Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Ерлан Жүніс: Ақын образы...

13.02.2017 6145

Ерлан Жүніс: Ақын образы

Ерлан Жүніс: Ақын образы - adebiportal.kz

- Рұқсат па?

- Кіріңіз, кіріңіз...

- Суретке түсейін деп ем... Бір кісі сізді ұсынып еді.

- 3*4?

- Білмедім, енді...

- Құжатқа ма?

- Жоқ, газетке.

- Әншімін деңіз! (әуендете, минор)

- Негізі, ақынмын!

97ed7c9bf26743ca1d3b8f1fbb0697a8.jpg

- Ооо, ақындарды түсіргенді жақсы көрем!

- Неше ақынды түсіріп едіңіз?

- Талайын жұлдыз қылғам!

- Суретпен де жұлдыз болады екен-ау?! (естілер-естілмес)

- Не дейсіз?

- Жәй, жөн болған екен деймін.

- Онда не тұрыс! Ал, кіріңіз!

- Қайда?

- Образға!

- Қандай образға?

- Қандайы несі, ақынның образына!

- Образға кіргенде... енді, өзім ақынмын ғой.

- Оны білем ғой, бірақ, былай, шабыт шақырып дегендей...

- Шабыт – пицца тасушы емес қой, шақырғанға келе салатын. Былай-ақ түсіруге болмас па екен?

- Онда ойланып тұрыңыз!

- Жақсы...

- Не істеп тұрсыз?

- Ойланып тұрмын, өзіңіз айтқан соң...

- Адам солай ойлана ма екен?! Автобус күтіп тұрсыз ба?

- Енді қалай ойлануым керек?

- Былайша, басыңызды ұстап, аспанға қарап, қабағыңызды түйіп...

- Қойыңыз, мен олай ойлана алмаймын.

- Енді қалай ойланасыз? Өлең жазғанда ойланатын шығарсыз өзі? (таңырқап)

- Ойланасың ғой. Қаламсаптың түбін тістелеп, қағазды умаждап...

- Тағы?

- Көзіңді жұмып...

- Тағы?

- Кейде қабырғаға басыңды соққылап, соққылағанда - жәй соғасың ғой.

- Біртүрлі ойланады екенсіз. Қызық адамсыз!

- Қызық адам? Мынау бір жақсы тақырып екен, ә!

- О-о-о, қатып қалыңыз, дәл осылай!

- Қалай?

- Ой, шығып кеттіңіз!

- Тоқтаңыз, бауырым, мен өзім ақынмын, сіз айтып тұрған образға кіру үшін өзімнен шығуым керек пе? Бұл ақылға сыймайтын нәрсе емес пе?! Маған менің образым керек!

- Образым дейді ғой, мысалы, үстіңіздегі жемпір не? (ашулана бастады)

- Ақын жемпір кимеуі керек пе?

- Кимеуі керек! Аппақ көйлек, платок, мойнында шарф, басында шляпа болуы керек!

- Сіз өзі Чаплинді айтып тұрған жоқсыз ба?

- Қайдағы Чаплин!?. Сіз өзі ақындардың қандай екенін білесіз бе?

- Бір-екеуін танушы ем...

- Танимын дейді ғой. Танысаңыз, міне, ақын деген шашы дудырап, саусақтары дирижердің саусақтарындай ишарат жасап, фрагы...

- Түсіндім. Сіз Пушкинді айтып тұрсыз. Бірақ, Пушкиннің барлық суреті – суретшілердің қиялы ғана. Ол заманда фотографтар жоқ. Суретшілер Пушкин образын солай елестеткен. Енді өзіңіз айтып тұрған образға Абайды кіргізіп көріңізші... Шашы дудырап, саусақтары ауадан өлең қармап тұрған!

- Мақұл, біздің заманды айтайық. Алдыңғы аптада ғана Жазғышбаевты түсірдім. Қандай образ! Қандай поза!

- Кешіріңіз, енді Жазғышбаевтей болу қайда бізге! Ол ақынның образына кіре алады, шыға да алады!

- Міне, міне, мәселе осында! Вы еще не доросли! Жазғышбаевқа күл десең – күледі, мұңай десең – мұңаяды, ойлан десең – ойланады.

- Жыла десең, жылайтын да болуы керек...

- Жылай салады, несі бар, ақын ғой ол!

- Жарайды, мен бүгін суретке түспейтін секілдімін...

- Неге түспейсіз? Түсесіз! Мен – кәсіби адаммын, сіз кәсіби болмады екен деп жұмысымды аяқсыз қалдыра алмайды екем!

- Оныңыз жақсы екен. Бірақ, мен драма жазуым мүмкін, бірақ өзім ол драмада ойнай алмаймын. Ол өзі сирек кездесетін талант. Мәселен, Шекспир...

- Шекспир?

- Лир, Гамлет, Ромео...

- Жоға, Шекспирді не үшін айтып тұрсыз?

- Ақыннан әртіс сирек шығады дегенім.

- Маған бір ғажап идея келді! Далада түсеміз!

- ...

**************************************

- Міне, қардың астында қалған жапырақ, осыны қолыңызға алып, оған аяушылық сезімімен қарап тұрыңыз.

- Бұл бір өзі интимді нәрсе. Жапырақ екеумізге ғана қатысты. Мен оны жалпақ жұртқа көрсете алмаймын. Әрі-беріден соң, жапырақтан да ұят емес пе?

- Не айтып кеттіңіз? Жапырақтан ұяты несі? Қиялдың да шегі болуы керек қой!

- Қараңызшы, мәселен, мен өзімнің жарымның ернінен сүйіп тұрып суретке түсіп, оны жарияламаймын ғой. Немесе, аса бір аяушылық сезімімен сырқат досымның қолынан ұстап отырып, суретке түсіп, оны газетке берсем, не болады? Бұл да сол секілді жеке шаруа емес пе?

- М-дә... Труба! Қиялда шек болмаса, шыдамда шек бар! Сау болыңыз!

- Сау болыңыз!

Аяңдап, аялдамаға қарай кете бардым. Ақпанның желі күшейе бастады. Автобус күттіретін емес. Шашым дудырап көзіме түсті. Такси тоқтатпақ болып, қолымды көтере бергенімде, сол жағымнан фотоаппараттың шырт еткен дыбысы естілді. Ол өзі іздеген образды тапты.

Ерлан Жүніс


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар