Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
СЫН
/
Азаматтық лириканы жаңа деңгейге көтерген ақын...

Азаматтық лириканы жаңа деңгейге көтерген ақын

31.03.2026

124

Азаматтық лириканы жаңа деңгейге көтерген ақын - adebiportal.kz

Қазақ поэзиясында азаматтық үн, қоғамдық ой, саяси сана әр кезеңде әрқилы көрініс тауып келгенімен, оның өзегінде ұлт тағдырына деген алаң, тарихи жауапкершілік және ақындық ар-ождан жатқаны анық. 

Абайдан бастау алып, Ахмет, Міржақып, Мағжан арқылы тереңдей түскен бұл дәстүр советтік кезеңде тұмшаланып, тәуелсіздік тұсында жаңа сипатқа ие болды. Осы арнада қалыптасқан қазіргі қазақ поэзиясының аса көрнекті өкілі – Серік Тұрғынбекұлы. Оның өлеңдері – азаматтық саяси лириканың бүгінгі бет-бейнесін айқындайтын көркем құбылыс.

Азаматтық саяси лирика деген –  тек саясатты жырлау емес. Бұл – қоғамдағы қайшылықтарды, билік пен бұқара арасындағы алшақтықты, ұлттық болмыс пен рухани дағдарысты ақын жүрегі арқылы сүзгіден өткізіп, көркем тілмен жеткізу. Мұндай поэзияда ақын – тек өзі өмір сүрген қоғамның бақылаушысы ғана емес, ол – қоғамның куәгері, айыптаушы, кейде тіпті үкім айтушы тұлғасы. Серік Тұрғынбекұлының шығармашылығы дәл осы сипатымен ерекшеленеді.

Осыдан он жыл бұрын республикалық «Жас Алаш» газетіне Серік ақынның «Мемсыйлықты алмасам пара беріп...» деген өлеңдері жарияланған-тын. Тілі тотияндай сойқан өлең еді! Сол ескі газеттің тігіндісін қиып алыппын. Он жылдан соң тағы оқып, айызым қанып, таңданып отырмын. Серік ақын әулие екен. Әулие! Болашақты болжағандай жырлапты.

Қасым, Сырбай, Ғафу сынды алыптар мен Мұқағали бастаған сұрапылдарға алғашқы өлеңдерімен-ақ жақын болған Серік ақынның сол өлеңдері туралы бірер ойымызды ортаға салайық: ақынның басты тақырыптарының бірі – қоғамдық жадтың жұтаңдануы мен формализмге айналған саяси өмір.

«Референдум,

Сайлау,

Инаугурация…

Содан басқа ештеңе жоқ миымда»,- 

деген жолдарда ақын ирония арқылы халықтың саяси процестерге қатысуы шынайы мазмұннан айырылып, тек рәсімдік сипатқа айналғанын көрсетеді. Бұл жерде поэтикалық сөйлем қысқа, үзік, бірақ мағынасы терең еді. Ал санадағы бос кеңістік – қоғамдағы рухани дағдарыстың символы.

Ақын поэзиясының тағы бір өзегі – ақиқат пен жалғанның күресі. «Шындық түбі – шыңырауда» деп басталатын шумақта ақын ақиқатты табудың қиындығын ғана емес, оны айту жауапкершілігін де алға тартады. «Алдаспанмын – ақ алмаспын» деген метафора арқылы ол өзін шындықтың қаруы ретінде танытады. Мұндағы поэтикалық «Мен» – жеке адам келбеті емес, керісінше, ұлттық ар-ожданның, азаматтық позицияның көрінісі.

Серік ақынның лирикасында әлеуметтік теңсіздік пен рухани күйзеліс те айқын бедерленген.

«Пақырлардың арасында

Жалаң аяқ,

Жалаң баспын»,-

деген жолдарда ақын өзін халықпен бір деңгейде қояды. Бұл – ішкі позиция. Ақын билікке жақындаудан бас тартады («Билігіңе бара алмаспын»), жүйеге бейімделмейді, керісінше, сол жүйенің сыртында тұрып сөйлейді. Бұл – азаматтық поэзияға тән басты қасиет.

Өлеңнің тағы бір маңызды қыры – ақынның тағдырлық миссиясы. «Алаулаған от болған соң… сөну қиын» деген жолдар ақынның өзін уақытша құбылыс ретінде емес, ішкі жануымен өмір сүретін рухани күш ретінде сезінетінін көрсетеді. Бұл түсінік қазақ поэзиясындағы классикалық дәстүрмен үндес.

Ал «Мен ұлтшылмын!» деп басталатын өлең – Серік Тұрғынбекұлы поэзиясының идеялық кульминациясы. Мұнда ақын ұлтшылдықты тар шеңбердегі саяси ұғым ретінде емес, рухани-этикалық категория ретінде түсіндіреді.

«Өз ұлтымды сүйгендігім үшін де,

Кеудесінен итермеймін өзгені»,- 

 деген жолдарда нағыз ұлтшылдықтың табиғаты ашылады: ол – өзгені жоққа шығару емес, өзіңді тану. Ақын өзін Ахмет, Міржақып, Сәкендермен қатар қоя отырып, тарихи сабақтастықты меңзейді. Бұл жерде, әрине,  пафос бар, бірақ ол жасанды сезім емес. Себебі бұл – жеке амбиция емес еді,  ұлт алдындағы жауапкершілікті сезіну ісі болатын. Ақын үшін ұлтшылдық – таңдау ғана емес, туабітті болмыс.

Серік Тұрғынбекұлының азаматтық лирикасында тағы бір маңызды ерекшелік – тілдің қарапайымдылығы мен ойдың өткірлігі. Ол күрделі философиялық ойды ауыр терминдермен емес, қысқа, нық, кейде тіпті тұрмыстық интонациямен жеткізеді. Бұл оның поэзиясын кең аудиторияға жақындатады, әрі әсерін күшейтеді.

Сөзімізді жинақтай айтсақ, Серік Тұрғынбекұлының өлеңдері – қазіргі қазақ поэзиясындағы азаматтық саяси лириканың айқын үлгісі. Оның шығармаларында  қоғамдық сын бар, ұлттық идея бар, ақындық ар-ождан бар. Ең бастысы – бұл поэзияда жалғанға көнбейтін рух бар. Азаматтық поэзияның миссиясы – қоғамды өзгерту емес, алдымен оны ояту. Серік ақын осы миссияны адал атқарып жүрген қаламгерлердің бірі. Оның өлеңдері – уақыттың айнасы ғана емес, ардың таразысы. Он жылдан кейінгі әсер де сол баяғы қалпында. Сексеннің сеңгіріне көтерілген арда ақынның жырлары да уақыт сынына төтеп берген екен. Ендеше, Серік шайырдың өлең тулар құлагер-жүрегі тоқтамасын! 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan