Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Ыбырай Алтынсариннің қазақтың ұлттық жазба әдеби т...

19.09.2016 38295

Ыбырай Алтынсариннің қазақтың ұлттық жазба әдеби тілінің дамуындағы орны

Ыбырай Алтынсариннің қазақтың ұлттық жазба әдеби тілінің дамуындағы орны - adebiportal.kz


 

Аса көрнекті демократ-ағартушы әрі жазушы Ыбырай Ал­тынсарин (1841-1889) қазақтың ұлттық жазба әдеби тілін дамы­туда екі салада зор еңбек сіңірді: бірі – жазушылық қызметімен, екіншісі – ағартушылық қызметімен.

Ыбырай Алтынсарин1.jpg 
 

 

Қазақ халқының қалың бұқарасының сауатын ашып, көпшілікті оқу-білімге тарту – Ыбырайдың қоғамдық және азаматтық борышы мен қызметі болды. Ол өз тұсында болып отырған діни оқуды емес, азаматтық оқу-білімді қоштады және білімді калың жұртшылыққа таныс халық тілінде (ұлттық тілде) беруді шарт етіп қойды.


 

 

Ыбырай Алтынсариннің қазақ тілін дамытудағы рөлі оның ағартушылық қызметімен тікелей байланысты. Ыбырайдың әдеби шығармалары, әсіресе прозалық туындылары оқу кітабы ретінде арнайы жазылған. Бұл тұста Ыбырайға екі түрлі жүкті тұңғыш рет арқалауға тура келді: бірі – қазақ әдебиетінде бұрын жоқ проза жанрын бастау, яғни қазақ әдеби тілінде бұрын болмаған шағын әңгімелер (новеллалар) стилін жаса­ды, екіншісі – өз өлеңдері мен қазақтың ауызша тараған мол көркем әдеби үлгілерін оқушы жастарға ұсыну.


 

 

Ыбырай – қазақ әдебиетіндегі көркем прозаның негізін са­лушы[1], демек көркем проза стилін бастаушы. Оның ішінде мектеп оқушыларына арнаған әңгімелер жанры болғандықтан, олардың көлемі шағын, тілі мейлінше түсінікті болуды көздеген. Ол үшін сөйлемдері қысқа болып, ауыр әшекейлі фразалары өте аз келеді. Керісінше, Алтынсарин ұсынған бұл стильде халықтың сөйлеу тіліне мейлінше жақындату принципі күшті. Сондықтан да Ыбырай тіліндегі фразеологизмдердің баршасы дерлік халықтың сөйлеу тіліне тән: жұрттан асқан бай болыпты, сөзге семірді, жаны көзіне көрінді, көңіліне жел кірді т.б. Теңеу, эпитет, метафоралардың да дені халықтық сөйлеу тілі мен байырғы әдебиеттен алынған. Адамды құстай ұшырды, қорғасын оқтай балқытты, жібектей жапырылған көкорай шалғын дегендердегі теңеулер – Ыбырай туындыла­ры емес, бұрыннан қалыптасқандар. Оның әңгіме, өлеңдерінде кездесетін жұмсақ шырай, жарқыраған алтын тәрізді эпитет­тер де – әбден кәнігі. Ауызекі сөйлеуде белгілі бір экспрессивтік бояу үшін сөзді қайталап қолдану тәсілі бар, Ыбырай тілінен осы әдісті де табуға болады: «одырайып қарап тұрып-тұрып», мұнан келе-келе жатып»...

Ыбырай Алтынсарин.JPG 
 

 

Ыбырай да, Абай сияқты, қазақтың ұлттық жазба әдеби тілінің негізі етіп жалпыхалықтық сөйлеу тілі мен қазақтың қолтума байырғы әдеби тілін қалады. Оның шығармалары – прозасы да, өлеңдері де – осы негізде жазылған.


 

 

Ыбырай да, Абай сияқты, бірсыпыра түркі халықтарына қызмет етіп келген ортаазиялық түркі әдеби тілі («түркі» не­месе «шағатай» тілі аталған) мен сол тұстағы қазақша «кітаби тілден» бас тартты. Сол «кітаби тілде» жазылған, не көркемдік, не нормалық сипаты шамалы кейбір үлгілерді қатты сынады.Әсіресе діни кітаптардың тіліне қарсылық білдірді. Өзінің «Хрестоматиясының» алғы сөзінде: «Татардың[2] кітап тілі...араб-парсы сөздеріне лық толған, сондықтан ол сауатсыз қазақтарға түсініксіз. Бүл тілде басылып шыққан кітаптардың бәрі де – тек дін туралы жазылған кітаптар, сондықтан олар дүнияуи мақсаттарды көздейтін орыс-қазақ мектептерінде пай­далану үшін... қолайсыз»,[3] – деп жазды. Н.И.Ильминскийге жазған бір хатында осы ойын және қайталап: «Қазақ оқу-шыларының діни оқуға пайдаланатын құралдары, көбінесе... татар кітаптары, бірақ бұл кітаптарда ешқандай жүйе де, тіпті көбінде ешбір мағына да жоқ»,[4] – деп білдіреді.


 

Ыбырай шығармалары тілінің лексика-фразеологиялық құрамы қазақ әдеби тілінің байлығынан алынған. Грамма-тикалық құрылысында да Ыбырай кітаби тілге тән тұлға-тәсілдерді қолданбайды. Тіпті ол сол кезде қазақтың жазба әдеби тілі ішінара пайдаланған кітаби орфографиялық дәстүрді де қабылдамай, қазақ тілінің фонетикалық заңдылықтарын ескеріп, қазақша жазу принципін ұстады. Оған Ыбырайдың қазақ жазуы үшін орыс графикасын ұсынуы себепкер болды.


 

 

Қазақтың жазба әдеби тілінің даму бағытын белгілеудегі Ыбырай Алтынсариннің рөлі мен орнын сөз еткен тұста оның араб-парсы тілдері мен орыс тіліне қатысын айқындап алу қажет. Сөз жоқ, Ыбырай қазақ әдеби тіліне араб-парсы элементтерін кітаби тілдегіше молынан және өнімді түрде енгізуді қостамады, бірақ жалпы араб-парсы сөздерінен үзілді-кесілді бас тартқан жоқ. Өйткені қазақтың сөйлеу тілінде де, байырғы әдеби тілінде де араб-парсы сөздері едәуір мол болып келгендігін, олардың көбінің қазақ тіліне етене сіңіп кеткендігін Ыбырай жақсы түсінді. Сондықтан ол Н.И.Ильминскийге жазған бір хатында: «Меніңше, қазақ жазбалары үшін осы тілдің өзінде жоқ сөздердің орнына парсы немесе араб сөздерін алуға бо­латын тәрізді», – деген ойын білдіреді[5]. Бұл айтқанына және өзінің мәтіндеріне қарағанда, Ыбырай араб-парсы сөздерін екі жағдайда ғана актив қолдануды ұсынады: бірі – ежелден еніп, қазақ тіліне сіңісіп, қолтума болып кеткен, ауызекі сөйлеу тілінде әбден қалыптасқан сөздер тобы, екіншісі – қазақша баламасы жоқ ұғымдардың араб-парсыша атаулары. Мыса­лы, соңғы топқа дінге, оқу-ағартуға, әлеуметтік қоғам өміріне қатысты бірқатар сөздерді жатқызуға болады. Ыбырайдың жал­пы оқу орнын медресе, мұғалімді молда деуі, патса, патсаза­да, уәзір сияқты әлеуметтік топтардың атауын қолдануы, ораза, намаз, иман, дуа, тауба, жұмақ, дозақ тәрізді сөздерді келтіруі – осыны дәлелдейді. Қалған реттерде, мысалы, жаңа сөз жа­сауда, дерексіз ұғым атауларын атауда – барлығында Ыбырай араб-парсы сөздеріне жүгінбейді. Бұл тұста ол тіпті Абайдан да ерекше тұрады. Ыбырай талаптылық, ұқыптылық, салақтық, мейрімділік сияқты дерексіз ұғым атауларын қазақша ұсынады.


 

 

Ыбырайдың орыс тіліне көзқарасы, әрине, айрықша бол­ды. Ол ең алдымен, сөйлеу тілінде бұрыннан орныққан орыс сөздерін пайдаланумен қатар, көптеген сөздерді өзі енгізді. Купец, приказчик, фабрика, конфета, мужик, фонарь, ящик сияқтылар – қазақ өміріне таныс бола бастаған нақты зат ата­улары болса, Ыбырай тілінде кездесетін князь, граф, франк, университет, портрет, награда деген орыс сөздері – ауызекі тілге бейтаныс жаңа кірмелер.


 

 

Орыс сөздерін әдеби тілге енгізуде Ы.Алтынсариннің екі ерекшелігін көрсетуге болады: бірі – оларды фонетикалық тұлғалануы жағынан аса «сындырмай» қабылдау, екіншісі – бейтаныс орыс сөздерін қазақ қауымына таныс өзге сөздермен немесе суреттеме тәсіліммен түсіндіріп отыру. Сөйлеу тіліне енген орыс сөздерінің қазақ фонетикасына сәйкестеніп қабыл-данғаны мәлім. Ыбырай осы тәртіпті едәуір бұзып, орыс сөздерін түпнұсқаға жуықтау түрде алуды ұсынады. Сондықтан бұрыннан жәрмеңке, жәшік, зілмеңке тәрізді сөздерді ол яр­марка, ящик, землянка деп береді. Бұған Ыбырайдың орыс гра­фикасын қолданғаны да себепкер болғаны сөзсіз.


 

 

Екінші жайтқа – бейтаныс орыс сөзін түсіндіріп отыру тәсіліне келсек, бұл – Абай мен Ыбырайдың қаламдарына тәнсипаттардың бірі. Ыбырай: университет деген бір үлкен школда деп алдыңғы сөзді сол кездегі қазақтарға таныс оқу орнының атымен (школ) түсіндіреді. Немесе қағаз істейтін фабрик деген тіркеспен берілгенде, фабрика сөзінің мағынасы айқын болып шығады. Бұл тұрғыдан Абайдың Ол монастырь сопылар тұрар жері немесе Дадан деген иісті май тұтатып деген жолдары да мысал бола алады.


 

 

Ы.Алтынсариннің тіл саласында істеген және бір еңбегі – шағын сөздік жасауы мен қазақ грамматикасынан мағлұмат берген материал ұсынуында. Оның 1879 жылы жарық көрген «Начальное руководство к обучению киргизов русскому язы­ку» деген кітабында тақырыптық топтарға бөлінген кішігірім сөздік береді және орыс тілінің грамматикасын қазақ тілімен салыстыра отыра таныстырады. Әрине, бұл соңғысы – шын мәніндегі ғылыми курс емес, өзі айтқандай, бұл – нұсқау құрал, «ол – толық грамматика емес, ол – тек сөйлесуде, жазуда ғана тілдің негізгі заңдылықтарын дұрыс пайдалана білу үшін жол көрсететін алғашқы құрал»[6] ғана. Ыбырайдың мұндағы көздегені – қазақ балаларына орыс тілін ана тілі арқылы үйрету. Бұл грамматика қазіргі қазақ тілі грамматикасы кітаптарындай нормалаушы рөл атқармаса да, оның сол тұстағы кейбір кате­горияларды танып-білудегі мәні бар[7]. Қазақ тіліндегі тұңғыш лингвистикалық термиңдер осы еңбекте жасала бастаған. Әрине, бұлар қазіргі терминдерге сай келмейді, бірақ бұдан қазақ тіліндегі оқу-педагогикалық және ғылыми стильдер элементтерінің алғашқы пайда болып, әрі қарай дамуындағы Ыбырай Алтынсариннің еңбегін көреміз.


 

 

Сөйтіп, Ыбырай өзінің жазушылық әрі ғылыми қызметімен (ол этнография саласынан мақалалар жазған және қазақ тілінің грамматикасы туралы шағын жұмыс жариялаған) қазақтың жаңа жазба тілінің даму бағытын нұсқады, стильдік тарамда­луына жол салды, көркем проза стилінің негізін салды.


 

 

Ыбырайдың поэтикалық дүниесі айрықша мол болмаса да, ол әдебиеттің бұл саласында да қазақтың жалпыхалықтық тілі мен байырғы ауызша әдеби тілін негіз етуге үлгі көрсетті. Ыбырай өлеңдерін мазмұны мен жанры жағынан негізінен екі топқа бөлуге болады: 1) дидактикалық мәндегілер; үгіт-шақыру өлеңдері, нақыл, тақпақ; 2) табиғат құбылыстарын суреттейтін туындылар. Алғашқы топтағылар түгелімен дерлік ауыз әдебиеті мен байырғы төл әдебиет үлгісімен, соған ұқсастырыла жазылған. Мысалы, «Өнер-білім бар жұрттар» деген өлеңінің стилі де, ішіндегі көркемдеу элементтері де дидактикалық толғаулармен әуендес: өлең 7-8 буынды, аралас ұйқасты, ұйқасқа көбінесе етістіктер алынған, мұндағы айшылық алыс жерлер, көзді ашып жұму, бата беру сияқты фразалар бұрынғы үлгілердің тілінен алыстамайды, теңеулер де дағдылы: құстай ұшу, балықтай жүзу, жастар желкілдеп шыққан шөп, өнер жігіт көркі т.т. Араз бол, кедей болсаң ұрлықпенен. Мақтанба бақыттымын деп бағыңызға, Арық мал жан жолатпас бір жалданса, Әй, достарым, Әй, жігіттер деп басталатын өлеңдер циклі де бұрынғы үгіт-насихат түріндегі 11 буынды қара өлеңдер мен 7-8 буынды толғаулар сарынында берілген. Бұларда да барлық лексика-фразеология, көркемдеу элементтері қазақтың бай ауыз әдебиеті мұрасы мен ауызша поэзиясы үлгісінен алыстамайды.


 

 

Ал екінші топтағы «Жаз», «Өзен» деген бірді-екілі өлеңдерінде Ыбырай табиғатты жырлайтын лирика жанрына жуық келеді. Бірақ бұларда да тақырып пен жанр жағынан өзгешеленгені болмаса, тілі мен өлең техникасы жағынан бұрынғы поэзиядан көш ілгері кеткендік жоқ.


 

 

Ыбырай алдына қазақ поэзиясын жаңғырту, жаңа сатыға көтеру, көркемдеу тәсілдерін жетілдіру, түрлендіру сияқты міндеттерді қоймаған: ол өз поэзиясын ақындығынан емес, ағартушылығынан ұсынған, яғни ол өлеңдерін жалпы жан сүйсіндірерлік эстетикалық дүние деп емес, мектепте оқуға арналған материал ретінде ұсынған. Мұндағы мәні бар факт – Ыбырай ұсынған өлеңдердің тілінің «жалпақ жұртқа», «қарапайым оқушыға» түсінікті қазақтың халықтық тілінде жазылуы. Бұл өлеңдердің бұрынғы қазақ поэзиясы үлгілерінен алшақ кетпеуі – Ыбырай Алтынсариннің қазақ жазба әдеби тілінің негізін таңдаудағы принципін көрсететін белгі.


 

 

Тіл саясатында Ы.Алтынсариннің ұстаған принципі прогрессивтік мәнде дұрыс болғандығын XIX ғасырдың соң кезінде баспасөз бетінде Ыбырайдың ағартушылық жүйесі туралы жүргізілген пікірсайыс (диспут) көрсетті. Ы.Алтынсариннің озат ойлы ізбасарлары осы айтысты «Оренбургский листоктың» 1884 жылгы 15-нөмірінде қорытындылап, онда Ыбырайдың тілі халықтық, әрі айқын, әрі дұрыс, әрбір қазаққа түсінікті деп түйді[8].


 


 

Рәбиға Сыздықованың “Қазақ әдеби тілінің тарихы” атты кітабынан


 


[1] Жұмалиев Қ. Қазақ әдебиеті тарихының мәселелері... 16-б.

[2] Сірә, өткен ғасырдағы жалпы дәстүр бойынша «татар» деген терминді Ыбырай да Қазан татарлары жайында емес, «түркі» дегеннің де баламасы ретінде қолданған.

[3] Алтынсарин Ы. Таңдамалы шығармалар. - Алматы, 1955. 70-б.

[4] Сонда, 323-б.

 

[5] Ильминский Н.И. Воспоминания об Ибрае Алтынсарине. Казань, 1891. - с. 215.

[6] Алтынсарин И .Начальное руководство к обучению киргизов русскому языку. Оренбург, 1871. с. 2.

[7] Бұл кітап жөнінде толығырақ мәліметгі мына еңбектен алуға болады: Хасанова С.Ыбырай Алтынсарин шығармаларының тілі. Алматы, 1972. - 17-20-б.

[8] Сулейменов Б. Проблема изучения научно-педагогического и литературного наследия Алтынсарина //Вестник АН Каз ССР. - 1967. -№1. с. 22-28.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар