Биыл адамзатқа әйгілі колумбиялық қаламгер - Габриэл Гарсиа Маркестің жылы. Дүниежүзіндегі өркениетті елдердің бәрі де өз ұлтының өкіліндей көріп, Нобель сыйлығын иеленген жазушының тоқсан жылдығын атап өтіп, творчествосын талдаған еңбектер жазылып, фильмдер түсіріліп, кітаптары қайта басылып шығып миллиондаған оқырмандарға қуаныш сыйлады. Адамзатты талантымен табындырған Маркес 2014 жылдың 17 сәуірінде қайтыс болды. Бүгін атақты жазушының дүние салғанына тура үш жыл толды.
Тұңғыш рет мен оның туындыларымен университеттің екінші курсында оқып жүрген кезімде таныстым. 1987 жылы Мәскеудің «Правда» баспасынан жарық көрген кітапта ұлы суреткердің екі шығармасы - «Жүз жылдық жалғыздық» романы мен «Полковникке ешкім хат жазбайды» повесі жарияланған екен. Сол уақыттан бері ол менің рухани сырласыма - «Жүз жылдық жалғыздық» қайталап оқитын сүйікті шығармаларымның біріне айналды. (Ұмытпасам тоқсаныншы жылдардың басында әдебиет әлемінде Маркестің магиялық реализмі туралы алғаш рет әңгіме тиегі ағытылған еді.) Қайта-қайта оқығандықтан ба, мен әлемнің әдемі бастауы туралы бұл ғажайып - әрі ертегі, әрі өмір, әрі шындық, әрі аңыз болып төгілетін туындының қалай басталатынын әлі күнге дейін жатқа білемін. «Пройдет много лет, и полковник Аурелиано Буэндиа, стоя у стены в ожиданий расстрела, вспомнить тот далекий вечер, когда отец взял его посмотреть на лед. Макондо было тогда небольшим селением с двумя десятками хижин, выстроенных из глины и бамбука на берегу реки, которая мчала свои прозрачные воды по ложу из белых отполированных камней, огромных как доисторические яйца». Біреу мені түн ортасында шырт ұйқымнан оятып алып сұраса да, таңғажайып туындының қалай басталатынын жатқа айтып бере алатыныма күманданбай-ақ қойыңыз. Маркестің өзі болса «Жүз жылдық жалғыздық» бар-жоғы менің балалық өмірімнің поэтикалық көрінісі деп жауап берген екен.
Жазушының балалық шағы шағын ғана Аракатака атты колумбиялық қалашықта өтті. Маркестің өмірлік көзқарасының қалыптасуына ықпал еткен екі адам болды. Олар - жазушының әжесі Транкилина және нағашы атасы, азаматтық соғыстың ардагері, полковник - Николас Маркес. Бір сұхбатында ұлы қаламгер атасының әңгімешіл адам болғанын, бір нәрсенің мәнін сұраған немересіне, егер оны білмесе, сөздіктерден қарап жауабын табудан ерінбегенін тілге тиек етеді. Нағашы атасы қолынан бал тамған зергер болған.
1951 жылы Маркестің ең алғашқы туындыларының бірі «Палая листва» повесі жазылды. Міне содан бері кіндік қаны тамған туған ауылы Аракатака (шығармаларында Маконда деп аталады) мен ондағы адамдардың тағдыры Маркес шығармашылығының күретамырына айналды. Әдебиеттегі ең ұлы ұстазы – Лев Толстой. Орыс жазушысының «Соғыс және бейбітшілік» романын ол әдебиет тарихындағы ең ұлы шығарма ретінде бағалапты. Шығармашылық шеберлігінің қалыптасуына Рабле, Шекспир, Сервантес, Дефо, Достоевский, Кафка, Фолькнер мен Вирджиния Вульф туындыларының әсер еткенін жасырмайды. Әсіресе Кафканың «Метаморфозасын» оқып шыққан соң ол «осылай да жазуға болады екен ғой» деп қатты таң қалған көрінеді. Ең алғашқы әңгімелерін де ол Кафкаға еліктеп жазудан бастаған. Ақындардан латынамерикандық шайыр Рубен Дарионы пір тұтады. Бір сұхбатында Маркес бір ғана роман жазған латынамерикандық қаламгер Хуана Рульфоны аузының суы құрып мақтап, «егер де мен «Педро Парамо» сынды ғажайып туынды жаза алсам өмір-бақи қолыма қалам алмас едім» деп ант-су ішеді.
Жүз жылдық жалғыздық
Маркестің есімін әлемге әйгілі еткен роман бар-жоғы екі жылға жуық уақыттың ішінде жазылды. Бірақ шығарманың идеясы жас күнінде қаламгердің ойына келіп, қиял бесігін тербеп, жиырма жыл бойы жанын жегідей жеп жүрді. Бір сөзінде ұлы қаламгер шығарма идеясының жиырма жасында басына келгенімен шеберлік пен жазу стилі әлі қалыптаспағандықтан оны бастауға жүрегі дауаламай қойғанын айтады.
Көлемді туындысын жазуға Маркес 1965 жылы кірісіп 1967 жылдың көктемінде аяқтады. Кітаптың пайда әкелетініне әлі толық сенімді бола қоймаған аргентиналық «Сурамерикана» баспасы, жылдың соңына дейін өтіп кететініне үміттеніп, әуелі оны сегіз мың тиражбен басып шығарады. Бірақ сегіз мың кітап жылдам сатылып, бірнеше күннің ішінде жоқ болады. Таң-тамаша қалған баспагер кітаптың екінші тиражын шұғыл басып шығарып, ол да азғантай уақыттың ішінде сатылып кетті. Табиғи апатпен ғана салыстыруға болатын романның даңқы осылай басталған еді. Міне, сол уақыттан бері бұл романды жүзден астам баспалар миллиондаған тиражбен басып шығарып, жиырмадан астам тілге аударылды. Соңғы жылдары Батыста жарық көрген романдардың ешқайсысы да дәл осындай сұранысқа ие болып көрмеп еді. Көлемі төрт жүз беттен асатын роман туралы жүздеген эсселер, ғылыми еңбектер мен монографиялар жазылды. Сыншылар оны роман-әфсана жанрына жатқызып жүр. Бірақ шығарманың қандай әфсанаға жататыны төңірегінде туған дау әлі күнге дейін толастаған емес. Біреулер - оны інжілдік әфсанаға, екіншілері - антикалық әфсанаға, үшіншілері - Клод Леви Стростың структуралистік әфсанасына, төртіншілері – Фрейдтің психоаналитикалық әфсанасына жатқызады. Романды әлемдегі түрлі аңыздардың негізінде жазылған шығармалардың қатарына қосып жүрген әдебиетшілер де бар.
«Жүз жылдық жалғыздық»-ты орыс тіліне тәржімалаған маркестанушы В.Столбовтың айтуынша, романдағы трагедиялық, комедиялық және лирикалық бастаулардың бір-бірімен қабысып кеткені соншама, оның қайсысы шығарманың өзегі болып табылатынын анықтау қиын. Прозалық туындыда поэзия мен драма, ойдан шығарылған ертегі мен тұрмыстың шындығы әдемі үйлесімділік тапқан. Тереңірек үңілсеңіз, рыцарлық романдардың ізін де, Рабле шығармаларының ықпалын да, Достоевский мен Фолькнердегі «ішкі монолог» пен «полифонияны» да бұл туындыдан таба аласыз. Атақты шығармада орыс жазушысы Михаил Булгаковтың «Шебер мен Маргарита» романымен де салыстыруға болатын ұқсастықтар да жоқ емес. Алайда Маркес «Латын Америкасы» журналына берген сұхбатында, «Анамның атымен ант етемін. Булгаковтың «Шебер мен Маргарита» -сын мен «Жүз жылдық жалғыздық» -ты жазып біткен соң, сыншылар бұл екі романды қайта-қайта салыстыра бастағаннан кейін барып қана оқыған едім» деп жауап беріпті.
Жалғыздық тақырыбы - Маркес шығармашылығының күретамыры. Бірақ «Жүз жылдық жалғыздық»-ты оқып шыққанымда жалғыздықтан гөрі өмір мен махаббаттың сиқыры менің басымды дуалап алғандай болды. Романдағы әр кейіпкердің өз жалғыздығы бар. Бақыт іздеген бейшара жандар тағдырдың түнегінде адасып жүр. Ұзақ жылдар бойы зергерлікпен шұғылданып, кішкентай алтын балықтарды жасаумен айналысқан полковник Аурелиана Буэндиа, ақыр соңында өткен өмірін ұмытып, сезімін жоғалтып өзі де зұлым тағдырдың қолындағы дәрменсіз балыққа айналды.
«Жүз жылдық жалғыздық» -ты адамзат баласының соңғы ғасырдағы ең ұлы туындысы ретінде бағаласақ қателесе қоймаспыз. Романды оқи отырып бір әдемі ертегені тыңдағандай әсер аласың...
Шексіз биліктің шыңы
Әлемді зар илетіп, адамның тағдырын ойыншық құрлы көрмеген биліктің шын әдебиеттің сағын сындырған кезі болған емес. Рух тазалығы үшін күресіп, өнер патшалығының тақтасына мәңгіліктің шежіресін қашап кеткен шайырлар қандай дәуірде өмір сүрсе де (мейлі ол құл иеленушілік, феодалдық, капиталистік, социалистік..), қандай қыспақтың құрсауында қалса да (мейлі ол диктатуралық, авторитарлық, тоталитарлық, жеке басқа табынушылық..) өлара мезгілдің шындығына мойынсынбай, уақыт туғызған әділетсіздіктермен күресіп, ақиқатты айтудың амалын таба білген. Классикалық әдебиеттің құдіреті сонда, қиын мезгілде туып, қайғы-қасіреттен көзін аша алмаған алмағайып заманда да ол зұлымдықты туғызатын биліктің алдында басын имей, оның жалған болмысын әшкерелеумен келеді.
Маркестің ең ұлы туындысы «Елбасының еңкейген шағы» (Осень патриарха) романында ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстаған биліктің шыңына жеткен кезеңі суреттеледі. Жазушы ұзақ жылдан бері халықты езіп-жаншып отырған тиранның өмірі арқылы жалғыздықтың дертіне шалдыққан жанның бүкіл қайғы-қасіретін ашып көрсетеді.
Классикалық әдебиеттің құдіреті – көтерген тақырыбының барлық уақытта да өзекті болып табылатындығында. Есімі үлкен әріппен жазылуға тиіс талант МАРКЕС бүгінгі таңдағы шырқау шыңына жеткен авторитарлық биліктің табиғатын сонау 1975 жылы-ақ қандай қырағы көрегенділікпен жеріне жеткізіп суреттей білген десеңізші.
Бір диктатор басқарған мезгілді әңгімеге арқау отырып зұлымдықтың айықпас дертіне шалдыққан тирандардың жинақы бейнесін жасаған Маркес шеберлігіне қайран қалмасқа амалыңыз кем. Трагедиялық дүниелерді қаралы бояумен мысқылдап суреттей отырып жазушы оқырманды таныс өмірдің шындығының терезесіне тағы бір қарауға мәжбүр етеді. Ең ғажабы Маркес бір-бірімен үйлеспейтін оқиғалардың қиюын келістіріп жібереді.
«Елбасының еңкейген шағы» өлім мен махаббат, құмарлық пен қанды оқиғалардың тізбегі бір-бірімен араласып жатқан таза латынамериандық туынды. Соншалықты жеңіл тілмен жазылған колумбиялық жазушының шығармасындағыдай өрнекті басқа ешбір қаламгердің туындысынан таба алмайсыз.
Алпысыншы жылдардың аяғында әріптесі, латынамерикандық атақты жазушы Марио Варгас Льосамен сырласқан сұхабында Маркес абсолютті биліктің тартқызатын зардабы мен қасіретін сипаттайтын роман жазып жатқанын айтқан болатын. Егер де «Жүз жылдық жалғыздық»-ты Маркес бір демде жазып тастаса, «Елбасының еңкейген шағы» романын әр сөзін ойланып-толғанып, ұзақ уақыт туғызды. Романды оқып шыққанымда Маркес шығармашылығына латынамерикандық ақын Рубен Дарио поэзиясының қатты ықпал еткенін аңғардым.
Ұзақ жыл бойы тақта отырған диктатор оған қандай жолмен және қалай келгенін есінен шығарып алады. Өзі туралы айтылып жатқан шындықтың қайсы, аңыздың қайсы екенін ажыратудан қалады. Маркес бір диктатордың өмірін суреттеу арқылы халықты зар илетіп отырған барлық тирандардың жиынтық образын жасайды. «Елбасының еңкейген шағы» ғажайып шығарма ғана емес, адамзат баласы қанша күрессе де ауыздықтай алмай келе жатқан тиранияның күрделі табиғатына терең үңіліп, сараптама жасаған зерттеу. Халықтың санасындағы құлдықтың табы жойылмайынша тирания да, оны туғызатын диктаторлар да өлмейді.
Латынамерикандық Елбасының трагедиясын суреттей келіп Маркес сол адамның басындағы сырт көзге көрінбейтін нәзік және сонымен қатар интимдік құпияларының сырын ашады. Шын мәнісінде әрі алжыған шал, әрі ұлттың көшбасшысы, әрі тиран, әрі халықтың жарылқаушысы болып табылатын латынамерикандық Елбасы кім? Дүниедегі ең аянышты, әлемдегі ең бейшара жан. Биліктің мәңгі тұтқынына айналған байғұс одан қалай құтыларын да білмейді. Ақиқатында ол басқа түгіл өзінің тағдырына да иелік ете алмайды. Ешкімге сенбейтін, бәріне де күдікпен қарайтын диктатор көңілінен шықпаған адамдарының бәрін де бірен соң бірін өлтіреді. Ең соңғы, ең сенімді министрінің өзін отқа қақтап жейді.
Ғажайып шығарма. Бүгінгі заманның билікшіл тирандары Маркестің «Елбасының еңкейген шағы» романын оқып шықса одан өздерінің бейшара болмысын көрер еді, шіркін..
«Өмір туралы толғану үшін өмір сүру»
Таяуда Мәскеудің «Астрель» баспасынан шыққан Маркестің «Өмір туралы толғану үшін өмір сүру» атты мемуарын оқып, ұлы жазушының рухын қайта танығандай болдым. Көлемі 30 баспа табақтан асатын (542 бет) бұл еңбек ұлы жазушының көркем шығармаларындай әрі жеңіл, әрі жылдам оқылады.
Маркес жан сырын ақтарып жазған естеліктерінің бір түйір қоспасы жоқ шындық екенін айтыпты. Мемуарды оқи бастағаннан-ақ ой теңізінде қиялың тербеліп, жазушының балалық шағы өткен мекеніне саяхат жасап, ұлы суреткердің басынан кешкен оқиғаларын көзіңмен көргендей әсер аласың. Маркестің кіндік қаны тамған мекені Аракатакадағы («Жүз жылдық жалғыздықта» - Маконда деп аталады) жағдайлар қазақ оқырманын да бейжай қалдыра алмайды деп ойлаймын. Өйткені біз Маркестің елінде болған езгіден де асып түсетін отаршылдықтың тауқыметін тартқан халықпыз. Айталық 1928 жылғы Аракатакадағы банан алқабындағы бес мың жұмысшыны атып тастағандағыдай қанды террор басқаша түрде, одан сорақы жағдайда қазақ топырағында жергілікті халықты құрту үшін талай мәрте жасалды. Бізде естігенде құйқа тамырыңды шымырлатып, тұла-бойыңды түршіктіретін қазақты жою үшін жасалған қанды қасаптар көп. Өте көп. Тек сол тақырыпты әлем әдебиетінің кеңістігіне алып шығатын Маркесіміз болмай тұр...
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.