Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ӨЗ СӨЗІМ
/
«Замандас пікірі». Қалқаман – шынайы сезімнің суре...

«Замандас пікірі». Қалқаман – шынайы сезімнің суреткері

22.11.2025

4029

«Замандас пікірі». Қалқаман – шынайы сезімнің суреткері - adebiportal.kz

«Әдебиет порталының»  «Замандас пікірі» айдары өз оқырмандарын тауып келе жатқан секілді. Бұған дейін бұл айдарда талантты ақын Ерлан Жүніс пен Жанат Жанқашұлының шығармашылығы туралы олардың замандастары шынайы пікірлерін білдірген болатын.

Бұл жолы қазақтың танымал ақыны, сезімге толы жырлары оқырман жүрегіне жол тапқан лирик ақын Қалқаман Сариннің  поэзиясы туралы замандастарының пікірін білдік.  

СЕН…

Мені ешкім сағынбасын.
Сен сағын!..
Сағын... көзден үзіп мұңның моншағын.
Дәл осылай сағынуға бола ма?
– деп, таңғалсын
Аспан.
Ай.
Күн.
Жер шары!..

Мені ешкім іздемесін.
Сен ізде!..
Ізгі өлеңі іздемеді дегізбе!
Дәл осылай бола ма екен сүюге?
– деп таңғалсын
Өзен,
Мұхит,
Теңіз де!..

Мені ешкім ойламасын.
Сен ойла!..
Сен ойласаң, мен сеземін қалайда...
Сезе тұрып айта алмаған тіл ғәріп,
Көз өтірік айта алмайды алайда!..

Мені ешкім аңсамасын.
Сен аңса!..
Аңсауларда армандар бар о, қанша?!.
...Жер бетінен пәк махаббат жоғалса,
Ғұмыр кешу қиын маған адамша!..

***

Уа, Отаным,
Менің жалқы-жалғызым!
Көру бақыт сендегі атқан таң жүзін!..
Тәубә, талай жемісіңді жегіздің,
Тарықтырмай, зарықтырмай нанға үзім.

Уа, Отаным,
Менің мақтан тұтарым!
Бас иетін қасиетім, құт-арым!..
Қымбат жасыл жапырағың, бұтағың,
Құндақ асыл топырағың, жұпарың!

Уа, Отаным,
Менің арқа сүйерім!
Сенсең, сендік қаным, қаңқа-сүйегім!..
Жұлдызыңа, гүл, қызыңа ғашықпын,
Бірақ, сүйсем, сені ғана сүйемін!

Сен мен үшін бәрін бердің бақыттың,
Сенде ғана Ай сәулелі жаһұт түн!..
Саған деген махаббаттың өлшемі,
Сыймайды ешбір уысына уақыттың.

Ал мен сен деп отқа түспей, оқ атпай,
Ар-ұяттан қызарамын тағы оттай.
Керегіңе жарап жүрсем жетер-ау,
Беделіңе бір жаманат жолатпай!..

Сүйемін! – деп сені алдаған сөз ғәріп,
Киелім! – деп көре алмаған көз ғәріп.
Өзегіңді жарып шықпай өз балаң,
Қадіріңе жете алмайды өзге анық!..

 

ДОМБЫРА

Сөзімнің басы бұл — домбыра!
Көзімнің жасы бұл — домбыра!

Қазақтың мұңы бұл — домбыра!
Азаттық үні бұл — домбыра!

Дәуірдің досы бұл — домбыра!
Ауылдың кеші бұл — домбыра!

Даламның даңқы бұл — домбыра!
Бабамның салты бұл — домбыра!

Батырдың серті бұл — домбыра!
Ақынның дерті бұл — домбыра!

Ашық күн нұры бұл — домбыра!
Ғашықтың сыры бұл — домбыра!

Тербеткен ән-күй бұл — домбыра!
Жөргек пен әлди бұл — домбыра!

Ғаламат балам, бұл — домбыра!
Аманат саған бұл — домбыра!

Қалқаман САРИН

Ақын Серікзат Дүйсенғазин

Қалқаман – шынайы сезімның ақыны

Алаш қаламгері Жүсіпбек Аймауытұлы «Мағжанның ақындығы туралы» деген мақаласында: «Қандай өнерпазды, ақынды, данышпанды болсын, өз заманының сыншылары әділ көзбен қарап, баға беру шетін нәрсе. Заман сыншыларының бүйрегі не олай, не бұлай бұрып кетпей тұрмайды» дегеніндей, қазіргі уақыттың көрнекті ақыны Қалқаман Сариннің шынайы бағасын біз бере алмаспыз. Замандасы ретінде не асыра мақтап кетуіміз, не жеріне жеткізіп айта алмауымыз мүмкін. Себебі, біз де Қалқаманды өсірген әлеуметтік қоғамда, жетілдірген әдеби ортада біте қайнасқан қаламдасымыз. Жақын араласқан досымыз. Десек те оймақтай ойымызды ортаға салайық.

Менің пікірімде Қалқаман Сарин өз заманының мықты ақыны. Оның өміршең өлеңдері әлі өмірге келмеген келешек ұрпаққа да айнымас дос болатынына еш күмәнім жоқ. Әсілінде, мұндай күшті  ақындарға кейінгі буынның баға бергені бүгінгі заман сыншыларынан гөрі әділетті болмақ. Өйткені, олардың заманы басқа, таным-түйсігі мен көзқарасы бөлек. Біздің буынға әсер ететін кейбір факторлар олардың саналарында болмайды. 

Қалқаман поэзия сүйер қауымды шығармашылықтағы өзіндік қолтаңбасымен толық мойындатқан ақын. Әсіресе, қазіргі жастар оның лирикасын сүйіп оқиды. Әлеуметтік желіде ақынның жүрек қылын шертетін өлеңдерін оқып, мыңдап бөлісіп жатқан жауқазын жастарды көргенде көз сүйсінеді. Көңіл тоғайады. Талай поэзия кештерінде залдағы халық оның өлеңдерін хормен қосылып оқып отырғанын көрдік. Көрдік те, тамсандық, таңғажайыпқа таңдандық. Мұндай үрдіс эстрада өнерінде ғана қалыпты жағдай шығар. Себебі, ол музыка, ол ән. Ал поэзия сияқты көтерер жүгі салмақты жанрда өте сирек кездесетін құбылыс.

Қалқаманның өлеңі оқырманға жақын болатын себебі, ол өз болмысын жазады. Өзінің көңіл сүзгісінен өткен сәттерді, сезіміне әсер еткен мезеттерді шынайы бейнеледі. Артық қыламын деп күшеншектікке ұрынбайды. Жүрегіндегі мөлтек сырларын мөдіретіп төге салады. Сондықтан өлеңдерінің айшығы алтын жіппен әдіптелгендей әдемі өріледі. Шумақтарындағы бір сөздің орнын ауыстырсаң кетілген кірпіштей болып көрініп тұрады. Жасандылығы жоқ өнер солай болмақ керек. Бұл шебер ақындарға ғана  тән қасиет. Біздің Қалқаш сондай сөз сүлейлерінінің санатынын десек ешкім таласа қоймас. 

Мен оқырманы ретінде Қалқаманның шығармашылығындағы махаббат, табиғат, көңіл-күй лирикасын алдыңғы қатарға қояр едім.  Арасында азаматтық лирикасы да бой көрсетіп қояды. Бірақ оған сезім жақын. Себебі ол ғажап лирик. Ол шынайы сезімнің суреткері. Ондай өлеңдер әр толқындағы жастардың жан досы болып өмір сүре береді.

Тағы да қайталап айтайын, мықты ақындардың шынайы сыншылары келешек ұрпақ. Бәлкім оларды біз көрмеспіз. Бірақ Қалқаман сияқты мықты лириктің жырлары олардың да көңілінен шығатынына кәміл сенемін. 

Ақын Асылзат Арыстанбек

Қалқаман - сыршыл ақын. Оның өлеңдері өзінің болмысын айқындайтын шынайы, өрнекті.

Қалқаманды бүгінгінің Мұқағалиы деп жиі айтады. Оның сыршыл өлеңдерінің сарыны, сымбаты ұқсағандықтан болар. Мұңы бірге болғандықтан болар.

«Мұқағали» деген өлеңінде оны өзі де жазады:

Оның мұңы — тән маған, тән саған да,

Аңсағанда шөл басар шаршағанда.

Сағыныштан жаралған қайран, өмір,

Сарыуайым болды екен қанша адамға?.. 

деп, мұңының өзін сағынышқа айналдыра салады. 

Қалқаман өлеңдерінен оқырман өзін табады, анасының, әкесінің басып өткен ізін табады. Біздің тамырымызды бойлап аққан қан түйіршіктеріндегі кодты дөп басады. Іштей масаттанып, «шіркін-ай» деп бір рақаттанып қаласың.

Өлең өміріне, өмірін өлеңіне айналдыра білген, қырнап-жонуға сұранбайтын терең метафораға толы.

Ол жазған күз қызға айналып, мұңы мұзға айналып, сонарда құлпырған түлкідей құбылып тұрады. Және сонысын әдемі береді. Оқыған сайын әр шумағын қуалап оқи түскің келіп тұрады.

Қалқаман - отаншыл ақын, қазақылықтың қазығын өлеңдеріне мықтап қаққан. Эксперимент жасаймын деп, сырлы өлеңді сындырып әуре болмайды. Көктен құйылған нұр сияқты төрт аяғын тең басып құрай салады. Әрине, өлеңнің жазылу азабы ақынның өзіне аян ғой. Бірақ, оқырман іштей әуендетіп бір деммен оқығанда оңай жазылғандай көрінеді. Ол сонысымен құнды. Жастар оның өлеңін жатқа оқиды, әуелеп туған туынды болған соң сазгерлер ән шығарады. Бала көңілді аңқылдақ ақынның өлеңдерін мектеп оқулықтарынан балаларымыз жатқа оқығанда қуанып қаламыз.

...

Уа, Отаным,

Өзің барда өр еңсем! 

Сенде өлем,

Сенде көрем, не көрсем!..

Бар жақсыңды маған беріп келесің,

Бір жақсылық көрмесең де менен сен!

...Уа, Отаным, құдіретіңде жоқ өлшем!

Деп, Отанға өзін әлі қарыз санайтын азаматтық позициясы өзінен кейінгілерге ой салады.

Мен өзім Қалқаманның өлеңдерін сүйсіне оқимын. Замандас болғаныма мақтанамын. Оның қаламдарынан әлі де зау биікке көтеретін заңғар өлеңдер туатынына сенемін.

Ақын Қуат Адис

Қазіргі қазақ поэзиясынан өз орнын тапқан және көпшілік оқырманның ерекше ықыласына бөленген ақын ол — Қалқаман Сарин. Қалқаманның оқырманы көп. Өте көп. Оны көпшілік іздеп жүріп оқиды. Мен де сол қалың оқырманның бірімін. 

Бәріміз білетіндей, Қалқаман Сарин өлеңге аса жоғары талғаммен қарайды және қолына қалам алғанда өзіне де қатаң талап қояды. Қысқасы, ол жанын жеп, жүрегін қолына ұстап отырып жазады. Сондықтан да Қалқаманның жібектей есіліп тұратын өлеңдерінде басы артық сөз тұрмақ, шашау шыққан әріп жоқ. Өзара жымдасып, бір-бірімен жарасып тұрған шумақтарындағы ұйқастарын балталап бұза алмайсың. Өйткені, ол жай ғана ұйқас емес, әрбір сөзі өмірдің мәнін ашып, сәнін кіргізіп, сезіміңді тулатып, көңіліңді көріктендіріп, ойыңды көктетіп отырады. 

Қалқаман көркем тіл, кемел ой, мөлдір сезім, терең танымның иесі. Бір сөзбен айтқанда, интелектуал ақын. 

Басқаны қайдам, мен Қалқаманның кітаптарын парақтасам, сахнадан сиқырлы сазды ән тыңдағандай әсер аламын, көрмелердегі сурет галлериясын аралағандай күй кешемін. Расында, Қалқаманның поэзиясында әуезді әуен бар және ол құлаққа естіліп тұрады, алуан түрлі бояу бар, ол да көзге көрініп тұрады. Ал, сол әуенді, әуезді һәм мың сан бояулы поэзияның оқырманға сыйлайтын әсері тіпті ғаламат. 

Одан бөлек, жан-жүрегі табиғатпен үндес сыршыл ақынның жырларында нәзік сезім бар, мөлдір махаббат бар, асқақ рух бар, отаншыл өрлік бар, мәңгі жастыққа тән ынтызар хәл бар, керек десеңіз, абыздай тереңдік те бар. 

Өмірдің барлық сәттерінен алған әсерін жұлын-жүйкесі, жан-жүрегінен өткізіп, тұла-бойынан таратып, жыр жазудың ләззатын сезініп, азабын көтеріп келе жатқан қазақтың аяулы ақыны Қалқаман Сариннің оқырманы болудың өзі бақыт.

Ақын Толқын Қабылша

Қалқашты поэзиясын оқысаңыз, кеудеңізді қоңыр мұң  әлдилейді. Жырларынан  жанға жайлы қоңыр бір леп ескендей, өн бойыңызды арқаның  самал  желі тербегендей, тыныстап қаласыз.

Сарытап  сағынышы да, алғаусыз аңсары да, ағеділ арманы да, бәрі, бәрі  оқырманына жақсы таныс, айқын , ұғынықты.

Кең тынысты, ерке де еркін жыр  шумақтары қазақтың  нақ өзіндей қарапайым  хәм қуатты, шынайы да  шуақты.

Көз  алдыңызға  жылыұшырап қазақтың өз  болмысы  келеді. 

Бірде аңғал, бірде дана. Кейде  қарт, кейде  бала.

Боямасыз,бүкпесіз, базынасыз.

Содан соң, қазақтың өз  үніндей  қоңыр күй, қоңыр  әуен құлағыңызда  бебеу  қағып, алыстан  талып жеткен қоңыр бір  сарынға  елтисіз. 

Сондықтан  болар, Қалқаманның   жырларын  мектептегі оқушы  бала да, ауылдағы  ана да, мұрты тебіндеп, енді ғашық болған  бозбала  балаң жігіт те, сұлу  бойжеткен де  жатқа оқуға асығып тұрады.

Мұны біз әлеуметтік желілердегі мектеп парақшаларынан, ауылдағы ағайынның ортасынан  жиі  байқаймыз. 

Ия, қазақта талантты ақын, қаламы қарымды қаламгер аз  емес. 

Өлең  сүйетін   шынайы оқырман, жырларымызды  жатқа оқитын өскелең  ұл мен қыз  бәрімізде де бар дерсіз... 

Алайда, бүгінгі буын  ақындардың  ішінде есімі тұтас  қазаққа  кең танылып үлгерген осы біздің  Қалқаш  дос деп  біздер  замандас достары, артынан ерген іні қарындастары  да  тілге тиек  етіп жатамыз.

Мен Қалқаманға  ұдайы « Қоңыр Дос» деп тіл қатам. 

Ол болса, өлеңін  жақсы көретін  оқырман қауымның алдында  арқырап, жыр  оқып тұрады. «Маңдайыңыз  жарқырап  туған ақынсыз!»  деп әзілдеймін. 

Бұл әрине, мақтағанымыз емес, жақсы  көргеніміз, жақын  тұтқанымыз. 

Себебі, барлық ақын баласы бір ананың.

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan