Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Дәстүр және жасампаздық...

11.08.2020 3996

Дәстүр және жасампаздық 12+

Дәстүр және жасампаздық - adebiportal.kz

Қазақ әдебиетінің қомақты арналарының бірі ‒ Қытайдағы қазақ әдебиеті болып саналады. Бір ұлттың ұлы жүлгемен дамыған бір ғана әдебиеті, мәдениеті болатыны даусыз. Қытайдағы қазақ әдебиеті деп біз геограпиялық жақтан шартты түрде атап отырмыз. XIX ғасырдың екінші жартысында Ресей мен Қытай арасындаығы шекара бөлу келісімі бойынша қазақ даласының шығыс өңірі екіге бөлініп, бір тұтас қазақ жұрты екі түрлі жүйемен, екі елдің илеуінде кетті. Ұзақ жылдарға созылған бұл тарихи үрдіс қазақ руханиятынада өз әсерін тигізбей қалған жоқ.

Қытайдағы қазақ әдебиеті де өз бастау көзін сан салалы халықтық фолклормен бастап, Абай, Шәкерім, Ыбырай және Алаш қайраткерлері салған сара жолмен жалғастырады. Қазақ даласының екіге бөлінуі мен ғасырлар тоғысындағы түрлі саяси аласапырандық жағыдай, елдікке, теңдікке, тәуелсіздікке деген талпыныс, қанды езгіге деген ашыныс, әр дауірде түрлі сипаттармен адбиеттің әр қырынан көрніс тауып отырды.

Бұл дәуірдегі Қытайдағы қазақ әдебиеттің негізгі өкілдері: Өмірұзақ, Отарбай, Төлебай, Бөжек ақындар. Сонымен қатар Шылбы Көмекұлы, Ақыт Үлімжіұлы, Әсет Найманбайұлы, Құтбай ақын, Арғынбек Апашбайұлы, Көдек Маралбайұлы, Таңжарық Жолдыұлы болып жалғаса береді. Қытайлық қызыл өкімет орныққан XX ғасырдың орта шеніне қарай Асқар Татанайұлы, Бұқара Тынышбайұлы, Нығымет Мыңжани, Дубек Шалғынбайұлы, Қаусылқан Қозыбайұлы секілді қазақтың ары мен намысы болған тұлғалар еді. ҚХР құрылғаннан кейін Қытайдағы қазақ әдебиетінің бағыт бағдары өзгеріске ұшырады. Қажығұмар Шабданұлы, Рахметолла Әпшеұлы, Мағаз Разданұлы, Омарғазы Айтанұлы, Серік Қапшықбайұлы, Задақан Мыңбайұлы, Құмарбек Сахарин, Әзілбек Кіназбек сынды қаламгерлер әдебиет саласына тың тыныс, өзгеше серпін ала келді.

Әрине, әр әдебиеттің тамыр тартар топырағы, өркен жаяр жапырағы болады. Әдебиетте дәстүр сабақтастығы, ұрпақтар жалғастығы табиғи құбылыс. Өнердің даму заңдылығы. Осы тұрғыдан келгенде, әдебиетіміздің өзекті арнасы болған Қытайдағы қазақ поэзиясына 90-жылдары келген қуатты толқын нені жырлады, нені мақсат етті. Әдебиеттің асыл арнасын қай бағытқа бұрды, ұлттық болмыс пен ішкі жан толқыныс қалай шарпысты, сын мен сыр, түр мен сипат қалай тоғысты, көркемдік көкжиек қалай өріс ашты, айтылмыш мақала, осы төңіректе аз-кем сөз қозғамақ.

Қытайдағы белгілі әдебиет зерттеушісі Әзімхан Тішанұлы «Қазақ поэзиясының қара шаңырағы» деген мақаласында: «Қазақ әдебиетінің бүгінгі өреге жете алуы ‒ әлем асқарымен бой теңескен осы классикалық қара өлең дәстүрінің арқасы» деген салихалы тұжырымын келтіреді. Қазақы қара өлең, ежелгі жыр-дастандар мен жыраулар поэзиясының қуатты екпіні, Абай мен Ақыт салған шығыстық шайрлардың жаңғыра жеткен рухы, батыстық көркем форма, бір тұтас тарихи көркем ойлау жүйесі қытайдағы қазақ жас ақындарының өнер әлемінде өсуіне еркін жол салғанын, бағыт-бағдар сілтеген тың арналар болып саналады. Олар әсіресе, Мұрат Шаймаран, Қуаныш Дәлей, Мұрат Әуес, Ерлан Нұрдықан, Ұларбек Дәлей, Білісбек Әбдіразақ, Адалбек Ахмади, Жеңіс Шәкен, Болат Қабдығалым, Ынтымақ Сәду сынды екпінді толқынның өр даусынан анық сезіледі.

Біздің қаншама ақын, жырауларымызға алтын арқау болған шығыстық әдебиеттің орны ала бөтен, әлемді тамсандырған Шираздің бұлбұлдары салған ғазалдық дастүр де бүгінгі поэзиядан тың форма, жаңаша бейнеде, қазақы қоңыр әуезбен астаса беріліп аса ыстық қабылданады. Ол әсіресе аталмыш толқынның көш басында тұрған Мұрат Шаймаран жырларында терең көрніс тапқанын байқаймыз. Ол «Шығыс ертегісі» өлеңінде былай деп жырлайды.

О, менің шығысым ‒ әсерлі шырайым,

Аңыздай айтылып тұратын күн-айы.

Есімді білгеннен ертегіңді емдім мен,

Еліктеп келдім мен елесіңе ұдайы.

Сен жақтан атпаған таң бүгін қара таң,

Өзімде мекен бар, сөзімде жоқ отан.

Түсімде самұрық мініп ап,(о, тоба!)

Күн туар тұстарға зымырап баратам.

Бұл ақынның жүрек сөзі. Тылсым сырға, сұлулыққа толы шығыс аспанын, хикімтке толы шығыс даласын, ұлы өнердің арнасы шығыс топырағын риәсіз, пәк көңілмен, шығыстық дарқан, такаппарлықпен жырлайды. Өлеңнің еркіндігі мен айрықша әуезділігі сөз өнерінің шынайы құдіретін көрсетіп тұр. Өлеңде астарлы символда бар. «Өзімде мекен бар, сөзімде жоқ отан» деген емеурінді тіркестің астарында, «жат жұрттық» ақынның империяшыл пиғылға деген ащы мысқылы мен зарлы өкініші қатар жатқандай? Қытаймалай дағы қазақ жас ақындарының поэзиясында көп кездесетін көркемдік ұтымды тәсілдің бірі осы ойды жанамалай, бүркемелей жеткізу. Пернелеп, астарлап, кейіптеу тісілдерін еркін ойнатып, ойды сілтей қолдану. Бұл текте Ерлан Нұрдықанұлының «Қара айдаһар», Қуат Асылбекұлының «Қапастағы көкжал», Қуаныш Дәлейдің «Ерменнің исі», «Сарай» сынды өлеңдерінен толықтай көре аламыз. Ақынның «Хафизге шағыну», «Науайдың ғазалы», «Ай», «Ақиқат туралы баллада» өлеңдерінде бұл сарын тіптіде терең ашыла түседі. Жалпы, Мұрат Шаймаранұлы қазақы қара өлең мен шығыстық асқақ, пайымы терең, романтикалық әуезді түйістіре отырып, қазақ поэзиясына өз өрнегін керемет кестелеген ақын. Оның мәуесінен талайлаған оғылан жас ақындар өсіп шықты. Айталық Мұрат ақынның «Хафизге шағыну» өлеңінде жырлаған ақынның жан даусынан еш жасандылықтан ада іңкәрлықтың өжет ұшқындарын байқаймыз. Бұл жалаң еліктеу мен табыну емес, риәсіз жүрекпен түйсіне білу. Биік талғамдылық пен шеберліктің үндесіп келуімен көне шығыстың, байырғы дархан шығыстың көн тамырына қан жүгірткен күрделі жасампаздыққа толы кемелділік деп білер едік. Мұрат Шаймаранұлының шығармашылық психологиясы мен стильдік ерекшеліктері хақында айтпай өту мүмкін емес. Оның өлеңдерінің дені асхақ романтикалы, сағынышқа толы рухи дүниенің көкжиегіне құлаш ұратын ақ жайқын, ақ жал ағысты жырлар. Сөз әлемінде мейлі қандай формамен жаңалық жаратсаңда оның тамыры ғасырлар бойында қалыптасқан түп тамырыңнан алыс кете алмайтыны анық. Сосында сол ұлы арнадан адаспай, тек өзіңше жол тауып, өзіңше өз аспаныңнан қарайсың. Осы тұрғыдан келгенде Мұрат ақынның ақындық қуатының ұлттық тамырдан қанып ішіп, өзінше тыңға түрен тартқан тәуекелдігі қуантады. Даладай кең тыныстылық, асқах қиял, таза такаппарлық пен жалаң төс батырлықтың қазақы аңғалдық пен астаса кетуі, өзгеше өлең мәнерімен шынайы жыр тілінде өрілуі Мұрат ақынға ғанан емес, қытайдағы қазақ жас қаламгерлеріне тән ортақ ізденіс дерлік құбылыс. Жыр әлемінің сұңқары Омарғазы Айтанұлы осы бір нәзік ирімді «Қара өлең» деген өлеңінде әдемі береді. «Жазғырма жат емеспін – анам мені, Қозыдай құлағымда салған ені. Жоғалып кетсем егер жаңа жұртта, Ақ сүтің сол бегімен табар мені»,- деп айрықша балалық махаббатпен жеткізеді. Сондықтан да ұлттық тақырып, ұлттық бояуы қанық поэзия Мұрат ақынның да басты ерекшелігі. «Жусан исі» өлеңін оқып көрейік.

...Әкелмедің білем оны жарады,

Жазып-жазып,

Айтып- айтып мен әлі,

Тастаймын да туған дала дертіңді,

Мен өзімде жусан болып қаламын.

Ұлттық поэзия жайлы көп сөз етеміз, көп таласамыз, жарыса жазамыз. Алайда, оның көбі қарабайырлықтан алыстамай жатады. Ал, бұл өлеңдегі шынайлық пен тазалық, риясыз сағыныш еріксіз жүрегіңді нұрға бөлейді. Өлең жолдарындағы эпитет, метафоралардың айрықша түс алып, қарапайым сөздердің өзі басқаша сипатымен көрініп, тамсандырады. Сөз қырланып, нұрланып құбылады. Бұл ақындық шеберлік. Ақын өлеңдерінің соңғы буыны жымдасқан ұйқастан гөрі ішкі үндестік пен ырғақтылық айқын аңғарылады. Өлеңнің саздылығы оның ойын ұйқасқа құруға бейімделмей, қайта еркін бір леппен ақырындап тоқсан толғаныспен жазған жаңа ағын күшті байқаймыз. Мұрат ақынның өлеңдерріндегі поэтикалық қуатты оның толғаулары мен баллада, поэмаларынан анық байқалады. Ақынның «Ит», «Бота», «Мекен іздеу» қатарлы толғауларынан бір халықтың мұң-мұқтажын, қайғы қасіретін, бүгінін, ертеңін, болашағын, анық көруге болатындай. «Ит» атты толғауы тұтас бір ұлттың шерлі шежіресі іспетті де, ал, «Бота» толғауында бозінгендей боздаған дана жүлректің даланың еркесі «қара тілден, көлденең көзден сақтасын» деп өркешіне үлбірегшен үкі қадап, мойнына тұмар тағатын ботақанның темір шынжырға таңулы тағдыры, қытайдағы қара көз қазақтың бүгініг тағдырын елестетеді. Бота қазақ, қазақ бота боп көз алдыңа шулы шаһар қойнынан жәудірей қарайтындай бейдауа сезімге қалдырады. Әрқандай бір сүбелі шығармаға сөз айтар тұста, табан тіреріміз ақиқат та, сүйенеріміз сол шығарманың өзі болмақ. Ақынның «Қобыз дауысы» поэмасында бір-біріне қайшы екі идея көтеріледі. Адамзаттың рухани әлемі мен жасампаз күш арасындағы бітіспес тартыс пен талас, күрес шығарманың өн бойына әр беріп тұр. Шығармада мифтік сарын басым түсетін ақынның романтикалы асқақ қиялы шарқ ұратын сәттері де мол кезігеді.

Адалбек Ахмадидың әдеби ортада үлкен аңыс тудырған, Махамбеттің адырнасынан ала өгіздей аңыратқан қызыл сырлы жебесіндей, бір ұшы қытайлық қызыл билікті де түйреп өткен, елдің ұлттық санасының оянуына, ұлттық мүдденің қорлануына араша болған «Бабамның басы» өлеңі болатын. Қазақы тамырдан, қазақы ойлаудан алыс қалып, тарихы мен тіліне жатсына қарап, өз қағынан өзі жеріген ұрпаққа ашынысын ақын уытты тілімен түйреп өтеді. Жалпы мұндай асқақ потенсиял Адалбек ақынның жантамыры, жанқуаты десек те болады. Оның өлеңдерінің тұтас тіні – ұлттық өркениетпен ұштасып жатыр. Оның шұрайлы тілі, көркем бояуы, нәзік, астарлы сезім ырғағы, таудан аққан бұлақтай тасқындай келе оқырман жүрегіне жетіп, санаңды сапырыстырып, өзегіңді өртей жөнеледі. Шын ақынға тән мінез де, шын өлеңге тән ұлы мұратта осы шығар бәлкім.

Мұңға толы бір әнді шырқап қана,

Күрсінеді көңілсіз сырқат дала.

Қурап қалған бабамның бас сүйегін,

Доп қып теуіп барады бір топ бала.

«Бабамның басы» өлеңі осылай басталады. Оқығаннан-ақ төбе құйқаң шымырлай жөнеледі. Тау мен даланы күңірентіп, өзен біткенді өксітіп, доппен бірге домалаған қу бастай, астаң-кестең дала төсінде аласапыранды тағдырыңа араша күткендей мең-зең хәл кешерің анық. «Гүлдей қурап мен тұрмын белестегі, Көңілімнің көгінен жел еспеді. Неге екенін білмеймін қураған бас, Махамбеттің басы боп елестеді». Тепкіленген, талауға түскен, ақыры өз жақынының қолынан мерт болған батырдың басы, енді келешегі үшін күрескен өз ұрпағының аяғында тепкіде кетіп бара жатыр. Оған арашаға ақынның өзінің де шамасы жетпейді. Шырылдайды, боздайды... ақыры тағы бір дойыр қол келіп қу басты тасқа ұрды да жіберді. «Быт-шыт болды бабамның бас сүйегі, быт-шыт болып жан жаққа шашырады» деп азынайды ақын. «Қос қолымның жумастан қызыл қанын, Бас сүйегін бабамның жиып келем». Өлең осылай ой тастап, санаға салмақ артып ақырласады. Кеудесі кекке толы ақын тәлкекке түскен ел тағдыры мен ұлт мұрасының шырақшысындай, жатбауыр тартқан ұяға қона алмай жүрген тәуелді рухтың тұғырындай, мәңгілік аңсар мен үміттің асыл шырағын тірек етіп ақырын күткендей болады.

Поэзия сынды сиқырлы әлемге әркім әртүрлі жолмен келеді. Мейлі қалай келесе де айтар ойы мен өмірлік кемелді көзқарасы айқын, шығармашылық қуаты мол таланттар ғана осы әлемде өз қолтаңбасын қалдыра алады. Өз болмысы арқылы әлемнің шынайы келбетіне үңіле алады. Қытайдағы қазақ жас ақындар шоғырының өлеңде өзіне тән дауысы бар, сағыныштың қоламтасын қоздата, баяғы бабадан қалған қара өледі қидың исіндей бұрқырата жазып жүрген ақын Қуаныш Ілиясұлы болмақ. Оның бала кездегі өлең жолдарынан-ақ оқырман оның ақын екенін бірден аңғарған еді. Кейін келе әртүрлі әдеби басылымдар да оның күрделі тақырптарға сәтті қадам басқаны байқалады.

Лирикалық өлеңінің жанырлық ерекшелігі барған сайын айқындалып, қысқада нұсқа әсем саздың эстетикалық қуаты мен ақынның көркемдік мұратының асқақтығы айқындала түскен туындыларындағы ұлттық ерекшелік пен нәзік лиризмді шебер ұштастырған ақынның баспасөз бетінде жарық көрген өлеңдеріне шолулар жасап көрмекшіміз.

Анам үшін немене, өр дегенің,

Желкені ғой, жүрегі жер кеменің.

Жасыл арша алдынан қол созады,

Жасыл ғұмыр артында мен келемін.

Ол, «Ана мен арша» поэмасында осылай толғайды. Бұдан көп бұрын біз Мағаз Разданұлының «Жасыл арша» өлеңінде, шыршаны қазақы бейненің, мәңгілік мұраттың бейнесі ретінде көрсететін. Ал, Қуаныш бұл туындысында аршаны ананың асқақ рухымен үндестіреді. Ақынның лирикалық кейіпкері мен «мен» бейнесі бір тұтастық ой ағынына түйісіп, мәңгілік ғұмырдың, өмірлік аңсарға толы шығарманың ауанынан сыр береді. Ананың асыл бейнесі, ақ махаббаты мәңгі көктеп тұратын жасыл аршаның табиғатымен үндесіп айрықша түс алады. Бұл ойымызды ақынның төмендегі жыр жолдары тіпті де толықтай түсері даусыз. «Сұлу өскен аршалы қиырында, Жирма бесі лаулаған қиынында. Жасыл адам келеді, жанында күн, Жасыл дүние ырғалып иығынды.» немесе «Қазақтың арша менен бағы дала, Өсуде өзен таусыз тағы бала. Аршаны искеу түгіл көрмеген жан, Анасын мендей болып сағынама». Бұл жолдар поэманың шығар түйінін, өзекті ойын дүп басып, сәтті туған шумақтар. Әлмисақтан, тау сағалап, өзен жағалап табиғатпен етене өскен қазақтың арша тағдырлы ғұмыры мен көш-керуені өз алдына бір құбылыс. Бұның арғы астарында ұлттық болмыс жатыр. Ақыннынң бұл шығармасы да, сондай буырқанған ұлттық санадан туған сүбелі дүние деуіміз содан. Әрқандай халық үшін ұлттық күре тамырынан айырылудан артық қасірет жоқ. Ақын осындай толғақты ойларын, бала күнгі анасымен арша арқалаған алаңсыз бала шағы арқылы тамаша толғап берген. Шығарма көтерген идеясы мен өте құнды. Адам мен табиғат, Ана мен бала, адам мен ұлт арасындағы табиғи тұтастықтың арасына түскен сынаны, қағынан жеріген анаың, топырағына тартпаған жатұрпақтың сана сезіміндегі түбірлі өзгерістің түп-тамырын дәл басқан. Өлең оқырманға эстетикалық тәрбие беріп, ойға қалтыра алатын потенциалдық қуатымен құнды дер едік. Таудың таза табиғатындай дарын берген, ақынның әр жырынан аршаның исі аңқып тұрған талантына қуанамыз. Қуаныш қаламының қарымдылығы, эпикалық қуатының басымдылығы мен шабыт шалғайының кеңдігі болып табылады. Соның әсерінде ол Қытайдағы қазақ жас ақындары арасында поэма, баллада жанырына көп қалам тартқан ақын. Оның атақты күйші, шешен, би Бейсебі хақындағы «Әйни» поэмасының орны бөлек. Бұл поэма тарихи оқиғаны, лирикалық тілмен жаңғырта, жаңарта жеткізуімен құнды. Поэма тарихи тұлға Бейсенбінің махаббат аңызын арқау етіп, Әйми анамыздың мұңлы да, сырлы асқақ сезімі, ауыр тағдыры, азалы ғұмыры ақын жүрегінен қайталай өтіп, бір тұтас махаббат дастанын қайта жаңғыртады. «Сан ару қарап өскен ағашына, Серттескен сүйгенімен жағасында. Өкпелеп аққан суға қарайламай, Жас шілік қартайыпты қарай-қарай». Шығарманың басталуынан-ақ оның аңызға толы ғажайып махаббат хикаясын сөз еткелі тұрғанын аңғарамыз. Поэманың басталуы бес шумақтан ғана тұрады. Басы артық сөз жоқ. Шығармаға өзек болған, кейінгі оқиға өрбуіне себеп болған детальдардың ұшығы ғана тілге тиек етіліп өтеді. Жалпы, бұл поэма, ұзын сонар шұбалаңқы емес, қайта, сөзді сараң қолданып, ойды жинақы беруімен құнды. Осы шығарма арқылы біз ұлы күйшінің жүрегін жауларлық кейіпкер Әими сұлудың кім екенінен, қандай жар, қандай аяулы жан болғанын толық аңғара аламыз. Сонымен қабат күйшінің ұлы жүрегін, асқақ махабатымен, сезімге толы буырқанысын анық көруге болады. «Есерде, естілерде жүрген еріп, Әймидің қақты есігін түнде келіп. Аралап шапсадағы қанын күйік, Жанынан көрген Әими арын биік». Осылай жас жесірдің қайғылы да мүшкіл халын суреттейді. Жаны сұлу ары таза Әйми анамыздың сыртқы бейнесінен гөрі, ішкі жан дүниесіне көп үңіледі. «Күзетті жар төсегін кірпігімен» деп ақын Әймидің қазақ әйеліне тән тазалық пен өзін арнай алу рухының кемелдігін суреттейді. Әймидің әйелге тән хәлін сөйлеткенде, бізге М. Әуезовтың «Қаралы сұлу» әңгімесіндегі Қаракөз бейнесін еске түсіреді. Қосағы ерте қаза тапқан тағдырлы әйелдің жан азабын поэманың сәтті шыққан бөлімі деп қабылдауға тұрарлық. Одан ары «Кербез сылқым» күйінің тууы арқылы Бейсенбі бидің бұл Әйми сұлуға арнаған мадақ жырындай әсер береді. Бұл тұста дала жанды халықтың шер мұңын, сарғайған сағыныш сезімін өнер иелерінің тарих бойы жадымызда сақталып, ұлы махаббатымен асыл сезімінің санамызда жаңғыруына жол сілтейтін ақын шеберлігінен мықтап көрініс табады. «Ерке сылқым» әуезіндей күбірлей сөйлеген домбыра шанағындай сырлы сазбен астас поэма сюжеті ары қарай тереңдеп, Бейсенбінің қасіретті махаббат трагедиясымен үндескен «Арман-ай» күйінің шығуына апарып соғады. Ақын бұл тұста шеберлігін тіпті де шыңай түсіп бебеулете баяндайды. Күндестіктің кесірінен қастандықпен көз жұмған Әймидің өліміне ақын аяныш білдіре отыра қара ниетті пиғылдарға нәлет жаудырады. Соңғы бөлімінде Бейсенбінің азалы жоқтау жырындай болған «Сағыныш» күйіннің тууын жеріне жеткізе жырлайды. Шығарманың шешуші түйіні ретінде саналатын осы бөлімде ақын аздап тосырқаушылық танытады. Алайда, «Жүрек» атты соңғы бөлімінде ақын кең тыныспен, қолтығын жаза шабады. «Кеудемде қоңыр домбыра тұр ілулі, Қоңыр ел ізде содан тұнығыңды. Жерлеген жүрегімнің биігіне, Тірі жүр Әйми әлі күй үнінде». Бейсенбідей бабаның, Әймидей ананың көңіл-күйі мен ұлы махаббатынан жыр болып өрілген дана тарихқа ойлы көзбен қараған лириканың түйіні ұрпақтар сабақтастығымен бабалар аманатын қатар шендестіре түйіндейді. Бабадан жалғастық тапқан өнердің өрмегі осылай жалғанып, өрнегі айқындала бермек. Аршаның иісін, жусанның жұпарын аңқыта ұлттық бояуын қою беретін қытай қазақ жас ақындарына тән негізігі көркемдік ерекшелік десек, соның айқын дәлелі осы Қуаныш Ілиясұлының шығармашылығынан толық көрінері анық.

Өсу, жетілу, даму жолындағы Қытайдағы қазақ жас ақындары шығармашылығының бел ортасында философиялық ойтолғамға, биік көркемдік өреде, азаматтық үнін айқын таныта жырлап жүрген сүйріктердің бірі Қуаныш Дәлейұлы. «Әр сөздің тасасында асылым бар» деп Жұмекен ақын жырлағандай Қуаныш поэзиясы да көп сырын ішіне бүгіп, ойды ашық, жалаң жеткізбейтін тұйықтық танытады. Бұл сөзіміз Қуаныш поэзиясы күңгіріт, жүйесіз сөз үйіндісі емес, қайта тас бұлақтай қайнап шыққан кіршіксіз сөз асылы дегендік. Өзін саналы түрде осы ауыр жолға байлаған ақын, сөз бен ойды қатар орап эстетикалық талғамы биік, қазақ сөзінің қуатын танытарлық үздік өлеңдер тудырған ақын. «Көздерімнен сауал саулап, мұң өніп, Атыз басы... Тұрдым үнсіз түнеріп. Құрысқан дән – қурап қалған сабақта, Желмен бірге тербеледі жүрегім. ...Мен – бидаймын, бидай – дихан, Тамырлас... Қағыбам – жер, басым жерден арылмас. Дихан – бидай, ұлы достық, бұл достық – Бұл ғалам да кім-кімнен де табылмас. «Диханның монологы» атты осы өлеңде, ақын шын шаруаның, кепкен дала, кезерен аспанның, оған қарсы еңбекшіл, үмітшіл ғұмырдың, жаннан да тәтті тіршіліктің күйбеңін тамаша шендестіре білген. Рухыңды серпілтіп, қиялыңды сан қиянға жетелейтін, тегеуріні қатты, текті жырдың бірі ақынның «Бөрі – ана балладасы». Бұл мифтік астар алған бөрі емген көк түркінің ұрпақтарының санасына сілкініс жасайтын сүбелі туынды. Көркемдік сонылыққа бой ұрып, өзіндік ерекшелікпен ой аулап, сұлу сурет жасауға талпынған мінезді өлең. Жалпы Қуаныш поэзиясына көз салсаңыз өмірдің күнгейінен көрі теріскей бетіне көп мән беріп, көлеңкелі жақтарға басым бас бұратындай. Содан да қуанышты лирикадан мұң мен сырға толы, қатпары қалың жыр жолдары ақын лабараториясында көп кеігеді.

Күңгірт сәуле жүгіріп жүр... жүгіріп,

Дірілдейді айдан ұшқан бір үміт.

...астамдыққа еріксізден берілген,

және оған бостандықта көмілген.

Ол бұрышқа көз тіккеннің тағдыры,

Аяқтайтын белгісіз бір өліммен.

Ғалым Жанат Әскербекқызы: «Лирикалық поэзияда шындық баяндалмайды, түсіндірілмейді, бар болғаны аңғарылады, сезіндіріледі». Ақынның «Ескі сарай» атты өлеңі осы ғылыми пайымның шынай көрнісі дер едіек. Қуаныштың басқа өлеңі басқа, осы өлеңі ақынның тұншыққан, азат аспанды аңсаған қалам ұшынан туған азаматтық үнін анық көрсетер және символды тәсілмен жазылған ойлы жыр дер едім. Ескі сарай ескірген, жаттанды ұран мен даңғаза жалғандыққа толы ескі қоғамның, ескі қытайлық жүйенің зілмауыр типтік бейнесіндей әсер етеді. Ақынның «мені» сол тас қапасты тастап ұшуға талпынады. Баяғы далалық, аспанилық ғұмырын аңсайды. Бұндай сарын Қуаныш өлеңдерінде басым «Құлдар» деген өлеңінде де осы ойлдың формасын түрлендіріп алдыңызға тартады. Жалпы, өз топырағында туып, жат елдің саяси шырмауын көп сезіне білген қытайдағы ақындар тобының көбіне тән қасиет - ол ұлттық рухты, ата мекенді аңсаудан туар жырлар дер едік. Ақындар көбіне алабұртқан жеңіл сезімдерді емес, елдік ауыр тағдырларды өлеңге арқау етеді.

Көне түрік жәдігері, Тоныкөк, Білге қаған, Күлтегіннен тамыр тартып, жыраулар жырымен рухтасып, көркемдіктің асқақ шыңына қонақтап, бояуы солғын тартпай ғасырлар сарынымен бүгінге жеткен, эпикалық қуаты биік, тегеурінді поэзияның да дауысы әлі бәсең тартқан жоқ. Қайта, мынау жүнжіген, бейуаз қоғамды сілкілеп, тұғырынан адасқан қыран текті рухымызды қайта табарға медет беріп келе жетқандай. Сол «Мұрты көкке шаншылып, бұрқылдап сөйлер» жыраулардың жырларын бойтұмар еткен ақындардың қатарында Ұларбек Дәлейұлы Байтайлақтың отты өлеңдерін атар едік. Оның өлеңдері даланың байырғы эпикалық жырлары мен нәзік лиризмді ғажап ұштастырып, теңдестіруімен оқырманын сүйіндіріп келеді. Ақынның «Мұңлық» өлеңін оқып көрелік.

Асу да асу бел еді,

Аңқып бір соққан жел еді.

Қуанышым да бар еді, қасіретім де көп еді.

Кешігіп жетер көктемнің сәлемін ала келдің бе,

Құладын құстай құмдағы жанымның шөлін көрдің бе.

Ғасыр да емдеп жаза алмас жүрекке біткен мұңым бар,

Хантәңіріндей қайғымды қабағымнан ұғыңдар.

Жылай да жылай жабығып жайлауда қалды қарындас,

Қарай да қарай қамығып қыстауда қалды қарындас.

Жазыққа біткен бүлдірген ‒жалаң бұттарға жем болған,

Жарлауға біткен жапырақ ‒шашіліп қара көң болған.

Алтайдың басы ақселеу,

Ақселеу басын ие ме,

Аңырап қалған қарындас әлі де бізді сүйе ме?..

Осылай бір тыныс, бір екпінмен сай сүйегіңді сырқырата өлең өріле береді. Өлеңдегі қайталанып, қайрылып келіп отыратын риторикалық сұраудың өзі өлеңнің ішкі қуатын арттырып, айтар ойға үстеме күш беріп, арғы астардағы (контекстегі) арман мен аңсарды, үлкен өмір мен тағдырдың болмысын ашып көрсетеді. Ашыну, күрсіну ғана емес, мың жылдық ащы запырандай зар бар. Мәңгілік жат табанға тапталған туған жерін сағына тұрып «менікі» дей алмайтын өксік пен жат ұрпақ боп кеткен қандасын «бауырым» дей алмайтын, қорғасындай ауыр улы өкініш бар. Бұл баяғы Қазтуған бабамыздың Еділмен қоштасып тұрып «Қайырлы болсын сіздерге» дейтін азалы сөзімен сарындасып келетін, ғұмырлық тарқамас ел мен жерге деген махаббаттың қайрыла соққан салқынындай көрніс береді. Іштегі қатқан дертті қозғап, жүректің ұшындағы майды сылып алардай ауыр да азапты күйге салады. Ақын Ұларбек Дәлейұлы шығармашылығының ұлы сарыны осы рухқа, осынау сананың ең биік нүктесіндегі, адам жанын әлдилейтін ыстық, ынтық махаббат әлеміне құрып, соның құндағынан «жаңа адам» тудырғандай қайта нәр береді. Бұл текті жырлар оның поэзиясында молынан ұшырасады. «Хат», «Күлтегіннің соңғы сөзі», «Көк түркінің жорық жыры» сынды бір қыдыру өлеңдерінде айшықты, бедерлі, байырғы бәдізшінің тасқа басқан таңбасындай асқақ көрінеді. Ұларбек ақын құдай берген осынау қуатты тасқынымен барша жыр сүйер қауымды әлі талай қуантары анық.

Әрине, ең талантты дейтін ақынның өзінен сырлы да сұлу, өміршең, бояуы қанық сөз асылын кезіктіре бермейтініміз белгілі. Жоғардағы ақындардың біз келтіріп отырған өлеңдері ақынның періште сипатты күй кешіп, имани нұры шалқып, кәнігі зергерше сөз маржанын қашап қалдырған сәтті дүниелерінің бір парасы ғана. Бұл тұрғыда ақындар үнемі ізденіс пен өсу үстінде. Үнемі жұрт жаңалап, соны жер іздеп, жаңаша дүние танымға үзбей бой ұрыуда. Осы рухтас ақынның тағы бірі: Төлеген Меллат. Оның «Баркөлім» деген өлеңінен үзінді келтірейік. «Атыңды сенің айбынды, Қара аспандай қайғыңды, Құбыла жаққа қаратып, Қабыріме қашап кетермін. Жоталы жұртым Баркөлім! Бұлағай саған болмасын, Қандыкөз қастың қыспағы. Тәңірге сені тапсырдым, Тұранның жетім пұшпағы». Өлең түсіндіретін нәрсе емес, түсінбейтін де жұмбақ құбылыс емес. Оған керегі жанның ішкі қуаты мен нәзік талғамы. Ақынның «мені» тек қана өзі емес, «меннің» қайғысы тұтас ұлттың зары. Бір халықтың көз жасы. Алақандай туған жерін жоқтай отырып, ақын адамзатқа тән ақ сағынышын ақтарады. Алаштың жатқа кеткен жерін жоқтайды. Бір тұтас елдікті аңсайды. Аласұрады. Ашынады. Тек, қайырын Тәңіріне тапсырады. Өлеңнен түңілу, қорыну емес, қайта өз өзіне үңілу, тағдымен тайталас басым келіп, киелі рухы жер бауырламай, ағысқа қарсы жүріп, қаракердей қайқая шабады. Өлең ең нәрлі жан сұлулығымен суарып жазылған. Көркемдік бояуы айрықша. Ұзаққа шабар тұлпардың кең тынысын елестетеді. Өзі де жер аңсаған жылқының сағынышындай жұпарлы өлең.

Қазақтың белгілі сөз зергері, жазушы Қалихан Ысқақ, осы Қытайдағы қазақ жас ақындарының үнін алғаш естігенде былай деп ағынан жарылып еді. «Асықпайтын, жол жорғадай әсем ырғақ, сылдыраған бұлақ көзіндей еркін төгіліп жатқан зорлықсыз ұйқас, сосын сурет, сағыныш боп жүректі шымырлаған пәк сезім, көңіл күй, сосын қоңыр үн!.. Алтайдың ар жағынан келген қоңыр үн. Несіпбек қайта бастаған қазақы өлеңнің жалғасындай десем, қате айтпаспын деймін. Әрине, оның аржағында Мұқағали тұр: біздің жазығымыз да, тауымыз да, қысқасы, суретіміз де қазақтың өз бешпетіндей... поэтикалық қадырын былай қойғанда, туған жер, ата мекен жайлы сағыныш. Қазақы өлеңді сағынып қалып едік, бұл да сол сағыныштың жұбанышы болған сияқты». Меніңше Қалихан Ысқақ атажұрттан алыс қонған ағайынның алқалы жырларының тамырын дөп басып айтып отыр.

Қытайдағы қазақ жас ақындар шығармашылығының көркемдік сипаттары өзіндік ерекшеліктерге ие болып келеді. Егер әдебиетке өскен орта, халықтар қатынасы, саяси жүйе, тілдік ерекшелік, ұқсамаған әдеби орталар мен әдеби байланыстар өз әсерін тигізерін ескерсек, бұл сөзіміздің ғылыми сипаты анық болары сөзсіз. Әсіресе, жарты ғаср шамасында Қазақстан мен Қытай қазақ әдебиетінің өзара байланысының ажырап қалғанын ескерсек, одан соңғы андыз да болса үзіле қоймаған рухани жалғастығымыз бен санасар болсақ, тәуелсіздік алған жылдардан кейнгі емін-еркін жалғасқан мәдени байланысты айтып өтсек те біраз жайдан хабар аларымыз сөзсіз. Бұл саяси ауытқулар әр дәуірдегі әр қаламгерге өз деңгейінде әсер етпеуі мүмкін емес. Оған төл Қытай әдебиетінің, таза қытай мәдениетінің әсер ықпалын қоссаңыз, жас ақындар шығармашылығының бүгінгі әлемінің көкжиегі қаншалықты екенін көре аламыз. Дәстүрлі қазақ поэзиясы мен жаңа әдеби ағымдардың арасын жымдастыра шеберлікпен өлеңді алты таспа қамшыдай өре білетін, санаулы болсада бүгінгі биік мәреден көрініп жүрген саңлақ ақындар шоғырырнан бұл жайытты көп байқаймыз. Жоғарыда да азды-көпті мысалдар келтірдік. Бұл жас ақындар әліде толысу үстінде, жетілу үстінде. Дегенмен алдыңғы буын толқын ішінде күллі қазақ поэзиясына қомақты олжа саларлықтай өрен жүйрік ақындар бар.

Жоғары да баяндап өткеніміздей Қытайдағы қазақ ақындарының шығармашылығындағы басты ерекшелік, ұлттық бояуының қанықтығы, тілінің шұрайлылығы. Ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан қасиетті қара өлеңді, формалық жақтан түрлендіріп, өзіндік үн бере сипаттай білуі. Әдебиетімізге құйылған бұл да бір асыл арна. Ертең де берері мол қазына. Келешегі кемел кенен ілім. Бұл мақаламыз, сол теңіздей дүниенің алғашқы тамшысы, алғашқы әуезі. Айтар ойымыздың басы. Біз қолымызға тиген, ел алдында жүрген, бірнеше жыр жинақтары жарық көріп үлгірген қаламгерлер туралы ғана айттық.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар