Алдағы сенбі, 17 маусым күні сағат 12.00-де Астана қаласындағы "Көрме" орталығында ІІ Еуразиялық халықаралық кітап көрме-жəрмеңкесі аясында танымал испан ақыны, аудармашысы Хусто Хорхе Падрон мырзаның қазақ тіліне тəржімаланған "Тозақ шеңберлері" кітабы мен испан тіліне аударылған қазақ ақындарының жырлары топтастырылған жыр антологиясының тұсаукесер рәсімі өтеді.
Тұсаукесер рәсіміне Испаниядан Хусто Хорхе Падрон арнайы өзі келіп қатысып отыр. "Әдебиет порталы" осы игі шара туралы алдағы уақытта толық ақпарат береді. Әзірше испан ақынының Танагөз Толқынқызы аударған бір топ өлеңдерін ұсынамыз.
Егер Құдай бізден жалықса
Егер Құдай бізден жалығып, бізді жек көріп кетсе,
Ол бізді басқа кейіпке өзгертер еді.
Тәнімізді алапес етер еді.
Бізді секемшіл, сезімтал етер еді.
Үнемі белгісіз шөл мен уайым, қоқыныш билер еді.
Үнемі өткен шақпен, естеліктермен қинайды.
Ол біздің қасымызға сансыз көп айналар орнатар еді.
Күндіз-түні сол айналарды
орны толмас, жоғалтқан дүниелерімізді
сан мың есе ұлғайтып көрсету үшін орнатар еді.
Біз соғылып сынар едік, құлар едік.
Айнада көп болып көрінер едік.
Айна біздің бет-бейнемізді айнытпай көрсетер еді.
Ол бізді қырық дуалдың артына қамар еді.
Бізді күйкі күйбең жұмысқа байлап қояр еді.
Біздің өмірімізді көлеңке дәрежесіне түсірер еді.
Біздің ішімізге пасық армандар,
даңқұмар, мансапқұмарлық,
зорлық-зомбылық, нәпсіқұмарлық,
жек көрініш уын құйып
ешқашан сүйе алмайтын адамға айналдырар еді.
Осы улы індет біздің жанымызды кірлетіп, шірітер еді.
Осыдан күліміз көкке ұшар еді,
Зұлымдық бой көтерер еді.
Бейбастық пен көргенсіздіктің шегі болмай кетер еді.
Біз өлімді өзіміз жылап сұраған кезде ол
Құдайдың әдетімен біздің шағымды
қорқыныш пен үрей билейтін уақытқа шегерер еді.
Егер құдай бізден жалықса,
Егер Құдай бізді әділетті түрде жек көріп кетсе,
Біз онда аянышты, оспадарсыз, дөрекі,
өзіне-өзі қол жұмсаушы,
соқыр, азғын, қылмыскер,
қарғыс атқан тозақи пендеге,
бір сөзбен айтқанда,
Адамзат нәсіліне айналар едік.
Жау
Қара дауылпаз айбар шегіп дабыл қағып тұр.
Мен үкімді орындауға бұйрық бердім.
Күзетші қарауыл иттер мен баскесер жендеттерге
мені өмір бойы аңдып жүрген жауымды
күзетуге, азаптап-жәбірлеуге,
қорлап, ар-намысына тиюге,
тіпті көзін жоюға бұйрық бердім.
Бәрін шыдаммен бақыладым.
Ең соңында мен өзім иттей жек көретін келбетті
бетпе-бет көретін боламын.
Дауылпаздар үнсіз қалды.
Дәл қазір мен табалдырықтан аттаған
қарауыл бәтеңкесінің жаңғырған дыбысын естіп тұрмын.
Ол менің дұшпанымды жазалауға әкеле жатыр.
Жер асты түрмесінің ылғал сызы
қинап жәбірлеу мен қан-жоса етудің
түнерген әнұранын айтып тұр.
Мен оны дар ағашына қалай апара жатқанына,
мыңдаған адамдардың оның бетіне түкіргеніне
айызым қанып, рахаттанып сырттай тамашалап тұрдым.
Лауазымды дін қызметкерлері алға қарай адымдап,
бір айна алып шықты.
Сен өзің ойлап тапқан жазадан
өзің азап шегетін боласың.
Өйткені сенің ең үлкен
һәм мәңгілік жауың - өзің ғана!
Қажу
Шаршадым. Қатты шаршадым.
Күнде-күнде өлуден шаршадым.
Өзімді қуғында жүрген адамдай сезінуден шаршадым.
Біреуге билік жүргізуден шаршадым.
Жеңілуден, тоналудан, керең болудан,
ұмыт қалудан,
сатқындықтан шаршадым.
Шаршадым. Қатты шаршадым.
Желдің қуыршағы болудан шаршадым.
Құдіретті сақалды ергежейлі биікте отырып алып
бізге күлуі керек екен,
ол бізді жіппен басқарады, билетеді.
Сол қолдардың қалауымен мен аяғымды қозғалтамын.
Жылаймын, сосын күлемін,
тістенемін, ғашық боламын,
көзге шөп саламын, ұмытамын.
Шаршадым. Қатты шаршадым.
Өзім бәрінен жақсы көретін адамдарымның қасынан
қайырылмай кетуден шаршадым.
Сынаптай аққан өзен сияқты жаным ауырып,
құятын өз арнамды іздеп келемін.
Шаршадым. Қатты шаршадым.
Қартайғанда жалғыз қалудан шаршадым.
Ең бір бақытсыз,
зәрлі кезеңдерді жасырудан шаршадым.
Арман әлемінде өмір сүруден шаршадым.
Өмір мен махаббаттың қалай өлетінін көруден шаршадым.
Шаршадым. Қатты шаршадым.
Көшелердегі өтірік,
жалғандық пен жек көрінішті,
ызаны сезінуден шаршадым.
Тыныштық пен сабыр сақтаудан шаршадым.
Қарнымды көтеріп жүруден шаршадым.
Галстук тағудан шаршадым.
Және сондай мұңды көздерімнен шаршадым.
Иә, иә, шаршадым. Қатты шаршадым.
Әлсіреп, тоз-тозым шығып жүруден шаршадым.
Ештеңеге қажет еместігімді сезінуден шаршадым.
Күнә жасаумен ғана айналысудан шаршадым.
Және жылаудан шаршадым.
Қайда, қайда барамыз?
Естеліктердің, жадымызда сақтаудың
түкке тұрмайтынын түсіндік.
Себебі бізді қоршаған барлық әлем өз мағынасын,
өз болмысын сақтап қала алмайды екен.
Себебі өмір бізді сыртқа лақтырып тастайды.
Өмірдің өзі бізді өлтіреді.
Ұзақ уақыт кеудені сыздатқан жан жарасы -
махабаттың ғұмырының қаншалықты қысқа екенін үйретеді.
Сұлулықтың жап-жарық нәзік дірілі мен
аңғал армандар ғана әлемді біріктіріп тұра алады.
Біз бүкіл әлемнің жел мұңайып желпіген
қиыршық құмға айналатынын көрдік.
Біз – қорғауға да, жұбатуға да дәрменсіз үнсіздіктің –
жалғыздық екенін түсіндік.
Өлеңдегі үлкен сөздердің
бізге баспана бола алмайтынын
олар келмей жатып-ақ түсіндік.
Біз оның –
көздерде аласұрған жан айқайы ғана екенін түсіндік.
Хоштасудың да мағынасы қалмады
Енді қайда барамыз?
Айтшы, қайда?
Көз жасы
Әлемде көз жасынан басқа ештеңе қалмайды.
Жан дерті шыр көбелек айналдырады.
Күйреу, құлау, жоғалту.
Көздің жасы...
сотталып, жер айдалған тобыр,
қаңыраған бос әлем,
көз жасы...
Қорқуды білмейтін қасіретті жүздер
Өкінген, абдыраған,
ештеңені білмей жатып адасқан,
соққыдан есеңгіреген.
Тозақтың тұңғиығындай ұлғаю.
Көз жасы...
Әлем көз жасына батады.
Отарбалар мен жертөлелер – көз жасы.
Түрмелер мен молалар – көз жасы.
Қираған үйінділер – көз жасы.
Көз жасы – үнемі тұтқиылдан шабулдайтын
соқыр басқыншының соғысы сияқты.
Көз жасы – қашып құтыла алмайтын жара сияқты.
Үздіксіз аққан көздің жасы.
Жалғыздық жағалауындағы көздің жасы.
Қараңғыдағы, бұлыңғыр үнсіздік ішіндегі көздің жасы.
Суланған терезе әйнектеріндегі,
үгітілген қабырғалардағы,
қара көліктердегі көл болып аққан көз жасы.
Өзгермейтін, қорқынышты,
жұбата алмайтын,
тоқтата алмайтын көз жасы.
Көз жасы – католиктердің салтанатты шіркеудегі дұғасы, емханалар, бұйрықтар.
Көз жасы – етік пен мылтық.
Көз жасы – кедейшілік пен қасірет.
Тар көшелердегі көздің жасы.
Құлыптаулы үйлердегі көздің жасы.
Көкіректі өксікке толтырған
саусақ пен тырнақ арасындағы көздің жасы
әлемді екіге жаруда,
адамды тұншықтыруда.
Көз жасынан басқа ештеңе қалмады.
Көз жасы...
Аударған: Танагөз Толқынқызы
Материалды көшіріп жариялау үшін
редакцияның
немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме
берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас
құқықтар
туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның
көзқарасын білдірмейді.