Ұлт руханиятының жоқшысы
Бүгін мемлекет және қоғам қайраткері, этнограф, тарихшы, мәдениеттанушы Өзбекәлі Жәнібековтің туғанына 95 жыл толды.
Қазақ тарихында мемлекеттік қызметті ұлттық мүддеге ұштастырып, халықтың рухани мұрасын сақтауға бүкіл ғұмырын арнаған, осы арқылы қалың елінің жүрегі төрінен мәңгілік орын алған тұлғалар аз емес.
Солардың арасында мемлекет және қоғам қайраткері, этнограф, тарихшы, мәдениеттанушы Өзбекәлі Жәнібековтің орны ерекше. Ол кешегі кеңестік кезеңнің күрделі саяси жағдайында ұлттық мәдениетті, ана тілін, дәстүрлі өнерді, тарихи ескерткіштерді қорғап қана қоймай, ұмыт бола бастаған рухани құндылықтарды халқымен қайта табыстыруға күш салды. 2026 жылғы 28 тамызда осынау қайраткер тұлғаның өмірге келгеніне 95 жыл толды.

Өзбекәлі Жәнібеков 1931 жылы 28 тамызда қазіргі Түркістан облысының Отырар ауданындағы Сарықамыс ауылында дүниеге келген. Қайраткер өзінің өмірбаяндық естелігінде: «...Сарықамыста мен 1931 жылдың 28-тамызында дүниеге келіппін», – деп жазады.
Әкесі Жәнібек Құдиярұлы мен анасы Қаныша Томашқызы – қарапайым шаруа адамдары екен. Болашақ қайраткер тұлға дүниеге келген соң, көп ұзамай әкесі қайтыс болады. Тағдыр жолында кездескен сан түрлі қиындықтарға қаршадайынан төзе білген ол білімге құштар болады. Оның оқысам-білсем деген талабын алғаш қолдаған – әпкесі Мәдине болыпты. Әпкесі інісіне кітап оқуды үйретіп, таным көкжиегін кеңейтуге барынша көмек жасайды. Алайда әпкесі де ерте өмірден өтіп кетеді. Тоғыз жасында анасы Қаныша да қайтыс болады. Жас бала қанша қиындық көрсе де, білім алсам деген талабынан айнымайды. 1945 жылы жетіжылдық мектепті бітіріп, аудан орталығындағы орта мектепте оқуын жалғастырып, 1948 жылы бітірген соң Алматыдағы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтына оқуға түседі.
1952 жылы осы оқу орнын ойдағыдай аяқтаған соң, туған өлкесіне оралып, 1952-1955 жылдары Келес ауданында мектеп мұғалімі, кейін оқу ісінің меңгерушісі қызметтерін атқарды. Қызмет жолының бастауындағы мұғалімдік – оның болашақта халықпен тікелей жұмыс істеуіне, ел өмірі мен ауыл жастарының мәселелерін терең түсінуіне мүмкіндік бергені анық еді.
Өзбекәлі Жәнібековтің ұйымдастырушылық қабілеті мен белсенділігі көп ұзамай қоғамдық қызметте байқалды. 1955 жылы Келес аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болып сайланды. 1956–1961 жылдары Шымкент облыстық комсомол комитетінде қызмет атқарып, кейін республикалық жастар ұйымының басшылығына көтерілді.
1961–1970 жылдары Қазақстан жастар ұйымының Орталық комитетінде хатшы, бірінші хатшы қызметтерін атқарды. Бұл кезеңде ол жастарды білімге, еңбекке, өнер мен мәдениетке тартуға ерекше көңіл бөлді. Сол Торғай жерінде қызмет етіп жүргенде, малшы үйінің итіне ас құятын «итаяғын», бұған дейін халқымыздың сыйлы ыдысы астауды елеусіз жатқан жерінен сұрап алып, қастерлеуі – оның ұлттық мұраға деген шын жанашырлығының жарқын мысалы ғой.

1970–1975 жылдары Қазақстан Компартиясы Торғай облыстық комитетінің хатшысы болды. Торғай өңірінде еңбек еткен жылдары оның мәдениетке деген ерекше көзқарасы айқын көрінді.
Тек Торғай облысында қызмет еткен жылдарының өзінде жоғарыда айтылғандағыдай, қаншама құнды жәдігерліктерлі ел ішінен жинатып алып музейге қойдырған екен. Осы жылдары облыс орталығы Арқалықта музыкалық драма театрын ашылып, педагогикалық институт, облыстық тарихи-өлкетану музейі, филармония, фольклорлық-этнографиялық ұжымдар құрылған. Арқалық қаласы бүкілодақтық екпінді құрылыс алаңына айналдырылып «Арқалық біздің жас қала» деп ән шырқалған тұс осы еді. Ән шырқалған демекші, қазіргі күні осы өңірдің гимні болып кеткен «Арқалықтың ақ таңы» әні де Өзбекәлі Жәнібековтің арнайы тапсырма беруімен өмірге келген екен. Қазақ руханиятының қос алыбы Шәмші Қалдаяқов пен Мұхтар Шахановтың бұл маңызды тапсырманы тамаша орындағанының куәсі – осынау ғажап толқынды, толқынысты ән ғой.
1975–1977 жылдары Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің шетелдермен байланыс бөлімін басқарды. Ал 1977 жылдан бастап мәдениет саласында жоғары мемлекеттік қызметтер атқарды. Қазақ КСР Мәдениет министрінің орынбасары, кейін 1987–1988 жылдары Қазақ КСР Мәдениет министрі, 1988–1991 жылдары Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің хатшысы болды.
Мемлекеттік қызметтің қай саласында жүрсе де, Өзбекәлі Жәнібековтің ұлттық мүдде мен мәдениетті бірінші орынға қоюға тырысқанын көреміз.
Өзбекәлі Жәнібеков үшін мәдениет өткен дәуірден қалған жәдігерлер жиынтығы ғана емес, ұлттың өзін ұлт ретінде сақтап қалатын рухани тірегі болды. Оның: «Халықтың рухани қазынасын сақтау — ұлттың болашағын сақтау», - деген сөзі осы ұстанымын дәл аңғартады.
Өзбекәлі Жәнібековтің мәдениет саласындағы еңбегінің ауқымы уақыт алға жылжыған сайын зорайып отырғанын көреміз. Ол ХХ ғасырдың 70-жылдарынан бастап Қожа Ахмет Ясауи кесенесін қалпына келтіруге ұйытқы болып, Қазақстанның әр өңірінде этнографиялық музейлердің ашылуына ықпал етті. Оның бастамасымен тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғауды көздейтін «Арқас» қоғамы құрылды. Сонымен қатар «Шертер», «Адырна», «Алтынай» сияқты фольклорлық-этнографиялық ансамбльдердің ұйымдастырылуына тікелей атсалысқан да осы ұлт жанашыры еді.
Қайраткердің мәдени саясаттағы ұстанымы ұлттық ерекшелікті сақтауға негізделді. Замандастарының естелігінде оның сол кезеңнің өзінде: «Қазақ мәдениеті жолайрықта тұр: не ұлттық сипат алып өріс ашу, не ... советтік мәдениетке жұтылып кету қаупі төнді», - деп алаңдағаны айтылады.
Бұл сөздің астарында үлкен тарихи мәселе жатыр. Жәнібеков мәдениетті тек сақтап қалуды емес, оны заман талабына бейімдей отырып дамыту қажеттігін түсінді. Сондықтан ол музей, театр, музыка, қолөнер, ұлттық киім, сәулет өнері мен халықтық дәстүрлерді біртұтас мәдени жүйе ретінде қарастырды.
Оның есімі қасиетті Тайқазанның тарихи Отанына оралуымен де байланысты. Сонымен бірге оның бастамасымен қазақтың ұлттық музыкалық аспаптарын жинақтап, зерттеп, насихаттайтын музей құрылды.
Оның бастамаларының тағы бірі – Наурыз мейрамының қайта жаңғыруына үлес қосуы. Ұзақ жылдар бойы ресми түрде тойланбай келген ұлттық мерекенің халықпен қайта қауышуы қазақтың тарихи жадын жаңғыртқан маңызды оқиғалардың бірі болды.
Өзбекәлі Жәнібековтің қазақ әдебиетіне сіңірген еңбегін тек өзінің жазған кітаптарымен шектеуге болмайды. Оның ең үлкен тарихи қызметтерінің бірі – қуғын-сүргінге ұшыраған қазақ қаламгерлерінің есімдері мен шығармаларын халқына қайтаруға атсалысуы.
Ол Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаев, Шәкәрім Құдайбердіұлы секілді ұлт әдебиетінің аса көрнекті өкілдерінің есімдерін қайта жаңғыртуға белсенді түрде қатысты.

Бұл – қазақ әдебиетінің даму тарихындағы аса маңызды бетбұрыс еді. Себебі қаламгерлердің ақталуы олардың аттарын атауға мүмкіндік берумен ғана шектелген жоқ. Ұзақ уақыт оқырманнан алыстатылған өлеңдер, романдар, ғылыми және публицистикалық еңбектер қайта жарық көріп, әдеби айналымға енді. Сөйтіп ұлттық әдебиеттің үзіліп қалған тарихи сабақтастығын қалпына келтіруге жол ашылды.
Жәнібеков жас қаламгерлер тағдырына да бейжай қарамаған. Оның 1988 жылы Қазақстан Жазушылар одағында сөйлеген сөзінің өзі «Жас дарынға аялы алақан керек» деп аталған. Бұл дерек оның әдеби ортадағы жас таланттарды қолдау мәселесіне арнайы көңіл бөлгенін көрсетеді.
Демек, Жәнібековтің әдебиетке қосқан үлесі үш бағыттан көрінеді: ұлттық әдеби мұраны қайтару, қаламгерлердің тарихи әділеттілігін қалпына келтіру және жаңа шығармашылық буынды қолдау.
Өзбекәлі Жәнібеков ұлттық мәдениетті ұйымдастырушы ғана емес, оны ғылыми тұрғыдан зерттеген этнограф-ғалым әрі қаламгер болды. Оның «Қазақтың ұлттық қол өнері», «Жаңғырық», «Уақыт керуені», «Жолайрықта», «Қазақ киімі», «Ежелгі Отырар», «Тағдыр тағылымы» сияқты еңбектері жарық көрді.
Бұл кітаптарда қазақ халқының дәстүрлі тұрмысы, қолөнері, киім үлгілері, сәулет өнері, тарихи ескерткіштері мен рухани дүниесі жан-жақты қарастырылады.
Мәселен, «Жолайрықта» еңбегінде қазақтың дәстүрлі баспаналары мен құрылыс мәдениеті зерттеліп, олардың түрлері ғылыми тұрғыдан жүйеленеді. Ал «Қазақ киімі» еңбегі ұлттық киім үлгілерінің тарихи, этнографиялық және эстетикалық ерекшеліктерін танытатын маңызды зерттеулердің біріне айналды.
«Тағдыр тағылымы» болса, жеке адамның өмірбаяны ғана емес, тұтас бір тарихи кезеңнің рухани шежіресі іспетті. Онда мемлекет және қоғам өмірі, мәдениет, ұлттық мұра, тарихи ескерткіштерді қорғау мәселелері автордың өзі куә болған оқиғалар арқылы баяндалады.
Өзбекәлі Жәнібековтің қайраткерлік болмысына қазақтың белгілі зиялылары да жоғары баға берген. Әбіш Кекілбайұлы оны «рух сардары» деп атаған. Ал Мұхтар Шаханов Жәнібековті: «Басынан бақайшығына дейін ұлттық рухпен тыныстаған тұлға» тұлға деп сипаттайды.
Бұл бағалардың мәні терең. Өйткені Жәнібеков ұлт мәдениетін сөз жүзінде ғана дәріптеген жоқ. Ол мемлекеттік қызметтегі мүмкіндігін тарихи ескерткіштерді қалпына келтіруге, музейлер ашуға, ұлттық ансамбльдер ұйымдастыруға, дәстүрлі өнерді жаңғыртуға, қазақ тілінің мәртебесін көтеруге және әдеби мұраны қайтаруға жұмсады.
Өзбекәлі Жәнібековтің өмір жолы – ұлтқа қызмет етудің жарқын үлгісі. Оның қазақ әдебиеті мен мәдениетіне қосқан үлесі бір ғана саламен өлшенбейді. Қайраткер тарихи ескерткіштерді қорғады, Тайқазанның елге оралуына атсалысты, ұлттық музейлер мен өнер ұжымдарының қалыптасуына ықпал етті, Наурызды жаңғыртуға үлес қосты, қазақтың дәстүрлі қолөнері мен киімін ғылыми тұрғыдан зерттеді. Ең бастысы – Мағжан, Жүсіпбек, Міржақып, Шәкәрім сынды ұлт әдебиетінің алыптарын халқына қайта табыстыруға атсалысты.
Сондықтан Өзбекәлі Жәнібеков мұрасын өткен ғасырдың тарихы ретінде ғана қарау жеткіліксіз. Оның «Халықтың рухани қазынасын сақтау — ұлттың болашағын сақтау» деген қағидасы бүгін де өзекті. Ұлттық мәдениет пен әдебиетті сақтау, тарихи жадты жаңғырту, оны жаңа ұрпаққа жеткізу – Жәнібеков бастаған рухани қызметтің жалғасы.
Ұлтының рухани жоқшысы болған, қазақтың Өзағасының ақырғы тілегі де қасиетті туған жердің киелі топырағында, Арыстан баб бабасының жанында мәңгілік тыныс табу болыпты. Бұл да болса кейінгіге үлкен ғибрат қой. Бүгіндері Арыстан бабтың басына барып түнейтін толассыз мол зияратшылар жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағы дерлік, кешегі кеңестік дәуірде ұлтының ұмыт болған мәдени мұраларының шынайы жоқшысы болған асыл ұлының да зиратына барып, тағзыммен еске алады.
Иә жан жақты білім-білікті, үлкен жүректі тұлға Өзбекәлі Жәнібеков – қазақтың жоғын жоқтап, ұмытылғанын жаңғыртып, үзілгенін жалғаған қайраткер. Сондықтан оның есімі қазақ мәдениеті мен әдебиетінің тарихында ұлттық рухтың сақшысы, мәдени мұраның жанашыры және рух сардары ретінде мәңгі сақталады.
Фотосуреттер ашық ғаламтор көзінен алынды.
