1969 жылғы шілде айында Қызылордада дүниеге келген Әділ Ботпанов – қазақ әдебиетіне сексенінші жылдардың аяғы, тоқсаныншы жылдардың басында келген толқынның өкілі.
Ауыз әдебиетінің уызына жарып өсіп, әлем әдебиетінің қайнарына тұмсық малып ішкен оның өлеңдері бірден-ақ әдеби қауымның назарына іліккен-ді. Өз буынының басы, Алматыдағы бейресми «Жұматай қағанатының» ең жас нояны болған Әділ 1990 жылы ҚазМУ-дың филология факультетіне түсіп, бірер жылдан соң оны аяқтамай-ақ өзінің туған қаласы Қызылордаға оралады. Сондағы қалалық «Ақмешіт апталығы», «Қоғам ТВ» телеарнасында еңбек еткен. Сөйтіп жүргенде 27 жасқа толар шағында ұшты-күйлі жоғалып кетті...
Әділден сөз етпес бұрын басқа бір шығарманың желісі туралы айтқым келіп тұр. «Жоғалған мүрде…» атты туындының оқиғасы әу бастан-ақ елең еткізбей қоймайды. Тірі адам емес, өлі мүрденің жоғалып кеткенін айта отырып, қаламгер хикаяда тергеу жұмыстарынан сөз етеді. Оның үстіне, бұл – жай ғана мүрде емес, бір жазушының мүрдесі екен. Барлық таныстары жазушыны «өз санасындағы» картина бойынша танитын болып шығады...
«...Жазушы қайтыс болады, ал оның мүрдесі табылмайды. Жазушының мүрдесін табу үшін жұрт түгел атқа қонады. Бірақ ешкім таба алмайды. Анасы, әжесі, нағашысы, ағасы, әйелі. Көршілер. Басқа туыстар. Дүкеншілер. Ауыл әкімі. Достары. Жүздеген адам іздеуге жиналады. Мүрде жоқ», - деп басталады шығарма.
– «Мүрдені ең соңғы рет қайдан көрдіңіздер?» – деп сұрайды полиция қызметкері.
Біреу оны газет сатып алғанда, біреу кітап дүкенін аралап жүргенде көрген. Анасы ұйықтап жатқанда, әжесі таңғы ас үстінде, ағасы балконда шай ішіп отырғанда көріпті. Достарының кейбірі шайханада, кейбірі сыраханада отырып көрген. Көршілерінің бірі ойға шомып көшеде келе жатқанында, бірі базардан қайтып келе жатқанында көрген. Мешіт имамы оны соңғы рет жұма намазында көріпті. Бір туысы мінберде сөз сөйлеп тұрғанда, екіншісі боқтап тұрғанда…
– «Мүрде қашан жоғалды?» – деп сұрайды полиция қызметкері.
Атасы: «Меніңше, өмірде бәрін көріп, ештеңеге қол жеткізе алмаған кезінде жоғалды», - дейді. Нағашысы: «Жоқ, шын мәнінде, биліктің өзгермейтінін, жүйенің сол қалпы қала беретінін көргенде жоғалды ол», - дейді. Бір жиені: «Армандаудан бас тартып, адамдардың қарны тоқ болса болды, өмір өзі-ақ жайлы болады деп ойлай бастағанда жоғалды», - дейді. Анасы: «Негізінде, емшектен шыққан сәтінде жоғалған», - деп еңіреп жібереді. Сыраханадағы досы: «Араққа бес жүз пайыз салық салынғанда жоғалды», - дейді. Ағасы: «Бұл рас болуы мүмкін, сыраханада ішіп отырғанда, бірден жанымнан жоқ болып кетті», - дейді. Әйелі: «Алдымен жуынатын бөлмеден жоғалды, кейін қайта келгендей болды, артынан ас бөлмеден жоғалып кетті», - деп күрсінеді. Көршілердің кейбірі оның дүкенде, кейбірі қасапханада, өзгелері шұжық сататын орында, қарттары көшеде жоғалғанын айтты. Мешіт имамы да мүрденің мешіттің дәретханасының алдынан жоғалғанын жеткізді... Ауыл әкімі болса: «Саулауда дауыс беру қағазын алғаннан кейін барып жоғалды», - деп қосады...
Бұл жауаптарды естіген полиция қызметкерлері:
– «Мүрде кімге тиесілі еді?» - деп сұрайды.
Бұл сұрақ бәрін таңғалдырады. Бәрі селт ете қалады. Анасы жазушының мүрдесі өзіне тиесілі деп ойлайтынын жеткізеді. Туыстары да оны қолдап: «Анасының мүрдесі еді ол», - деп жауап береді. Туыстар, көршілер, дүкеншілер, әкім де осы пікірді құптайды. Бірақ оның достарының бірі қарсы шығуға тырысып:
– «Мүрде қаламгердің өзіне тиесілі еді, мырза!» - дейді.
Сол сәтте бәрі оны тыйып тастайды. Жазушының жоғалған мүрдесі өзінікі емес. Анасына тиесілі. Жазушының өзі де, жазғандары да, сезімі де, ойы да анасына тиесілі еді. Бар болмысы, бар болуы да, жоқтығы да, қателіктері, жетістіктері, қорқынышы, батылдығы, ақылы, махаббаты, таланты, жазулары, қателесуі, тыныштығы, қорқынышты түстері, үміті, үмітсіздігі, алаңдаушылығы, қуанышы… Барлығы, барлық нәрсесі анасына тиесілі деп санайды жұрт.
Сонсоң полиция қызметкері:
– «Мүрде жоғалғанда үстінде не бар еді?» - деп сұрайды.
Мүрде жоғалғанда үстінде не бар еді? Мүрде жоғалғанда үстінде не бар еді? Мүрде жоғалғанда үстінде не бар еді? Не бар еді, не бар еді, не бар еді?…
Бұл сұраққа атасы: «Дүниенің жүгін арқалап жүрген», - деді. Анасы: «Әлі де алғаш дүниеге келген кезіндегі сүт иісі бар еді», - дейді. Достары: «Тер бар еді, еңбек бар еді», - деді. Кей әріптестері: «Сабыр, салауаттылық, тыныштық пен жетістік бар еді», - дейді. Сыраханадағы достары: «Үмітсіздік пен ашу бар еді», - деп жауап береді. Туыстары: «Әлдебір тұман мен белгісіздік пердесі бар еді мүрденің үстінде», - дейді. Жиені: «Бір қажу, бір немқұрайлылық бар еді», - деді. Жеңгелері асығыс-үсігіс: «Сиқыр бар еді, дуа бар еді оның үстінде», - деді. Кей достары мен кейбір дүкеншілер: «Қарыз бар еді, қарыз», - деп айқайлайды. Әйелі: «Маған бір күндік жарық жүзін көрсетпеу бар еді», - деп сыбырлайды. Көршілері де: «Түсі біртүрлі еді», - деп бастарын шайқады. Мешіт имамы да: «Әлдебір селқостық пен тәуекел бар сияқты еді», - деп өз пікірін айтты.

Полиция бәрін жазып алады.
Жазушының мүрдесі табылмады. Ал іздемеген жерлері қалмаған еді. Баратын үйлеріне де. Өзендерге, теңіздерге, олардың түбіне. Көпірлерге, көпір астына. Шатырлардың төбесіне, ағаш қуыстарына, ормандарға. Жақын және алыс барлық қала, кент, ауылдарға. Жадқа, қиялға, естеліктерге. Автовокзалдарға, мұражайларға, киноларға, театрларға. Зираттарға, тауларға, таудағы үңгірлерге. Жағалауларды қарап шықты, бәлкім, соққан шығар деп... Бұлттарға қарады: бәлкім, ұшып кетті ме екен? Сыраханаларға, шайханаларға, зауыт маңайына, мешіт аулаларына, бәр-бәріне барлау жасады. Жерді қазып, шөп арасын да ақтарды. Жерді жарып, ішін де тексерді. Жазушының мүрдесі жоқ.
Полиция тергеуді жалғастырады:
– «Жазушының мүрдесі неше жаста еді?»
– «Әлі елу беске жетпеген», - деді анасы. Әжесі: «Әлі жасөспірім еді», - деді. Атасы: «Мұрты енді тебіндеп еді», - деді. Ағасы: «Әскерге жарап тұр еді», - деді. Әйелі: «Отыз беске ұқсайтын», - деді. Көршілері: «Отыздардың орта шенінде еді», - деді. Достары оны үлкенірек көретін. Дүкеншілердің пікірінше ол әбден қажыған. Сыраханадағылар: «Дана еді, алпыста еді», - десе, туыстары қырықтың толысқан шағында дейді. Мешіт имамы болса: «Аяғы көрге таяп, тоқсанға жетіп қалғандай», - дейді.
– «Жақсы, ал ол қандай еді?»
Бірі – бойы аласа, бірі – ұзын деді, бірі – ақсары, бірі – қараторы деді… Бірі – қоңырқай деді, бірі – ұзын, толқын шашты, енді бірі – тақырбас деді. Бірі – иықты, бірі – арық, қауқарсыз деді. Бірі – сұрықсыз деді, бір топ – өте көрікті, сымбатты деді. Бірі – «ит сияқты» деді, біреулер – «сұмырайдың өзі» деді. Мешіт имамы: «Тәубеге келген адамдай еді» десе, өзгелері: «Бүлікшіл, төңкерісшіл, салдыр-салақ» деді. Әйелі: «Әзілқой әрі ашулы еді» деді… Қалған адамдар: «Сәл теңселіп жүретін», - деді…
Сөйтіп мүрденің ойша бейнесі де, фотосы да табылмайды. Қандай нәрсе екені, неге ұқсайтыны анықталмады. Полиция YouTube-тан видеосын іздеді, бірақ жоқ екен. Google-дан суретін іздеді, таппады. Facebook парақшасы ашылмайды. Instagram-ында да өзінің жүзі жоқ екен. Мұны да жазушы дейді-ау, бірде-бір твит жазбаған екен, бірде-бір селфи салмаған…
Офисі мен жеке кітапханасы орналасқан бөлмеге кіріп қарады. Жазған кітаптарына көз жүгіртті. Романдар жазған екен. Қауіпті емес, ақыр соңында роман қаншалықты қауіпті болсын? Компьютерін тексерді. Жарты жолда қалған, аяқталмаған жүздеген әңгіме табылады. Оқу мен талдау айлап уақыт алар еді. Оқуға да, талдауға да құлық танытпайды олар. Жазған газет-журнал мақалаларына да көз салады. Кейбірін үстіртін оқып, маңызды дерлік ештеңе жоқ деген қорытындыға келеді полиция қызметкерлері... Онда – еңбектің ұлылығы, өндіріс, текке күн кешкен ағымдар мен қорлар, зейнеткерлер мен жұмысшылардың мәселелері, төңкерістер мен демократия тарихы, жемқорлықтар, заңсыздықтар, ұрлықтар, дін мен мораль жайлы жазбалар, саяси ислам мен шын мәнінде ешқашан орнамаған демократия, философияның өмірге әсері, әдебиеттің неге маңызды екені жазылған, кей саяси мақалалары да назардан тыс қалды. Полиция оларды жазып алуға да құлықсыз еді. Өзінше, бос нәрсемен бастықтарының көңіл-күйін бұзғысы келмеді. Ел жайқалып тұрғанда, өткеннің маргинал сөздерімен жаңа дау тудырудың не қажеті бар деп ойлайды.
«Бірақ қаламгердің кітапханасы қорқынышты екен. Оқып шыққан кітаптарын жеке-жеке ақтарудың қажеті жоқ еді», - дейді олар тағы бір тұсында... Философиялық кітаптар, саяси еңбектер, тарихи жазбалар, өмірбаяндар, эсселер, діни кітаптар, сөздіктер, орфографиялық анықтамалар, әңгімелер, хикаяттар және көбісі детектив жанрындағы бірқатар романдар… Бұдан бөлек 1970 жылдан бүгінге дейінгі түрлі журналдар, үйіліп жатқан газет тігінділері бар екен бөлмесінде. «Кім сонша кітапты оқып, бас қатырып, үйін толтыра берер екен? Көршілерінің кейбірі айтқандай, бұл жазушының мүрдесінде шынымен біртүрлі бір күй бар», - деп ойлайды полиция қызметкерлері тағы…
Сонсоң анасына бұрылып:
– «Мүмкін сіз бұл жазушыны мүлде дүниеге әкелмеген шығарсыз?» – дейді.
– «Мүмкін» дейді анасы...«Мүмкін ғой» дейді бәрі... «Бірақ оның не маңызы бар? Туған болса да, тумаған болса да… енді соның мүрдесін таппай отырған жоқпыз ба», - дейлі бәрі бір ауыздан...
Әңгімені осы жеріне дейін баяндап бердік... Себебі негізгі тақырыбымыз бұл емес... Жоғалған жазушының өзі болсын, мүрдесі болсын...бәрібір жаңағы күйді, жаңағы сезімді бастан кешіреріміз анық... соңғы рет қайдан көрдік? Жадымызға қалай тоқыдық?.. Жоғарыда баяндалған оқиға қаламгер Джемаль Қырғыздың шығармасынан...
Ал біздің әңгіме 1996 жылғы шілде айында із-түзсіз жоғалып кеткен ақын, жазушы Әділ Ботпанов жайлы... Із-түссіз жоғалып кеткен Әділдің де артында жазылмай қалған өлеңдері, аяқталмай қалған ойлары мен шығармалары, оқыған кітаптары, өзі «Қарғаларда» айтатын Акутагава мен Бодлер, шаң басып қалған Набоков, Кобо Абэ, Маркес, Ницше, ежелгі қытай афоризмдері, Жұмекеннің «Темірқазығы» мен Кеңшіліктің «Іңкәр дүниесі», Жұмағаңның «Сарыатаны» сынды сүйікті кітаптары қалды... Енді бір қызығы «неге жоғарыдағы «Жоғалған мүрдені оқығанда Әділ еске түсті?» - дейсіздер ғой... Әділ шын мәнінде қай кезде жоғалды? 1996 жылдың шілдесінде ме? Жоғарыда тілге тиік етілген жазбадағыша айтар болсақ, Әділ, шын мәнінде, бәлкім «өмірде барлық қиындықты көріп, ештеңеге қол жеткізе алмаған кезінде» немесе «биліктің өзгермейтінін, жүйенің сол қалпы қала беретінін көргенде» жоғалған шығар... «Армандаудан бас тартып, адамдардың қарны тоқ болса болды, өмір өзі-ақ жылжи береді екен деп ойлай бастағанда, яғни сағы сынғанда» жоғалған шығар... бәлкім, өмірдегі алғашқы жоғалтуы орын алған «емшектен шыққан сәтінде-ақ» жоғалған шығар... Бәлкім, «Араққа бес жүз пайыз салық салынғанда» жоғалған...дүкенде, базарда, қасапханада, шұжық сататын орында, көшеде жоғалған шығар Әділ...
«Сен жоғалып кетіп, үй-ішің жаппай іздеу салып жатқанда әкеңе арнаулы қызмет орындарынан адам келіп, «сенің арнайы тапсырмамен шетелге кетіп, екі жылдан кейін қайта оралатыныңды, әзірге ешкімге тіс жармау керектігін...» ескерткен. Дабыра көбейе берсе, баламнан мүлде айрылып қалармын деп әкең іздеуді доғарыпты. Екі жылдан кейін барса, әлгі адам «Әнуарбек ақсақалды мүлде танымайтынын, араларында мұндай әңгіме болмағандығын, тіпті бұл кісіні бірінші рет көріп тұрғандығын» айтқан», - дейді Бауыржан Бабажанұлы Әділге жазған хатында. Кей деректерде Әділді соңғы рет көрген адам әкім екен делінген. Судың жағасында көріпті дейді... (Біз қол жеткізген мәліметтерде сол кезгі әкім – Бердібек Сапарбаев (қателеспесек). Жоғарыда келтірілген шығармадағы полиция қызметкерлерінің тірі адамды да емес, жоғалған мүрдені іздеу барысындағы зерттеу, тергеу жұмыстарын көріп отырып, дәл осы тергеу Әділді іздеу барысында қалай жүргізілді екен деп ойлағанымызды да жасырмаймыз...
– «Ақынды ең соңғы рет қайдан көрдіңіз?» – деп сұрады ма екен тергеушілер адамдардан...? Ал бізден ше?... Біз...бәлкім газет сатып алғанда, бәлкім кітап дүкенін аралап жүргенде, Акутагава мен Бодлерді оқығанда, ұйықтап жатқанда, түс көрген кезімізде, таңғы ас үстінде, шайханада, сыраханада, ойға шомып көшеде келе жатқанда, жаңбыр астында, теңізге үңілген сәтімізде, ең алғаш ғашық болған кезде, ең алғаш өмірден түңілген сәтте, құдайды ойлаған кезімізде кездестірген шығармыз ең соңғы рет Әділді... әлі де кездестіреріміз сөзсіз... Әділ Ботпанов шілде айында дүниеге келіп, шілде айында із-түзсіз жоғалып кетті... бүгін сол шілденің, Әділдің «шілдесінің» соңғы күні...
Ал біз «Тағдыр өлең жаза ма?» немесе «Өлең тағдырды жаза ма?» деген сұрақтарға үнсіздікпен жауап бере отырып, ақынның мынау өлеңін тағы бір рет оқығымыз келді...
Соңғы ән
Менің соңғы сағынышты әнім бұл,
Рухың жетсе тыңдап қал.
Менде жан жоқ,
Жеті жетім – тәнім құр,
Шеше алмаған қалды жымсыз жұмбақтар.
Мен солардың таппақ болып себебін,
Көріп талай көңілсіздеу түс түнде.
Түссіз мұңға аяқ бассам деп едім,
Із қалдырмай аппақ қардың үстінде.
Сол арманмен тірлік кешіп тулақтай,
Қара жерге қар боп жауып,
Еңселім.
Бұл күндері жанарымды сулатпай,
Көз алдыңда күзге айналсам мен сенің.
Сары белден ән созатын жаңғырып,
Күзді көр де, күз артынан мені көр.
Мен ессізбін,
Жұмбақтарым мәңгілік,
Шеше алмайтын ессіздіктің емі — көр.
Көрге қарай өсіп көңіл терегі,
Көзсіз түнде көкке қарай ұлыған.
Кім жұлдыздың жүрегін ап береді,
Шешуі жоқ жұмбақтардың құлына?
Мойындамай пенделіктің кесімін,
Көр түбінде жарық тұр деп бір елі.
Жан еді дер жұмбағының шешімін
Іздеп өткен өртенгенше жүрегі.
Дертті жандай зәру болған дәріге,
Ми құрғатып мәңгіліктің жолында.
Жанның кірін қанмен жуып сәріде,
Мен көшермін құрсағымнан қорымға.
Міне, солай, сағынышты ән мынау,
Мұны айтуға болар еді сөзсіз-ақ.
Ертеректе көргеніндей сан жырау
Көк жүзінде күймелерді көзсіз-ақ.
Бірақ маған мөп-мөлдір мұң сыйлар кім,
Арманыма алқа қылып тағуға?
Жансыз қолым жетпей неге қиналдым,
Тәңірімнің терезесін қағуға?!
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@qcontent.kz 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.