Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СҰХБАТ
Тұрдыхан Айдарханұлы. Тас дәуірден қалған талай жұ...

26.11.2022 2307

Тұрдыхан Айдарханұлы. Тас дәуірден қалған талай жұмбақтар... 14+

Тұрдыхан Айдарханұлы. Тас дәуірден қалған талай жұмбақтар... - adebiportal.kz

Қараша түні 

 

Қанатында қаздардың, 

Қаралы жыр маздар мұң. 

Жатырқайды-ау тірлікті, 

Жалғыз күні жалғанның. 

 

Ызыңынан қурайдың, 

Ызалы күй тыңдаймын. 

Құстай ұшып қуаныш, 

Құтырынар қу қайғым. 

 

Күзгі моншақ мөлдір мұң, 

Сезімімді семдірдің. 

Шашасынан от шашқан, 

Оралмайды-ау өндір күн. 

 

Қызғылт шапақ шұбалып, 

Күн батады қызарып. 

Күнге қарап құбылам, 

Жүз семіріп, жүз арып. 

 

Құба құмның қияғы, 

Безілдейді жиі әне. 

Безіп кеткен бебеу үн, 

Берен ақын қиялы. 

 

Көкжал бөрі түн жүріп, 

Құмығады қырда ұлып. 

Түн түнегін тіледі, 

Жанарында нұрлы үміт. 

 

Сәби арман шетінеп, 

Сыздап құрғыр көкірек. 

Атар ма еді сызып таң, 

Шымылдық түн сетінеп. 

 

Тамаша күн

 

Жапырақтар жиі құлап, 

Бұлдырайды боз қырау бұйығы бақ. 

Көңіл шемен көріксіз көшелердей, 

Жылынуы жанымның қиынырақ. 

 

Сазы бөлек сағыныш төгілді ерен, 

Әурелендім етем деп өмірді өлең. 

Қазы қайтып өлкемнің қаңқылдаған, 

Жабырқады-ау, тағы да көңіл дөнен. 

 

Туған жердің ой-қыры таныс маңы, 

Жасыл көркің жадымнан алыстады. 

Жазы көшкен жапырақ жүрегімді, 

Шой табанмен дүлей күз жаныштады. 

 

Өмірім-ау, 

Ардағым, 

Жазым еркем!   

Сар сағыныш жайлайды, сазыңа ерсем. 

Тамылжытып бұлбұлдың таңдайында ән, 

Тамаша күн шіркін-ай тағы келсең.

 

Ақ бас шыңдар... 

 

Жел сыңсиды, 

Жүрегім де сыңсиды. 

Сызат ғалам сынып кетпей тұрса игі. 

Қобызымды қош көргенге тартамын, 

Қоңыр дүние қонағыңмын, бір сыйлы. 

 

Қурай көңіл ызыңдайсың күзде үдеп, 

Сырнайлатып соқпайды енді ізгі леп. 

Ауырыңа, дауылыңа дайын ғой, 

Өліп көрген, 

Көніп көрген бұл жүрек. 

 

Қарығасын қатал мезгіл ызғары, 

Шыдамады шыбын жаным сыздады. 

Құба құмның қияғындай жел жеген, 

Жеміріліп таусылармыз біздағы. 

 

Жел ұйтқиды, 

Өрекпиді асыр сап, 

Жабырқайды жадау қабақ жасыл шақ. 

Ақ бас шыңдар айналайын ақиқат, 

Аңсап келіп мойыныңа асылсақ. 

 

Қайшылық 

 

Ауыздық сап азғантай ақылына, 

Қаңғырады ұлыңның басы мына. 

Кешір апа, кезеріп еріндерім, 

Сәл кешігіп оралсам лашығыма. 

 

Көкіректі сыздатып көшкін өлең, 

Кезіп кетсем оралам кешкіре мен. 

Бір шындық бар кептірген кенеземді, 

Соны іздеймін ешкім де естімеген. 

 

Жалған дүние жаныма бермей тыным, 

Сезімімнің кезі бұл селдейтұғын. 

Таңдайымды құрғатса тамшы мұңым, 

Ақиқаты жалғанның шөлдейтінім. 

 

Тағдыр деген тұрғанда тақсыр аман, 

Қайда ғана құтылар қашқын адам. 

Жабығыстан шаршаған шақтарымда, 

Жанарынан әлемнің жас құлаған. 

 

Еңкең қағып кешпей-ақ ез ғұмырын, 

Кербездікпен өтсе екен кемді күнім. 

Дала кезіп іздесем зәру шындық, 

Дәруіші боп кетермін ендігінің.

 

Тозаң - тарих

 

Тозғындаған бел-белестер, тозаң қыр,

Саусағымды үмітпенен созам бір.

Жылуы мен жеткізе алмай жарығын,

Боз далада талықсиды бозаң нұр.

 

Құдіретті, құпиясы мың қатпар,

Тас дәуірден қалған талай жұмбақтар.

Білдіреді қыр басынан бір дерек,

Жылан тілді жылтылдаған түргі оттар.

 

Тозаң дүние тарих қаны төгілген,

Оны ойласам таба алмаймын көңілге ем.

Ақиқатым ақ дулыға сияқты,

Туған жердің топырағына көмілген.

 

Ұзатып сап аққулардың тізбегін,

Көздің жасы шашылады түзге мың.

Ақшаңдағы аспанға ұшқан өңірде,

Тарихымды жер түбінен іздедім.

 

Ертіс жағасында

 

Демімнен боран ысқырып,

Көз жасым жаңбырға айналып.

Басымнан бұлбұл ұшты үміт.

Жағада тұрмын ойланып.

 

Секілді еді-ау тал – шыбық,

Кешегі кеніш балғын күн.

Нұрменен сырға малшынып,

Жұпарын жұтқан шалғынның.

 

Ақшамы қандай ақ торғын,

Айдында ару ай жүзген.

Сырласқан жапырақтардың,

Мұңдас па, жаны байғызбен?

 

Толқының баяу шымырлап,

Жағаны сүйер еппен бір.

Көңілімді тербеп мың ырғақ,

Көзімде көшкін көктем жүр.

 

Аспаның анау ала бұлт,

Айдында жатқан суреті.

Тыраулап үні таралып,

Тырналарымның жүр көші.

 

Жағасы жайсаң шіркін ән,

Әуелеп ұшқан, гүл өңір.

Ақпа құмыңдай сусыған,

Баянсыз екен бұл өмір!

 

Жаз монологы 

 

Жәзирасы жайқалған жаз едім мен, 

Күз де келді, 

Күй кетті мәз өмірден. 

Жанын қиды ең соңғы жапырағым, 

Уақыт деген айқасып әзәзілмен. 

 

Ақ қайыңнан кеткенде бүр төгіліп, 

Алаңдайды амалсыз үркер-үміт. 

Берерімді бергесін мезгілдерге, 

Жасыл тауды жабағы бүркеді бұлт. 

 

Күз кетеді, қыс өтер... 

Қайта көктем, 

Құстар келіп наздарын айтады еппен. 

Жапырағым жаңарып тұрамын мен, 

Ғұмыр тілеп тағы да мына күннен.

 

Күзгі аспан

 

Жанарымнан тағы бір жазды аунатып, 

Кірпігімнің ұшына күз ілінді. 

Ақын үшін өртеніп маздау бақыт, 

Табиғатпен сырласып жүзі мұңлы. 

 

Сабындай-ақ балтаның күздің күні, 

Көкжиекке әнеки кірді сіңіп. 

Күнмен бірге таусылып күй күмбірі. 

Күмбез аспан ішінен тұрды тынып. 

 

Тұрды тынып мөлдіреп алып аспан, 

Жанарында мұң менен нала бар ма?   

Көкірегінен қап-қара жалын атқан, 

Жиіркене қарайды ол қалаларға. 

 

Жел тіледі... 

Самарқау құздағы бұлт, 

Желпінеді себебі: ол да бақыт. 

Бүрсиеді қыр гүлі ызғар ұрып, 

Түршігеді көз жасын сорғалатып. 

 

Бұл жай ғана уақыттың қаталдығы, 

Барлығы да белгілі бесенеден. 

Қарт аспанның тарайды қашан мұңы?! 

Күздер кетті...

Белгісіз... 

Нешелеген.

Көрнекі суретке Жеңіс Кәкенұлының картинасы пайдаланылды


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар