Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ЖАҢАЛЫҚТАР
/
Тұсаукесер: Абай туындыларын жеті тілде сөйлетке...

Тұсаукесер: Абай туындыларын жеті тілде сөйлеткен кітап

23.10.2025

3856

Тұсаукесер:  Абай  туындыларын жеті тілде сөйлеткен кітап - adebiportal.kz

Қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының 180 жылдығы аясындағы игі істер жыл бойы өз жалғасын табуда. 

Абайдың өмірі, шығармашылығына қатысты көптеген тың ақпараттар қамтылған танымдық, ғылыми-зерттеу жинақтары жарық көрді. Сонымен қатар Абай туындыларын әлемдік деңгейге шығарып танытуда да ілкімді істер атқарылып жатқанына ел-жұрт куә. 

Соның бір айғағы – елордамыз Астана қаласында өткен Абай туындыларының жеті тілге аударылған жинағының тұсаукесер рәсімі. 23 қазан күні ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында ұйымдастырылған «Ұрпаққа ұлағат» атты жинақтың тұсаукесеріне отандық және шетелдік зиялы қауым өкілдері, шетелдік дипломатиялық корпус өкілдері, Астана қаласындағы оқу орындарының оқытушылары мен студенттері, кітапхана оқырмандары қатысты. Бұл жаңа форматтағы жинақтың авторы – көп жылдық тәжірибелі шығармашыл ұстаз Гүлмира Амандықова.

Шетелдік зиялы қауым мен дипломатиялық корпус өкілдері көптеп келіп қатысуының өзі бекер емес. Оның себебі: тұсауы кесіліп отырған «Ұрпаққа ұлағат» кітабы қазіргі күні әлемдегі ең көп тілдік тұтынушыға ие болып отырған ағылшын, испан, қытай, неміс, орыс, түрік және француз тілдеріне аударылғандығында.

Басылымның рецензенттері мен кеңесшілері ретінде Испания Корольдігінің Қазақстандағы Елшісі Луис Франсиско Мартинес Монтес, Қазақстан Республикасындағы Франция елшілігінің құрметті консулы Доминик Пажес, француз ғалымы Кэтрин Пухаль, Қытайда тұратын жазушы және аудармашы қандасымыз Әкбар Мәжит, неміс жазушысы, Анкара университетінің профессоры Анна Рафатхан және Анна Тукерхандар көзден кешірген екен.

Тұсауы кесіліп оқырмандарына жол тартқан бұл өзгеше жинақ арқылы шетелдік оқырмандар қазақ ойшылы Абай Құнанбайұлының қарасөздеріндегі философиялық ойлармен таныса алады.

«Ұрпаққа ұлағат» атты бұл кітапты өзінің көп жылдық оқыту әдістемелері негізінде әзірлеп, оны әлем оқырмандарының рухани азығы ретінде ұсынушы автор Гүлмира Амандықова – Әбу Насыр әл-Фараби атындағы ҚазМУ-дің (қазіргі ҚазҰУ) түлегі. Аталған оқу орнының филология факультетін «Қазақ мектептеріндегі орыс тілі мен әдебиеті педагогы» мамандығы бойынша бітірген Гүлмира Әбілмәжінқызы 1993 жылдан бері қазақстандық жоғары оқу орындарында сабақ беріп келеді. 

2001 конкурстық іріктеу арқылы сынақтан өтіп, сол жылдан бастап Қазақстанда жұмыс істейтін шетелдік компаниялардың қызметкерлері үшін қазақ тілінің аудармашысы және оқытушысы болып қызмет етіп, осы бағытта Біріккен Ұлттар Ұйымы мен Еуроодақ өкілдіктерінде жұмыс істеген. 

Қазақ тілінің «мемлекеттік» деген мәртебесі және мемлекетті құраушы қазақ ұлтының тілі болуы – расымен де үлкен жауапкершілік, міндет және оған деген сұраныстың бар екенін қазақстандық қоғамнан өзге, шет жұрттар да түсініп, оған мән беріп келе жатқаны мамандарымыздың осындай іс-қызметтері арқылы айқындалатындай.

Филолог, аудармашы Гүлмира Амандықова өзінің қазақ тілі ана тілі болып саналмайтын ортаға сабақ берудегі көп жылдық іс-тәжірибелері арқылы мемлекеттік тілді үйренуге қызығушылық танытатын кез келген адамның осы тілді оқытудың ыңғайлы да тартымды тәсілдерін қолдана отырып заманауи үлгіде оқыту әдістемесінің авторы.

Гүлмира Әбілмәжінқызы – қазақ тілін оқытудағы өзіндік авторлық әдістемесін әзірлеп, халықаралық деңгейде шетел азаматтарына сабақ беріп жүрген ұстаз болумен қатар, осы бағыттағы іс-тәжірибелерін негізге ала отырып, 2005 жылдан бері бірнеше оқулықтар әзірлеген. 

Қазақстанға келген немесе осы елмен түрлі байланыстар жасауға мүдделі шетелдік мамандар үшін қазақтың тілі, ділі – барлығы жұмбақ екені сөзсіз. Осы жағдайды ескере отырып, шетелдіктерге қазақ тілін ғана үйретіп қоймай, оларды қазақтың бай әдебиетімен, салт-дәстүрімен таныстырып, оны қызықты етіп оқытудың заманауи әдістемесін әзірлеп, күнделікті практикада тиімді қолданып жүрген тәжірибелі де білікті ұстаз 2024 жылы «Ұрпаққа ұлағат. Завет потомкам» атты Абай қарасөздерінің орысша және ағылшынша бейімделген аудармасын шығарған болатын. Ал бұл жолғы жеті тілдік жинақты – аталған бейімделген аударманың кеңейтілген, ауқымды жалғасы десек болады.

Иә, Абай шығармашылығы да, Абайдың өмірі мен шығармашылығын арқау еткен Мұхтар Әуезовтің « Абай жолы» роман-эпопеясы да әлем тілдеріне аударылудан кенде емес. Сондықтан Абай есімі әлемнің оқырман белгілі деңгейде таныс деп сеніммен айтуымызға болады. 

Көк тұман – алдыңдағы келер заман,

Үмітті сәуле етіп көз көп қадалған, - 

деп Абай хакімнің өзі айтқанындай, заман алға озған сайын үміт сәулесі де жарқырай бермек. Абай қазағымен бірге мәңгі жасайды десек, шығармашыл ұлы тұлғаның туындыларын өз жұртына, әлемге таныстырудың да сипаты дәуірлерге сай түрленіп, алға оза бермек. Гүлмира Әбілмәжінқызының аударма еңбегі осының анық айғағы екені даусыз.

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan