Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ӨЗ СӨЗІМ
Тәуелсіздік жылдарындағы әдебиет: таным мен талғам...

14.12.2022 2149

Тәуелсіздік жылдарындағы әдебиет: таным мен талғам

Тәуелсіздік жылдарындағы әдебиет: таным мен талғам - adebiportal.kz

Біз отар болған елміз. Оны тарихымыздан да, тағдырымыздан да сызып тастай алмаймыз. Құдайы бар халықпыз. Талай қияметтен өттік. «Күңіреніп күн түбіне жортқан» жылдардың жалына жармасып, Азаттық деп аталатын алтын таңды да көрдік. «Аққан селдей, көшкен сеңдей» дәуірлер дүбірі әдебиетіміздің алтын арқауынан айналып өтпесі анық. Желтоқсан дейтін қасиетті де қасіретті айдың үстінде қайыра қайта жыл санап, сөз өнерінің ертеңі мен бүгінін парақтап, ұлттық әдебиетіміздің ұтқаны мен ұтылған тұстарын өздеріңізбен бірге безбендеп көрсек деген игі үмітпен, осы бір шағын әңгіме дүкенін ұсынып отырмыз.

- Әдебиетімізді мықты да емес, осал да емес «орта деңгей» тұралатып тұрғандай көрінеді. Қазіргі әдебиетімізден өзгеше өріс, жаңаша деммен тыныстаған өміршең рухты (шығарманы) қаншалықты сезініп жүрсіз?

Байбота Қошым-Ноғай: Қазақ әдебиетінің ортақол (ортаңқол емес) деңгейдегі әдебиет екенін мен бұрын да айтқанмын. Әрине, фольклорымыз, жыраулар поэзиясы, Абайға дейін цензура көрмеген әдебиетіміз жөніндегі әңгіме бір басқа. Ал қазақтың тұңғыш көркем әңгімесі, алғашқы хикаяты мен романы қашан дүниеге келгені баршаға мәлім. Ғасырдан сәл ғана астам ғұмыры бар көркем прозамыз ғажайып құбылыстарға толы әлем әдебиетінің алдына түсті деп айтсақ күлкілі екенін өздеріңіз де сезіп отырған шығарсыздар. Егер шетелдік біреу менен сұраса, қазақ әдебиетінің абыройы үшін біздің де ұлы әдебиетіміз бар екенін айтқан болар едім. Бірақ отарлық езгіде жүріп ұлы әдебиет жасау мүмкін емесін есі дұрыс оқырманның бәрі де аңғарады. Саяси-экономикалық билік бір басқа, әдебиетіңе де құзырын жүргізіп отырған үстем жұрт бағыт-бағдар беріп, социалистік реализмнен ауытқып кетпеуіңді қадағалап отырған кезде қамалды бұзып ұлы әдебиет жасадық деп айтқаныңызға біреуді сендіріп көріңіз. Дегенмен, Кеңес өкіметі кезінде біздің жаңа әдебиетіміздің берік іргетасы қаланып, «Абай жолы» романы қазақ қара сөзінің асу бермес заңғар шыңына айналды. Көптеген әлем халықтары тіліне аударылған Мұхтар Әуезовтің бұл шығармасы, сөз жоқ, қазақ әдебиетінің ұлы туындысы еді. Бірақ біздің студент күнімізде «Абай жолы» роман-эпопеясын мәскеулік үстем ұлттың өкілі А.Марченко деген әдебиет сыншысы «Вопросы литературы» журналының 1971 жылғы №9 санында ««Еркін романның» мүмкіндігі» деген мақала (мақалада тек Мұхтар Әуезов қана емес, бірнеше қазақ жазушысының романдары сынға ұшырайды) жазып түкке алғысыз етіп тастағанда қазақ қаламгерлерінен жан адам аузын аша алмады. Тек Рахманқұл Бердібай ағамыз ғана:«Қазақ тарихи романшылығының қымбатты қорын жасаған суреткерлерді М.Әуезовпен бастап сыпырта сынап өткен Марченконың табынатын бірден-бір жазушысы Ә.Нұрпейісов екен. Нұрпейісовтің шығармалары туралы айтқан пікірін біз оң немесе теріс дегіміз келмейді. Сыншының әдепсіздігі мектеп оқушысының білімін сынағандай «мынау жаман, анау жақсы» деп, қазақтың жазушыларына «баға» қойғандығында, бірін барынша тұқыртып, екіншісін ұшпаққа көтеруінде. Ол М.Әуезовтің «Абай жолы» роман емес дегенінің артынша Ә.Нұрпейісов нағыз ұлттық жазушы деп алады да, одан сөздің шырынын аямайды. Ә.Нұрпейісов шығармашылығын терең зерттеу қажеттігіне ешкімнің де шүбәсі жоқ. Бірақ Марченко мақаласы шындықты ашуды мақсат тұтпаған, көрінеу арандатушылық болып шыққан», – деп сыпайылап айтты. Ол пікір де А.Марченкоға жауап ретінде «Вопросы литературы» журналында жарияланған жоқ, ауыл-үйдің әңгімесі деңгейінде өз арамызда қалды. Үстем ұлт өкілдері социалистік реализм әдісі бойынша бағыт-бағдар беріп, тіліңді түсінбей, аударма арқылы бағалайтын тұстағы қазақ әдебиетінің ұлы туындысы осылай пұшайман күйге түсіп жатқанда өзгелердің халі нешік деп ойға кетесің.

Қазір социалистік реализм әдісінен арылып келеміз. Сол әдіспен жазылған шығармалардың кейбіреуі қайта өңделіп жатыр. Тіл бар жерде әдебиет жасала береді. Алайда қазақ әдебиетінде ортақол дүниелерге сүрініп жығыласың. Дегенмен «Жүзден – жүйрік, мыңнан – тұлпар» деген сөздің қисыны бар. Көркем әдебиетті талдап, бағалайтын әдеби сын болмағандықтан, ол шығармаларды оқырман қауымның өзі оқып қана, өз талғамының таразысына тартуы мүмкін. Өз басым Сайлаубай Жұбатыровтың «Абыржы» трилогиясын қазақ әдебиетінің соңғы ширек ғасырдағы ең үздік туындысы деп білемін. Қазақ прозасындағы мұндай мойны озық шығарманы мен көптен бері оқыған жоқпын.

Еділбек Дүйсен: - Орта деңгей алға шығар болса тұралау мен дамудың мүмкіндіктері теңесуі әбден ықтимал. Мен оптимистпін. Бірақ, егер, әдебиетімізді өзіңіз айтқандай «тұралап тұр» деп есептейтін болсақ, мәселеге сол тұрғыдан көз қамайтын болсақ, онда «осал топтың» қарасы артып, «осал деңгейдің» салмағы басары анық қой. Сондықтан да, әдебиетті бірнеше топқа бөліп алып, олардың ішінен «әдебиетіміздің тұралауына кінәліні» іздеудің қажеті қанша?! Оның үстіне, қай жазушыны қандай деңгейдегі топқа апарып орналастыруыңыздың өзі айналып келгенде сіздің деңгейіңізді көрсетеді емес пе?

Бұл – бір. Екіншіден, қай әдебиетте де болсын, осал мен орта деңгей - әдебиетті «жасаушы» немесе, керісінше «тұралатушы» сипатта көрініп отырады. Алайда, әдебиетті жасайтын, ұлт әдебиетін сапалық деңгейге көтеріп, өзгелерге әйгілейтін белгілі бір шағын әдебиетшілер тобы ғана. Францияда «қарғысқа ұшыраған» романдар кезеңін, ортағасырдағы рыцарлық романдар кезеңін, Латын Америкасындағы каудилизм кезеңін жасаған санаулы жазушылар бұл сөзге мысал.

- «Бізді әлем танып жатыр!». Мақтан. Өткеніміз де мақтан. Кеткеніміз де мақтан. Мақтан үшін мал шашу. Сіз үшін ұлттық әдебиетіміздің шын мақтаны (жетістігі) не?

Байбота Қошым-Ноғай: «Сенбе жұртқа тұрса да қанша мақтап...» (Абай). Шындығында, Менделеев таблицасындағы элементтердің бәрі кездесетін бай елді байлығымызға көз тігіп отырған мемлекеттердің білмеуі мүмкін емес. Бірақ Гай Снодграсстың кітабында келтірілген сөзінде өмірі Қазақ елінде болып көрмеген АҚШ президенті Д.Трамптың өзі «Қазақстан өте бай мемлекет екенін білесіздер. Менің соңғы сапарым кезінде олар (кім екені нақтыланбайды) бізге «рақмет» айтты. Бірақ олар неге бізге төлемейді? Неге күресуге күш салмайды?» – деп Қазақстан мен Ауғанстанды шатастырып алып отыр ғой... Бізді әлем танып отырса, ірі мемлекет қайраткерінің аузымен осындай жаңсақ сөздер айтылар ма еді. АҚШ азаматтарының көпшілігі Қазақстанды географиялық картадан көрсетіп те бере алмайды екен.

Әлем біздің ақын-жазушыларды, әдебиетімізді емес, әнші Димаш Құдайбергенді тануы әбден мүмкін. Тіл-көзден сақтасын, Димаштың Нью-Йорктегі концертіне 51 елден көрермен келетінін әлеуметтік желіден оқыдым. Әншінің америкалық фан-клубы солай деп шулап жатқан көрінеді.

Ал қазір «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында халықаралық тілдерге тәржімеленген тоғыз қазақ жазушысының кітаптары сапасыз аударылғанын мерзімді баспасөз беттерінен біліп отырмыз. Смағұл Елубайдың «Ақбоз үй» трилогиясын – испан оқырмандары, Дулат Исабековтің «Қарғын» романын француздар түсінбей отыр екен. Шығармалардың көркемдік деңгейі жөнінде сөз басқа, сөйлемдерінің қарапайым стилистикалық құрылымы дұрыс емес көрінеді. Тіпті ол кітаптарда аудармашылардың аты-жөні де көрсетілмеген. Ау, аударма деген өнер емес пе?!. Мұның несі мақтан?!.

Еділбек Дүйсен: Қазақтың мақтаншақтық қасиетін қазақтың өзі жер-жебіріне жеткізіп шенеді. Өзгерген ештеңе жоқ. Демек, «мақтан үшін мал шашқан» қазақты бұл жерде екеуміз де түзете алмаймыз. Ал, ұлт әдебиетінің шын мақтанына келейік. Алдымен, әлбетте «Тәуелсіздік әдебиеті» пайда болды, өсіп-жетілу үстінде. Көпсөзділіктен, құрғақ моральдан, ұзын-сонар баяндаулардан, баттасқан бояулар мен өлеңді ойнақы қалыпқа түсіргіш, сөз сындырғыш ұйқастан арылған жастар келіп жатыр. Олар осы күнге дейін біздің әдебиетшілер көзсіз сеніп келген түкке тұрғысыз стереотиптерден ада. Мен басқа дүниелерді айтпағанның өзінде тек осы ғана жәйтке қуануға, мақтануға болар деп ойлаймын. Бұл әлбетте, әр уақытқа тән құбылыс. Дегенмен, әдебиет тарихына көз жүгіртсеңіз, бұл топтың арқалар жүгі үлкен. Олардың бұл сенімді ақтайтынына сенгім келеді.

- Біздің елде шығармашылықты экономикалық құндылыққа айналдыру әзірге мүмкін емес. Қаламақы әу бастан жоқ. Оқырманның да еңсесі пәс. Сізге бүгінгі әдебиет соншалықты өгей көрінбей ме? «Мен не үшін жазып жүрмін?» деп ойланатын сәттеріңіз жиы бола ма?

Байбота Қошым-Ноғай: Мен, негізі, жазуды бұрынғыға қарағанда біраз сирексіткен адаммын. Сонда да жазбасыма қоймайтын мәселелер менің бұл «режімімді» ара-тұра бұзып отырады. Өйткені мен әуелі өзім үшін жазамын. Өзім үшін жазған туындыларым әлдекімдердің рухани қажеттілігін өтейтінін сеземін. Өлең де өнер ғой. «Өнерді үйрен де жирен» дейді халқымыз. Әдебиетке кейін келген буын бізді оқып өседі. Үйренеді де, жиренеді де. Сондықтан «Жаздым үлгі жастарға бермек үшін» деп атамыздың айтқан сөзін қайталасақ, ерсі емес шығар. Еңбектің бағалануы керек-ақ, бірақ әйтеуір «Мен не үшін жазып жүрмін?» деген ой басыма кіріп те шықпайды.

Еділбек Дүйсен: Біздің енді-енді жазушының əр туындысының тауар ретінде бағалануы керек екендігіне көзіміз жетіп келе жатыр. Өйткені, əдебиетті коммерцияландырудың кішігірім болса да, жабайы болса да үлгілерін жасауға ұмтылып жүргендер бар. Мәселе, айналып келгенде ақшаға тіреліп тұр ғой. Расымен де, қаламгер де жақсы ғұмыр кешуі керек. Еңбегіне сай жақсы қаламақы алуы шарт. Бірақ бізде мұның бірде-бірі жоқ. Әртүрлі әдеби порталдар мен сайттар жазушыларды «құл» есебінде пайдаланып отыр. Жалынып-жалпайып қаламгердің бұрын соңды жарияланбаған не болмаса сиясы кеппеген туындысын алып, портал не сайт бетіне жариялағанымен, мемлекеттік тапсырыс арқасында қаржы алып отырса да, авторға ақы төлемейді. Мысал үшін, «Әдебиет порталының» өзін айтуға болады.

Ал, қаламгердің қаржыға бола жазудағы мәні жоғалады деп ойламаймын. Әдебиетке келер алдында бұл жұмыстан біздің қоғамда соқыр тиын да табу мүмкін еместігін біліп келу керек. Біз, әлбетте сүйттік. Менен бұрынғылар мен кейінгілер һәм тұстастарым секілді қаншама аудармалар мен мақалаларды порталдың құрдым өңешіне салып отырсам да, ақысына ештеңе сұрап көргем жоқ. Ештеңені қалап, дәметпеймін де. Әдебиет осылайша күнделікті жұмысқа емес, хоббиге айнала береді екен.

- Соңғы 30 жылда жарық көрген, әдебиетіміздің биігі деп бағалайтын бес шығарманы атап бере аласыз ба?

Байбота Қошым-Ноғай: Қазақ әдебиетінен ортақол прозаны көп оқып шаршадым. Ілуде бір жақсы әңгіме-хикаяттарды оқып қаламын. Оның үстіне жарық көрген кітаптардың бәрін оқып шығуға мұршам жоқ. Қазір, бұл менің жеке пікірім болуы мүмкін, қазақ әдебиетінің көш-керуенін поэзия бастап келеді. ХХ ғасырдың 60-жылдары да қазақ прозасы ерекше дамып, өсіп-өркендегенмен, қазақ әдебиеті көшінің бұйдасын ақындар ұстаған. Шүкір, талантты жас ақындар көп. Бірақ олардың дені ерекше дараланып, ағаларым мен қатарларымды айтпай-ақ қояйын, менің өкшемді басып келе жатқан Шәһизада Әбдікәрімов, Есенғали Раушанов, Ертай Ашықбаев, Гүлнар Салықбаева, Светқали Нұржан секілді замандас ақындары бағындырған биікті әлі ала қойған жоқ. Бірақ жастардың аяқ алыстары жақсы. Бірінен жорға, бірінен тұлпар шығатынына сенемін.

Еділбек Дүйсен: Әдебиетіміздің нақ биігі мына бес шығарма деп тап басып айта алмаймын. Оның бағасын уақыт береді. Бұл үшін отыз жыл қысқа деп ойлаймын. Дегенмен әдебиетімізге леп әкелген Таласбек Әсемқұловтың мақалаларын, Әмірхан Балқыбектің «Қасқыр құдай болған кезін», Дидар Амантайдың «Гүлдер мен кітаптарын» және Ардақ Нұрғазының «Жалған бостандық кітабы» мен Ерлан Жүністің бірнеше өлеңдерін айтар едім.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар