(Драматург Жолтай Әлмашұлының бір пьесасы хақында)
Өз қабілетін әдебиеттің проза, драма жанрында сынап көрген талантты жазушы, драматург Жолтай Әлмашұлының қалам қарымы ерекше, проза ғана емес, драма саласында да өзіндік орнын тапқан қаламгер. Драматургтің драмалық шығармалары тек трагедиядан немесе тек қана комедиядан тұрады деп айта алмаймыз. Қазыналы да қордалы қазақ әдебиетінің алтын бесігінде суреткер ретінде қалыптасқан жазушы драмаларында өз заманының тынысын танытып, үнін көтергендіктен де драманың барлық жанрлық үлгілерін қамтыған. Атап айтар болсақ, «Сүю серті» (махаббат-пайым полонезі), «Елге сыйлы еркектер» (психологиялық тартыс), «Абақты-ғұмыр» (поэтикалық драма-сұхбат), «Тойланбаған туған күн» (актер туралы новелла), «Үшінші ұл» (бүгінгі трагедия), «Адасқан арман», «Кемақыл», «Адам жоғалтқан адам», «Ақ боз үйдегі алты қыз», «Жаным жалғыз» (бүгінгі драма), «Қаладағы пәтер» (комедия), «Сана дерті» (драма-элегия), «Тірі жан» (драма-диптих), «Бәйтерек басындағы кездесу» (тарихи-психологиялық драма), «Достар дауы» (философиялық драма), «Жапон аруының арманы» (намыс новелласы), «Дос – жүрек дос» (психологиялық драма), «Ай астындағы алтын шаһар» (ана туралы әпсана), «Қайраткердің құпиясы» (ғұмырнамалық әпсана), «Жеңіс мерекесіндегі жеңіліс» (соғыс реквиемі) т.б.
«Жеңіс мерекесіндегі жеңіліс» драмасында автор биік мораль, адамгершілік, адалдық тақырыбын көтереді. Драманың басындағы қарттар үйіндегі шағын қойылым, ондағы екі жігіттің диалогы бүтін шығарманың болмысын танытады. Әңгіменің ұзын-ырғасы мынадай: бірі Ұлы Отан соғысына көптеген қазақтар қатысып, кеуделеріне ордень-медальдар тақты, Кеңес Одағының батыры атанды, ұлы Отанымызға қауіп төнгенде қазақ қол қусырып, қарап отырып қалған жоқ, жанкештілік танытты,бұл ұлтымыздың нағыз интернационалист, бауырмал екенін көрсетеді десе, екіншісі сол соғыстың бізге қандай қажеті болды, фашистер бізге емес соғысты орыстарға ашты, соғыстан біз не пайда таптық, СССР – ортақ үйіміз деп ұрандағаннан не таптық, бәрін ортаға салғандықтан, саусағымызды мұрнымызға тығып отырып қалдық дегенге саяды. Мұндай полемикаға әрине, қарттар үйіндегі қарт ардагер Адамбек қарсы болады. Өйткені, ол кешегі соғысты бүгінгі жастардың жеңіл-желпі қарап, сөз еткеніне қарсы. Өйткені ол ешуақытта Отан үшін қаншама боздақтың қаны төгілгенін ұмытпайды. Жеңістің оңай жолмен келмегенін көзімен көріп келген майдангер. Осы бірінші көрініс арқылы автор өткен тарихымызға үлкен құрметпен қарауымыз керек деген ой тастайды.
Драма кейіпкерлері көп емес: Ағаш аяқ (Адамбек) – бір аяғы жоқ мүгедек; Тымырсық (Сәрсен) – тұтқынға түскен, фашистер лагерінде болып, сол үшін түрмеде отырып, тағдыр тауқыметін көп көрген қария; Түгелбек – ел басына бұлт үйірілген кезеңде жеке басының қамын күйттеп майданға бармай, тауға қашып, кейін еңбек ері атанған залым; Ұрқия – қарттар үйіндегі шындықты бетке тура айтатын адуын кемпір. Оған қоса, автор шығарма идеясын ашуға қызмет ететін қара киімді адам, 1 жігіт пен 2 жігітті, Қожанов, Момышұлы, Қошқарбаев сынды тарихи тұлғаларды енгізген.
Бір қарағанда драма классицизм үлгісіндегі «үш бірлік» ережесіне бағындырыла отырып жазылғандай әсер етеді: орын бірлігі – оқиға тек қарттар үйінде ғана өтеді; уақыт бірлігі – шығармадағы тартыс бір күнде шешіледі; әрекет – драмада комедия элементтері жоқтың қасы. Бірақ шығармада ешқандай шарттылық орын алмаған. Бір күндік әңгіме-диалогтың төңірегінде қазақтың сан жылғы тарихы қамтылып, бүгінгі қоғамда орын алған бірқатар проблемалар көтерілген.
Драманың қысқаша фабуласына тоқталсақ, өнерлі жастар қарттар үйіне келіп, жеңіс мерекесі қарсаңында концерт қоймақшы болады, бірақ олардың жариялылық ұғымына негізделген шағын көрінісі қарттардың шамына тиіп, аяқталмай қалады. Мұны шығарманың кіріспесі ретінде қабылдасақ, келесі көрініс – негізгі бөлімде Ұрқия мен Адамбек қарттар үйінің ауласына ағаш (қайың) отырғызып жүріп, әңгімелесіп, сыр шертіседі. Олардың бұл әңгімесіне Түгелбек пен Тымырсық та қосылып, олардың жан дүниесінің тереңінде тұнып жатқан сырлары ақтарылып, бетрперделері шешіледі. Әңгіменің соңында азғындық пен аярлыққа шыдамаған Адамбектің жүрегі жарылып өледі. Үшінші көрініс – қорытынды бөлімінде Ұрқия мен Тымырсық қалады. Екеуінің диалогы арқылы Адамбектің азаматтық позициясын айқындалады. «Оның қаламынан туған драмалық шығармаларының байыптылығы, ауқымдылығы, оқиға барысының әр көрініс сайын ширығып, ширатыла түсуі, кейіпкерлер бейнесінің бірте-бірте айшықталып, сомдала түсуі» [1,3] дәл осы Адамбек бейнесіне қатысты айтылғандай. Адамбек – драмадағы кесек сомдалған образ.
Драмада айтарлықтай ширыққан тартыс болмағандықтан, бар проблема кейіпкерлердің әңгіме-сұхбаты арқылы берілетіндіктен, біз алдымен кейіпкерлерге жеке-жеке тоқталуды жөн санадық. Көзге бірден түсетін ұнамды кейіпкер – Ұрқия. Ол «Алла өзі сүйетін пендесіне шын пейілімен сұраса, жеткілікті өмір де сыйлай біледі. Жаратушы еңбекті сүйетін, еңбекқор жанды жақтайды» деген пікірде, өзінің ұзақ өмір сүретініне сенімді. Болашағына үлкен үмітпен қарайтын жан. Ұрқия образы арқылы қарттар үйіндегі жандардың бәрі өмірден баз кешкен, ештеңеге қызықпайтын адамдар деген түсініктің аясы тарылатындай. Ұрқия қашан да позитив. Оның өткен тағдырын білмесек те, ол ішкі сырын ашып айтпаса да, оның қандай қиындық көрсе де мойымаған керісінше, испан драматургы Лопе де Веганың «Қой қайнарындағы» Лауренсиясы сынды өзін-өзі жігерлендіріп, қайрап, өзі-өзі құрышша шынықтырып жүретін жан екенін байқаймыз. «Пенде бұ дүние есігін ашқан күні-ақ ажал тықыры жанына тақау тұрады. Оның ерте не кеш жетуі – Алла әмірінен. Сондықтан да замандас, қайғыны ұмыт. Одан да серпіл. Ашыл» [2,244] деген сөздерді Тымырсыққа әйел де болса Ұрқия айтады.
Мұнда Ұрқия халық өкілі іспетті. Бүкіл адам баласының көкейінде жүрген, білгісі келсе де, жауап ала алмай жүрген қарапайым сұрақтарды қойып отырады. Оның елді жайлаған ашаршылық, жұт, жазықсыз жазаланған ақтаңдақтар жөніндегі «сонда... айналасындағы ат төбеліндей саясаткерге ашындым деп (Сталин), бар ел жақсыларын, игі жақсыларды қырып тастауға бола ма? Бұл деген нағыз қаныпезерлік қой» [244] деген сынды сұрақтарына Адамбек секілді өмір көрген, қан майданды белінен кешіп келген, ақыл тоқтатқан, биік мораль иесі ғана жауап береді. Диалогтың Ұрқия мен Адамбек (Түгелбек немесе Тымырсықтың емес) арасында өрбуінің себебі де осында.
Өзгеге ұқсамайтын өзгешелеу өмірін ешкімге айтқысы келмейтін, өз тағдырын тайғанақ санайтын келесі бір кейіпкер – Тымырсық. Ол – дене мүшелері сау болғанымен, жанында жазылмаған жарасы көп, жүрегі қырық құрау, өмірі шытырманды адам. Соғыс даласында өзінің тұтқынға оп-оңай түсіп қалғанына намыстанып, тұтқынға түскен сәтте тез шешім қабылдап, өзін-өзі атып өлтірмегеніне налып, өзін сужүрек, қорқақ, ез деп кіналап, өз тағдырын күстаналап, өзін соғыс ардагері деп айтуға арланып, өмір бақи өзін жеп келе жатқан, арының алдында азапқа түсіп келе жатқан жан. Тымырсықтың ойынша, ол – ең жаман жауынгер, жасық солдат, тұтқыннан басқа түк көрмеген ынжық. Өйткені, немістің тұтқыны болып, бейшаралық күй кешті, тепкілеп ұрғанына, ит-доңыз деп балағаттағанына көнді. Көніп қана қойған жоқ, әрі қарай да өмір сүргісі келді. Бүкіл түркі жұртының мақтанышы болған Мұстафа Шоқайдың арқасында ғана бостандыққа қол жеткізді. Бірақ, туған елім, жерім деп келгенде Отаны оны «сатқын солдат» деп қабылдады, түрмеге отырғызды. Сол үшін де неміс фашистерінің итаршысы бола жаздаған адамды бүгінгі ұрпақ кешірмейді деп ойлайды. Өз пайымдауынша, ол – жансыз ағаштай тірі өлік.
Ал Түгелбек – Тымырсықтың толықтай антиподы. Оның санасында (егер бар болса әрине) ар, намыс деген сөзге орын да жоқ, ондай ұғым-түсінік те жоқ. Ұлы Абайдың тілімен айтқанда, «боқ көтерген боқтың қабы». Түгелбек – өз тағдырына өзі қожа, ұпайы түгел, соғысқа баратын ақымақ емес, өз жолын білетін ақылды. Ол үшін ар мен намыс – қиялидың ойлап тапқаны; бұл өмірде ірі адам жоқ, бәрі де майда, бәрі де құлқынның құлы. Әрине, ол деңгейінің жеткен жері бойынша ғана пайымдай алмақ. Түгелбек саясатқа емес, саясат оған қызмет етті. Сондықтан ол Тымырсық, Адамбектер секілді саясатқа құл болғандарды түсінбейді. Олар секілді көк өгіз болып соғысқа жегілген жоқ. «Ақымақтар» Отан үшін от кешіп, қасық қаны қалғанша соғысып жүргенде, Түгелбек әкесінің сөзін тыңдап, тау арасындағы жықпылда бой тасалап тығылып жатып, ел тынышталған сәтте «еліне, жеріне көп қызмет етті, қой өсірді, егін екті. Ордень алды» [2, 256]. Ал ең бастысы – әулеттің отын өшірмеді, ұрпақ өсірді. Сол тексізден тараған ұрпақ – баласы мен келіні бизнеспен айналысып, дәулет қуып, шетелге кетті. Түгелбек сынды әкесін асырауға жараған да жоқ. Тәрбиеші Түгелбек болса бұған дән риза. Ойынша, келін мен балаға тұсау болмай, қаланың орталығындағы пәтерін үйсіздерге жалға беріп, өзі қарттар үйінде жаюлы төсек, әзір астың рахатын көріп жүр. Бірақ, адал асқа түкіріп, төсегін тіліп кететін нағыз аяр жан – осы Түгелбек еді. Оны: «қарттар үйі – құрдым... Бұл құрдымдағы ұя. Болашағы бұлыңғыр. Әйтеуір өлмеген жанға өлмес пана-а. Осыны да жылы ұя деп, ауыз кере мақтанып не керек» [2, 257] деген зәрлі сөздері дәлелдейді.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, Адамбек ақсақал кешегі екінші дүниежүзілік соғысты бүгінгі жастардың мазақ етуіне қарсы. Себебі, онда жазықсыз жауынгерлердің қаны төгілгенін ешуақытта ұмытпақ емес. Адамбек өз айтқандай, «тілі өсекке бейімделмеген, шындыққа, адалдыққа бейімделген. Бұлтаққа көнбейтін, өтірікке бас имейтін қатаң заманның, Сталин заманының ұрпағы» [2, 234]. Сталинді жақтап сөйлегенін жақтырмаған, қарсы шыққан Ұрқияға да: «Әр заманның өз сұрқылтайы болады. Әр уақыттың өз кеселі тағы бар деп» [2, 235] Ленин, Сталин секілді ел басшыларының жер бетіндегі адам баласына тек жақсылық болса, адамдар жоқшылық пен тапшылықтан құтылса екен деп тілегеніне, олардың тек әсем, жақсы қоғам құру сынды ғана арманы болғанына күмән келтірмейді, өзінше уәж айтады. Сол сеніммен бүкіл өмірін өткізіп келе жатқан өз принципіне адал, ішкі стержені мықты жан. Ол тіпті соғысып жарытпаған Тымырсық сынды іштей мүжілген адамның өзін жігерлендіріп, сабырға шақырады. Оның: «Сен – пендесің. Пенденің бәрі де өмір сүруге хақылы. Сондықтан сен кінәлі емессің. Еңсеңді көтер. Бойды тікте. Сен кешегі жауынгерсің. Сен тірі өлік емессің. Сен – кешегі күннің тірі куәсі боласың. Тірі куә ретінде де қадірлі қарт болуға толық хақың бар. Біз бұл дүниеден өтсек ол кез шындығын айтатын ешкім қалмайды. Сондықтан ашылуың керек. Сенің ерлігің – еліңді сүйе білгенің. Тұтқынға түсіп, өз еліне қарсы жұмыс істейтіндер де баршылық. Сен өйте алмадың. Өйткені, жүрегің таза. Еліңді, жеріңді сүйетін таза жүрегің бар. Сен сол жүрек сөзіне құлақ астың. Мақтанарың да сол, замандас» [2, 246-248] деп ақ-қарасын айырып, өмір бойы өзін-өзі жерлеп келе жатқан бейбақтың көзін ашады, өмірге деген құштарлығын оятады. Сөздің құдіреті пенденің рухын көтерді. Батыр болуды армандамаған, Отанды қорғау керек деген асыл сезімді жанына серік еткен Адамбек сынды жаны таза, парасатты адам ғана осындай адам тағдырын шешетін кесек сөзді айта алмақ.
Белгілі бір тұрғыда Адамбек пен Тымырсық ұқсас жандар. Шындығында екеуі де – тағдыры тұйыққа тірелген бейбақтар. Қазақта жоқ дәстүрмен қарттар үйіне кіріптар боп отыр. Екеуінің де бойында өмір бойы жанын сыздатып, шырқыратып келе жатқан, өмірін өксіткен бір кермек ой бар. Екеуін де жан азабына салған кермек ой – ар алдындағы азап. Ерте оққа ұшқан Адамбек «ерте солған гүлдей енді ешкімге керексізбін» деп жанын жесе, тұтқынға түскенін «әлсіздігім» деп ұққан Тымырсықты: «Ар – кісі айнасы. Арынан жұрдай адам жер бетінде өмір сүре ала ма» [2, 281] деген ой арын мазалайды. Екеуі де «ардың құлы» (Лопе де Вега). «Ойлы адамға қызық жоқ бұл жалғанда» деп Абай атамыз айтқандай, екеуі де жегі құрттай жанын жеген кермек ойдан арыла алмаған еді шындығында. Бірақ олардың мұндай баянсыз, қатал тағдырына тек сұм соғыс қана кінәлі болатын. Гитлердің қанқұйлы саясатының салдарынан орын алған бұл соғыс қаншама шаңырақты ортасына түсірді. Соғыс шындығы, соғыс жарасы дегенде:
- денесі көмусіз қалған боздақтар аруағы;
- бүгінге дейін жылаулы отбасылар;
- жап-жас жесірлер, күйеусіз, жарсыз өмірі өксуге ұласқан, жас өмірі ойран-топан болған жас арулар;
- жылап-сықтап, жәутеңдеп қалған жетімдер;
- соғыста ұлдарын мәңгіге жоғалтып, қан жұта күн кешкен әкелер мен аналардың жан-дүниесіндегі, жүрегіндегі жара – ең ауыр жара боп қалатындығы анық.
Байқап қарасақ, автор драма кейіпкерлерінің атауына да үлкен мән беріп, астарлы мағына үстеген. Түгелбек – төрт құбыласы түгел, үй-күйі бар, баласы шетелде, ешкімге күні түспейді, бизнесмен, өз пәтерін де пайда табу үшін жалға берген, өмірде ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүрген «данышпан». Әрине, оған берілген Түгелбек деген атау – сатиралық сарында. Автор бұл кейіпкеріне мүлде жаны ашымайды. Мұндай ар, намыс деген қасиеттен жұрдай, рухани жарымжан жандардан өз оқырманын жирендіргісі келеді. Оның бойында жеткіншек үлгі алатын ешқандай қасиет жоқ. Өмірін есепке, пайдаға құрған жан сол өзі құрған торына түсіп, жалғыз қалады дегенге меңзейді автор. Ол ешкімге керек емес, оны ешкім іздемейді.
Тымырсық – үп еткен желі жоқ, өкпені қысатын, ауа тарылатын табиғаттың ең бір қолайсыз уақыты. Әке-шешесінің азан шақырып қойған аты – Сәрсен болғанымен, өмір бойы жұтар ауасы тарылып, өкпесі қысылып, біресе немістің, еліне келген соң қызыл империяның тар қапасына қамалып, сарғайған кең даласына жете алмай пұшайман болған жанға берілген атау. Құлашын кеңге жайып ұша алмаған дала қыраны секілді Тымырсық. Майданға бардым ардагермін деп те айта алмайды, ел ішінде болдым, тылда жұмыс істедім деудің тағы реті жоқ. Өмір бақи «мылқау шешеннің» күйін кешкен, пешенесіне жазылған тағдырын мойындай да, қабылдай да алмай жүрген қария.
Шығарманың лейтомотиві – ағаш аяқ, ағаш жүрек, жансыз ағаш. Драмадан айналып келіп, ағаш сөзін оқып отырамыз. Автор бұл сөзді бекер қолданып отырған жоқ. Оның пайымдауынша, адамның аяғы ағаш болғаны түк емес, жүрегі ағаш адам қоғамға қауіпті. «Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» екенін ескерсек, бойында қан айналысы жоқ ағаш жүректе жылу болуы мүмкін емес. Ағаш жүректен жылу күту – абсурд. Жүрегінде иманы жоқ адам – қатігез адам. Оған туған бала да, жар да, отбасы да, қоғам да, Отан да керек емес. Бұл туындыда Адамбекті ағаш аяқ дегенімен, оның өз принціпіне мығым, Отанына адал, жүрегі кең адам екенін көреміз. Ал автордың ағаш жүрек деп отырғаны кім? Оны оқырманның ой таразысына салады. Әрине ол – Түгелбек. Сүйектен өтетін сөздерімен жанын жаралап Адамбектің құлағанын көрсе де, көтерісіп, демеуге жарамай, күліп кете барған ағаш жүректің иесі – рухани жарымжан Түгелбек. Автор Адамбекті – Ағаш аяқ деп анық көрсете алады. Өйткені, ол аяғының ағаш екеніне намыстанып, арланбайды. Оған саналы түрде барғанын мойындайды. Ал Түгелбекті – ағаш жүрек деп атай алмайды. Өйткені, ол ешқашан өзінің ағаш жүректі жан екенін мойындамайды. Өзі білмейтін, білгеннің тілін алмайтын бейшара. Ондай адамдар бүгінгі қоғамда өріп жүргендіктен, аяқ алып жүру мүмкін болмағандықтан да автор оларды шұқып көрсетпей, «Түгелбек» деген әдемі есім береді.
Драматургтың суреткерлік шеберлігі туындыға қосалқы кейіпкер ретінде енгізілген: Қожанов, Бауыржан Момышұлы, Рақымжан Қошқарбаев сынды кейіпкерлерінің ойы, сөйлеу ретінен де анық байқалады. Адамбектің ашына сөйлеген сәтінде автор Сталин мен Қожановтың айтысын енгізеді. Айтыс барысында Қожанов Сталинге көнбіс елінің намысына тие беруге болмайтынын, ашуға мінсе қазақтың жойқын күшке айналатынын, өйткені ата-тегі жауынгер халық екенін, халқына көп қысым жасап жатқан Голощекиннің ойына келгенін істеп, елде жұт, ашаршылық жайлап, халықтың басқа жаққа босып жатқан зарын жеткізеді. Ал Сәрсен ез емес, жүрегі таза, елін сүйген азамат екенін айқын жеткізу үшін Бауыржан Момышұлының: - Мен қазақ деген ұлттың ұлымын! Менің халқым о бастан-ақ жауынгер ел. Олар жаудан тайсалмайды да қорықпайды. Егер қазақ арасынан қашқын, қорқақ, сужүрек біреу шықты десе, басымды да тігуге әзірмін. Батыр халықтың ұрпағы да батыр болып туады» [246] деген сөздері арқылы Сәрсенді де арашалап алады. Егер мұны көркемдік деталь ретінде қабылдасақ, барлық детальға ортақ дүние, ортақ ой – батыр, жауынгер, жойқын күш деген сөздер. Қазақ төрткүл дүниені тітіренткен кешегі Аттиланың, Мөденің, Сұлтан Бейбарыстың, Шыңғыс ханның, Абылай ханның ұрпағы болса, одан ешуақытта ез де, қорқақ та шықпайды деген ой түйеді автор. «Адам таңдау болмаған кездің өзінде де өз тағдырын өзі таңдайды» деген екен У.Фолькнер. Расында да қандай қиын-қыстау заман туса да, қандай қорлық көріп, жас ғұмырын құрбандыққа шалса да Адамбек те, Сәрсен де – арына адал болып қала берді. Арын сатпаған адам, ешқашан Отанын да сатпайды. Сонысымен олар биік.
Қарттар үйіндегі «Қарттар – қазынамыз», «Ардагерлер – асыл жандар» деген жазуды да автор бекер алып отырған жоқ. Көлгірсіген, пафосқа толы мына заманда ештеңенің құны қалмағанын, бәрі де жалаң ұранның, құрғақ уәденің жолында жарғақ құлағы жастыққа тимей жүргенін астарлайды автор.
Қан майданда емес, бейбіт өмір майданында, тура жеңіс мерекесі қарсаңында мерт болған Адамбек – таза жүректі, ары биік азамат. Жеңіс күнінде жеңілген жалғыз Адамбек қана емес, ар мен намыс та жеңіліс тапты. Өйткені, оның жігерін құм қылып, сағын сындырып, жүрегін жарып жіберген Түгелбек «Әркімнің өз жолы бар. Адалдық жолы дейміз-ау, соның өзі де сан тарау. Мәселе ең оңдысын, ең дұрысын, ең қолайлысын таңдай білу. Ақымақ – өмірін отқа салады. Ақылды – оқ пен от ортасынан да аман өтіп кетеді. Солай-й... Әй, бірақ оны түсіне алатындар аз-ау бұ дүниеде. Аз. Өте аз-з... Оны түсіну үшін сондай адам болып туу керек-к...» [2, 257] – деп өз әрекетіне риза боп күліп кете барды. Ол қарттар үйін тәрк етіп, жөніне кетті. Ешкім оны жазалаған жоқ, ешкім одан мұның не деп жауап алған жоқ. Бүгінгі біздің қоғамымызда да ойына келгенін істеп, қалағанынша сайран салып, сол бейбастақтығына бір ауыз жауап та берместен, зым-зия жоқ болатын Түгелбек сияқты өз ұпайы түгел, пысықай, арамзалар көбейді. «Еліміз егемен болғалы бері жұмылып жұдырық болу орнына, ырду-дырду көбейді. Ұлттың емес, жүздің жампозы, рудың ірісі пайда болды. Отанның емес, Қотанның қайраткерлерінен аяқ алып жүре алмайсың. Екі қазақтың басы қосылса, үшінші қазақты жамандайды. «Е, ол пәлен жүздің саясаткері» дейді. «Анау пәлен рудың ту ұстары» дейді. Бұл не? Сұмдық қой» [2, 260]. Драманың түйіні де осы. Автордың өз оқырмандарына айтқысы келген ойы – ұлт болып қалыптасу үшін оған бүкіл халықтың аялы алақаны керек. Біздің егемендігіміз Адамбек еккен жас шыбық секілді. Оны аяламасақ, мейірімімізді төкпесек, қурап-солып қалады деген азаматтық үнін қосады. «Бүгінгі қоғамның күрделі мәселелерін көркем зерделеу, жаңа заманға лайық жаңа ой, жаңа тәсіл іздеу жолында шығармашылық тұлғасы қалыптасқан қаламгер – Жолтай Әлмашұлы» [3, 3] деген Т.Әбдік пікірінің ақиқаттығына «Жеңіс мерекесіндегі жеңіліс» драмасын оқығаннан кейін біз де ден қойып, қосыламыз.
Гүлмира Каримова,
театртанушы
Пайдаланылған әдебиеттер:
- Әлмашұлы Ж. Тірі жан. Үш бөлімді драма-дастан. –Алматы: Өлке, 2008. -288 б.
- Әлмашұлы Ж. Жеті жебе. Драмалық хикаяттар, әңгімелер, новелалар. -Астана: Нұра-Астана, 2012. -480 б.
- Әлмашұлы Ж. Пенде мен періште. Әңгімелер мен драмалық хикаяттар. –Астана: Фолиант, 2004. -360 б.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.