Жүсіпбек Аймауытовтың «Ақбілек» романына лебіз-хат
Сіз «Ақбілекте» біршама партияшыл, қара таяқшыл, «шорт знаетшыл», «шорт поберишіл» жалаң мен жасықты пікірластырып біршама шындықты айтқызасыз. Осы бір талдаулар арасынан бүгінгі қазақ та өзінің мұратын ашып анықтап алары сөзсіз. Бұныңызға бек рақмет. Шәксіз, қазір де осы бір партияшыл көменестердің прототиптері бары анық. Біз бұл тарапқа кіріспей ақ қояйық.
Жүсіпбек мырза, сіз қазақтың бір елі маңдайына қасқая біткен қоңыр ұлысыз! Сізді классикалық әдебиеттің атасы, көркем сөз шебері деп мақтауға әбден әдеттенгенімізді сөкпеңіз. Сіздің «Ақбілегіңіз» артық еті жоқ тұлпардай, сұлу мүсініне әркез тамсана қарай бересің, жұтынып оқи бересің. Сұлу сөздер санада салтанат құрып, уыздай ұйқастарыңыз, қаймақтай көркем ойларыңыз жадыны сілкіп, жанды әуелетеді, жүректі теседі. Жүрегіміз бүтін, көңіліміз күпті болып жүргенде «Ақбілек» біршама қырынан бізге өмірсүрудің – өміртанудың – жар таңдаудың – адамтанудың шеберлік сағатындай таптырмас жолсілтерге айналды. Сіз – ай қарап жүрген бір жалғыз жарым жолаушы емессіз, сіз өзіңіздің Ескендіріңізсіз, Сіз Ескендірсіз.
«Ақбілекті» оқыған сайын – сіздің бір бөлекше кеңдігіңізді сезінемін, Мұхтар Әуезов өз кейіпкерінің, заманының ішінде өмір сүрді, өз кейіпкеріне айналып кетті. Қайғысы ішіне түсіп кеткен еді. Сіз сол қайғының сыртында секілдісіз. Сіз сол заманның сыртында, кейіпкерлеріңіздің мүсініне музей аралап жүргендей қарайсыз. Сіз осы сол заманға төреші, таразышы, соттаушы, айыптаушы, қайғырушы, жапа шегуші болып қарамайсыз, сіз сол бір кезеңді қабылдаушы, өзінен өткеруші, көнуші, аман өтудің жолын көрсетуші, жасты өсіруші, жалындыны жанушы, сынғанға дәнекер, араздыға мәмілегер секілдісіз. Ескердірдің өзісіз, қапалыны қақпай, қағынғанға үндемей, қайысқанды демей жүрген Ескендірдің өзісіз.
Бірақ, осы әңгімеде әдебиеттің өзін әңгіме еткелі отырғасын, сіз туралы емес, «Ақбілек» туралы айтар болсақ, Ақбілек кейіпкер ретінде жетілген толыққанды бейне дей алмас едік. Ақбілектен мінез күтесің, кейде бір ішкі ызаның сөзін күтесің. Талай тоқпақ жеген Ақбілек қала оқымыстысы Ақбаланың «қызсың ба, жоқ емессің ба?» деп сұрауына жайбарақат «жоқ, қыз емес едік» деп жауап бергеніне ішің ашиды. Көңілі Ақбалаға құлай жүрсе де бірден айнып, Балташ аламын деуіне көніп тиіп кеткеніне тағы біртүрлі боласың. Ал, анау ше... қара мұрттың қолынан, қасқырдан, шөлден өлмей аман келгенде Бекболатпен түн қызығын көріп, жанына жуытқанын тағы неге жорырымызды білмейміз. Ақбілек ақылды, сұлу ғана қыз ба? Ақбілектің ширыққан, серпілген, мақсат қойып қайраттанған тұсын өткізіп жібергеніңіз – сол арасын бөліп бірнеше жыл өткенін баяндауыңызда да асығыстық бар. Асықпай жазуға мұрсат болмаған шығар, бәлкім, ол жағы өзіңізге мәлім, алайда, романды қайта қараймын десеңіз...
Ақбілек – Мамырбай ортасындағы тілсіз қарым-қатынас – ХІХ ғасыр басында қазақ басына төнген зауалдай, қазақтың Құдайға қойған сұрағы секілді. Ақбілектің «Не жазығым бар? Мен не істеп қойдым?» деген сұрағы бүкіл қазақ кеудесіндегі жауабы жоқ сауалдай естіледі. Ақбілек – Бекболат линиясы да махаббат ұғымының сатыларын, соқпақтарын жеткізуге зор дәріс бере алады. Ақбілек – Балташ линиясының ашылуында біздіңше асығыстық бар, Ақбілек образына көлеңке түсірер аңғалдық сезіледі. Бір қызығы, роман басында антоганист болған Мұқаштың линиясы соңына дейін ашылмайды. Мұқаштың болыс болмай ауылда қаңғырып қалғанынан кейінгі тағдыры белгісіз. Ақбілекті сатып берген, ел-халқын сатқан, өзінің кіжінісі мен кегін алам деп орысқа қазақ қызын ұстап берген Мұқаштың тағдырын білмей қалуымыз оқырман ретінде ауыр тиді Жүсіпбек мырза. Біз роман соңына қарай Ақбілектің Бекболатты кезіктіргенін, оның көзінен өкініш көргенін білеміз. Одан қалса бірнеше жылдан кейін өзін талауға бермеген, өлтірмекші де болған қара мұрттың да көзін көреміз. Бірақ, Мұқаштың көзін көрмейміз. Сіз Мұқашты кең Ескендірлігіңізге салып кешіре салдыңыз ба?
Әрине, сіз болғалы сіз сөйткен боларсыз, сіздің осы бір кеңдігіңізді басында айтып өттік қой, сіз сол жақсысы мен жаманына кең жүрегіңізден орын берген Ескендірсіз ғой. Алайда, әдебиет заңына салсақ, Мұқаштың ниетінен тапқанына куә болуымыз тиіс-ті. Біз секілді тырнақ астынан кір табатындар Мұқашты түтіп жеуге бармыз енді.
Сіз «Ақбілекте» біршама партияшыл, қара таяқшыл, «шорт знаетшыл», «шорт поберишіл» жалаң мен жасықты пікірластырып біршама шындықты айтқызасыз. Осы бір талдаулар арасынан бүгінгі қазақ та өзінің мұратын ашып анықтап алары сөзсіз. Бұныңызға бек рақмет. Шәксіз, қазір де осы бір партияшыл көменестердің прототиптері бары анық. Біз бұл тарапқа кіріспей ақ қояйық.
«Ақбілекті» қай тұстан да айналдырып қарауға болады, түсінгенім, әркім өз дертіне, жарасына, ішкі ақауына байланысты талдайды екен. Осы бір талдаулардан түйгеніміз:
«Ақбілек» – бізге саяси сахнаның болмысын ашады, бүгінгі саясаттағылардың да болмыс-кейпі деуге де болады.
«Ақбілек» – адам өсуінің, сана өсуінің процесін баяндайды. Жаңа заманға бейімделер өтпелі кезең туралы жазады, ондай заман туа қалса (құдай салмасын) «Ақбілекті» тағы бір ақтарып дәріс алуға болады.
«Ақбілек» – жас қыздарға жігіт таңдауды үйретеді, сараптауды, сынауды, парасатпен неке құруға баулиды. Неке, отбасы түсінігін ашып береді. Көзі мен сөзі жақсының өзі жақсы бола бермейді дегенді жеткізеді.
«Ақбілек» жігіттерге – қыз таңдауды үйретеді, сен қызға қалай, қай көзіңмен қарайсың, саған тән кемшілігі маңызды ма, әлде жан саулығы маңызды ма деген сұрақ қояды.
«Ақбілек» - әкелерге қыздарымен ашық тілдесіп, түсінісу керектігін үйретеді, әкелер қызына бала деп қараса, кейін келіншек, ана ретінде қабылдауы туралы дәріс береді.
«Ақбілек» – соңына дейін сынбауды үйретеді, мақсұтыңды малға, дүниеге, балаға, байға, таққа, билікке байлама деп нұсқайды. Үлкен мақсаттарды қойып сол жолда адал жүруді нұсқайды.
«Ақбілек» – иісі мұсылман қазақтың әдеті мен тәрбиесін – өзге ұлттың тәрбие-танымымен салыстыра отырып, Ақбілектің аузымен бізге ақ қарасын ашып көрсетеді.
«Ақбілек» – құмарлық пен шын махаббаттың ара жігін айырып береді, құмарлық тарқар, махаббат қылатын ер аз, махаббатты қадірлеу керек деп ақыл айтады.
«Ақбілек» – шарасыздықты, панасыздықты, қорлықты жалаулатпайды, ол осының бәрін өткінші деп қабылдап «өзіңнің жаңа нұсқаңды жасау» туралы жақсы жол көрсетеді.
«Ақбілек» – Құдайдың басқа салғанына көн, бірақ тағдыр жазуы деп көнбе, ары қарай жолыңды тап деп нұсқайды.
«Ақбілек» – адам ең әуелі рух, ол тән емес, рух өлмейді, адамның рухы бақытқа жетуі маңызды деп Ескендірдей әулиенің болмысын мысал қылып көрсетеді.
«Ақбілек» – қазақ басына келген нәубетті түсіндіреді, бірақ қасарыстырмайды, тергеспейді, лағынет айтпайды, ол надандыққа, қараңғылыққа, өсуге деген қарсылыққа лағынет айтады.
Жүсіпбек мырза, үшбу хат сізді мақтау үшін жазылмады, ішінде сұрағына жауабы бар хатымды достық көңілдің, сыншы оқырманның пікірі дерсіз, сізді пір тұтып қатты сыйлаймыз.
Құрметпен, оқырманыңыз Сағадат Ордаш
