Акутагаваның «Нақұрыстың өмірі» әңгімесін оқығанда көз алдымнан автордың бейнесі кетпей қойды. Әр жазушының шығармасында өз өмірінің кейбір сәттерін, ішкі жандүниесінің арпалысын, арманын, қиялын, сезімін суреттейтіні кімге де болса, белгілі ғой. «Нақұрыстың өмірі» – Акутагаваның өмірі еді. Жазушының жеке өмірінен хабарымыз болғандықтан шығар, бізге бұл шығармасын оқу ауыр болды. Акутагаваның басында «Нақұрыстың өмірін» жазу көптен бері пісіп-жетілсе де, ол өзі туралы жазудан қатты қорықты. Өз шындығын, құпиясын, қорқынышын жайып салу кімге де болса, оңай емес. Әсіресе, арманы асқақ, тәкаппар жазушыға қаншалықты психологиялық тұрғыда соққы болғанын, жаны қалай ауырғанын өзі ғана біледі. Жо-жоқ, ол «Нақұрыстың өмірін» жазып, өзінің «Мендігін» қанағаттандырып, оқырманнан «керемет талант» деген қошемет сөзді күткен жоқ. Түсінесіз бе, ол бар болғаны арылғысы келді, үрейін жеңгісі келді. «Анам секілді мен де жынданып өлетін шығармын» деген үрейін ешқашан жеңе алмады.
Жазушының кейіпкері – Ол кітапханада кітаптың исін иіскеп, ұзақ тұрады. Ол білімді, интеллектуалды, ерекше ойлайтын адам еді. Содан кейін көз алдыңызда оның (Ол) өмірі тізбектеліп өтіп жатады.
Жындылар емделіп жатқан ауруханада дәрігердің қабылдауында болған Ол жынданып өлген анасын есіне алады. Анасын ол ешқашан сағынышпен, балалық сезіммен есіне алған емес. Анасы туралы ойлай бастаса, өзін аяп, мүсіркей бастайды. Өмірден өткен анаңды сағынышпен, махаббатпен, қимас сезіммен еске алмаудың қасіретін Ол ғана түсінеді.
Оның өмірден өз орнын тауып, бақытты болуында бір қарағанда (сыртқы формада) ештеңе кедергі емес секілді. Ол өз еркі өзінде, тәуелсіз адам, отбасын құрды, отбасы құндылығын өзінше бағалай алады, бірақ «анам секілді мен де жынданып өлемін» деген қорқыныш оған бір сәтте маза берген емес.
Акутагава «Нақұрыстың өмірін» жылап отырып жазды. Қағазға тамған жазушының көз жасы сиямен араласып, аппақ парақты айғыздап жатты... Жазып болғаннан кейін де өз-өзіне келе алмай, қалшылдап, дірілдеп, қыстығып, ұзақ жылады... Жаңа шығармасын жариялау керек пе, әлде жыртып тастау керек пе? Жазушы өмірде өзін-өзі жасырса да, шығармаларында өзін жасыра алмайды. Шынайы жазумен ерекшеленген Акутагава да шығармашылықта өзін жасыра алмады. Бойын билеген қорқыныш пен үрейден, жан азабы мен мұңынан арылғысы келіп, ол жаза берді, жаза берді. Ол өзге жазушылар секілді атақ пен абыройға кенеліп, әлемдік деңгейдегі жазушы болуды да армандаған жоқ. Нақұрыстық аурудың көп жағдайда тұқым қуалайтынын білетін жазушы өзін сақтағысы келіп жанталасты, жынданып кетуден қорықты. Өз басымен қайғы боп жүрген адамға атақ пен абырой неге керек?
Өз бойындағы қорқыныш пен үрейді жеңе алмай, өзімен өзі алысып жүріп, ілім-білім іздеді. Мәңгілік сауалдарға жауап іздеп, шарқ ұрды. Өзін-өзі құтқара алмай жүріп, адамзатты құтқарғысы келді.
«...Мен қарапайым әдебиетшімін. Он бес, жиырма, жүз жылдан кейін бұл өмірде мен секілді адамның өмір сүргенін ешкім де білмейді. Менің шығармаларым сөрелерде шаң басып, өз оқырманын күтіп тұрады» деп жазған жазушы өзінің танымалдылыққа ие болатынына сенген жоқ.
1892 жылы Токиода дүниеге келген Рюноскэ Акутагава өзінің өмірбаяны туралы, ата-анасы туралы әңгіме етуді ұнатпайтын. Тоғыз жасында анасы жынданып кеткен, әкесінің кім екенін білсе де, оның некелі баласы ма, жоқ па, бұл арасы жұмбақ еді. Сәбиді туған нағашысы асырап алып, бауырына басып, өзінің фамилиясын береді. Анасының ағасының баласы жоқ еді. Бақуатты, беделді, табысты нағашысы Рюноскэні ештеңеден мұқтаж етпеді. Нағашысы кітапқұмар адам еді. Рюноскэнің әдебиетке деген махаббатын оятып, қандай кітаптар оқуға кеңес береді. «Өмір Бодлердің өлеңінің бір жолына тұрмайды» деді осы кезде албырт, романтик, әдебиетқұмар жас. Ол Бодлердің «Зұлымдық гүлін» өте жоғары бағалады.
«Әдебиет өмірді ертегіге ұқсатып, суреттеп, оқырманды алдамауы керек. Өтірік пен жалғандық оқырманды жалықтырады» дейді жазушы. «Әдебиет саясатпен байланысты емес» деген қате пікір» дейді Акутагава. Оның пайымдауынша, әдебиет саясатпен тығыз байланысты, олар бірін-бірі толықтырады.
Акутагава адамның рухани болмысы мен әлеуметтік мәселесін байланыстыра суреттейді. Жазушының әлеуметтік қиыншылықтан қажыған кейіпкерлері біраз уақыт Құдайдан алыстап кетіп, кейіннен өз істеріне өкініп, рухани әлемін байыту үшін жанталасады. Болмысы қарама-қайшылыққа толы жазушының өзіне де жүректегі «балансты» сақтап тұру оңай болмағаны анық.
Жазушының жалғыздық мұңына қамалған кейіпкерлері өмірді өзінше сүйеді, өзінше түсінеді. Олардың өмір туралы философиясы ешкімге ұқсамайды. Мысалы, «Жалғыздық тозағы» новелласында жазушы кейіпкері жалғыздықтан торығып, мұңайып, жаны тазарады.
Әлемдегі жетістікке жеткен жазушылардың бәрі де өз шығармаларында ақиқатты, Құдайды іздейді. Акутагаваның әлемдік деңгейде мойындалуының негізгі себебі де осы: ақиқатты іздеді.
Акутагаваның Әке-Ана-Бала тақырыбында жазған шығармалары осы тақырыпта жазған өзге жазушылардан ерекшеленіп тұрады. Оның шығармаларындағы ана – шексіз мейірімді емес, әке – баласының болашағына алаңтайтын қамқор жан емес. Жазушы өз кейіпкерлері арқылы барлық ата-анаға бала алдындағы жауапкершілікті сезіндіргісі келеді. Акутагаваның кейіпкері бала – ата-ана алдындағы парызын түсінуден бұрын, өз болашағына алаңдайды. Жазушы бала бейнесін жасап отырып, оған жаны ашиды.
Жазушыны «кейіпкерлеріне тым қатал, жаны ашымайды, мейірімсіз» деп сынаған сыншылар да, оқырман да аз болмады. Өзінің туған ата-анасының мейіріміне бөленіп өспеген, «жынданып кететін шығармын» деген қорқынышпен өмір сүрген жазушының кейіпкерлерін аяуға да, мүсіркеуге де құлқы болмады. Шын мәнінде, жазушы мейірімді еді, ол тіпті өзінің табиғи болмысын көрсетуге де қорықты. «Мейірімділік, жұмсақтық таныту – тағдырға мойынсұну. Ал мен тағдырдан жеңілгім келмейді» деп аласұрды ол. Адамның о баста пешенесіне жазылып қойылатын тағдыры болатынын, әрине, білді.
«Анам секілді жынданып кететін шығармын» деген қорқынышын жеңе алмаған жазушы отыз бес жасында өзіне қолжұмсап, көз жұмды.
Акутагава – көзі тірісінде атақ-абыройға бөленген жазушы, жанымен қайғы болып жүріп, өзінің шығармашылықта қандай табысқа жеткенін де білмеді, бәлкім, оған ешнәрсе қызық болмады. Ал дүниеден өткеннен кейін Акутагаваның әлемдік деңгейдегі беделі асқақтап, шығармалары ең көп сұранысқа ие жазушыға айналды.
Аягүл Мантай
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.