Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Ұлттық әдебиеттану көшбасшысы...

11.04.2022 4599

Ұлттық әдебиеттану көшбасшысы 12+

Ұлттық  әдебиеттану көшбасшысы - adebiportal.kz

Ахмет Байтұрсынов – ғалымдық, ақындық, көсемсөзші қайраткерлігі мен өз дәуірінде аса жоғары бағаланған тұлға. Ол тек қазақ ортасы ғана емес, барша түркі әлемі мен орыс ғалымдарына да танымал талант. Ахмет Байтұрсыновтың ғылыми мұралары туралы орыс ғалымдары проф. А.Самайлович (Литература турецких народов, «Литература Востока», вып.I.П.1919), Е.Поливанов (о киргизкого-казахской орфографии. Бюллетень СГУ, вып.7.Ташкент, 1924) құнды да бағалы пікірлер білдірген. Ахмет Байтұрсынов жөнінде Орынбор қаласында орыс тілінде екі мақала жарияланды. «Ахмет Байтурсынович Байтурсынов» (биографиялық очерк)мақаласында сөз болатын тарихи дерек, өмірбаяндық фактілер ғалым ғұмырбаянын зерделеуде әлі күнге дейін өзінің ғылыми маңызын жойған жоқ деуге болады. Жоғарыдағы аталмыш екінші мақалада Ахмет Байтұрсыновтың ғылыми еңбектеріне тоқталып, көбіне тіл саласындағы еңбектерін саралап, зерделейді.

«Ахмет Байтұрсыновтың тарихтағы орнын» оның әлеуметтік-қоғамдық істерін, өз кезінде дұрыс көрестіп, әділін айтқан адамдардың бірі – Сәкен Сейфуллин. Ол «Еңбекші қазақ» газетіне «Ахмет Байтұрсынұлы елуге толды» деген арнаулы мақала жазып, онда былай дейді: «А.Байтұрсынұлы қарапайым кісі емес, оқыған кісі. Оқығандардың арасынан шыққан, өз заманында патша арам қулықты атарман-шабармандарының қорлығына, мазағына түскен халықтың намысын жыртып, ұлттың арын жоқтаған патша заманында жалғыз-ақ Ахмет еді. Қазақтың ол уақыттағы кейбір оқығандары губернатор, соттарға күшін сатып тілмаш болып, кейбір оқығандары арларын сатып ұлықтық істеп жүргенде, Ахмет қазақ ұлтына жанын аямай, қызметтерін қылды. «Қырық мысал», «Маса» кітаптарын, «Қазақ» газетіне редакторлық еткен еңбектерін, Алаш кезеңін артынан Компартияға кіргенін түгел шалып айта келіп, мынандай түйін түйеді: «Қалай болса да, жазушысы азғана, әдебиеті нашар қазақ жарлыларына оқу Һәм тіл құралдарымен қылған қызметі таудай... Елуге келген Ақаңды шын көңілден құттықтап, өмірінің ұзақ болуын тілеймін» [1.5].

Ұлттық қазақ лингвистикасының атасы ретінде «Әліпби», «Тіл құралы» сияқты іргелі құнды ағартушылық еңбектер тудырған Ахмет Байтұрсынұлы алаш баласына қоғамдық-саяси мәселелерді көтерген ақын, көсемсөзші, публицист ретінде танылды. Оның «Маса», «Қырық мысал» шығармалары Патшалық Ресей отарлауында езілген туған халқының азаматтық, саяси рухын көтерген ірі патетикалық туындылар еді.

Түркістан республикасы Орталық атқару комитеті мен Түркістан Орталық партия комитетінің үні «Ақжол» газеті 1923 жылғы 4 ақпанда шыққан 270 санында:

«Қазақтың дыбысына, сөзіне арнап әліппе шығарып, тіл һәм оқу құралдарын шығарып, қазақтың жалпақ тілін талайға үйреткен Ақаң еді,»-деп жазылған.

«Қазақстанда Байтұрсынов есімін ауызға алуға да, жазуға да тыйым салынған уақыттарда түркологтар тарапынан оқта-текте ол туралы бірен-саран пікірлер айтылып қалып жүрді. Әсіресе академик А.Н.Кононов еңбегі көпшілікті елең еткізді. Аты шартарапқа мәлім, беделді тілші-ғалымның редакциясымен және алғы сөзімен Москвада 1974 жылы шыққан «Отандық түркологтардың биобиблиографиялық сөздігі» кітабында Ахмет Байтұрсыновтың туған жылы, өскен ортасы, ата-бабасы, білім алған мектептері, қызмет еткен орындары, әлеуметтік-қоғамдық қызметі басты еңбектері нақты айтылып, ол «араб алфабиті негізінде жетілдірілген қазақ әліппесінің авторы, қазақ тілінің фонетикасы, синтаксисі, этимологиясы, сол сияқты әдебиет теориясы мен мәдениет тарихы оқулықтарын жазды» [1,5-6], - делінген.

Ахмет Байтұрсынұлының әдебиеттану саласындағы алғашқы іргелі зерттеуі ретінде «Қазақ» газетінде жарияланған «Қазақтың бас ақыны » мақаласын атауға болады. Мақала «Қазақ газетінің 1313 жылғы №43 санында жарияланған. Ахмет Байтұрсынұлы Абай өлеңдерімен 1903 жылы Мүрсейіт қолжазбасы арқылы танысқан екен. «Қазақтың бас ақыны – Абай Құнанбаев. Онан асқан бұрынғы-соңғы заманда біз білетін ақын болған жоқ. Заманындағы ақындардың сөзінен оқшау, олардың сөзінен үздік, артық. Сөзі аз, мағынасы көп ,терең.Не нәрсе жайынан жазса да Абай түбірін, тамырын, ішкі сырын, қасиетін қармай жазады»-деген құнарлы ойын білдіре отырып: «Іші алтын, сырты күміс сөз жақсысын ұғу үшін «сөз түзелді, халқым-ау, сенде түзел» деп ақынның өзі айтқандай түзеліп, түсініп, үлгі ала отырып оқу қажеттілігіне тоқталып, алғаш оқыған адамға Абай өлеңдерінің ауырлау соғатын себебі ақынның кінәсі емес, «оқушылардың түсінерлік дәрежеге жете алмағанынан болатын кемшілік» деп атап көрсетеді.

Ғалым Абай поэзиясының поэтикалық қабаттарын терең зерделейді.Түр мен мазмұн сипаттарына тоқталады. «Іші алтын, сырты күміс сөз жақсысының» теориялық сипаттарына тоқтала отырып, өлең құрылымының тармақ, бунақтарына ерекше мән береді. Өзі кемшілік деп тапқан тұстарға ғалым былайша тоқталады: «Енді бунақтар орын талғайды дегенді баяндайық. Бунақтардың талғайтын орындары тармақтардың басында және ортасында болады. Шумақ ішінде бунақтар тармақтардың басында иә ортасында бырыңғай болып келуі тиіс. Мәселен, бір тармақтың басында үш буынды бунақ келсе, басқа тармақтар да солай келуі тиіс. Әйтпесе өлең өлеңдігінен айырылмағанмен, жорғағынан жаңылады, айтуға ауырлық келтіреді. Бұл кемшіліктен қазақ ақындарының көбінің –ақ сөзі аман емес. Әсіресе Абай өлеңдерінде көбірек ұшырайды. Мұндай кемшілігі бар өлеңдерді сол күйінде өзгертпей әнге қосуға болмайды. Бірақ бұл жоғарыда таңдау орын туралы айтылғандай, түзеуге келмейтін кемшілік емес, көбінесе бұл түзетуге келетін оңай кемшілік» [1,388-389]

Ғалымның тұжырымдауынша қазақ өлеңі әнге қосылып айтылу керек. Ал әнге қосу үшін жорғағы болу керек, жорғақты келтіретін бунақтардағы буын саны тармақтың басында, ортасында, аяғында біріңғай келу қажет. Жорғақты бұзатын-бунақтың орын таңдағандығы, яғни бунақтар табиғи тілеген орнына қойылмағандық деп есептейді. Қазақ өлеңіндегі басты нәрсе-оның жорғағы дей отырып, ғалым Абай өлеңдерінің жорғағына да сын айтады. Мысал ретінде оған Абайдың атақты «Өлең-сөздің патшасы, сөз сарасы» өлеңін ала отырып осы өлеңнің жорғағы орнында болуы үшін барлық бунақтардың орнын ауыстырып, буын сандарын бірдей қылуы – қызық тәжірибе.

Абай ақындығының құнарлы тұстарын дөп басқан ғалым: «Сөз жазатын адам әрі жазушы, әрі сыншы боларға керек. Сөздің шырайлы, ажарлы болуына ойдың шеберлігі керек. Ұнамды, орынды, дәмді болуына сыншылық керек. Мағыналы, маңызды болуына білім керек. Абайда осы үшеуіде болған. Бұлардың үстіне Абай көсем, үлгі шығарып, өнеге жайғыш болған. Абайда өлең сөздің неше түрлі үлгісі, өрнегі табылады. Ол өрнектерді ойдан шығармай, орыстан алса да, орыс өлеңдерінің өрнектері қазақ тіліне жарайтындығын бастап көрсеткені де зор көсемдік. Абай өлең жақсы болуға керек шарттардың бәрін білген. Сондықтан өлеңі қай тарапынан да болса толық. Жалғыз-ақ бір мәні бар: ол мін өлең бунақтары тексеріліп, орнына қойылмағандық . Оны оқығанда я әнге салып айтқанд кемшілігі зор болады. Дауыстың ағынын бұзып, өлеңнің ажарын кетіреді. Мысалы, төселіп, желіп келе жатып, текіректеп кеткен сияқты. Бұл кемшілікті түзетуге болады» [2,301], - дейді.

Ахмет Байтұрсынов қазақ әдебиетінің тарихын да парықтап, әдеби зерттеу еңбектерін де тудырды. «Ахмет Байтұрсынов қаламынан шыққан «Жоқтау», «Ер Сайын» сынды зерттеу кітаптары-ежелгі әдеби мұраларды ұлттық мүдде орайында танудың үздік үлгісі. Кітапша жинақталып, талданған жиырма үш жоқтау, әсіресе, Қазыбек би мен Абылай ханды, қазақтың асыл ұлдарын жоқтаған әдеби мұралар – ел тарихының қазыналы парақтарын айқара ашқан асыл дүниелер. Асан Қайғы, Нысанбай жырау, Бұдабай ақын, Наурызбай би, Алтыбас, Шортанбай, Байтоқ, Сүгір, Мұрат, Шернияз, тағы басқа ондаған тұлғалы жыраулар мен шешендік сөз зергерлері қазақтың Бас ғалымы Ахмет Байтұрсынов талдаулары арқылы тұңғыш рет кәсіби білікті әдеби зерттеу нысанасына ілінді» [3, 26-27].

Ахмет Байтұрсыновтың әдебиеттану саласындағы күрделі еңбегі-Қызылорда-Ташкент қалаларында 1926 жылы басылып шыққан «Әдебиет танытқыш» кітабы. Бұл кітап – сөз өнері, әдебиет теориясы жайында жазылған қазақ тіліндегі тұңғыш зерттеу еңбек. Академик, әдебиеттанушы ғалым З.Ахметов «Әдебиет танытқыштың» сипатына байланысты төмендегі тұжырым жасайды: «Әдебиет танытқышта» негізінен поэтика, стилистика, өлең құрылысына қатысты мәселелер көбірек сөз болады. Автор поэзия тілінің бейнелілігін, сөз қолдану тәсілдерін мұқият зерттеп, теңеу, ауыстыру» (метафора), алмастыру (метонимия) шендестіру, арнау, қайталақтау, дамыту, бүкпелеу секілді ұғымдарды әдеби термин ретінде қолданады. Сөйлемдердің синтаксистік топ болып бірігуін, «оралым», «қайшы оралым» деген сияқты түрлерін ажыратып көрсетеді. Қазақ өлеңінің ырғақтық құрылыс-жүйесін айқындай, бунақ, тармақ, шумақ ұғымдарын қалыптастырады [4,92]. Ахмет Байтұрсынұлының «Әдебиет танытқышының» өлең құрылысына арналған бөлімі әйгілі түрколог, әдебиеттанушы ғалым Жирмуынскийдің академиялық сипаттағы күрделі еңбегі «Теория стиха» еңбегінен мәні де мағынасы да бір де кем емес екендігін айта кеткеніміз жөн.

«Әдебиет танытқыштың» сипатын толық байыптай келгенде аңғарғанымыз, біздің ұғымымызша ол тек таза әдебиет теориясы мәселелерін ғана сөз етіп қоймай, біріншіден лингвистика стилистикасын, одан қала берді поэтика стилистикасын сөз етіп, бүгінгі таңда тіл білімінің ерекше саласы болып отырған лингвопоэтика мәселелерін мол қамтып, ерекше нысанға алады. Сонымен бірге бұл еңбекте ғұлама ғалым шешендік өнер мен ауыз әдебиеті түрлеріне де кең тоқталады. Ғалымның шешендік өнерге қатысты саясат шешен сөз, билік шешен сөз, қошемет шешен сөз, ділмар шешен сөз, уағыз көсем сөз, деп жіктеуі, ауыз әдебиеті түрлерін: ертегі, аңыз-әңгіме, өтірік өлең, жұмбақ, жаңылтпаш, бас қатырғыш-бұлар бір топ. Батырлар жыры, тарихи жыр, айтыс өлең, үгіт өлең, үміт өлең, толғау, терме-бұлар екінші топ. Мысал, ділмар сөз, тарпақ, мақал, мәтел- бұлар үшінші топ. Жын шақыру, құрт шақыру, дерт көшіру, бесік жыр-бұлар бесінші топ. Ал қазақ ауыз әдебиеті жұмсалатын орнына қарай екі салаға 1)сауықтама, 2)сарындама-дегендері шешендік өнер ғылымы, фольклориктика ғылымдарының принциптерімен тоғысса, ал шешен сөйлеу актісі, шешен сөз процесін: бастамасы, ұсынбасы, мазмұндамасы, қыздырмасы, қорытпасы деп беске бөлуі Еуропа риторика ғылымының көзқарас, тұжырымдарымен үндесіп, Ахмет Байтұрсынов сөз өнерінің ғылымын екіге бөледі: 1)шығарманың тілінің ғылымы, 2)шығарманың түрінің ғылымы. Ғалым сөз өнерінің ғылымы дегенде филология ғылымын айтып отыр. Ал филология ғылымдары екі салаға 1) тіл білімі 2) әдебиеттану салаларына бөлінетіндігі белгілі. Сонда шығарма тілінің ғылымы-лингвистика, шығарма түрінің ғылымы-әдебиеттану болып шығады. Ал ғалым: «шығарманың екі жағы бар: 1) тысқы тіл жағы, 2)ішкі пікір жағы»- дегенде көркем әдебиеттегі мазмұн мен пішін сипаттарын айтып отыр [1,348 ].

Ғалымның шығарманың тысқы тіл жағы дегені-пішін, ішкі пікір жағы дегені-мазмұн болып шығады. Ал ғалымның көркем өнерді көрнек өнері деп атап, оны бес тарауға бөлуі қазіргі еуропа эстетика іліміндегі көркем өнерді бес түрге жіктеуімен үйлеседі. Яғни сол кездегі еуропа және орыс әдебиеттануындағы көркем өнердің түрлері туралы принциптер Ахмет Байтұрсынұлының теориялық зердесінен толық өткендігін бағамдаймыз.

Ғалым қара сөз бен дарынды сөз жүйесі бар дей келіп: «Қара сөз бен дарынды сөздің арасындағы даралық жұмсалатын орнына, қызметіне қарай былайша айырылады: дарынды сөз адамның ойына өң береді, көңіліне күй түсіреді, қара сөзден адам тек ұғым алады.

Арабша қара сөзді шығарманы насыр деп, дарынды сөзді шығарманы назым деп атайды; арабша айтқанда, біз де солай дейміз, қазақша айтқанда, қара сөз, дарынды сөз деп жүгінеміз-деген пікір түйеді. Бұл жерде ғалым қара сөз деп прозалық тұрпаттағы ғылыми стиль тілін, дарынды сөз деп көркем әдебиет тілін айтып отырғанын аңғарамыз.

Қара сөзді 1) Әуезе 2) Әліптеме, 3) Пайымдама деп үш салаға бөледі. Әуезе негізінен 1) Мәлімдеу, 2) Мазмұндау, 3) Қорытудан тұратынын айта келіп, оның өзін алты тарауға бөледі. Олар:1) Шежіре 2) Заман хат 3) Өмірбаян, 4) Мінездеме, 5) Тарих 6) Тарихи әңгіме. Осы жүйелеудегі қазақы ұғыммен алынған заман хат атауы біздің бүгінгі әдебиеттегі тарихи-көркем жанр болып есептелетін мемуармен сәйкеседі. Ғалымның әліптеме ұғымын әдебиеттегі образдылық, бейнелілік ұғымымен түсіндіруге болады. Пайымдама академиялық стильдегі ғылыми шығармаларды түсіндірсе керек. Пайымдаманың өзі төртке бөлінеді. Олар:пән,сын, шешен сөз, көсем сөз. Ғалымның осы жерде көсем сөз деп отырғаны бүгінгі түсініктегі публицистика жанры болмақ.

Ахмет Байтұрсыновтың «Әдебиет танытқыштағы» дарынды сөз деп отырғаны көркем әдебиет, ертеректе Аристотель заманында поэтика, бертініректе поэзия аталды. Осы дарынды сөзді 1) Әуезе, 2) толғау, 3)айтыс деп үшке жіктейді. Ол біздің бүгінгі түсінігіміздегі эпос, лирика, драма жанрлары. Ғалым әдебиеттің, поэтиканың болмысын: «Қара сөз көбінесе ғалымдардың, шешендердің сөзі болатындығы қара сөз түрлерінен анық көрінеді ,дарынды сөз олай емес, ақындардың, арқалылардың сөзі болады.

Ақындар ғалымдар сияқты болған уақиғаны, яки нәрсені болған күйінде, тұрған қалпында бұлжытпастан айтып, дұрыс мағлұмат беріп, ақиқаттауға тырыспайды, тұрған нәрсе күйінде, болған уақиға болған күйінде ақынға өте үйреншікті, жай қалыпты, жабайы көрінеді.Оның бәрін ақындар өз көңілінше түйіп, өз ойынша сезіп, өз ұйғаруынша суреттеп көрсетеді. Сол өзі ұйғарған түріндегі ғаламды сөзбен көрсетуге бар өнерін, шеберлігін жұмсайды, сөйтіп шығарған сөзі көркем сөзді шығарма болады. Оны шығаруға жұмсайтын өнердің аты ақындық болады» -деп тұжырымдайды [1,406].

Бұл жерде ғалымның бұл пікірі: «Тарихшы тек қана анық болған жағдайды, ал, ақын болуы мүмкін жайды айтуы мүмкін. Сондықтан поэзия тарихқа қарағанда фәлсапалы да, бәтуалырақ болмақ. Өйткені, ол барынша жалпы жайды, ал тарих жекелеген жайды әңгіме өзегі етеді», - деп жазған «Поэтика» трактатының авторы Аристотель пікірімен үндесетіндігін байқаймыз. «Әдебиет танытқыштағы» Ахмет Байтұрсынұлының көркем шығармадағы мезгіл мен орын туралы тұжырымдары бахтиннің хронотоп туралы тұжырымдарынан көп бұрын айтылған [1,400].

Ғалым ауыз әдебиетінен бұрынғы алғашқы қауым адамдарының мифтік санасынан туындаған адам мен табиғат бір деген түсінікті, яғни мифопоэтикалық мектеп өкілдері алғашқы космогониялық танымнан туындайтын анимизм құбылысы деп жүрген жайды: «Адам анайы шағында бала сияқты жанды, жансыз нәрсені айырмаған. Жандысы да, жансызы да бірдей тіршілік ететін, бірдей өмір сүретін сияқты көрінген. Қуырмағын, басқа ойыншық нәрселерін жанды нәрседей көретін балалар сияқты болған. Табиғаттан ұзап кеткен әсері болмаған соң, адамның өзі де табиғатпен қатар, табиғатпен жалғас, сабақтас, өзектес күйде өмір шеккен. Жансыз нәрселерді жанды деп таныған ол заманның адамы өлімді өлу деп білмеген. Өлгенін тірісіндей көрген, қару-жарақ сияқты тұтынған нәрселерін өзімен бірге қойған. Ішуге басына тамақ қалдырған»-деп сипаттайды.

Кеңестік кезеңдегі қазақ әдебиет теориясының үздік білгірі, академик З.Қабдолов Ахмет Байтұрсынұлының «Әдебиет танытқышы» жөнінде: «Егер Лессинг өзінің «Гамбург драматургиясында» Аристотель «Поэтикасын» мінсіздік тұрғысынан «Евклид элементтерімен» қатар қойған болса, біз бүгін Ахаңның «Әдебиет танытқышын» Аристотель «Поэтикасымен» салыстырар едік.

Мұның мәнісі-екеуі де: бірі грек әдебиетінің, екіншісі қазақ әдебиетінің алғашқы «әліп-билері». Асылы, үздік қасиеттер бір-бірінен неғұрлым ерекше болса, бір-біріне соғұрлым ұқсас болады», - деп жоғары баға берген [ 5,383].

«Әдебиеттанытқыштың ең құнды, маңызды бөлігі- әдебиет теориясының маңызды саласы – өлең жүйесін ұлттық өлең жүйесі негізінде талдап, зерделеуі дер едік. Қазақ өлең жүйесін теориялық зор біліктілікпен талдай келіп, ұлттық өлең жүйесіне тармақ, шумақ, ұйқас, бунақ, буын сияқты теориялық атауларды қалыптастырды.

Кеңестік тұстағы қазақ әдебиеттанушыларының қазақ әдебиет теориясының басында Ахмет Байтұрсынұлы тұрғанын айтуға мүмкіндіктері болмады. Осы бір жайттарға байланысты академик Зейнолла Қабдолов: «Бүкіл дүниежүзілік әдебиет теориясында Арнау деген бір-ақ түр; шауып шықса, бұған Шешендік сұрау қосылып қана аздап ажарлануы мүмкін. Ал қазақ поэзиясында Ахаң осының үстіне үш түр тауып қосып, құбылтып, құлтыртып әкетеді»-дейді де: «Әдеттегі дәстүр жалғастығының заңына орай осы үш түрлі арнауды әрқайсымыз өзімізше пайымдап, қисындап, кейде тіпті қиыннан қиыстырып, біз де кітаптарымызға кіргіздік.

Бірақ, амал не,бұл жаңалықты тапқан Ахмет Байтұрсынов екенін кезінде ашып айта алмай, Қажым Жұмалиевке сілтеме жасауға мәжбүр болдық.

Бұл-бұл ма? Қазіргі қазақ тіл біліміндегі секілді, қазақ әдебиеттануындағы әдеби терминдердің басым көпшілігінің баламын ойлап тапқан да Ахаң: көріктеу, кейіптеу, ауыстыру, алмастыру, түйіндеу, түйдектеу, айқындау, айшықтау... – осылардың бәрінің түп-тамыры Ахаңда жатыр», - деп ашығын жазады [ 5,384-385-386].

«Әдебиет танытқышта» ғалым кәсіби сыншыға керек қасиеттерді де атап өтеді. «Дарынды сөзді сынау үшін де білім керек. Бірақ қара сөзді шығармаларға керек болған пән білімі емес, басқа түрлі білім керек.

Бұған ғылым білімнен көрі өнер білімі көбірек керек. Ұстаның мінін көбінесе ұсталар көреді. Сондай-ақ дарынды сөздің мінін ақындық дарыған адам көбірек көрмек. Бірақ ұста ғана істеген нәрсенің мінін ұстаның бәрі көре бермейді. Жақсы ұста ғана ұста істеген нәрсенің мінін көре алады; жаман ұстаға өзінен артық ұстаның істеген нәрсесінің бәрі де жақсы көріне береді. Ондай ұстадан да жақсы ұстаның істеген нәрсесін тұтынып, көзі үйренген жай адам ұстаның ісін артық сынайды. Сол сияқты дарынды сөзді ақындығы шамалы адамнан да жақсы ақындардың сөзін оқып, әдемілігінен әсер алып үйреніп қалған, оқыған жай зейіні ашық адамдар дарынды сөзді артық сынауы ықтимал. Сондықтан дарынды сөзді сынауға ақындық керек болғанмен, ақын емес адамның да қолынан келмейтін іс емес. Сөйтіп, ғылым сыны ғалымдықсыз жасалмайтын сын да, дарынды сөз сыны ақындықты керек қылғанмен, ақындығы жоқ, ақындықтан шыққан әдемі сөздерге үйір болған адамдар да жасауға болатын сын» [2,221].

Бұл жерде ғалым дарынды сөзді көркем шығарманы сынайтын сыншыға тек әдебиеттанушылық, филологиялық, гуманитарлық ілімді игерумен ғана шектелмей, оның үстінде ол қаламгер не ақын болу керектілігн не болмаса көркем шығарма заңдылықтарын игерген, шығармашылық, өнер иесі болуы керектігін де ескертетін сияқты. Сосын көркем шығарманы сынауға тек қана кәсіби сыншы емес, былайғы көркем әдебиетті көп оқыған, тоқыған, одан көркемдік жоғары әсер ала алатын көкірегі ояу, көзі ашық білімді де білімдер жай қарапайым оқырманның да құқы бар екенін сездіреді.

Қазақ әдебиетінің алыптарының бірі, ұлы Мұхаң, Мұхтар Әуезов сонау 25-26 лардағы балаң кезенің өзінде: «Ақан ашқан қазақ мектебі, Ахаң түрлеген ана тілі, Ахаң салған әдебиеттегі елшілдік ұраны, «Қырық мысал», «Маса» еңбегі «Қазақ» газетінің 1916 жылдағы қанжылаған қазақ баласына істеген еңбегі, өнер –білім, саясат жолындағы қажымаған қайраты, біз ұмытқанда да, тарих ұмытпайтын істер болатын. Оны жұрттың бәрі де біледі. Бұның шындығына ешкім дауласпайды»-деп зор бағасын беріпті [1.4-5].

Сөз соңында айтарымыз, біз үшін Ахмет Байтұрсынұлы қашанда қазақ әдебиеттануының алып бәйтерегі, ұлы тұлғасы болып қала берері сөзсіз!

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Ахмет Байтұрсынов. Ақ жол. А.,1991

2. Ахмет Байтұрсынов. Шығармалары.А.,1989

3. Қазақ әдебиетінің тарихы. 6 том.А.,2006

4. Ахмет Байтұрсынұлы. Энциклопедия.А.,2017

5.ҚабдоловЗ. Таңдамалы шығармалар. 2 том. А.,2003


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар