Жанарыңа тамып кеткен тағдырмын
Өлеңдері қазақ ақындарының он томдық антологиясына енген.
Нұржан Қадірәлі – Жамбыл облысы, Талас ауданы, Қызыләуіт ауылының тумасы. Қазақстан Жазушылар одағының, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі. Халықаралық «Шабыт» фестивалінің Төлеужан Ысмайылов атындағы арнайы сыйлығының иегері, «Шығыс шынары» жыр мүшәйрасының жүлдегері, республикалық «Ұлы Дала» байқауының «Поэзия» номинациясының жеңімпазы, республикалық Серік Томанов, Жұматай Жақыпбаев атындағы мүшәйралардың бас жүлдегері, «Мұқағали Мақатаев» медалінің иегері, «Жүрек өрті», «Сен жоқ жерде Тәңір жоқ» атты жыр жинақтарының авторы.
Қоштасудай содан бері күллі әуен,
Содан бері дүние қирап,
Сынды әлем...
Ал көшелер сенің сынық айнаңдай,
Жалаңаяқ жүгіретін күнде мен.
Үнсіздіктен үміт бақыт таба ма?
У-шуынан сайтан билеп санада,
Сен туралы ойларымдай қала бұл,
Талай қашқам,
Талай қалғам далада...
Өлі армандар пана тапқан молаға,
Талай түнеп,
Топырақ басқам жарама.
Қалғып кетіп құлпытасын құшақтап,
Қайта оянғам қарғыс атқан қалада...
Қуратпаса қуантпайтын таңдары,
Ауырлаған ауасының салмағы.
Түс көрмейтін,
түк көрмейтін түн байлап,
Сенің өгей жанарыңдай шамдары.
Ерініңдей, ессіз сүйіп үлгер деп,
Бағдаршамның қызыл шоғын күнде үрлеп,
Жоғалтып-ап әлдекімдер секілді,
Сен болмасаң,
Құдайды іздеп жүргем жоқ!
Естелік боп жанымызды жаз өпті,
Сағыныштан ләззәтті не,
Азапты...
Жылуға зар,
Миллиардтаған жалғыздар,
О қайссың ей, өртеп жүрген тозақты?!
***
Өмір өтер, ал сезімге жоқ өлшем,
Өткінші деп өкпелеме оған сен.
Жанарыңа тамып кеткен тағдырмын,
Көз жасың боп бір-ақ шыққан содан соң.
Ащылығы – ақталмаған сенімдей,
Әр тамшысы шексіздіктің шеріндей,
Көз жасыңнан ыстық не бар?
Мендегі,
Сезім шығар – сенің туған жеріңдей.
Қолын бұлғап қала берер қоштассаң,
Сағыныш боп сала берер еске алсаң.
Қауышатын қайта келсең сол қалпы,
Қоштаспаған сияқты боп ешқашан.
Ал шынында туған жерде,
Менде де,
Аласұрып алысады жел неге?
Қанша жұлдыз толтыра алмас,
Қара түн –
Қаңыраған сенің орның кеудеде...
Содан бері сол кеудеге таң атпай,
Жанарыңның әр тамшысы шараптай.
Өткен ғұмыр – жалғыз кітап жоғалған,
Болашағым – тоқтап қалған сағаттай.
Тұншықсам да сел жапырып жиі іште,
Шөлім қанбас жауындағы сүйіске.
Сенде қалған әппақ жейдем – көңілім,
Ақ гүлдерден артығырақ иіске.
Өртеп жібер содан соң,
Көз жасыңды сүртпе бірақ оған сен.
Сені қалай сүйе аламын бес-ақ күн?
...Өмір өтер,
Біздікіне жоқ өлшем!
***
Соңғы сүйіс,
Соңғы үміт,
Соңғы вальс,
Енді екеуміз бөтенбіз, жолың алыс.
Жау қолында өлмесем екен деуші ем,
Сен өлтірдің ғажабы,
Сол жұбаныш!
Қиналмасын деп солай қорғадың ба,
Сау жері жоқ сауыттан сор қалың ба?
«Өле-өлгенше сүйемін» деген сөзде,
Өлім ғана шынайы болғаны ма?..
Арманда да қалмапты-ау ажар мүлде,
Өртемесем, хатымды жазам кімге?
Түсім де – Сен,
Түсінсең,
Содан мені,
Оята алмай жүргендей ажал күнде.
Иә, мен көктен түскем һәм жаратылғам,
Құшағыңа құлағам, таң атырғам.
Құлақ аспай періште, жын-перілер,
Айырыласың десе де қанатыңнан.
Мен ештеңе күтпеймін таң атқанда,
Сенің үнсіздігіңдей жауап бар ма?!
Ақымақ деп жымиды жердегілер,
Ақтай алмай ренжіді Жаратқан да.
Тыңдағам жоқ, тұтанып үмітіңнен,
Сырым жырмен тарқай ма, мұңым түнмен?
Өлмегендер қаншама жер астында,
Өліп қалғандар қанша, тірі жүрген?..
Қалай жаратты екен деп бұлай дара,
Сені аңыз ғып айтушы ем күн, айға да.
Есімде жоқ алақан жая салып,
Амандаспай кеткенім Құдайға да.
Өткенің не,
Болашақ бөтен енді,
Ғаламшардан іздеме жоқ әлемді.
Өзің қағып тұрсаң да есігімді,
Бақыт құсы сындырып тереземді...
Ашпады деп ашынбас бекер уайым,
Өкініш те өмірдей өтер, ләйім.
Төрт құбыламды о қашан өртеп кеткем,
Әрбір түсің – ең соңғы мекенжайым!
***
Сен мені сағынышпен қинай берме,
Жатпасын десең ертең сыймай көрге.
Мені бар ашуыңмен өрте, мейлі
Сен ұқсап жалғыздық та еркелейді.
Оңай ма күнде өртену сағыныштан,
Ондайда жүрегіңе бәрі дұшпан.
Салқындығы секілді балмұздақтың,
Сен жайлы тәтті ойлармен жалғыз қаппын.
Бақ емес, мына басқа мұң таласты,
Ал өмір өзің жоқта – У-дан ащы.
Қайтейін, қайтармадың, содан бері,
Жүрек жоқ, болса ендігі соғар еді.
Қайтарма, қайырылмасын күтіп көптен,
Жарасы бұл кеуденің бітіп кеткен.
Сүрінгем талай ішке сыймай шері,
Артыма қарай беріп қимай Сені.
О, солай, өліп-өшіп, құлап сүйдік,
Бар шыдам сағынбауға – бір-ақ секунд.
Болса да жанға қанша сызат түскен,
Мен сені өмірімнен ұзақ күткем...
Білмеймін бақыт қайтып оралар ма,
Жоғалтар ештеңесі жоқ адамға.
Айтшы енді, өз өзіңді жеңген жолда,
Менде жоқ жүрек құрғыр, Сенде бар ма?!
***
Уа, махаббат! Рухымның даулар бағы,
Жүрегім сенен ғана қорғанбады.
Құдіретіңмен теңесу қайда маған,
Асып түскім келетін бар болғаны...
Жаралар мен жанарға тағы от үрлеп,
Өзіңді өрте, әйтпесе жаураттың деп,
Кінәлама, сүйіктім, бар кінәміз –
Сен қаттырек сүйгенсің,
Мен ақтық рет!
Жараларым – жанымның ең сау тұсы,
Келеді оған уақыттың дем салғысы.
Уақыт емес, ол дертке дауа болса –
Сен жалғызы,
Әлбетте мен соңғысы.
Сенімді де уақыттың өзі ұрлайтын,
Ал сананы сағыныш сазы улайтын.
Сойқан серт бар біздегі жарақатта,
Ауыртпасаң қайтадан –
Жазылмайтын.
Сырласамыз,
Үндемей сыздатамыз,
Адалдықпен алыстан ымдасамыз.
Уәделері жаңғырған жарнамадай,
Біз мемлекет емеспіз,
Біз – Отанбыз!
Ал Отанға жалғыздық жарасады,
Қайта-қайта оған да таласады.
Аяғы жоқ арудай армандарын,
Биге шақырып тұрған болашағы...
Қанаты жоқ болса да соққан алдан,
Дауылдары самғатқан, әппақ арман.
...Жалғыз қалу ғажап қой елесіңмен,
Бірге жүріп, бір-бірін жоқтағаннан.
Жоғалтқам жоқ мен сені жолықпаудан,
Не қайыр, жоғалтудан қорыққаннан.
Жараларым – жанымның ең сау тұсы,
Ал қалғаны о қашан өліп қалған.
Өмірден қымбат болса өлім құны,
Жеңілдей қоймас одан көңіл жүгі.
Жан жарасы ешқашан ұмыттырмас,
Сенің – бар екеніңді,
Менің – тірі!..
***
Түсінетін жалғыз сен бе мені үнсіз?
(Өлген соң да жаурамаспын кебінсіз).
Өмір неткен сұмдық сұлу Құдай-ай,
Өзіңсіз!..
Бұйрық беріп жүректегі патшайым,
Миымды өртеп жібергендей бақсы ойым.
Содан менің мезгілдерім тек сенің,
Көңіл-күйің – мың құбылған сәт сайын.
Қайран жүрек – мәжнүн хәлдің хандығы,
Армандарым құлдықта өткен әр күні,
Саған үзіп алып келген гүлдердей,
Жазға жетпей қурап тынған барлығы.
Енді үзіліп кетсем де оған қарсымын,
Ары кетсе кеудемдегі жан шығын.
Сенсіз де өмір ғажап екен ойпыр-ай,
Осы екен ғой менен жасырған сырың...
Ғажайып кеш, ғаламат түн, ғажап таң,
Енді уақыт сұратпайтын сағаттан.
Сен үшін ол жалғыздық па жәй ғана,
Ал маған ол...
Ал мені сол жаратқан.
Көне көңіл – сен адасқан даладай,
Уақыт оны еркелетер баладай.
Сайтан бәлкім сұлу шығар сөз жетпес,
Құдай тастап кеткен қайта қарамай.
Өштеспесін одан кейін қалай ол,
Оған қалай өзеуремес бар әйел?
Мен өмірді сүйем десем – өтірік,
Өмір маған сырттай ғашық кәрі әйел.
Мен – отпын ғой,
күл ғылатын алыстан,
Өмір әйбәт, қарамай-ақ ғарыштан.
Таз қалпына түсер ма екен тағдырым,
Соның бәрі...
Сен қайтадан қауышсаң.
***
Әдеттегі әуенге сап кешқұрым,
Шығарып сап,
Күтіп алып ешкімім.
Шаруам жоқ У-шуынан шаһардың,
Мен оның,
Үнсіздігін естідім...
Кеш батты ма,
Таң атты ма анығы,
Бұл жалғанның жат боп кеткен жарығы.
Шаттықты емес оны көрген сәттегі,
Ол мендегі,
Жараларды таныды...
Мың қайнаса қосылмайтын сорпамыз,
Жалықтырған шығар бәлкім ортамыз.
... Жолықтырған шығар жан мен тән ұқсап,
Бір-біріне сонша жақын,
Сонша алыс...
Басылғандай кеудемдегі жел жыры,
Өз үйімдей тарлығы да, кеңдігі,
Сағыныш пен күтуді еске салған соң,
Жек көретін аялдама,
Ендігі,
Үміт үшін айналғандай қорғанға,
Қаланың әр саябағы орманға.
Құшағында өліп кетсем шіркін-ай,
Жо-жоқ өлу мүмкін емес,
Ол барда!
Сұлулығы төзімімді тауысып бар,
Жылулығы рухыма таңсық,
Зар...
Өте берсін екеумізге тоқтамай,
Қаладағы мұң тасыған маршруттар.
Өмір оның бір тамшы көз жасы боп,
Ол ән айтса,
Ащы У-ым тәттірек...
Биге шақырып бақытты,
Ұмытар —
Өз өзінің кім екенін қасірет.
Әр сөзі де — шер әні,
Бұл қаладан қызғанамын мен оны...
Сайра, жүрек!
Қалай ғана ол жоқта,
Дәтің жетіп соғып тұрсың,
Сен әлі?!
***
Пендесің ба, періште я перісің,
Түсінбесең түкке тұрмас жеңісің.
Сен махаббат жолында өле алмасаң,
Онда махаббат өледі сен үшін!
Түсінбесең мазалама елді де,
Түбі өзіңді түгендейтін жерді де.
Өле-өлгенше бола алмасаң досқа адал,
...Жауларыңа ренжіме!
Тапталса да тағдырыңа биігің,
Сөзбен жете алмайтұғын түйінің.
Жүрегіңде болса қылдай қаталдық,
Жан-жағыңнан жоқтама да мейірім.
Уақыт бәрін аялауды жырлайды,
Ал оны кім тыңдайды?
Өзін ақтап алу үшін адамзат,
Аямайды Құдайды.
Күйеміз деп күйінеді жоласақ,
Күйелейтін бірақ жанға жара сап,
Қателігін мойындамайтындарды,
Мойындай ма болашақ?..
Айдай бәрі, кім алдамшы, кім жарық,
Адасқанға кім көрсетер шын бағыт.
Тұрғанда емес лаулап баста күн тәжі,
Айналамды көрем қазір түнде анық.
Тек,
Көңіліме көлеңкеңді түсірме,
Түн жат емес жұлдыздарым үшін де.
Мені мүмкін жау көреді басқалар,
Ал менің,
Өз жауым – өз ішімде!
Соқыр үміт, суық сезім, солған нұр,
Жарығының жылуы жоқ жалған бұл.
Қараңғыдан қорықпай өскен бала едім,
Қорқынышым – қараңғылық, ал қазір!..
Нұржан Қадірәлі, ақын
