(Шығыс туралы толғам)
Кореиялық режиссер Ким Ки Дуктің «Көктем. Жаз. Күз. Қыс. Тағы бір көктем» фильміндегі ерекше бір көрініс көрермендердің есінде қалды ма екен?! Фильмде ғибадатханадағы жас шәкірт бет-аузына қағаз жапсырып қойып, булығып жылайды, фильм соңында ұстазы да бет-аузына қағаз жапсырып алатын кадр бар. Осы кадр жалпы фильмде екі-ақ рет көрінеді. Анықтап қарасаңыз қағазда «閉» деген иероглиф-таңба қара сиямен жазылған. Дәл осы кадр көптеген адамның санасында айрықша қалуы мүмкін. Әйтеуір өзіме ерекше әсер еткен еді, жазбаның көздегені де осы таңбаның мәнісіне пайым жасау, сіздерде бір үңіліп көріңіздер, құрметті оқырман!
Бұл таңба «閉» (Қытайша дыбысталуы-Би) дәстүрлі Қытай иероглифынан келген. Қазір де қолданыста, Қытайда ықшамдалып жазылады. Қытай аралдарында сол бұрынғы дәстүрлі күйде жазылады. Кореяға б.з ІІІ ғасырында Қытай иероглифі тарала бастады, әрине оның өзіндік ерекшеліктері бар. Сол тұстардан бері кәріс халқының өздері жасаған иероглифі де, Қытай таңбасымен бірге аралас жазылып жүрді. ХV ғасырдың орта шеніне келгенде кәрістер қазіргі Корея жазуын жасап шығып, біржола сол жазуға көшті. Кәрістер қазір көп пайдаланбайтын Қытай иероглифін «Ханжа» дейді. Көне қолжазбаларды оқуға байланысты Қытай-Корея біріккен жазуын оқитын адамдар әлі де болуы мүмкін.
Қытайша «閉» таңбасы – жабу, жабылу, тығындау, жұму, тұйықтау, бекіту т.б мағыналарды білдіреді. Осы Би таңбасы өзіне сөз қосу арқылы жасалатын елуден артық сөздер мен кейбір идиомалардың мағынасы негізінен тұйық, жабық әлемді білдіреді. Мәселен, қораны бекіту немесе аузыңды жап деген мағынадағы сөздер болса да осы «閉» (би-bì) таңбасына басқа таңбалар қосып жазылу арқылы бейнеленеді. Анықтап қарасаңыз «閉» таңбасында қос есік, қақпаның бейнесі бар, ортасында «才» деген айқыш белгі адамға ұқсап қалады, ол таңба таланытты, дарынды деген мағына үстейді. Таланытты адам қамалып отыр, қайда? Мүмкін тауда, үңгірде, орманда, жер астында, алыс шалғай өлкелерде дегендей...
Қытай иероглифтері бейнелі жазуға жатады. Әуелде әлемді, айды, күнді, отты, адамды т.б заттарды сыза бастаған. Содан дами келе сызбалар жазуға айналып, ары қарай тұрақты таңбаларға айналған.
Бұл «閉» (би-bì) таңбасы Корея тілінде не мағына білдіреді, қалай дыбысталаыды?
Жабық, тұйық, бекітілген мағынасындағы Қытай таңбасы «閉» (би-bì) Халықаралық транскрипция бойынша кәріс тілінде «닫다» /ta̠t̚t͈a̠/ деп дыбысталады екен, бірақ мағынасы Жабық, тұйық, бекітілген мағынасында. Кәрістер бұл таңбаны өздерінше дыбыстағанымен, таңбаның мағынасын өзгертпеген деуге болады.
Бұдан соң будда туралы айтуға тура келеді. Өйткені фильмде Будда ғибадатханасындағы оқиға айтылған. Будда Кореяға б.з ІV ғасырында Қытай арқылы жетті, әрине көптеген Қытайлық елементтерді қоса алғаны белгілі, б.з VII ғасырында Чау Шиян түбегі бірлікке келген соң, кәрістің будда діні Кореяның өз дүние танымымен тамырласып одан ары өзінше дами бастайды. Ендеше фильмдегі «тұйықталу» (閉 - /ta̠t̚t͈a̠/ ) сөзін көз, құлақ, мұрын, ауызға жапсыру салты қайсы елдің будда дәстүрінен келген болуы мүмкін. Олай дейтініміз буддалық діни мәдениеттің өзі үш үлкен шеңберден тұрады. Әуелгісі Үндістан будда діні шеңбері. Бұл Үндістан, Шриланка, Индонезия, және өңтүстік Азия, шығыс өңтүстік Азия өңірлерін қамтыған үлкен әлем. Екіншісі, Тибет будда шеңбері. Қытайлық Шизаң өңірі, Гималай тауының төңірегі, және қытайдың ішкі бір бөлім өңірлері. Соңғысы Қытайласқан будда шеңбері. Ол Қытайдың басым көп өңірін, Вьетнам, бүкіл Кореия түбегі, Жапония сияқты жерлерді қамтиды.
Фильмдегі «閉» Таңбасы туралы үш тұрғыда айтуға болады.
Біріншіден, шығыс мәдениетінде иероглифті сакральды санау, қастерлеу айырықша маңыз алады. Қытай арқылы Жапон мен Кореяға таралған қос тараптағы жазу мәдениетінің мән-мағынасы, маңызы өз алдына бөлек тақырып. Жапон мен кәріс халқының босағаға жазатын қос бағанды тілек сөздерінен тартып – Тәңірге мінәжәт ететін мәтіндеріне дейін, Әлдебір қасиетті сөздер жазылған хаткерлік жазбаларынан бастап – мәңгілік әлемде тербеліп жатқан аруақтардың құлыптас жазуларына дейін жазудың киелі сипатты болмысы анық көрінеді.
«閉» Таңбасының философиялық мәні мүмкін будда діні келмес бұрын көне Қытай, Корей дәстүрлі ойлау жүйесінде бар болуы әбден ықтимал. Бірақ дәл осы деталды будда діні контекісінің аясынан қарастырған дұрысырақ, онсыз таңбаның ұлы мәнісі ашылмайды.
Екіншіден, бұл әрекеттің пәлсапасын сыртқы қимылдан гөрі арғы шығу тегінен іздеген дұрыс. Қытайлық зен-буддизмда «Егер сіз айқын ойлай (тар мағынасында - мүлгу) алмасаңыз, иен тауға барып жалғыз тұрмаңыз; өз бойыңыздағы мазасыздықтан құтылмай тұрып, өзіңізді албаты бекітуге болмайды» деген ұғым бар. Осындағы бекіту, жабылу сөзі мен салты Үндістанның өзінде жоқ, бұл Қытай жерінің өзіне ХІІІ ғасырда (кейбір айтылымдарда одан да кейін) келген ұғым. Бұл жоралғының шығу тегі Тибеттің монахтардың (Тибеттік будда) ұзақ уақыт үңгірде «рухани даналыққа жету» үшін істеген тәжірибелерінен келіп шыққан. Кейін Тибет ламалары Монғолдарға ілесе ішкі Қытайға жеткен кезде «бекіту тәсілі» де ақырындап Қытайға тарала бастаған. Бірақ бұл термин мен жоралғы Тибет пен Қытайда аса көрнектіленген буддалық тәжірибе болғанымен, будда дінінде ежелден бар ұғым-түсінік. Жеті, жиырма, қырық тоғыз, тоқсан күннен бастап әлденеше жылға дейін өзін қамап, бекітіп, бұл әлемнен аулақтанатын жоралғы жосындары бар. Осы салт ақырласқаннан кейін, ғибадатханалар көлемді құттықтау салтын өткізетін болған. Фильмдегі (閉 - /ta̠t̚t͈a̠/ ) таңбасын көз, құлақ, ауыз, мұрынға жапсыру соның бір шағын көрінісі. Бірақ көне Тибет бен Қытайда дәл осылай бет ауызға қағаз жапсырып өздерін сыртқы әлемнен ауашалайды екен деген қате түсінік тумауы тиіс, рәсім-жоралғы пайда болады, дамиды, өзгереді, жойылады, оның тарихта ізі, мәнісі қалады. Біз қағазға жазылған «閉» таңбасының будда дініндегі мағынасын, оның ілкіде үлкен бір рәсім-жоралғы болғандығын айтқымыз келеді.
Көне будда аңыздарының бірінде Путила атты тақуаның медитацияға отыру үшін 29 тақуадан кеңес сұрағаны, олардың барлығынан дұрыс жауап ала алмағасын, ең соңында 7 жасар Шаманелла атты кішкентай монахтан кеңес сұрағаны айтылады. Сонда Шаманелла оған былай деген екен: « мәселен, бір құмырсқалардың кішкентай ұяшығы болды делік, оның алты тесігі бар, оған бір кішкене кесіртке кіріп кетсе, сіз оны қалай ұстар едіңіз? Бес тесікті жауып тастап, бір тесікті ашық қалдырыңыз, сонда сіз кесірткені ұстай аласыз»,- дейді. Әрине, Путиланың өзі аса сұңғыла монах екен деседі, кішкентай Шаманеллаға көп алғысын айтып, медитация жасау үшін алдымен буддаға барып тағызым етеді, сосын медитацияға кірісіп, көз, құлақ, мұрын, аузын жауып тастайды, ештеңеге назар аудармай, тек қана ақыл есігін күзетіп, «нұрлануға» кіріседі. Кейін осы Путила атақты тақуа болып, будданың ең үлкен дәрежелеріне жетеді. Сол Путиладан қалған сөз бар екен, «Медитация арқылы адам даналықты дамытады, медитациясыз адамның даналығы бұзылып, құлдырайды, мұны түсіне алған монах медитациясын жетілдіре отырып, даналығын дәлелдейді»,- деген екен. Міне, бұл жерде ежелгі монахтардың даналыққа жету үшін істеген әдістерінің бірі – сыртқы әлемге қарамай, көзді жауып, дыбысқа назар аудармай, сөйлемей, үнсіз ғана мінәжәт ету, саториға жету үшін құлшыну. Әрине, көз, құлақ, аузы, мұрынға қағаз жапсырып тастамайды, бірақ бұның мәнісі сыртқы әлемнен барынша ауашалануды меңзесе керек.
Көз, құлақ, ауыз, мұрын – сыртқы әлемнен таным-түйсік алатын үлкен есік. Шырадай жанып тұрған көзіңмен тау-өзенді, сарқыраманы, ашық аспанды, гүлдерді, көбелектерді көрсең шаттанасың, жүрек қуанады, сыбызғы әуені, мұңлы әндер т.б дыбыстар адамды ойға жетелейді, санаға уайым салады, бәрібір сананың мөлдір тұмасына мына әлемнің көк-жасыл нілдері тамып кетеді де, ой тұмасында өзгеріс туып отырады, ондай адам «даналыққа» жетуі мүмкін бе?!.
Біраз уақыт сыртта жүріп, қылмыскер болып оралған жас монах күнасынан құтылу үшін, сыртқы әлем арқылы пайда болған ашу-ызадан, арпалыстан, іштегі құбжықтан құтылу үшін «閉» иероглифі жазылған қағазды бет аузына тұмшалап жапсырады. Естімеймін, көрмеймін, білмеймін, сезбеймін дегендегісі. Дегенмен ол қорсылдап жылап, қалшылдап отыра алмай, адам өлтірген күнәсінің күйігін тартады. Жас монахтың мінәжәті шикі, құлшылығы пыспаған. Ол ішкі ашу-ызадан құтыла алмайды. Жүрек тынышталмаса, сыртқы әлемді естімеймін, көрмеймін, сезбеймін дегеннің пайдасы не?! Ал кемелділікке жеткен ұстазы оны сабайды, сосын жас монахты жіпке таңып тастайды. Ұстазының түсінігінше Кіші монахтың ішін қыжылдатқан азап – күнәні буддалық «Гауһар сутра» мәтіндерін ойып жазу жеңілдетеді...
Үшіншіден, қағазға жазылған «閉» таңбасын көз, құлақ, ауыз-мұрынға жапсыру Кореиялық будда мәдениетіндегі айрықша құбылыс, яки адам өлер алдында істелетін діни салт-жоралғы болуы да мүмкін.
Ұстазының «閉» таңбасын басы-көзіне жапсыруының мәнісі сәл бөлек. Ұстазы ғұмыр кешті, тақуа тірлік жасады, енді ол мәңгілік сапарға шығар алдында әбден тыншталған ішкі жан дүниесін меңгере отырып, «жабылу» рәсімін жасады, ол енді сыртқы әлемдегі болмысты көрмейді, естімейді, сезбейді, ол рухани кемеңгерлікке (нирвана) өз дәрежесінде жетті, енді ол ішкі әлеміндегі мәңгілік құдайлық әлемге сапар шекті.
Жас монах «閉» Таңбасын қағазға жазып көзіне, аузы-мұрынына жапсырды (құлағына жапсырмады). Әрине бұл көзқарас тұрғысынан қарағанда жас монахқа өлім оңай болған жоқ, оның бұл әрекеті ақымақтық екені ұстазының іс-әрекетінен белгілі. Ұстазы оған: «Басқаларды өлтіру саған оңай екен, ал өзіңді оп-оңай өлтіре алған жоқсың ғой»,- дейді. «閉» Таңбасын жапсырудың философиялық мәні ритуалдық мағынасынан әлдеқайда тереңде жатыр деуге болады.
Бұдан өзге мүлдем басқа бір жорамал, егер режиссер Ким Ки Дук фильмдегі бұл деталды ойдан ойлап шығарған десек, «閉» әрібі, оның будда дініндегі философиялық мәні, немесе дәстүрлі қиыр шығыстық философиясындағы мағынасы, фильм сюжетіндегі айтар ойы дегендер біз айтқан тұжырымнан тым алыс кетпеуге тиіс деп ойлаймыз.
Жалпы, бұл фильм туралы айтар дүние өте көп. Қиыр шығыс мәдениетінің, будда жұмбақтарының мұнарына оранған киноның құлыбын ашу оңай емес, фильмдегі тау-өзен, хаткерлік, будда сутралары, таң өлеңдері, буддалық медитация, жәндік, хайуандар (балық, бақа, жылан, тасбақа, мысық) т.б мәдени нышандарда көп ұғымдардың түйіншегі жатыр.
Мүмкін әрбір көрермен өзінше түйсінген эстетикалық әсерімен бағалай жатар, мен үшін бұл фильмнің әрбір кадырынан алыс замандардың құпиялары қарауытып тұрғандай болады.
Тәмәм.
Ерзат Еркін
2020 жыл, мамыр
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.