Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
БАЛАЛАР ӘДЕБИЕТІ
/
Бодаухан Тоқанұлы. Киіз үйді «бұзбайды»  әсте, жы...

Бодаухан Тоқанұлы. Киіз үйді «бұзбайды»  әсте, жығады...

80

Бодаухан Тоқанұлы. Киіз үйді «бұзбайды»  әсте,  жығады... - adebiportal.kz

Жазушы, журналист Бодаухан Тоқанұлының балаларға арналған танымдық жинағынан бір топ өлең ұсынып отырмыз. Ана тілін сүюге, әрбір атауды қазақша дұрыс қолдана білуге бұл өлеңдердің септігі тиері анық.

Әй, балақай, «көбеген»

Қазақ сөзі «көбеген»

Қалған атау көнеден,

Атың қандай  әдемі,

Болса Жібек, Төлеген.

 

Есейгенде ұлансың,

Бозбаласың, бойжеткен,

Бірі күміс, бірі алтын,

Ұл мен  қыз ержеткен.

 

Қазақ сөзі – «көбеген»,

Баламасы – бала екен,

Кем көрмеген төреден,

Қазақ аты бәрі әсем.

 

«Базарбайдың Төлеген,

Ерте туған көбеген.»

Ерте, ерте, ескі жыр,

Сыр шетеді көнеден.

 

Әспетті сөз әдемі,

Жақсы көріп атаған,

Әр ұланға кәделі,

Ат береді ата-ана.

Жан-жануар төлдері

(Бала бақша бүлдіршіндеріне)

Тәрбиеші: 

-Мынау – 

Аюдың баласы қонжық,

Жақсы көресіңдер өздерің,

Білесіңдер ме, 

Басқа жан-жануар төлдерін?

Қане, жаттап алыңдар аттарын

Бірінші баладан бастадым:

1-бала:

– Селтиген екі құлағы,

Сидиған ұзын тұралы,

Оның аты – құралай,

Еліктің  жас лағы.

2-бала:

– Алаң – барыстың баласы,

Таутан –  оның анасы,

Өзіне ғана жарасқан,

Түсінің теңбіл аласы.

3-бала:

– Бөлтірік – күшігі қасқырдың, 

Келмейді  оған да қас қылғың,

– Көгілдір – ақ қанат балапан,

Баласы киелі аққудың.

4-бала:

Маралдың баласы – қодыға,

Ұқсайды кәдімгі қозыға,

Бұлаққа келеді су іздеп,

Ілесіп сөгенің соңына.

5-бала:

Қозықа – қозысы арқардың,

Сүймейді, жазықты, жалтаңды, 

Шыңында өседі 

Алатау, Алтайдың.

Қазақша сөйлейік

Аттан бала «жығылады», 

құламайды.

Қазақшасын теріс  айтсаң,

Аталарға ұнамайды.

 

Атқа бала «отырмайды»,

Ерттейді, мінеді,

Теріс айтсаң,

Аталарың күледі.

 

Киіз үйді «құру» деме,

тігеді,

Үй тігуді

Әжем жақсы біледі.

 

Киіз үйді «бұзбайды»  әсте,

жығады,

Зерек бала бір айтқаннан ұғады.

Өз тіліңде дұрыс сөйлеу,

Ана тілдің шырайы.

 

Дұрыс болар мұны дағы білгенің,

«Сал» демейді,  түймелейді түймені,

Көзәйнекті «қадамайды», салады,

Дұрыс сөйле болу үшін саналы.

 

Ол кім, бұл не?

«Мама» деме, «ана» де,

«Там» деме сен, «әне» де.

«Папа» деген – орыс сөз,

Қазақша емес, теріс сөз,

«Әке» дейді қазақша. 

Өзге  тілде атасаң,

Қаласың сен мазаққа.

 

«Ручка» – хат жазатын қалам ғой,

«Брат» –  оның қазақшасы ағаң ғой. 

«Сестра»  емес, апайым де , әпке де

Ана тілді білмегенің жаман ғой.

 

«Садик» деме, өзің барар бақшаны, 

«Доска» деме жазу жазар тақтаны,

Тәп-тәтті тіл анаңның ақ сүтіндей,

Алаш  тілің – қазақ тілі мақтаның.

Үлкен мен көп

Үлкен деген – бір нәрсенің аумағы,

(Үлкен өзен  көз жеткісіз арналы,)

«Арманым көп» дейді қазақ қашаннан,

Үлкен болмас адамдардың арманы.

 

«Үлкен рақмет» деп айтпайды, ұят бұл, 

Дұрыс сөзге көңіл аудар құлақ түр, 

«Көп рақмет!» - деп айтады қазақша

«Көп рақмет!» - десең сөзің ұнап тұр.

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan