Геза Чат (1887-1919)
Шын аты: Йожеф Бреннер.
Геза Чат мажардың атақты жазушысы, драматург, суретші әрі музыка сыншысы. Австро-Венгрия монархиясының Суботица қаласында (қазіргі Сербияда) туып, сол жерде дүниеден өткен. Геза Чат ‒ мажардың және бір ұлы жазушысы Дежө Костоланидің туысы.
Жазушының өмірі, тағдыры қаншалықты бұралаң болса, шығармалары да соншалықты қайшылыққа толы. Мамандығы психиатр дәрігер болғандықтан, кейіпкерлері арқылы (көбінесе өмірде жолы болмаған, бақытсыз, күйзелістегі адамдар) сол замандағы қоғамдық дағдарыстың адамдар психологиялық ахуалына еткен әсерін шеберлікпен суреттейді. Шығармаларының кейбірінің автобиографиялық сипатын жоққа шығаруға болмайды. Оның прозасының негізінде көркем фильмдер де түсірілген.
Көзі тірісінде "Сиқыршының бағы" (1908) "Пуччини" (1908), "Жалған билер" (1909) "Музыканттар және басқа новеллалар" (1913) секілді онға тарта кітабы жарық көрген.
Сол кездегі мажардың ілгерішіл ақын-жазушыларын топтастырған "Батыс" (Nyugat) қоғамының мүшесі ретінде модернистик эстетиканың жалауын көтерген. Туындылары ағылшын, француз, неміс, италия, португал, поляк, эстон тілдеріне аударылған. Мажар тілінен қазақ тіліне бірінші рет аударылған "Әке мен ұл" әңгімесін назарларыңызға ұсынамын.
Аудармашы.
ӘКЕ МЕН ҰЛ
Қыстың сүреңсіз күндерінің бірінде түске таяу анатомиялық институттың директорының көмекшісі бір бейтаныс адамды ертіп келді. Айтуынша мәртебелі мырзаға айтатын шұғыл бұйымтайы бар екен.
Директор тек бір-екі минутқа ғана қабылдайтынын, дәріске кіруі керектігін ескертті. Шындығында да дәрісхана студенттерге лық толып , у-шу болып жатқан
Келген бейтаныс бойы сұңғақ, киім киісі тәуір, ашаң жүзді адам екен. Кіре салысымен жоғары озып, төмен иіліп сәлем бере сала, сыдырта, тоқтамай сөйледі. Таза қырылған сақал-мұртсыз бетіне қарап, тіпті мажар екен деп ойламайсың, дегенмен мажаршасы тұп-тұнық. Алыстан нашар көретін көзіне қара жиекті пенсне тағып алған.
– Мәртебелі мырзам, мұншалықты толқып, алқын-жұлқын сөйлегенімді айып көрмеңіз, бірақ бұл өте шұғыл шаруа, мүмкін мен үшін ғана шұғыл. Аты-жөнім ‒ Пал Дьетваш, инженермін, Америкадан кеше ғана келдім. Пойыздан түскенімде анам әкемнің қайтыс болғанын естіртті. Қаралы хабар жазылған хат мен елге қайтпақ боп кемеге отырып қойғанда жеткен екен. Әкемнің бақилық болғанына енді сеніп тұрмын, емханада дүниеден өтіпті. Жоқшылықтан көз ашпаған анамның әкемді көмуге жағдайы келмепті. Әкемнің мәйітін емханада қалдырыпты, дәрігерлер өзіміз жер қойнына береміз деп уәде берген екен. Мен елге жеткен соң, осы істің анық-қанығын білуге тырыстым. Кеше әкемнің мүрдесін осы анатомиялық институтқа әкеліп, болашақ дәрігерлердің тәжірибесіне пайдаланбақ болғанын білдім. Мәйіттерді жер қойнына бермес бұрын, оларды әбден жіліктеп шағып, ұсақталған сүйекті табытқа салады деп естідім. Менің білейін дегенім марқұм әкемнің тағдыры да солай болды ма екен? Ал қызметкерлеріңіз әкемнің сүйектерін байлап, қанқа құрап қойды дейді, сол шын ба екен? Құрметті директор мырза, Сізден соның шын-өтірігін білсем деп едім, егер солай болса, әкемнің қаңқасын немесе бассүйегін маған берер ме екенсіздер? Тұтас қаңқасын алсам, тіпті жақсы болар еді, жер қойнына берсем деп едім. Құрметті директор мырза, әкемнің сүйегін көруге бола ма? Қызметкеріңіз тәжірибеге сымбатты, сүйегі мықты қаңқалар таңдалынады деп еді, жарықтық әкем сүйегі кесек, мен секілді бойшаң кісі еді. Институттың шығындарын қайтарып-ақ берейін. …
Директор осынау ұзақ, асығыс сөздерді сақалын сипап тұрып, сабыр сақтап тыңдады, сонан соң баяу, қарлығыңқы дауыспен былай деді:
– Солай деңіз, қарап көрейін. Әкеңіздің аты-жөні қалай еді?
– Әкемнің аты да дәл менікі секілді ‒ Пал Дьетваш.
– Негізі институт мәйіттерді қайтармайды… , бірақ егер әкеңіздің сүйегі бар болса, қаңқасын құрастырып қойса, онда мен еш кедергі жасамаймын, Сізге бергіземін.
Директор қоңырау шылдырлатты. Ақ халатты көмекші кіріп келді.
– Дәрігер мырза, өтінемін, қарап келіңізші – деді директор – өткен айда Пал Дьөтваш деген адамның мәйіті өңделіп пе екен? Одан дәрістерге керек қаңқа құрастырдық па?
Көмекші жүгіріп кетті. Ғалым қонаққа жайғасуға орын ұсынды.
Бес минут үнсіз тыныштық орнады. Қонақтың тізесі дір-дір етеді. Ғалым болса қалтасына қолын салып, терезеден жаңбыр сіркіреп тұрған көшеге қараумен болды. Әлден уақытта есікті жұлқи ашып көмекші кірді.
– Мәйіттің нөмірі жазбадан табылды, гастроэнтерологиядан түсіпті. Мәйітті біз жарыппыз. Есіме енді түсті, үшінші курсқа тапсырғанмын… қаңқасы әдемі еді. Өткен аптада Матьяшқа мацерациялауға бергенмін, алдыңғы күні қаңқасын қайта құрастырып қойғанбыз. Бәрі сәтті болды, өзіңіз бұйырғандай мәйіт бұзатын бөлмеге қойдық, себебі бірінші курстың студенттері өткен айда сонда тұрған бір қаңқаны сындырып алған болатын, соның орнына жайғастырдық.
Инженердің жүзінен қатты абыржығаны байқалды, буыны қалтырап кеткендей. Профессор әуелгісіндей сабырлы дауыспен:
– Онда дәрігер мырза, мына кісіге сұраған каңқасын бергізіңіз.
Инженерге бұрылып: ‒ Ал Сізден шығындарды қолма-қол төлеуіңізді сұраймын. Қанша еді, дәрігер мырза? Mәйітті жару мен қайта қаңқасын құру отыз бес крона болады емес пе?
Бойшаң адам жалма-жан әмиянын алып, бірден төледі. Аздап қобалжып, бір жағы жеңілдегендей болып, былай деді:
– Мәртебелі мырза, көмегіңізге рахмет. Уақсыз уақта мазаңызды алғаным үшін кешірім өтінем. Менен қандай да бір көмек болса, айтыңыз.
Көмекші инженерді мәйіт жаратын бөлмеге алып келді. Бұрышта іздеген каңқа состиып тұр. Еңгезердей, сүйектері мықты, бассүйегі жұмыр, фарфор секілді аппақ қаңқа.
Бөтен адам таңырқап біраз уақыт тұрды. Бұрын-соңды қаңқа көрмесе керек. Алды-артына шығып қарап, айналдырып көрді, қабырғаларына саусақтарын тигізіп, жағын тартқан серіппелерді сипап өтіп, қызметкер мен көмекшіге жетім көзбен қарап тұрды.
Көмекші бассүйекті мақтай жөнелді. Қонақ кенет анатомиялық деректерге қызығушылығы оянған кейіп танытты. Ақ халатты адам көп тұрмай, қоштасып дәрісіне кетті.
Қызметкер болса инженердің көңілін солай жұбату керек деп ойласа керек, бар білімін салып-ақ жатыр:
– Мұндай тамаша қаңқаны көрмегелі көп болып еді. Екінші анатомиядағы Дьюридің пікірі де сондай. Бұл сымбатты қаңқаны, Матьяш ағай, енді сіздерден алып кетуге келдік.
Бейтаныс қонақ басын салбыратып, қаңқаның аяғын шайқалта қозғады. Аяқ-қолдары ары-бері теңселіп, салдырлады. Сонан соң адам бас сүйектегі көздің ұясына тесіліп қарап қалды. Ойланып, көзі жасаурап, ернін тістеді.
Кәркесте Матьяш отыз жыл қаңқаларды ары-бері лақтырып жүрген адам ғой. Бөтеннің көзіне үйірілген мөлтек жасты көріп, оның да көңілі босағансып, былай деді:
– Мәртебелі мырза, бұл кісі сіздің туысыңыз ба еді?
– Әкем еді.
– Әкеңіз. Мм, мм… Солай ма еді … – деді де басқа сөз таба алмай.
Сол жерде қаңқаға үңіліп, үнсіз қалысты.
„Қаңқаның” ұлы бірдеңе деу керек пе еді деп бір ойланды, алай-дүлей күй кешті, жан дүниесіндегі басталғалы тұрған ой мен сезімнің дауылын сыртқа шығарғысы келіп, бұлқынды.
Бірақ ішіндегі алапат боран тап-таза, аппақ фарфор секілді қаңқалар жарқыраған бөлмеге төгіліп тұрған сәуледен тарқап сала берді; мұңы, қаза қайғысы үлкен терезелерден түскен жарыққа араласып жоқ болғандай. Инженер кенет есін жиып алғандай көрінді, қаңқа керілген тік бағаннан ұстап, есікке қарай асыға басты. Сол „бір түрлі” жүгін қолынан босатпай, батыл қадаммен сыртқа тартты, көзін төмен салып барады, әкесі үшін намыстанып кеткендей.
Ұзын дәлізбен ұзап барады. Залдағы бірнеше сабаққа кешіккен болашақ дәрігер студент инженердің қолындағы қаңқаның қол-аяғы билегендей болып қозғалып бара жатқанына қарап тұрды. Сақал-мұрты қырылған адам қаңқаны ебедейсіз өзіне тартты. Ұлы әкесін құшақтады.
Мажар тілінен аударған Раушангүл Зақанқызы
Мажарстан, Сегед
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.