2025 жылдан бастап Қазақстанда Ұлттық кітап күні арнайы күн ретінде белгіленді. Президент Қ. Тоқаев бастамасымен бекітілген мұндай күндер көбіне қоғамдағы құндылық иерархиясын қайта қарауға ықпал етеді. Бұл жағдайда кітап – тек білім мен ағартушылық құралы ғана емес, ұлттық сана, интеллектуалдық капитал және мәдени индустрияның өзегі ретінде қайта мойындалып отыр.
Анығында, соңғы жылдары отандық кітап нарығында байқалған өзгерістер енді жүйелі сипат ала бастады. Бұрынғыдай тек мемлекеттік тапсырысқа немесе идеологиялық бағыттағы әдебиеттерге сүйенген модель жұмысынан бөлек кітап саудасы нарығына бейімделген, оқырман сұранысын ескеретін жаңа баспа мәдениеті қалыптасып келеді. Жекеменшік жас баспалардың көбеюі, олардың редакциялық саясатының әртараптануы, дизайн мен полиграфия сапасының жақсаруы – осының бәрі отандық кітаптың бәсекеге қабілеттілігін арттырды. Қазіргі таңда кітап тек мазмұнмен ғана емес, визуалды эстетикасымен, маркетингтік стратегиясымен де күресетін өнімге айналды.
Осы жақсы үрдістің маңызды бір қыры – автор мен баспа арасындағы қарым-қатынастың өзгеруі. Бұрын автор көбіне баспаның «тапсырыс орындаушысы» рөлінде болса, бүгін ол – нарықтағы дербес субъект. Жеке брендке айналған жазушылар легі пайда болды, олардың кітаптары алдын ала сұраныс тудырып, мол таралымды қамтамасыз ететін деңгейге жетті. Бұл – әдебиеттің институционалдық тұрғыдан күшейіп келе жатқанын білдіреді. Осы ретте «Отбасы хрестоматиясы» жобасының кітаптарын атауға болады. Жоба жетекшісі, ағартушы Санжар Керімбайдың рөлі айрықша әспеттеуге лайық.
Ал оқырман мәселесіне келсек, ұзақ уақыт бойы «қазақ оқымайды» деген үстірт пікір үстем болды. Алайда соңғы кезеңде бұл тезистің әлсіздігі айқындала түсті. Қала жастары арасында кітап оқу мәдениеті жаңа форматта жанданды: кітап клубтары, әдеби подкасттар, әлеуметтік желідегі пікірталастар – бәрі оқырман қауымының қалыптасып келе жатқанын көрсетеді. Әсіресе нон-фикшн жанрына сұраныстың артуын байқадық. Заманауи қазақ авторларының оқырман табуы – құрылымдық өзгеріс. Сонымен қатар аударма әдебиеттің рөлі де күшейді. Әлемдік бестселлерлердің қазақ тіліне жедел әрі сапалы аударылуы ішкі нарықтағы бәсекені арттырды. Бұл отандық авторларға да жаңа талап қояды: әдеби немесе ғылыми көркем мәтін сапасы, тақырып өзектілігі, тілдік стиль – бәрі халықаралық деңгеймен салыстырылатын кезеңге жетті. Яғни, енді қазақ әдебиеті жабық кеңістікте емес, ашық бәсекелік ортада өмір сүріп жатыр.
Президент тапсырмасына сай ҚР Үкіметі, соның ішінде Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен, ҚР Ұлттық Кітап Палатасының ұйымдастыруымен баспагерлер арасындағы «Ұлттық кітап» байқауы, міне, екінші рет жүзеге асып отыр. Отандық баспаларды ынталандыру, кітап мәдениетін күшейтуге арналған байқау 1) Балаларға арналған үздік кітап; 2) Үздік комикс; 3) Нон фикшн бағытындағы үздік кітап; 4) Детектив жанрындағы үздік кітап; 5) Сатира жанрындағы үздік кітап; 6) Үздік иллюстрациялық кітап; 7) Үздік аударма кітабы; 8) Фантастика жанрындағы үздік кітап; 9) Үздік баспа номинациялары бойынша қомақты сыйақы беріледі. Ал мазмұны мен баспа-полиграфиялық сапасы жағынан өте жоғары деңгейде дайындалған, сатылым көрсеткіші жоғары, жылдың ең үздік деген басылымына Гран-при сыйлық беріліп, ол «Жыл кітабы» атанады.
Ұлттық кітап күнінің атаулы күндердің күнтізбесіне енгізілуі осы үдерістерді институционалдық тұрғыдан бекітіп, символикалық деңгейден нақты әрекетке көшуге мүмкіндік береді. Бұл күн тек мерекелік іс-шаралармен шектелмеуі тиіс. Ол кітап индустриясының барлық қатысушылары – автор, баспа, дистрибьютор, кітапхана, оқырман – арасындағы байланысты күшейтетін платформаға айналуы қажет. Егер бұл күн жыл сайын мазмұнды талқылаулармен, кәсіби форумдармен, кітап жәрмеңкелері, KITAPFEST т.б. нақты шешімдермен толықтырылса, онда оның әсері ұзақ мерзімді болмақ.
Дегенмен, проблемалар да жоқ емес. Кітап дистрибуциясының әлсіздігі, аймақтардағы кітап қолжетімділігінің шектеулілігі, авторлық құқық мәдениетінің толық қалыптаспауына байланысты қиындықтар әлі де өзекті. Бұған қоса, әдеби сын институтының әлсіздігі де сапалы әдеби процестің тежелуіне әсер етеді. Нарық бар, өнім бар, оқырман бар, бірақ солардың арасындағы кәсіби рефлексия мен бағалау жүйесі әлі де жетілуді қажет етеді.
Қазақстандағы кітап индустриясы соңғы жылдары сапалық жаңа деңгейге өтті деуге негіз бар. Ұлттық кітап күнінің енгізілуі – осы өзгерістердің заңды жалғасы. Ендігі міндет – бұл серпінді уақытша науқанға айналдырмай, тұрақты мәдени-экономикалық жүйеге айналдыру. Сонда ғана кітап – тек мерекелік атрибут қана емес, қоғамның интеллектуалдық тірегіне айналады.
