Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖОЛДАУ
Ұлттық сапа: кеше, бүгін, ертең...

11.09.2020 6669

Ұлттық сапа: кеше, бүгін, ертең 12+

Ұлттық сапа: кеше, бүгін, ертең - adebiportal.kz

Қазір ұлттың, алаштың атынан сөйлеу сәнге айналып бара жатқанын жиі байқаймыз. Өзінің «иттігін» «қазақпыз ғой» деген емеурінмен бүркемелеуге асығып тұратын саяздығымыз тағы бар. Ұлт туралы сөз болғанда бәріміз «данышпан» болып кетеміз. Қара аспанды төндірген сайын білермендігіміз бен аяр жанашырлығымыз асқына түседі. Ұлттық руханиятымыздағы осы бір теріс энергияға толы індет қазіргі әлемді жайлаған обадан да қауыпты ма деген ой санаңның бір бұрышынан еріксіз қылаң береді. Ұлттың сүйегін жасыта бергенді қоятын уақыт жетпеді ме? Елдік аурамыз неге осынша тұманданып кетті? «Абылай ханның түсін» айтып күңіреніп отыра бермекпіз бе? Осы сұрақ ертеңін ойлайтын әрбір алаш баласын мазалайтыны анық. Кеше білім күні аясында жасаған жолдауында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қазақ зиялыларының жаңа кезеңдегі міндеті – ұлт болмысының жаңа қағидаттарын орнықтыру. Сондай-ақ ұлт сапа­сын арттыруға атсалысу», - деген сөзді айтты. Мен әңгімемізді саясиландырайын деп отырған жоқпын. Еркін ой алаңының өзегі – бүгінгі ұлттық мүде болмақ. Шын мәнінде қазақ болмысын шыт жаңа түлету мен өркендету стратегиясы енді кезек күттіретін дүние емес. Қазақтың ары мен ұяты, бүгіні мен ертеңі сынға түсіп тұр. Таразы басының ұзақ теңселе беруі мемлекеттік идеологияның теңдігіне кері әсерін тигізері сөзсіз. Осы сынның салмағы бүгінгі ел азаматтары мен ұлт зиялыларына түсіп тұрғаны белгілі. Әңгімеміздің ауаны осы төңіректе болса деген ниттеміз.

- Сіз ұлт болмысының жаңа қағидатын жасау жолында не ұсынар едіңіз?

Роза МҰҚАНОВА

жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев осыған байланысты Жолдауда ұлттық жаңа болмысты қалыптастыру міндеттерін жүктеді. «Жаңарған ұлт қана жаңғырған елдің жетістігін жаһан жұртына таныта алады» деді. Демек бүгінгі мемлекет құрушы буынның алдында жауапты міндеттер тұр. Ол біздің – ЖАСТАР.

Жастар әр қилы... Бірі терең білімді, заманауи бірақ көпшілігі мемлекетшіл, ұлтшыл емес. Екінші бір буын бар әсіредіншіл – ол да мемлекетшілдік, ұлттық құндылықтан алшақ мүддені таңдаған. Үшінші бір буын бар, алдыңғы екеудің ықпалына түсетіндер, олар ауылды жерден қалаға келгендер. Осы үшінші буынның өкілдері қазіргі жоғарғы оқу студенттері. Ал төртінші буын – ол ауылдағы мектеп, теледидар, инстаграм, әлеуметтік желімен тәрбиеленетіндер болар.

Маған қымбат буын – ауылдан келген жастарымыз. Оларға кітапхана, театр, кино, шеберлік оқулары (танымал жас ғалымдар, жас жазушылар, жас саясаткерлермен кездесу, шет елге тағлымдамаға баруға ықпал жасау) Рухани дамуына, өзгеруіне ықпал етуіміз керек.

Мемлекет басшысы «ұлтымыз жаңа сапаға көшу үшін біздің күнделікті өмірлік ұстанымдарымыз өзгеру керек» деді. Уақыт деген ұлы жылдамдық. Ілесіп үлгергені – ұтты, үлгермегені – ұтылды. Ұтылу – қасірет. Себебі –жұмыссыздық та, кедейшілік те уақыт жылдамдығына үлгере алмаудан бастау алады.

Ел ішінен қалаға келген жастар, оқуға да, оқып жүріп жан бағуға, жан бағып жүріп жетілуге бар күшін салады. Бұл ата-ана тәрбиесін көрген, ұлттық дәстүр сабақтастығынан ажырамаған, арман-мақсатпен үлкен қалаға келген мейірімді жастар. Осы жастарға тәрбие де, қолдау да керек.

Мен университетте сабақ беремін. Ең алдымен талантына, жігеріне, адамгершілігіне ден қоямын. Ондай жастар көп. Олар тез жетіледі. Елдің мұңын да, проблемасын да өте жақсы біледі. Бала кездерінен еңбекке жегіліп өскен буын. Олардың санасына жаңа серпін беретін, тәрбиелейтін АҒА буын. Конкурстарда, бәйгелерде, ынталандыруда мейілінше адал, аға буынның әділ болғанын көріп өсуі керек. Жастар аға буыннан көңілі қалса ертеңгіге сенімдері жоғалады, көргенін істейді, адасады.

Мен өз шәкірттерімнің мүддесін туған балаларымнан жоғары қоямын. Себебі туған балаларым, жетіліп өсті, қалада тұрды, таңдаулы мектептерде оқыды, соның арқасында шет елдік оқу орындарының айтулы университеттерінің грантына өздері қол жеткізді. 4-5 тілде еркін сөйлейді. Себебі ата-ана ретінде біз барымызды салып, көңіл бөлдік. Ал шәкірттерім ондай мүмкіндікке ауылда жүріп қайдан қол жеткізер еді. Сондықтан шәкірттерімнің болашағы, тағдыры маған да салмақ салады. Оған бәз біреулер дау айтса, шәкірттерім куәлік келтірер. Менің шәкірттерім, ауылдан келіп, халықаралық конкурстардан жүлдегер болып, өз киносценарийлерін өздері түсіріп халықаралық кинофестивальге қатысқандар. Олар бір-бірімен бәсекеге түсіп жүріп жетілді. Олар ана тілінен нәр алып, ұлт тәрбиесін бойына сіңіргендер, намысшыл. Міне осы буынға шын қолдау керек!!!

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев әлемнің жетекші ғылыми орталықтарына 500 ғалымның тағылымдамадан өтуін, «Жас ғалым» жобасы аясында ғылыми зерттеулер жүргізуге 1000 (мың) грант бөлуді үкіметке тапсырды. Дәл осы тұста орындаушы органдар қадағалауы керек, белден басып, тамыр-таныс болмауы қатты қадағалануы керек! Біздің Ұлттық Өнер Университетіне докторантураға грант өте аз бөлінеді. Бүкіл университетке 3-4-ақ грант. Қаншама мамандықтар бар, әр мамандықтың ғылыммен айналысып жүрген талантты жас ғалымдары қаншама. 3-4 грант қайсысына жетеді.

Қысқарта айтқанда, ұлтқа қызмет ету – ауылды көркейту. Қала мәдениеті ұлт болмысын жаһандандыра алады, бірақ ауыл мен қала арасындағы айырмашылық, теңсіздік кедергі жасап келеді.

Қазір Назарбаев зияткерлік мектебі бар. О баста бұл мектеп бір ғана мектеп еді. Дарынды оқушылар қатаң конкурспен іріктелді. Оқулықтары Кембридж, Оксфорд колледждерінің білім деңгейінде оқытылды. Алғашқы келген шет елдік ұстаздар да конкурспен таңдалғандар еді. Қазір не болды?.. Қалаларда, облыс орталықтарында бұл мектептер көбейтілді. Әкім-қараның, қызметтегілердің балалары тамыр-таныстықпен түсіп алған. Немесе, Астана, Алматыдағы мектепке түсе алмағандары облыс орталығындағы осы мектептерге жіберіледі. Оқу сапасы бұрынғыдай емес, себебі мұғалімдер отандық. Шет елдік мұғалімдер қысқартылған. Қазіргі деңгей алғашқыдағы деңгейден төмен. Қазіргі шет елдік мұғалімдердің ағылшын көрсеткіші оқушыларымыздан төмен, пән сабақтары да солай. Неге? Конкурста бұларға қандай талап қойылды, талапты кім қойды? Мәселе өте көп...

Бұл мектепті Елбасы қандай күшпен құрып беріп еді. Ұлттық қордан қаржыландырылды. Оқушыларға жауапкершілік, сенім, болашақ, жүктелді. Олар осыған кәміл сенді. Керемет көрсеткіштерге қол жеткізді. Ақыры 5-6 жылда тамыр-таныс жайлады. Шет елдік мықты мұғалімдер кете бастады. Ең соңында бұл айтулы мектепті қарапайым мектептің деңгейіне түсіру мәселесі көтерілді, білім деңгейі ақсай бастады. Енді қарапайым мектептермен деңгейі бір санатта теңестірілетін болды. Оқитын оқулығы да, сұранысы да отандық оқулықтарға айналды. Құлдырау басталды.

Меніңше мұндай мектептерде тек қазақ сыныптары болуы керек. Назарбаев мектептеріндегі оқушылар жаппай орыс, ағылшын тілінде сөйлеседі. Себебі көпшілігі орыстілді ата-аналардың балалары. Не істеу керек?.. Қазақ тілінде әңгімелесу (собеседование), эссе жазудан өткен оқушылар ғана іріктеліп барып ағылшыннан, математикадан, физикадан, емтихан тапсыруға жіберілуі керек.

Бұл мектепті ҰЛТ болашағы үшін, мемлекет болашағы үшін кадр дайындалатын институт баспалдағы ету мақсаты көзделу керек.

«Болашақпен» оқып келген жас мамандар облыстағыларды, қалалардағы Назарбаев мектептерін дамытуы, жетілдіруі керек.

Ұлт болашағы үшін жасалған талай бағдарламалар қылмыстық істердің көрпесінің астында тұншықты. Оған өзіміз кінәліміз. Билік емес, өзіміз. Жақсы мектепке оқытуға таныс іздейміз, баланы 2-3 жасынан бастап даярлап жетілдірумен айналыспаймыз. Жақсы жұмысқа тұрғызуға таныс іздейміз, қандай тәжірибеден өтті, білімі қандай шаруамыз жоқ.

Жолдаудағы сөзінде мемлекет басшысы: «Қазақ зиялыларының жаңа кезеңдегі міндеті – ұлт болмысының жаңа қағидаттарын орнықтыру. Сондай-ақ ұлт сапасын арттыруға атсалысу», - деді. Меніңше қоғамның осындай әлсіз тұсына зиялы қауым да атсалысып отыруы керек.

Құдияр БІЛӘЛ

жазушы:

- Басы ашық жәйт. Ұлттық болмысты өзгерту бірер күннің шаруасы емес. Өзгерту мәселесі тілге тиек етілгеннен кейін осыған дейін біз иеленіп келген ұлттық құндылықтардағы келеңсіздіктерді алға шығару мәселесі өзінен-өзі түсінікті бола бастайды. Ал ол қандай құндылықтар? Егер құндық болса, оны біз неге өзгертпекпіз? Мәселеге осы тұрғыда назар аударғанда мемлекет пен ұлттық құндылықтар арасындағы алшақтық айқын сезіле түседі. Себебі біз әлі күнге дейін ұлттық мемлекет құруға қол жеткізе қойған жоқпыз. Сондықтан біз иелік ететін «ұлттық құндылықтардың» кешегі күнгі КСРО қүрамындағы елдер ардақ тұтатын құндылықтардан пәлендей айырмашылығы жоқ. Сірә Президентіміз ұлт болмысының жаңа қағидаттанын орнықтыру мәселесін соған орай көтерсе керек. Бұл – құптарлық қадам. Себебі билік – ұлттық болмыстың айнасы. Ал біз ол айнадан не көріп отырмыз? Рас, ол жерде бәрі бар. Тек қазақ жоқ. Қазақ жоқ жерде ұлттық болмыс туралы сөз қозғаудың өзі артық. Алайда жоғарыдан ұсыныс түсті. Ал ол ұсыныс не себепті түсті? Жауап айқын. Билік бүгінгі ұлттық көзқараспен үндесе алмай қалды. Демек халық өзіндік бағзылық болмысын қалыптастыра бастады. Ал билік оған дайын болмай шықты. Сонда не істемек ләзім? Дұрыс. Перезидентіміз айтқандай, қазақ зиялыларының алтын көпірлік қызметіне жүгінген жөн. Ал ол қызметті кеңестік рухта тәрбиеленген зиялылар атқара алмайды. Атқара алматыны, олар түсінік-танымында Құдай жоқ. Ал біздің бағзылық ұлттық болмысымызға құдайсыздық жат. Сондықтан да менің ұсынысым – иман. Иманды тек дінмен шектеуге болмайды. Иман тұрғысындағы менің түсінігім, ол – қазақ. Бізге сол иманды қазақты қайта қалыптастыру керек.

Арай ЖҮНДІБАЕВА

философия ғылымдарының докторы (PHD), әдебиеттанушы:

Әрбір адам еңбек ету керек. Өз саласының білгір маманы болуға талпынуы қажет. Қайда жүрсе де, өз ортасының мәртебесін арттыруға күш салу керек. Бұл – ұлт болмысының жаңа портреті. Кешегі алаш зиялыларын алайық: қай-қайсы да өз ісінің шебері болатын. Артына мұра қалдырды. Рух қалдырды.

Біз еліктеуден ада болуымыз керек. Бүгінгі қоғамда жастардың танымы, ойы, пікірі, көзқарасы кейде өте ұқсас болып кетеді. Бір сөзбен айтқанда, талғамдары егіз қозыдай. Мұндай талғаммен де ұлтқа қызмет етуге болады. Бұл қызмет ету – бүгіндік. Ұлт болмысының жаңа қағидатын бір формулаға сыйдыру мүмкін емес. Рухани әдеби саладағы ұлт болмысының жаңаша түлеуі, өз азаматтарынан мынаны талап етеді:

  1. Төл мәдениетіміз бен әдебиетімізді білу, талдай алу
  2. Көп тіл білу – көп тілді меңгерген адам мәдени кеңістігі кеңейе түседі
  3. Еңбек ету, тынымсыз еңбек ету
  4. Кешірімді болу кез келген іске кешірімділік керек
  5. Өз ойына, идеясына адал болу

Серікзат ДҮЙСЕНҒАЗЫ

ақын, филология ғылымдарының кандидаты:

- Мен президентіміздің бұл жолдауын толық тыңдап шықтым. Әрине, көп мәселелер көтерілді. Соның ішінде ұлттың жаңа болмысы деген тақырыпқа айрықша тоқталды. Мұндағы негізгі мақсат біртұтас сапалы ұлт құру мәселесі. Бұл менің көңіліме қонады. Бұл шынында да қазіргі заманның талабы. Біз баяғы ХІХ ғасырмен, қала берді ХХ ғасырмен өмір сүре алмаймыз. Ақпараттық-технологиялық заманның қарқынды дамуы, біздің ұлттың да көштен қалмауын міндеттейді. Жаңғырған ұлттың жетістігі ғана өз елін жаһанға таныта алады. Жаңа заманның қағидаттарын меңгеру – жаңа заман адамының негізгі міндеті. Бірақ мына мәселені естен шығармау керек. Біз өандай жағыдайда да, бұрынғы ғасырлар бойына жиылған ұлттық ізгі қасиеттерімізді жоғалтып алмауымыз керек. Ата-бабаларымыздың бізге жеткізген құндылықтарын жаңа уақыт кеңістігінің ұсынып отырған мәдениетімен ұштастыра дамыта білгеніміз жөн. Екі түйінді тоғыстыра білу керек. Президентіміз әуелі ХХІ ғасыр азаматы білімді болу керектігін, ерінбей еңбек етіп, кезкелген жұмысты кәсіби дағды арқылы жүзеге асыруға талпынып, жауапкершіліктен қашпау керек екенін қадап айтты. Біздің ортамызда кәсібилік пен жауапкершіліктің не екенін түсінбей, «өзім білемдікпен» шапқылай беретін азаматтар да табылып жатады. Осының бәрі біздің ұлттық өркениетіміздің алға басуына кедергі келтіреді. Президенттің елдік мүде жолында әділеттілік пен ұқыптылық туралы айтқаны да ұлттық болмыстың қағидаттарын орнықтырудың алғы шарты болып табылады. Сонымен қатар, зиялы қауымның ұлттың сапасын арттыруға ат салысуы керек деп атап өтуінің тарихи себептері бар. Қай заманда да халқымыздың көш басшысы – зиялылар болған. Сол қатарда қаламгерлер, жазушылар. Басқасын айтпағанда, ХХ ғасыр басында біздің ұлттық дамуымыздың қағидаттарын, құжаттарын Алаш қайраткерлері жасады. Олардың баршасы негізінен қаламгерлер. Әлихан, Міржақып, Ахметтер осы ұлттық мүде жолында күресті. Қай дәуірде де күрескерлік жолдың басында осы ақындар, қаламгерлер жүрді. Махамбет, Мұрат, Дулаттар ХІХ ғасырдағы қазақ руханиятының басында жүрді. Сол дәуірде Абай, Ыбырай, Шоқандардың ұлт болмысын өзгертуге жасаған қызыметтері ұшан теңіз. Яғни бүгінгі зиялы азаматтар осы қуатты үрдісті жалғастыру керек деп қадап айтып отыр. Зиялылар заман өзгерісінің барлығын меңгеріп, бағамдап елдік рухтың басында жүруі керек. Ұлттық болмысты жоғалтпай, уақытпен бірге жетілдірудің үлгісін көрсету керек. Халық зиялыларға қарап бойтүзеу керек деп ойлаймын.

- Ұлттың ішкі жан дүниесін қалпына келтіруде қазақ зиялыларының рөлі мен жауапкершілігі һәм міндеті қандай?

Роза МҰҚАНОВА, жазушы, Қазаақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

- Алғаш еліміздің тәуелсіздігі жария болғанда зиялы қауымға көп жауапкершілік артылды. Елбасы зиялы қауыммен жиі кездесіп отырды. Шерағаң, Әкім ағаң, Қадыр аға, Әбіш аға, Төлен аға Фариза апа т.б. Олардың тарапынан айтылған ұсыныс оң шешімін табатын. Ақпарат құралдарында айтылған жастардың пікірлері де қолдау табатын. Содан бір 10 жылдай болғанда билік зиялы қауымнан алыстай бастады. Бәлкім, Елбасымен емен-жарқын тіл табысып, ұлт мүддесіне жұмыс істете алатын ірі тұлғалар шенеуіктердің беделіне нұқсан келтірген болар. Себебі бұл тұлғалар халықтың алдында кез-келген шенеуіктен беделді еді. Әділін-ақиқатын айтып салатын. Бәлкім, қазақ зиялыларының кімдер екенін танымайтын, оқымайтын, көрмейтін шенеуіктер Елбасына дүниеқоңыз, тіленшек «зиялыларды» да сапырылыстырған болар. Қалай дегенмен де қызмет, көлік, үй, атақ, орден, депутаттық мандат сұрау т.т тенденциясы жаппай орын алды. Одан қала берді бірін-бірі жамандау, ұйымдасып арыз жазу, газет беттерінде айқасулардың белең алуы, жүзшілдік дертінің қозуы, «әдебиеттің айналасында топтасып, «әдеби шайкалардың» пайда болуы түлей түсті. Әдебиет «ақсақалы», «көксақалы» дегендер Елбасының алдына руласын, жерлесін жетелеп апаратын деңгейге барды. Ақырында Елбасын мақтап роман жазып, Елбасы туралы кино түсіріп, әбігер болысты. Елбасы ең соңында: «мен туралы түсірілген бірде-бір фильм маған ұнаған жоқ» дегенді айтты. Осындай әрекетке жол ашқан да жағымпаз шенеуіктердің «алтын көпір» жолбикелігінен болса керек. Әрине мұндай дәстүр тереңдеген сайын зиялылардың беделі арзандай береді. Біз осы дерттен айығуымыз керек! Шын мәніндегі зиялы тұлғаларымызды қоғамға танытуымыз керек. Зиялыны зиялысы силауға алдымен икемделу жөн шығар. Бізде жағымпаздар зиялылардың қатарында жүр. Екі мінезді. «Тоқтамыс ханның өзі барда тоңқаңдап жағымпаздануын қоймайды, Тоқтамыс хан жоқ жерде сыртынан жамандауын қоймайдының» кері. Осы екіжүзділік ҰЛТТЫ шатастырады. Ойбайшылмыз... Пікір сайысындағы мәдениетіміз төмен. Қара дүрсін тіл тигізу, ғайбат айтып қоғамға танымал болуға ұмтылу. Ақиқатына жүгінгеннің бәрі жаман. «Құйрығыңа қоңырау байлап», соңыңнан бес алтауын салып қойып, топтаса ит қуғандай езуін жимай отыратындар да бар.

Алдымен отаншыл болу – парыз! «Отаның үшін отқа түс» деген қанатты сөз бар емес пе, Отан қымбат!!! Ендеше Отанның бейбіт тыныштығы, мемлекеттің беделі, жеріміздің бүтіндігі, халқымыздың амандығы әр қазақтың парызы. Парыздан бой сауғалау – САТҚЫНДЫҚ!!! Оң сөзге жүгінбей, теріс сөзге ділмарсып әуес болу да САТҚЫНДЫҚ!!!

Зиялы қауымның алдында да үлкен белес тұр. Шығармашылықпен ғана айналысу бұл күнде аздық етеді. Ұрпақты, Ұлтты тәрбиелеу, рухани жаңару, жаңа ұлтты қалыптастыруда ҰСТАЗ болу міндеті тұр.

Құдияр БІЛӘЛ, жазушы:

- Көзге ұрып тұрған мәселе. Билік пен халық арасы алшақтап кетті. Себебі, биік ұлт зиялылары қызметін қажет етпей қойды. Қажет етпегені былай тұрсын, олардың халық алдындағы беделін түсіруге барынша тырысып бақты. Соған орай зиялылық ұғымын шенуніктердің өзі алмастыра бастады. Сол шенеуніктер қалыптастырған жаңа зилылық ұғымы бірыңғай жағымпаздыққа құрылды. Ал ол жағымпаздықты билік те қош көріп, ұдайы соларды марапаттаумен болды. Бұл ұрдіс біртін-біртін қанатын кеңге жая бастады. Соған орай ол бүгінгі күні ұлттық болмысымыздың құрамдас бір бөлігіне айналып кетті. Соған орай айтарым, егер ұлт зиялылары ұлттқа, бұл деген мемлекетке деген сөз, қызмет етсін десек, олар билік тарапынан тасталар «сүйек-саяққа» тәуелді болмау керек. Бір сөзбен айтқанда, сананы тұрмыс билемеу керек. Бұл тұрғыда кешегі КСРО мектебін қайта қалыптастырғанның сөкеттігі жоқ. Олар ұлт зиялыларына жүгіне отырып, әлеуетті мемлекетті қалыптастыра алды. Біз соны тек өз ұлттық формамызға негіздесек болды.

Арай ЖҮНДІБАЕВА, философия ғылымдарының докторы (PHD), әдебиеттанушы:

- Ұлттың ішкі жан дүниесін қалпына келтіру әрбір адамның өзінен басталады. Ал қазақ зиялыларының міндеті өсіп келе жатқан жасқа өнегелі білім, оң бағыт беру. Әрбір жасты өз баласы, өз бауыры ретінде бауырына тарта білу. Ішкі жан дүниесі бүтін адам тек сәби. Қоғамдағы әрбір адамның жан дүниесіне үңілсеңіз: тағдыр мен уақытты көресіз. Ал ұлттың жан дүниесі: тарих пен уақыт. Қоғам зиялысының жауапкершілігі осы тарихты келесі буынға түсіндіруімен, төл құндылықтарды келешек буын ұмытпай, болашаққа жалғауы үшін қалтқысыз қызмет ету.

Cерікзат ДҮЙСЕНҒАЗЫ, ақын, филология ғылымдарының кандидаты:

- Мен тағы да қайталап айтамын, қазақ зиялылары қашан да ұлттың дамуына, жаңа заманға бейімделуіне шамшырақ болып отырады. Президентте ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының сөзін бекер мысалға келтіріп отырған жоқ. Осы Ахаң бастаған қазақ зиялыларының сөзіне қарасаң, қазақ халқының әлемдегі мәдениеті ең озық елдермен қатар тұруын армандаған һәм сол жолда жұмыс істеген. Бағыт-бағдары мен жолын сілтеген адамдар. Енді үстіміздегі ХХІ ғасыр тіпті бөлек, бұл Алаш қайраткерлерінің түсіне кірмеген ғасыр. Алақаныңдағы телефонмен жер шарының арғы бетіндегі адаммен сөйлесе бересің. Технологияның мүмкіндігі басқа уақыт ұғымын тудырды. Осындай сәтте біздің зиялылар, ұлт қайраткерлері ойлануы керек. Әсіресе гуманитарлық ғылым саласының қайраткерлері біздің ұлттың осынау технологиялық заманға жұтылып, «сіңіп жоғалу қаупінен» сақтану керек. Осы уақытқа дейін ұлттық салт-дәстүрлер мен қағидаттарымыздың күл-талқаны шығып, болмысы мен бітімін өзгертіп, арзан құндылықтардың тасасында қалмауын ойластырғаны жөн. Сондықтан, ел алдындағы зиялы қауым ел алдында қашанда мүделі. Егер ол мүдеден шыға алмаса зиялылардың да өз міндетін толық ада етпегендігі. «Эдниса болмаса, не болады өңкей нөл» деген Абай тағылымы да осындай да танымымыздың дәйегі болмақ. Ұлттық мәдениетіміздің әлемдік өркениеттен өз орнын тауып, қатардан қалмауға тұлғаларымыздың жауапкершілігі алдыңғы орында. Менің ең қуанатыным да президенттің бұл мәселелерді терең түсініп, біздің ең жоғарғы биліктің мінберінен айтылғаны деп ойлаймын.

- «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» дейтін Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның аталы сөзін үнемі тілге тиек етеміз. Сіздің ойыңызша осындағы елге қызмет етерлік мінездің сипаты қандай болмақ?

Роза МҰҚАНОВА, жазушы, Қазаақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

- Ұлтқа қызмет еткен Алаш көсемдері, Абай сынды даналар, Ахмет Байтұрсынұлы сынды ұлт ұстаздары, М.Әуезов сынды ұлы суреткерлері. Барын да, малын да халық игілігіне жаратып, ұлт мүддесі жолында құрбандық болғандар. Ал қазіргі қоғамда мұндай қайраткерлер аз, бар болса бірлі-екілі ғана.

Мен қазіргі президентімізді шын мәнінде өзіме үлгі тұтамын. Мұны сұхбаттарымда жиі айтамын да. Өмірі биліктегілерге мақтау сөз айтып, жағымпазданып көрген адам емеспін. Ешкімнің алдына барып, сұранып, жыланып та көрген жан емеспін. Алаш қайраткерлерін танып білуден маһрұм болып өскен ұрпақтың өкіліміз. Бірақ Қасым-Жомарт Кемелұлын Алаш қайраткерлерінің сарқытындай көремін. Тәуелсіздікпен тағдыры қоса өрілген Тоқаев сынды зиялы тұлғалар билік басында сирек болғанын білеміз. Рухы биік, талабы зор, оқып-түйгені терең, халқына мейірімді, жаны жомарт бұ кісіні көргенде Алаш зиялылары осындай болған шығар деп ойлаймын.

Ұлтқа қызмет ету қоғамның ең зәру мәселесі. Халық тегінде өзі сыйлаған адамын ғана пір тұтады. Бізде зорлап, қолдан «тұлға» жасау бар. Тіпті афишаға суретін басып, ТҰЛҒА деп азандатып та жатады. Бірақ адам өзі ойлануы керек. Таңдау өзінде ғой. «Әй, мыналарыңның атауы «айғайлап» тұр ғой, мен осыған лайықпын ба?» деген іштей күмән да болғаны дұрыс. «Мені қазақ халқы танитындай, шығармаларым әр буын өкілдеріне мәшһүр болатындай расымен тұлғамын ба? Мені іздейтін оқырман, көрермен бар ма» деп іштей болса да ойлану керек қой. Біздің бүгінгі журналистер сөзді арзандатып жіберді. Өздері кімнен сұхбат алса, сол – «тұлға» болып шығады. Дастархан басындағы сөз бен ақпарат құралдарындағы сөз теңеліп кетті. Дастархан басындағы әңгімені эфирге шығара саламыз. Ол қалың көрерменнің деңгейін, талғамын төмендетіп жатады. Жалпы, баспасөзге қарағанда теледидар мен радиодағы журналистерді тест арқылы, деңгейін тексеріп барып қызметке алған дұрыс шығар. Тіл мен жаққа сүйеніп, сайрап тұрғанның барлығы журналист емес деп ойлаймын.

Біздің ендігі мінезіміздің өзгергенін қалаймын. Өзгеріс – өсудің, жаңарудың нышаны, Ұлт жаңарады, жаңару арқылы ғана дамиды. Мен өзімде жоқ нәрсені жастардан, шәкірттерімнен де үйренемін. Олар бүгінгі инновацияға менен жақын, менен алғыр, менен гөрі заманауи.

Мемлекет басшысы халықына Жолдауында: «Жауапты мемлекет – жауапты қоғам – жауапты адам» жүйесі берік орнығуы керек» - деді. Демек мемлекет қоғамның алдында қандай жауапты болса, адам да қоғам мен мемлекет алдында жауапты. Осы жүйе бір-бірімен қан тамырындай байланысып жатыр. Егер осы жүйенің бірі бұзылса немесе немқұрайдылыққа ұшыраса бүкіл ел зардап шегеді. Ал зиялылық – қоғам өмірінің бағдаршамы іспетті. Халқының бейбітшілігі пен тұрақтылығы жолында басын бәйгеге тігіп, елінің руханиятына қызмет етеді.

Құдияр БІЛӘЛ, жазушы:

- Құдайшылығын айтсақ, білім ешқашан ұлтқа қызмет етпейді. Жалпы ол адамзатқа да қызмет етпейді. Білім – тек иесіне қызмет етеді. Ал оның иесі – Ібіліс. Нәтижесі – бүгінгі өркениет. Батыстық мәдениет. Соңы - қиямет-қайым. Соған орай айтарымыз, білім адамды емес, адам білімді билеу керек. Әлихан атамыз айтқан мінез сол. Сонда ғана білім ұлтқа қызмет етеді. Білім иесі Ібіліс екеніне шамалы түсінік. Егер ол шынайы білім болса, оған ең әуелі Пайғамбарымыз Мұхаммед (сғс) иелік етер еді. Алайда Алла Тағала Пайғамбарымызға (сғс) ол "білімнің" бір әрібін де үйренуді нәсіп етпеді. Алайда Пайғамбарымыз (сғс): «Қытайда болсаңдар да білім алыңдар», - деген. Ал ол – рухани ілім. Рухани ілім, ол – адам баласының болмысы. Ол болмысқа бүткіл жаратылыстық білім тән. Бір сөзбен айтқанда, білімге иелік ету – адам баласының табиғаты. Соған орай кім де болсын өзінің адамдық кейпін, яғни ұлттық болмысын сақтағанда алған біліміне, ол қай ілім болса да, иелік етеді. Ұлтқа сол адам ғана қызмет етеді. Алайда біздің бұл ойымызды қабыл алатын адам аз. Заманның оңғарылмайтыны да сондықтан. (Жұрт қалаған жауапты жазып беруге де болар еді. Бірақ шамалы тосын ойдың да жүргені жөн шығар дедік. Егер шынымен-ақ стандартты ойлау жүйесінен шығамыз десек. Басы ашық жәйт. Білім – адам табиғатын өзгертеді. Яғни ол адамға өз қалыбын кигізеді. Сондықтан мектеп таңдауда қателікке бой алдырмау керек. Рас, өркениетті елдерде білім бар. Бірақ ол жерде ұлттық мінез жоқ. Соған орай алған білімі қалыптастырған «жалған мінез» ұлттық болмысты ығыстырып шығарады. Бұл орайда қазақ атам: «Баламды оқытамын деп кәпір қылып алдым», - дейді. Әлихан атамыздың да айтпақ ойы осы.

Арай ЖҮНДІБАЕВА, философия ғылымдарының докторы (PHD), әдебиеттанушы:

- Ғылымды, ақылды сақтайтын мінез деген сауыты болады дейді ғой Абай атамыз. Мінезді өзінің образы ретінде пайдалануға болады. Мінез туа пайда болғанмен, жүре келе қалыптасады. Адам мінез-құлықты достарынан, ортасынан, ұстазынан алады. Осылай жас өскен сайын толығып отырады. Ұлтқа қызмет ету жолында қиындық болса, қаймықпайтын, қызық болса, тасып кетпейтін мінез қажет

Серікзат ДҮЙСЕНҒАЗЫ, ақын, филология ғылымдарының кандидаты:

- Әлихан Бөкейханның айтып отырған мінезі тепсінген кеуделі мінез емес. Бұл әуелі көркем мінез. Ұлтын шын сүйе алатын жүректің мінезі. Себебі, ібіліс те білімді болған. Сондықтан да Әлекеңнің көрсетіп отырған мінезі «тайғақ мінен, екі жүз» емес, қайта қайтпас табандылық пен қайсарлық. Әлекеңдердің өзі осы жолда малын да, жанын да, бала-шағасын да құрбан қылды. «Халық жауы» болып атылды. Ұрпақтары мен ағайын-туыстары қуғын-сүргіннен көз ашпады. Әлекеңнің мінез керек деп отырғаны тура сол өз бойындағы мінезі. Яғни жауапкершілік пен құрбандық. Айталық Ахмет пен Міржақып түрмеге түскенде Әлиханның жазаты хатындағы «сендер бүгінгі күн үшін емес, келер заман мен ұрпақ үшін қызымет етіп жатырсыңдар» деп жазатынындай алысты болжаған көрегендік. Ахаңның өз өлеңінде айтатындай «Ел бүгіншіл, менікі ертең үшін» дейтініндей асқақ мінез. Шын тұлғалар мен зиялылар өз уақытымен қатар болашақ үшін қызымет ете алады. Және олардың сол еңбегі қашан да ұлттың айнымас темірқазығы боп тұрады. Менің түсінігімдегі ұлтқа қызымет етудің мінезі – осы темірқазықты мықтап нысана еткен мінез. Сондықтан да мінез әрі адамның тағдыры, әрі болашағы.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар