Мен кіріп келгенде ақын Əбді Рахман ағамыз айналымға келмейтін аядай кабинеттің ортасындағы үстелдің астына кіріп кетіп, бүкшиіп, бірдеңе қарап жатыр екен. Өзі де бойға кедейлігін көп білдірмейтін адам еді, неше бүктелгенін көре алмадым. Амандасқанымды ести сала басын қылтитып:
– А-а, амансың ба? – деп, «ұясына» қайта сүңгіп кетті. Алақандай көздері бір жарқ етіп, үстелдің қалқасына жоқ болды, еңкейгеннен беті қызарып кеткені байқалып қалды. Дардай кісінің мұнысы қызық көрініп:
– Əбеке, не істеп жатырсыз? – деп ентелей бердім.
– Айналайын, ары таман, ары таманырақ… – деді Əбекең бері шықпай.
– Не, бірдеңеңіз жерге түсіп кетті ме? Мүмкін, бергі жақта жатқан шығар? – деп жақындай түстім.
Əбекең басын тағы жұлып алып:
– Жолама, ары таман, аулақ… Мына маңға жақындауға болмайды, – деп қолдарымен үстелді күргейлеп, балапанын қорғаған тауықтай саусақтарын қорғаштай созды. «Неге болмайды?». Енді шынымен қызыға бастадым.
– Не боп қалды? – деп тағы бір аттап жақындадым. Құдай бере қоймаған мойнымды мейлінше созып, еденге мен де шаншылған болдым. «Не іздеп жатыр екен?».
– Ұлықбекжан, айналайын, келме, кейін айтам, ары таман тұршы, басып кетесің… – Əбекең үстел астындағы «үйреншікті» орнына тағы да шым батып кетті.
– Түк түсінсем бұйырмасын!
– Ойбай, жақындама! Басасың деймін, басасың!..
– Нені басам? Мен де іздесейін…
– Жо-жоқ… Іздеспей-ақ қой. Өзім-ақ… Бұл маңға жақындауға болмайды.
– Не, бомба жоғалттыңыз ба?
– Атама! Бомбадан да өткен бəле! Сен ренжіме. Тек мұнда келмей, ары таман тұра тұршы. Мен тауып алғанша…
– Əбеке, енді не болса да айтып өлтірсеңізші!
– Атаңа нəлет! Жерге кірді ме?! Жоқ! – Əбекең жерге еңкейіп үңілген бойы жүрелей басып, бері шығып, бойын тіктеді. – Апыр-ау, жер жұтты ма бұларды?! Жоқ!
– Не жоқ? Қалам ба? Қағаз ба? – Енді мен еңкейіп, жүрелеп отыра бастадым.
– Əй, бауырым-ай, қоймадың ғой… Жоқ болса – жоғалсын, жоғалғырлар! Айтпайын-ақ деп едім… Не жоқ болушы еді? Бит жоқ!
– Биті несі?
– Кəдімгі бит!
– Қайдағы бит?
«Не дейді?» Аузым ашылып қалды…
Əбдірахман аға «Түсінбейтін несі бар?» дегендей менің бетіме жақтырмай бір қарап, беті тыржиып-кіржиіп кетті де, үстелдің суырмасынан сіріңкенің бос қорабын алып шығып, ашып қарап, ішіне үңіліп-үңіліп қойып, маған ұстатты:
– Мына қораптың ішінде əлгінде ғана бақандай бес бит бар еді. Қарашы, біреуі қалмай қашып кетіпті! Оңбағандар!
– Бес бит? Неғылған бес бит? – деп қорапты мен де ашып қарап, бос екенін білген соң қайта өзіне ұсындым.
– Бүгін сығандармен саудаласып жүріп, əрқайсысын бес сомнан бес бит сатып алған болатынмын, – деп Əбекең əңгімесін бастады. – Балам сарыауру болып жатыр еді. Соның емдеп жүрген дəрігері кəріс келіншек кеше: «Дəрі əсер етпей жатыр. Енді халық еміне жүгініп көрейік. Қайдан тапсаңыз да бірнеше бит тауып, компотқа қосып, балаңызға білдірмей тірідей жұтқызып жіберіңіз. Сарыаурудың емі сол. Бірден жазылып кетеді. Биті бар баяғы заманда сарыауру деген болмаған ғой», – деген соң, бүгін азаннан бит іздеп шыққан едім. Сұрай-сұрай сонау қала сыртындағы «Дружбадағы» сығандарға барып, əрең тауып əкелген биттерім еді. Бит болғанда қандай, биттің айғыры, əрқайсысы бір бір торғайдай… Қайран биттерім-ай… – деп жан-жағын қарағыштап, төменге қайта-қайта көз сүзіп, күрсініп қойды.
– Бөлме үлкен емес қой. Əлі де қарап көрсек қайтеді? – деп енді қысыла бастадым. «Мен келіп алаңдатпасам ендігі тауып алатын еді ғой».
– Мына үстелдің айналасында қарамаған жерім жоқ. Маңайының əр сантиметр, əр миллиметріне дейін көзбен тінткен шығармын. Осы биттер үшін тіпті төбелесіп те қалып едім…
– Төбелескені несі?
– Кəдімгідей…
– Кіммен?
– Ит біліп пе? Анау «Дружбадағы» сығандар бит сатады» дегенге «Ол ауыл толған сыған шығар» деп ойлап едім. Машинамен барған бетте кездесе кеткен біреудің түріне қарап сыған екен деп, түсе қалып: «Битіңді сатшы!» – деп ақша көрсетіп едім: «Мə, саған бит сатқан!» – деп жұдырықпен бір қойғаны! Сөйтсем, сыған дегенім кавказдық екен. Қарап тұрып таяқ жейін бе, мен де бір-екі рет сүйкетіп жібердім. Сол-ақ екен, қайдан шыққанын білмеймін, кілең мұрындары қолағаштай біреулер қаптап кетті. Менің мұрным болса мынау. Машинама мініп, əрең қашып құтылдым. Əйтпегенде пышақтап тастаулары мүмкін еді. Əлгі иттің баласының қолы қатты екен, жағымды уата жаздапты. Əлі ауырып тұр. Сөйтіп, таяқ жеп, сөз естіп, сандалып жүріп, өлдім-талдым дегенде сығандарды əрең тауып, ұзақ саудаласып, үлкен əуремен сатып алған биттерімді сіріңкенің қорабымен əкеліп тартпаға тығып қойып едім… Өздері удай қымбат – əрқайсысы бес сомнан! 25 сомға бесеуін бір-ақ сатып алып едім. Ақша жоқта! Əлгінде бастық шақырған соң барып, бір айналып келсем – міне, жоқ! Біреуі қалмай тым-тырақай қашып кетіпті! Осыдан қолға түссе бар ғой… – деп Əбекең көзімен үстел жақты тінткілеп тұрып қалды. «…Бір-екеуін сығып тастар едім!» – деп мен оның аяқталмай қалған кіжінісін іштей жалғап қойдым. Сосын үндемей қалуды ыңғайсыз көріп:
– Табылып қалар, əлі де іздеп көріңіз. Биттің айғыры болғанымен қанша ұзай қояды дейсіз. Тым болмаса бір-екеуі табылар. Иесіне қашуға үйретілген биттер емес пе екен өздері? – деп қалжыңдаған болдым.
«Саусақтарым қыши ма, қайтеді?..» Əлгінде ғана сіріңкенің бос қорабын ұстаған қолдарыма күдіктеніп қарай бердім.
2002 жыл
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Ыбырай Алтынсариннің хирург шәкірті
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.