуреттер ғаламтордан алынды)
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.