(әңгіме)
Менің ұлым Гарриді әскерге шақырған тұста біздің ел әнеу бір көп «уәде бергіш» қытай бильярды шеберінен айырылып қалған болатын. Иә, әкесі ретінде мен ұлымды қорғаштап тұрған жоқпын. Кеше туған бала емес ғой. Десек те өткен аптада ғана тура сол бір жағдайдың қайталанғанына басыммен ант етемін. Қысқасы әскери өмір тағы бір Бобби Петитін қарсы алды.
Дәл сол 1917 жылғы Бобби Петит те біздің кіші Гарриге қатты ұқсайды.
Петит – Кросбидағы Вермонтеде (бұл да Америка Штаттарының бірінде) туған бір қарапайым бала еді. Қатарымыздағы кейбір жігіттер оны аузынан Вермонт сүтінің дәмі кетпеген сәби деп мазақтайтын.
Сол жылғы ротаға жаңа қабылданғандарға сержант Гроган жауап беретін. Сапта бейберекет тұрған жігіттердің бар ойы – сержанттың мінез-құлқы мен оның не айтатындығында.
Сонымен Петиттің әскердегі алғашқы күнінде сержант взводты қарумен сапта тұруға үйретті. Әрине, Петтиттің қару мен винтовкаға қатысты өз ойы мен ақымақ пайымдары болғаны анық. Сержант «қаруды оң иыққа асу» бұйрығын бергенде Бобби Петит сол жағына асып алады. Ал «кеудеге» десе Петит саналы түрде «қарауылға» қояды.
Бұл сержант назарын аударудың бірден-бір оң тәсілі еді. Сержант оған күле жақындап:
-Ей, ақымақ,– деп сәлем берді, – саған не болған?
Петит жымың етті:
-Кейде солай шатасып қалатыным бар.
- Атың кім, балақай? – деді сержант.
-Бобби, Бобби Петит.
-Солай де Бобби Петит, – деді сержант, – мен сені Бобби деп атайтын боламын.
Мен мұндағы барлық жігіттерді есімімен атаймын. Ал, олар мені үйлеріндегідей «мама» деп атайды.
- О!– деп қойды Петит.
Солай бәрі өте шықты. Кез-келген жарылғыш заттың екі ұшы болады емес пе – тұтанатын жері мен соғылғыш түбі.
- Тыңда Петит, – деді сержант әмір етіп, – екеуміз бесінші сыныпта оқып жатқан жоқпыз. Сен оң-солыңды айыруың керек. Және кеудеңді де. Саған не болған?
- Кінәлімін және түзелемін! – деп уәде етті Петит.
Келесі күні біз қапқа шатыр нығыздап үйреніп жатқанбыз. Сержант тексеруге келгенде Петиттің қабы жерден бір елі де көтерілмеген еді. Ашуға мінген сержант екі-ақ аттап Бобби Петиттің жатар-жайына жетіп барды.
- Петит, – деп ақырды ол. – Сен мен білетін жігіттердің ішінде нағыз нақұрыс... нағыз делқұлы екенсің. Сенің есің дұрыс па Петит? Әлде мисызсың ба?
Петит уәде етті:
-Кінәлімін және түзелемін!
Сосын ол барлық қаптарды шығарды. Тіпті нығыздағаны сонша, дәл бір «Көктегі жігіттердегі» секілді. Сержант тағы тексеруге шықты. Әрине оның анасының артына тығылған бала сияқты жасырынып кеп, үстімізден түсуіне мүмкіндігі болды. Бірақ ол ондай пасықтыққа бармады.
Сержант Петиттің қабына көңіл аударды. (Енді бұл жерін нақтылап жазбай-ақ қояйын) Бір белгілісі Боббидың бес жұлдызды сегменттінен басқасының бәрі жан-жаққа ұшып жатты. Сержанттың айқайы құлақ тұндырды. Сосын сәл артқа бұрылып, өзі шашқан заттарына назарын тікті.
- Иә, Петит. Өмірімде неше түрлі жындыларды көрдім- деп бөлісті сержант,- неше түрлі... бірақ олардың ешқайсысын сенімен салыстыра алмас едім. Себебі сен барып тұрған нақұрыссың!
Петит оның алдында үштағандап тұрып:
-Кінәлімін және түзелемін - деп айласына баса салды.
Атудың алғашқы күнінде алты адам жерде жатып алты нысанаға ату керек болды. Сержант дайындықты тексерген болып, әрі-бері жер қайшылап жүрген.
- Ей, Петит, нысанаға қай көзіңмен қарайсың?
- Білмеймін – деді Петит,- бәлкім сол көзіммен...
- Оң көзіңмен қара – деп бұйырды сержант,- Петит сен мені жиырма жылға қартайтып жібердің. Не болған саған? Әлде шынымен миың жоқ па?
Мұнымен бітсін бе! Жігіттер нысананы атып болғаннан кейін бәрін тосын сый күтіп тұрған болатын. Петит бар оғын оң жағындағы көршісінің нысанасына атып тастапты.
Сержант жарылуға шақ қалды.
- Петит, - деді, - сенің орның мұнда емес. Мұнда отанына пайдасы тиетіндер ғана келеді. Басқаларда екеу болса, сенде ғана әйтеу алты аяқ, алты қол бар.
- Кінәлімін және түзелемін- деді Петит.
- Тіпті тыңдағым да келмейді осы сөзіңді. Не мен сені өлтіремін...жоқ, мен сені анық өлтіремін Петит! Мен сені иттің етінен жек көремін! Естіп тұрсың ба? Иттің етінен...!
- Шын айтып тұрсыз ба?- деді,- әзіліңіз шығар
- Біліп қой, әзілдеп тұрған жоқпын балақай- деп шорт кесті сержант.
- Осыдан көр де тұрыңыз. Мен әлі түзелемін- деді Петит,- міндетті түрде түзелемін. Әзілдеп тұрған жоқпын. Шын айтам, әскерде маған ұнайды. Мен әлі жоқ дегенде полковник боламын. Әзілім емес.
Мен әйеліме біздің ұлымыздың сол бір Бобби Петитқа қатты ұқсайтынын айтпасам керек. Мәселе сонда, ол қазірдің өзінде сол Форт-Ирокезедегі сержантымен жараспайтын көрінеді. Әйелімнің сөзіне сенсек Форт-Ирокез өзіне мемлекеттегі ең қатал әрі ең қиқар сержантты шақырып алған. Әйелім әрине ондағы қатал тәрбие туралы сын айтпайды. Гарри де ол турасында шағымданған емес. Оған әскерде болған ұнайды. Тек анау қиқар сержанттың көңілінен шығуы екіталай. Оны қолынан бәрі келе бермейтін шығар, бірақ ол түзеледі.
Ал бұл полктың командирі ше десем, одан пайда жоқ дейді әйелім. Әдемі түр жасап алып жүргені болмаса, бітірген түгі жоқ. Полковник ашулы аға сержанттың жас балаларға күш көрсетпеуін қадағалауы керек. Полковник қол-қусырып анда-мұнда жүре бермеуі керек дейді әйелім.
Бірнеше апта бұрын, жексенбі күні жаңағы балалардың көктемгі сынағы өтті. Біз, әйелім екеуміз трибунада Гарридың қалай саптық жүріс жасайтынын бақылап тұрғанбыз. Әйелімнің айқайынан басымдағы баскиімім ұшып кетердей әрең тұрған едім.
- Ол аяғын дұрыс басып келе жатқан жоқ- деп ұлымның қате қадамын байқап қалдым.
- Ой, бәрібір емес пе?- деді әйелім.
- Бірақ ол аяғын дұрыс басып келе жатқан жоқ қой- деймін қайталап.
- Ухх, неткен қылмыс десейші! Ал былай істесек қалай, сол үшін оны өлімші етпедік пе! Қарашы, сәл кідіргені болмаса тәп-тәуір ақ басып келе жатыр ғой...
Сосын мемлекеттік әнұран шырқалып, балалардың бәрі винтовкаларын «қарауылға» қойғанда, бір бала мылтығын түсіріп алды. Басқасы басқа, қарудың жерге соғылған дауысы қатты шығады.
- Бұл біздің Гарри- дедім мен.
- Мұндай бәрінде боп тұрады- деп жақтырмаған кейіп танытты әйелім,- тынышталшы, өтінем...!
Сынақ аяқталды, солдаттар босаңсыды. Аға сержант Гроган амандасуға бізге жақындады.
- Қайырлы күн, мисисс Петит!
- Қайырлы күн !- деді әйелім әлі жақтырмай.
- Біздің жігіттің болашағы бар деп ойлайсыз ба, сержант?
Сержант күле тұрып, басын шайқады.
- Шектеулі – деді ол, – Өте шектеулі, полковник.
1941 жыл,12-шілде
Орыс тілінен аударған: Еркін Жантас
«Солақайлар» әдеби клубы
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.