Таңертең электрондық поштамды ашсам – жаңа хат тұр. Маңызды хат екенін үлкен, қара әріппен жазылған тақырыбынан-ақ көрдім. Адам әрқашан бір нәрсені күтеді, өмірінде бір күтпеген керемет болса деп армандайды. Менің асыл арманым осы хат шығар! Ұзақ... Аяғына дейін мұқият оқуға шыдамым жетер емес. Ең маңыздысы қайда? Көзіммен жүгіре жөнелдім. Міне, міне: «Сізге тіл ғылымы бойынша магистратура бағдарламасы...., сонымен қатар, ... қызметі ұсынылады». Төмен қарай асықтым: «Бұл ұсыныстан бас тарту еркіңізде. Ізгі ниетпен, Джошуа Зиммерман». Бас тартып жын қағып па? Мантра сияқты қайталай бердім: бас тартып жын қағып па?
Америкаға жол жүретін уақыт таяған сайын бойымды белгісіздік билеп, жүрексіндім. Қиялымда өзімді бөтен тілді ортада елестетіп көрмекке талай рет әрекеттенген едім, енді міне, тыста біреулер басқа тілде сөйлеп барады. Мен солардың дауысынан оянсам керек. Мүлдем бейтаныс орта. Өзге ауа. Бөтен бөлме. Кеше Амстердам-Детройт ұшағы алты сағатқа кешігіп, күтпеген жерден ұзарып кеткен жолдан қалжырағаным сонша, төңірекке қарауға мұрша жоқ, төсекке ұзынымнан сұлағанмын. Қай мезгіл екені белгісіз, бір-екі рет есімді жиып, оянбаққа әрекеттеніп, қайта сылқ ете түскенім есіме түсті. Үлкен терезені тұмшалаған аппақ жалюзидің бір жолағын ашып, сыртқа сығаладым. Терезенің жанынан дабырлай өткен бір топ жас бос көшенің екінші жағына өтіп үлгеріпті. Терезеден ыстық лебі сезілді.
Міне қызық, бөлмеде сағат атымен жоқ. Сағаттың орнын басқан ұялы телефоным жолға шығардан екі-үш күн бұрын Достық көшесінде қолды болған. Таныстарыммен байланыс Америкаға жетпей тұрып, солай үзіліп еді. Сөмкемнің аузын дұрыс жаппасам керек. Жанымнан жылдам өте шыққан жігіттер есімде, бірақ телефоным қалай зым-зия болғанын білмеймін. Елсіз аралдағы Робинзондай есеңгіреп қалдым. Қай күн? Сағат неше? Таң ба, кеш пе? Мен неше сағат ұйықтадым? Көзіме теледидар түсті. Қосып көріп едім, шуылдаған бос экраннан басқа ешнәрсе таппадым.
Студия пәтердің есігін айқара аштым. Бөлменің ағаш есігінің артында тор есік бар екен. Жып-жылы ауа бөлмеге сау етті. Тор есікті ашып, жалаң аяғыммен асфальтті басып көрдім. Асфальттың жылуы денеме бірден тарады. Аулаға шықтым. Таң сияқты. Төрт тұрғын үй төрт жағынан қынаған аулада жас ағаштар өсіп тұр. Көгал әдемілеп қырқылған. Ауланың ортасындағы ішкі жағы ашық көгілдір түсті граниттен жасалған жасанды субұрқақ Бақшасарай бұлағындай көкке атқылап, қайта құлайды. Болар-болмас сылдырлаған судың үні болмаса, тып-типыл аулада егде әйел құстарға жем шашып тұр. Құдды «Үйде жалғыз өзі» фильміндегі «Көгершін Ханым» сияқты. Жалбыраған ақ шашы иығына түскен, үстінде пижама, жалаңаяқ. Үлкен, домалақ көзілдірігінің ар жағынан көзі шарасынан шыға маған бажырайып қарады да, қарлыққан дауыспен «Хелло!»-деді. Басында сескеніп қалдым, бірақ онымды жасырып, сәлемін күліп қабыл алдым. «Менің атым Джуди», - деді тұрған жерінен жылжымай, құстар үрікпесін дегені болуы керек.
- Сені бұрын көрмеген сияқтымын, жаңадан көшіп келдің бе? Андағы пәтерде Лиз тұратын еді ғой? Ол қайда кеткен?
- Мен Лиздің бөлмесін саблетке[1] алған едім. Жазғы семестрге ғана.
- Жүзіңе қарасам – азиялықсың. Сөзің басқа. Өзің қайдан боласың?
Славян тілдеріне тән ырылдаған «р» мен «х» дыбысын баса сөйлейтінім құлағына бірден шалынса керек.
- Қазақпын. Қазақстаннанмын.
Ішімнен. «Ол қай жерде?» деп сұрайтын шығар деп әзірлене беріп едім, ол: «Құдай-ау, осыдан жиырма жыл бұрын орыс-қазақпен көрші тұрамыз деген түсімізге де кірмеген шығар!» - деп қарлыққан дауысымен кеңкілдеп күлді де, «Welcome to America!» деген күйі пәтеріне кіріп жоқ болды. Уақытты сұрап үлгермедім.
«Уолк апартментс» – авто көлігі жоқ тұрғындарға арналған кешен. Аулада қаз-қатар тізіліп велотұрақтар тұр. Университеттің вебсайтынан пәтер іздегенде, осы «Уолк апартментс» көңілімнен шыққан еді. Лизаның вебсайтқа қойған фотоларын көргенде, ауладағы бұлақ пен бөлменің аппақ терезелері бірден ұнаған. Оның «Қалашықтың дәл ортасында орналасқан кешеннен университет пен дүкендерге велосипедпен немесе жаяу баруға болады» деген жарнамасы да көңілімнен шыққан. Бағасы да орынды. Қателеспеген екенмін, пәтер жаңа әрі тартымды екен. Оның үстіне, жаз бойы фермерлер мен амиштер келіп, жеміс-жидек сататын фермерлер базары тура үйдің жанында екен. Уақытша болса да қоныс тепкен жердің жайлы болғанына не жетсін!
Американың орталық батыс штаттарының бірінің орталығына кеше түнгі сағат он бірлерде жеттім. Қалааралық шатл атаулы түнгі кешкі оннан кейін жүрмейді екен, әуежайдан университет қалашығына такси алуға тұра келді. Жүргізуші африкалық жас жігіт енді үйге қайтпаққа оқталғанда клиент табыла кеткеніне қуанғанын жасырмай, жүгімді көлігіне өзі апарып салды. Ауа желдеткіш үріп тұратын жергілікті ұшақтан қатып қалған денем жылынар емес, оның үстіне таксиде желдеткіш қосылып тұр екен. «Желдеткішіңді өшіріп қойшы», - деп өтіндім. Жігіт әңгімесін айта отырып, менің болашақ қонысыма қарай бағыт алды. Сомалиден келіп жұмыс істеп жүргеніне екі-үш жыл болып қалыпты. Алдымен ағасы келіп орналасып, кейін інісін де осында шақырып алған екен. Әуежай мен университет қалашығының арасы бір сағаттық жер екен. Алып трассаның екі жағынан бірде жүгері алқаптары, бірде ну орман көрінеді. Трасса бойы неон шамдары жарқыраған билбордтар мен әр түрлі мейрамханалар мен ұсақ-түйек мейманханалар. Екі ортада бірнеше мекенжай бар көрінеді. Бір қалашықтың жанынан өткенде жүргізуші: «Мен мына қалаға мың доллар берсе де бармаймын. Сенесіз бе, әлі күнге дейін Ку-клукс-клан мүшелері бар», - деді. Артынша «Welcome to America!» - деп жайдары кейіппен күлді.
Тосын хабардан басында абдырап қалдым. Әйтсе де баланың қошқылдау әзіліне езу тартып, іле-шала басымды шайқап, қарсылығымды да білдіріп қойдым. Бір қызығы – өз Америкасын ашатын әр адам сияқты, көңілім қиялға толы болса да, бұл дерекке түк те таң қалмадым. Әрине, сенемін. Мен үшін нәсілшілдік жаңалық емес. Жиырма бірінші ғасырдың басында адамзат бір-бірін нәсілі үшін жек көреді деген жабайылық болғанымен, Кеңес Одағы құлағаннан бұрынғы одақ республикаларында етек жайған ұлтшылдар қозғалысы ше?
Қалаға жеткен соң, Роджер 200 мекенжайын іздеп біраз сандалдық. Үй табылған соң, тағы бір бөгет пайда болды. «B136» деген не деп басым қатты. Жүгімді көтеріп келген жүргізуші жігіт «B» деген ғимарат нөмірі, ал 136 деген пәтер нөмірі екенін түсіндіріп берді. Есік жабық. Лиза хат қалдырыпты: «Кілт E102-де». Екінші қабатқа ұзын баспалдақпен көтеріліп, қаз қатар орналасқан пәтерлер арасынан 102-ні тауып алдым. Илена, Лизаның сербиялық құрбысы, сағат түн жарым болып қалса да, шылымын тартып, ояу отыр екен. Қуанып кеттім.
- Ойпырмай, қайда жүрсің? Сені күте шаршадық қой!
Иеленаның жайдары жүзінен еш ренжімегенін, жәй айтып отырғанын түсіндім.
- Кешірерсің. Ұшақ кешігіп, әзер жеттім.
- Кілтің, міне. Лиза таңертең тоғыздарда келеді.
- Рахмет, Илена. Ұйықтамай күтіп отырғаныңа шынымен ризамын.
Лиза айтылған уақытта жетіп келді. Ұзын бойлы, ақ көңіл қыз. Тісін ақсита күліп еді, екеуіміз баяғы таныстардай, жылдам тіл табысып кеттік. Мені университетке өзі ертіп апарды. Кампус расында да алыс емес екен: екеуіміз әңгімелесіп әп-сәтте жеттік. Лиза мені алдымен кампуста «күн көрудің» негізді жолдарымен таныстырып өтті. Оқуынан басқа, славян тілдері факультетінде орыс тілінен сабақ беріп, кейде халықаралық бөлімнің сұранысы бойынша біздің аймақтан келген студенттердің келісімшарттарын аударып, кейді тіпті кітапханада жұмыс істеп қосымша табыс табатын көрінеді. Өзі жаз бойы демалуға кеткен ерлі-зайыпты достарының үйінде тұрмақ. Лиза солардың мысығына қарап, үйге бас-көз болып қалуға келісіпті. Бұл жұмысы үшін досы жалақы да төлепті. Оның үстіне өзінің пәтерін жаз бойы маған саблетке берді: солайша азын-аулақ ақша үнемдеп, пайда таппақ амалы екен. Америка университетіндегі өмір заңы солай. Барлығы уақытша болғандықтан, ақшаңды да, уақытыңды да үнемдеп бағасың.
Жол-жөнекей кездескен бейтаныс адамдардың барлығы танымаса да, «Hi!» деп күліп, сәлем береді. «Бұртиған» қауымдастықтан келген мен үшін бұл ерекше дәстүр, бірақ бірден ұнады. Кеңес мәдениетіне тән ерекшеліктердің бірі «тас қабақ» екенін бұрын да шетелдіктерден жиі еститінмін. Факультет ғимаратына жеткенше шыжып тұрған күнге қақтала қалған жүзіміз қызарып, ентігіп қалдық. Орталық батыс ландшафты жазық болғанымен, көп жерлері қыратты келеді екен. Факультеттің ғимараты бір төбешікте тұр. Үш қабатты, тар терезелі шағындау ғимарат сыртынын көне қамал сияқты көрінеді. Ауладағы кіреберісте «Гудхолл» деген атауы мен 1934 деген дата көрсетілген қызыл тақтайша тұр. Ғимарат неге олай аталады екен? Мен үшін барлығы жаңа, барлығы қызық. Лиза бұл ғимараттың алғашында қыздарға арналған пансионат болғанын, оғаштау атауы сол қызметіне байланысты болуы мүмкін екенін айтып түсіндіріп жатыр.
Факультет хатшысы ерекше толық әйел екен. Бір дегенде жасын анықтау тіпті мүмкін емес. Лиза: «Жаңа оқытушыңызды ертіп әкелдім», - дегенде хатшының қуыршақ көздерінен ұстамды күлкі жылт етті де жоғалды. Одан кейін таспаға жазып қойғандай: «Америкаға қош келдіңіз! Менің атым Каролина, жұмысқа келгеніңіз біз үшін үлкен қуаныш. Америкаға бірінші рет келуіңіз бе? А, онда уақытты жақсы өткізуіңізге тілектеспін» - деп зырлап қоя берді. Хатшының бет әлпетін, таспа сияқты сөйлеген сөзін бір жерден көрген сияқтымын. Шынымен, ұшақта көрген «Офис» киносындағы хатшыға ұқсап кетті.
Лиза мені хатшыға тапсырып болып, көңілді дауысымен: «Ал, енді өз күніңді өзің көр. Көмек қажет болса, жазасың ғой. Кездескенше!» - деді. Лиза есікті жаба сала бойымды үрей билеп алды: «Каролинаның жылдам сөзін түсінбей қалып, бір нәрсені қате жасап қойсамшы?» Хатшы менің ойымды оқып қойғандай, маған жымия қарап, офистің кілтін қолыма ұстатты да, қабылдау бөлмесінің қарсы алдында тұрған есікті көрсетіп: «Жазғы семестерде осы офисте отырасың. Арамызда тар дәліз ғана. Көмек керек болса, айқай сал!» - деді. Қорқатын дәнемесі жоқ екен, айтқанының бәрін де түсіндім!
Шағын офис әжептәуір жабдықталған: үстел, компьютер, кітап сөресі, бір-екі орындығы бар. Компьютерді қосып, ары қарап, бері қарап, кирилл қарпін орната алмай жатырмын. Ашық тұрған есіктен көзілдірікті ер адам басын сұғып амандасты. Үстінде ескі футболка, ескі джинсы шалбар, жетектеген кішкене иті бар. «Сәлем, Шынар! Джошуа». Ол өз кеудесін өзі нұқыды. «Қош келдің! Көмек керек пе?» Мені қайдан біледі? Көмек қатты қажет болып тұрған соң, қуана келістім: «Иә, кирилл қарпін орната алмай жатырмын». Ол бөлмеге жылдам жүріп кірді де, айналасы бір-екі минут ішінде кирилл шрифтін орнатып берді. «Компьютерлер ескі. Мәселе туындап жатса, Каролинаға айтарсың. Каролинаның қолынан бәрі келеді! Факультеттің жүрегі – Каролина». Бетіме қарап жымиды. Жүзі жылы адам екен. Алғысымды айтып, шығарып салдым.
Біраз уақыттан кейін компьютерім қатты да қалды. Не істерімді білмей, дәлізге шығып, бағанағы адамды іздедім. Ешкім көрінбеген соң, қабылдау бөлмесіне кіріп, Каролинадан: «Бағанағы компьютерші жігіт қай бөлмеде отырады?» - деп сұрадым. Хатшы бетіме аңырая қарады: «Қай жігіт? Сенің қарпіңді орнатып берген ер адамды айтасың ба? Ол компьютерші емес. Ол – профессор Зиммерман, факультеттің бастығы». Құрып қалғыр, хаттың соңында тұрған факультет бастығының аты-жөні есіме түсе кетті: Джошуа Зиммерман деген осы адам екен ғой! «Америкаға қош келдің!» - дедім өзіме өзім.
Түстен кейін Каролинаның көмекшісі болып жүрген докторант қыз Леона мені жеке көлігімен Walmart дүкеніне апарды. «Күнделікті тұрмысқа қажетті ұсақ-түйек заттарды осы жерден алған дұрыс, бағалары арзан» деп кеңес берген де осы Леона. Walmart дүкені қаладан бірталай алыс орналасқан. Машина от алдырғанда әзір тұрған диск қосыла кетті. Боб Диланның гармоникасы мен гитарасы жарыса әндетіп барып, оның таныс дауысы шырқай жөнелді.
Есімім менің белгісіз,
Жасым да менің елеусіз.
Орталық батыс аталар,
Туып өскен жеріміз[2].
Боб Диланның әндерінде жиі айтылатын Орталық Батыс осы. Тұла бойы еркіндікке тұнған Боб Дилан Американың бүкіл тарихын жырлайтын осы әнін жазғанда бар-жоғы жиырма бесте болған екен. Жап-жас баланың қарт әншінің тыңдарманы болып шыққаны маған қызық көрінді.
- Леона, Боб Диланды неге жақсы көресің?
- Білмеймін, маған поп музыка онша ұнамайды. Бард әншілерді ұнатамын. Боб Диланның әжесінің тегі «Қырғыз» болғанын білесіз бе? - дейді Леона, маған бұл хабардың күшті әсерін алдын ала бағдарлап.
- Қойшы-ей! – деймін, бұл жаңалыққа таң-тамаша қалып.
Леона алып дүкеннің ауласындағы тұраққа машинасын қойды да, кіреберісте бір-біріне тіркеле тізілген арбалардың бірін сүйретіп, дүкенге қарай жүрді. Төңірегіме таңырқай қарап, соңынан еріп келемін. Дүкенге кіргенде тоңазытқышқа кіргендей болдым. Жүз желдеткіш қосылып тұрғандай суық. Ыстықтан суыққа кіріп, ауырып қалатын шығармын деп алаңдадым. Walmart дүкенінің үлкендігін сөзбен жеткізу қиын. Кәдімгі алып. Бірақ дүкеннің ірілігінен гөрі, адамдардың ірілігі көзіме оттай басылды: бір емес, бір дегенде бірнеше ауыр денелі адамның мүгедек адамдар сияқты арбамен жүргенін көргенде еріксіз тосын ой келді басыма.
- Леона, бұл дүкен мүгедек адамдарға арналған дүкен бе?
- Жоқ, кәдімгі гипермаркет қой. Бұл адамдардың салмағы ауыр болған соң, үлкен дүкенде жүру қиын, сондықтан арбамен жүр.
Сонда салмағы ауыр адамдардың шынымен осыншама көп болғаны ма? Леона бұл көріністің мен үшін үлкен жаңалық екенін және дәл қазір «мәдени шок» деп аталатын күлкілі құбылыспен ұшырасқан кейпімді есінен танған көздерімнен байқаса керек, екі иығын көтеріп, кінәлі кейіппен жымиды.
Америкадағы семіздік мәселесі туралы осыдан екі жыл бұрын Алматыда бір жеке университетте жұмыс істеп жүргенімде алғаш рет естідім. Университет ұжымы жаңа жыл мейрамын тойлағанда хатшы қыз Дана кешке көгілдір түсті үлбіреген жібек көйлек киіп келді. Қыз біткен көз алмай, бойжеткеннің сұңғақ бойлы, нәзік денесіне қона қалған көк көйлекті ұстап көріп есіміз шықты. Ұзын бұрымы беліне құлай, айнаға қарап керіліп тұрғанда Қыз Жібек дерсің! Бір кезде жанымызда қатар тұрған Жанар есімді жас әріптесіміз қарап тұрмай: «Это − мое платье!» - деп күж ете түспесі бар ма! Бәріміз үнсіз Жанарға қарадық. Оның жарылып кетердей толық денесін былай қойғанда, бұл нәзік көйлек оның бұлтиған қолдарына да батпайтын сияқтанды. Дана қызарақтап, ыңғайсызданып қалды да, «Айтпаймын деп едің ғой» көздерін алайтып, бұртия: «Жанара!» - дегенде біз жәйтті бірден түсіндік. Ертеңінде Жанар бір қап суретін жұмысқа алып келіп, «көк көйлектің» хикаясын айтып берген еді. Алдымен тоғызыншы сыныпты тәмамдап, көк жібек көйлекті киіп, салтанатты түрде куәлігін алып тұрған суретін көрсетті. Суреттегі қараторы жасөспірімді денесін көтере алмай, аяғын сылтып басатын, дауысы күжілдеген Жанар дейтін емес. Бәріміз жамырай шуылдап: «Не болды саған?! Неге осыншама толып кеттің?!» - дестік. Жанар оныншы сыныпты мектеп оқушыларына арналған бағдарламамен Америкадан оқыпты. Бір жылдан кейін Алматы қаласының әуежайына қайтып оралғанда, Жанардың мамасы қызын бетінен сүйіп қарсы алмақ қайда, «Моего ребенка подменили» - деп жылап қоя беріпті. Жанар анасын әзер сендірген. Оның Америкадағы суреттері расында да адам сенгісіз еді. Байқұстың тұрған отбасының тамақтану қадеті мүлдем дұрыс болмаған. Жыл бойы сэндвич мен пиццадан ауыз алмаған қыздың жас асқазаны жасанды заттарға жылдам бейімделіп, шектен тыс семіріп кеткен. Мамасы жағдайды түсінген соң, диетологтарға қаратып, арнайы диетаға отырғызғанына төрт жылдан асса да, Жанардың ағзасы әлі қалпына келмеген екен. Жанардың суреттері сол кезде маған қатты әсер етіп еді, Walmart дүкеніндегі көрініс мүлдем есімнен тандырды. Үйге жеткенше "Мен де осылай жойдасыз семіріп кетемін бе" деген үрейден құтыла алмадым.
Жазғы семестр сабақтары күніне төрт сағат жүреді. Таңертең ерте, сағат алтыларда кампусқа жаяу барғанды жаным сүйеді. Кампустың ғимараттары шашыла орналасқан саябақты асфальт төселмеген соқпақпен кесіп өтіп, Гудхолл ғимаратына жеткенше бірнеше кітапхананың жанынан өтемін. Кофе толы саптыаяқтарын көтерген шала ұйқылы жұрт кітапханаларға қарай ағылады. Америка университеттерінің кітапханалары оқымысты қауым үшін бейіш десе де болады. Бір кампустың өзінде бес-алты кітапхана бар. Одан қалса, әр факультеттің кішігірім кітапханасы тағы бар. Демалыс күндері де жұрт орталық кітапханадан шықпайды.
Сабақтар аяқталған соң мен де орталық кітапханаға барып жұмыс істеуді әдет қылып алдым. Аптап ыстықтан орталық кітапхананың сап-салқын, алып фойесіне енгенде екі жағындағы қос кафеханадан бұрқыраған кофе мен даршын иісі мұрынды жарады. Аузы жабылатын қағаз стақанға кофеңді құйып алып, не оң, не сол қанатқа бұрыласың. Оқу залына ене сала, фойедегі дабырлаған дауыстар бәсеңдеп, компьютер пернелерінің ырғақты тырсылы мен жұрттың ұстамды сыбырына ұласады. Қаз-қатар тұрған төрт лифт еш дамыл таппайды. Кітапхананың төртінші қабатынан бастап тоғызыншы қабатына дейін кітап қойма. Кітап қоймадан кітапты өзің іздеп тауып аласың. Әр бөлімнің кітаптары мен каталогтары мінсіз жүйеленген. Іздеген кітаптың тұрған жерінен дөп түсесің. Бұрын студент кезімізде өзара «Пушкинка», «Чеховка» деп атайтын Алматының кітапханаларында тапсырыс берген соң екі сағат күтетінбіз. Кітап қоймаға өзің кіріп, кітапты өзің тауып алғанға не жетсін!
Лифтідегі анықтамалық тізімнен бесінші қабаттың Ресей мен Орталық Азияға арналғанын көріп, тоқтатым едім, лифттің есігі кітап сөрелерге толы үлкен залға айқара ашылды. Қатардан қатарға өтіп, сөрелерді асықпай қараймын. Қазақстанға арналған бөлім біршама үлкен және пән бойынша сұрыпталыпты. Тіл білімі бөлімінде елу-алпысыншы жылдары шыққан Ісмет Кеңесбаев, Мәулен Балақаевтардың еңбектері тұр. Папам ҚазМУ-ды аяқтағанда Балақаев ғылыми жетекшісі болғанын әрқашан мақтан тұтып отыратын. Кітаптары көзіме оттай басылды. «Қазақ тіліне араб тілінен енген сөздер», басқа оқу құралдары тұр, арасындағы Сейілбек Исаевтың көк түсті оқулығы тұр. Біреу тіл зерттеуге арналған еңбектерді асқан ұқыптылықпен жинақтаған екен.
Әдебиет бөлімін бір шолып шықтым: Мұхтар Әуезовтің көп томдық шығармалар жинағы бар екен. Бұрынырақта шыққан жеке кітаптары да тұр. Міне, Мұқағалидің өлеңдер жинағы! Кітапсөрелер папамның студент кезінен жиған кітапханасына ұқсас көрінді. Кейбір кітаптардың ескілігі сонша, бала кезімізде бізге көне болып көрінетін. Бұл бөлімді кейін мұқият қарап шығуым керек. Қашықтағы Америкада қазақша кітап көремін деп кім ойлаған?
Кешке пәтеріме сүйретіліп әзер жетемін. Қарсы орналасқан «Е» блогының ұзыннан ұзақ созылған балконына сүйеніп, шылым шегіп тұрған Илена қолын бұлғап, алыстан амандасады. Кейде кітапқа толы ауыр сөмкемді ішке тастай салып, Иленаға қарай аяңдаймын. Екеуіміз балконның кешкі салқын тиіп үлгермеген жып-жылы бетон еденіне отыра кетеміз. Ымырт түсе, кешкі ылғалдан орталық батыстың құнарлы топырағының иісі аңқыған тып-типыл аулада жарық қоңыздардың салтанатты махаббат жорығы басталады. Не деген әсем көрініс! Илена екеуіміз бұл үнсіз ғаламаттың сұлулығына сәбилерше таңырқай қарап, бір сәт тілсіз қаламыз. Бір сиқырлы күш шоқ-шоқ моншақтарды баққа лақтыра салғандай, шоқтар ұшып барып әп-сәтте жоғалып кетеді. Жапон көне аңыздары мен Виктория дәстүрінде бұл әдемі тіршілік иелерін өліммен байланыстырса, дәл осы аймақты мыңдаған жылдар мекендеген үндіcтер жарық шашқан қоңыздарды «от иесі» деп дәріптейді екен.
Илена бұл университетке Фулбрайт грантымен келіпті. Ол да тіл маманы. Сегіз ай мерзімі аяқталып, Белградқа қайтпаққа әзірленіп жүр. Күнде кітапханаға барып, қажетті кітаптардың көшірмесін жасайды. Оларды жад құралына сақтап немесе қағаз күйінде алып кетпек. Илена – еңбекқор адам. Таңертең басына ши қалпағын баса киіп алып, ауыр лаптобын арқасына салып, кампусқа қарай беттегенде, әрқашан ашық тұратын есігімнен маған сәлем беріп кетеді. Сол кеткеннен кешке ғана оралады. Кейде кітапханада сканердің маңайында күйбеңдеп жүреді. Сербтер туралы стереотип қалыптастырып алыппын. «Шәймен салынған пейзаж» романындағы маңдайынан тері сорғалап, күні-түні еңбек ететін сәулетші Разиннің бейнесін Иленаның іс-әрекетінен көргендей боламын. Белград қаласы бомбылауға ұшырағанда Илена бала болған екен. Соғыстың зардабын әбден көрген. Сол кезеңді есіне алғанда, «Қарғыс атсын!» деуге әзір. Әйтсе де, қайта оралып, докторлық бағдарламасын аяқтасам деп армандайды. Шілденің ортасында Илена еліне қайтып кеткенде, бірнеше күн есігі мен терезесі тарс жабық тұрған пәтеріне қарап, көңілім құлазып жүрді. Ақ көңіл Илена, енді қайтып көрісеміз бе?
Көрші әжейдің аты-жөні – Джуди Пикок. Пикок – тауыс деген сөз. Джуди әжей тауыс десе тауыс! Басын кекірейте, маңғазданып жүрген жүрісі тауыстан аумайды. Ол күнде таңертең аулаға шығып, құстарға жем шашады. Шашылған жемге көгершіндер, шымшықтар, қараторғайлар әбден дәндеген. Дайын асқа сұр тиіндер мен ала тышқандар да ортақтасады. Кейде сұр қояндар қоса келеді. Жергілікті құс төресі – отқұйрық пен қызыл кардинал әдетте ағашқа ілінген жем астауларында отырады. Джуди оларды көрген сайын, «Қызыл кардинал келді. Мырзалығын қара өзінің!» - деп сүйсіне қарайды. Расында да әдемі құс. Қызыл кекілі қоқырайып, паңданып отырғаны. Джон Джеймс Одюбонның «Америка құстары» атты кітабына шабыт берген осы сұлулық болар. Джуди әжейдің сүйкімді қонақтары – құстар, жанат, қоян, бүкіл қалашықты иемденген тиін сияқты кішігірім аңдар шоғырланатын осы төңіректі кейде қаршыға ториды. Құстар жыртқышты көріп шуылдай бастағанда, Джуди қоса шырылдап, қаршығаны қумақ болып әлекке түседі. Көздері үрейге толып, жан-тәнімен құстарды қорғамақ болатыны күлкілі. Бұл көріністерге «Уолкс» кешенінде тұрған төрт жылда көзім әбден үйренді.
Джудидің Мичиган штатынан екенін, мұнда ескі шевролемен келгенін де өзінен талай естігенмін, бірақ ешқашан бұл жерге неге келдің деп сұрамаппын. Америкалықтардың ескі автокөліктеріне барды-жоғын тиеп алып, елу штаттың арасында көшіп жүретінін кинолардан көргенде романтика болып көрінетін. Сөйтсем, расында солай екен. Нағыз көшпелілер деп осыларды айт!
Джуди шылымын өзі орайды. Кейде ауладағы үстелдің басында асықпай шылымын орап отырып: «Англияда жиырма жылдан аса тұрдым. Менің екінші отаным» - дейді. Кейде маған Джуди жиырма жыл Англияда емес, басқа жерде болған сияқты көрінеді. «Отырған жоқ па екен?» - деген тосын ой да еріксіз жылт етеді. Ол Англияда тұрған кезінен жарытып ешнәрсе айтпайды. Оның үстіне британдық ағылшын тілінің сілемі де жоқ. Жиырма жылда қалай дегенмен британ диалектісі оның тіліне әсер етер еді ғой. Қаңғырып келген бөтен ойды қуып әлек боламын.
Джудиді өткені емес, қазіргі күйі көбірек толғандыратыны рас. «Менің ішкі дүнием қазір есейіп, бір үйлесімге келген сияқты» - деп жалғастырады ол әңгімесін. «Елудің сегізіне келдім, енді өмірімді қорытындылайтын уақыт келді». Маған Джуди жасы әлдеқайда егделеу сияқты көрінеді. Жұпыны тұрмысы мен көңілсіз көздері оның көп нәрсеге өкінетінін көрсетіп-ақ тұрады. Не екен жанын жегідей жейтін? Алаңсыз хиппи уақытында бос өткен жастық шағы ма, уысынан шығарып алған бақыты ма, орындалмаған арманы ма? Джудидің өмірі мен үшін құпия. Не туысы жоқ, не досы жоқ. Анасының суретін тастамайды. Ауладағы бақта шылым шегіп отырып, күмәжнігінен талай рет суырып алып шықты. Елуінші жылдардың журналынан түскендей сұлу әйелдің тізесіне сүйеніп тұрған кішкентай қыз – Джуди. Әкесі туралы ешнәрсе білмейді. Мамасы екінші рет тұрмысқа шыққанда туған інісін көп баққанын жиі айтады. Бірақ інісімен қазір араласпайды. Оның қайда тұратынын да білмейді. Бір анадан туған екеуі бір-біріне тас бауыр деген маған жат көрінгенімен, бұл жәйтті сөгу ойымда жоқ. Құндылықтары мүлдем басқа елдің біз үшін таңсық жағдайларының әрқашан өз уәжі бар. Кім біледі? Өзі жаралы жанды қазбалап қайтейін, ешқашан сұрамадым. Бір жағынан жаным ашығанымен, екінші жағынан орта жасқа келіп қалған мен үшін оның аянышты кәрілігі үлкен сабақ. «Өз қателігіңнен үйренгенше, өзгенің қателігінен үйрен» деген осы болар. Джудидің көзәйнектің арғы жағынан бадырая қарайтын көздері кейде мейірімге, кейде реніш пен өкінішке толы. Америка мүмкіндіктер елі болғанымен, мүмкіндіктерді барлығы пайдалана ала ма? Америка қоғамы өмірден өз еңбегімен орнын тапқан адамды «табысты» деп тұғырға қояды, ал мүмкіндіктерді жіберіп алған адамды «жолы болмаған бишара, лузер» деп сөгеді.
Бірде Джудиге бауырсақ апарып бердім. Бөлменің сыртқы торлы есігін аяғыммен тірп тұрып, ішкі ағаш есікті қақтым. Пәтерден теледидардың айқайлаған дауысы шығып тұр. Естімеген болар деп, тағы қақтым. Біраздан кейін Джудидің қарлыға жөтелген дауысы естілді. Есігін ішкі күршектің шылбыры жеткенше ғана ашып, тысқа сығалап қарады. Қолымдағы бауырсақты көріп, жүзі жылып, күлімсіреп, есігін айқара ашқанда, шап-шағын бөлмеден балауыз бен ескі дүниенің иісі бұрқ ете түсті. Бөлме ескі-құсқы затқа толы екен. Тозығы шыққан ескі диванның алдында кішкентай теледидар тұр. Қашықтан басқаратын пулті бар дегені болмаса, теледидардың үлгісі сексенінші жылы болған Мәскеу олимпиадасының қарсаңында папам біз үшін арнайы сатып алған Весна-308 теледидарынан аумайды. Бөлмеде ескі дүниеден аяқ басар жер жоқ. Матамен тұмшаланған бір биіктеу қораптың үстінде құстың торы тұр. Ішінде екі жасыл тотықұс шықылықтайды. Джуди ыдысымды босатып беріп, шәй ұсынбақ болды. «Жоқ, рахмет, жұмыстарым бар». Ыдысымды қолыма қысып ұстап, сыртқа шықтым.
Кейде Джудидің шаршап-шалдығып, қос дөңгелекті сөмкесін сүйретіп бір жақтан келе жатқанын көремін. Қайдан келе жатыр екен? Дүкеннен бе? Сөмкесі толы. Менің шәйқұмарлығымды байқаған Джуди бір күні бір қорап шәй әкеліп берді. Шәйдің қорабы ескі сияқты көрінді. Аяқ астынан кірпияздығым ұстап, шәйді қоқысқа тастай салдым. Қоқысты шығарғанда пластик дорбаның аузын байлап, қоқыс тастайтын арнаулы контейнерге тастаған едім. Бірнеше күннен кейін ол маған барлай қарап: «Сен мен берген шәйді неге тастай салдың, қажет емес десең өзім ішер едім» - демесі бар ма! Қапелімде не дерімді білмей, қатты састым. Іле-шала басыма бір ой сап ете түсті: бұл бейбақ қоқыстан ескі-құсқы дүние жинап, соларды сатып күн көретін болуы керек.
Американың университеттері орналасқан қалашықтар мен сияқты уақытша тұрғындарға толы. Олар келіп-кетіп жатады. Оқуларын тәмамдаған студенттер, бағдарлама мерзімі аяқталған мұғалімдер қолданған дүниелерін аулаға жайып қойып, «гараж-сауда» жасайды, яғни, пайдаланылған заттарын арзан бағаға қайта сатады. Бұл дәстүрге көптеген штаттарда рұқсат етілген. Джуди гараж-саудасын жылына бірнеше рет ұйымдастырады.
Жаздың бір аптабында ол көшеде ескі-құсқы сатып күн ұзақ отырды. Жақын жердегі фермерлер базарына барып, үлкен қарбыз сатып алып келдім. Қарбызды тіліп, тоңазытқышқа қойдым. Бір сағаттан кейін сап-салқын, тәп-тәтті қарбызды әдемілеп турап, аяққа салып, шанышқымен Джудиге апарып бердім. Шөлдеп отыр екен, алғысын қайта-қайта айтып, қарбызды рахаттана жеп алды. «Қамқор жансың. Рахмет». Джудидің көздері маған мейірлене қарады. Джуди егделерге арналған мемлекеттік бағдарламадан азын-аулақ тиын-тебен алады, бірақ онысы күнкөрісіне жетпейді. Жиырма жылдан аса Англияда тұрғандықтан, мемлекеттен зейнетақы алуға жылдары жетпей қалғанын маған түсіндіріп айтқан.
Бірде Джуди егде жастағы адамдарға арналған бағдарлама бойынша бір мекемеге жұмысқа орналасты. Осы мәртебесіне өзі қатты разы болды. Таңертең барды-жоқтысын киіп, арбасыз, кәдімгідей жұмысқа кетіп бара жатқанын бірнеше рет көрдім. Кешке қарай аулада шылым шегіп отырған Джудидің жанына отырып, жағдайын сұрағанымда, жұмысы туралы әңгімесін, жоспарларын айтып, масайрап қалған. Бұл қуанышы ұзаққа созылмады. Бір күні жұмыстан келіп есігімді ашып жатыр едім, аулаға кіретін соқпақпен ескі арбасын сүйретіп Джуди келді. Жүзі қалжыраған, көңілсіз Джуди ауладағы үстелдің басына келіп жайғасты да, темекісін орауға кірісті. Мен де келіп, үстелдің басына отырдым.
- Көріспегелі көп болды. Қалың қалай, Джуди?
- «Жоди» емес, «Джуди» деп айт! Жұмыстан кетіп қалдым. Намысыма тие берген соң...
Өзінің шатақ мінезі бар. Кейде аяқ астынан бұлқан-талқаны шығады. Бірде менің үйіме қонаққа келіп отырған бір мұғаліммен шайқасты да қалды. Сондағысы баяғы америкалықтардың басын бір қазанға сыйдырмайтын демократтар мен республикалықтардың дауы. Джудидің демократтарға өкпесі бір қап, ал университет қауымының көбі демократ екен. Езуіме күлкі үйірілді. Ұстамсыз Джудидің тағы біреумен шармаяқтаса кеткені белгілі болып қалды. Менің ойымды бірден сезгендей, әңгімені жылдам өзгертті. Үстелдің арғы жағынан маған созыла сыбырлады: «Кеше түнде Хасан тағы жылады».
Хасан – Ираннан келген саяси белсенді. Екеуінің пәтерлері қабырғалас. Cаяси баспана іздеп келген Хасан қазір ауруханада жұмыс істейді. Жасы елуді бойлаған. Джуди маған кейде түнде Хасанның өксіп жылаған дауысынан оянатынын бұрын да айтқан. Кезінде өзінің жеке кәсібі болған, ауқатты жігіт екен. Иран революциясының сілемімен бе, әлде әзірбайжан ұлтшылдар қозғалысының мүшесі ретінде ме, саяси қуғынға ұшырап, Иранның түрмесінде он жыл қамауда болған. Достары бір амалын тауып, түрмеден шығарып алған соң, біраз жыл жасырын жүріп, 2000 жылдардың басында Германия арқылы Америкаға жол тартқан. Мен танысқанда Хасанның Америкаға келгеніне екі үш жыл болып қалса да, ағылшын тілін әлі онша жақсы білмейді екен. Ол араб, парсы және әзірбайжан тілдерін өте жақсы меңгерген. Жоғары білімді парсы және араб тілдерінде алған. Діні мұсылман болса да, намаз оқып, мешіт іздемейді. Қайта, ислам тарихын сүйіп оқиды. Кейде әзірбайжан және ағылшын сөздерін араластырып, көп-көрім әңгіме-дүкен құратынбыз. Америкаға өлдім-талдым деп жеткенде, ерекше толық афроамерикалық әйел алдынан шыға келіп, қып-қысқа қолдарын екі жаққа жайып жіберіп: «Welcome to America!» -деп қарсы алғанын күлкілі қылып айтады. Одан кейін жанары біртүрлі жәудіреп, езуінен кетіп үлгермеген күлкісімен «Амал бар ма?!» дегендей ишарат білдіреді. Хасанның бұл естелігінен Америкадан күткен үміті ақталмағанын, өміріне көңілі толмайтынын аңғарамын. Дегенмен, зынданнан дені-қарны сау құтылған Хасан жер бетінде жүргеніне де риза. Он жылда өзіне қол салмаққа талай оқталған ол аман қаламын деп ойламапты. Бірақ көрген қияметі жадынан әсте шықпайтын болса керек. Тән азабы ұмыт болса да, жан азабы маза бере ме? Түнде түсінен шошып оянып, жанын қоярға жер таппай қиналғанда, шері өксік болып шығатын болар.
Джуди үшін ол – Америкаға бақыт іздеп келген миллиондаған эмигранттардың біреуі. Хасанның ауыр тағдыры мені басқа ойларға жетелейді. Адамзат қаншама жетістіктерге жете отырып, адамның құны неге көк тиын? Қылмыс жасамаған адамды саяси көзқарасы үшін ғана он жылға азап ордасына тастай салуды қандай дінмен, қандай идеологиямен ақтап аларсың? Кешегі Сталин зұлматы өтер өтпестен кейбір бұрынғы Кеңес елдері шыт жаңа сол жолды қайта үлгі етіп ала қойғандары менің миыма мүлдем қонбайтын дүние. Одан зардап шекпеген отбасы кем де кем. «Келешек ұрпақтың көзі де көрмесін, құлағы да естімесін, лағынет!» деуге шамамыз неге келмеді?
Тамыздың басында Хасанды Калифорния штатындағы жерлестері шақырып, сол жаққа көшіп кетті. Лиза өз пәтеріне оралғанда, мен Хасанның пәтерін жалға алып үлгердім. Лизаға бауыр басып қалып едім, енді екеуіміз көршіміз. Жалғыздықтан жалығып, бөтен тілден мезі болғанда, Лизаның терезесіне қараймын. Шамы жанып тұрса, жүгіріп шығып, «Лиза, заходи на ужин, у меня курица есть!» - деп қызықтырамын. Лиза ашық тұрған есігінен: «Давай!» деп жылдам келісе кетеді. Қағаз толы үстелді бөлменің бір жағына итере сала, едендегі ковролонға отыра кетеміз. Тауық еті мен салат салынған үлкен тәрелкені қолымызға ұстап, Калифорния шарабы құйылған әдемі бокалды еденге қойып, әңгімеге кірісеміз.
Лиза жеке өміріне қатты қынжылатынын, бір дұрыс адам кездессе тұрмысқа шыққысы келетінін жиі айтады. «Үміткерлер бар ма?» - деп әзілдегенімде, Лиза бес жасар қыздай мұрнын тыржитып: «Ешкім жоқ, қала кішкене», - деп бұртиған. Онысы рас. Университеттің өзінде ғана жетпіс мыңға жуық адам оқып, жұмыс істегенімен, оқымысты қауым негізгі мақсатынан танбасын дегендей, ойын-сауық орындары өте аз. Сондықтан болар, каникул кезінде студент атаулы басқа қалаларға тайып отырады. Калашық сол кезде кәдімгідей қаңырап қалады. «Күні-түні мұрнына су жетпей жүретін оқымысты қауым үшін әлеуметтік шаралар онша ойластырылмаған» - деп шағымданады Лиза. Менің жасым отыздың ортан беліне таяса да, бүкіл өмір алда тұрғандай бақыттымын. Америкадағы алғашқы күндері аса бір көтеріңкі күйде болғаныма не себеп болғанын білмеймін. Жылы климаттың әсері ме, әлде бір құрылықтан бір құрылыққа мекен ауыстырғандықтан, бар болмысым бейтаныс ортаны зерттеумен болды ма екен? Мен Лизаны: «Какие твои годы, все впереди!» - деп жұбатамын. Бұл оған ұнай кетеді. Лизаның сарыуайымға салынбайтын тамаша қасиеті бар.
Жас кездерінен дипломатиялық қызметте болған ата-анасының жалғыз балалы болғаны әрқашан көшіп-қонып жүретін жұмыстарына байланысты болса керек. Лиза кішкентай кезінен бірнеше Африка елінде тұрыпты. Ата-анасы біраз уақыт Алжирде тұрғанда француз тілді мектепке де барған. Французша судай. Әке-шешесінен қашықта, өз бетімен күн көріп жүргеніне бес жыл болыпты. Оны өзі мақтан тұтады. Лизаның мамасынан сәлемдеме жиі келіп тұрады. Мәскеуден картон қорап жеткенде, Лиза оны менсіз ашпайды. Оның себебі – Лиза екеуіміз мамасының сән дүкендерінен асқан қамқорлықпен таңдап алған әдемі жейделері мен көйлектерін өлшеп көріп, материалын, дизайнын, немен жарасатынын, немен жараспайтынын талдап, бірталай әбігерге түсеміз. Лизаның бөлмесіндегі жалғыз айна біресе ана бұрыштан, біресе мына бұрыштан, кейде тіпті теледидардың үстінен бір-ақ шығады. Әбден шаршағанда, Лиза үлкен азу тістерін ақсита күліп: «Терапия закончилась!» - деп мәлімдейді. Содан кейін мамасының түрлі-түсті жібек көйлектердің арасына салып жіберген «Рошен» шоколадтарымен рахаттана шәй ішеміз.
Тамыздың аяғына қарай бөлім бастығы Зиммерман тағы бір хат жазды. Келесі оқу жылына келісімшартқа қол қоюға шақырыпты. Америкадағы алғашқы жазым осылайша қас қағымда өте шықты. Күз келгенде орталық-батыс Американың адырлы даласындағы жүгері алқаптары сары алтынға оранып, орманды алқабы қызылсары, күлгін және қоңыр аралас бір керемет түске енді. Қалашықтағы саябақ атаулы түрлі-түсті жапыраққа толып, құнарлы топырағы дымқыл тартып, иісі бұрқырады. Оқу жылы басталғанда, кампус адамға лық толды. Жаз бойы бос тұрған қала тынысы мүлдем басқа ырғаққа көшті. Білімхананың нағыз дәрістері енді басталды.
Әңгіменің орысша аудармасын мына жерден оқыңыз
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.