Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы

18.10.2021 4721

Тәуелсіздік хроникасы. 1996 жыл 12+

Тәуелсіздік хроникасы. 1996 жыл - adebiportal.kz

Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Әдебиет порталы» «Тәуелсіздіктің рухани хроникасы» атты цикльді жоба өз жалғасын табуда. Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің әрбір жылындағы ұлт, мемлекет руханиятына қатысты елеулі оқиғаларды сол кездің куәсі аға ұрпақтың санасында жаңғыртып, бүгінгі жас буын үшін тарихтан тағлым ретінде ұсынамыз.

1996 жылдың рухани хроникасы

Егеменді елдің бесінші жылдығына аттаған бұл жыл – Жамбыл Жабаевтың 150 жылдық мерейтой құрметіне Жамбыл жылы атанды. Бұл жылдың ел руханиятындағы орыны айрықша. Елімізде үлкенді-кішілі көптеген жаңалықтар болды, солардың бірқатарын назарларыңызға ұсынамыз.

26 қаңтар. Бұл жыл ең әуелі ел руханиятында Жамбыл Жабаевтың 150 жылдық мерей тойымен есте қалды. Осы күні Елбасы Алматы облысына арнайы жұмыс сапарымен барып, Жамбыл ауданындағы Ж.Жабаев атындағы мемлекеттік мұражай кешенін аралап шықты. Мұражайдың мәжіліс залын салатын құрылыс орынымен танысып алғашқы ірге тасын қалау салтанатты рәсіміне қатысты. Онан соң ұлы ақынның мұражайы мен кесенесінде болып, алдағы уақытта өтетін Жамбылдың мерейтойлық шараларын тыңғылықты істеуді тапсырды.

5 наурыз. Мәдениет министрлігінің ұйымдастыруымен Алматы қаласында көркем экспозиция болып өтті. Көрмеге елімізге танымал суретшілермен қатар өнер жолына енді қадам басқан жас талапкерлер болып жалпы 43 суретшінің туындысы қатысты. Экскурсия аяқталған соң белгілі суретші Е.С. Айтуаров мемлекет басшысына өзінің Абай Құнанбайұлын бейнелеген «Халық ақыны» туындысын сыйға тартты.

18 мамыр. Белгілі ақын, мемлекет және қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов мерейлі 60 жасқа толды. Осы орайда ақынға «Қазақстанның Халық жазушысы» құрметті атағы берілді. Мемлекет басшысы Алматы қаласында өткен Олжас Сүлейменовтың 60 жылдығына және оның шығармашылығына арналған салтанатты кешке арнайы келіп қатынасты. Құттықтау сөзінде Н.Ә.Назарбаев мерейтой иесінің Қазақстанның емес, сонымен қатар әлемдік поэзия мен мәдениет қазынасына қосқан зор үлесін атап өтті.

7 маусым. Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының 50 жылдығына арналған мерейтойлық сессия өтті. Сессияға арнаулы қатынасқан мемлекет басшысы ғылым ордасын жартығасырлық торқалы тойымен құттықтады. Отандық ғылымды дамытып, ұрпақтар игілігі мен мемлекет тұтастығы үшін қызымет етіп отырған ғалымдарға, тұтас шығармашыл ұжымға сәттілік тіледі.

13 маусым. Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының бұрынғы президенті, академик Ш.Ш. Шокин «Халық қаһарманы» құрметті атағы мен алтын жұлдызды «Отан» орденімен марапатталды.

14 тамыз. АҚШ-тың Атланта қаласында өткен ХХVІ жазғы Олимпияда ойындарында, еліміз спортшылар 3 алтын, 4 күміс және 4 қола медал алып ел мерейін асырып қайтты. Жетістікке жеткен спортшылар «Парасат», «Отан» ордендерімен марапатталды.

21 тамыз. Алматы қаласында ХХ ғасырдың Гомері атанға Жамбыл Жабаевтың туғанына 150 жыл толуына орай, Қазақстан Республикасының Ұлттық Ғылым академиясы – Ғылым министрлігінің мерейтойлық ғылыми сессиясы ашылды. Ұлы ақынның 150 жылдық тойы ЮНЕСКО деңгейінде аталып өтті. Алматыда Жамбыл көшесі мен Достық даңғылының қилысында Ж.Жабаевтың ескерткіші ашылды. Мүсін авторы – Б.Әбішев, сәулетшілер – С.Баймағамбетов, С.Фазылов, Т.Ерғалиев. Жамбылдың бұл ескерткіші қоладан құйылған. Мүсіннің биіктігі 3 м, тұғырының биіктігі 1 м. Ескерткіш ақынның мөлдір бұлақ жағасында отырған бейнесімен әспеттеліп, Жамбылдың ақындық тұлғасын барынша асқақтатып көрсеткен.

23 тамыз. Мемлекет басшысы Алматы қаласында Қырғыз Республикасының президенті А.Ақаевпен және Өзбекстан Республикасының президенті И.Каримовпен бірге Ж.Жабаевтың 150 жылдығына арналған мерекелік шараға қатысты. Бауырлас үш елдің мемлекет басшылары Алматы қаласында Ж.Жабаевтың ескерткішін ашу рәсіміне және Республика сарайында өткен салтанатты мерекелік шараға қатысты. Президент өз сөзінде: «Жәкең сынды алыпты терең ұғыну үшін өткен жылы ғана 150 жылдығы тойланып өткен халқымыздың кемеңгер ойшылы Абай дәуіріне тағы да көз салып, тіпті одан арғы замандарды зерттеуіміз қажет» дей келіп, Абай мазмұн мен форманың жаңашылдығын, сыршылдығын, ойшылдығын үйлестірген хакім болса, Жамбыл өзі жырға қосқан Сүйінбай сынды жыраулардың сарқытындай ағыл-тегіл төкпе жырдың кеніші, ХХ ғасырдағы жыраулық дәстүрді жалғастырушы, заманмен бірге өз биігіне көтеруші деп атап көрсетті. Бірінен кейін бір дүниеге келген қазақ сөзінің екі марқасқасы сол жылдардағы ел рухын асқақтатқан айтулы мереке болғаны тарихтан аян.

21 қараша. Алматы қаласында «Қазақ тілі» халқаралық қоғамының ІІІ құрылтайы өтті. «Қазақ тілі» қоғамы сол жылдардан тартып, күні бүгінге дейін ел іші-сыртындағы тілдік, елдік, мәдени, рухани мәселелердің бас-аяғында жүрген бірегей халқаралық ұйым екенін дәлелдеп келе жатқан ұйым.

15 желтоқсан. Мемлекет басшысы өзінің Алматыдағы резиденциясында Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 5 жылдығына орай бір топ мемлекет және өнер қайраткерлерін марапаттады. Халқымыздың бұлбұл көмей әншісі Роза Бағланова мен желтоқсан оқиғасында шейіт болған Қайрат Ырысқұлбековке «Халық Қаһарманы» құрметті атағын берілді. Сонымен қатар желтоқсаншы Қайрат Ырысқұлбековтың анас Д.Асанбаеваға алтын жұлдызды «Отан» ордені табыс етілді. Сондай-ақ «Отан» орденімен Ш.Бекболатов, Б.Досымжанов, Ә.Қайдаров марапатталды. «Парасат» ордені Ә.Дінішев, К.Кенжетаев, Қ.Тоқаев сынды тұлғаларымызға табыс етілді.

16 желтоқсан. Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаев Түркия Республикасының Президенті Сүлейман Демирелмен бірге Алматы қаласында өткен Тәуелсіздіктің 5 жылдығына арналған салтанатты жиналысқа қатысты. Осы күні еліміз Тәуелсіздігінің бес жылдық құрметіне орай Алматыдағы Республика алаңында Тәуелсіздік монументі ескерткіші ашылды. Бұл кешенді ескерткіш еліміз ғылымының, мәдениетінің, рухани дүние танымы мен салт-санасының баршасын біріктірген, ортақ үндестікке келтірген универсалды жоба. Онда отанымыздың өткені мен кеткені, тарихы, болашағы, арман-мұраты сынды ұласпалы ұғымдардың пайымы өнер биігінде тоғысқан. Онда Томирис заманы, орта ғасырдағы Әл-фараби дәуірі, хандық кезең, ұлт азаттық күрес жолдары мен күні бүгінге дейінгі ел шежіресі қамтылған. Шығармашылық топқа жетекшілік жасаған Шота Уәлиханов, мүсіншілер: А.Жұмабаев, Н.Далбаев, А.Боярлин, М.Мансұров, Қ.Сұраншиев, Қ.Сатыбалдин; суретшілер – К.Жарлығапов, К.Монтахаев; құрастырушысы – С.Қаламқаров; құрлысшысы – А.Ермегияев.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар