I
Шын щедевр өнер мыңжылдықтар ағысының алдында болады ғой. Оның «түсіндірме сөздігінің» тым кеш жасалатыны да сондықтан болса керек. Моцарт пен Бахтың, Шопен мен Тәттімбет музыкасының ішкі атмосферасының қыры мен сыры жайында күні бүгінге дейін бірде-бір танымдық еңбектің жазылмауы осы ойымыздың айғағы іспетті (Біз бұл пікірді өзіміз бажайлай білген еңбектер негізіне ғана сүйеніп айтып отырмыз). Әрине, бұл тұлғалар туралы сан мыңдаған зерттеулер мен мақалалар жазылды ғой. Шынымды айтайын, солардың көбіне көзаям кеңіп, көңілім марқайған жоқ. Олардың ғұмырбаяндық хиссасы, дәлірек айтсақ ішкені мен жегені кімге керек.
Тұлғаның өмірбаян дерегінен оқырман қауым аздаған ақпар алғаны болмаса, мұны енді танымдық категорияға жатқызуға мүлде келмейді ғой. Менің ойымша, бұл марғасқалардың мезеті енді ғана туды ма деп ойлаймын. Шындап келгенде музыканы түсіну үшін оған ең әуелі кедергі жасайтын негізгі факторлардан толыққанды арылып алғанымыз жөн секілді. Біздің шағын жазбамыздың негізгі мақсұты да мінекей, осы жайында болмақ.
Егер біз шын өнерді ИІС пен ӘУЕН деп қабылдайтын болсақ, онда поэзия мен музыканың бәлендей бір айырмашылығы да жоқ. Бұл пікірге әдебиетті тек әріптер тізбегінен ғана тұратын процесс деп қабылдайтын графомандар жәмиғаты өре түрегелмесе, қалғандары қос қолдап тұрып құптайды деген ниеттемін.
Өлеңде сөз барынша азайып, сезім ( әуен) мен драматургия (иіс) алға шыққанда ғана шын поэзияның күні туады. Бұл енді ешбір талас тудырмас басы ашық жайт қой.
Сөз дегеннен шығады, өнердің түбіне қашанда осы сабан сөз бен борпылдақ мораль атаулы жетіп келді емес пе?
Жұдырықтай жүрегімді маңдайыңызға жайнамаз етіп төсеп айтайын. Егер біз осы екі кедергіні (яғни сөз бен моральді) толыққанды тоқтатқанда ғана бекзат өнердің негізгі атмосферасына өтеміз. Сол қос қыспақ шеңгелінен құтқарған интеллектуалдық өреміз бен азат санамыз ғана бізді басқалай өлшемге өткізеді. Сонда ғана симфония мен күйді сары қымыздай сіміріп, поэзия атаулының мүлде сөз емес екендігін аңғарамыз.
Осы тұрғыдан келгенде мен Тәттімбет пен Шопенді, Моцарт пен Бахты, ұлы ақындар деп атаймын. Бұларды шын жүрегіммен нағыз шайырлар деп мойындаймын.
Әңгімемді сәл әріден таратайын. Бүгінде әлемді әлекке салған мына пандемия күн сайын күшейіп барады. Не десек те адамзат баласының үміті мен күдігі өмір бәйтерегіне ілінген күзгі жапырақтай қалтырап тұр.
«Соғыс жүріп жатқанда соғыс туралы, оның қателігі мен зардабы жайында фильм түсіру еш мүмкін емес» демекші дәл қазіргі сәттегі біздің басымызға орнаған бұл жағдайға қатысты бірдеңе деу шынымен-ақ қиын. Тек ішкі түйсігіміз бен ет жүрегіміз адамзат баласының тарихи таңдау кезеңінің алдында тұрғандығын ептеп сездіргендей болады.
Менің ойымша, ендігі адамзат нәсілінің өмір жылнамасы короновирусқа дейінгі әм кейінгі деп екіге бөлінетін секілді. Осы кейінгі жол алғашқы жолдың қияс кеткен кемшіліктері мен өтіріктерін шыжғырып тұрып бетіне басады. Бұл келер шақ мезгілінің өзі орнатар шындығы мен құзіреті десек те болатындай. ОСЫ ЖАҒЫНАН КЕЛГЕНДЕ БҰЛ ІНДЕТТІҢ ШЫН ТАБИҒАТЫ МЕН НЕГІЗГІ МАЗМҰНЫ РЕВОЛЮЦИЯҒА ЖАҚЫН.
Бір өзгерісті тілеп кенезесі кеуіп, жаны қаталаған біз секілді автократиялық жүйенің құрсауындағы ел үшін бұл бір «құдайдың бере салғаны» болды десек те келетіндей. Бәлкім, осы бір көзқарасым үшін антұрған мен алжасқанның сапына қосып, қарғап-сілейтіндер де табылатын шығар.
Дұрыс түсініңіз. Бұл ешқандай сенсация да, қараша халықты мүсіркеу мен табалау да емес. Ендеше мұның сізге шын ақиқатын айтайын.
Екі мүшел уақыт мұғдарында ұлт зиялысы бастап, ел оны қостай алмаған бұл өзгерісті ақыры келіп қатерлі індеттің өзі жасады (Бұлай болуының басты себебі қараша халықты ұлт элитасы толығымен сатып кетті).
Енді сол ескі күндер еншісінде кеткен, әділет пен шындық жолында шықпаған ащы үніміз бен шыбын жанымыз бүгінде шырқырап шығып-ақ жатыр. Уақыт ұлттың есеюі мен сергуін күтіп отырмайды ғой. Не нәрсенің болсын өз шегі мен тиянағы болады. Осы уақыт бедерінде жойдасыз кемшіліктерге көз жұма қараған біз «бізде бәрі де тамаша», «бәрі де жақсы болады» деген жалған ұрандармен өз-өзімізді өтірік алдарқатып келдік. Нәтижесі болса мынау. У. Шекспирдің «Егер жамандық жайлы еш тыңдағың келмесе де, ол сенің жаныңа өзі-ақ келіп жайғасып алады» ескертпесіне енді міне тап келіп отырмыз. Ел ретінде сабыр мен берекемізді, әсіресе әлеуметтік шындығымызды сынай келген бұл сынақтың алдында реалды бейнеміз тас тиген әйнектей күлпарша болды. Қағаздағы Қазақстан мен қара жердегі Қазақстанның шын нарқы бір дәрінің алдында айпара болды.
Амал нешік, енді міне әділет пен шындық жолында атой салмаған сол шыбын жанымыз ақыры келіп «Өлдің Мамай қор болдыңның» кебін құшты. Мұны бір сөзбен ғана шегендеп айтар болсақ, ғазиз басымыз боққа да жарамай аурухананың босағасында самсап қалды.
Бәлкім, бұған дейін «көп қорқытады, терең батырады» тезімен өмір сүріп, әділетті жүйе, азаматтық қоғам құрғанымызда көрер күніміздің көрешегі дәл мұндай болмас та еді ғой. Рас, короновирусты біз ойлап тапқан жоқпыз. Бірақ, мұның жас баланың жаялығына тиген зәрдей жайылып кетуіне сөз жоқ саяси корпус кінәлі дейміз. Қараша халықты бір түсінік пен бір таным төңірегіне топтастыра алмай, бет-бетімен жіберген бұл қандай «толерантты» идеология өзі. Қазір де кілкіген көбік сөз бен көзбояушылықтан жүрек айниды. Көк пен жердей халық пен билік арасындағы әлеуметтік теңсіздікті көріп, біздің Ата заң деп жүргеніміз адамнан гөрі аңдардың қағидасына көбірек келіңкірейтінін көреміз. Ақ ауыз алпауыттарымыз бейнебір жекелей көлшікті жалғыз өзі иемденіп алған қолтырауын дерсіз.
Ал, қараша халық сол көлшікке су ішуге үймелеген қорғансыз киік тәрізді.
Мінекей, жүрек шабақтаған мұндай жайларды жазамын деп аздап ашуға да бой алдырып алған тәріздімін.
Сонымен қайыра айтайын, бұл пандемия жұмыр жер үстіндегі мемлекеттердің саяси тұрпатын тұтастай өзгертуге келді. Сол үшін де оны төңкеріс (революция) табиғатына шын балап отырмын. Өздеріңізге мәлім, басқасын айтпағанда қазіргі қос қапталымыздағы Ресей мен Қытай мемлекетінің саяси платформасын коммунистер мен кәрі адамдар тобының коэффициенті құрап отыр ғой. Аурудың негізгі симптомы геронтократияны (қарттар билігін) құлататынын ескерсек, әуелі бұл індет империялық шовинизм пәлсапасының да түбіне жетеді деген сөз. Демек, осыған қарап отырып адамзаттың ойлау призмасы да басқалай қабаттарға өтеді деп үлкен болжам жасауға да болады. Бұл «революция» енді жұмыр жер үстінде қанша жыл өз әмірін жүргізетінін біз тап басып айта алмаймыз. Бірақ, бір нәрсені ғана анық айта аламыз. Бұл індеттен ащы сабақ алған адамзат баласы айналып келгенде мынадай мұрат жолында шын бәтуаға бекуі керек. Онсыз бәріміздің де күніміз қараң деген байламға келсек те болады.
Ол үшін ең әуелі адамзат баласы ЖЫНЫСТЫҚ, ЖАМАҒАТТЫҚ, НӘСІЛДІК кедергілерден толыққанды арылуы шарт. Бұл үшеуі пенде баласы үшін көрсоқыр фанатизм мен түрмеге пар нағыз кедергінің өздері десек те болады. Сонда ғана расизм мен феминизм, ай мен крест (мешіт пен шіркеу) кеселінің арты ашылып, адамзат баласы біріне- біріне тіптен жақындай түседі.
Мінекей, осылай ғана біз енді өз-өзімізді сақтап қала аламыз. Енді мұнымен ғана мәселенің бәрі түбегейлі шешіле салса жақсы ғой.
Қалай десек те өзгеріс атаулы барлық дүниенің өз заңы мен қозғалысына жаңаша түр беріп, басқалай сыпатта түзеді емес пе.
Осыған сай түгел түсінік пен өнердің де өз шарттары жаңа низам ағысына қарай тәпсірленуі тиіс. Бұлай болса ендігі әдебиет пен музыка, тіпті теология сапындағы сауап пен күнә туралы түсінігіміз де жүз пайыз түлеуі тиіс. Бір ғана мысал келтірейін.
Бұған дейін әдебиет пен музыканы сөз бен саз деп ғана түсініп келген қораш санамыз енді оны БОЛМЫС ПЕН МАЗМҰН, ал шын ҚҰДАЙШЫЛЫҚТЫ Тәттімбет пен Шопен музыкасының аурасынан іздегені жөн. Жаңа низам ережесіне сай қажылық қағидадалары да өзгеруі шарт. Ендігі адамзат тазалығын құлшылық ритуалымен емес, классикалық туындылар танымының тезінде пайымдаған дұрыс. Күнәдан арылмақ болған рухани ниетіміздің сара жолы да осы критерийлер негізінде бағамдалса құба-құп болатын еді...
II
Бүктеліп тұрған бұл ойымыздың белін жазатын дүниенің бірі Фредерик Шопеннің «Жұмақ әуені» туындысы. Не құстың я жапырақтың сыбдыры жоқ, қысқасы бұл фәнидің біз елестетер бірде-бір нышаны білінбейтін мұндай дүниені Шопен қалай жазды екен? Ең қызығы қазақ музыкасының қос алыбы саналатын Қазанқап пен Тәттімбет әуендерінде де дәл осы тәрізді тылсымның уілі бар. Бұл бәлкім бақидың бізге талықсып жеткен өз үні шығар. Бәлкім қос ішек атаулы екі өмірді бір-біріне елдестіріп тұрған елшінің аумаған өзі болар. Қалай десек те осы дыбыстар да тылсым бір дүниенің фәниге сездірген ақжолтай хабары бар. Енді сол бақидың фәниге жолдаған емеуірін сазының уілі мен рәмізін не деп тәпсірлесек екен.
Ол үшін біз Шопеннің «Жұмақ әуеніне» оралайық.
Бұл жердегі жұмақ - рухтық өлшем. Шопен бұл дыбыстарды шынтуайтына келгенде жұмақтан емес, өз жүрегінен естіген.
Шопен музыкасының өн бойынан үздіксіз тамшылап тұратын сол әуен жұмақ пен тозақ ұғымдарының жер астында емес, адамның өз ішінде екендігін, әрі адамның тазаруы мен шаттануы, біреуді марқайтуы іспетті ізгі сезімдерінің бәрі-бәрі жұмақтық өлшем екендігін айтады. Егер адам ахуалы жоғарыдағы ізгі сезімдерден тұтас мақұрұм болса, онда тек «жұмақтан» қуылған Адам ата мен Хауа ана ғана емес, мына біздер де солардың сапынан болатынымызды ескертеді. Шопен «жұмағында» жүрген Адам ата мен Хауа ана мақамы символдық өлшем.
Сондай-ақ ол адам баласы сәл талпынса болғаны өз жүрек көзесінде шөпілдеген әуенді өзі ести алатынын да қаперімізге салады.
Мінекей, барынша сығымдап айтқанда «Жұмақ әуені» туындысының қысқаша ғана мазмұны осыған саяды.
Рас, Шопеннің жаны өз жүрегіндегі үнге шомған. Асқақ рухы өз жүрек белдеуіндегі пейішке енбеген адамның аталған орасан сезімді дәл бұлайша тамшылатып жеткізуі еш мүмкін емес. Сенбейін десең, ашық дәлелі бар мұндай хикметке енді қалайша көз жұмып қарауға болады.
Адам ахуалындағы осындай экзистенциялық халді еш түсінбейтін біздің білгіштер не нәрсені болсын оқиғамен байланыстырып, ол болмаса жалған аңыздар ойлап тауып негізгі шындықты лайлап жатады.
Айталық, Құрманғазы бабамыз да дәл осы қолдан құрастырған аңыздарда айтылғандай Сарыарқа топырағына табаны тиіп, Тәттімбет күйшімен ешқашан жүздескен емес. Жасыратыны жоқ, көбіміз «Сарыарқа» күйінің ішкі мазмұны мен негізгі динамикасын осы оқиғамен байланыстырып жатамыз.
Шындап келгенде бұл шығарма Құрманғазының ахуалының өз ішкі «Сарыарқасы» мен көңіл күзі. «Сарыарқа» - басынан бір-ақ күнде ғана ауа салған бұлағай шағының жастық көңілі мен ыстық жігерінің сарығы. Базбіреулердің тазы қуған түлкідей жініктірген дыздақ шертісін емес, күй қағаны Қали Жантілеуовтың көне үнтаспасына мұхият назар салып тыңдар болсақ, мұның бәрін тұп-тұнық түсінер едік. Асыққан, аптыққан көңілмен емес, «Ақылдының сөзіндей ойлы күймен» бетбе-бет жүздесер едік.
Баршын тартқан дене мен бастыққан көңілді жасытпау өнердің өз құдіреті. Ұлы туындының шын табиғаты сол, тыңдаушының сүйегін бір жасытпай керісінше күш жігер сыйлайды емес пе!? Мінекей, ғажайып шығарманың негізгі аурасы да осы үдеден шыққан.
Әйтпесе ол домбырасының қос ішегін күп-күрең өртке суарған Құрманғазы болар ма еді.
Біз жоғарыда есім сойы аталған алыптар шоғырына танымдық барлауымызды кезекті бір жазбамызда циклдік тұрғыда қайыра жалғастыратын боламыз.
Әзірше, мәртебелі оқырманға қайыр-хош дегіміз келеді...
Саз бен сурет
I
СӨЗ, САЗ, СУРЕТ өнері – қамшының өріміндей біртұтас дүниелер. Бұл үштік тандемі – бір нысананың үш сфереда көрінуі (Дұрысы, жазылып, естіліп әм салынып тұрған объектінің қайнар бастауы бір ғана нәрсе ғой. Винич әлде Пикассо айтты деген бір тәмсіл бар.
«Сурет – көзге көрініп тұрған өлең, Өлең – құлақпен естілетін сурет»). Біз әдебиетке ( оның ішінде поэзия мен прозаға) қатысты ойымызды ұдайы айтып жүргендіктен, ендігі сөз тиянағын төмендегі қос салаға түсірсек пе дейміз. Шағын ғана жазбамыз саз бен сурет өнері жайында болмақ.
Саз өнерінің ең бір синкретті саласы күй өнері екендігі шүбәсіз.
Күй адамның дер (сол) шақтағы көңіл сезімі дейміз. Біз қатып-семген осы бір теориялық анықтамаға өзімізше былай деп түзету жасаған болар едік. Сөз – сүреңсіз, ой – шорқақ. Кейде сөздің де алымы мен шалымы жетпейтін кездері болады (Айталық, мен мұны тілмен айтып еш жеткізе алмаймын дейтін халіміз осының айғағы ғой). Қуаныш пен қайғының адам басына алма-кезек аялдайтыны рас болса, мұндай жағдайды әрқайсымыздың бастан кешіреріміз анық. Бұдан шығатын ой жосыны, күй дегеніміз адам сөзі түгесілгеннен кейін басталатын кеңістік екен. Дәлірек айтсақ, күй дегеніміз – сөздің шарықтау шегінен (кульминациясынан) кейінгі орнайтын хал. Күйшіге қара сөз дегеніңіздің бір тиындық та құны жоқ. Себебі ол, біз ойлағандай, екі ішекті сабалаған жай бір өнерпаз емес, сөзден де жоғары кеңістікті меңгерген абыз адам. Олай болса жай орындаушыны білмеймін, бірақ, шын күйшінің бағылан басы әулиеге пар. Әулие дегеннен шығады ғой, Мәшһүр-Жүсіптің «Япыр-ай, Шоң мен Торайғырдың ұшып кетпей жүргеніне қайранмын» дегені секілді, Тәттімбет пен Сүгірдің адам нанғысыз, мынадай алапат сезімдерді өз кеуделеріне қалай ғана сыйғызып, жер басып өткеніне біз де қайранбыз. Бұл, бәлкім, автордың күй мен күйшіге деген жеке көзқарасы мен құрметі дерсіз. Біз, ең алдымен, сол абыздарға (күйшілерге) аруанадай исінген қараша халықтың ғажайып өресі мен танымына мадақ айтқан болар едік. Осынау он мың күйді қазіргі күнге дейін еш шашау шығармай жадысына сақтап келген бұл қазақты осал деп айтып көріңіз енді?! Әрбір қазақ перзентінің күйді қара сөзше түсініп келгендігіне кешегі Кетбұғаның «Ақсақ құланы» мен Құрманғазының «Ертең кетемін» күйі куә. Онсыз да оқырман қауымға кеңінен мәлім бұл күйлердің тарихын тәптіштеп «әдептен озбай-ақ» қоялық. Қысқасы, қазақтың тұмса құпиясының жылнамасы күй тілінде қатталып жазулы тұр.
Бұл осы күнге дейін сақал-мұртына ұстара тимеген ұлы қазынамыздың бірі десек, қателеспес едік. Әттең, осы тілді еркін бағамдап, әр әуезіне түсіндірме (интерпретация) жасауға Таласбектей (марқұм Әсемқұловты айтамыз) таланттың танымы қажет екендігін еріксіз мойындайсың. Амал нешік. Әзірше, «Жас өсіп, жарлы байымай ма» деген қазақ ғақылиясына көңіл демдеп күте тұрғаннан өзге еш қайранымыз жоқ.
II
Ендігі сөзімізді уәде еткеніміздей бейнелеу өнеріне қарай бұрсақ. Бұл жолы Әбілхан Қастеев пен Орал Таңсықбаев туралы сөз өрбітуді саналы түрде тоқтата тұрамыз. Қазіргі қазақ суреті дегенде Ерболат Төлепбаев есімінің еске оралатыны мәлім. Ендеше осы суретшінің сыр сұхбатынан бір шымшым үзінді бере кетсек: «Сурет салу бір басқа, суретші болу екі басқа. Еуропа жұрты суретті көрмейді оқиды» деген еді. Әрбір бояу адам демінің ыстығындай екендігін бір білсе, осы Ерболат біледі ғой.
Сөз ауанын осы планның призмасында ғана өрістетіп отыруға да болар еді. Бірақ әңгіме тағаны бұл болмағандықтан, басқа бағытқа ауыспасымызға амалымыз жоқ.
Бірде суретші Жеңіс Кәкенұлының «Әсеттің Кемпірбаймен қоштасуы» туындысын көріп бір марқайып қалып едік. Бұл жазбамыздың алғашқы қаңқа сүйегі де сол кезде санамызда бәдізделіп үлгерген болатын.
Қазір ұлттың рухын тануға тиянақ қылатын негізгі шақ қой. Қазақтың алыптар шоғырының туындысы да сурет тілінде тәпсірленіп тұрудың мезеті тәуелсіздікпен бірге келген-тұғын.
Өкініштісі, сол кеңістікке еш көтеріле алмай жатырмыз.
Мәселен, Абайдың «Менімен менікінің айырылғаны...» пәлсапасы мен Шәкәрімнің «Ақ жүрек» ұғымдары неліктен сурет тілінде жекелей сөйлеп тұрмасқа. Қазіргі қазақ бейнелеу өнерінің бір қайнауы да осында жатыр ма деген ойдамыз. Иассауи мен Абайдың, Мәшһүр-Жүсіп пен Шәкәрім еңбектеріндегі соны идеялардың сурет сөзімен де үн қатып тұрар мезетін шынымен-ақ армандаймыз. Мұны суретшілер адресіне арнайы құлаққағыс еттік. Мақала басында сөз бен суреттің, әмәндә, нарқы бір деген болатынбыз. Оған хакім Абайдың мына бір өлеңі дәлел: «Көкірегінде оты бар ойлы адамға, бұл сөзімнің суреті тұрар дайын». Шіркін, Абайдан сөз қалған ба еді?! Қалған шаруа ойлы суреткердің тек «көкірек көзіне» ғана тиесілі болғаны ғой...
Көрнекі сурет: fabrika-kartin.ru
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.