Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы

20.11.2015 8705

"Еділ-Жайық": Әнес Сарай

Автор: Әнес Сарай
Түсінік: Рымғали Нұрғалиұлы

Қысқаша мазмұн

Әнес Төлендіұлы Сарай 1937 жылы 21 қарашада РФ-ның Астрахан облысы, Володар ауданы, Құрманғазы атындағы колхозда дүниеге келген. Әкесі – кәсіби теңізші, шешесі – колхозшы. Әуелі Көрін жетіжылдық, кейін Сизой-бугор орта мектебін тәмамдап, 1956 жылы онжылдықты бітіреді. Сол жылы Атырау педагогтік институтының физика-математика факультетіне түскен, бірақ бірінші курстан кейін оны тастап кетеді. Астрахан қаласына қайта оралып, теңізші мамандығын беретін училищелерде дайындық курстарына кірген. 1957 жылы әскер қатарына алынып, оны 1960 жылы тәмамдап, Алматының С.М.Киров атындағы университетінің филология факультеті журналистика бөліміне оқуға түседі.

Университетте оқып жүріп, “Социалистік Қазақстан”, “Лениншіл жас” газеттерінде жұмыс істейді. Еңбек кітапшасы “Лениншіл жас” газетінің әдеби қызметкері ретімен 1963 жылы қазан айында ашылған. 1965 жылы университетті бітірген соң, жастар газетінде қалып, 1970 жылдың ақыр соңына дейін, батыс облыстары бойынша меншікті тілші, бөлім меңгерушісі міндеттерін атқарады. 1970 жылдан 1995 жылдар аралығында “Жазушы” баспасында жұмыс істеп, редактор, бөлім меңгерушісі, бас редактордың орынбасары, бас редактор қызметтерін атқарады.

Әнес Сарайдың суреттеме, өлең, мақалалары 1957-1960 жылдар аралығында Астрахан облысы, Володар ауданының “Балықшы” газетінде жиі басылып тұрады. Ал кәсіби үлкен әдебиетке келуі 1963 жылы “Лениншіл жас” газетінде басылған “Дауылда” атты әңгімесінен басталды деуге болады. Бұдан соң жас қаламгерге республикалық газет-журналдардың есігі ашыла бастайды. Жас қаламгердің тырнақалды туындылары “Лениншіл жас”, “Мәдениет және тұрмыс”, “Жұлдыз” журналдарында жарық көреді. Ал Әнес Сарайдың өміріндегі белесті оқиға, әлі де журналистика қызығында жүрген қаламгердің үлкен әдебиетке бет бұруы деп, 1966 жылы өткен Қазақстан Жазушылар Одағының кезекті съезін атаса артық емес. Съезде белгілі қаламгер Тахауи Ахтанов жастар шығармашылығы туралы қосымша баяндама жасап, қазір қазақ әдебиетінің қарағай мүйіздеріне айналған жастардың біразын атай келіп, Әнес Сарайдың “Домбыра” атты әңгімесіне жоғары баға берді.

Қаламгердің “Мұнаралар шақырады” атты тұңғыш әңгімелер жинағы 1969 жылы жарық көрді. Қаламгер “Лениншіл жастың” меншікті тілшісі бола жүріп, жаңа ғана игеріліп жатқан Маңғыстауды көп шарлап еді, сол сапарларда көрген-білгені көркем әңгімелерге айналып, жинақтың сүйегін құрады. Бұдан кейінгі жылдары “Қараша өткен соң” (1971), “Бозқырау” (1973), “Тосқауыл” романы (1976), “Алтын арал” романы (1984), “Ақ тымық түн” повесть-әңгімелер жинағы (1990), “Когда приходит ноябрь” повесть-әңгімелер жинағының орысша аудармасы (1988), “Еділ-Жайық” романы (1992), “Асылдың сынығы” тарихи зерттеулер (1996), “Исатай мен Махамбет” (1997), “Мұхаммед пайғамбардың өмірі” (1994) сияқты көркем туындылары жарық көрді.

Қаламгердің прозалық шығармалары орыс тіліндегі әр түрлі жинақтарға (1970-90 ж.ж.), ұйғыр (1986), қытай (1988), татар (1986), марий (1989), әзірбайжан (1976) тілдеріне аударылды.

Ә.Сарай драматургия саласына да қалам тербеді. Ол “Тотиып қалды” (1978), “Қу тазша” (1979), “Ару Алматы” (1984), “Мұңым менің” (1984), “Аңсау” (1997), “Балуан Шолақ” (2000) пьесалары Алматы, Астана, Қызылорда, Қарағанды театрларында қойылды. Қаламгердің кинодраматургия саласындағы еңбектерінен Қазақстанның 60 жылдығына арналып түсірілген төрт сериялы “Төтенше тапсырма”. Москва орталық телевизия тапсырысымен түсірілген “Біз - жастармыз” (режиссері В.Пусырманов), өндіріске қабылданғанымен, кинофильм болып шықпаған төрт сериялы “Атаман Анненковтың ақыры” сценарийін де айтуға болады.

Әнес Сарай соңғы жылдары қазақ тарихының көмескі беттері мен қазақ топырағының көнеліктері туралы зерттеу мақалаларын жазумен көзге түсті. Бұл орайдағы “Жылан Бапы патшалығы”, “Ер Еділ”, “Қарақыпшақ Қобыланды”, “Арғындардың тайпалық жыры”, “Тарих және шежіре”, “Жалайырлар”, “Адайлар”, “Алшындар”, “Қоңыраттар”, “Үйсіндер”, “Қыпшақтар” сынды еңбектері байыптылығымен көзге түседі. Қаламгердің тарихи тақырыптағы ізденістері “Исатай мен Махамбет” (1997), “Асылдың сынығы” (1996) кітаптарын құрады.

Ә.Сарайдың жүзге тарта очерктері мен әр түрлі тақырыптағы мақалаларды құрайтын журналистік еңбектерімен қатар көркем-әдебиет аудармасы саласында да еңбек тындырды. “Моңғол әңгімелері” (1976), “Азия Африка” жазушыларының әңгіме-повестері жеке кітап болып шықты.

Әнес Сарайдың “Еділ-Жайық” романы 1991 жылы “Жұлдыз” журналында басылып, 1992 жылы “Жалын” баспасынан жеке кітап болып басылып шықты. 1994 жылы аталмыш шығармаға Қазақ Республикасының Мемлекеттік сыйлығы берілді. Газет-журналдардың жағдайы нашарлаған, әдебиетке қамқорлық кеміп, әдеби сын құрыған кезге тап келіп, роман жан-жақты салдарды талдаудың нысанасы бола алмады.

Ал ондай талдаулар болуға тиіс еді. Өйткені романда төңкеріс оқиғасына тың көзқарас бар еді, сонымен бірге “Алашорда” қозғалысы ұлт мүддесіне сай саяси күш ретінде суреттелді. Романның жазылу жылдарын еске алсақ, бәлкім, соңғы тақырып өткір көрінбеуі мүмкін, бірақ сүйіспеншілікпен шыншыл суреттелген. Екінші бір мәнді мәселе, автор кеңестер дәуірінің өтетінін білгендей, төңкеріс тақырыбы болды-болмады әңгімеге айналатынын сезгендей, романды басы ашық нақты сенімді деректерге құрған. Шығарманың тұс-тұсында тарихи экскурс міндетін атқаратын құжаттар келтіріліп отырған. Сондай-ақ, шығарманың бас кейіпкерлері Ізбасар Жәнекенов, Ахтан Мұхамедиев, Қажығали Жарқынбаевтар қияли кейіпкерлер емес, өмірде болған қаһармандар. Қазақтың бұл үш азаматының есімі Астрахан ревкомының төрағасы С.М.Кировтың Ленинге жолдаған жеделхаттарынан табылды. Шығарманы қиял көмегімен еркін толғау мен құжаттарға кіріптарлық көркем дүниеге оң, теріс әсер етіп, із қалдырады. “Еділ-Жайықты” осы қырынан зерттеу де әдеби таным тұрғысынан қызықты болмақ.

Роман оқиғасы 1918 жылдың күзінен басталып, 1919 жылдың ақыр соңымен бітеді. Уақыт жағынан бір жылдық мерзімді қамтиды. Ал кеңістік жағына келсек – оқиға желісі Астраханнан басталып, Атырау, Маңғыстау, Орал облыстарын қамтиды. Ресейдің оңтүстігіндегі Астрахан “революцияның бесігі” еді. Ол талай бүлікті, қыспақты басынан кешіріп, орталықтан бөлініп қалғанмен, большевизмнің туын қолынан түсірмеді. Өйткені ондағы билік тізгіні қабілетті адамдардың қолында болды: Киров, Атарбеков, Нариманов, белгілі “Оптимистік трагедия” пьесасының кейіпкері Лариса Райснер. Революцияның тағдыры сынға түскен 1918 жылдың күзінде В.И.Лениннің барлық нацмендерге өзін-өзі билеуге еркіндік жариялаған үндеуі – көпұлтты Астараханды күреске жұмылдырған. “Еділ-Жайықтың” басты кейіпкерлерінің Астраханнан табылуында осындай сырлар бар.

Жан-жақтан анталаған Антанта, оған арқа таңған ақ гвардияшыл бүлікшіл генералдардың орталыққа жорығы емес, “тек қана жалғыз отын тапшылығының” өзі-ақ революцияны тұншықтыратын түрі бар деген мағынадағы В.И.Лениннің хатын Астрахан ревкомының төрағасы С.М.Киров 1919 жылы сәуір айында алды. Онда Атыраудың Жылыойдың өңіріндегі мұнай қоймасы ракушаны басып алуға ұсыныс жасалған. С.М.Киров оларға астыртын барлау жасауды қолға алады. “Еділ-Жайық” романының кейіпкерлері сөйтіп тарих бетіне қалқып шығып, ұлы оқиғалардың бел ортасында болады.

Бұл кезде Еділ-Жайық өңірінде әр түрлі бағыттағы бірнеше саяси күштер әрекет етті: Қызыл Астрахан, большевиктік Бөкей ордасы, монархистік жолды ұстанған – Жайық – казак атамандығының штабы Атырау, бір күні қызыл, бір күні ақ болып, қолдан-қолға өтіп тұрған Орал қаласы, Алашордалық Жымпиты, Қызылқоға, Ойыл, Темір, уақытша үкімет өкілі полковник Оспан Көбеев пен жанкелдиншіл Тобанияз “тіл табысып”, бірлесе әрекеттескен түсініксіз Маңғыстау, Астрахан мен Атырау арасындағы Забурынға орныққан ақты да, қызылды да мойындамайтын балықшылар атаманы Қарабас қауымы. Оқиғаның басты өзегі – осы қауымның төңірегінен шырмалып шықпайды. Оларды өз жағына қызылдар да, ақтар да, алашордашылар да тартады. Қарабас олармен бірде табысып, бірде кетіседі. Ақыр соңында оларды ақтар да, қызылдар да аямай қанға былғайды.

Романда Жанша, Халел Досмұхамедов, Алашорда жасағының бастығы Тоқа Жарқынбаевтардың, Қарабас балықшылары арасындағы алашорда өкілі Ысмайылдың іс-әрекеттері романда өз алдына бір желі болып құрылған. Алашорда кіндігі Жымпитыны қорғау, Алашорданың Ойылдағы әскери мектебіндегі большевиктер салған ылаң, Алашорданың Қызылқоғадағы милиция мектебінің жауынгерлік тірліктері суреттеледі. Ең ақырында Батыс Алашорда уәлаятының капитуляция алдында, Елек орманында Халел мен Фрунзенің кездесуі әңгімеленеді.

Романның кейіпкерлері Ракуша аралында 12 миллион тонна мұнай барын Астраханға хабарлайды, Астрахан Мәскеуге хабарлайды. Ембі мұнайын қолға алу үшін қиян-кескі соғыс басталады. Чапаевтың 25 дивизиясы Самарадан Жайық бойына келеді. В.Лениннің тікелей нұсқауымен Александров-Гай – Ембі теміржолының құрылысы басталады. “Еділ-Жайық” романының кейіпкерлеріне Ракуша мұнай қоймасын шегінген Толстов әскерінің өртеп-бүлдіруінен сақтау тапсырылады.

Романда төңкеріс жылдарындағы Еділ-Жайық, Атырау теңізі аймағындағы халық тұрмысы, саяси күштердің шарпысуының кең понорамалық суреті берілген. Шығарма бір ғана саяси оқиғалар жетегінде кетпей, ел тірлігінің, әсіресе, Атырау теңізі үстіндегі балықшылар қауымының қайталанбас ғажап суреттерін салуға қалам қуатын аямаған. Шығарманың қайсыбір тұстарында детективтік жағдайлар кездеседі. Бірақ ол әдейі сюжетті шымырлау үшін ойдан шығарылған емес, өмірде орын алған осынау кең ауқымды тарихи оқиғаның құрамдас бір бөлігі болғаны шындық.

Жоғарыда әңгіме болған ауқымды оқиғалар бір романға қалай сыйған деген сауал тууы ғажап емес. Шынында да, бір кітапқа сыйғызу мүмкін емес. Автор “Еділ-Жайыққа” дейін “Алтын арал” романын жазған. Тақырыбы да, кейіпкерлері де бар. “Алтын арал” жеке шығарма ретінде өз алдына өмір сүрді. Әлі де өмір сүре береді. Уақиға желісі осылай құрылған. Бұл екі романды қосып шығарса, Еділ-Жайық оқиғасы тұтастық мағынаға ие болар еді.

“Еділ-Жайық” – бүгіндері тарих еншісіне айналып бара жатқан өткен ғасырдың басындағы ұлы дүрбелең кезіндегі Атырау өңірінің тыныс-тірлігіне арналған кезеңдік шығарма. Ол қазан төңкерісін мақтамайды да, даттамайды, халық басынан өткен бір күрделі оқиға ретінде баяндап қана қояды. Батыс идеологтары эволюциялық жолды қанша дәріптегенмен, қоғам іштей іріп-шірігенде, тазалану үшін революциялық төңкерістердің керек кездері болады. Бірақ ол сол қоғамның ішінде пісіп-жетілуі керек. Автор қазақ қауымында ұлттық қозғалыстың пісіп-жетілгенімен, таптық қозғалыстың пісіп-жетілмегенін, сол себепті басты кейіпкерлер төңкеріс мақсаттарын шала ұғып, күмәнді ойларға жиі-жиі берілетіндері арқылы – бұл әлемдік оқиғаға өзінің авторлық көзқарасын аңдатады.

“Еділ-Жайық” – бажайлап оқыған зерделі оқырманға айтар астарлы сырлары көп, зерттеушісі келіссе, әдеби құндылықтары да бар, әрқашан өз оқырманын табатын шығарма.


Көп оқылғандар