Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Ерлік, қаһармандық туралы мақал-мәтелдер...

07.05.2017 117192

Ерлік, қаһармандық туралы мақал-мәтелдер

Ерлік, қаһармандық туралы мақал-мәтелдер - adebiportal.kz
  • Еліңді сүйсең, ерлік істейсің.

  • Батырды жауда, шешенді дауда сына.

  • Ердің құны – жүз түйе,

  • Көздің құны – елу тайлақ.

  • Ерлік білекте емес, жүректе.

  • Қорқақтың қатыны болғанша,

Батырдың жесірі бол.

  • Еңбек ерлікке жеткізер,

Ерлік елдікке жеткізер.

  • Қаһарлы қамал бұзады.

  • Ел үмітін ер ақтар, Ер атағын ел сақтар.

  • Ел барда, ер қор болмас,

Ер барда, ел қор болмас.

  • Батырдан – сауға,

Аңшыдан – сыралғы.

  • Батыр болсаң – жауыңа найзаң тисін,

Бай болсаң – еліңе пайдаң тисін.

  • Мерген қорғаныста тіреніш,

Шабуылда сүйеніш.

  • Мергеннің көзі де мерген,

Қолы да мерген.

  • Қылышты қорқақты,

Сойылды батыр соғып алады.

  • Батырға оқ дарымайды,

Батылға жау жоламайды.

  • Жауынгерге жара да жарасады.

  • Қаһарлы қамал бұзады.

  • Тізерлеп жүріп түңілткеннен,

Тік жүріп өлген артық.

  • Ерліктің шарты - өзіне сенгендік.

  • Шапшаң жүргенге шаң жұқпас.

  • Айлалы батыр алдырмас.

  • Ер сасқанда белгілі,

Ат шапқанда белгілі.

  • Батырға таяқ та - жарақ.

  • Отызыңда орда бұзбасаң,

Қырқыңда қырып келдім дегеніңе ешкім сенбейді.

  • Алыссаң атаң да болса жық.

  • Отқа салып ерітсең де,

Алтын сірә жез болмас.

Аяққа шылғау қылсаң да,

Асыл жібек бөз болмас.

  • Жауға жалынба,

Досқа тарылма.

  • Тәуекел ет те тас жұт,

Ажал жетпей өлмек жоқ.

  • Табақ тамағымен жарасты,

Батыр жарағымен жарасты.

  • Батырлық айқаста танылар.

  • Шешінген судан тайынбас.

  • Қашпақ болсаң зымыра.

  • Тәуекелсіз іс бітпейді,

Тәуекел етпеген арықтан өтпейді.

  • Ер жолдасы - тәуекел.

  • Өжет өлімнен қаймықпас.

  • Күш батылдыққа ереді.

  • Тәуекелдің кемесі суға кетпейді.

  • Болат бүгілмес, шорт сынар.

  • Уайым түбі тұңғиық,

Батасың да кетесің.

Тәуекел түбі жел қайық,

Мінесің де өтесің.

  • Аты аталмаған жігіттен,

Аты аталған төбе артық.

  • Қашпақ, қумақ ерге сын,

Көшпек, қонбақ жерге сын.

  • Жомарт бергенін айтпас,

Ер айтқанынан қайтпас.

  • Оқсыз мылтық - таяқ.

  • Дұшпанға тастай қатты бол,

Досыңа балдай тәтті бол.

  • Жүрек - ер, бас - кемеңгер.

  • Ақылдан асар амал жоқ,

Батылдар алмас қамал жоқ.

  • Шамасыз батырлық - шарасыз өлім.

  • Тура ағаш үйге тіреу,

Тура жігіт елге тіреу.

  • Атқыштан ажал қашады.

  • Батырға да жан керек,

Пақырға да жан керек.

  • Ат өнері білінбес,

Бәйгеге түсіп жарыспай.

Ер өнері білінбес,

Қоян-қолтық алыспай.

  • Қимылдаған қыр асар.

  • Ердің ісі – елдің мойнында,

Елдің ісі – ердің мойнында.

  • Ел үмітін ер ақтар,

Ер атағын ел сақтар.

  • Ер салмағын ел көтереді,

Ел салмағын жер көтереді.

  • Ауырлықты жер көтерер,

Ауыр қазынаны ер көтерер.

  • Ұранды елдің – ұрпағы қайсар.

  • Ерлік білектен емес, жүректен.

  • Елін сүйген ер болар.

  • Батыр туса ел ырысы,

Жаңбыр жауса жер ырысы.

  • Бір оқты бұлан көтереді,

Екі оқты ұлан көтереді.

  • Қашпақ, қумақ - ерге сын,

Көшпек, қонбақ – жерге сын.

  • Ат басына күн туса,

Ауыздықпен су ішер.

Ер басына күн туса,

Етігімен су кешер.

  • Бөрі соғар жігіт бөркінен белгілі.

  • Болар елдің баласы он бесінде баспын дер,

болмас елдің баласы отызында жаспын дер.

  • Ердің екі сөйлегені өлгені.

  • Ер бір рет өледі,

Қорқақ мың рет өледі.

  • Ерді қорласаң – састырар,

Асты қорласаң – құстырар.

  • Күшті кісі алып та жығады,

Шалып та жығады.

  • Қоянды қамыс өлтіреді,

Ерді намыс өлтіреді.

  • Бөрікті тастап, бөріден құтылуға болмайды.

  • Жауға жаныңды берсең де,

Сырыңды берме.

  • Бақ-бақ еткен текені

Қар жауғанда көреміз,

Батырсыған жігітті

Жау келгенде көреміз.

  • Судан тонын аямаған,

Жаудан жанын аямас.

  • Қауғадан шошынған мал оңбас,

Жаудан шошынған ер оңбас.

  • Болат қайнауда шынығады,

Батыр майданда шынығады.

  • Жүк ауырын нар көтерер,

Ел ауырын ер көтерер.

  • Ұланы бар елдің ұраны бар.

  • Мал қонысын іздейді,

Ер жігіт туысын іздейді.

  • Ер тарықпай, молықпайды.

  • Ер сүрінбей, ел танымас,

Ат сүрінбей, жер танымас.

  • Ер мойнында қыл арқан шірімес.

  • Оқ жетпес жерге қылыш суырма.

  • Ер қартайса, қазанды болар,

Бүркіт қартайса, тышқанды болар.

  • Шын ер - жеңсе тасымас,

Жеңілсе, жасымас.

  • Ерді кебенек ішінде таны.

  • Ердің атын, не аты шығарар,

Не қатыны шығарар.

  • Су жетпейін демейді,

Жар жеткізбейді.

Ер жетпейін демейді,

Мал жеткізбейді.

  • Ер бақыттың

Қонғанын білмейді,

Ұшқанын біледі.

  • Қорыққанға қос көрінер.

  • Жау жоқта батыр көп,

Дау жоқта ақыл көп.

  • Ердің жақсысы

Елімен ойласады.

Әйелдің жақсысы,

Ерімен ойласады.

  • Ер қадірін білмеген,

Ел қадірін білмейді.

  • Тау мен тасты су бұзар,

Ер арасын қу бұзар.

  • Қойдан қойдың несі артық,

Қол басындай еті артық.

Ерден ердің несі артық,

Ойлап айтқан сөзі артық.

  • Тәуекел тау жығар.

  • Ер жоқта ергежейлі ерсінер.

  • Қару күшті емес,

Қару ұстаған күшті.

  • Белдескеннің белін сындыр,

Тірескеннің тізесін бүктір.

  • Қара бет болып қашқаннан,

Қайрат көрсетіп өлген артық.

  • Ерлік – елге мұра, ұрпаққа - үлгі.

  • Ерді жаяулық емес,

Қаяулық аздырады.

  • Ер жаңылып қолға түсер,

Құс жаңылып торға түсер.

  • Ырысқа қарай ұл өсер,

Қонысқа қарай мал өсер.

  • Арманымен ер сұлу,

Орманымен жер сұлу.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар