Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Гүлзия Пралиева: Мағжан Жұмабаев – әдебиеттанушы...

12.02.2016 7414

Гүлзия Пралиева: Мағжан Жұмабаев – әдебиеттанушы

Гүлзия Пралиева: Мағжан Жұмабаев – әдебиеттанушы - adebiportal.kz


Гүлзия Пралиева.jpg

Мағжан Бекенұлы Жұмабаев 1893 жылы Ақмола губерниясының Ақмола уезіндегі Полуденовский болысында, қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы, Булаев ауданы, Мағжан кеңшарында дүниеге келген.


1912-1915 жылдары Мағжан Жұмабаев «Қазақ» газетінің редакторы, түрколог, қоғам қайраткері, көрнекті ғалым Ахмет Байтұрсынұлынан және Шығыс мәдениетімен де Батыс мәдениетімен де жан-жақты, терең сусыңдаған аса дарын иесі Міржақып (Мир-Якуб) Дулатовтан дәріс алып, шығармашылықтың жаңа бір қырына көтеріледі. Мағжанға еуропалық білім алуға, орыс тілін үйренуге, мәдениетімен ұанығуға олар көп себін тигізген.


1924-1927 жылдары Мағжан Жұмабаев Мәскеуде В.Брюсов басқаратын Жоғары әдебиет-көркемөнер институтында оқып жүріп, орыс әдебиетін, Батыс Еуропа әдебиетімен терең танысады. 1929 жылы Мағжан Жұмабаев «Алқа» атты жасырын ұйым құрғаны үшін деген айыптаумен 10 жылға сотталып, 1938 жылы атылады.


Әдеби еңбектері: «Педагогика» (Орынбор, 1922). «Сауатты бол» (Ташкент, 1923); «Алтын хакім Абайға» (1912); «Ақан сері», «Бернияз Күлеев», «Базар жырау», «Әубәкір ақсақал Диваев» т.б. мақалалары.


Жан-жақты білімді, қазақ поэзиясын терең білетін талантты ақынға Абай шығармалары ерекше бір рухани құбылыс болды. Өзіне етене таныс Батыс және Шығыс классиктерінің сөз саптауынан алабөтен, әрбір сөзінің астарында қатпар-қатпар қайғы мен зар, мұң мен шер, тұңғиық терең ой жатқан Абайдың әдеби тілді түрлендірудегі қайталанбас талантына баспадан 1909 жылы шыққан өлеңдер жинағынан оқып, табынған Мағжан Абайға арнап: «Атақты ақын, сөзі алтын хакім Абайға» деген 6 шумақ, 24 тармақтан тұратын өлең жазады. Сөйтіп, ақын Абайдың қазақ әдебиеті тарихындағы орнын анықтап, талантын мойындайды. Мағжанның бұл өлеңі қазақ поэзиясында ғана емес, ұлттық әдебиеттану ғылымындағы абайтануға жасалған сәтті қадам еді.


ХХ ғасырдың 20-30 жылдар аралығындағы әдеби процеске белсене атсалысқан атақты ақын Мағжан Жұмабаевтың 1922 жылы алғаш рет Орынборда жарық көрген «Педагогика» атты ғылыми зерттеу еңбегінің өзі сөз өнеріне тікелей қатысты. Мұнда ұлт пен ұрпақ тәрбиесіне байланысты айтылған ғылыми тұжырымдардың бәрі төл әдебиетіміздегі туындылардың көркем мәтінін талдау арқылы түйінделеді. Әсіресе, адамның жан тілі (психология), ішкі сезім көріністері, жан сырының дене қозғалысы арқылы сыртқа білінуі т.б. сияқты психологиялық бейнелеу құралдары жөніндегі теориялық ойлары қазақ әдебиеттану ғылымында бұрын-соңды арнайы әңгіме болмаған мәселелер. Алайда, біздің бүгінгі міндетіміз М.Жұмабаевтың әдебиеттану ғылымына қатысты еңбектерін қарастыру.


Олар: «Ақан сері», «Бернияз Күлеев», «Базар жырау», «Әбубәкір ақсақал Дивае», т.б. сынды әдеби зерттеу мақалалар. Бұл еңбектердегі ортақ ой – халық арасында ауызша таралып, қағазға түспеген ән-жырларды, әдеби мұраларды жинау, жүйелеу, жариялау мәселелері. Жалпы әдебиеттану ғылымында жеке шығармашылық тұлғаның тағдырын, өмірбаянын жете білмей оның зертханасын, шығармашылық психологиясын, көркемдік жүйесін терең тану мүмкін емесі белгілі. Сондықтан да ел арасындағы таланттарды табу, олардың ортасы мен шығармаларын өз ауыздарынан немесе оны көзі көрген кісілерден жазып алу, жариялау жұмыстары қай кезде де жүргізіліп отырады. Міне, осындай мәдени мұраларды жинау, ел арасына сапарға шығып, халықтың інжу-маржандарын қағазға түсіру үшін арнайы ұйымдастырылған жұмыстарға ХХ ғасыр басындағы ұлт зиялылары да белсене араласқаны белгілі.


Айталық, осындай сапарларда жиналған әдеби мұралар мен жеке ақын-жыраулардың өмірі мен өнердегі тарихи мәліметтерді ғылыми тұрғыдан жүйелеп, бір ізге түсіруде М.Жұмабаев үлкен еңбек сіңірді. Зерттеуші ғалым, әсіресе, ақын-жыраулардың өлеңдері мен қара сөздерінің көркем мәтіндеріне, ондағы сөздік қор мен тілдік қолданыстарына ерекше мән беріп, олардың тұрақты (канондық) мәтінін қалыптастыру мәселесін күн тәртібіне қойды. Өзі зерттеген Ақан сері, Базар жырау, Бернияз Күлеев, т.б. шығармаларының толық мәтінін жинап, жариялауға зор үлес қосты. Бұл еңбектерде әдеби мұралардың жанрлық түрлері, стильдік ерекшеліктері, жеке ақындардың шығармашылық зертханасы, тілдік қолданыстары, қаламгерлік қасиеттері, әдеби тілдің тазалығы т.б. сияқты әдебиеттану ғылымының күрделі мәселелері қарастырылады. Мәселен, бұрындары әдеби мұралары жиналмаған Ақан серінің жырларын ер арасына барып, жинап, оның өмір дерегінен бастап, әрбір ән-жырлардың шығу тарихы, сол кездегі ақынның көңіл-күйі, хал-жағдайы, өмір кезеңдері, жалпы шығармашылық-психологиялық ахуалы жайында кеңірек ғылыми мәліметтер келтіреді.


«Ақан сері» деп аталатын ғылыми зерттеуі негізінен үш бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімде жалпы ақынның өмір сүрген кезеңі, ортасы, мекені, ол жөніндегі ел арасындағы аңыз-әңгімелер жайында зерттеуші тарапынан шолу жасалады. Мақалаға кіріспес бұрын автор Ақан серінің көзін көріп, сөзін естіген, жырын жаттап, соны жазып берген тірі мұрағат көздеріне, яғни ел ақсақалдарына деген алғысын жеткізеді. Мырзалыұлы Баялы, Шыңғысұлы Қоқыш, Бозайұлы Ысмағұл, Самыратұлы Қазы т.б. сынды қариялардың білгендерін жазып алып, сол төңіректе ой толғайды, өлеңдеріне сараптама жасайды. «Ақанның өмірі» деген бөлімшеде оның оқып, сауат ашуынан бастап, серілік құрып ән шығарып, жыр жаза бастағанын, өмірінде кездескен қилы-қилы тағдырға байланысты туған жыр толғауы жайында толық ғылыми деректер келтіріледі. Ал «Сөздері» (шығармашылығы деген мағынада – Г.П.) деген бөлімде ақынның қолда бар жырларын талдау жасалады. Біздіңше, автор Ақан серінің «... сөздерінің мінезін білдіріп, түрлерін көрсетуді» мақсат тұтқан секілді. Алайда, ақынның жырлары түгел жиналмағандықтан, үш-төрт жүз жол өлеңімен шектеліп, сол бойынша оның ақындығын шолуға тура келген. Мағжанның өзі де ақын болғандықтан Ақан сері өлеңдеріндегі кемшіліктерді бірден байқайды, әсіресе ол тіл тазалығының сын көтермейтінін, өзге елден енген сөздердің көптігін қатты сынға алады. Алайда, оған кінәлі ақын емес, сол кездегі тіл шұбарлығы, қазақ арасына орыс, араб, парсы сөздерінің көп енгендігінің кесірі екендігін дәлелдейді: «... Ақан – заманның баласы... Біреуі – Бұқардан ишандардың, хазіреттердің, молдалардың, халфелердің шаңырақтай сәлделеріне, күпілерінің күйектей етектеріне жабысып келген мұсылман албастысы. Екіншісі – болыстардың знак, мөрлеріне, тілмаш, учительдердің қақиған картоздарына, сымпиған шалбарларына оралып келген орыс албастысы. Ол дәуір – осы екі албастының кесірінен елдің өмірі іріп, шіріп, тілінің тарғылданған дәуірі», – деп сол кездегі қоғамдық құрылысты, өзге елдерден енген сөздердің әсерін қатты сынға алады.


Негізі адамзат тарихында әр халық өздерінің рухани қазынасын қалыптастырып, жетілдіру жолында өзге елдермен әдеби байланыссыз өмір сүре алмасы хақ. Оның олқылығы – тілді шұбарлауда көрінсе, жетістігі – жалпы дүниетанымды кеңейтеді. Мысалы, ол дәуір халыфелердің:


Фараухун уә райханун әнфісәк сәні,

Болғанда хуснун уәе абиз тәнің, –

деп тілмаштардың:

Көйлегің сексен теңге серо-бурый,

Дамбалың московский материя, –

деп, чительдердің:

Милая, тебя вижу, қырандаймын,

Без ответ, все таки, ұрынбаймын, –

деп қыздарға хат жазатын дәуірлері – деп, заманның ақын өлеңдеріне болған әсерін нақты өз мәтіндері арқылы нақтылайды:


Көптен-көп поклон айттым, скажия,

Сырымды кімге айтамын, сізден зия.

Именной, искренный, ескеріңіз,

Хорошенько, сестра, сватия... (338-б.).

«...Мынау шұбар тіл үшін, әрине, Ақанға рахмет айтарлық ештеңе жоқ. Бірақ Ақан – мың сол тарғыл тілді өлеңдерін адам ұғып оқыса, тегінде суреттеуге шебер, – деп таланттың даралығын, сол шұбар тілдің өзін тігісін жатқыза өрнектеп, көркемдік өлшеммен, ақындық шеберлікпен бере білгендігін атап көрсетеді. Бұл жерде М.Жұмабаев Ақан серінің туындылары шығыс классиктерінде кеңінен орын алған адамгершілік, махаббат сезімін жырлаған поэзиялық шығармаларға таза еліктеуден туғандығын, ақынның Аллаға, адамзатқа ғашықтықты байлық пен билік сияқты пендешіліктен жоғары тұратын кастерлі сезім ретінде жырлауды мақсат тұтатындығына терең мән беріп, талдайды».


Сондай-ақ, автор ақынның өлеңдерін талдағанда өзінің пікірін жалпы шолып қана атап өтпейді. Әрбір ой-пікіріне жауапкершілікпен қарап, нақты мысалмен дәлел келтіріп отырады. Әрбір сөздің қолданысы, оның мағыналық мәні, ондағы әрбір буын, ырғақ, ұйқастың қолдану тәжірибесі жайлы терең теориялық тұжырымдар қазақ поэзиясы, өлең қисыны хақында сол күнге дейін әдебиеттану ғылымының күрделі мәселесі ретінде қарастырылмаған-ды. Енді зерттеушінің зерделі ойына құлақ түрелік: «... Онан соң, Ақанның өлең ұйқастыруына да молдалықтың шарапаты тимей қалған емес, сол жолда Ақанға, әсіресе, әсер қылған – аты шулы Мұхаммадия болған. Мұсылманша оқығандар біледі. Мұхаммадияның өлеңдері ылғи ұйқас қуып кетеді. Мысалы, бір өлең «я»-ға ұйқастырылса, сол өлең бір-екі бетке созылса да «я»-ға ұйқастырылады да отырады. Ақан өлең ұйқастарында көбінесе осы Мұхаммадияның жолына түскен. Бұлай ұзақ ұйқастырудың өлеңнің сырт сұлулығына пайдасы болғанмен, лайықты сөз табылмай қалып, мағынасы аз сөздер әжептәуір орын алады. Бірақ өлең ұйқастыру ауданының кеңеюі көзінен қарағанда Ақанның бұл тәжірибесін онша мінеуге болмайды». (339-б.).


Автор мұндағы ұйқас куушылық, аллитерацияға деген ерекше қызығушылық, ең бастысы ана тілдің сөзін басқа тілмен шұбарлау сияқты келеңсіз, көзсіз еліктеудің жақсылыққа апармайтынын қатаң ескертеді. Алайда, осында бір аңғарар жай – автор ақынның шығармашылығындағы ақауларды атын атап, түсін түстеп тізіп айта отырып, қарға қарғаның көзін шұқымайды дегендей, іштей бір жанашырлықпен қарап, қадам аттаған сайын өзі ақтап алып отырады. Және кемшілікпен қатар ол олқылықтың да қазақ әдебиетіне, оның ішінде, өлең сөздің өрісін, ондағы ұйқастардың түрлерін көбейтуге әсері болғандығын айтады. Сонша тарғыл тіл де шын талантқа тұсау бола алмайтынын, ішкі рухани қуаттан, білімнен, ана сүтімен сіңген туған тілдің құдіретін тұншықтыра алмайтынын, оның бір кезеңдік еліктеуден туған талпыныс екенін дәлелдейді. Дегенмен, Мағжанның бұл мақаласымен бір кезеңде жазылған А.Байтұрсыновтың «Әдебиет танытқыш» атты зерттеуіндегі мына ескертпегені ұмытпаған жөн. Тіл жанашыры А.Байтұрсыновтың: «...Біз сияқты мәдениет жемісіне жаңа аузы тиген жұрт өз тілінде жоқ деп мәдени жұрттардың тіліндегі даяр сөздерді алғыштап, ана тілі мен жат тілдің сөздерін араластыра-араластыра ақырында ана тілінің қайда кеткенін білмей айрылып қалуы ықтимал», – деген сөзін күні бүгінге дейін ескеріп, әсіресе, қоғамтанушы ғалымдарға жиі-жиі құлаққағыс етсе артықтығы болмайды. Өйткені, бүгінгі мерзімді баспасөз беттерінде жарияланған мәдениетанушы, әлеуметтанушы т.б. мамандардың мақалаларындағы өзге елден енген пән сөздерінен, ұғым-түсініктерден көз сүрінеді.


Сондай-ақ, осы еңбекте Мағжан Ақанның шығармашылығын мазмұндық жағынан бес түрге бөліп қарастырады: 1. Сықақ. 2. Ғашықтық. 3. Айтыс һәм мақтау. 4. Сопылық. 5. Қазақ қайғысы туралы өлеңдер. Осы түрлерге жататын өлеңдерді талдай келе автор басқа өлең түрлеріне қарағанда ғашықтық өлеңдерінде шын шеберліктің шыңы көрінетінін, мұнда тіл мен мазмұн анықтығын ерекше бөліп атайды. Ақынның махаббат лирикаларының теңдесі жоқ талантты және еуропалық лирика деңгейінде екендігін, бұл өлеңдердегі стильдік ізденістердің танымдық, суреткерлік, бейнелегіштік қасиеттердің құндылығын ерекше атап көрсетеді. Ғашықтық өлеңдерінде Ақанның әрбір сөзінен ақындық исі аңқып тұрғандай, ұсатусыз, суретсіз сөз жоқ деуге болғандай:


... Олардың мен ақ иық сыр андағы.

Сен сәулем – қызыл түлкі қыраңдағы.

Қия тас қиынына кетсең-дағы,

Қамшылап қанатымды бұрам-дағы,

– десе, ғашықтық өлеңдерінің ішіндегі ең құнарлы өлеңі деп бағаланған «Ақ көйлектен» үзінді келтіреді:


Етегі ақ көйлектің ілмеленген,

Қастардың харіф мәттей сүрмеленген.

Сүмбіл шаш, лағыл ерін, асыл қалқа,

Іш-бауырым ғашық отпен тілмеленген, –

деген өлең жолдарын келтіре отырып, осы күнге дейін Ақан туралы айтылып келген жеңіл пікірге жаңа ой қосып, қазақ әдебиетіндегі ақынның тарихи орнын анықтап береді. Тағдыры күрделі ақынның даралық сипатын жоғары бағалап, ғылыми құнды пікірлер айтады. Және Мағжанның өзі де махаббатың майталман жыршысы болғандықтан да Ақан мерінің ғашықтық жырларын тереңінен түсініп, шынайы шабытпен өрнекті өлең жолдарындай жүрекпен жазады зерттеуін. Ақан серінің өлең құру шеберлігін, ой-танымындағы тың көріністерді, жаңалыққа деген құштарлығын, ізденіс іздерін зерттеуші егжей-тегжейлі тереңдей талдап, жазады. Мысалы, «Мынау» («Ақ көйлекті» атып отыр. Г.П.) өлеңдеріне қарағанда, ғашықтыққа Ақанның көзқарасы мен жай бозбаланың көзқарасы арасында артық айырма жоқ сықылды. Алайда, Ақан ғашықтыққа тереңірек қараған адам. Бұл, біріншіден, Ақан өмірінен белгілі. Екінші, мынау өлеңдерінде ишара бар:


Кісідей өкпелеп мойның бұрмай,

Білдің бе кемшілік деп ғашықтықты.

... Обалың, айнымасам, маған емес,

Жаратқан жақсы қылып Құдайыңа,

– деп, ғашықтық дер арқылы да өмірдің үлкен мәселелерін айтуға, символдық суреттеулермен тұспалдап тың ойлар, көркем образдар жасауға болатынын дәлелдейді. Адамзаттың барлық сезімі бір тәңірге ғана арналады деген философиялық негіздегі сопылық поэзиямен кезінде Ақан серінің де сырқаттанғанын ескере отырып, оның қиялдағы емес, өмірпдегі махаббат сезімін жырлағанын нақты өлең мәтіндері арқылы талдап, дәйекті дәлелдейді.


Мағжан Ақанның айтыс және сопылық өлеңдерінің қолына түспегенін, оларды оқып, таныспағандықтан ештеңе айта алмайтынын ескерте отырып, қазақ қайғысы туралы өлеңдерінде таза ақындық, сұлу сурет, ұйқас теру жағынан басқа өлеңдеріне қарағанда әлдеқайда төмен екендігін айтады:| «... Ол өз өмірімен ереуіл жасаған, өз дәуіріне қарсылығын көрсеткен ақын. Және өмірді өлеңмен ғана емес, өзінің өмірімен суреттей білу ірі жанды адамның ғана қолынан келмек, – дей келіп, таза өнерді мойындаған адам ғана қоғамдағы әділетсіздікке қарсы шығып, тірлішіктегі пендешіліктен өзінің өресі жоғары екендігін мойындата алады. Табиғи талант өмірге таза келіп, таза кетеді. Алайда, қоғамнан тыс адамның болуы мүмкін де емес. Ақан сері сол өзі өмір сүрген қоғамның құрбаны болған талант. Талантты танып, түсінбеушіліктің, бағаламаушылықтың салдарынан «жынды» а танған дарынның қайғылы өмір тарихы жайлы зерттеуші мынадай түйін түйеді: «... Біздің міндетіміз – өткенді аударып, ішінен көрнектілерін аршып ала білу, кешегі милы қазақтың «Ескісіз жаңа болмайды» деген мәтелін кімнің қолтығына ғана қамап қоймай, балапан әдебиетімізге де қабыстыру» (348-б.). («Ақан сері» «Сана» журналының 1 санында жарық көрген. «Ақан сері сөздері де «Сана» журналының 1924 жылдың 2-3 сандарында жарық көрген.)


М.Жұмабаевтың осы зерттеу еңбегін әдебиетші, ақын М.Әлімбаев былай бағалайды: «... Мағжан зерттемесінен кейінгілер өз шығармашылығына нәр алғаны – әдеби бұлтартпас факты. Авторлары кезінде аузы барып атамаса да, атай алмаса да, Ақан сері жайында кейініректеу жазылған талай шығармалардың – поэма, повесть, роман, трагедия – бәрінің түп-қазығы, төркіні Мағжанның осыншама толғанып, терең саралап, төгілтіп жазған зерттемесінде екенін бүкпесіз айту – әділдік (М,Әлімбаев. Толқыннан толқын туады (Қазақ әдебиеті қайраткерлері шығармашылығына арналған зерттеулер, эссе, естеліктер). Алматы, Қазақ университеті, 1992, 39-б.)


М.Жұмабаевтың әдебиеттануға арналған тағы бір зерттеу еңбегі – «Бернияз Күлеевтің шығармашылығы туралы». Мұнда автор өзінің замандасы әрі әріптесі, жаңадан жақсы жырларымен танылып келе жатқан талантты ақынның өмірбаяны, қызметі, не бәрі 20-ақ жасқа келген қысқа өмірінде отты, жалынды жырлары туралы ғылыми мәлімет беріледі. Ол Бернияз Күлеевтің ақындық табиғатын былай береді: «... Ұшқын бетінде жарыққа шыққан жас Бернияз әдебиетіміздің сол табиғи жолымен шықты. Бірақ екпін тым күшті еді. Біраз өлеңдері басылған соң-ақ, оқушы оған жалт беріп қарап қалған еді. Екпіні зор еді» (349-б.).


Жарқырап келген екпінімен елді еткізген ақынның өзі көзі тірісінде де аз жарияланып, тек 1922 жылдарда «Еңбекші қазақ», «Өртеңде» бірнеше өлеңдері мен «Қызыл Қазақстанда» бір поэмасы басылып, Бернияздың ақын болып қалыптасып қалғандығын, өлең құрылысы мен жалпы қисынын меңгеріп, шеберлігі шыңдалғанын айтып, осындай отты, талантты ақыннан тосыннан айырылып қалғанына қапалық танытады.


Әдеби мұраны жинауға өзі де белсене атсалысқан М.Жұмабаев сол ұлттық рухани дүниелерді жинаушыларды да кеңінен насихаттаған. Осындай мақсатта жазылған мақаланың бірі – «Әубәкір ақсақал Диваев». Ақын халық мұрасын жинаушы Диваевтың еңбегін жоғары бағалап, әсіресе екі ел арасындағы әдеби байланыстарды нығайтудағы еңбегін ерекше атап көрсетеді: «Елдің елдігін сақтайтын – әдебиеті, тарихы, жол-жорасы... Ол күндерде қазақ-қырғыз тілінде газет, журнал жоқ болғандықтан, Әубәкір жинаған әдебиет орыс тіліне аударылып, орыстың газет-журналдарында бастырып отырған».


М.Жұмабаевтың әдебиетке деген адал көзқарасын, оның әрбір мұрасына деген жанашырлығын танытатын тағы бір шағын мақаласы – «Базар жырау». Тегінде талантты танып, бағалай, таныта білу де ұлылықтың бір белгісі болса керек, базар жыраудың қолда бар 4-5-ақ өлеңімен қазақ әдебиеттану ғылымындағы тарихи орнын анықтап берген М.Жұмабаев екені бүгінде тарихтан белгілі болып отыр. «Теңіз тамшыдан танылады» дегендей осы аз ғана өлеңін талдау арқылы «сөзге жүйрік, ойлы ақын» Базар жырау әдеби айналымға енді. Ақынның қияға бай, сөзге шешен, тілі өткір екендігін әрбір өлең жолдарындағы сөз саптаулары арқылы дәлелдеген зерттеуші талантты дер кезінде таныта білу деген қағиданы да еске салатындай.


Мәселен, өлім босағасында тұрып Базар жыраудың айтқан ұзақ өлеңінің ішінде мынадай шабытты ой, шешен сөз, тың теңеулер бар:


Дүние, бір толқыттың, бір қорқыттың,

Айырылып аждаһадай ақыр жұттың.

Болғанда бізге жолдас сертің қайда.

Достықты құшақтасқан неге ұмыттың...

Құлаштап дүние сені қармансақ та,

Кері келгенге ұқсайды-ау, Қорқыттың...


Міне, осы өлең мәтіні Базардың терең ойлы ақын екендігін дәлелдесе керек-ті. Базардай қазақы сөзге шебер ақынның ұмытылып кетпеуіне жанашырлық пен жауапкершілік танытқан автор бұл мақаласында әдебиетті дәуірлеуге деген өз көзқарасын білдіре кетеді: «... Осы күні біздің оқушыларымыз қазақ әдебиеті десе, Абайдың бергі ақындарды ғана көреді. Әдебиетті білсе де, ақындарды білмейді», – дей келе ол ақындардың туындыларының кітап болып басылмағандығын, ел арасында насихатталып, баспасөзде сын жазылмайтынын айтады. Және Абайға дейінгі ақын-жыраулардың өмір деректері мен шығармаларының ғылыми тұрғыдан жүйеленіп, жиналмағандығы мен баспа бетін көрмегендігі болмаса олардың ақындық шеберліктері мен сөз өнерін жасаудағы білім деңгейлері жоғары екендігін ескертеді.


Айталық: «... әлде болса да ауызда аман қалған әдебиетіміз талай елдердің ауыз әдебиетінен бай. Әлде болса да ауыз әдебиетіміз бір елдің жазба әдебиетіне негіз болуға жарарлық. Өзінің ауыз әдебиетін негіз қылмай ешбір елдің жазба әдебиеті өркендеген емес», – деп орынды ой қозғайды.


Өз ойын нақты тарихи мәліметтер арқылы дәлелдеуге тырысатын зерттеуші: «... Шынында, сол өткен ақындардың көбінен жаңа ақындар әлі озып кете алды ма? Өзгені қоя тұрайық, жұрт келемеж қылатын Шайхысламұлы Жүсіпбектің «Қыз Жібегіндей» кім не нәрсе жазды? Ол ойланатын әңгіме», – ХХ ғасыр басындағы әдеби процестегі көкейкесті әрі күрделі мәселені күн тәртібіне қояды. Сол кезеңдегі әдебиетке деген біржақты, тапшыл көзқарасты, яғни ескі әдебиеттің бәрі байшыл, ұлтшыл әдебиет деген даулы пікірлерді осылай қатты сынға алады.


М.Жұмабаевтың жоғарыда аталған еңбектері ұлттық әдебиеттану ғылымына қосылған зор үлес. Әдебиет тарихы, әдеби мұра, оны жинаушылардың ерен еңбегін бағалау және жеке ақын-жыраулардың өмір деректері мен шығармашылығын мәтіндік тұрғыдан танып, зерттеп, ғылыми жүйеге түсіру т.б. жөніндегі теориялық тұжырымдары, ойлы пікірлері сөз жоқ бүгінгі қазақ әдебиеттану ғылыми үшін құнды.



Гүлзия Пралиева


"Мағжан әлемі" кітабынан алынған


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар